Байланысты: Дәрістер Дін және діни культтік тәжірибелер Кусаинов Д.У.
Сәлемдесу Мысалы, ислам дінінде сәлемдесу әдептіліктің ең үлкені деп үйретіледі. Сәлемдесу - Алла тағаланың пенделерге үйреткен есендік сөзі. «Әссәләму алейкум» сөзінің мағынасы «Сіздерге Алла тағаланың бейбітшілігі болсын (Алла сіздерді әр түрлі бәледен сақтасын)» деген сөз. Бір кісі Пайғамбарға келіп: «Исламның ең жақсы сипаттары қайсы?» - деп сұрағанда, ардақты Елші: «Тутъимут-таама уә тақраус-сәләмә ала мән арафта уә мән ләм тъариф», яғни «Аштарға тамақ беру, танитын һәм танымайтындарға сәлем беру», - деп жауап берген екен. Тағы бір хадисте: «Сіздер сүйсінетін, оны істеген кезде қуанатын бір нәрсені айтайын ба? «Әфшус-сәләмә бәйнәкум!», өз араларыңда сәлемді жайыңдар, яғни сәлемдесіңдер!» деп уағыздаған.
Қазақ әдебінде де адами қасиеттердің бірі – амандасу. Адам баласының рухани тарихында қолы жеткен зор игілігі – сәлемдесу. Тыныш, бейбіт, басы аман, бауыры бүтін, бір-бірімен тату-тәтті, сыйласып өмір сүруді армандаған қазақ халқында сәлемдесу әдебі ислам діні негізінде тіпті шыңдала түскен. Өйткені «сәлем беру» мәдениеті қазақ мақалдарында да кездеседі: «Әдепті елдің баласы, алыстан сәлем береді», «Адамдықтың белгісі – иіліп сәлем бергені». Сонымен қатар, қазақ тіліндегі «сәлем» сөзі араб тілінен енген сөз екенін және осы екі тілде де ортақ ұғымда қолданылатынын айта кеткен жөн. Тағы бір хадисте: «Мә мин муслимәйни ялтәқияни фә ятасафахани иллә ғуфира ләһумә қәблә ән юфтәриқа», «Екі мұсылман кездесіп, қол алысып амандасатын болса, олардың күнәлары екеуі айырылысудан бұрын кешіріледі» делінген. Мұны қазақ халқының «екі қолдап амандасса күнә төгіледі» дейтін даналық сөзінен табуға болады. Яғни қазақ тәрбиесіндегі «өзінен үлкенге екі қолдап амандасу» және «көшеде көргенде сәлемдесу» әдеті осы жоғарыдағы хадистер негізінде туындаған.