8-дәріс. Салт-дәстүрдің теориялық және діни негіздемелері мен оның ағартушылық арналары Дәстүр латынның «trаditiо»



бет10/32
Дата09.05.2022
өлшемі0,57 Mb.
#33136
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   32
Байланысты:
Дәрістер Дін және діни культтік тәжірибелер Кусаинов Д.У.

Тәубә, күнә

Қазақ тіліндегі тәубе сөзі араб тіліндегі (тәубәтун) сөзінен туындаған. Тілдік мағынасы: өкіну, жөнге келу. Шарғи мағынасы: күнә істегеніне өкіну, күнәдан қайту. Бұл жайында Пайғамбар хадистерінде көптеп айтылған: «Әт-тәйбу хабибу Аллаһа уә әт-тәйбу минәз-зәнби кәмән лә зәнбә ләһу», «Тәубе етуші - Алла тағаланың ең жақсы көретін пендесі. Күнә істегеніне тәубе жасаған пенде, күнәсі жоқ пенде тәрізді». Тағы бір хадисте: «Мән тәбә қәблә ән татлуа әш-шәмсу мин мағрибиһә тәбә Аллаһу аләйһи», «Алла тағала күн батыстан шықпай тұрып, тәубесіне келген пенденің тәубесін қабыл етеді» деген. Демек, тәубе – ең маңызды және дер кезінде кешіктірмей істелетін әрекет. Тәубеге келуге қатысты ел ішінде де көптеген тағылымды әңгімелер сақталған. Бұл жайында халық мақал-мәтелдері, түрлі нақыл сөздер аз емес. Сондықтан қазақ халқында «Жас күніңде тәубе қылсаң, қартайғанша көндігерсің. Қартайғанда тәубе қылсаң, көндіккенше көмілерсің» деп ақиқатын айтқан.



Тәуекел

Тәуекел сөзі араб тілінің «لكوت» (тәуәккул) сөзінен шыққан. Ол қандай да бір іс істемес бұрын, көздеген мақсатқа жету үшін орындалады. Ислам шариғатында тәуекел етіп жұмыс бастауға үгіт береді. Бұл жайында Құран, хадистерде көптеп айтылған. Сол секілді біздің халқымызда да жиі кездесетін жайттар бар. Мәселен, «Нартәуекел – ер ісі», «Тәуекел нар жығады», «Тәуекелдің кемесі суға батпас» деп айтылады. Яғни қазақ халқы бір істі бастамас бұрын тәуекел етіп, нәтижесін Аллаһ тағаладан сұраған. Ал бұған байланысты Пайғамбар (с.а.c.) хадистерінде былай айтылған: «Ләу әннәкум тәуәккәлтум ала Аллаһи хаққа тәуәккулиһи ләразақакум кәмә ярзуқу әт-тайра», «Егер сендер Алла тағалаға шын көңілмен тәуекел етсеңдер, құстарды ризықтандырғаны сияқты, сендерді де молынан ризықтандырады».

Тағы бір хадисте: «Мән тәуәккәлә ала Аллаһи кәфәһу әт-тәшаъуб» деген.

Көрші

«Көрші ақысы - Тәңір ақысы» дейді қазақ мақалдарында. Мұсылманшылықта да көршіге ерекше зор маңыз беріп, күнделікті тіршілікте басшылыққа алынып отырған. Көршілік міндетін Құдай алдындағы парызға балаған. Хадисте: «Мән кәнә юмину билләһи уәл яумил ахири, фәл-юхсин илә жәриһи», «Кімде-кім Аллаһ тағалаға және ақырет күніне иман келтірсе, көршісіне жақсылық істесін»; «Ләйсә әл-мумину әлләзи яшбаъу уә жәруһу жә-иъун», «Көршісі аш болып, өзі тоқ жатқан кісі мумин емес, яғни бізден емес» деп айтылған. Тағы бір хадисте: «Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап». Осы хадисті нақылға айналдырған халқымыз: «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй салмас бұрын көршіңді ойла» деген. Яғни ауыл аралас, қой қоралас жатқан қазақ халқы да, көршіге аса ұқыптылықпен, құрметпен қараған. «Көршіңнің ала жібін аттама», «Көрші ақысы – Тәңір ақысы», «Үй сатып алма, көрші сатып ал», «Итің жақсы болса – ырысың, көршің жақсы болса - тынысың» дейтін тамаша мақал-мәтелдер бар. Міне, осы тәрізді мақал-мәтелдер ұғымы ислам діні негізінде қалыптасып, Пайғамбар хадистерінен бастау алғандай.



Әділдік

Әділдік – адамның ең асыл қасиеті, адамгершіліктің жарқын бейнесі. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін халық мақалында осы шындық дәл әрі өткір тұжырымдалған. Халық ұғымында әділдік үшін күрес – шынайы адамшылық өмір үшін күрес деп есептелді. Мақал-мәтелдерде: «Әділдіктің белгісі біле тұра бұрмаған, жақсы адамның белгісі өткен істі қумаған» деп, жақынға тартпай, дүниеге сатылмай, туралықты айту адамгершілік өзегін құраған. Сондай-ақ, «Әділдік – ана сүті», «Әділ істің арты игі» деген де мақалдар бар. Ал бұған байланысты Пайғамбар хадистерінде: «Әділеттік– Алланың жердегі терезесі. Әділеттілік адамды сол терезеге (пейішке) бастап апарады. Әділдіктен алыстаған адам тозаққа түседі»; тағы да «Иннәл муқситина инда Аллаһи ала мәнәбири мин нури әлләзинә яъдилуна фи хукмиһим уә әһлиһим уә мә уллу», «Әділдік жасағандар Алланың қабатында нұрдан жасалған мінберлердің үстінде болады» дейді. Осы тәрізді келтірілген мақал- мәтелдер мен хадистер адам баласын әділдікке шақыра отырып, айтпақшы болған ойларын бірдей насихаттайды, әділ болуға үгіттейді. Қазақ халқының осындай парасаттылыққа үндеуі хадистер негізінде туындаған болар.

Міне, халқымыздың ұрпақ тәрбиелеуде, адами құндылықтарды сипаттайтын нақыл сөздері, осындай ғибраты мол бейнелі өсиеттері Пайғамбар хадистерінде де кеңінен сөз етіледі. Араб тілінің элементтері, мәдениеті мен діни ғұрыптары көптеген халықтар тілінде, мәдениеті мен рухани өмірінде кеңінен көрініс тапқан. Қазақ ауыз әдебиетінде араб тілінен ауысқан сөздер мен діни негізде қалыптасқан қағидалар кездесіп жататыны рас. Араб халқы мен қазақ халқының арасында мәдени-әдеби қарым-қатынастардың болғаны да тарихтан белгілі. Осылардың нәтижесінде арабтың мәдениеті, ислам дінінің енуі қазақ даласында кең өріс алды. Демек, ислам мәдениетінің даналығы қазақ халқының жүрегіне жол тартуы – екі халықтың ежелден ниеттес, тілектес болғанын, мәдени қарым- қатынасының тарих тамыры тереңде жатқанын көрсетеді.

Жоғарыда келтірілген Пайғамбар хадистерін қазақ халқының мақал-мәтелдерінде орын алуын, олардың тілдік мағыналарына қарай көрініс табуын біршама қарап шықтық. Әсіресе, келтірілген хадистердің көбі діни бағыттағы хадистер мен адамгершілік, инабаттылықты т.б. сипаттайтын мақал-мәтелдер төңірегінде қарастырылды. Алайда, Пайғамбар хадистерінің мағыналық-мазмұндық жағынан кездесіп жататыны тағы бар. Олар араби сөздердің әсерінен немесе діни насихаттардың бағытында болмаса да, мағына ұқсастықтары мен астарлап айтылған, жанама түрінде берілген, ой-пікірлердің жатқаны байқалады.

Мысалы, халқымызда: «Басқа бәле тілден» деп айтылса, хадисте: «Әксәру хатая ибн Әдәмә мин лисәниһи», «Адам баласының көп қателесетіні – тілінің кесірінен» дейді. Хадисте «Қул әлхаққа уә ин кәнә муррән», «Шындықты ащы болса да айт» деген болса, қазақта дәл осы сарында «Шындықты ащы болса да айт» деген мақал бар. Қазақта: «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деп айтылса, хадисте: «Бәйтун лә сибяна фиһи лә бәрәкәтән», «Бала болмаған үйде береке жоқ» деп, «баласыз үй мазар тәрізді» деген ойды білдіріп тұр. Мысалы, халық «Әркім сүйгенінің құлы» десе, хадисте: «әл-Мәру маа мән ахаббаһу», яғни «Кісі сүйгенімен бірге» деп, осы іспеттес мағынада айтылған. Сол сияқты «Көп күлген бір жылайды», «Мән әзнәбә уә һуа ядхаку дәхәлә ән-наара уә һуа ябки», «Күліп тұрып күнә істеген, жылап тұрып тозаққа кіреді»; мақалдың бірінде: «Ерлік білекте емес, жүректе» хадисте де: «Ләйсә әшшәдиду биссурати иннәмә әш- шадиду әлләзи ямлику нәфсәһу индал ғадаби», «Күш – білек күшімен емес, ақиқат күш ашу кезінде өз нәпсісін ұстай білгені» делінген. Қазақта: «Ағайын – ағайынның айнасы», хадисте: «әл-Муслиму мирәтул муслими», «Мұсылман – мұсылманның айнасы». Қазақта: «Басың аман болсын десең, тіліңді тый», хадисте: «Ихфаз лисәнәкә», «Тіліңді сақта, тый!»; қазақта: «Бөлінгенді бөрі жейді», хадисте: «Фил жамағати рәхмәтән, уә фил фирқәти азабин», «Жамағатта рақымдылық (берекет) бар, бөлінушілікте азап бар»; қазақта: «Ұят – ізгіліктің ұясы», хадисте: «әл-Хаяу лә яти иллә бихайрин», «Ұялу тек жақсылыққа алып келеді»; қазақта: «Адамның мейірімі екі көзінде», хадисте: «Мейірімділіктен қол үзген бүкіл жақсылықтан қол үзген болады»; қазақта: «Асыққан – шайтанның ісі», хадисте: «Асықпау – Рахманнан (Аллаһтан), асығу – шайтаннан» деген. Қазақта: «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін», хадисте: «Жақсылықтың ең абзалы – әкесінің достарымен қарым-қатынасын үзбегені»; қазақта: «Біреуге өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле», хадисте: «Өзгеге өлім тілемеңдер және оны көксемеңдер»; қазақта: «Батамен (дұғамен) ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді», «Алтын алма, дұға ал, дұға алтын емес пе?» десе, хадисте: «Дұға – мүминнің қаруы, діннің тірегі, аспан мен жердің нұры» деген. Мұнда да «дұға» сөзі екі тілде де сөздік тұрғыдан да, мағыналық жағынан да бірдей ұғымда қолданылады. Халықта: «Еңбек дос көбейтеді, ғайбат жау көбейтеді», хадисте: «Ғайбат – өз бауырыңды жек көретіндей еске алу» және т.б. осы тәрізді мақал-мәтелдер мен хадистердің мағыналық ұқсастықтары мен айтпақшы ойларының бір бағытта насихаттайтынын көруге болады.

Сондай-ақ бұл мақал-мәтелдердің хадистерден енгенін дәлелдейтін нақты мағлұматтар болмағанымен, ондағы (қазақ мақал-мәтелдеріндегі) кейбір аударылмай берілген араб сөздері арқылы айқындауға болады. Сонымен қатар, тағы да бір айта кететін мәселе, дін жайындағы мақал-мәтелдер кешегі кеңес дәуіріндегі саяси идеологияға байланысты жинаққа енгізілмей келген болса, қазіргі кезде біршама енгізіліп келеді. Соның нәтижесінде соңғы жарық көрген қазақ халқының мақалдары мен мәтелдерінің толық жинағында Аллаһ тағалаға, дінге қатысты Құран, хадистерде кездесетін нақыл сөздердің біразы берілген. Мысалы, «Аллаға жағам десең азанды бол, ағайынға жағам десең қазанды бол», «Бей намаздан – кей намаз жаман», «Көп қайда болса – Құдай сонда», т.б. Дегенмен, араб тілінің сөйлем құрылысының нәтижесінде дәлме-дәл келетін кейбір қазақ мақал-мәтелдері де бар. Мысалы, Пайғамбар хадисінде:

