Ажал келмей тұрғанда шауып жетіп.
Құрметсіз зайыбыңмен өмір сүрсең,
Қотыр бұзау секілді қалдың өліп.
Тұрмысқа тірі күнде бол себепкер,
Отырма құр үйіңде бойға сеніп.
Талап қыл, азды-көпті жұмса ойды,
Əр істің ақырын ойла көңіл бөліп.
Ақын жақсы жігіттерге тəн адамгершілікті, жайдары-жайсаң мінезді, ақыл-парасаттылықты, халқына деген адал ниет, ақ пейіл, қажыр-қайратты дəріптейді. «Жігіт сипаты» атты туындысында өзі армандаған осындай өткір жастардың асқақ бейнесін термелейді:
Наркескен қайрылмайтын қылыш болса,
Мінезі, ақыл, өнері дұрыс болса.
Бір сырлы, сегіз қырлы болса жігіт,
Жорғадай тілі майда жүріс болса.
Ақылды, сабырлы ер деп соны айтамыз,
Еткені берекелі жұмыс болса.
Бұл айтқан ақылымда жалған бар ма?
Көріңдер миға салып бұрыс болса.
«Асыл мен жасық» өлеңінде Ақан пайдалы, пайдасыз ұғымдарды қатар алып əңгімелейді.
Аққудың астығы жоқ шайнағанмен,
Құр тілдің пайдасы жоқ сайрағанмен, — деген жолдарда өнімсіз іспен шұғылданатын берекесіздікті сынайды. Көркем бейнелі ауыстырулар арқылы, яғни асыл-алтын, жібек-асыл тас, сұңқар-тұлпар болса, жасықты неліктен шошқа, жез сиыр, сауысқан, күшігенге балайтындығы түсіндіріледі. Жалпы, өлеңнің өмірді таныстырарлық əсерінің мол екендігі айтылды.
Ақан сері «Айтамын замандасқа біраз кеңес» деген толғауында өз кезіндегі жастардың 13 түрлі қылық-мінездерін санап көрсетеді.
Бірінші орындағы жігіт — əрі сері, əрі дарын иесі. Ол келешекке мысал болғандай абзал жан. Екінші қатардағы жігіт — бойында өзіне лайық қайраты, жігері бар жан. Ол қаз ілер қаршыға сипатты қыран. Үшінші жігіт — аузымен орақ орған, кеудесіне нан пісердей, өр мінезді адам.
«Төртінші бір жігіт бар мінезі ауыр, асыл зат ажар берген өңі тəуір...». Бесінші жігіт сыртқа өзінің сырын алдырмай, аңқауларды «бітеу союға» бар. «Алтыншы бір жігіт бар қарқылдаған...». Ол — «ақ көңіл, ашық мінез аңқылдаған». Жетінші жігіт бос сөзді, «ұшпа бұлт секілді» баянсыз. Ол — өмірін опасыз өткізетін жас. Сегізінші жігіт — жалған айтпайтын, сөзге ділмар, əркімнің тілін тапқыш. Тоғызыншы жігіт — алуға даяр, беруге сараң, ақылын айлаға жұмсайтын жымысқы. Оныншы жігіт əйелінің қолтығына кіріп алып, не айтса соның бəрін мақұлдайды. Жетекшіл ат тəрізді. Он бірінші жігіт — өтірікші, өсекші. Он екінші жігіт — өз-өзіне адамсыған, кердең-кербез. Басқаның ақылын құлаққа ілмейді. Кісіге жақын жүрмейді. Он үшінші жігіт — ұр да жықтың өзі. Биязылық оған жат.
Осынша жігіттердің мінез-құлқын сараптай келіп, ақын келешектен үмітті жастарға ақыл-кеңес береді. Оларды ақыл мен арды таза ұстап, білім-ғылымға бой ұрып, өшпес еңбек етуге үндейді:
Айтайын замандасқа біраз кеңес,
Жігіттік талап еткен жаман да емес.
Өнермен талпынам деп орға түссе,
Өкініп өз ісіне қайғы жемес.
Атағы артта қалған кей сабаздың,
Өлсе де, оның сөзі өлмек емес.
Жұлдызы ер жігіттің оңынан шығып,
Бақ қонса ғажап емес ертелі-кеш.
Келгенде оралыңа ойнақтап қал,
Келмейді қайта айналып бұл жиырма бес.
Жастықта əр тараптың басын шалсаң,
Қармақты тəуекел деп суға салсаң,
Еңбегің еңбектеген кетпес зая,
Міндетке бір жетерсің ойыңа алсаң.
Ақан «Жақсы мен жаман» өлеңінде өмір құбылыстарын суреттейді. Ол қысылшаң шақта ел бастайтын жақсы ұлдарды армандайды. Жастарға достықты берік ұста, қиянатшыл болма, ғылым мен өнер үйрен деген өсиеттер айтады.
Сері жігіттердің де, əйелдер мен қыздардың да əр түрлі болатынын айтады. Осыдан барып адам баласы екі жікке бөлініп, «жақсы», «жаман» деген атқа ие болады дейді. Жақсыны жанымен жақсы көріп, оларға сүйсіндіреді («Жақсы қатын»). Ал, керісінше, «Жаман қатын» деген өлеңінде ең мінсіз əйелдің типтік бейнесін көз алдыңа тартып, одан жирендіреді.
Ақын суреттеген жақсы мен жаманның өлшемі — адамның еліне пайдалы болуында. Ол жақсы жолдасты жарқырата мадақтайды. Жақсы адамды үлгі тұтады («Жігіттерге» атты толғауы:
Сыр шашпас жақсы жолдас таза жүріп
, Қайғыңа ортақ болар мойнын бұрып.
Тастамас жау қолына қысылғанда,
Өзіңмен жанған отқа бірге кіріп.
Шырқырап шыбын жанын бірге салар,
Мойныңа бір дұшпаннан түссе құрық.
Айнымас, кетпес толқып, жаннан қорқып,
Бəйгеге басын тігіп қалар тұрып.
Құзырға қырық кісінің бірі жарар,
Біткен жоқ қой жақсы адам елден құрып.
Адамға мал мен мансап жолдас емес,
Байлықпен шайқап төгіп, ішсең үріп.
Қазына басқан байлық арылғанда
Алғандай қолдың кірін сумен жуып...
Жамандық жақсылыққа бірдей болып,
Жолдасың іші-тыстан болсын жуық.
Шын жүрек, таза тілек табылмайды,
Болмасын сырты күлкі, іші қулық.
Құданың бұйырмаған нəрсесіне
Кіріптар боп жүреді адам мұңлық.
Болмайтын өзі жалтақ, сөзі өсек,
Дос қайда айрылмастай тап мың жылдық...
Ақан сері қазақтың неше бір ақындары үлгісінде адамның жас ерекшеліктерін де өлеңге қосқан.
«Торыны таң асырып мінген қандай» деген өлеңінде:
Торыны таңға байлап мінген қандай,
Үкілеп əсемдетіп жүрген қандай.
Тұсынан қызды ауылдың əн шырқатып,
Сыбанып ақ білекті түрген қандай.
Күнінде уағда еткен қалқажанның
Жетуге ынтызар боп желген қандай.
Ауылы қыз қалқаның қайда екен деп,
Жүгіріп сайлау жермен келген қандай.
Атыңды бір тасаға байлап тастап,
Тұсына ақ боз үйдің төнген қандай.
Сөз салып қалқажанға жеңгесінен,
Құрбыңмен сыпайы ойнап, күлген қандай.
Ишарат əзілменен сөз қатысып,
Қыз сырын жеңгесінен білген қаңдай.
Алаңдай, алабұртып тұрғаныңда,
Алдыңнан қарсы шықса ақша маңдай.
«Құрбыжан, ебін тауып келдің бе», — деп,
Ақсиып күрек тісің, күлген қандай.
Қалқажан күле қарап, «жүр» дегенде,
Ақ үйге есік ашып енген қандай! —
деп жастық шақтың сиқырлы сырын жырға қосады əн падишасы Ақан.
«Жастық шақтар», «Кəрілік», «Заманға қарап» атты өлеңдерін шыға- рады. Адамның балалық дəуірінен бастап, жігіттік кезі, одан кейін қартайған шағы туралы толғанады. Өзіндік сөз айшықтары арқылы адамның өсу жолын бейнелейді.
Сонымен, Ақан сері жырларында сұлулар мен абзал азаматтар сипаты осылайша жан-жақты ашылады. Ақынның кейбір шығармаларында өз бойындағы басқа замандастарынан артық қасиеттері əр тұста жарқ етіп көрініп, асқан өнер иесі, ақ жарқын, адал жар ретінде, үлгілі бейне болып жырланады. «Арқаның ақиығы Ақан сері», «Үш жүзге атым мəлім Ақан сері», «Оралдың мен ақиығы қырандағы», «Мен бұлбұлмын сайрап тұрған Иран бағы», «Біз сұңқар, сізге тиген ұрымдағы», Біз қанжар алтындаған қыныңдағы», «Аспанда біз ақ бүркіт қағып кеткен», «Болғанда сіз — бақ иран, біз — сандуғаш», «Аспанда біз ақ сұңқар қырандағы», т. б. өлең-əндерінде Ақанның өз бейнесі ерекше көзге түседі.
Кейбір айтыс, тіл қақтығыстарында да өзіне арналған жолдар бар.
Достарыңызбен бөлісу: |