Жомарттық
Адам баласының ең тамаша қасиеттерінің бірі – жомарттық. Ол адамға қызмет қылып, жақсылық жасайтын пейілді жанға тән сипат. Соған байланысты Пайғамбар хадисінде: «әл-Ядуль улья хайрун минәл ядис-суфлә», «Берген қол алған қолдан жақсы»; «Дорбаңның аузын байлама, сенің ризығың да байланады», - деп жомарт болуға шақырады. Ал халқымызда: «Жомарт дос көбейтеді, сараң мал көбейтеді», «Кең болсаң кем болмайсың», «Сұрағаннан берген артық» деген мақалдар өз бастауын Пайғамбар хадистерінен алса керек.
Білімге шақыру
Сонымен қатар, Пайғамбар хадисінде білімге байланысты: «әл-Илму фис-сиғари кә-әннақши алал хижари», «Жас кезіңде алған білім, тасқа басқан таңбадай» деп берілсе, қазақ мақалында да дәл осы іспеттес даналық сөз келтірілген. Мұнымен қоса қазақ тіліндегі «ілім», «білім», «ғылым» тәрізді сөздер араб тіліндегі «илм» сөзінен туындаған, сол арқылы енген.
Үлкенге құрмет
Ислам діні үлкенге құрмет көрсету әдебін де назардан тыс қалдырмаған. Салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы имандылық негізінде қалыптасқан қазақ халқы да бұл мәселеге үлкен мән берген. Мысалы, халқымыздың: «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» сөзі ардақты Пайғамбардың: «мән ләм ярхам сағирәнә уә яриф хаққа кәбирәнә фә ләйса миннә», «Кішілерімізге мархамат етпеген (жаны ашымаған), үлкендерімізге құрмет көрсетпеген бізден емес» деген қасиетті сөзінен туындағандай. Хадисте әрбір мұсылман үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет көрсетуді уағыздайды. Ал бойында бұл қасиет табылмаған адам хадисте «мұсылмандардан емес» деп айтылғандай мұсылмандықтан қалыс қалғаны.
Қанағат
Қанағат – этикалық норманың басты белгісі және негізі. Қанағатты әдетке айналдырған жан өмірбақи игілік көреді. Пайғамбар хадисінде: «Мұсылман болып жеткілікті табысы болған және осыған қанағат еткен кісі қандай бақытты» деген. Қанағатшыл болуды бақытқа теңеген. Тағы бір хадисте: «Қад әфләха мән әсләмә уә кәна ризқуһу кәфәфән уә қана-аһу Аллаһу бимә әтәһу», «Кім мұсылмандықты ұстап, ризығы жеткілікті болып, Алла тағаланың берген барына қанағат етсе, тозақ азабынан құтылғаны» - деп айтылған. Бұл жөнінен біздің халқымыздың мыңдаған жылдық өмір тәжірибесінен қорытылған даналық тұжырымдары бар. «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыз жалғыз атын сойғызады», «Қанағат қылсаң, қарның тоқ» деген мақалдарда шынайы шындық бар. Сонымен қатар «қанағат» сөзі екі тілде де бірдей мағынада қолданады.
Сабыр
Сабыр – әдеп, инабат тұрғысынан қашан да жоғары бағаланатыны сөзсіз. Өйткені, сабырлы болу күтпеген жағдай алдында өзін ұстай білу деген сөз. Пайғамбар хадистерінде сабырлы болуға шақырған өсиеттер көп. Хадисте: «Ассабру нисфул иман», «Сабырлылық – имандылықтың жартысы»; «Ассабру мифтахул жәннәти», «Сабырлылық – жәннаттың кілті» деп айтылған. Қазақ халқында да: «Біреу жәбір етсе, сен сабыр ет», «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа», «Сабыр түбі- сары алтын» деген мақал-мәтелдер жиі кездеседі. Осындай мақал-мәтелдер Пайғамбар хадистерінің негізінде туындағандай. Себебі, «сабыр» сөзі араб тілінде де, қазақ тілінде де бірдей мағынада жұмсалады.
Достарыңызбен бөлісу: |