«Әр дерттің дауасы бар. Дерттің дауасы табылып қолданылғанда Алла тағаланың рұқсатымен (көмегімен) ауру адам жазылады» деп айтылса, халқымыз осы хадистің бірінші сөйлемін қысқа әрі нұсқа түрде «Әр дерттің дауасы бар» деп мақалдатып айтқан. Қазақтың: «Әрекет, әрекет түбі – берекет» деген мақалындағы «әрекет», «берекет» сөздері араб тілінен енген. Мұндағы «әрекет» сөзі бастауыштың қызметін атқарса, «берекет» сөзі баяндауыштың қызметін атқарып, жалаң жай сөйлем ретінде келген. Бұл хадисте де «әл-харакату бәрәкату» қазақ тіліндегідей синтаксистік жүйемен келіп, мағынасы жағынан да сәйкес жұмсалған.

Біз жоғарыда келтірген Пайғамбар хадистері мен қазақ мақал-мәтелдерінің ортақ ұғымда жиі кездесуі, хадистердің халықтық нақыл ретінде өмір сүруі қазақ ғұламаларының мұсылманшылықты толық қабылдауының нәтижесінде туындаған. Қазақ халқының сан мың жылдық тарихында жиып-терген даналық сөздері мен, мақал-мәтелдері ұшан-теңіз. Әрине, мұншалық мол қазынаның бір бөлігі исламмен тығыз байланыста екені даусыз. Мақал – сөз мәйегі. Ақыл-ой, ұғым-түсініктердің жинақталған, түйінделген сөз-саптамасын мақал дейміз. Қазақ мақалдарының исламмен үйлесіп тұрулары – қазақы ұғым-пайымның, қазақы сананың, қазақы руханияттың мұсылманшылыққа толық сәйкестенгенін де көрсетеді.

Ендеше, кейбір атеист, яки өзге дінге өтіп кеткен қазақтардың шолақ пікірлерінше, «қазаққа ислам діні керек емес» деуі үлкен қателік. Кез-келген ұлттың өзіндік санасы дінмен байланысты екенін, әрі дінінен айырылған ұлттың көбінде жойылып кететінін талай этнограф дінтанушылар дәлелдеген. Яғни, исламдық руханиятта санасы қалыптасқан қазақ ұлты мұсылманшылықтан айырылса жойылып кетуі мүмкін.

Адамның рухани қалыптасуында өз халқының, ұлтының болмыс-бітімін, салт-санасын, діні мен тілін, және ең негізгісі, ел тарихын танып-білуі ерекше маңызды. Ұлттының тарихын білмеген адам ол қоғамнан рухани тұрғыда ажырап, тамырсыз қалады. Сондықтан да, қазақ руханиятының діңгегін қалауда қазақ ұлтының тарихынан айналып өтуге болмайды.

Өкінішке орай, қазақ ұлтының тарихы аса көп бұрмалауларға түскен. Тіпті қазақ ұлтының өткенін соншама бұлыңғыр етіп, қазақтың ұлт болып қашан және қайдан пайда болғаны мүлдем түсініксіз күйде деуге болады. Тарихты ғылыми талап бойынша, айқын деректерге сүйеніп, белгіліден белгісізге қарай сараптап жасау керек. Ал қазақ тарихын жазған қазіргі оқулықтарымызда дереккөздерге сүйену мен сараптаулардан бұрын, тарихшылардың ойдан шығарған теориялары көбірек басымдыққа ие болуда. Аталған бұрмалаушылықтар, әсіресе, «қазақ» сөзінің мән-мағынасын талқылауда кең көрініс табады.

XIX ғ. соңы XX ғасырдың басындағы Орта Азия және Қазақстан халықтарының тарихи мәдени жағдайы өте ауыр болды. Ақиқаттың алдында «ханда да-бір, қара да-бір» деген. Сол себептен қарға бойлы Қазтуғаннан (ХVғ.) бастап буырқанған Бұқарға (ХVII-ХVІІІ) дейінгі жауынгерлер, жыраулар, кейіннен Сүйінбайға (XIX ғасыр) дейінгі орақ тісті, от тілді ақындар, ұлы билер, Төле, Қазбек, Әйтеке (ХVII-ХVШ ғ.) тек өмір шындығын, тарих шындығын айтқан. Сондықтан да халықтың сүйіспеншілігі мен сеніміне хандар мен сұлтандар емес, ақ жол сілтеген осынау ақылгөйлері бөленген. Қазақ елі өзінің тәуелсіздігін сақтағанынша солай болып келген. Қазақ халқымен, біреуі оңтүстік-шығыстан, екіншісі терістік-батыстан дос болуға ынтығып, ықылас білдірген екі ұлы көршісінің қайсысымен уағда байласуды он ойланып, мың толғанған қайта-қайта саралап ой елегінен өткізген бабаларымыз ақыры уақыттың ұзын сонар көшінде қатар адамдарша қол ұстасып бірге жүрерміз деген үмітпен Ресеймен тең құқылы шарт жасауға бел буған. Осы шартты жасағаннан бері қазақ халқының мойнына темір ноқта киілді, әрине бұл тор қазақ халқының түркілер дәурінен келе жатқан өзінің тарихи мәдени дамуын тежеді.

Алайда тарихта талай мәрте қайталанған кепті киген, өз метрополиясынан былайғы жерде отары жоқ Ресей империясы жазалаушы жандаралдардың, казак-орыстардың көмегімен Ұлы Даладағы қазақ елін бірте-бірте жаулай бастаған. Орыстың отты қаруы басым түсті. XIX ғасырдың жетпісінші жылдарына қарай Түркістан, Шымкент, Әулие-Ата қалаларының бейбіт дуалдарын жермен-жексен етіліп, бірнеше атадан балаға жеткен тарихи мәдени мұралары жойылып жіберілді. XIX ғасырдың 80-жылдарында бұл кең дала Ресейдің шығыстағы ең үлкен отарына айналғаны белгілі. Ресей империя әміршілерінің ата-мекенінен қуып, қырып-жойып, тілінен, дінінен бездірту мақсатында, жаңадан жер үшін Ресейден қоныс аударғандарды орналастыру жөніндегі ең бір қатал жоспарларын жүзеге асыратын сәт туған еді.

Қазақ халқының мінез-құлқындағы ашық-жарқындық, намысшылдық, арлылық, сәби көңіл аңқаулық сияқты қасиеттері мен кеңпейіл қонақжайлығын отарлаушылар аярлықпен пайдалана білді. Бұл халықтың ғасырлар бойы жалғасып келе жаткан мәдениетін тежеп, өздерінін империялық отарлау қанау жолында жүріп жатты. Тұтас алғанда XIX ғ. екінші жартысында болып өткен әлеуметтік экономикалық процестер Қазақстан өмірінің барлық салаларында терең ықпалын тигізді, ауылдардың, қоныс аударған деревнялардың шаруашылық құрылымында нақтылы өзгерістер жасалуына, шикізат өндеу, тау-кен қазу өнеркәсіптерінің алғашқы ірі ошақтарының құрылуына, сауда жүйесіне өсімқорлық элементтерінің, жеке меншік кәсіпкерліктің енгізілуіне, отарлы Қазақстан құрамды бір бөлігі саналған Ресейдің империализм стадиясына өтуі жайындағы қалалар мен селолар арасындагы өзара байланыстардың тереңдеуіне себепші болды. Әрине, бір жағынан, қазақ қоғамының дәстүрлі негіздерінің талқандалуы және екінші жағынан, - жаңа қоғамдық-экономикалық қатынастардың қабылдануы адамдар қызметінің бұрын белгісіз түрлерін өмірге алып келді. Еңбектің қоғамдық бөлінуінің тереңдей түсуі халықтың мәдениеті мен рухани өміріне шынайы әсер етті. Қазақстан Ресейдің, Англияның, Францияның және басқа тұрғыдан игеру айтарлықтай тездетілген жағдайда ғылым, техника, мәдениет жетістіктерін кім ертерек меңгерсе, сол халықтың тарихи болашағы жарқын болатындығын түсінушілік қоғамдық санада берік орнықты. Халықтың неғұрлым оқымысты өкілдері мұғалімдердің ұлы міндетін өз еріктерімен мойындарына алды, өздерінің білімдерімен өлкенің мәдениетін дамытуға ат салыса бастады. Бұрынғы салттарды, дәстүрлерді, әдет-ғүрыптарын сақтау және жаңадан жаңғырту үшін қажетті кеңестер едәуір шектелді, бірақ сонымен бірге жаңа әлеуметтік-мәдениеттік бағалықтар мен нысаналар пайда болды. XIX ортасына дейін қазақ балаларын оқыту - құран сүрелерін жаттап алу басты жетістік саналатын мектептерде жүзеге асырылды. Оларда мұғалімнің міндетін көбінесе оқыту жоспарлары мен методикасынан ешбір хабары жоқ молдалар атқарды. Мұсылман мектептерінде негізінен ер балалар оқыды. Мұның өзі, әйелдер, сауатсыздықтың жоғары дәрежеде қалуы себептерінің бірі болды. XX ғ. басында мектептер уақыттың өскелең талаптарын қанағаттандырудан қалды. Діни мектептерді қайта құру жолындағы козғалыс басталды. Оны ұйымдастырушылар жазушылар болды. Діни білім беру жүйесінде медресенің ықпалы зор болды. Олар молдалар, мектеп оқытушыларын даярлады және міндетті түрде мешіттер маңында жүмыс істеді. Медресенің үлгісіне карай олардағы оқу мерзімі - үш жылдан төрт жылға дейін созылды. Олардың шәкірттері ислам дінін үйренумен қатар, философиядан, астрономиядан, тарихтан, лингвистикадан, медицинадан, математикадан мағлұмат алады. Бұл ортадан қазақ мәдениетінің А.Құнанбаев, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, Б.Майлин және басқалар сиякты аса ірі қайраткерлер шықты.

Азаматтық сипаттағы жай оку орындары өлкенің Ресейге қосылғанынан кейін ашылды, Олар отарлық аппарат үшін шенеуниктер, мүғалғімдер, дәрігерлер даярлады. XIX ғ. үшінші бөлігінде елде қалалық училищелер, шіркеулік училищелер, кәсіптік гимназиялар, орыс-қазақ және орыс-жергілікті халық училищелері мен мектептері, ауыл және бастапқы сауат ашу мектептері ашылды. Олар мемлекет есебінен қаржыландырылды және бастауыш оқу орындарының ролін атқарды. Бөкей Ордасында ересектер мектептері құрыла бастады. Царизм мектептік білім беруді аз ұлттарды орыстандырудың әсерлі құралдарының бірі деп қарады. «Біздің отанымызда тұратын барлық бұратана халықтарда білім берудің түпкі мақсаты сөзсіз оларды орыстандыру, сөйтіп орыс халқымен қосылтып жіберу тиіс», - деп жазды 1870 жылғы деректерде. Барлық оқу орындарында дерлік оқыту орыс тілінде жүргізілді, түпкі халықтардың тарихы, тілі, діні, әдебиеті, мәдениеті жайлы оқытылмады. Әрине, тілге тиек етіп айтар болсақ, ағарту ісі мен ұлттық мектеп тарихында Ыбырай Алтынсарин үлкен терең із қалдырды.

Қазақ мәдениетінің кемелденуіне үлкен үлес қосқан Ы.Алтынсарин (1841-1889) Халық ағарту ісінің практикалық және дидактикалық мәселелерін шешуге тікелей ат салысты.

Ы.Алтынсариннің өзі орыс-қазақ мектептерінің окушылары екі оқу құралын: «Қырғыз хрестоматиясын» және «Қырғыздардың орыс тілін үйренуіне бастапқы нұсқауды» (бұл жерде қырғыз-қазақ дегенді береді) жазды. Орыс классиктерінен аудармаларында, қазақ тіліндегі өз шығармаларында ол демократиялық ағартушылық идеяларын насихаттады, ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамыту үшін қазақ әдеби тілінің қалыптасу саласында тиісті еңбек етті. Белгілі бір дәуірдің қайраткері бола отырып, Алтынсарин өзінің дүние сатысында қандай да бір қарама-қайшылықтардан, шектеушіліктерден арыла алмады. Барлық ағартушылар сияқты ол ағарту ісінің әлеуметтік қайта құрушылық ролін асыра бағалады. Қазақстан Ресей бодандығын алысымен өлке ғылыми зерттеу орталық мемлекеттік құрылымдары мен әр түрлі зерттеушілер отрядтарының іс-қызметтері шеңберіне берік енді. Қазақстанда дара-дара болса да ғылыми мекемелердің тармақтары құрылды. Олардың кейбіреулері ынта қоюшылардың күш-жігерін жұмсау арқасында пайда болды.

Ш.Құдайбердиев өз заманының жан-жақты білімдар адамы болды. Ол шығыстық бірнеше тілді білді, Стамбул мен Париждің кітапханалары мен архивтерінде жұмыс істеген. Оның ғылыми ықыласының аясы тарих, философия, музыка, әдебиет, дін мәселелерін қамтыды. Ш.Құдайбердиевтің тарихқа жаңаша көзқарасы 1911 жылы жарық көрген «Түріктердің: қырғыздардың және хандық династияның шығу шежіресі» - деген кітабында неғұрлым жақсы көрініс тапты.

Революцияға дейінгі Қазақ халқының өзінің бойына отаршылдық қанаудан туған жаңалықтармен бірге патриархалды-феодалдық құрылысқа тән дәстүрлі ерекшеліктерді де жиыстырды. Оның неғұрлым айшықты құрамдас бөліктері әдебиет пен музыка болды. Әдеби процестер екі бағытта ауыз екі шығармашылық пен жазба әдебиет бағытында жүріп жатты. Ауыз екі шығармашылық ақындық айтыстар, дастандар, ерлік және сыршылдық этикалық поэмалар, ертегілер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар және басқалары түрінде дамыды. ХІХ-ХХ ғғ. басқы кезінде өткен көптеген айтыстарды Жанақ, Шөже, Ақан сері, Сүйінбай, Жамбыл, Сара Тастанбекова, Әсет Найманбаев, Біржан сал сияқты ақындар өткір сөздермен тапқырлығымен, суырып салушылығымен, халықтың әдет-ғұрпын, дәстүрін, тілін терең білетіндігімен ерекшеленеді. Қазақ тарихында және жазба әдебиетінің негізін салушы А.Құнанбаев болды. ХІХ-ХХ ғғ. басында ғұмыр кешкен Абай Құнанбаев қазақ халқының тарихы мәдени жағдайын өте жетік білді. Сол кездегі қазақ қоғамындағы жаңалық, прогресс атаулының бәрін өз бойында сақтаушы болды. Оның ақиқат ілімі ізгі ниетті адам баласын адамды сүйіп, Алланың һикметін сезінуге тәрбиелеумен келеді. Өйткені, оның ілімі Һақты тануға арналады. Ол бүгінгі тілмен айтқанда Тәңіріні тану ілімі. Ол туралы данышпан: «Күдіз-түні ойымда бірақ Тәңірі, өзіне ғашық еткен оның әмірі» дейді. Шынында да туасы дін мұсылман баласының ой-санасынан Ұлы жаратқан еш уақытта кетпейді. Құдай адамның жүрегінде деген сөз бар. Бұл ретте Абай өз халқына арнап шынайы таза мұсылмандықтың мектебін қалыптастырған тұлға. Оның пікірі бойынша әрбір ойлайтын адам қоршаған болмысқа деген өзінің саналы қатынасын қалыптастыруга тиісті. Ол адамзат қоғамы-ның ізгі әрі парасатты, прогрессивті дамушы тұрғысында көргісі келді. Әрбір адам бұған шама-шарқы келгенінше үлесін қосуы тиіс.

XIX ғ. екінші жартысы XX ғ. бірінші жартысындағы қазақ халқының алғашқы ағартушы буындары осылар А.Құнанбаев, Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин т.б. Алғашқы ағартушы буындардың ұстаған бағыттары екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды жақсарту болды. Ресейді мекендейтін өзге халықтармен қарым-қатынас орнату, әрбір халықты құрметтеп, олармен достықта және тең құқықта болу принципін басшылыкқа алды. Қазақ ақсүйектерінің өзге халықтарға жақтырмаушылықпен және келеке етіп қарауы халық бойына сіңіруге тырысушылығы оның зығырданын қайнататын. Басқа халықтардың алдында қазақтардың дандайсынатын себебі жоқ екенін көре білген және басқа халықтардың оларды жақсы жағынан сипаттайтын қасиеттерін әрдайым және білгірлікпен тауып, отандастарына үлгі өнеге етіп отырған. Өзге халықтарды құрметтеп, қазақ халқын солармен қарым-қатынас орнатуға үндеген.



XX ғ. бірінші жартысындағы қазақ тарихында, тарих сахнасындағы екінші ағартушы буын, ол қазақ зиялылары еді. Олар Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Шоқаев, С.Сейфуллин, Ш.Аймауытов, М.Тынышбаев, С.Садуақасов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Қошке Кемеңгерұлы, М.Жұмабаев, Халел мен Жаһанша Досмұхамбетовтар, Ілияс Жансүгіров, Б.Майлин және т.б. Бұл екінші буынның ұстаған бағыты ұлтгық тәуелсіздік демократиялық бағыт еді. Әрине, өзімізге тарихтан белгілі XIX ғ. бірінші жартысында қазақ халқының тарихи мәдени жағдайы өте қиындап, капиталистік катынастардың орнығуы, сонымен қатар халықтың жағдайы өте нашарлауы, қазақ шаруаларының әлеуметтік езгіге қарсы қүресінде петиция жолдау науқаны, яғни ақ патшаға дейінгі жоғары үкіметтік инстанцияларга арыз беру елеулі орын алды. Мазмұны жөнінен де жазылу себептері жөнінен де әр түрлі көптеген бұл петициялар қазақ шаруаларында патшаның әділдігіне әлі де сақталған сенім болғандығын сипаттап қана қоймады, сонымен бірге олардың жергілікті халықтың құнарлы жерлерін, жайылымдары мен шабындықтарын сипаттап алуларынан көршетш озбырлықтарына қарсы, аса ауыр салықтарына, жұмыстың міндеттеріне және басқа қиянат етушілеріне қарсы, на-разылықтарының өзіндік бір формасы болып табылады. 1907 ж. ақпанда «Оренбургский край», «Уральский дневник» газеттерінде жариялаған (татар тілінде) қазақ шаруаларының орыс халқына «Орыстарға – кырғыздардан» - деп арнаған үндеуін ерекше атап өткен жөн.

Онда патшалық отаршылдық саясатының тек қазақ халқы үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл еңбекші Ресей үшін де апатты екендігін атап көрсетілді. Бұл үндеу қазақ шаруаларының саяси оянғандыгын, олардың орыс жұмысшыларымен және шаруаларымен бірлесіп, езушілікке карсы күрес жүргізуге деген талпынысын көрсетеді. Оған өлкедегі тарихи мәдени жағдайы және әлеуметтік-экономикалық қатынастың әлсіздігі және жұмысшы тобының аздығы себеп болды. Қазақ өлкесінде Атбасарда, Көкшетау мен Павлодарда алғашқы марксизм идеясын таратушы Петербург қаласындағы Благоевтар тобынан келген В.Т. Харитонов, Қарқаралы мен Семейде социал-демократ И.С. Домашевич, Верныйда (Алматыда) А.С. Кочаровская т.б. болды. Петропавл қаласында 1902 жылдың аяғында ұйымдастырылған тұңғыш марксистік үйірме негізінен жер аударғандардан құрылды. 1903 жылы осындай үйірме Петропавл темір жолында, 1902 жылы Орынбор қаласында құрылды. 1903 жылы 1 мамырда Орал каласындағы саяси үйірме мүшелері ереуіл ұйымдастырды.

Ислам діні мен салт-дәстүрдің өзара сабақтастығының қазіргі қазақ қоғамындағы көріністері өлкедегі тарихи мәдени жағдайға және әлеуметтік-экономикалық қатынасқа әсерін тигібей қойған жоқ. Шындығында «тегіміз –түрік, дініміз – Ислам» екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Сол себепті рухани мұрамызды да Ислам діні мен салт-дәстүрдің өзара сабақтастығының қазіргі қазақ қоғамындағы көріністері тұрғысынан зерделеу қажет. Олай болса исламның інжу-маржан асыл құндылықтарын ардақтау, оны игеру, қорғау, ілгері дамыту, халықтың дүниетанымы мен салт-дәстүріне қаншалықты сіңісті болғанын зерделеу – бүгінгі ұрпақтың үлкен міндеті. Ол қазақ халқының ұлттық менталитетімен үндесуінің басты көріністері арқылы айшықталуы тиіс.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет