Әдебиеттің басқа жанрына қарағанда драмалық шығармаларды оқытудың өзіндік ерекшелігі бар. Ол ерекшелік драмалық туындылардың жанрлық табиғатына тікелей байланысты болып келеді. «Пьеса-драма, комедия-әдебиеттің ең қиын формасы»,-дейді М. Горький. Себебі, әдебиеттің проза, лирика жанрларында айтатын ой, кейіпкерлер іс-әрекеті, көрініс, сахна бірінші кезекте болады. Орыс жазушысы Гоголь: «Пьеса тек сахнада ғана өмір сүреді» деуі осыған дәлел. Драмалық шығармаларда оқиғалар оқырман көз алдында жаңа өтіп жатқандай әсер қалдыруы керек. Күшті сюжет, ең бастысы, өткір, шиеленісті тартыс, өмірдегі қарама-қарсылықтар – драманың өзегі, негізгі арнасы. Драмада қаһарман белгілі бір мақсат үшін күреседі, сол себепті оның күші зорайып, іс-әрекет, қимыл арқылы көрінеді. Драмадағы тағы бір ерекшелік, қаһармандар іс-әрекеті әр жаққа шашырамай, бәрі бір жүйе, бір арнада өрбіп, дамиды.
ә) Драмалық шығармаларды талдау әдістемелері:
Талдауды бастамас бұрын, балаларға өтілгелі отырған драмалық шығармаларды алдын ала оқыту керек. Балаларға оқу барысында ақыл-кеңес, бағыт-бағдар беру міндетті түрде жүзеге асырылады. Әсіресе, ең негізгі, басты тартыстар, шиеленістерді көрсететін акт, суреттерге ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Оны мұғалім үлестірме-нұсқау арқылы да жүргізеді. Мысалы, Ғ. Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш -Баян сұлу» трагедиясын оқу барысында мынадай нұсқау ұсынуға болады:
— Трагедиядағы басты тартыстар, оқиғалар, соған назар аудар:
Трагедияда өзіңе, әсіресе, не ұнады, не ұнамады? Ойыңды, пікіріңді дәлелді айтуға тырыс, т.б.
Талдау алдында оқушыларға әдеби-теориялық ұғым берудің маңызы зор.
Талдауды драмалық шығармаларды күйтабақтан талдау, немесе, содан көрініс көрсетуден бастаудың маңызы зор.
Талдауда мәтінге сүйену, үнемі соған арқа сүйеу, әсіресе, драмалық шығармаларды оқытудың алтын арқауы болып табылады. Мұғалім ең негізгі көрініс, актілерді, монолог, диалогтерді бөліп ала отырып, сол бойынша жұмыс істеуі керек.
Мәнерлеп оқу, түсіндірмелі оқу, рөлге бөліп оқуға ерекше назар аударылады.
Талдау барысында жиі-жиі оқушыларды қозғау салып, олардың қиялы, ойына ерік беріп отыру да драмалық шығармаларды оқытудың тиімді жолдарының бірі.
Драмалық шығармаларды оқытудың жолдары көп. Ол — әр мұғалімнің ізденісі, шеберлігіне де байланысты шығармашылық жұмыс. Дегенмен, оның өзіне тән оқыту әдістері, сабақ түрлері болады. Концерт-сабақтар, композициялық сабақтар түрі – драманы өтудегі тиімді сабақ түрлеріне жатады.