Аннотация, аңдатпа (лат.annotatіo – ескерту, аңдату) – кітаптың, топтама жинақтың, қолжазбаның мазмұнын оқырманға қысқаша баяндау. Ол - кітаптың, мақаланың мазмұнын, саяси-идеялық бағытын, құндылығын түсіндіретін қысқаша сипаттама, алайда бұл жанр туралы да әртүрлі тұжырымдар бар. Мысалы, профессор Т.Кәкішев «Аннотация белгілі бір шығарманың негізгі мән-маңызын қысқаша түйіндейді» десе, екінші біреулер «Аннотация - шығарманың қысқаша мазмұны» деген сипаттаманы ұсынады. Аннотация, әдетте, кітапқа жазылатын еңбектің бірінші бетінде берілетін өте шағын жазба түрінде және баспасөзде басылатын шығарманың қысқаша мазмұнымен бірге қосымша пікір, үгіт-насихат жасауға құштар авторлардың мақаласында кездеседі
Мақала жазуға дайындық
Мақала (орыс. Статья, ағылш. article; entry, clause) -коғамдық әлеуметтік мәселелер туралы жазылған публицистикалық жанрдағы шығарма. Мақалаңыздың тақырыбын нақтылаңыз. Бір мақала тек бір тақырыпты ашуы тиістігін ұмытпаңыз. Бірнеше нәрсені қозғап, негізгі тақырыптан ауытқып кетуіңіз мүмкін. Ал бұл өз жолында мәтініңізді түсініксіз етеді. Бір мақала — бір мағына, бір тақырып.
Тақырып қойыңыз. Тақырыбыңыз оқырман аудиториясын бір қарағаннан-ақ қызықтыруы тиіс. Тақырып қою шеберлігі болса тіпті керемет. Себебі, тақырып — мақаланың құрылымынан да маңызды. Тақырыпты ашатын қысқаша үш-төрт сөйлем жазыңыз. Бұл тақырып таңдаудан кейінгі маңызды қадам — лид.
Мақалаңыздың негізгі фактілерін белгілеңіз. Факт, ой, мағына. Осының бәрін парақшаға сөздермен түсіріп, жоспар құрыңыз. Сөйлеммен емес, сөзбен. Енді жоспарыңызды оқып шығыңыз. Егер ол тақырыбыңызға сай болып, мағынасын ашып тұрса, мақала жазуға кірісіңіз.
Әр сөздеріңізге (факт, ой, мағына) бір абзацтан арнаңыз. Барлық абзацтың қалыңдығы(ұзақтығы) бірдей болған жөн. Себебі, оқырман мұндай құрылымды тез әрі жеңіл қабылдайды.
Мәтіннен бос сөздерді алып тастаңыз. Сөйлемдер бастауыш пен баяндауыштан басталғаны дұрыс. Түсінксіз сөйлемдерді ауыстырыңыз. Бір сөйлем 6-7 сөзден тұруы керек.