1. Атабаев Қ. Қазақ тарихының деректанулық негіздері. Алматы, 2002ж. 2. Атабаев Қ. Деректану. Алматы, 2007ж. КСРО-дағы оқулықтың алғашқы авторлары?
Ш.Уәлихановты неге қазақтың тұңғыш деректанушы ғалымы деп атаймыз?
Деректану саласында зерттеген Шоқанның қандай еңбектерін айтуға болады?
№9 дәріс Тақырыбы: Қазақ тарихының дерек көздері. Дәрістің мазмұны:Қазақстанның өткен тарихы отандық және шетелдік ғалымдардың көптен бері назарын аударып келді. Өлкенің ортағасырлық тарихын жазу жөнінде Евразия тарихнамасындағы алғашқы тәжірибелер ХҮІІ ғасырда жасалды. Жалайыр тайпасынан шыққан түрік тарихшысы Қадырәлі бек 1606 жылы ауызша айтылып келген тарихи аңыздар мен Рашид ад-Диннің (ХҮІ ғ.) тарихи жинағы негізінде «Оқиғалар жинағы» деген еңбек құрастырған, онда монғол шапқыншылығынан кейінгі қыпшақ даласында болған оқиғалар суреттеледі. Алдыңғы ортағасырлық кезең үшін бірқатар түрік тайпаларының (қыпшақтардың, қарлұқтардың, қаңлылардың, ұйғырлардың), оғыз тайпасының негізін қалаушы Оғыз ханның тарихымен тікелей байланысты аталуының маңызы зор. Хиуа ханы Әбілғазы (ХҮІІ ғ.) тарихи екі шығарма: «Түріктер шежіресі» және «Түрікмендер шежіресі» жазған, олардың беттерінде оғыздардың, қыпшақтардың, қаңлылардың алдыңғы және кейінгі орта ғасырларға қатысты тарихына едәуір көңіл бөлініп, түрік этнонимдерінің этимологиясы келтіріледі, сондай-ақ Қазақстанның тарихи географиясы жөніндегі мәселе қозғалады.
Нақ сол ғасырда түрік тарихшысы Мунеджджим-башы өзінің елеулі шығармасында ҮІІІ-ХІІІ ғасырларда Қазақстан жерінде мекендеген көптеген түрік тайпаларының тарихы және этнографиясына ден қояды. Орталық Азияның мемлекеттері мен әулеттері, атап айтқанда, қарахандар, салжұқтар, хорезмшахтар және басқалар туралы маңызды мәліметтер келтіріледі. Мунеджджим-башы өзінің алдындағы мұсылман шежірешілерінің көптеген шығармаларын пайдаланған.
Батыс Европа тарихнамасында Қазақстанның ортағасырлық тарихы мәселелерін қамтитын алғашқы жарияланымдар ХҮІІ ғасырдың аяғында пайда болады. Ориенталист д’Эрбело мұсылман тобының оғыздар мен кимектер туралы бірқатар жазбаша ескерткіштерінің мәліметтерін тарихи айналымға енгізген. ХҮІІ ғасырда қытай жылнамалары мен арабтардың құрастырған азын-аулақ шығармалары негізінде Ж. Дегинь түрік және монғол тайпаларының тарихына жалпы шолу жасауға тұңғыш рет әрекет етті. Шығыстың нарративтік деректемелері бойынша монғолдар тарихын жазған арабист д’Оссон ән-Нувайри (ХІҮ ғ.) бойынша қыпшақ тайпаларының тізбесін берген. Европадағы ғылыми әдебиетте оғыздар, қыпшақтар мен кимектер туралы алғашқы мәліметтердің бұл проблеманы одан әрі пысықтауға шынына келгенде ешқандай ықпал жасамағанына таң қалуға болмайды.