8-дәріс. Салт-дәстүрдің теориялық және діни негіздемелері мен оның ағартушылық арналары Дәстүр латынның «trаditiо»



бет5/32
Дата09.05.2022
өлшемі0,57 Mb.
#33136
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32
Өзін тексеру сұрақтары:

  • Қазіргі қазақ қоғамында өмір сүріп жатқан түркі халықтарының тұрмысы мен дәстүрлерінде тәңіршілдік элементтерін байқадыңыз ба?

  • Тәңіршілдік дүниетанымының исламдық құндылықтарға қандай әсері бар?

  • Ш.Уалихановтың «Қырғыздардағы шамандықтың іздері» деген еңбегінде тәңіршілдікке қандай түсінік береді?



11-дәріс. Мұсылман дінінің түркі даласына таралуы және оның заманауи Қазақстандағы келбеті

Ислам қазақ халқының руханиятының ажырамас біртұтас бөлшегі. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарының барлығы ислам дінінен тамыр алған. Қазақстан Республикасында халықтың мәдениеті мен тарихында жоғары рөл алатын ислам дінінің қазақ жерінде орнығу тарихы ерекше. 1 миллиард 500 миллионнан астам адамды қамтитын, әртүрлі ұлттар мен ұлыстардан құрылған мұсылман үмбетінің исламды қабылдауының терең тарихы бар.

VII ғасыр алғашында араб қоғамы, кейіннен бүкіл адамзат үшін ұлы өркениет пен мәдениеттің нұрлы бастауына айналды. Араб түбегінде аса қуатты діни мемлекеттің орнауы жер жаһанның тынысына бұрын-соңды болмаған жаңа леп алып келді. Бұл елдің бұрыннан табынып келген жалған құдайлары мен пұттарын тастап, мұсылмандықты қабылдап, жалғыз Алла тағалаға ғана құлшылық етуінің игі әсері еді.

Адамдардың дүниеге, бүкіл жаратылыстарға деген көзқарасы өзгерді. Ұлы Жаратушыға деген сенім біртіндеп адамгершілік қасиеттермен де толықты. Ислам қоғамдық қатынастарға ықпал етіп, жалпақ жұрттың әлеуметтік мәселелерін де оп-оңай шеше бастады. Бір-бірімен шабысып-қырқысып жатқан араб ру-тайпаларының бір тудың астына бірігуі халықтың көсегесін көгертіп, мерейін асырды. Ислам діні адамдарды жаңа құқықтық қарым-қатынасқа шақырып, жаңа сенімнің кеңінен жайылуына жағдай тудырды. Жаңа дін келуінен он жыл өтпей жатып арабтардың ұлан-асыр жерді бағындырған даңқы жан-жаққа жайыла бастады. Ал хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың қауымы ақиқат дінді жаю жолындағы күрестің маңызын жан-тәнімен қабылдап, оны табиғи мінездеріне айналдыра білді. Сөйтіп, Ислам діні Азия мен Африка халықтарының арасында, Еуропаның бір бөлігінде, жалпы Үндістаннан Испанияға дейінгі ұлан-ғайыр далада кеңінен жайылды. Үш құрлықтың тұрғындарынан құралған көптеген халықтар бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай бірігіп, рухани-саяси күшке айналды. Сол кезде әлемді дүр сілкіндіріп тұрған екі алып империя Иран мен Византия да мұсылмандардың ығына жығылды. Анығырақ айтар болсақ, Әбу Бәкір (р.а.) халифалығы кезінде (632-634 ж.) жалған пайғамбарлар мен зекет бермейтін тайпалар тәртіпке келді. Қасиетті Құран кітап болып жинақталды. Хазіреті Омар (р.а) кезінде (634-644 ж.) Ирак, Иран, Шам және Мысыр елдеріне Ислам діні орнады. Хазіреті Османның (р.а.) дәуірінде (644-656 ж.) алғашқы Ислам теңіз флоты құрылды. Кипр азат етілді. Бірақ үшінші халифа кезінде билікке қарсы шығушылар бой көтеріп, хазіреті Әлидің (р.а) дәуірінде тіпті күшейіп кетті. Бұл мұсылмандардың бөліне бастауына себеп болып, исламның жайылуына кері әсерін тигізді. Умеядтар (Амауилер) дәуірінде (661-750) Ислам діні қайта қанат жайды. Солтүстік Африка толығымен Исламды қабылдап, Испанияға Ислам туы тігілді. Хорасан мен Мауараннаһр аймақтары жаңа дінге өтті. Ал Аббасилердің билігі кезеңінде Ислам дінінің таралу қарқыны бәсеңдеді. Дегенмен бұл дәуірде Исламды өркениет жолымен жаюға, ілім-білім мен өнерге, әдебиетке көбірек көңіл бөлінді. Түріктер мен парсылар (Иран) секілді араб емес өлкелерге бұл дәуірде белгіленген міндеттер жүктелді.



Түркі әлемінің діни тарихына келсек, бұл жұрттың өте көп сенім түрлерін басынан өткізгенін көреміз. Бірақ мұнда бәрінен де Көктәңірге сыйыну ерекше көп тараған. Кейбір шетелдік тарихшылар түркілер тарихын Исламға дейінгі және Исламнан кейінгі деп бөле қарастырады. Аббасилер дәуірінде түрік-араб қақтығыстары айтарлықтай орын алған жоқ. Ал 751 – жылы қытайлар мен Аббас әскері арасындағы Талас (Атлах) шайқасында қарлұқтардың мұсылмандарды жақтауы аббасилердің жеңісіне сеп болғаны тарихтан мәлім. Осы шайқастан соң түрік-араб қарым-қатынасы оң бағытта өрбіді. Бұл жағдай Орта Азияның тарихында маңызды болумен қатар, түркілердің Ислам дінін қабылдауына да игі әсер етті. Талас шайқасында арабтармен күш біріктірген қарлұқтар Х ғасырдан бастап лек-легімен Ислам дінін қабылдай бастады. Мұның басты себептерінің бірі түркі әлемінің исламға дейінгі тұрмыс-тіршілігі, сенімі мен Ислам діні арасында көп жақындық пен ұқсастықтар болуында еді. Одан бөлек, түркілердің кеңпейіл мінезі Ислам дінімен тез сіңісті. Түркілердің бір тәңірге бас ию дәстүрі де жалғыз Жаратушыға ғана құлшылық етуге шақырумен ерекшеленетін исламның бұл елдерде тез қанат жаюына ықпал етті. Яғни өзара құндылықтары да ұқсас болды. Ал саяси жағынан алғанда, жоғарыда аталғандай көршілес қытайлардың түркі жерлеріне көз тігіп отырған дәуірінде арабтармен тізе қосып, жауларды қирата жеңу тиімді жол болатын. Демек, түркі әлемінің Ислам дінін қабылдауына әлеуметтік, экономикалық және саяси алғышарттар да себеп болғаны анық. Аталмыш шайқастан соң бірте-бірте түркі араб қарым-қатынастары жақсара берді. Орта Азия біртіндеп мұсылман еліне айналды.

Қазақ дәстүрі мен мәдениетіндегі ислам құндылықтарын зерттеу үшін ислам дінінің даламызда таралуының ерекшеліктерін сараптаған жөн. Қоғамдық қатынастар жүйесіндегі ислам дінінің орнын анықтау үшін ислам дінінің қазақ сахарасындағы тарихын сараптайтын ретроспективалық зерттеулерге сараптама жасалуы тиіс. Ислам діні Араб түбегінің (жазиратул араб) төрі болып саналатын қасиетті Мекке қаласында пайда болды. Пайғамбарлық, Алланың әмірлері мен бұйрықтарын адамдарға жеткізу міндеті Құрайыш тайпасынан шыққан Абдуллаұлы Мұхаммедке жүктелді. Аврамдық діндердің сенімдік жүйесінде белгілі бір жамандықтарға бой алдырған қоғамға Жаратушы ескерту ретінде өз елшілерін жіберетіні айтылады. Елшілердің міндеті – қауымды тура жолға салу, оларды Жаратушыға мойынсұнатын саналы үмбетке айналдыру. Дін ілімі бойынша мұндай жарлықтарға бағынбаған қауымдар Жер бетінен жойылған. Ислам діні ілімінде бұл жайтқа мысал ретінде ерлер мен ерлердің жыныстық тұрғыдан жақындасуы таралған Лұт пайғамбардың қауымы келтіріледі. Аталған қауым өздеріне жіберілген Лұт пайғамбардың насихатына құлақ түрмей, азғын істерін жалғастыруына байланысты Жер бетінен жойылған. Жаратушы Алла тағала құлдарына «Алланың діннен бекем ұстап, айырылмаңдар, «Ақиқатында, Аллаға қабыл дін – Ислам діні» деп ескертті. Ислам дінінің бірлік пен ынтымақты, мейірімділік пен адалдықты, рух тазалығын насихаттайтын уағыздары көптеген халықтарға жақын келіп, Араб түбегінен бөлек, Сирия, Палестина, Ирак жеріне жетті. Бұдан кейінгі кезеңдерде Мысыр, Ливия, Тунис, Алжир, Марокко елдеріне таралды. VIII ғасырда Андалуссияға, Пиреней түбегіне, Африкаға, Кіші Азияға, Кавказға, Орталық Азияға жетті. Орталық Азия өлкесіндегі Бұқара, Самарқан, Шаш, Отырар, Хорезм өлкелері исламды қабылдады. ІХ-Х ғасырларда суниттік бағыттағы ислам түркілер арасында нығая бастады. Түркі тайпалары Еуразия құрлығындағы геосаяси мәселелерде үлкен рөл ойнады. Шығыстағы көрші Қытай империясы ежелгі кезеңдерден бастап, түркі жерлеріне көз тігіп, жаулап алуды көздеді. Жетісудің кейбір аймақтарында Таң империясының үстемдігі орнап тұрды. Тарихи үрдістің аса қиын ахуалына түскен түркі тайпалары арабтармен бірігіп 751 жылы Талас өзенінің маңындағы Атлах шайқасында қытайларға күйрете соққы берді. Аталған тарихи жағдай қазақ жерінде исламның түпкілікті орнығуына себепкер болды. Атлах шайқасы Тан империясының батысқа жүргізген экспансиясына тоқтау салды және исламның Жетісу мен Сырдарияның отырықшы халықтары арасында таралуына мүмкіндік берді. Атлах шайқасы жөнінде француз ғалымы Рене Грэссэ былай дейді: «Қытайша Кьюпише аталған Ташкенттің түркі билеушісі немесе түдүні қытайларға талай рет бас иді (743, 747, 749 жылдары аралығында). Бірақ сол уақыттағы Кучидің губернаторы немесе империялық комиссары Као Сьенчэ оны Қытайға барар жолдарды қорғаудағы өз миссияңды дұрыс орындамадың деп жазғырады. Као Сьенчэ Ташкентке барып, түдүннің басын алып, байлығын иеленді. Бұл осы батыс бөлігіндегі көтерілістерге түрткі болады. Басы алынған түдүннің ұлы Тарбағатайды және Балқаш көлінің шығыс жағалауынан Ертіске дейінгі Ұрынғыны мекендейтін түркі-қарлұқтардан, сондай-ақ Соғдыдағы араб гарнизонынан қолдау сұрайды. Араб генералы Зиад ибн Салих оңтүстіктен, қарлұқтар солтүстіктен келеді. 751 жылдың шілдесінде Као Сьенчэ Талас өзенінің бойында талқандалады. Бартольдтың айтқанындай, бұл тарихи жеңіс Орталық Азияның тағдырын шешті. Барлық оқиғалардың осыған әкеле жатқанындай болып көрінгенімен, Қытай ықпалында қалудың орнына Орталық Азия мұсылмандыққа бет бұрды». 909 жылы Еділ бойындағы бұлғар тайпалары ислам дінін қабылдай бастады. Ел билеушісі Елтебер ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялап, араб халифынан өзіне дін мамандары мен сәулетшілерді жіберуді сұрады. Араб басшысы оның өтінішін қанағаттандырып, 920-922 жылдары бұл аймаққа ірі керуен жіберді. Бұлғар мемлекеті Шығыс Еуропадағы түркі-ислам мәдениетінің бесігіне айналды. Түркі халықтары арасында исламның ерекше таралғанын көрген францискиандық монах, саяхатшы Гильом де Рубрук: «Бұл жерлерге Мұхаммедтің заңдарын қай хайуан жеткізгендігіне таң қалдым?» – деген сөз айтқан.

Түркі халықтарының ислам дінін қабылдауындағы жаппай халықтың сипат 1043 жылы орын алды. Еділ бойын жайлаған, Баласағұн маңын қыстаған 10000 шаңырақ 20 мыңға жуық малды құрбан айтқа орай құрбандыққа шалып, ислам дінін қабылдайды. Каспий маңы мен Еділ бойында мұсылмандық түркі мәдениетінің өзіндік ошағы пайда болды. Исламдану үрдісінде басты рөл ойнаған қазақ жеріндегі ортағасырлық мемлекеттер ретінде Қарахан, Моғолстан, Алтын Орданы атауға болады. Х ғасырдың аяғында ислам Қарахан мемлекетінде мемлекеттік дін мәртебесіне жетті. Қарахан билеушісі Сатұқ Боғра хан ислам дінін қабылдап, есімі мұсылмандық Абу әл-Керім болып ауысты. Ал оның ұлы Мұса 960 жылы исламды мемлекеттік дін деп жариялады. Белгілі ғалым Н.Бакина осы үрдіске қатысты мынандай баға береді: «Қараханид түркілерінің исламдануы миссионерлердің белгілі бір күштеуімен емес, бірыңғай мемлекеттік діннің ықпалы негізіндегі экономикалық және саяси пайда күшімен ағымдалды».

Қарахандықтар өздеріне жер пайдалану бойынша сұраныс жасаған көршілес тайпаларға негізгі бір талапты қойған. Ислам дінін қабылдаған тайпалар ғана Қарахан мемлекетінің жеріне уақытша иелік ете алады. Қарахандықтардың Орталық Азия аймағындағы саяси-әскери жеңістері ислам дінінің таралуына, бұқаралық сипатқа ие болуына мүмкіндік берді.

Ислам дінінің түркілер арасында кеңінен таралуына қатысты бірқатар тұжырымдық пікірлер бар. Біріншіден, ислам дінінің таралуы Алтын Орданың саяси-әлеуметтік қарым-қатынастарына жаңаша серпін берді. Алтын Орда ұлысында ислам дінінің таралуында шешуші рөл ойнаған негізгі факторлар бар. Алтын Орда билеушілерінің ислам дінін қабылдауында геосаяси мақсат-мүдделер де болды. Мәселен, Алтын Орда ханы Берке ислам дініне қатысты ерекше қамқорлық арқылы Мысырмен мығым байланыс орнатты. Екеуара дипломатиялық байланыстар нығайа түсіп, қос тарапқа пайдалы өркениеттік байланыстар орнады. Сонымен қатар бұл одан Беркенің өзге Шыңғыс ұрпақтарымен бәсінде салмақты орынға ие болуына мүмкіндік берді. Дінтанушы М. Исахан Алтын Орда ханы Беркенің рөлі жөнінде мынандай баға береді: «Берке хан Шыңғыс ұрпақтарының әлі Ислам дінін қабылдамағанына қарамастан мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатында ол өзінің Хақ діннің жоқтаушысы екенін ұдайы білдіріп отырды. Мысалы, 1263 жылы Мысыр билеушісі Бейбарыс сұлтанның елшілерін Византия императоры VIII Михаил тұтқынға алғанда, Берке хан Константинопольді қоршауға шұғыл түрде Ноғай бастаған Алтын Орда әскерін аттандырды. Алайда, Византия императоры Мысыр елшілерін тұтқыннан босатып, оларды араға салып, Алтын Ордаға алым-салық төлеуге уәде беріп, Константинопольді Ноғай қолының шапқыншылығынан аман сақтап қалды. Десек те, Берке хан Жошы ұрпақтарының әлі Ислам дінін қабылдамағанына байланысты Алтын Орданы толықтай теократиялық мемлекетке айналдыра алған жоқ. Оның ұмтылысы Алтын Орданың исламдануына ілкімді бетбұрыс ғана бола алды». 1263 жылы Берке хан мен Бейбарыс сұлтан арасында парсыларға қарсы бағытталған одақ жасалды. Күллі мұсылман үмбеті үшін бұл оқиғаның орны ерекше болды. Берке мұсылмандарға қарсы сансыз көп жорықтар жасаған Шыңғыс ұрпағы Хулагуді жеңді, ал Бейбарыс крест жорықшыларын тізе бүктірді. Берке мен Бейбарыс арасындағы қарым-қатынастың жақын болуына құдандалық байланыстар да әсер етті. Белгілі шығыстанушы ғалым В.Бартольд бұл мәселе жөнінде былай дейді: «Сұлтан Бейбарыс (1260-1277 жж.) Берке ханның күйеу баласы болады, Беркенің мысырлық немересі сұлтан Бейбарыстың мұрагері Са‘идхан Мұхаммед өзінің атасының құрметіне моңғолдық Берке ханның Насир ад-Дині деген ат алады. Сонымен қатар 1280 ж. Каирде қайтыс болған Беркенің ұлы Бедр ад-Дин Мұхаммед, Құран аяттарын түсіндіріп, араб тілінде өлеңдер мен діни шығармалар жазған».



Екіншіден, ХІ ғасырда Кіші Азияға түркілердің келуі мұсылмандық өркениеттің трансформациясына әсер етті. Британдық шығыстанушы К.Э. Босворт түрік-селжүктардың ислам әлеміндегі орнына мынандай баға береді: «шамандық тарихы бар түркі мұрасы сопылық ордендеріне жол тапты. Олар өз кезегінде ханафиттік мазхабтың суниттік бағытын қуатты түрде ұстанды». Кіші Азияға барған түркілер христиандық кеңінен таралған аймақта мұсылман үмбетінің бір бөлшегі болып, саяси үрдістерде шешуші рөл атқарды.

Үшіншіден, қазақ өлкесінде ислам дінінің қанат жаюына ұлы ойшыл Қ.А. Яссауидің қосқан үлесі мол болды. А.Әбдірәсілқызы Яссауи ілімінің рөліне мынандай баға береді: Яссауи ілімі – ең алдымен рухани-моральдық ілім. Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл Яссауи жасаған ілім өз бастауын түркі халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарынан алады. Қожа Ахмет Яссауи осы рухани құндылықтарды жинақтап, қорытып, оны ислам дінінің қағидаларымен үйлестіріп, біртұтас ілімге айналдырды. Яссауи өз ілімінің барлық қағидаларын ханафи мазхабы ұстанымдарының аясында дамытты. Яссауи ілімі барша түркі халықтарының, соның ішінде ол дүниеге келген өлкенің иесі – қазақ халқының да ислами дүниетанымына негіз болып қаланды. Қазақ халқының діни-ислами түсініктері Яссауи ілімінің аясында қалыптасты. Ұлттың ар-ождан кодексі ролін атқарған Яссауи ілімінің негізгі ұстанымдары қазақ халқының рухани-моральдық қағидаларында көрініс тапты. Мұның нақты мысалын біз халқымыздың ізгілікке, имандылыққа негізделген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен, жыр-аңыздары мен мақал-мәтелдерінен, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінен, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді көрнекті тұлғаларымыздың туындыларынан айқын аңғарамыз». Төртіншіден, ислам мәдениетінің орнығуына және халық арасында таралуына қалалардың да қосқан үлесі мол болды. Қалалық өркениет арқылы ислам жетістіктері халық санасына жетіп, мәдениеттің біртұтас бөлшегіне айналды. Шығыстанушы ғалым Ә.Дербісәлі ислам дінінің қалалық өркениеттің дамуына қосқан үлесіне мынандай баға береді: «Ислам ортағасырларда қазақ даласында бұрын болған қалалар мен қорғандар, камалдар мен кенттердің ірге тасын нығайтып қана қоймай, өзге де шаһарлардың ірге тебуіне ықпал етті. Исламды уағыздайтын мешіттер мен медреселер, ғылым-білім ошақтары бой көтерді». Ислам өркениеті негізінде араб тілі Орталық Азиядағы білім, ғылымның тіліне айналды. Әбу Насыр әл-Фараби, Исмаил әл-Жауһари, Ысқақ әл-Фараби ғылымның түрлі саласында еңбектер жазып, бүкіл мұсылман әлеміне белгілі ойшылдарға айналды. Х-ХІІ ғасырлар шоғырында тек араб тілінде ғана емес, сонымен қатар жергілікті түркі тіліндегі елеулі шығармалар өмірге келді. Бұл санаттағы ойшылдар қатарына М.Қашқари, Ж.Баласағұн, Қ.А. Яссауи т.б ойш ылдар жатады. Ғылыми еңбектер мен шығармаларды түркі тілдерінде жазу дәстүрін М.Х. Дулати, Қ.Жалайри тәрізді ойшылдар одан әрі жалғастырды. Қалалық мәдениет пен ғылым-білім негізінде ислам өркениеті Орталық Азия халықтарының ой-танымына сіңді. Қазақ жерінен шыққан ойшылдар пәлсапа, мәдениет, астрономия, логика, музыка, тіл-әдебиет, медицина салаларына, сондай-ақ фикх, тафсир т.б. дін қайнарларына елеулі үлесін қосты. Ол қатарға Бұрһан ад-Дин Ахмад әл-Фараби, Имад ад-Дин Әбу-л Қасым әл-Фараби, Қауам ад-Дин әл-Фараби, Молла Ахмет әл-Женди, Хусам ад-Дин әл-Хусейн ас-Сығнақи, Әбу Абд Алла әл-Баласағұни, Әбд әл-Ғафур әл-Кердери, Мұхаммед әл-Кердери, Хафиз ад-Дин әл-Кердери жатады. Сайрам қаласынан Ахмад әл-Исфиджаби, әл-Қади әл-Байдауи, Әбу-л Хасан Әли әл-Байдауи шығып, ислам ғылымына өзіндік үлестерін қосты. Орталық Азиядағы сопылық ілім де исламның халық өмірінің тыныс-тіршілігінде белді орын алып, ислам дінінің ұлт рухына сіңуіне әсер етті. Қазақ халқының дәстүрлі діни танымындағы ислам дінінің орнына қатысты екіұшты сипаттағы пікірлер айтылып қалып жатады. Ағартушы ғалым Ш.Уәлиханов ХІХ ғасырдағы қазақ ұлтының тыныс-тіршілігіне қарай отырып, мұсылмандық таным қазақ ұлтының бойына әлі толық сіңбегенін айтады: «Мұсылмандық әзірше біздің сүйегіміз бен қанымызға сіңіп бола қойған жоқ. Ол бізге келешекте халықты ыдырату қаупін төндірмек. Қазақтардың арасында әлі Мұхаметтің атын білмейтіндері көп және біздің бақсыларымыз қырдың көп жерінде өздерінің мәнін жоғалта қойған жоқ». Ал белгілі тарихшы ғалым Н.Нұртазина бұл пікірмен келіспейді: «Қазақтар шала мұсылман, «нашар мұсылман» деген мифтің отандық тарихнамада, қоғамтану ғылымдарында бұрынғы кезде кең тарап орныққаны белгілі. Оны қайсы біреу білімсіздігінен айтып, қайталай берсе, басқа бір топ идеологиялық мақсаттармен әдейі, саналы түрде, яғни шын мәнісінде тарихта олай болмағанын жақсы біле тұра, құптап отырды, тарихшылар сөйтіп халықтың санасын осы сарында бағыттап, тәрбиеледі. Исламдану үрдісінің ортағасырлық Қазақстанда сонау VIII ғасырдан бастау алып, Х-ХІІ ғасырларда шарықтау кезінен өткені (Қарахандар дәуірі), одан кейін екінші дін-мәдени өрлеу Алтын Орда кезінде Қазақстанның далалық аймақтарында толық және біржолата ислам үстемдік құрып, осы негіздер болашақта сақталып отырғаны себебінен Қазақ Хандығы толыққанды мұсылман мемлекеті ретінде дамығанын батыл түрде айтып дәлелдеуіміз керек. ХІХ-ХХ ғғ. бас кезінде де ислам діні Қазақстанда жалпы бір қалыпты деңгейде болды, маңызды қоғамдық рөл атқарды, тек саяси жағдайларға және Еуропа өркениетінің келе бастауына байланысты оның мазмұны мен қоғамдық өмірде көрініс беру формаларына белгілі өзгерістер енді». Н.Нұртазина өз тұжырымына айғақ ретінде келесідей дәйектерді атап өтеді: «Қазақ қоғамында иман айту, Құдайға сену мәселесі діни ағартушылық насихаттың басты нәтижесі ретінде жүзеге асырылып отырды. Йассауи кезінен басталған дәруіштердің жер-жерді кезіп, көшпенділердің ауылдарын аралап, софыларға тән ұтымды психологиялық әдістермен, ұлттық фольклор, музыка, аңыз ертегілерді кең пайдалана отырып, жоғары шығармашылық деңгейде жүргізген діни насихаты кейінгі ғасырларда да жалғаса берді. Ислам дінімен танысу үшін көшпенді қазаққа алыстағы қалаларға барып, азап шегудің қажеті жоқ еді. Ибн Рузбихан суреттегендей, Қазақ еліне мұсылман дінін насихаттаушылар ежелден Орта Азия (Мауараннахр), Иран, Ауғанстан, Қашқар (Шығыс Түркістан), Еділ өңірі, Кавказ, басқа да аймақтардан лек-легімен келіп жатты. Олардың ішінде дінге машықтаған құрметті ғұламалар мен софылар, қарапайым кезбе дәруіш-каландарлар, дін мен емшілікті немесе дін мен өнерді қоса ұстанып, халыққа қызмет көрсетуші діни топтар өкілдері (тәуіптер, қиссашылар), халықтың сауатын ашуға біржолата немесе ұзақ мерзімге(кейде арнайы шақыртумен) қазақ ауылдарына қоныс аударып келген молла, имамдар болды. Кейіннен, сыртқы миссионерлерден тәуелділік азайып, көшпенділердің өз ортасынан беделді діни-рухани элита қалыптасты. Олар – мұсылмандық сауаты бар, сол сияқты софылық ілімді ұстанған, дарынды тұлғалар – жырау-ақындар, билер, көсемдер, батырлар. Көшпелі мәдениеттің синкреттік сипатына сай олар «сегіз қырлы, бір сырлы» болып қалыптасты. Яғни бір жағынан олар әлеуметтік практика, шаруашылықтан, саясаттан қол үзбей (мал құстың жайын білу, табиғаттану білімін, қолөнер түрлерін шебер меңгеру, соғыс жағдайына дайын болу, саяси өмірге белсене қатысу), екінші жағынан, дінді мәдениеттің құрамдас бөлігі, идеялық-этикалық негізі етіп қараған, сондықтан оған зор мән берген рухани сипаттағы тұлғалар». Ш.Уәлихановтың шығармаларындағы ислам дініне қатысты пікірлерде негативті сипаттардың болуына екі түрлі себеп әсер етуі мүмкін. Біріншіден, Ресей империясына адал қызмет еткен Ш.Уәлиханов олардың идеологиясының түпкі мақсатын түсіне алмады. Осыған байланысты өз тұжырымдарында халықтың діни наным-сенім формасына империялық ой-сана тұрғысынан қарады. Екіншіден, Ш.Уәлихановтың мұндай пікір айтуына қазақ жерінде белсенді жұмыс істеген татар молдаларының қызметіндегі өрескел жағдайлар себепкер болуы мүмкін. Ислам қазақ дүнетанымына толықтай сіңді. Халықтың әдет-ғұрпы мен мемлекеттік заңдарда ислам үлкен мәртебелік дәрежеге ие болды. Оған дәлел ретінде Әмір Темір мен Тәуке хан тұсындағы заңнамалық жүйені келтіруге болады. Мауераннахрлық билеуші Әмір Темірдің (1370-1405) заңдарында былай делінеді: «Мен өз қамқорлығыма Құдайдың діні мен Мұхаммед (с.а.у.) заңдарын насихатталуын алдым. Мен Исламды барлық жерде және барлық уақыттар бірлігінде қолдадым. Дін мен заңдарға негізделмеген өкімет пен биліктің өміршең болмайтындығын тәжірибем көрсетті. Сондықтан, әр аймаққа исламның білгірін жібердім, олар өз кезегінде исламда көрсетілген сенім бойынша бұқара халықты ұятты нәрселерден тиятын болады. Адамдардың білімін көтеру үшін медресе мен мешіттер салдырдым. Мен әр қалада Қасиетті Құранды, Ислам дінінің негізіне атақты ғалымдардың зерттеулері арқылы үйрететін иманды діни өкілдер тұруына жағдай жасадым», – деп атап көрсеткен. Қазақтың дәстүрлі құқығындағы әдет-ғұрып ережелерінде шариғат заңының тиянақты түрде орын алуы «Жеті Жарғыда» біршама көрініс тапқан. Бұл аталған заң ережелерінде дінге қарсы қылмыстар, оның ішінде ислам дінінің қағидаларын бұзған, елге теріс қылық, жаман әдет жұқтыратын діннен безгендерге қолданылатын жаза түрлері де құқықтық норма ретінде бекітілген.

Ислам дінін қазақ ұлтының саяси-құқықтық, мәдени жүйесіне ерекше әсер етті. Ислам құндылықтары білім беру, отбасылық қарым-қатынастар жүйесінде ерекше орын алды. Ислам дінін қабылдау түркі тайпаларының өзге мұсылман мемлекеттерімен саяси-экономикалық байланыстарының нығаюына себепкер болды. Ислам дінінен бұрын қазақ жеріне өзге де діндердің миссионерлері дін насихаты жолында келді. Түркі халықтары өздерінің дүниетанымдық жүйесіне жақын болуына байланысты ислам дінін қабылдады. Жүздеген жылдар бойы Отырар мен Сайрам, Сауран мен Сығанақ, Тараз бен Баласағұнда күмбездері күнмен шағылыса жарқыраған мешіттер барлық халық үшін ағартушылық ошақтарының символын білдірді. Уақыт өте келе олар рухани-ғылыми орталықтар деңгейіне көтерілді. Ерте кезеңдегі мешіттерден қарапайым қолөнершілер мен танымал әмірлер, ғалымдар, ақындар, шеберлер және қатардағы жауынгер-сарбаздар да пана тапты.

Шыңғысхан ұрпақтары да ислам дінін қабылдап, аталған діннің халық арасында кең таралуына әсер етті. Ислам дінінің қазақ даласында тамырын терең жаюына Қазақ хандары да көп еңбек сіңірді. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», «Жеті жарғы» тәрізді құқықтық құжаттарда шариғат заңдарымен үндесті бар. Мәселен, Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңында: «Христиан дініне өткендердің ағайын туыстары, оларды барлық меншігінен айыруға хақы бар», «Рухани мұрагерлік тума-туыс пен молдалар қатысуымен өтеді» және т.б. жайдар көрсетілген.

Патшалық Ресей қазақ елін өз бодандығына алғанда империя қазақтарды ең басты рухани отарлау мәселесіне ерекше мән берді. Бастапқы кезеңде империя қазақ жеріне татар молдаларын жіберу арқылы оларды өзіндік тірек ретінде есептеді. Уақыт өте келе Ресей қазақ даласында орыстардың емес, татарлардың ықпалының өсіп бара жатқанына көзі жетті. Осылайша Ресей ендігі кезде татар мүддесіне қарсы күрес жүргізді. Қазақ жеріндегі діни оқу орындарына қатысты статистикалық деректерді қарастырар болсақ, келесідей мәліметтерді көруге болады: Жетісу облысында 1897 жылы 88 мектеп-медреседе 12835 шәкірт, Сырдария облысында 1895 жылы 2409 мектеп, 34 медреседе 28898 шәкірт, Семей облысында 1895 жылы 17 мектеп-медреседе 900 шәкірт, Торғай облысында 1907 жылы 15 мектеп-медреседе 970 оқушы, Бөкей ордасында 1899 жылы 60 мектеп-медреседе 1679 бала білімін шыңдаған. Атышулы Ресейлік атақты миссионер А.Е. Алекторов мұсылмандық білім беру ошақтары мен орысша білім беру орындарына мынандай баға береді: «Руководительным началом в данном случае могут служить соображения, высказанная в предложении министра народного просвещение, от 28 марта 1886 г. За № 5310, по поводу открытия возможно большаго числа начальных школ в Тургайской области. – «По существующим в министерстве народного просвещение сведениям, - говорится в этом предложении, - магометанская пропоганда между киргизами особенно сильна своими мелкими школами, которыми могут помещаться в углу киргизской кибитки и землянки, обходясь без наших громоздких учебных пособий и работая исключительно над одной задачей утверждения и распространения ислама. Теперь даже на самой восточной окраине киргизской степи, на параллелях Петропавловска и Семипалатинска, почти у каждого сколько-нибудь зажиточнаго киргиза держится татарский грамотей, который обучает детей целого аула и в назидание киргизских неофитов совершается пятивременныя молитвы. Магометанская школы, при своем религиозном, миссионерском направлении, действует численностью подобно саранче. Четырех русско-киргизских училищь на целую область, как бы эти училища ни были хорошо поставлены и многолюдны, далеко не достаточно, чтобы сколько-нибудь сдерживать напор магометанство. Необходимо прибавить к ним много еще начальных школ меньшого размера, которыя удобнее могли бы проникнуть в мелкие степные центры – волости».

Сонымен қатар орыс миссионерлері қазақтар арасында ислам дініне қатысты діни қиссалардың кеңінен таралып, халық жүрегінен орын алып бара жатқанына ерекше алаңдаушылық білдірді. Мәселен, Ресей империясының ірі идеологы, миссионер Н.И. Ильминский этнограф Г.Радловтың пікірлеріне жүгіне отырып, мынандай тұжырым жасаған: «Но я должень присовокупить, что если киргизский язык сделается также органом магометанской веры и магометанского образования, то это будеть весьма неудобно, потому что в таком случае сила народного языка обратится к упрочению магометанского в Степи направления, во всяком случае не совместимого с русским направлением. Г.Радлов, которого многотомное и обширное собрание «Образцов народной литературы тюркских племен, издается Императорскою Акакдемию Наук, нашел в Восточной части киргизской Степи (между Семипалатинском и Верным), кроме собственно народных произведений, еще книжныя песни. Это суть изложенные киргизскими стихами магометанские сюжеты. Вот что пишет о значении и силе этих песен ученый собиратель: «Как народныя изречения оказываются достоянием и выражением народного духа, а потому очень распространены и в большем почете у народа, так книжныя песни являются представительницами ислама, не многими, но уже твердо укоренившимся в этом народе, разсадницами религии, цель которых распространять учение ислама и мало по малу вытеснять дух народный. В самом деле, он действует как медленный яд и вляние их постоянно усиливается. Грамотная часть народа, которая правда очень еще незначительна, благодаря им успела уже стчуждиться от народного духа и при помощи этих песен, старается утвердить и распространить в народе учение ислама» – Из поучительных песен более всех поется Джум-Джума. Мне несколько раз приводилось быть свидетелем, как эту песню читали в больших собраниях. С напряженным вниманием слушатели следили за словами певца и на всех лицах выражался ужас при описаний мучении, которым после смерти подвергнется мусульманин, не исполнивший заповеди религии. Тогда безмолвная тишина слушателей нарушалась восклицаниями: «о велик Господь, во имя Бога Премилосердного». Мне кажется, прибавляеть г. Радлов, что одна песня Джума-джума более содействовала утверждению ислама между киргизами, чем сотни мулл, разьезжающих по Степи). – Сколько помню в степях Оренбургского ведомства назад тому десять лет еще не было известно подобных песень; мне случилось раз слышать только краткий отрывок о потопе магометанского содержания киргизскими стихами. Если школы мулл могут и будут продолжаться, пусть лучше они учать татарской грамоте и мучають детей арабской фонетикой; это будеть по крайней мере не так решительно, как распространять магометанство на родном, столь сильном языке». Осы пікірі арқылы ол империяның шоқындыру саясатына орай діни бірегейлігі күшейе түскен қазақтардың исламдық иммунитетінен қауіптенді. Отаршылдық кезінде ислам діні қазақ ұлтының бірігу, өзін-өзі сақтап қалуға қатысты ұстанымдарының бірі болды.

ХІХ ғасырдың ортасына дейін патша үкіметі, жоғарыда айтылғандай, мұсылман дінін қазақ даласының түпкілікті халқының қарсылық көрсетуіне тойтарыс беру үшін өзінің отарлау саясатының маңызды идеялық- психологиялық құралы ретінде пайдалануға бағытталған саясат жүргізді. Бұл кезде мешіттер құрылысын салуға үлкен көңіл бөлінді, өйткені, патша үкіметінің пікірінше, «уақыт өте келе бұл оларды өз бетінше әрекет етуден тоқтататын қатал жазалардың қай-қайсысынан да артық құрал болуы мүмкін».



Тарихшы ғалым Раушан Мұхамеджанқызы Мұстафинаның пікірінше, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақтар мұсылманша оқудың негіздерімен таныс болған және перзенттерін мұсынман мектептеріне берген, өздері де мешітке барып тұрған. Р. Мұстафина ислам діні қазақ халқы арасында үстірті таралды деген пікірмен келіспейді. Патшалық Ресейдің қоныстандыру саясаты, қазақ халқының шұрайлы жерлерін тартып алып, орыс мұжықтарына беру т.б. факторлар қазақ халқының наразылық сезімдерін күшейтті. Осыған байланысты халықты бір ортаға біріктіретін, діни бірегейлігін сақтайтын рухани құндылық ретінде дін алынды. ХІХ ғасырда Меккеге қажылыққа барушылардың артуының себебі де халықтың өзін-өзі сақтап қалу сезімімен тікелей байланысты. Қазақ жерінде беделді діни қайраткерлердің сөзі өтімді бола бастады. Олардың қатарына Науан Хазірет, Ш.Қосшығұловты жатқызуға болады. Ш.Қосшығұлов ұлт мұратына қатысты ұлық істің маңызын түсініп, ол істі өзге де қазақ данышпандарымен бірге жүргізуге тырысты. Қазақтың ұлы ақыны А.Құнанбайұлына жазған хатында Ш.Қосшығұлов былай дейді: «Ассалаумағалейкум! Биік мәртебелі, аса құрметті, жұрт ардақ тұтатын Ибрагим мырза! Сізге Ақмола облысының барша оязының қадірмен адамдарының атынан өкілдік жазып отырмын. Мұндағы қазақ халқының мұқтаждық хал-жағдайы 15 мамырдан әрмен қарай мағлұм болмақшы. Өйткені жиналған малды сатуға тура келеді. Халық қамқоршысы ретінде сізден еш хабар-ошар ала алмадық, ал сізден әлдеқайда шалғайда жатқандар хабар беріп тұр. Жетісу болысында болатын кеңесті күтуліміз. Әмбе тері-терсек сатылатын Семей жәрмеңкесінің өтетін мерзімін күтіп жүрген жайымыз бар, мерзімі әлі бұрынғыдай, жәрмеңкеден қазаққа келер пайда да шамалы. Бұл жағын жұрттың бәрінен өзіңіз жақсы білсеңіз керек. Баяғы дәурен өтті де, өлетін заман жетті де! Барлық жай-жапсарды айтып ақылдасуға болар еді, амал не, қазақтың мүддесін шағып ойласуға кедергі жасап тұр ғой. Хатты мына адреске: Көкшетау қаласы, қазақ мектебі, Абдулла Зиядаға тисін деп әдепкі жолмен жіберсеңіз аламыз. Хат жазушы – мына мен пақыр әлі де көп нәрсе жазар едім, әзірше үндеместен осымен тәмам етейін». Қазақ халқының шұрайлы жерлерін тартып алу, жайылымдық орындардың тарылуы Қазақ сахарасына Патшалық Ресейдің орталық өлкелерінен шаруаларды қоныстандырумен байланысты болды. Осыған байланысты елдегі этноконфессионалдық ахуал да тұтасымен өзгерді. Нақтырақ айтқанда, орыстардың үлесі 1897 жылы Ақмола облысында 56,7%, Орал облысында – 40,8%, Торғай облысында – 37,8%, Жетісуда – 23,5%, Семейде – 24 %, Сырдарияда – 6,2% болды. Ал қазақтардың үлесі 1897 жылы 81,7% болса, 1914 жылы – 65,1% қысқарды. Этникалық негіздегі өзгерістер қазақ жеріндегі бөлінушіліктердің ұлғаюына себепкер болды. Орыс шенеуніктері ислам дінін қазақ жерін отарлауға қатысты басты кедергілер қатарынан санады. 1906 жылы Верный қаласында Түркістан өлкесі мұсылмандарының І құрылтайы өтіп, 100-ге таяу өкіл қатысты. Құрылтайда Ресей мұсылмандарының діни мәселелерімен айналысатын мүфтиятын құру, дін қызметкерлерін жергілікті халықтың өзі сайлауы, мешіт-медресе салу ісіндегі кедергілерді жою, исламдық діни білім беру жүйесін реформалау туралы мәселелер атап көрсетілді.

1917 жылы Орынбор қаласында бірінші бүкілқазақ съезі өтіп, ол жиында Ресей Федеративтік парламенттік Республикасын құру және оған қатысты ұлттық автономиялардың болу мәселесі көтерілді. Ал ІІ съезде қазақ автономиясына «Алаш» атауын беру шешілді. Қазақтың модернистік зиялылары – Алашорда қайраткерлерінің ерекшелігі олар зайырлы мемлекет құруды жақтады. «Алаш» саяси партиясының бағдарламасында мемлекеттің діннен бөлінгені, барлық діндердің тең құқықтылығы, жеке мүфтият құру мәселесі ұсынылды. Аталған бағдарламаға сәйкес шариғат құзырына кіретін мәселелер аясы кеміп, молдаларға үйлену, ажырасу, туу мен өлу рәсімдерін атқару міндеті кірді. Ұлтшыл-демократтардың бағыт-бағдары тек Алашордамен шектелмеді. 1917 жылы Түркістан және қазақ мұсылмандарының съезі өтіп, аталған жиында «Мұсылман одағы» партиясының құрылуы жария етілді. Қоқан қаласында өткен ІV Жалпытүркістандық Төтенше съез ислам дінін мемлекеттік дін ретінде мойындайтын Түркістан халықтың үкіметінің құрылуын жария етті. Ұлтшыл-демократтардың бұл қадамы орыс отаршылдарына ұнамай, бұл идеяны насихаттаушылар саяси қуғын-сүргінге ұшырады.

РСФСР халық комиссарлар Кеңесінің 1917 жылы қараша айында жарияланған «Ресей және Шығыс еңбектенуші мұсылмандарға» деп аталатын жолдауында былай делінді: «... осы бастан бастап сіздердің салт-дәстүр, наным-сенімдеріңізге қол сұғылмайды, ұлттық және мәдени ұйымдарыңыз өз қызметін еркін жүзеге асырады. Өздеріңіздің ұлттық өмірлеріңізді азат әрі кедергісіз жүзеге асырыңыздыр». 1920 жылғы қазан айындағы Қазақ АКСР еңбектенушілерінің құқық Декларациясында былай делінеді: «осы декларация белгілеген негізгі ережеде еңбектенушілердің құқығына нұқсан келмейтін қырғыз халқының тұрмыстық ерекшеліктерін ескере отырып, Кеңестік Ресейдің халықтық революциялық соты тәжірибесінің нақты мысалында халықтық әділет құру» қарастырылып, аталған құжатта «мұсылман» термині қолданылмайды, сонымен қатар діндарларды Кеңестерге сайлау және сайлану құқығын иемдендіре отырып, осы кезде қазақтың әдет пен Шариғаттан тұратын халықтық соты трансформацияға ұшырайды. Билер, имамдар, ишандар, хазіреттер, мүфтилер 1921 жылдан бастап әртүрлі дәрежедегі билік орындарына сайлауға түсу құқығынан айырылды. 1920 жылғы Қазақ кеңестік халық комиссиарлар декретінің жарлығымен, қалыңмал беру, құн төлеу рәсімдері жойылды. 1926 жылдан бастап ислам дінінің кеңестік жүйеге қайшылығы туралы нормалар пайда бола бастады. 1927 жылдан бастап «кеңес еңбекшілерінің жауы» дәрежесіне ұшыраған «ислам» күресу идеологиясына айналды.

Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында халыққа рухани тірек ерекше қажет болды. Тұрмыс тауқыметі, туған-туыстардың өлімі сияқты жайттар орын алған сәтте халықты алдыға қарай жетелейтін сенім жүйесі қажет еді. Осыған байланысты сталиндік режім дінге қарсы саясатына қарамастан дінге қатысты саясаттарын жібітуіне тура келді. 1943 жылы Ташкентте Орталық Азия мен Қазақстан мұсылмандарының құрылтайы өткізіліп, оған қазақ жерінен шейх Абд әл-Ғаффар Шамсутдинов бастаған делегация қатысты. Аталған жиында Орталық Азия мен Қазақстан Республикалары мұсылмандарының діни басқармасы құрылып, төрағалыққа Ишан Бабахан Абдулмажитхан (1884-1953) сайланды. Орталық Азия мен Қазақстан Республикалары мұсылмандарының діни басқармасының Қазақстандағы өкілі болып Абд әл-Ғаффар Шамсутдинов тағайындалды. А.Шамсутдинов Қазанда діни білім алған және Қазақстандағы мұсылмандар қазиятын құрушы тұлға. А.Шамсутдиновтен соң 1952 жылы Сәдуақас Ғылманиді қази болып бекітілді. С.Ғылмани Қазақстан мұсылмандарына 1952-1972 жылдары басшылық етті. Ал С.Ғылманидан соң 1972-1979 жылдары қазият кеңсесін Ж. Бейсенбайұлы, 1975-1979 жылдары Р.Нысанбайұлы басқарды. Кеңестік жүйе тұсындағы мұсылмандық дін қызметкерлері, мұсылмандар және мемлекет арасындағы арақатынасқа келесідей дәлелдерді келтіруге болады. 1961 жылғы мәліметтер бойынша мұсылмандық культ тіркелген 25 мешіттен, 40 сенушіден құралды. 25 дін қызметкерінің арасында 21 қазақ, 1 татар, 3 өзбек болған. Имамдардың арасында 15-де орта діни білім, 7-де орташадан төменгі білім, ал 3-де төмен діни білім болған. Дін басқармасы арнаулы діни білімі жоқ кадрлар есебінен толыққан. Діни кадрлар Ташкент, Бұхара қалаларында әзірленетін. 1961 жылы бұл қалалардағы оқу орындарында 7 қазақстандық қана білім алған.

1961 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің өкілі Б.Жұмашев діни ахуалға байланысты келесідей мәселелерді атап өткен:

1. Тіркелген діни бірлестіктердің сенушілер қауымының өспеуі;

2. Сенушілердің болмауына байланысты діни қауымдардың тарап кетуі;

3. Сенушілерді дін жолынан айыру жөніндегі жұмыстар күшейген;

4. Жергілікті жерлердегі діни бірлестіктер мен олардың қызметін бақылаудың күшеюі. Кеңестік биліктің ислам дінін халық санасынан жою жөніндегі әрекеттерінің көрінісі осы сипатта өрбіді. Дегенмен КСРО бұл мақсатына түбегейлі түрде қол жеткізе алмады. Оған қатысты бірнеше себептер әсер етті. Біріншіден. 1980 жылдары қазақ жерінде жүргізілген зерттеулер дінге сенушілердің 20-70% аралығын құрап отырғаны анықталды. Аталған жайт атеистік жүйенің исламды әлі де ығыстырып шығармағанын байқатты. Екіншіден, кеңестік жүйе діни сенім бостандығына кепілдік беретінін заңнама жүзінде көрсетті. 1978 жылғы Қазақ КСР конституциясының 50 бабында былай делінеді: «Қазақ КСР-і азаматтарының ұждан бостандығына, яғни қандай да болсын дінді ұстау немесе ешқандай дінді ұстамау, діни ғұрыптарды атқару немесе атеистік насихат жүргізу правосына кепілдік береді. Діни сенімге байланысты араздық пен өшпенділікті қоздыруға тыйым салынады. Қазақ КСР-де мешіт пен шіркеу мемлекеттен, ал мектеп – мешіт пен шіркеуден ажыратылған». Үшіншіден, Н.Хрущевтің жылымық саясаты кезеңінде идеологиялық дағдарыс бастау алды.

Қазақстанның исламдық жүйесінің нықталуының бастауы діни бірлестіктердің қызметін реттейтін либералды заңдардың дүниеге келуімен, 1990 жылы Ташкентке тәуелсіз, дербес Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының құрылуы, мұсылман мемлекеттерімен байланыстың нығаюы, отандық азаматтардың шет елдерде діни білім алуымен көрініс тапты. Ташкенттегі діни орталық қазақстандықтардың өмірінде белсенді рөл ойнай алмады. Аталған қаладан шығатын аздаған баспа өнімдері халықтың сұранысын өтемеді. 1980 жылдардан кейінгі КСРО-дағы «қайта құру» үрдісі дін саласына да өз әсерін тигізіп, Мәскеу Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасын құруға рұқсат берді. 1990 жылдың 12 қаңтарында өткен Қазақ мұсылмандарының І құрылтайында, Бас мүфти болып, Рәтбек қажы Нысанбайұлы сайланды. Р.Нысанбайұлы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасын 1990-2000 жылдары басқарды. 2000 жылы 24 маусымда өткен ІІІ құрылтайда Бас мүфтилік қызметке белгілі ғалым, шығыстанушы Ә.Дербісәлі сайланды. Ә.Дербісәлінің қызметі ҚМДБ-ның ұйымдық құрылымының нығаюымен, ғылым, білім ісінің ерекше жолға қойылуымен есте қалды. 2013 жылы 19 ақпанда өткен ҚМДБ-ның кезектен тыс VII құрылтайында, Бас мүфтилік қызметке Семей өңірі бойынша өкіл имам қызметін атқарып жүрген Е.Малғажыұлы сайланды. Е.Малғажыұлының тұсында дін мен дәстүр сабақтастығына қатысты уағыз-насихат жұмыстарына, елдегі террорлық қауіп-қатерлердің ұлғаюына байланысты қарсы насихат шараларына ерекше мән берілді. 2017 жылы 8 желтоқсанда өткен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының кезекті VIII құрылтайында Бас мүфти болып наиб мүфти қызметін атқарып келген С. Ораз сайланды. С.Ораз 1992 жылы Ташкенттегі қарилар дайындайтын медресені, 1992 жылы әл-Азхар университетін, 2016 жылы Нұр-Мүбарак университетінің магистратурасын исламтану мамандығы бойынша бітірген.

Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің 2018 жылғы 1 ақпандағы мәліметі бойынша Қазақстанда ислам дініне қатысты 2578 діни бірлестік бар. Тәуелсіздік жылдарында ислам дінінің дамуына мол мүмкіндіктер жасалды. Қазіргі уақытта Қазақстанда ислам діні бойынша білім беретін «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, Имамдардың біліктілігі арттыру институты, 9 медресе жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының құрамында 7 бөлім жұмыс жасайды:

1. Шариғат және пәтуа бөлімі (меңгерушісі С.Құрбанұлы);

2. Насихат және қоғаммен байланыс бөлімі (меңгерушісі А.Ұтысханұлы);

3. Дін істері және талдау бөлімі (меңгерушісі Н.Есмағамбет);

4. Мешіт істері бөлімі (меңгерушісі Ж.Бекжігітов);

5. Халықаралық қатынас және хаттама бөлімі (меңгерушісі Е.Оңғаров);

6. Кадр бөлімі (меңгерушісі Б.Бекмұратов);

7. «Қажылық» және «халал өнімдерін стандарттау» бөлімі (меңгерушісі Б.Мырзагелдиев)

Мүфтияттың еліміздің аймақтарында 18 өкіл имамы бар. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы «Иман» журналын, «Ислам және өркениет» газетін шығарып отыр. Діни басқармаға қарасты «Muftуаt.kz» сайты жұмыс істейді және облыстағы әрбір мешіттің жеке сайты қызмет көрсетуде. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы 2013-2015 жылдар аралығын «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады. Осы уақыт аралығында қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы ислам дінінің үндестігі мол насихатталды. 2016 жыл «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жарияланып, тарихқа қатысты зерттеу мақалалары, кітаптар жарық көрді, конференциялар ұйымдастырылды. Биылғы 2018 жыл «Ислам және отбасы жылы» деп жарияланды. Аталған межеге сәйкес үстіміздегі жылы «Неке және отбасы», «Жанұя жарасымы», «Ер мен әйелдің міндеттері», «Талақ айтудың әдебі», «Азаматтық некенің зардабы», «Қызтекелік – жаман қасиет», «Өзін-өзі өлтіру – тығырықтан шығар жол емес», «Қазақтың таным-түсінігі бойынша отбасы құндылықтары», «Жанұядағы әкенің рөлі», «Бала тәрбиесіндегі ананың рөлі», «Ойнастық жасау – отпен ойнау», «Бала тәрбиесінің мұсылмандық бастаулары», т.б. тақырыптар бойынша арнайы іс-шаралар өткізу жоспарлануда. 2011 жылы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның преамбуласында былай делінеді: «Осы Заң Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әркiмнiң ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының діни мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады».

Аталған құжат ислам дінінің қазақ жеріндегі орнының жоғары екенін байқата түседі. Елдегі ұлтаралық татулық пен бірлікті сақтау жолында Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мен Орыс православие шіркеуіне ерекше сенім артылады. Радикализм мен шиеленісті тудыратын күштерге қарсы жұмыста Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының діни кадрларының және идеологиялық жұмыстарының мықты болуы шарт. Деструктивті діни идеологиялардың таралуымен қатар бүгінгі таңда мәдениетіміз бен дәстүрімізге қайшы келетін жат құндылықтардың насихаты да белсенді түрде жүруде. Оларға қарсы тұру үшін қазақы құндылықтардың ғылыми-теориялық насихаттарының деңгейі жоғары болуы міндетті. Ғылымда құндылықтар мәселесін зерттейтін ғылымды аксиология деп атайды. КСРО тұсындағы ислам дініне қатысты зерттеулерде ғылыми объективтілік болмай, біржақты қаралауға жол берді.

Ислам дінінің «қайырымдылық», «мейірбандық», «ізеттілік» т.б. негіздерін халыққа сіңіру арқылы халық арасындағы рухани деградацияның алдын алуға болады. Нарық және ислам мәселелері» атты сұхбатта Ғ.Есім қазіргі қазақ қоғамының өзекті мәселелерін көрсеткен және тиімді ұсыныстар білдірген. Философ Қазақстан азаматтарының тұтынушылық қоғам ырқымен, тек пайда табу мақсатында жүргеніне алаңдаушылық білдіреді. Мына бір пайымында «Көбіміз пайда табу, қүр қалып қоймау философиясының кеңістігінде қалқып жүрміз. Қандай жолмен, әдіспен, тәсілмен, айламен, алдап-арбаумен, тіпті кісі обалы мен қанын жүктеумен болса да, әйтеуір, пайда табу», - дейді Ғ.Есім. Тәуелсіздігіне 27 жыл толған Қазақ елі үшін ел азаматтарының әл-ауқатының көтерілгені жақсы, бірақ ол байлық адал табыс жолымен келуі маңызды. Ал пайда табу мақсатында кез келген әрекеттен тайынбау әрекеті мемлекеттің рухани құндылықтарына, қоғамдағы моральдық нормаларға залалын келтіреді. Былайша айтқанда, тұтынушылық сана адамның адамшылығын төмен дәрежеге түсіріп жібереді. Ғ.Есім қазақ қоғамында өте үлкен байлардың емес, дәулеттілердің көп болуын қалайды: «Бізге қажеттісі, пайдалысы – дәулеттілер. Дәулеттілігін өзі - отбасынан кейін халқын, мемлекетін ойлайтын жарқын қайырымдылық қадамдарымен әйгілеп жүрген тұлғалар бізде аз емес. Ізгілік жолы - Хақ жолы. Ислам қанағат, орнықты сезім береді. Осындай қасиеттер дарыған дәулеттілер бізде бар, ал оның «Алласы» аузынан түспеуі, шетінен қажы болуы шарт емес. Алласы жүрегінде жүрсе, сол жылы жүрегімен ол өзін де, отбасын да, ортасын да жылытады. Мысалы, ауқымды мәдени-рухани шараларға, ақындар айтыстарына демеуші болып, мүгедектер мен жағдайсыздарға көмек көрсетіп, білім саласындағы реформаларға қатысып, өзі туып-өскен ауылдарының өркендеуіне атсалысып жүрген азаматтар - міне, осындай иманды дәулеттілер».

М.Х. Зақзұқтың пікірінше, ислам дінінің құндылықтары діндегі ерекше өркениеттілік формасы әрі аса күрделі философиялық феномен болып табылады. Ислам дінінің құндылықтары мұсылман адамның өмірін анықтаушы рухани бағдарға айналады. Мәдениеттанушы Ж.Ж. Молдабековтың пікірінше тұлғаның құндылықтары оның тәндік және интеллектуалды ұмтылыстарын білдіреді. Адамның кемелденуі оның ақылына, еркіне, сеніміне тәуелді. Философ С.Е. Нұрмұратовтың тұжырымдауынша: «Қазақ жеріне келген мұсылмандық бағыт исламның суниттік ағымындағы ханафиттік мазһаб болып табылады. Ислам өзінің көп ғасырлық тарихында әлеуметтік дүниенің көптеген саласына ендей алатын ерекше рухани құбылыс екенін танытты». Г.Қ. Әбдіғалиева пікірінше, діни моральдың негізінде Жаратушыға деген сенім және оның алдындағы жауапкершілік діни-этикалық құндылықтар жатыр. Діннің белгілі бір халықтың өмірінде жетекші рөл ойнауына байланысты рухани және материалдық құндылықтардың қалыптасуында шешуші рөл атқарды. Дінтанушы ғалым Нағима Жаулыбайқызы Байтенова дін феноменіне мынандай баға береді: «Дін халықтың рухани негізі, дүниетанымдық болмысының қайнар бұлағы іспеттес. Ал Сағади Байзақұлы Бөлекбаев өз кезегінде діни құндылықтардың дүниетанымдық, мәдени-философиялық қарым-қатынастағы рөлінің жоғары екенін баса көрсетеді. Көрсетіліп отырған тұжырымдар ғалымдардың дін феноменінің қоғамдық ортада маңызды рөл ойнайтынын байқатады. Ислам дінін қабылдау арқылы түркі тайпалары мұсылман әлемінің бір бөлшегіне айналды. Түркілік рухани-моральдық құндылықтар ислам дінімен үндесіп, терең синтез үрдісі орын алды. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп есептеген қазақ халқы дін исламды өміріндегі басты құндылыққа айналдырды. Ислам діні барша қазақ халқын біріктіруші, үйлестіруші рухани құндылық рөлін атқарып келеді. Ислами құндылықтардың қазақ халқының ұлттық менталитетімен үндесуінің басты көріністері осылайша көрініс береді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет