Ой деген — терең дария,
Қанша құйсаң толмайды.
* * *
Əлпештеп өсіреді ата-анасы,
Кей қыздың ұлдан артық дəрежесі.
Сүюге ұл мен қыздың бəрі бірдей,
Туған соң бөтен емес өз баласы.
* * *
Сұлу қыз жаңа піскен алма-дағы
Гауһартас жасырылған тауда бағы.
Қадірін өз басының білген қыздар
Қарамас көзін салып жанға-дағы.
Ақынның философиясы — өлеңінің пафосы (шабыты). Поэзиясына жан беретін де оның пафостылығы демекпіз.
Түйін
Қазақтың классикалық əн үрдісінде Ақан сері оқшау, озық əрі дара тұр. Ол ұлы ұстаздары ұстанған халықтық табиғи дəстүрді ілгері дамытып, əннің құбылысын, ажарын, түрін, мазмұнын, жалпы бітім- болмысын байытып, сымбатын сұлуландырған, тек өзіне тəн үн-бояуларымен қайталанбас тылсым көркемдік дүниесін жасаған аса құдіретті дарын, кемеңгер талант иесі.
Аяулы Ақан сері. Ақынның аңыз өмірі. Ол тірі кезінде аңызға айналған тұлға. Ал Ақанды аңызға айналдырған оның қиыншылыққа толы өмірінің өнердегі таңбасы. Ақан серінің өмірінде кездескен ауыртпалықтары аз болған жоқ. Бəтима, Ұрқия сынды жарларынан өлідей айрылса, Ақтоқтыдай сүйгенінен тірідей айрылу, өмірінің қызығы, мəні болған Құлагерінен, құмай тазысы Базаралысынан, ұшқыр қырандары Көкжендеті мен Қара торғайы — бəрінен бірінен соң бірінен айрылып, ең ақырында ата қонысынан айрылуы — бір адамның басына, «бір айналдырғанды шыр айналдырады» дегендей қиын тағдыр болды. Бірақ Ақан осындай қиын тағдырын өнерімен жеңе білді.
Ақан сері өмірінің қайғылы, шиеленісті тағдыры Құлагерге байланысты. «Құлагер» əні — Ақан шығармашылығының шыңы.
Ақанның алты алашқа атағының жайылуы, біріншіден, өнері болса, екіншіден, осы Құлагердің ат шабыстарында бəйгенің алдын бермеуі еді.
«Баспа-бас қызға бермес жануарым» деуінің өзі Ақан үшін Құлагерінің қаншалықты қымбат екендігін білдіреді.
Сайып келгенде, Ақан сері Қорамсаұлының ақындық-əншілік мұрасы — біліктілік пен білімнен, сыршылдық пен сыншылдықтан, əдептілік пен əдемілікке құмартудан, көрегендік пен көсемдіктен, қуатты шабыт пен құдіретті қиялдан өріліп туған, өрнектеліп тоқылған саф таза поэзия.
Автордың аты-жөні, тегі: Р.С.Каренов
Достарыңызбен бөлісу: |