Шолақ қасқыр түсіпті қақпаныңа...» — деп мысқыл қылады ақын.
Ақанның Ақтоқтының атынан шығарған қайғы-мұңға толы «Ақтоқты», «Ақтоқтының аужары», «Ақтоқтының зары» атты əндері де оның Ақтоқтыға деген шексіз махаббатын білдіреді.
Қорқамын шымылдықтың құруынан,
Бір жаман қолын салып тұруынан.
Дүниеде қыздан сорлы жан бар ма екен,
Айрылып кете барар руынан?!
Ахау, ахау, арман,
Айхай, жалған дүние-ай!!! —
деп келетін «Ақтоқтының аужары» атты əні сол замандағы қазақ қыздарының басындағы ауыр тағдырын бейнелейді.
Ақырында Ақтоқты берілген күйеуіне барады. Ақанның жүрегінде махаббат та, ашу да күшейеді:
Ақтоқты, кеткенің бе шыныңменен,
Тар жерде бал берушең тіліңменен.
Кез болдық дарияның қайраңына,
Зарланып əн шырқаймын үнімменен.
Алдында есігіңнің балдырған жоқ,
Көңілді сұлу қыздар қалдырған жоқ.
Түсімде ұйықтасам да жанымдасың,
Ояна тұра келсем, дəнеме жоқ, —
деп («Ақтоқты» əні [6; 108,109]) ашулы зар шығарады Ақан сері.
Ақан өмірінде қанша əйел кездескенімен де дəл Ақтоқты оқиғасындай шиеленісті, шытырман болмаған секілді. Бұл Ақанның Ақтоқтыға деген махаббатының биіктігін, беріктігін танытады.
Өзінің туындыларында Ақтоқтыны «Қыпша бел, бəйгі кердің жарауындай» дей келіп, «Барлық қыздың туындай асыл еркем», «Тартылған телеграмма сымындай қылып» деп оны ерекше мүсіндейді. Ақтоқтыны жан-жақты суреттей келіп, ол:
Оралдың ақ иығы аңға тартқан,
Шолпанның жұлдызындай таңға тартқан.
Жамбы мен алтын балдақ жарқыраған,
Секілді Үргеніште ханға тартқан, —
деп нəзік сұлудан биік тұлға шығарады. Аңға түсер ақиық сұңқарға, таңғы шолпанға ұқсатады. Ал сұлу жүзін əмірі күшті ханға ғана сый-таралғы болар жарқыраған жамбыға, асыл алтын балдаққа балайды.
Не деген төгілген өрнек, құйылған əсем сөз? Ақынның сұлуға деген жүрегі қандай бай?! Ақан сері қолданған поэтикалық тілдердің байлығы, жаңалығы, жарқындығы таңдануға да, арнайы сөз етуге де тұрарлық.
Құс салып, ит жүгіртіп, атын бəйгеге қосып, көңілін көтеріп жүргенде Ақан Жүсіп төренің үйінде оның Жамал атты сұлу қызына көзі түседі. Екеуі біраз сырласып, көңіл қоспақ болады. Ақын «Жамал қыз» атты əнін шығарады:
Қыздарды мен қайтейін қылаң-сылаң,
Қалайша ғашық отқа сабыр қылам.
Бірге өскен кішкенеден қимас сəулем,
Басы «жем», ортасы «мем», аяғы «лəм».
Жамалжан, етің аппақ мақтадайсың,
Əр уақыт мені есіңе сақтағайсың.
Тұсынан ауылыңның əн саламын,
Сол кезде шырт ұйқыда жатпағайсың.
Өкінішке орай, ескі қазақ салты бойынша бұрыннан айттырылып, қалың малы төленіп қойған қыз əке-шешесінің ықтиярын аттай алмайды. Тойы болып, ұзатылғалы жатқан қыздың ауылы сыртынан Ақан түн ортасында атақты «Сырымбет» əнін шырқайды:
Ауылым қонған Сырымбет саласына,
Болдым ғашық ақ сұңқар баласына.
Бидайыққа лайық қарағым-ай,
Бөктергіге қор болып барасың ба?
Ауылым қонған Сырымбет жел жағына,
Артық туған бала едің ел бағына.
Бидайыққа лайық дейтін сəулем,
Бөктергінің іліндің тырнағына.
Алтын қайық жарасар күймесімен
, Наздана алмас сұлу қыз сүймесімен.
Қоскөл жаққа таныса киіп барған,
Бешпетіңді беріп кет түймесімен, —
деп, Жамалдың күйеуінің жаман,: жасық екенін, амалы жоқ малға сатылып кете барғанын, өзінің бұдан басқа жасайтын қайраны жоқ болғансын, өлеңнің, музыканың тілімен ішіндегі шерін сыртына шығарады. «Сырымбет» əнін білмейтін кісі аз. «Қарындас-ау, енді есен бол», — деп аяқталатын бұл əн талай əншілердің орындауында тыңдаушылардың жүрегін қозғап, сезімін оятқан.
Ақанның көпке белгілі шұрайлы шығармасының бірі — «Мақпал əні»:
Үйірі қысырақтың мақпал қара,
Шашыңды күндіз жу да, түнде тара.
Алыстан ат аямай келгенімде,
Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара!
Үш жүзге атым мəлім Ақан сері,
Келгенім Мақпал қыздың туған жері.
Алыстан ат сабылтып келдім іздеп,
Бір көріп қайтайын деп, Мақпал, сені.
Біз қайтып елге таман бастық қадам,
Сымбатың хатқа сыймас айтсам тəмам.
Ей, қалқам, мұнша неге зарланасың,
Елге алып қайтпас па едім келсе шамам.
Біраз күн Дəнетінге салдым салық,
Артымда зарланамын Мақпал қалып.
Қосылған ғашық болып қайран құрбым,
Қасіретің өзегімді кетті жарып! —
деген сөздеріне қарағанда, мұнда да баяғы əңгіме: бірін-бірі жақсы көрген қыз бен жігіттің заман заңы бойынша қосыла алмауы.
«Мақпал» — терең сырлы, ішінде мұң да, үрей де, арман да, өкініш те бар əн. Ақынның бұл туындысының қандай жағдайда шығуы жайлы анық дерек жоқ. Осы əн туралы І.Жақанов былай толғанады: «Ақан сері социалистік идеология қаһарына ə дегеннен ұшырады ғой. Сол себептен
«Шəмшіқамары», «Маңмаңгері», «Кербез сұлуы», «Мақпалы», «Көкшетауы» Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтарға телінді. Ежелден Ақан серінікі деп шырқалған бір ғана «Мақпалдың» өзін дəлелдеп жатудың өзі қандай қиямет...» .
Өмірінің соңғы жылдарында Ақан сері ел аралауды сиретіп, бойын бағуды ойлайды. Жайлауға көшпей, Ыбан екеуі қыстауда қалады. Дұшпандары оны əр саққа жүгіртіп, өсек таратады. Бірақ ақын өмірден де, өнерден де қол үзбейді. Осы тұстағы əн-өлеңдерінің елеулісі — «Балқадиша»:
Қызы едің Ыбыкеңнің Балқадиша,
Бұралған белің нəзік тал, Қадиша.
Жиылған осы тойға қалың қыздың,
Ішінде қара басың — хан, Қадиша.
Дегенде, Балқадиша, Балқадиша,
Боларсың біздің сөзге зар, Қадиша.
Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың.
Боласың қандай жанға жар, Қадиша.
Қызы едің Ыбырайдың Балқадиша
Өзенді өрлей біткен тал, Қадиша,
Бір түгіл екі жеңгең келіп отыр,
Рұқсат бізден сізге бар, Қадиша.
Ақынның бұл шығармасы — өз теңіне атастырылған əдепті, сыпайы қыздың өнерлі ағаны қадір тұтқан сүйкімді қылығына разы ағалық қарыздар көңілден туған əн.
«Балқадиша» əнінің тарихын зерттеу барысында Балқадишаның ұрпақтарынан сыр тартқан жазушы І.Жақанов Балқадишаның қызы Нағиманың айтқан сөзін былайша жазады: «Анамыз бен əкеміз жарастықты ғұмыр кешті. «Балқадиша» əнін ел жыр ғып жатқанда екеуі қызыға тыңдайтын-ды. Мен еркелеу боп өстім бе, анамнан əр кез Ақан серіні сұрай беретінмін. Сонда анам: «Е, балам-ай, Ақан серідей адамның сыртынан кім сүймейді» деп қана күлетін. Сол күлкісінде қанша лəззат бар еді.
«Балқадиша» əнін ыңылдап айтқанда адамды өзгеше бір қиял дүниесіне алып кететін..., — деді» .
Құлагер қайғысынан біраз уақыт өткеннен кейін, шығармашылық шабытқа қайтадан оралған Ақан сері махаббат мəселесін музыкада тағы көтереді. Жасы елуден асқан шағында, ақын бірде үш сұлу қызды көріп, оларды былай мадақтайды :
Біз бұлбұл қызыл гүлге тартқан сада,
Наркес көз, қалам қасты лағыл бала.
Иранның Құсни-зия тотысындай,
Гауһардан шыққан нəсіл тудың зада.
Топ көрсе қырындайтын біз бір тұлпар,
Бұлбұл құс қызыл гүлге болып іңкəр.
Қадиша, Ғалия мен Нұркүлəндам,
Сіздерді неге ұмытсын көрген сұңқар.
Ақанның бұл əні халық аузында «Үш тоты құс» атанып кетеді.
Қорыта келе айтарымыз, Ақан сері — махаббаттың мəңгілігін, оған қарсы еш нəрсенің бөгет бола алмайтынын бар даусымен жар сала ұрандап өткен өлмес, өшпес Серінің өзі.
Достарыңызбен бөлісу: |