Дидактикалық мақсаты: Бір таңбалы санды қосу және азайту, ондықтан аттап қосуға байланысты мысалдар шығарып жаттығу.
Керекті құралдар:Әр топқа арналған кішкентай жолаушылар, сол ойынға қатысқан балаларға арналған номер, қосымша мысалдар жазылған карточкалар, плакат.
Мазмұны: Мұғалім топты бірнеше топқа бөледі де, оқулықта жаттығуға берілген мысалдарды карточкаларға немесе ойын тақтасына плакат жазып қояды. Бәйгеге түсетін бала алдын ала 1-ші турдан өтіп мысалдарын шығарып, жарысқа қатысуға жолдама алады. Жарысқа қатысуға жолдама алған топтың балалары алдымен бір-бірден тақтаға шығады: мұғалім жарыс тәртібімен таныстырады. Екі бала өздеріне тиесілі жолдың бойындағы есеп-мысалдарды шығара отырып, алға жылжиды. Кім бірінші болып мәреге жетсе, сол топ жеңеді. Мәреге жеткенше қатысқан баланы шаршады деп есептесе, басқа балалармен ауысуға болады. Қалған топтың балалары «жанкүйерлер» болып отырады. Ойынды күрделендіріп келесі сабақта қолдана беруге болады.