Өзін тексеру сұрақтары:
Исламның қандай шарттарын білесіз?
«Рухани жаңғыру» бағдарламасында исламдық құндылықтарға қандай орын берілген?
Ислам шарттары мен салт-дәстүрлердің байланысы қандай?
13-дәріс. Ұлттық салт-дәстүр мен діннің байланысы ұлттық бірегейліктің кепілі
Ұлттық салт-дәстүр мен дін сабақтастығы ұлттық бірегейліктің кепілі ретінде біріншіден, ар-ұяттың, адамгершіліктің негізгі өзегі болған ислам дінінің басты қызметі – адамның жан-дүниесін жетілдіру арқылы, тұрмыстағы қалыптасқан мәдени ғұрыптық дәстүр құндылықтары жоғары тұлға, қоғам қалыптастыру. Әдептілік, адамның дұрыс тәрбие алуына, мінез-құлқының дұрыс қалыптасуына сеп болады. Себебі, тарихқа көз жүгіртсек, дінді киелі санамаған ешқандай да қоғам болмаған.
Әлемдік діндердегі ортақ ұстанымдарының бірі – зорлық-зомбылық атаулыға, әділетсіздік, уәдеде тұрмау, тәкаппарлық сынды адам бойындағы жаман қасиеттерге қарсы тұру. Сондықтан, қазіргі таңдағы ислам діні лаңкестікпен байланыстырылып көрсетілуінің белең алуына байланысты ислам діні көркем мінездің өзегі екендігін айшықтай түсу заман талабы деп тұжырымдауға болады.
Екіншіден, адамның ар-намысы мен адами қасиеттерін жоғары санайтын ислам дінінің басты мақсаты – бойына моральдық этикалық құндылықтарды дарытқан кемел ұрпақ тәрбиелеу. Оны исламдағы сенім мен құқық негіздерінің астарынан байқай аламыз. Қасиетті Құрандағы ислам заңдылықтарының барлығының астарынан ахлақтық өлшемдерді көруге болады. Ислам діні – адамның жеке және қоғамдық өмірін реттейтін әмбебап жүйе. Сондықтан, ислам – адамдар арасындағы қарым-қатынастарды көркем мінез-құлыққа негіздейді. Ол, діндегі сенім мен құқықтық-практикалық өлшемдер адамды рухани тазалыққа, әділдікке, кішіпейілдікке, жалпы ахлақи кемелдікке жетелеуі тиіс. Ислам дінінің осындай қасиеттерін, ықпалын, адамгершілік құндылықтарды жетілдіруге бағыттау қазіргі кезеңде аса қажет.
Үшіншіден, дін, салт-дәстүр, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етеді. Бұл да имандылық тәрбие аясында көрініс табады. Ал имандылық – иманнан екендігі белгілі. Ол дегеніміз, діни сенім арқылы қалыптасқан моральдық парыз – адалдық, шыншылдық, адамгершілік, қарапайымдылық, сыпайылық және үлкендерді сыйлау сияқты құндылықтарды қалыптастыруға негіз.
Төртіншіден, әртүрлі діни ағымдардың өз ұстанымдарын таратып, қазақы мұсылмандық ахлақты бұрмалап, діни санаға іріткі салу арқылы тыныштық бұзылып, қоғамдық іріткі жиілеп кеткен қазіргі таңда ислами ахлақтың 5 жасампаздығын нақты түсінікті етіп көрсететін зерттеулерге деген қажеттілік туындап отыр. Сондықтан, қазіргі кезде, жас ұрпақтың жан дүниесіне рухани азық беріп, адамгершілік, имандылық қасиеттерді бойына дарытуымыз керек.
Сонымен қатар, еліміздегі діни-рухани жаңғыру үрдісінің жаппай көрініс табуына байланысты рухани кеңістіктің орнын толтыруда әртүрлі көзқарастар мен идеологиялар арасындағы шиеленістің орын алуы белгілі бір деңгейде отандық дін саласындағы ғалымдарымыздың рухани мұраларының сабақтастығының үзілуінде жатыр деуге болады. Қазіргі Қазақстан қоғамында осы олқылықтың орнын дер кезінде толтыру қажеттілігі тұр. Қолға алған тақырыбымыз осы бағыттағы жұмыстарды жаңғыртуға үлес қосады деп білеміз.
Ислами негіздегі таным-түсініктер болып саналатын әділдік, ар-ұят кішіпейлділік ұғымдарына берген тұжырымдары сарапталып, олардың адамзат мұратымен соның ішінде қазақ қоғамымен сабақтастығы айқындалады.
Бүгінгі таңдағы нарықтық экономикалық жағдайдың қоғамға тікелей ықпал етіп отырғанындай, азаматтардың адамгершілік қасиеттерінің ішіндегі қол ұшын беру, көмек көрсету,кеңпейілдік таныту сияқты құндылықтардың ішіндегі қолы ашықтық, мәрттік көрсетіп жомарттық таныту сирек кездесетін қасиетке айналып отыр.
Жалпы алғанда, жомарттық исламда адамзаттың ең маңызды сипаттарының бірі. Тіпті, құлшылық пен білімнен де артық десе болады. «Халисату-л хақайқта»: «Білімі жоқ жомарт адам – Алла Тағаланың құзырында сараң ғибадат етушіден де қайырлы» деген хадисті мысалға алған. Мұсылманның жомарт болмауы, ғибадаты мен иманының әлсіздігінен. Сондықтан, хадисте жомарттықтың ғибадаттан артықшылығын айтып отыр. Негізінде иманы бекем, құлшылығында ықыласты адам үшін Алланың және Пайғамбардың (с.ғ.с) айтқаны бәрінен де артық. Ал, мұсылманның имандылық денгейі тек құлшылығымен емес осы жомарттық денгейімен де өлшенеді. Сондықтан, мұсылманның иманының толықтығы қолындағысын бергіздіретін, нәпсіге ауыр келетін жомарттығымен өлшенетінін айтуға болады. Әбу-л Қасым «білім» тақырыбына байланысты да талқылаулар жасаған. Ахлақ пен білім егіз. Ахлақ ілімсіз, білім де ахлақсыз болуы мүмкін емес. Әбу-л Қасым білім жайлы айтқанда діни және діни емес деп бөлмеген, жалпы 119 ақиқатқа, шындыққа жетелейтін мәліметтерді сөз етіп, білім алуға қызықтыратын аят пен хадистерді мысал еткен. Негізі, көпшілік ғалымдар рухтың азығы құлшылық дейді.
Ал, Әбу-л Қасым рухтың азығы құлшылық демей, білім дегенді алға тартады. Тіпті білімді, құлшылықтан да артық санаған. Себебі, құлшылықтар білім арқылы түсініліп, үйреніледі. Ал білім үйренгісі келмеген адам, амалының қабыл болуын қаламаған адам ретінде, ғибадатын кемелдендіруге тырыспаған адаммен тең қарастырады. Бұл жайында Әбу-л Қасым Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Алла тағала амалдарды білімсіз қабыл етпейтіндігін біле тұра, білімсіздігіне қанағат еткен адамға таңым бар» деген хадисін және «Алла тағала білім үйренуден артық сауабы мол іс жаратпаған, тіпті ол құлды азат етуден, садақа беріп, жиһад етуден, ұмра жасап, қажылыққа барудан да артық» деген ғалымдардың сөздерін мысал етеді. Осылайша білімнің, көптеген құлшылықтардан: қажылықтан, ұмрадан, жиһадтан, садақадан да артық екендігін баяндайды. Қажылық бай болған адамға өмірінде бір мәрте барумен орындалады, ал ұмра мен садақа мұсылманға міндеттелмеген ерікті құлшылық. Сондықтан, бұл үшеуінен де пайдалысы, әрі үкім жағынан жоғарысы яғни парыз болғаны, білім үйрену және білімсіз құлшылық та болмайды. Бұл жайлы Хакім Абай да: «Кімде-кім үйреніп білмей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды» деп білімсіз ғибадаттың қадірі болмайтынын дөп басып айтқан.
