Сөйлемнің тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелері.
Бірыңғай мүше
Сырымбет
Шоқан дегенде, Шоқан туған, өскен мекені дегенде, ең алдымен ойға оралатын өңір – Сырымбет.
Сырымбет атауында, Сырымбет ұғымында бейне бір сиқырлы күш бардай... Төңірегіндегі тұлғасы биік таудың, айдыны шалқар көлдің, жауырыны жазық жазираның бәріне ортақ атау – Сырымбет.
Шоқан есімі аталғанда қасиетті Сырымбет даласы ойымызды өз төңірегінен әрі асырмай, тау Сырымбеттен көл Сырымбетке, Сырымбет көлінен Сырымбет еліне, яғни Шоқанның Сырымбетінен, Ақанның «Сырымбетіне» жетелей жөнеледі.
Осы өңірдің жауырыны жазық даласы, қарағай-қайыңы қайысқан орман-тоғайы, көлі мен шөлі, тауы мен тастағы Шоқанның бала кезден ел қыдырыстап, ағайын-туыс аралаған, сұңқар салып, құмай жүгіртіп, саят құрған бейқұт мекені, өз елі – өлең төсегі.
Шоқан Құсмұрын – Сырымбет кезеңінде араб, шағатай тілдерін жақсы үйреніп, шығыс әдебиеті нұсқаларымен мейілінше мол танысып үлгерген.
Шоқанның шығыс поэзиясын аса сүйетіндігін түркі тілдес халықтарды зерттеу ісіне елеулі үлес қосқан, Шоқанның жақын таныстарының бірі Н.М. Ядринцев: «Шоқан шығысқа тән ұшқыр қиялды әрі ақынжанды адам еді. Ол араб өлеңдерін қатты ұнататын және ол ұстазы Костылецкиймен бірге сол өлеңдерге рақаттанып, тамсанып отыратын», - деп әңгімелейді Шоқан жайлы естелігінде. (С.Мұқтарұлы, 131 сөз
Қаблан
Көктем шығуы-ақ мұң екен, Қабланның да барлық мінезі, жүріс-тұрысы, күнделікті әдеті, төңірекке көз қарасы – бәрі-бәрі де өзгеріп сала берді. Оның біздің есіктің алдына келгеніне, міне, төрт ай болды. Осы төрт айдың ішінде Қаблан көз алдымызда жүрсе де, бәрімізден ұрланып ер жеткен секілді. Осы көктем шығып, наурыз торғай келгенге дейін ол көзі шыныдай жылт-жылт етіп, алдындағы адамға тек балалық қызығушылықпен, таңданушылықпен басын қалт-қалт еткізіп, қарап отыратын кіп-кішкентай сүйкімді күшік еді.
Алды адамнан бастап, өмірдегі тірі мақұлықтың бәрін белгілі дәрежеде есейтетін, ой қосатын, тіпті, барлық мінезінің күрт өзгеруіне тікелей әсер ететін үлкенді-кішілі кездесетін сол өмірдегі оқиғалар ғой. Қабланның мінезіне де күрт өзгеріс енгізген сондай бір уақиға болды.
Қар кетіп, жер бусанған шақта, бір күні әкем, ежелден келе жатқан салт бойынша, Қабланның бүкіл жүріс-тұрысына, қимылына ерекше бір сүйкімділік бітіріп тұратын селтеңдеген
құлағы мен шұбатылған әдемі құйрығын табалдырыққа қойды да, ұстарамен ғырт-ғырт еткізіп кесті де тастады. Қаблан қыңқ деп дыбыс шығарған жоқ. Екі құлағын кесіп болып, әкем енді құйрығын ұстап жатқанда, оның сүйкімді, ойлы көздерінде айрықша бір шыдамдылық пен сабырлылық пайда болып, құлағынан сорғалаған қою күрең қанды елемегендей, артына жай бір бұрылып қарады да, қоя салды. (Д. Исабеков, 151 сөз)
Қоштасу
Күн шыққан жоқ. Қиқу үдей түсті. Көкжиекке күннің алтын иегін арта бергені – ақ мұң екен, Балқаш айдынынан ең алдымен ырғала-ырғала қаңқылдап, қоштаса сұңқылдап, үнін әсемдікпен әндете созып, аққулар тобы көтерілді. Олар көлден тіп-тіке күнге қарай көтерілді де,
керуен басы алға шығып, санын түгендеп алған соң, тұп-тура оңтүстікке: Қаратауға, Сырға, Аралға, Каспийге бет алды. Аққулар тізбегі көл үстін бір айналып өтіп, бетін өз бағытына қарай бұрған шақта, ұшқыр үйректер топ – топ боп, өздерінше тізбек – тізбектер жасап, жол бастаған аққулардың соңынан асығыс ұшты. Ең соңында қараша қаздар қалбақтап, көл үстінде у – шу боп, бейберекет көтерілді де, жоғарылай-жоғарылай келіп, сапын түзей бастады. Кейбірі тым көп қаңқылдап, керуен басылыққа таласты. Бірін – бірі итермелеп, сапты түзеп, батыры мен батылы алға шықты. Аққулар салған керуен жолына түсіп ап, оңтүстікке қарай бұлар да самғай тартты. Сәске түске дейін көл үсті бұлан-талан боп көшкен құстан айықпады. (С.Бақбергенов, 145 сөз).
Достарыңызбен бөлісу: |