А. О. Тымболова драмалық шығармалардың лингвистикалық поэтикасы Алматы, 2013 А. О. Тымболова драмалық шығармаларды лингвистикалық поэтикасы



бет10/95
Дата06.10.2023
өлшемі1,66 Mb.
#113256
түріМонография
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   95
Байланысты:
Лингвистикалық поэтика. Монография

Ақтоқты. Ақан аға, тас лақтырар топтың барын
Кеш ойлаппын, амал не?
Ұятымнан өлер-ақ ем,
Қалған көңіл жұбана алса соныма.
Жалғыз болсам арманым не?
Қасыңдамын қашан да!.. (97 б.) (Ғ.М.)
Ақ өлең үлгісімен жазылған тебіреніске толы осы екі толғаныс әдебиеттен хабары жоқ, актер емес адамның өзін селт еткізбей қоймайтын сөздер. Себебі мұндағы ырғақ, екпін мағынаға, айтылар ойға тәуелді. Мысалдағы шынар ағаш, мөлдір бұлақ, жарық жұлдыз, сұлу тау сияқты бірыңғай мүшелер, қуынан айрылған көл, сәнінен айрылған ел тәрізді ішкі ұйқасқа құрылған тіркестер поэзияға тән әсер үстеп тұр.
Пьеса тіліндегі сөздер өзара топ құрап, әрқайсысы өзіндік ырғаққа, екпінге ие болып, тұтасып, жымдасып құрылған. Сөздер ретімен байланысып, табиғи жарасымын тауып мағына тұтастығына қызмет етіп тұр. Осындағы ой айқындығы, пікір нақтылығы, түсінікке жеңіл құрылуы көрермен көңілін баурай түседі.
Ақ өлеңнің қадірі артатын, ерекшелігі айқындалатын жері – сахна. Cебебі ақ өлеңнің көрінісі де, күші де ауызша айтылуында. Ақ өлең формасы сахнадағы актер шеберлігін көрсететін ең шұрайлы тіл қабаты болып саналады. Біз айтып отырған қос суреткердің пьесаларындағы сөздерді актер өз жанынан ешқашан толықтыра алмайды. Өйткені ақ өлең үлгісімен жазылған бұл шығармалар бұрмалауға, жадағай сөзбен айтып шығуға келмейді. Бұл туындылардағы өзіндік көркем тіл өрнегі, сұлу сурет, астары терең мән-мағыналы сөздер құнын жоймайды. Ақ өлең табиғатының өзіне сай ерекшелігі де осында. Мұнда буын мен сөз ұйқасы болмаса да, ой салмағы басым. Оның сахнадағы сипатының өміршең болатындығы да сондықтан.
Актер сахнада қашанда ең алдымен психологиялық желіні үзіп алмауға тырысады. Ал ақ өлеңмен жазылған шығарманың көзге көрінбейтін заңдылығы да, психологиялық желінің сөз әуенімен астасып, тұтас композиция құруында. Осы ойымызға әдебиетші Ж. Отарованың «Актер үшін ақ өлең – еркіндік! Құшырланып құйындатсаң да, екпіндетіп есіп өтсең де, тамсандырып таң қалдырсаң да, үздіктіріп ғашық болсаң да «ақ өлең» көтереді. Ақ өлеңмен салмақты, салиқалы мырза да сөйлейді, аптыққан алып жастық та сөйлейді, сыздаған сұм да сөйлейді, жымысқы қу да сөйлейді» [47, 181 б.],-дейтін пікірі дөп келіп тұр.
Ақ өлеңде өзгеше ырғақ, әуен болады. Ырғақ өлең үшін жасалады. Ендеше, М. Әуезов те, Ғ. Мүсірепов те драмалық шығармаларында ырғақтың небір жаңа тәсілдерін тудырған. Мәселен, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасының таза ақ өлең үлгісімен жазылғандығын дәлелдеу үшін, ондағы кейіпкер сөздерін өлең жолдарына түсіріп, бунақтарға бөліп көрейік:
Қозы. /Жасырмашы / жан анам! /
/Бүгін / жер бетінде жалғыз-ақ ауыз сөз жүр!.. /
/Ол / – Баян!../
/Жел /Баян деп ызыңдайды,/
/Көл / Баян деп теңселеді,/
/өзен / Баян деп ағады,/
/тау /Баян деп күңіренеді,/
/көк / Баян деп күрсінеді!.. /
/Анам / Баян деп мұңаяды, /
/Балаң / Баян деп толғанады!.. /
/Енді тек / жөн сілтеуің ғана қалды,/
/Сілтеші, / жан ана! / (21 б.)
Мұндағы өлең жолдарындағы әр бунақтың ырғақтық дербестігі айқын. Ақ өлең үлгісімен жасалған мәтінде дыбыстар, сөздер, сөйлемдер өзара ұйқасып келіп, біріне бірі ықпал етіп тұр. Яғни, әр бунақтағы сөздер мен сөз тіркестерінің поэтикалық, синтаксистік маңызы, өзіндік дербестігі нақты көрініс табады. Өлең жолдарын бунаққа бөліп талдау оның әуезділігін, ырғақ, үнділігін әсерлейтін ұтымды тәсіл екендігі белгілі. Ол дауыс толқынына да әсерін тигізеді. Яғни, бұдан өлең тармақтарындағы сөздердің поэтикалық реңк иеленіп, маңызының артуына бунақтың да тигізер ықпалы зор. Сөздердің прагматикалық потенциалы жоғары, айтылған кездегі дауыстың екпіні, жоғары интонация адресатқа белсенді ықпал жасап тұр.
Ғ. Мүсіреповтің пьсаларының тілін неге ақ өлең деп отырмыз. Себебі мұнда өлеңге тән белгі – ырғақ бар. Ал өлең сөздердің ритмикалық топтарын ажырату оңай. Жоғарыдағы сөйлемдер түгелдей ырғаққа құрылғандықтан, ондағы сөздер өз-өзінен топтасып, оған әр тармақтың ара жігі, ұйқас дегендер де ұйтқы болып тұр.
Жоғарыдағы ырғақ деп отырғанымыз, сөздің көңілге ұнап, реттілігін тауып орналасуы. «Ырғақ кейбір белгілері жағынан өзара бірдей немесе біршама жуық элементтердің қайталануы. Бұл әсіресе өлең жолдарынан жақсы аңғарылады. Өлеңге тән буын, бунақ, ырғақ сияқты негізгі элементтердің әр тармақ, шумақта қайталануында белгілі бір тәртіп, жүйе болады» [48, 116 б.].
Ал ырғақтық топ дегеніміз – бунақ. Демек, сөйлемнің бунақтарға, бунақтың сөздерге, сөздердің буындарға, буынның дыбыстарға ажырайтындығы белгілі. Өлеңнің әр шумағында тармақ болады. Тармақ – өлеңнің әрбір жолы. Әр тармақта бірнеше бунақ болады. Жоғарыдағы өлең жолдары екі бунақтан жасалып, бірыңғай орналасып тұр. Әр бунақтағы буындардың қайталануында да заңдылықтар бар. Мәселен, төртінші жолдан оныншы жолға дейінгі тармақтардың барлығы жеті-сегіз буыннан жасалған. Мұндағы әр бунақ өзіндік екпін ырғағымен ерекшеленіп, бір-ақ екпінге негізделген. Бұл бунақ екпіні деп аталады. Бунақтар деп өзіндік екпін, ырғақпен айтылатын сөздер тобын атаймыз. Демек, тек бір бунаққа енген сөздердің аралығында қатар келген дыбыстар ғана бір-біріне ықпал етіп, үндесіп, үйлесіп айтылады. Мәселен, екінші жолдағы жалғыз-ақ ауыз сөз жүр деген тіркес жалғызағауыз сөжжүр болып алмасуға ұшырайды.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасындағы бас кейіпкердің бірі – Қарабай аса жағымсыз бейнеде суреттеледі. Кейіпкердің барлық сөз саптауы оның жағымсыз бейнесін жасауға қызмет етеді. Сондықтан оның аузынан естілетін сөздер де тұрпайы:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   95




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет