Ақан Сері, Ақжігіт Қорамсаұлы


Алты Алаштан «сері» деген ат алған Ақан сері Қорамсаұлы



бет4/19
Дата07.01.2022
өлшемі106,46 Kb.
#19444
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

Алты Алаштан «сері» деген ат алған Ақан сері Қорамсаұлы


Тег: Жеке тұлға

Журнал: Қарағанды университетiнiң хабаршысы

Жыл: 2013

Автордың аты-жөні, тегі: Р.С.Каренов

Арқаның ардагері атанған Ақан сері — өзі өмір сүрген дəуір шындығын əн-музыка, өлең-жыр туындылары арқылы бейнелей білген ұлы суреткер, дарынды композитор. Асыл өнерімен де, жеке бас əдет-мінездерімен де, сəн-салтанатымен де даралана көзге түскен қазақтың ең қадірлі серісі. Жақсылық пен əділеттік жолына белін бекем буған, ақыл-парасаты биік саналы гуманист. Ол ақынның айтқыры, əншінің саздысы, сазгердің наздысы, серінің сейдіні.

Ақанның туған жері — жасыл желек жамылған қалың нулы, көл-көсір өзен-сулы табиғаты бар, қалың қарағай мен ақ балтыр аққайың бой таластыра өскен Көкшенің кербез сұлуы атанған қасиетті жер. Болашақ ақын 1843 жылы Көкшетау уезінің Шалқар болысында үлкен Қоскөл жағасында дүниеге келді.

Оның əкесі Жақсылық Қарауылдан (Орта жүз Арғын тайпасына жататын ру) тарайтын Малтабардың бес ұлының бірі, Құдайқұлдың немересі. Жарқынның жалғызы — Қорамса. Ол бұлаң құйрық заманынан үлесін қағып қалу үшін жастай сауда-саттықпен айналасып, дүрілдеген мол дəулет жинайды. Сол дəулеті шалқыған шаңыраққа ие болар перзент күтсе, жары Жаңыл жылара бір қыз тауып, ат ұстарға зар қылады. Ақыры, ақ тілеуі қабыл болып, бес қыздан кейін дүниеге Ақжігіт атты ақмаңдайлы ұл келеді. Көп күттіріп көрінген ұлын еркелетіп ата-анасы Ақан атандырып жібереді. Ақаны ақжолтай болып артынан Мұхамбет, Рамазан, Əйберген деген тағы да үш ұл туады. Ізі-жолы құтты болған үлкен ұлын Қорамса беттен қақпай еркін, ерке етіп өсіреді. Балаларға қара танытып, хат білгізу үшін ауылда арнайы ұстаған Күнту молдадан Ақан да алғаш қадимша сабақ алады. Ұстазының айтқанын қағып алып, табанда қайталап беретін зерек бала молданың бірсарынды дəрісінен зеріге бастайды. Өзінше ойлап, көрген-білгенін өзінше бағалай бастаған ол бірде ұстазымен бір шариғатқа таласып қап, таяқ жейді де: «Шыбыққа сүйенген шариғатыңды ұрайын», — деп тайып тұрады.

...Бір саудагерге еріп Қызылжар кетіп қалады да, онда барып Уəли ахун медресесіне түсіп, екі- үш жыл білімін байытады».

Азды-көпті дəулеті бар Қорамса мұсылманша сауат алған Ақанды ауыл молдасы етпек болады. Бірақ бала кезінен домбыра тартып, əнге, өлеңге құмар болып өскен Ақан, басына сəлде орап, мешіт ұстаудың орнына қайда жиынтой, шілдехана, алтыбақаны бар жерге аңсары ауа береді. Бойшаң, келбетті, əдемі ашық үні бар жігітті қай жерге барса да құрметпен қарсы алатын болған.

Сонымен, Ақан 16–17 жасында өнер жолына түседі. Тарихтың алтын парағына анасы Жаңыл еркелетіп қойған Ақан есімін мəңгі өшпестей етіп қалдырады. Осыдан былай Ақанның жалпақ жұртқа жат көрінген серілік өмірі басталады.

Сұлу киім, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт Ақанда болады. Қалың Қарауылдың ойын- тойының көркі Ақан болады. Біріне бедеу мінгізіп, біріне бүлде кигізіп дегендей, 15–20 жігітті өзі тəрбиелеп, нөкер қылып алады. Жүргенде сол жігіттердің алдында қолбасыдай оқшау отырады. Біресе боз атқа мініп, ақ киген. Біресе қара атқа мініп, ақ киген. Біресе қара атқа мініп, қара киген. Біресе торыға мініп, күрең киген. Басында — бұлғақтаған үкі, қолында — домбыра, аузында — əн... Жігіттердің бəрі балуан, бəрі əншіл. Бірақ Ақанның əні өзгеше. Даланы күңірентіп Ақан əн шырқаса, би билігін, кемпір өрнегін, сұлу кестесін қойып, тыңдай қалады.

«Ақанның əні-ай!» — деп күрсінеді. Сүймесе сері дер ме еді, қалың Қарауыл Ақанға «Сері» деп лақап есім береді. Солай жүргенде Ақан бұрын атастырып қойған қалыңдығы Жұмат қожаның қызы Бəтиманы алады. Онымен он жылға жақын отасып тұрады. Бəтимадан бір ұл, екі қызы болады.

Бірақ ұлы тілсіз болады. Он жыл шамасында Бəтима өледі. Серіліктің соңында жүрген Акан Бəтиманың өлімін елемейді. Серілікті бұрынғыдан да үдетеді. Құлақ естір жерден алғыр қыран, құмай тазы, жүйрік жияды. Зілғараның баласы Əлібек батырдан бір жылда алпыс түлкі алған Қараторғай деген бүркітті, Сайрат төреден бір жылда тоғыз қасқыр алған Базаралы деген итті алады. Қалың Қарауылға аты шыққан Ақтоқты деген арумен көңіл қосады. Тап сол кезде Ақанның қолына алты Алашқа аты шыққан Құлагер түседі.

Сол кездегі дала өмірінің аса қызық түрі: жүйрік ат, қыран құс, алғыр тазы ұстау еді. «Сері» деген атаққа осы шарттар лайық-тұғын.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет