А. О. Тымболова драмалық шығармалардың лингвистикалық поэтикасы Алматы, 2013 А. О. Тымболова драмалық шығармаларды лингвистикалық поэтикасы


Драмалық шығармалар тіліндегі бейвербалды қатынас құралдары



бет43/95
Дата06.10.2023
өлшемі1,66 Mb.
#113256
түріМонография
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   95
2.5 Драмалық шығармалар тіліндегі бейвербалды қатынас құралдары

Драмадағы ең басты нәрсе – тіл, екіншісі – қимыл. Сөйлеу кезіндегі жазумен беріле алмайтын бет, дене қимылдары, ым мен ишарат (мимика, жест), эмоция, дауыс ырғағы, екпін, пауза театрдың ажырамас көркем бірліктері.


Коммуникацияның вербальды емес құралдары – ең алдымен интонациямен, мимикамен, ишаралармен, сонымен қатар, бет-бейне арқылы берілетін ситуативтік шарттылығымен қамтылады.
Күнделікті сөйлесу қатынасына көптеген бейвербалды қатынас құралдары да енеді. Оларға қимыл, мимика, ритм және адамның тыныс алу жолдарын жатқызуға болады. Өйткені, мұндай құралдар мазмұндаудың абсолютті бірмәнділігін құруға көмектеседі. Қатынас міндетін нақтылайды, мазмұнға жеке «мінез дарытады».
Қимыл тілі – қазақ тіл білімінде аса аз зерттелген құбылыстардың бірі. Коммуникацияның квазибервалды элементтерін зерттеумен паралингвистика саласы айналысады. Коммуникацияның бұл бейвербалды элементтері арқылы адамдардың эмоциясы мен сезімі айқын көрініп, ойларын жеткізу оңайға түседі. Дене тілі (язык тела), ым мен ишарат (жест, мимика), кейде тұтас бір сөйлемнің немесе сөздің, фразаның орнына жұмсалады. Демек, тілдік құбылыстардың табиғатын жете түсінуде бейвербалды элементтерді зерттеу қажет екендігі анық.
Орыс тіл білімінде қимыл тілін А.В. Филиппова, Т.М. Николаева,
А.А. Акишина, Е.В. Красильникова, Л.Н. Канападзе, т.б. зерттеді. Қазақ тіл білімінде ым, ишараттарды М. Мұқанов, С. Татубаев, А. Сейсенова,
К. Қажығалиевалар әртүрлі қырынан фрагментарлы түрде зерттеді.
Ал Б. Момынова мен А. Бейсембаева қазақ тіліндегі ым мен ишараттардың алғаш қазақша-орысша түсіндірме сөздігін (2003) жасады. Бұл еңбекте авторлар адамдардың дене (тән) тілінің (язык тела), ым мен ишараттарының (мимика, жест) мағынасын ашуға, олардың кей жағдайларда белгілі фразеологизмдерге негіз болатындығын анықтауға, олардың ұлттық мәдени ерекшеліктерін тереңірек түсіндіруге, өзге бір тілге аударғанда қалай, қандай жолдармен, қандай тәсілдермен аударылатындығын нақты білуге болатындығын көрсетеді [85, 18-131 бб.].
Сондай-ақ, қимыл тіліне арналған М.П. Ешимовтың «Қазақ ым ишараттары» (2007) атты лингвомәдениеттану сөздігі бар. Сөздікте күнделікті қарым-қатынаста кездесетін ұлттық және әмбебап бейвербалды амалдардың екі жүзден аса түрі қамтылып, топтастырылған [86, 10-94 бб.].
Адамдардың дене қимылы (мимемалар) туралы ең алғаш 1918 жылы
Н.И. Ашмаринаның еңбегінде көрсетіледі. Ғалым мимемаларды дыбысқа қатысты еліктеуіштер, жарық және қимылға, тірі организмдерде өтіп жататын құбылыстарға қатысты, балалар тіліне еліктеу құбылысынан туған еліктеуіштер деп бөліп көрсетеді. [87, 59 б.]. Бұдан ғалым көрсеткен мимемалардың таза еліктеуіш сөздер екендігін байқаймыз.
Бейвербалды қатынас құралы сөйлеу үдерісінде қатарласа жүретін, тілдік құралдың қажетті құрамдас бөлігі болып табылады. Сөздің «мәнін» түсінудің міндетті шарты – адамның не айтқаны емес, оны қалай айтқаны болып табылады. «Қалай?» деген сұрақтың астарының өзінде де келісу және қарсы болу, бір нәрсеге қызығушылық таныту немесе оны жоққа шығару, махаббат және жеркеніш, екпін, көзқарас, күйініш, күлкі, үзіліс (пауза) т.б. сезім сигналдары тұнып жатуы мүмкін. Мысалы, терезе алдында тұрған шам – ескерту, тыйым салу немесе шақыру болып табылып, «қалай?» деген сұрақтың төңірегінде ой тудыруы мүмкін.
Н.И. Жинкин тілдік қатынастың мәнін ақпараттың екі ағынының бірлескен әсері ретінде анықтайды: дискретті ағын – сөз; үзіліссіз, бейнелеу ағыны – екпін, қимыл, қозғалыс.
Тыныс алу, яғни дем алу – дыбыстың қуат-күші, күре тамыры. Тынысты ұтымды пайдалану актер дауысын байыта түседі, оның денсаулығына игі әсерін тигізеді. Тыныс алудың екі түрі бар. Олар физиологиялық және фонациялық түрлері.
Физиология – организмнің қызметі және оны реттейтін заңдылық. Яғни, адам еріксіз, автоматты түрде демін алады. Фонация – сөйлеу мүшелерінің қызметі нәтижесінде тіл дыбыстарының айтылуы. Бұл адам саналы түрде дем алу үрдісін реттей отырып, өз еркінше тыныс алады деген сөз.
Дикция, дауыс, екпін, тыныс, орфоэпия, ауызекі сөздің логикалық-интонациялық заңдылықтары, осының бәрі – сөйлеу шеберлігінің маңызды да қажетті қырлары. Сахнада әртістің аузынан шыққан үнге қойылатын ең басты талап – дыбыстың таза, анық болуы. Яғни, дикция дегеніміз – бұл дыбыстың анық айтылуы. Бұл ретте орфоэпиялық және логикалық сауаттылық талап етіліп, ойдың нақты, анық болуы қадағаланады.
Сахналық шығармаларды тудырудағы семиотикалық жүйелердің өзара әрекеттестігіне келетін болсақ, негізінен тілдік жүйе сезімді, түрлі эмоцияларды, мазмұнды ішкі құралдар арқылы көрсетеді.
Cахна тілінің жалпы мәселелері дегенде, драматург өмір шындығын сахнада тек ерекше көркем тіл арқылы ғана көрсете алады. Өйткені, сахна тілі сублиминирлі, өмір шындығын қаншама нақты суреттейін десе де, эстетикалық көркемдікке бағынатын тіл. Ф.И. Шаляпин сахналық шығармалардың эстетикалық көрінісіне: «Сценическая красота можеть быть даже в изображении уродства – не пустая фраза. Это такая же простая и несомненная истина, как то, что могут быть живописны отрепья нищего. Тем более прекрасно должно быть на сцене изображение красоты, и тем благороднее должно быть благородство» [88, 512 б.],-деп дәл сипаттама береді.
Тілдік қарым-қатынастың мазмұны ондағы барлық тілдік элементтердің мағынасынан әлдеқайда кең. Яғни, қарым-қатынас барысында тек тілдік тұлғалардың мағынасын білу аздық етеді. Себебі сөздің мазмұндық аясында вербалды түрде берілетін мағынадан басқа бейвербалды мағыналық компонентттер де болады.
Сахналық ишараттардың күнделікті өмірдегі ишараттардан айырмашылығы, мұнда актер публикадан алыс тұрса да, ым, дене қимылдарын күшейтіп, көрермендер қапысыз көретіндей етіп, табиғи күйінде екі есе көрсетулері қажет. Мұндағы ым, ишараттар екі бағытта, актердің серіктесіне және көрермендерге бағытталады. Қарапайым өмірде адамдар сөйлеу кезінде дене қимылдарына мән бермей, еркін қозғалады. Ал актердің дене қимылы қарапайым өмірдегіден мүлдем бөлек, сахнадағы әрекеттерге, жағдайларға байланысты эстетикалық тұрғыдан көркемделіп отырады. Оның осы қасиеті маңызды ерекшелігін айқындайды.
Дене қимылдарының көркем, әсерлі болуы үшін актер техникасына мән беріледі. Актер техникасы саналы түрде жасалады. Техника ішкі және сыртқы, яғни рухани және физикалық тұрғыдан іске асады. Ішкі техника шығармашылық процестің тууына байланысты болса, сыртқы техника репликаларды интонация, бет пішіні, актер қимылы, дауыс көмегімен табиғи, әдемі жеткізуде жүзеге аcырылады.
Демек, актер техникасының эстетикалық қызметі сұлу пластикалық әрекеттер арқылы тілді жандандыра жеткізу болып табылады.
Ым, ишараттар сөзді емес, сезімді қолдау үшін пайдаланылады. Сондықтан, драмалық актер дауысының табиғи тембрін, вокалдық білімін, техникасын, актерлік талантын, интонациясын, сөйлеу қарқынын, мәнерлі сөйлей білу мәселесін үнемі жетілдіріп отыруы шарт.
Дене қимыл қозғалыстарының көпшілігі мағыналық (семантический), көрнекілік (иллюстративный), сезіну (эмоциональный) қызметін атқарады. Ишаралар арқылы адам сөзбен айта алмағанын, немесе сол сәтте айтқысы келмеген нәрсесін білдіреді. Ишаралар нақты бір мақсатта жұмсалып, адам көңіл-күйінің сезімін білдіріп, үнемі әрекет үстіде болады. Ишара тек қолмен ғана емес, иек қағу, бас шұлғу т.б әрекеттердің белсенділігімен көрінеді.
Актердің сахнада ең белсенді көрсететін мүшесі – қолы. Мәселен, күнделікті өмірде оң қол көп қызмет атқарса, сахнада семантикалық немесе эмоционалдық жүк арқалайтын сөздерді айтқанда, актер екі қолын да іске қосады. Актердің бұл техникалық арсеналы көрерменге анық көрініп отырады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, актер сахнада образды қарапайым қозғалыспен емес, пластикалық көркем қимылмен ашуы шарт. Сондықтан, сахнада жылдамдық рөл ойнамайды, актердің әрбір қимылы есепке құрылғанда ғана, көрермен болып жатқан әрекетті ұғып үлгереді. Мұндай жағдайда сахнадағы «жылдамдық» түсінікті және нақты, көру заңдылығына қайшы келмейтіндей болуы тиіс. Мәселен, сахнада бір қолмен, саусақпен, саусақтың ұшымен болатын қимылдар көрерменнің көңілін көп аударады. Ал оны жылдамырақ, өте көп пайдаланса, керісінше, байқалмай қалуы мүмкін.
Ф.И. Шаляпиннің «Ишара дененің қимыл-қозғалысы емес, жан дүниенің қимыл-қозғалысы» деуі сондықтан.
Сахнадағы ишаралар ішкі қажеттілікке орай пайда болғанда барып тиімді болып, көріністің мақсатына қызмет етеді. Актердің ішкі техникасы, барлық коммуникативтік каналдарды іске қосу арқылы, яғни, сахнадағы сөйленістен көрінеді.
Сахналық жағдайдағы иллюстративтік қимылдар репликаларға сәйкес алдынан немесе соңынан беріліп отыруы тиіс. Өйткені, ол көрермендер көңілін алаңдатуы мүмкін. Көрермендер актердің қимылын ғана бағып, репликаларға назар қоймауы мүмкін. Бұны сахнадағы әрекеттерді зерттеген теоретик
И.Э. Кох «адамдардың басым көпшілігінде естуден гөрі, көру қабілеті басым» [89, 19 б.],-деп көрсетеді.
Пьесаның мазмұны – оның мәтінінде. Сондықтан, актер сөз бен қимылды ұштастыра әрекет еткенде ғана, пьесаның мазмұнын тұтас жүйелі түрде жеткізе алады. Бұл жөнінде С.С. Татубаевтың «Со сцены театра (в драме, опере) жесты, как правило, полные, широкие, «нередуцированные» так как жесты должны быть увидены, они должны «говорить» вместе с текстом и интонацией» [90, 41 б.],-деуін өте орынды деп білеміз.
Сахналық коммуникативтік актідегі ең тұрақты, көп кездесетін ишараттардың бірі – сәлемдесу ишараттары. Сәлем ету, иіліп сәлемдесу, тәжім ету, қол алысып амандасу, оң қолын кеудесіне басып сәлем беру, құшақтасып амандасу, қол алысып, төс қағысып амандасу сахнадағы персонаждардың ең көп жасайтын қимылдары. Мәселен, «Еңлік – Кебек» пьесасынан мысалдар келтірейік:
Кебек келеді. Ол батыр пішінді емес, сұлу сәнді бозбала.
Сыпайы түрде иіліп тағзым етеді.
Абыз таңырқап, қызыға қарайды, күтпеген оқшау жан тұр. (12 б.)


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   95




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет