Абай атындағы ҚазҰпу-нің Хабаршысы, «Көркемөнерден білім беру» сериясы, №1(46) 2016 ж



Pdf көрінісі
бет24/27
Дата03.03.2017
өлшемі4,9 Mb.
#7058
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27

Түйіндеме 
Сауханова Р.К. - Т. Жургенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 2 курс магистранты, №54 И. Панфилов 
атындағы Қазақстан-Ресей мектеп-гимназиясының фортепиано оқытушысы және концертмейстер, ra_ua_na@mail.ru 
«Қазақстандағы фортепианоға арналған эстрадалық өңдеулер» 
Бұл  мақалада  музыкалық  шығармаларды  өңдеу  түсінігі,  оның  тарихи  дамуы,  шығармаларды  ыңғайлау,  транс-
крипция, аранжировка сияқты нысандары мен түрлері қарастырылған. Н.Тілендиевтің «Құстар әні» атты шығарма-
сына  жасалған  О.Переверзевтің  фортепианоға  арналған  өңдеуіне  аса  мән  берілген.  Өңдеулер  тарихи  мұраларды 
қазіргі  заманға  сай  үн  беру  арқылы  оларды  сақтауға  үлес  қосады.  Сол  арқылы  жастарға  отан  сүйгіштік  қасиетін 
тәрбиелейді.  
Түйін сөздер: Өңдеу, транскрипция, аранжировка, ыңғайлау, патриотизм 
 
Summary 
Saukhanova Rauan - student of 2 courses master degree of the Kazakh National Academy of Arts T.Zhurgenov, а teacher on 
the piano and accompanist in #54 Panfilov”s KRSHG, ra_ua_na@mail.ru 
Pop processing for piano in Kazakhstan 
This article is considered  with a  research objective of  history  of development of a genre of piano processing in  variety 
musical art of Kazakhstan. The review was on such concepts as was carried out a transcription, arrangement, transposition. 
The main objectives are to track a way of development of piano processing in world art culture, to open features of modern 
variety and jazz processing on the example of O. Pereverzev's creativity, to carry out the analysis of processing of the Kazakh 
song "Kustar ani".  
Key words: Processing, transcription, arrangement, transposition, patriotism 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Вестник КазНПУ им. Абая, серия «Художественное образование», №1(46), 2016 г. 
145 
ӘОЖ 792.071 
 
РОЗА ӘШІРБЕКОВАНЫҢ АКТЕРЛІК ЕРЕКШЕЛІГІ  
 
Т.К. Есеналиев – Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының 
6М040600  Драма режиссері мамандығының II курс магистранты, Ғ.Мүсірепов атындағы 
академиялық балалар мен жастар театр директорының бірінші орынбасары, 
Ғылыми жетекшісі: Е.Н. Обаев – ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор 
 
Актер  әлемі  қызықты әрі  күрделі, қас  қағым сәттік өнер. Ол  жастық  қызуын,  табиғи шабыт күшін,  тереңнен 
тартылар қиял қуатын, табы бәсеңсімес лапылдаған кісі сезімін талап етер өзгеше мамандық. Өйткені есімдері елге 
танымал тұлғалардың ішкі иірімдерге мол, нәзік те тербелмелі жан дүниелерін дәл ұғып, олардың сезім перделерін 
айнытпай басуда аса дарындылық таныта білу қиынның қиыны. Сондықтан да бұл мақалаға Ғ.Мүсірепов атындағы 
академиялық балалар мен жастар театрының актрисасы, Қазақстанның Халық артисі Роза Әшірбекованың шығарма-
шылығы арқау болды. Орындаушының рөлмен жұмыс жасаудағы актерлік шеберлігі спектакльдерде ойнаған бейне-
лері арқылы ашылған. Оның кейіпкер психологиясына терең бойлап, табиғи, иланымды шығаруы өзіне тән ерекше-
лік  болып  табылатыны  Қаракөз,  Хадиша,  Аркадина  т.б.  рөлдерін  талдау  арқылы  дәлелденді.  Мақалада 
Р.Әшірбекованың актерлік даралығы айқындалған.  
Кілт  сөздер:  театр,  шығармашылық,  спектакль,  сценография,  режиссер,  актерлік  шеберлік,  костюмер,  гример, 
сахна, композиция, бейне, кейіпкер, театртанушы 
 
Қазақстан  Республикасының  Халық  артисі  Роза  Әшірбекова  Ғ.Мүсірепов  атындағы  академиялық 
балалар мен жастар театрында жарты ғасырдан астам уақыт бойы қызмет етіп келе жатыр.  
Өнер  жолын  таңдаған  Р.Әшірбекова  1958-1960  жылдары  Ә.Мәмбетов  ашқан  студияда  білім  алды. 
Онда Әнуар Молдабеков, Жақып Омаров, Баян Имашаева, Салиха Қожақова, Есболған Жайсаңбаев, Ораз 
Дүйсенов,  Закиша  Ысқақова,  Аманжол  Сәлімбаев,  Айымторы  Тайғаринова,  Шәміл  Жүнісов  сынды 
дарынды  жастармен  қатар  оқыды.  Кейін  бұл  студияны  бітірген  курстастарының  көбісі  облыстық 
театрларға,  бір-екеуі  М.Әуезов  атындағы  академиялық  драма  театрына  жіберілді.  Өнерде  де  өмірде  де 
дұрыс  бағыт  сілтеген  ұстаздары  Ә.Мәмбетов  пен  Н.Жантөрин  соңғы  курста  тәлім  алып  жүрген 
Р.Әшірбекованы қаладағы балалар мен жастар театрына жұмысқа кіргізеді. 
Тура сол кезде балалар мен жастар театрдың шаңырақ көтергеніне көп мерзім болмаса да, республика-
мыздағы  атақты  театрлардың  қатарына  қосылып  үлгірген  еді.  Бұған  театрдың  шаңырағын  көтерген 
А.Мәмбетова, Қ.Жәкібаев, Ж.Бектасова, К.Өмірзақов, М.Құланбаев, Ә.Өмірзақова, С.Шәріповтей актер-
лердің қатарына кейінірек келіп қосылған Б.Қалтаев, С.Саттарова, К.Қожабеков сынды өнер тарландары 
театрдың  өркендеуіне  бар  күштерін  салды.  Осындай  кілең  дарындардың  арасына  келіп  түскен 
Р.Әшірбекова  көп  еңбектенді.  Алдыңғы  буын  тарландардың  қамқорлығына  ие  бола  жүріп  олардан 
үйренуден жалықпады. Өзімен иық тірестіре жастар театрына келген Күләй Хамзина, Матан Мұраталиев, 
Мәрияш Жақсымбетова, Шапай Зұлқашев, Сейітхан Есенқұлов, Алтынбек Кенжековтай талантты актер-
лермен бірге шыңдалды. Балалар мен жастар театрының сол жылдардағы актерлік труппасы туралы театр 
сыншысы Ә.Сығай былайша еске алған: «Көбінше Мен Док Ук қойылымдарында жарыса шабыт толғай-
тын үркердей талантты топ: Алтынбек, Шапай, Мәрияш, Роза бірліктері кез-келген сахналық туындының 
бағытын белгілеп, көрермендер санасына өзгеше эстетика, өзгеше психологиялық әсер етуімен бедерле-
ніп  жатты.  Бұлар  қойылым  тағдырына,  аталмыш  театрдың  даму,  ілгерілеу,  биіктеу  деңгейіне  нақтылы 
ықпал  жасады»  [1,  288  б.].  Сыншының  бұл  пікірінен  театрдың  өркендеуіне  жас  актерлердің  көп  үлес 
қосқанын байқауға болады.  
Р.Әшірбекова өзінің алғашқы тұсау кесер рөлі Ж.Жұмақанов  пен Б.Тәжібаевтың  «Қаракөз қарында-
сым» пьесасындағы Аннамен көрермендердің есінде сақталып қалды. Жас актрисаның бұл ролі туралы 
театр сыншысы Қ.Қуандықов: «Сахна – жарастық орны. Жалт еткен талант ұшқыны оның төрінде көзге 
шалынбай  қалмайды.  Анна  -  Р.Әшірбекованы  көрген  сәтінде-ақ  қаракөз  қарындасым  осы  ғой  дейсің. 
Жастықтың қайталанбас сұлу көркі бар. Бұл қолдан жасалмайтын әсемдік табиғат сыйы. Роза бойындағы 
осы қасиет тілдеспей жатып өзіңді баурап әкетеді, бала мінез сүйкімділік бар көркінде. Толқынды қара 
шашы, сезімталдық пен ақылдылықты аңғартатын шырайлы кескіні, жаудыраған қарақат көзі, сымбатты 
бітімі оны өзгелерден ерекшелендіріп тұр. Актриса ойынын айтпағанның өзінде Анна тұлғасы осындай 
мол бояулармен толықси түскен. Жас актриса көңіл күйін қас пен қабақтан аңғартады, жүрек сыздатқан 
оның  сағыныш  шері  бір  сәт  жүйе-жүйеңді  босатпай  қоймайды»,  -  деп  [2,  130  б.]  актрисаның  кейіпкер 
психологиясын дөп басып, асқан сезімталдықпен ойнағанын тура сипаттаған. Сұм соғыстың тырнағына 
ілігіп  өзге  елде  қалып  қойған  қазақ  қызының  тағдыры  актриса  ойынында  толғанысқа  жетеледі.  Туған 

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Көркемөнерден білім беру» сериясы, №1(46) 2016 ж. 
146 
елінде өспесе де ананың сүтімен, әкенің қанымен берілген қасиеттердің қыз бойында жинақталғанын әр 
қимылынан  танытты.  Әсіресе,  қазақ  қыздарына  тән  инабаттылық  ерекше  көрінді.  Туған  тілінде  сөйлей 
алмаса да, әлдебір құдіретті күштің ықпалымен ана тілін жақсы көруін әсерлі жеткізе алды. Жас бойжет-
кеннің  жүрек  тебірентер  сезім  иірімдерін  толғаныспен  бейнеледі.  Сөйтіп,  осы  алғашқы  рөлімен-ақ 
болашағынан мол үміт күттіретін талапты жас екенін көпшілікке паш ете алды. 
Р.Әшірбекова бұдан кейін М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде» Шафақты, М.Әуезовтың «Жас Абайын-
да»  Тоғжанды,  С.Мұқановтың  «Ботакөзінде»  Ботакөзді,  «Мөлдір  махаббатында»  Бәтесті,  Б.Майлиннің 
«Шұғасында» Шұғаны, Т.Ахтановтың «Махаббат мұңындағы» Ләззатты, «Әке мен баласында» Аспирант 
қызды, Т.Әбдіковтың «Біз үшеу едік» пьесасында Дариғадай әртүрлі жанрдағы, түрлі ұлттың қыз-келін-
шектерін  ойнады.  Актриса  өзі  бейнелеген  кейіпкерлердің  жан  дүниесін  терең  бойлап,  қайталанбайтын 
бейнелер  сомдады.  Сондай  рөлдерінің  бірі  Мен  Дон  Ук  режиссурасымен  қойылған  Ш.Айтматовтың 
«Арманым Әселімдегі» - Хадиша болды. Оның Хадишасы сырттай салқын қанды көрінгенімен де, ішкі 
әлемі  нәзік,  сүйген  адамына  құлай  берілетін  ерекше  махаббат  иесі  болып  суреттелді.  Ілиястың  өзін 
сүймейтінін  түсінген  әйел  жүрегі  қайғыдан  езілсе  де,  оған  бақыт  тілеп  шығарып  салады.  Актриса 
сүйгенімен мәңгілікке қоштасқан әйел қасіретін ішкі сезіммен білдірді. Иегі кемсеңдеп, көзі жасқа толған 
Хадишаның алай-түлей болған көңіл күйін бере білді. 
1967 жылы Мәскеуде Одақ бойынша балалар мен жасөспірімдер театрларының фестивалінде көрсетіл-
ген  Ш.Айтматовтың  «Арманым,  Әселім!»  спектаклін  театр  сыншылары  жоғары  бағалағаны  театр 
тарихынан  жақсы  мәлім.  Соның  ішінде,  Р.Әшірбекова  сомдаған  Хадиша  роліне  айрықша  тоқталды. 
Қазақтың жасөспірімдер мен балалар театрының іргесін қалаған режиссер Н.И. Сац «Өнер адамы үнемі 
ізденісте болуы шарт. Осылай жұмыс істесең ертең үлкен актриса боласың» – деп актрисаның арқасынан 
қағып айтқан сөзі Р.Әшірбекованың есінде қалды. 
Аталмыш  театрдың  сахнасында  табыспен  жүрген  келесі  спектакльдің  бірі  1968  жылы  Е.Обаевтың 
режиссурасымен  қойылған  –  «Ай  тұтылған  түн».  Спектакльдегі  жас  келін  Шафақты  Р.Әшірбекова 
ойнады. Актриса трагедия табиғатын терең түсініп, кейіпкер басындағы қайғылы оқиғаны көрсетуге бар 
шеберлігін жұмсады. Әдет-ғұрыптың құрбанына айналған жас әйелдің өз-өзімен психологиялық күресу 
үстінде  жасаған  сахналық  әрекеттері  иланымды  болды.  Орындаушының  ішкі  толғанысы  мен  сыртқы 
сабырлылығы өзара үйлесіп Шафақты адал әрі мейірімді етіп көрсетті. Таңқабикенің әділетсіздігін қолда-
маса да енесі болғандықтан алдын кесіп өтпей, имене сөйлеуі оның ибалығын көрсетіп тұрды. Е.Обаев 
актрисаның ерекшелігі туралы: «Біріншіден, бұл кісіде актрисаға тән барлық табиғи қасиет бойында бар. 
Ең алдымен жақсы артист болу үшін жақсы адам болуы керек. Бұл кісі бықсықтан, күйкі тіршіліктен ада 
адам. Роза-драмалық актриса. Оның драмалығы басым», - деген [3,72 б.]. болатын. Кейіннен С.Мұқанов-
тың  «Ботагөзін»,  Б.Майлиннің  «Шұғасын»  сахналаған  Е.Обаев  бұл  шығармалардағы  басты  кейіпкерді 
Р.Әшірбековаға сеніп тапсырды.  
Б.Майлиннің проза саласындағы тұңғыш еңбегі әйел бостандығы тақырыбына арналған – «Шұғаның 
белгісі» атты повесі қазақ әдебиетіндегі тарихымен қоса қазақ театры сахнасының кезеңдік шығармала-
рының бірі болып саналады. Шұғаның ақылына көркі сай, көзі ашық, көкірегі ояу өзгелерге ұқсамайтын 
ақылды  бойжеткен.  Білімді,  оқыған  жігіт  Әбдрахманмен  сөздері  жарасып  бір-біріне  ғашық  болады. 
Олардың арасындағы махаббатқа Айнабай мен оның құрған айласына сеніп қалған әкесі Еспембет қарсы 
шығады. Мұның соңы Шұғаның қазасына алып келеді. 
Шұға ролін Р.Әшірбекова нанымды ойнап шықты. Автордың негізгі ойын актер арқылы ашып көрсету 
міндетін жақсы білетін режиссер Р.Әшірбекованың табиғи болмысына біткен мінез бен талантын бағалап 
актриса бойынан оның кескін - келбетінен Шұғаны көрді. Орындаушы жас қыздың махаббатқа беріктігін, 
сүйген  адамына  деген  адалдығын  әрбір  қимыл  -  әрекеттерімен  көрсете  алды.  Әрине,  рольді  шығару 
оңайға түскен жоқ. Сонау, қиын заманда қазақ ауылында бұйығы өскен нәзік Шұғаның шынайы бейнесін 
жасау  үшін  көп  ізденді.  Махаббат  жолында  құрбан  болған  талай  қазақ  қыздарының  өмірін  зерттеді. 
Жазықсыздан түрмеге қамалған ғашығын ойлап, сол күйікке шыдамаған жас Шұғаның дертке шалдығуы 
Р.Әшірбекованы  ерекше  тебіреніске  жетеледі.  Шұға  –  күрделі  бейне.  Оның  басындағы  оқиға  сан 
мыңдаған қазақ қыздарының басындағы жағдай. Қыздардың тағдырын өздеріне билетпей салт-дәстүрмен 
матаған заманда Шұға байлық пен малға сатылмай адал махаббаттың жолында зорлыққа қарсы шығады 
және соның жолында өмірін қияды. Жан дүниесі күйзеліп құсалықтан дертке шалдыққан қызды актриса 
әлсіз етіп көрсетпей керсінше үлгі тұтардай күрескер, батыл етіп бейнеледі. 
1970  жылы  С.Мұқановтың  «Ботагөзі»  Е.Обаетың  режиссурасымен  сахнаға  шықты.  Спектакльде 
Ресейдің қазақ жерін отарлау саясатының негізгі салдары мен себептері бүкпесіз көрсетілді. Режиссерлік 
ерекше  толғам  мен  шешімдердің  арқасында  қойылым  сәтті  сахналанды.  Е.Обаевтың  халқымыздың 

Вестник КазНПУ им. Абая, серия «Художественное образование», №1(46), 2016 г. 
147 
тарихын жетік білетіні «Ботагөз» қойылымынан аңғарылып тұрды. Қазақ даласындағы қарапайым еңбек-
шілердің патша үкіметі мен оның ел ішіндегі билеп-төстеушілеріне қарсы шығуы сахнада көрем бейне-
ленді.  Романдағы  терең  тартыстар  мен  қызу  қақтығыстар  жүйелі  іріктеліп  кейіпкерлердің  мінездері 
айқындала  түсті.  Қазақ  халқының  патшаға  қарсы  көтерілісін  режиссер  еліміздің  бостандыққа  ұмтылуы 
ретінде кеңінен ашып көрсете алды.  
Театр репертуарында табыспен жүрген бұл спектакльде Ботагөз ролінде ойнаған Р.Әшірбекова жарқы-
рап  көрінді.  Оның  орындауында  Ботагөз  мұқалмас  қайрат  пен  албырт  махаббат  иесі  ретінде  келісті 
сомдалды.  Қыздың  білімділігі,  қиял  көкжиегінің  кеңдігі  Пушкин,  Байрон,  Абай  тағы  басқалардың  ірі 
әдеби  шығармаларын  жатқа  білетіндігінен  байқалады.  Актриса  кейіпкерінің  салмақты  мінезін  сахнада 
жалтармай тік сөйлеп, ойын именбей нақты жеткізе алатын парасатты етіп суреттеді. Саясатқа белсене 
араласқан қазақ қызының бейнесін неғұрлым күрескер көрсетуі жаңа заман адамын көз алдыңа әкеледі. 
Шынында  да  өмірін  өзгертуге  ұмтылған  жастардың  ойы  мен  зердесі  бөлек,  сауаттылығы  Асқар  мен 
Ботагөздің  бейнесінен  анық  көрінді.  Актриса  жалынды  жас  қыздың  отанын  шексіз  сүйетін,  болашаққа 
сенімі  мол  қызбалау,  әділдікті  қалайтын  мінезімен  сенімді  көрсетті.  Сахнадағы  Ботагөздің  аузынан 
шыққан әрбір сөзі мен істеген әрекеттері өзара қабысып еркіндік пен сенімділік байқалды. Өзінің соңына 
түскен  Итбай,  Сарбас,  Кулаковтардың  көрсеткен  қиыншылықтарына  төтеп  беріп,  соңында  жеңіске  қол 
жеткізді. Сүйгеніне қосылуды арман еткен Ботагөз арқылы барлық мақсаттарына өз жігерімен, табанды-
лығының арқасында жетуге болатынын көрсетіп берді. Өз кейіпкерін жаңаша ойнауға, ерекше ойлануға 
мән  берген  актриса  Ботагөз  өмір  сүрген  дәуірдің  шындығын  бұзбай  көрсетуге  тырысты.  Содан  болар 
Р.Әшірбекова үшін өзі сомдаған бейнелердің арасында Ботагөздің орны бөлек болды.  
Репетиция  барысында  актер  бойындағы  таланттың  көрінбей  жүрген  қырын  ашу  Мен  Дон  Укқа  тән 
режиссерлік  көреген  қасиет.  Белгілі  бір  актермен  бірнеше  спектакльде  жұмыс  істесе  де  әрқайсысының 
даралығын дөп басып, іште жасырынып жатқан тылсым күштерін оята алуымен ерекшеленетін. Ол кез-
келген актердің шығармашылық мүмкіндігінің шексіз екендігін өз спектакльдерінде көрсетіп отырды. 
Бәтес роліне тағайындалған Р.Әшірбекованы күрделі талаптарымен ізденіске толы еңбекке баулыды. 
Шынын айтқанда, актриса бұғанға дейін театрда өткен жеті жылында тағдыры сан-алуан болып келетін 
арулардың  бейнесін  жасады.  Ал,  актриса  үшін  Бәтес  ол  қыздардан  күрделілеу  кейіпкер  болып  көрінді. 
Алмағайып заманда бақытсыз махаббатқа душар болған қазақ қызының тағдыры, жалпы сол уақыттағы 
еліміздің басына төнген трагедияны көрсету оңайға соқпады.  
Спектакльдің  алғашқы  сахналарының  бірінде  Бәтес  пен  Бүркіт  екеуінің  алысып-жұлысып  ойнайтын 
жерінде актриса ер баладан айнымайтын мінездер  көрсетеді. Бала кезінен  өзі де ерлерше тәрбиеленген 
Р.Әшірбекова  осы  сахнада  Бәтестен  өзін  көреді.  Орындаушы  талантына  тамсандыратын  тағы  бір  сәт 
Бүркіт пен Бәтестің махаббат сахнасы болды. Бүркіт роліндегі Ш.Зұлхашев нағыз лирикалық актер. Оның 
ерекше қасиеті сахнада кейіпкерін қай күйде болмасын актерлік шебер ойнымен бірінші планға шығарып 
отыратын. Сахнада бірін-бірі айтқызбай ұға алатын, іштей рухани шығармашылық байланысы бар актер-
лер  ғана  спектакль  барысында  бір-бірін  шабыттындырып,  таланттарын  қайрай  түседі.  Роза  мен  Шапай 
дәл  осындай  актерлер.  Қойылымдағы  актерлік  дуэт  кейіпкер  күйін  шертуде  нотадан  еш  жаңылысқан 
емес. Түгелдей қайғы жұтқан көңілсіз оқиғалар арасында Бүркіт пен Бәтес жолығатын әр сахна қойылым-
ға өзінше жарық беріп тұрды. Мөлдір махаббатының баянсыз болуына жастар кімді кінәламақ? Аласапы-
ран  қоғамның  адам  өмірін  ойыншыққа,  мазаққа  айналдырған  заманға  тап  қылған  тағдырдың  жазуына 
көнеді де қояды. Далада  мекен еткен қарапайым халықтың қисық болса да  заңға көніп, мақұлдағаннан 
басқа амалы да болмаған еді. Сүйгеніне қосыла алмаған сұлудың айналасындағыларға деген жиіркенішін 
Р.Әшірбекова сұсты да, суық қабағымен байқатты. Бала күнінен оқуға жаны құмар Р.Әшірбекованың ойы 
кесек, пайымы түйінді болды. Сол себептен де өнердің екі саласындағы шығармашылық адамдары оңай 
түсінісіп,  әр  дайындық  сайын  жұмыстары  бір  қадам  алға  жылжып  отырды.  Ойлап  қарасақ  бүгінгі  жас 
буын  актерларының  режиссер  сызған  шеңберден  аспай  қалуы  білімдерінің  таяздығында  сыңайлы. 
Олардың айтарлықтай кейіпкер жасай алмаудағы трагедиясы көп оқып ізденбейтіндігінде. Қазан төңкері-
сінің  алдындағы  қазақ  ауылының  өмірін,  жастардың  басындағы  қорлықты,  тас-талқаны  шыққан 
махаббатты суреттейтін шығарма театр репертуарына сапалы да мағыналы спектакль болып енді.  
Көркемдік  сипаты  әрқилы,  тың  ізденіске  толы  заманауи  спектакльдерді  сахналаған  режиссер 
Р.Сейтметов 1984 жылы Т.Әбдіковтың «Біз үшеу едік» пьесасын қойды. Бас-аяғы үш кейіпкерден құрал-
ған бұл шығармада өмірге, азаматтық парызға деген қарама-қайшы пікірлердің тартысы, екі түрлі көзқа-
растын қақтығысы бар. Өмірдегі жаманы мен жақсысы қатар жүретін өзекті мәселені көтеретін психоло-
гиялық  драма.  Пьеса  сырт  пішіні  қарапайым  болғанымен  кейіпкерлердің  ішкі  дүниесіне  үңілуді  қажет 
ететін күрделі туынды. Қойылым бойы үш кейіпкердің монологтары, тартысты диалогтары негізгі ойда 

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Көркемөнерден білім беру» сериясы, №1(46) 2016 ж. 
148 
ашу  үстінде  актерлерден  терең  психологиялық  толғаныстарға  баруды  талап  етті.  Спектакльде  негізгі 
идеяны  көтеріп,  тартысты  дамыта  оқиғаны  шиеленістіретін  Мұрат  бейнесі.  Ал,  Дариғаның  сахналық 
бейнесін  актриса  Г.Қазақбаева  мен  Р.Әшірбекова  жасады.  Дариға  Р.Әшірбекованың  ойнында  нанымды 
шықты. Дариғаны сахналауда екі актриса да ерекше, бірін-бірі қайталамайтын етіп көрсетуге талпынды.  
Р.Әшірбекованың  сахнадағы  психологиялық  толғаныстары  мен  кейіпкер  жанын  терең  түсінуі  көңіл 
тербетерліктей болды. Күйеуінен ажырасқан әйелдің көрген қиыншылықтары оның өмірге көзқарасын өз-
гертуге себеп болғандығын анық көрсетті. Дариға талай актрисаларды қызықтырған бейне. Р.Әшірбекова-
ның Дариғасы ішкі жан дүниесі теңіздей буырқанған, ақ пен қараны ажырата білетін, өмірге құштарлығы 
мол,  үлкен  темпераментті  жан  болып  кескінделді.  Актрисаға  талай  адамгершілік  көмегін  тигізген 
режиссер Р.Сейтметов бірнеше спектакльде Р.Әшірбековаға жарасымды серіктес, кәсіби деңгейін жоғары 
бағалайтын білікті режиссер бола білген. Таза драмалық актриса атанған Розаға Дариға ауыр жүк артса да 
келісімін  тапты.  Бұл  сахнагердің  ізденісі,  әсіресе  кейіпкер  көңіл  -  күйін  бере  алудағы  нақты  сахналық 
шешімдерге бара алатындығының жемісті нәтижесі. Дариғаның әр ой – түйінін сөздерінің астарын ақтара 
жеткізіп,  қойылым  бойы  кейіпкер  көкейіндегі  ішкі  монологтарын  сыртқы  хәлімен  ұштастыра  алып 
ойнауына көпшілік сүйсіне қарады. Автор мен режиссер мақсатын жетік түсінген актрисаға шығармасы 
бірнеше  театрларда  сахналанса  да  драматург  Р.Әшірбекованың  Дариғасын  жоғары  бағалаған.  Адамзат-
тың рухани әлемін, жан ауыртпашылығын суреттеген шығарма Ғ.Мүсірепов театрының талантты актер-
лері  Р.Сейтметов,  Р.Әшірбекова,  Т.Пірімжановтың  ойнауында  сапалы  да  көркем  дүние  боп  саналды. 
Қарапайым адам өмірі жайындаға спектакль көрерменді толғандырды.  
Р.Әшірбекованың  актерлік  шеберлігіне  қатысты  театр  сыншысы  Б.Нұрпейіс:  «Р.Әшірбекова  көп 
қырлы, терең сырлы драма актрисасы. Ол қашан да ізденуден жалықпай өнерін ұштап, шеберлігін шың-
дауды  әдетке  айналдырған.  Теориялық  білімін  тәжірибемен  ұштастырып,  сахнадан  алуан  қырлы  адам-
дардың толыққанды бейнесін жасаудың хас шебері. Оның өнеріндегі басты ерекшелік – кейіпкердің пси-
хологиялық тебіреністегі жан күйін айнытпай бере білетіндігінде. Актриса өзінің қиял көкжиегінің терең-
дігімен  драмалық,  комедиялық,  трагедиялық  кейіпкерлердің  кескін  келбетін  бір-біріне  ұқсастырмай  да-
ралай ойнайды. Олардың әрқайсысының ішкі сезім дүниесіне сыртқы әрекетті орайымен жымдастырып, 
сөздің ырғағы мен екпінін құбылта өзгертуі актриса шеберлігінің айғағы болып табылады. Р.Әшірбекова 
үнінің  тазалығы,  дикциясының  анықтығы,  әр  сөздің  астарына  мұқият  үңіліп  мағынасын  тура  жеткізе 
білетін шеберлігі бөлек әңгімеге арқау болатындай дүние», - деп [4, 10 б.]. өте нақты анықтама берген. 
Шынында  да,  Р.Әшірбекованың  шығармашылық  өмірбаянының  ауқымы  аса  кең.  Майталман  сахна 
шебері  әлем  әдебиетінің  классиктері  Ж.Б.  Мольердің  «Скапеннің  айласындағы»  Глицинта,  Б.Брехттің 
«Әйдік  апайындағы»  Иветта,  А.Брунштейннің  «Том  ағайдың  лашығындағы»  Бала,  У.Шекспирдің 
«Гамлетіндегі» Гертруда ханшайым сол тәрізді, А.Н. Островскийдің «Адам аласы ішіндегі» Мамаева мен 
А.П. Чеховтың «Шағаласындағы» Аркадина актриса бейнелеуінде қайталанбас ерекшеліктерімен сомдал-
ды. Әсіресе, Гертруда, Мамаева, Аркадина сияқты ірі сахналық тұлғалар жасауда көп тер төкті. Олардың 
ішкі жан дүниесі мен толғаныстарын, тіпті жүріс-тұрыстары мен дауыс мәнерін табуда қайталауға ұрын-
ған  жоқ.  Р.Әшірбекова  Аркадинаның  театр  өнеріне  берілген  шығармашылық  адам  екендігін  көрсетуге 
баса мән берді. Оның Аркадинасы аса сезімтал, сахнаға берілген жан болып кескінделді. Жасы келіп қал-
са да, бұрынғыдай өнер көрсетуді армандайды. Жаңалықты қабылдағысы келсе де, ішкі тәкаппарлығы со-
ған жібермейді. Р.Әшірбекованың рөл табиғатына терең бойлағаны сондай Аркадинаның әдемі жұрыс-тұ-
рысы, сөйлеген сөздері, айналасына қараған көзқарасы барлығы да өте жарасымды болды. Сахна мәдени-
етін жетік білетін Р.Әшірбекованың Аркадинасы нағыз өнер адамына тән әрекеттерімен тәнті етті. Үнемі 
ел алдында жас болып көрінуге тырысатын Аркадинаның баласымен тілдесетін сәттері де шынайы шық-
ты. Өз бетінше пьеса жазып, жаңалыққа талпынған ұлының қадамын құптағысы келмейді.  Іштей оның 
бастамасын қолдайтынын кей сәттерде көрсетіп қалғанымен де, шындықты мойындағысы келмейді. Мұ-
ның соңы үлкен қасіретке алып келген кезде ғана, өз қателігін түсінеді. Бір сөзбен айтқанда Р.Әшірбекова 
талант бойын буған шығармашылық тұлғаның қайғылы өмірін бейнелей алды. Тура сол дәуірдегі бүкіл 
ресейлік өнер адамдарының жол таппай қиналысқа түсіп жүрген сәттерін айна-қатесіз суреттеді.  
Роза Әшірбекованың театр сахнасындағы жұмысы ақ көңілді, мейрім-шапағаты мол аналарды ойнау-
мен  жалғасын  тапты.  Атап  айтқанда:  Б.Мұқайдың  «Өмірзаясында»  Эмма  (реж.  Р.Сейтметов), 
Т.Нұрмағанбетовтың  «Біз  түріктерімізінде»  Мехрибан  (реж.  Р.Сейтметов),  М.Ақынжановтың  «Алтын 
сақасында»  Мыстан  кемпір  (реж.  Т.Өмірзақов),  А.Кирийдің  «Зона  немесе  ши  бөрілерінде»  Ана  (реж. 
О.Сәрсенбек,  ауд.  Д.Әшімханов),  Ш.Айтматовтың  «Миғұла  терісі  үстіндегі  сотында»  Айдай  (реж. 
Н.Жақыпбай), О.Дастановтың «Әзірет Сұлтанында» Ана (реж. Ә.Мәмбетов 1988), Қ.Мұхаметжановтың 
«Бөлтірік  бөрік  астында»  комедиясында  Жұпар  (реж.  А.Әшімов),  О.Бөкейдің  «Атау  кере»  повесі 

Вестник КазНПУ им. Абая, серия «Художественное образование», №1(46), 2016 г. 
149 
(сахналық  жүйесін  жасаған  Мұхамедия  Ахмет-Төре,  режиссері  Н.Жақыпбай)  бойынша  қойылған 
спектакльдегі Нүрке ана т.б. рөлдерді ойнады. 
Бүгінде  өзінің  өрелі  өнерімен  халқының  қошеметіне  бөленіп  келе  жатқан  Роза  Әшірбекова  сүйікті 
театрының  жаңа  белестерді  игеруіне  көмегін  аямай  келеді.  Актерлік  шеберлігімен  тәнті  ететін  актриса 
жас буын орындаушыларға мол тәжірибесін үйретуден жалыққан емес.  
 
1 Сығай Ә. Толғам. Роза – гүл Раушан. Парасат журналы. – Алматы, 2004ж.  
2 Қуандықов Қ. Театрда туған ойлар. Алматы, «Жазушы», 1972 ж. 
3 Көкшенің кербез сұлуы. Е.Обаев. Саф өнердің иесі. – Алматы. ҚазАқпарат, – 2008 ж.  
4 «Мөлдір махаббат». Қазақ әдебиеті. – 2 сәуір, 1966 ж. 
5 Нұрпейіс Б.К. Алғысөз. Р.Әшірбекова. – Алматы. Өнер,- 2013 ж.  

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет