33. Шығармашылық сабақ. Қазақстан Республикасында туризмді әрі қарай дамыту үшін барлық қажетті, мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар бар. Осыған байланысты республика Үкіметі өзінің ұзақ мерзімді дамуы жөніндегі бағдарламасында туризмді экономиканың маңызды салаларының бірі ретінде жариялады. 1993 жылы Қазақстан Дүниежүзі туристік ұйымының мүшелігіне енді. Дәл осы жылы Туризмді дамыту бағдарламасы дайындалып, ал «1997-2003 жылдар кезеңінде Ұлы Жібек Жолының тарихи орталықтарының өркендеуі, түркі тілді мемлекеттердің мәдени « мұраларын сақтау және туристік инфрақұрылым құру» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. «Қазақстан 2030» стратегиялық даму бағдарламасында аталған саланың айрықша маңызы атап өтілген.
Тапсырма. Мәтін мазмұны бойынша «Қазақстандағы туризмнің дамуы» тақырыбында мақала жазу.
34. Шығармашылық сабақ. Бір үзім нан (Толымбек Әбдірайым) Бес қабатты тұрғын үйдің подьезінен шыққан кішкентай қыз оң қолындағы қаудырлақ жұқа дорбаны әрең көтеріп, қоқыс жәшігіне әкелді де аудара салды. Жапырақтай–жапырақтай кесілген, жартылай желінген аппақ нандар! Құйтақандай қыз артына да қарамастан қайыра үйіне жүгіре жөнелді.Бұны көзі шалып қалған Ғаббас кәрия: - Әй, балам–ау, обал емес пе?! – дегенше әлгіндегі қыз подьезд есігіне зып бере кіріп кетті. Нұржан мектептен қайтып келе жатқан. Көрші кәрияның ашуланып, басын шайқап отырғанын көріп кідірді-Ата, кімге ренжіп отырсыз? – деді сәлемдескен соң.-Е-ей, балам-ай! Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді... Сонау-у, сұрапыл Ұлы отан соғысы жылдары біз тоғыз-он жастағы қарасирақ бала едік. Ер-азамат жаппай майданға алынды да, елде кемпір-шал, әйелдер мен балалар қалды. Беліміз қайысып жұмысқа жегілдік. Күні бойы шөп шауып кешқұрым ұшып-жығылып қосқа әрең жетеміз де, сулы-сылпың қара көжені іше салысымен төсекке құлаймыз. Таңғы ұйқы қандай тәтті! Оң қолы шолақ бригадир Қисметтің айқайынан атып тұрамыз. Кішкене жата тұрайын десең бітті, Қисекеңнің алты өрім қамшысы жоныңнан таспа тілер! Бір рет қасымдағы Медет оянбай қалып, бригадирдің қамшысының астында қалғаны! О-ой, сондағы Медеттің шырқырап жылағаны ойымнан шығар емес! Әлі көз алдымда. Бала деп аяу, мүсіркеу болмайтын бригадирде. Сұм соғыс тезірек бітсе екен, ағаларымыз бен әкелеріміз елге тезірек оралса деп тілейміз дәйім. Сонда қарнымыз тойып тамақ та ішпейміз! Нанды мөлшерлеп береді! Жегіміз кеп, тәбетіміз тартып тұрғанымен сұрамаймыз.Қазір ше?! Нанды қадірлемейміз! Қатып қалса қоқыс жәшігіне әкеп тастаймыз! Ысырапқа жол беріп, аяқасты етеміз! Олай жасауға болмайды! Бір үзім нанның қадір–қасиетін білген жөн! Обал-сауап деген қайда?! Нұржан қарияның әңгімесін үн-түнсіз тыңдады.