Негізінде білім, тәрбиелі адамға үйретіледі. Қазақ халқында: «итке маржан не керек» дегеніндей Мұхаммад Хамиди (?-1762) «әл-Бариқасында»: «Білімді ылайық болмағанға үйретуге болмайды. Дүние, мақам-мансап, атақ-даңқ мақсатында жүрген адамға білім үйрету, доңызға алтын мен інжу таққанмен тең» деп білім беруде шектеген. Ал Әбу-л Қасым барлық адам алғашқыда надан болатындығын, надандық себебінен жаман мінездер туындайтынын, оны білім үйренумен түзелетінін баяндайды. «Халисату-л хақайқта»: «мен білімді дүние үшін үйрендім, ол маған дүниені тәрк етуді үйретті» делінген тұжырымды мысал етеді.
Әбу-л Қасымның бұл тұжырымы дәл қазіргі кезде аса маңызды дер едім. Білімнің нәтижесі, жемісі - моральдық жағымды сипаттар. Әбу Хамид әл Ғазали ахлаққа жетелейтін білімді үйренуді парыз санаған. «Ихия улум аддинде»: «Ақидаға қатысты Алланы танытатын білімді, құлшылықтағы харам халалды және көркем мінездікке тәрбиелейтін жомарттық, шүкір, сабыр, ықылас, шыншылдық, жағымсыз саналған ашу, кек, тәкәппарлық, рия, ашу, жауластық сынды қарым қатынасқа қатысты білімдерді үйрену әрбір мұсылманға парыз» деп міндеттейді. Осы мақсатта «Халисату-л хақайқта»: «Білімді адам деп: Алладан қорыққан, Алладан ұялатын, Алланың жазғанына разы болған» адамға айтылады» деп ахлақтың негізгі сипаттарына тоқталып талдау жасаған.
Сонымен қатар, «Халисату-л хақайқта»: Калам ғалымдары: «Ғалым деп мынадай сипаттары бойында табылғанға айтылады: жұмсақтық, ұят, діни жоралғыларды білетін, зерек, күнәдан таза, намысты, жақсылық жасауға құмар, жамандықты жек көретін, насихатшыл, салмақты, 120 шыншыл, кішіпейіл» деп тұжырымдайды. Демек Әбу-л Қасым жоғарыдағы құндылықтардың барлығы осы білімнен туындайтынын көрсете отырып білім мен ахлақтың бірлігін сабақтастыра түсіндірген. Осы білім тақырыбының соңында: Ей көркем мінезден кері қалған адам Дүниелік ілім мақтаныш емес Кімде-кімнің білімі мінезін тәрбиелемесе, бұл білім ақыретте пайда бермес», – деп түйіндейді. Демек, білім – адам жүрегінің, рухының, ақылының азығы. Нағыз білім – адамды көркем мінезді болуға, моральдық жағымды құндылықтарды иманды адамның бойына сіңіруге жетелейді, яғни моральдық парызды қалыптастырады. Моральдық парыз адамды игілікке, көркем мінезділікке, адамгершілікке тәрбиелейді. Иманды адам осылайша екі дүниенің бақытына қол жеткізеді.
Жоғарыда айтылған құндылықтар әрбір иманды адамның бойында болуы керек. Яғни мұсылманның иманы, аталған құндылықтармен ғана кемелдік денгейде көріне алады. Осындай имандылықтың, моральдық құндылықтардың арқасында ислам діні түркі халқының әдет-ғұрпына, тұрмыс салтына сіңісті. Жоғарыда сөз етілген діни құндылықтар жүйесі түркі ойшылдарының және қазақ ақын-жазушыларының еңбектерінде көрініс тапқан. Ахмед Йүгінекидің «ақиқат сыйы» еңбегінде жомарттық, сабырлық, кішіпейілдік, шыншылдық туралы поэзия тілімен жырлаған жырлар өз заманының рухани келбетінің өзекті мәселелерін көтергенін көрсетеді. Мысалы: Нышаны момындықтың кішіпейіл, Бол-дағы кішіпейіл, дым демегін - деп кішіпейілдікті дәріптесе енді бір өлеңінде: Өшеді азап оты кезі келер, Сауаптың сабыр етсе өзі келер,- деп сабырлыққа шақырған.
Хәкім Абайды әлемге танытқан жазушы Мұхтар Әуезов «Ақыл – адам көрігі, ақылдың сабыр серігі» деп сабырлықты дәріптесе, осы негізде жыршы, термеші Майлықожа «Сабыр – ақыл серігі», – деген. Ал Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Сабыр деген әр іске шыдамдылық, Қатты керек адамға бұл бір қылық. Қолы жетпей талай жан ызданады, Осыдан көп шығады адамшылық» деп адамшылық, әдептіліктің осы сабырмен болатындығын айтады. Қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесіндегі келесі бір маңызды құндылыққа әділдік жатады. Дәстүрлі дүниетанымда әділдік ақиқат, шындық ұғымдарымен тығыз байланысты. Әділдік қазақ дүниетанымында ар-ұятпен тікелей қатысты. Әділдік жоқ жерде адамгершілік жоқ. Кісіге қиянат жасамаған, жұрт ақысын жемеген, туралықты ту еткен адам әділ-адам. Әділдікті-халық ұнатып, қолдайтын көркем сипат. Кезінде Ыбырай Алтынсарин: «Алдыңа келсе әділдігіңді аяма – аймағың кетпес алдыңнан» десе, Хакім Абай: «Әділеттілік, арлылық пен махаббат – қабірден ары өткендегі үш жолдасың болар» десе тағы 121 бірде «кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ», - деп әділдіктің ұятпен сабақтастылығы туралы айтылады.
Ахмет Иүгінеки: Бол жомарт, халықты сол сүйсіндірген Кейін де, бүгінде де, ертеде де,- деп жомарттықты сөз еткен. Сонымен қатар, қазақ халқында ерекше орны бар құндылық ол ұят. Ж. Баласағұн шығармашылығына тән ерекшелік адам болмысының мәні мен әдебін анықтайтын ұғым ретінде ұятты алады. Мысалы: Бек кісіге – керек ұят, ақыл, ар, Зұлмат күш жоқ, ақыл – арды жапырар. Ұяты бар адамдар пәк, момын да, Ұятты іске тигізбейді қолын да. Кімге тәңір берсе ұят, намысты, Оған қоса бергені құт, даңқты! - деп ар, ұят құндылықтарын дәріптеген. Әдепті, арлы адам келеңсіз іс-әрекет пен жағымсыз мінездерден алыс жүріп, ұнамсыз іс-әрекет жасап қойса өкініп, жағымсыз істен сақтанып жүреді. Ал, арсыз адам қатесі мен күнәсі үшін еш уақытта қысылмайды.
Сондықтан, Абайдың «ұятқа» қатысты түсінігі ахлақта ерекше орны бар. Абай өзінің отыз алтыншы сөзінде ұяттың екі түрінен сөз етеді. Біріншісі надандықтан болған ұят, екіншісі адамдық қасиеттен туындайтын ұят. Біріншісіне жастардың ұялмайтын істерден ұялуын жатқызады. Ал екінші ұят жайында: Ондай қылық өзіңнен шықпай ақ бір бөтен адамнан шыққанын көргенде, сен ұялып кетесің. Мұндай ұят қылық жасағаныңды жұрт білмесе де, өз ақылың, өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіңе жаза тарттырады». Демек, адамдық қасиеттен туындайтын ұят, егер адамда болса ол өзгенің ұятсыз қылығына да ұялып жасамайды, өзі жаман қылық жасаса іштей күнәлі екендігін сезініп, өзін-өзі жазалайды. Халық ұяла біл бірақ ынжық болма дегені де осы екінші ұяттың мәнін ашады. Ал ұятсыздық ол имансыздықпен бір. Себебі, ұятсыздың ісі имансыздың ісінен айырмашылығы жоқ. Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінде «Ұялу – иманнан», «Ұят пен иман бір-біріне жақын. Егер бірі көтерілсе, екіншісі де көтеріледі. Басқаша айтқанда, бірі кетсе, екіншісі де кетеді» – дегенде адамдағы көркем мінезділік өлшемі ретінде ұятты негізге алып көрсетіп отыр. Негізінде, қазақ мақал-мәтелдері де қазақ халқының биік мұсылмандық бейнесін айқындай түседі. Мысалы, ар-ождан тазалығын сақтау, ар-ұят, намыс, жомарттық, руханият туралы айтқан мына мақалдардан көруге болады. мысалы: «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», «Жарлы болсаң да, арсыз болма», «Ұят – иманның қорғаны», «Ұяттан өлім артық», «Ұялмаған бұйырмағаннан ішеді», «Жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі, Жамандыққа жақсылық ер кісінің ісі», «қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» «Тәкаппар – Құдайдың дұшпаны», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Сабырсыздық – шайтан ісі», т.б. мақалдар ахлақтық құндылықтардың қаншалықты халық тіршілігінде маңызды екендігін көрсетеді.
Бүгінгі күні қоғам өмірінде көрініс беріп отырған түрлі жаман дертті мінез-құлықтар ұяттың, кішіпейілдіктің, әділдіктің адам бойында орнықпаған және бұл құндылықтардың маңызы жоғала бастауынан туындап отыр. Себебі, күнкөріс қамы үшін қандай жолмен болса да ақша табу басты қағидаға айналып, бүгінде ұялшақтық, кішіпейілдік, сабырлық еш пайда бермейді деушілер кездеседі. Алайда, бұл құндылықтар заманға, материалдық жағдайға байланысты өзгермейтін құндылықтар болып табылады. Сондықтан, «Халисату-л хақайқта» қарастырылған әділдік, ұят, сабырлық, шүкір-шілік, жұмсақтық, шыншылдық, жомарттық сынды құндылықтар қазақ қоғамында да маңыздылыққа ие болған әрі болады да. Әбу-л Қасым жоғарыдағы моральдық құндылықтарды сөз еткенде бұларды иманмен байланыстырған. Бұл құндылықтарды орындау иманды күшейтеді, ал иман күшейсе осы құндылықтар мұсылманның бойын-да көрініс табады. Сондықтан адамның иман беріктігін тек намаз, ораза сынды құлшылық ғибадатпен өлшемей осы құндылықтармен өлшеу қазіргі таңнын ең қажетті нормасы десек болады.
Мемлекеттің болашағы сол жерде мемлекет құрушы ұлттың салт-дәстүрі мен дінінің сабақтастығы, ұлттық қасиеті мен намысы халықтың қалауымен ұштасқанда ғана, жарқын келешекке қадам басары сөзсіз. Бұл жалпы бүгінгі таңдағы ғаламдану жағдайындағы кез-келген ұлттың тәуелсіздігінің кепілі. Осы тұрғыда ұзақ жылдар тәуелсіздікті аңсап табысқа жету үшін күрескен батыстағы Финляндияны мысал ретінде алуға болады.
Екі миллиондай ғана тұрғыны бар Финляндия табиғаты суық, қысы қатал. Ауа райы тамыз айынан бастап, қара суық түсетін топырағы да құнарсыз. Жерінің басым көпшілігін гранит тастар алып жатыр. Жер асты қазба байлықтары да жоқтың қасы. Құрылыс жұмыстары өте ауыр шарттарда жүзеге асады. Бұл жердің халқы ешқашан өз мағынасында тəуелсіз болған емес. Көбінесе көрші мемелкеттердің боданы болған.
XVIII ғасырдың соңында фин мəдениеті ауасыз бөлмедегі тамырын тереңге жібере алмай, құмырада өскен гүл сияқты, солуға айналған еді. Ол кездері фин халқы оқу – жазудан басқа ешнəрсе білмейтін. 1811 жылға дейін Швецияның қол астында болды. Австриялықтардың Босния – Герцоговинадағы сербтерге көзқарасы қандай болса, ол кезде шведтердің финдерге деген көзқарасы да сондай болған. Барлық мемлекеттік қызмет пен басқару күштері, сауда – саттық, фабрикалар, мектептер, тіпті, шіркеулердің өзі шведтердің бақылауында еді. Мемлекеттік қызметкердердің барлығы дерлік, басқарушы мамандар, дəрігерлер, əскербасылары, шіркеу қызметкерлері мен мұғалімдер швед өкілдерінен таңдалып алынатын. Шведтер финдерді өздерінен төмен санап, оларды менсінбейтін. Финдер заң жүзінде шведтермен тең құқылы саналғанымен, экономикалық жағынан өте артта қалған еді. Бұл жайт, фин халқының мəдениет жағынан дамуына өте кері əсерін тигізді. Бұл біздің Кеңестік мемлекеттегі саяси жағдайға өте ұқсас. Әсіресе қазақтардың қалыптасқан дәстүрлі шаруашылығын жою арқылы жүзеге асты.
1808 жылы Ресей мен Швецияның арасында болған соғыстан соң, Фин халқы Ресейге қосылды. Финляндияның Ресейге қосылуы екі жақ үшін де тиімді болды. Ол кезде Финляндия кедей мемлекет еді. Үндістан мен Мысырдың Англияның экономика саласына пайда келтіргеніндей, Финляндия Ресейге ешбір пайда келтіре алмайды. Ең бастысы, Финляндияның шекарасы Ресейдің сол кездегі астанасы – Петерборға жақын орналасқандығында еді. Соғыс болса дұшпандарының фин жерімен өтіп, Ресейдің астанасына қауіп төндіруі мүмкін. Ресей өзінің астанасын қауіп – қатерден сақтап қалу үшін, Финляндияны өз қол астына алуды ұйғарды.
Ал, фин халқы үшін Ата заңдарын іске асыра отырып, мемлекеттің ішкі саясатын басқаруда тəуелсіздікке қол жеткізумен қатар, төл мəдениетін дамытудың оңтайлы сəті туған еді. Швед халқының басым бөлігі Финляндияда қалды. Бірақ, олар бұрынғыдай бұл мемлекеттің иелері емес, қарапайым халықпен бір санатқа кірді. Алғашқы кездері мемлекет мəдениетінің дамуы үшін құлшынып кіріскендердің саны тым аз болған. Бұл тізімде финдердің зиялы қауымын құрайтын мұғалімдердің саны өте аз еді. Дегенмен, бұл жайт ұлттың болашағына бейжай қарамайтын зиялылар қатарының арта түсуіне жол ашты. Елінің көшбасшысына айналған Йохан Вильгельм Снелман философ, жазушы, журналист, қоғам және мемлекет қайраткері, Фин ұлттық қозғалысының идеологы ХIХ ғасырдың ең танымал тұлғаларының бірі. Снеллман мектептегі білім беру жүйесін жетілдіріп, фин тілінің Финляндияның ресми тілі ретінде және фин ұлттық валютасы фин маркасын дамытуда шешуші рөл атқарды. Финляндия теміржолының алғашқы жобасын ұсынды. Снелманның атағы фин халқының мəдениетін көтеру жолында қыруар үлес қосқан ұстаздығымен кеңінен танылды. Ол өзінің сенімді достарымен бірге, халықтың рухани ұстазы ретінде батпақдала саналған Финляндияны «Ақ лала гүлдер өлкесіне» айналдырды.
Біз сөз етіп отырған Григорий Спиридонович Петровтың Финляндияның мəдени, рухани тоқырауды жеңіп, мемлекет ретінде жаңа мəдениет сатысына көтерілуін тартымды суреттеген мотивация-лық еңбек. Бұл кітап өз мемлекетінің даму жолында табандылықпен күресуге бел буған ұлт үшін осы жолда қандай бағыт ұстану керектігін көрсететін бағдаршам іспеттес. Осы тұрғыдан алғанда, бұл кітап – күллі түркі жұртының жастары үшін батыс өлкелерінің өткені мен бүгініне жақыннан үңілуге мүмкіндік беретін таптырмас туынды. Аталған туынды білімді азаматтардың жақсылыққа деген құштарлығы, бүкіл халықтың жақсылықта болуына жұмсалғанын суреттейді. Мінеки енді қазіргі таңда, 200 жылдан кейін Финляндия – білім саласында ең озық елдердің қатарында.
Бізде өз тарапымыздан, мақтан тұтатындай, айқын əрі жетістікке толы болашағымызды құру үшін, өз елімізді сүйіп, салт-дәстүрімізді құрметтеп, өз балаларымызды жақсы көріп жəне де əрқайсымыз өз тарапымыздан күш салысуға міндеттіміз. «Бұл кітап – шабыттану, қызықты əрі пайдалы ой – пікірлерге толы талап, тілек. Біз бұл кітапты, білім беру мен ағарту, Абай атамыз айтқандай расында да «жүректің шамшырағы» екеніне сенетін пікірлестерімізбен бөліспекшіміз» - деп жазады Əлібек Есенов, Қазақстан білімін зерттеу мен жетілдіру ассоциациясының президенті, кітаптың қазақ тіліндегі алғы сөзінде.
Орыстар мен шведтердің отаршылдығында болған Финляндия қазіргі таңда бəсекелес елу елдің алдында шығып, өз тілін, мəдениетін сақтап, өркениетті ел болып отыр. Жерінде мұнай, газ сынды өзге де табиғи қазба байлықтары жоқ бұл елдің адамдары өздерінің еңбекқорлығы мен терең білімділігінің арқасында əлемді таң қалдырып жатқаны белгілі. 1923 жылдары бұл елдің халқының ынтасы мен талпынысын байқаған священик Григорий Петров «Ақ лала гүлдер өлкесі» атты кітабын жазды. В.И. Ленин Петровты «демагог» деп атаса, Кеңес дəуірінде оқылуға тыйым салынған бұл кітап ХХІ ғасырда 2004 жылы тұңғыш рет орыс тіліне 2017 жылы қазақ тіліне аударылды.
Ал біздің ұлттың алдында да осындай үлкен мақсаттар барын ұмытпауымыз керек. Снелман: «екі миллион фин халқының болашағы үшін сіздерден өтінішім: Қатып қалған схоластикалық философиядан бойларыңызды аулақ ұстап, халыққа шынайы дінді насихаттаңыздар. Құрметті дінбасылары! Өз басым сіздерге бір нəрсе үйретуден аулақпын. Мен сіздердің қараса көз тоятын, нақышталған, үлкен, бай шіркеулеріңіздің іші неліктен суық болатынын айтқым келген. Сіздер өздеріңіз халықтың діннен, шіркеуден күн өткен сайын алыстап бара жатқанын мойындап отырсыздар, мен мұның себебін түсіндіргім келеді. Менің дауысымды халықтың жанайқайы ретінде қабылдаңыздар» - деген үндеу тастады. Бүгінгі таңда финдер дамыған елдердің қатарында тұр. Олардың мұндай дəрежеге жетуіне негіз салған Снелман деп құрметтейді. Мінеки, ұлтты сүюдің нағыз үлгісі.
«Мен неліктен əр қазақ Снелман болса екен деймін? Бұл сұрақтың да жауабын бере кетейін. XIX ғасырдың ортасына қарай шведтер бодандығынан босаған фин халқы қиын жағдайда еді. Қалың бұқара білімсіз. Маскүнем, зинақор, шіркеулерінің өзіндегі уағыз кері əсерлі, шаруашылығын өз бетінше басқара алмайтын, жұқпалы дерттер демдеген батпақты даладағы халық осылар еді. Бұларды бүгінгі дəрежесіне жеткізген мемлекет басшылары мен партиялар немесе байлар емес. Оларды дамудың биік сатысына көтерген халықтың ортасынан суырылып шыққан нағыз ұлтжанды зиялылар еді. Мен бүгінгі таңда кім зиялы десе, сол фин халқының бүгінгідей дəржесіне жетуіне жол ашып берген Снелманды, үнді халқының азаттық алуына жанын құрбан еткен Мохандас Гандиді жəне өзіміздің Абай мен Ыбырай Алтынсаринді айтар едім. Сондықтан да фин халқының ұлы болса да Снелман мен үшін құбыланама секілді.
Достарыңызбен бөлісу: |