109. С.Сейфуллиннің «Тар жол-тайғақ кешу»туындысының жанрлық сипаты. “Тар жол, тайғақ кешу” романының авторы Сәкен Сейфуллин 1894 жылы 15 қазанда қазіргі Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Нілде, Ақмолада бастауыш білім алып, 1908-1913 жылдары Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқиды. Тұңғыш өлеңдер жинағы “Өткен күндер” деген атпен 1914 жылы Қазан қаласында жарық көреді
Дәуір ұранына сәйкес қазақ топырағында тарихи-революциялық тақырыпқа барған тұңғыш роман – “Тар жол, тайғақ кешу”. Ол 1922 жылдары жазыла бастап, 1927 жылы жеке кітап болып шықты. 1936 жылы өңделіп, толықтырылып, екінші рет басылды. Шығармада 1916-1919 жылдардың оқиғалары қамтылады. Әрине, таптық ұстанымға сүйенген автордың Алашорда арыстары жайындағы қайсы бір пікірлері бүгінгі көзқарасқа көп ретте қайшы келетіні де рас. «Тар жол, тайғақ кешу» - ең алдымен тарихи, әдеби факт және көркем мәтін.
Роман-Анненков, Колчак армиясын жақтаушылар мен Ақмола Совдепі мүшелерінің күресі туралы. Роман автобиографиялық тұрғыдан жазылған.
110. Қ.Аманжоловтың лирикасы. Биыл қазақтың хас ақыны Қасым Аманжоловтың туғанына 111 жыл толып отыр. Ол 1911 жылы 10 қазанда қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыларай қыстауында дүниеге келген. Әке-шешеден жастай жетім қалып, біраз жыл ағасының қолында өседі. Ес білген соң туған ауылында жаңадан ашылған ауыл мектебінде оқып, сауатын ашады. 1924 жылы Семей қаласындағы интернатта білімін жалғастырады. Қасым онда 1927 жылға дейін тәрбиеленіп, одан әрі үш жыл Семей мал дәрігерлік техникумында оқиды. Алғашқы өлеңдерін де осы кезде жаза бастаған. 1930 жылы Алматыға келіп, біраз уақыт «Лениншіл жас» газетінде істейді. 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түсіп оқиды. Бірақ, денсаулығына байланысты және түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралып, Орал қаласында «Екпінді құрылыс» газетіне қызметке орналасады. Осында жүріп, 1933 жылы Отан алдындағы борышын өтеп, әскерге барып қайтады.
Қасымның арынды ақын ретінде қалыптасуына Орал қаласының тигізген әсері ұшан-теңіз. Осы өңірде жүріп ол ең алғашқы алаулаған махаббат туралы, жалынды жастық жайындағы жырларын дүниеге әкелді. 1935 жылы Оралдың театр труппасын ұйымдастырып, оның жұмысын іскерлігінің, шығармашылық әлеуетінің арқасында дөңгелетіп әкетті. Бұл труппа тез өсіп, аз уақыт ішінде театр болып құрылды. Осы кездері ақынның әншілік, артистік қырлары кеңінен танылған болатын.
Ал 1936-1941 жылдары Қасым Аманжолов Алатау баурайындағы ару қала Алматыға барып, сол кездегі бас басылымдар болып саналған «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде, Жазушылар Одағында қызмет атқарады. Осында жүріп, яғни 1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағын «Өмір сыры» деген атпен жарыққа шығарады.
Ол өз шығармашылығымен ғана шектеліп қалмай, Махамбет, Абай поэзиясының көркемдік табиғатына терең бойлай отырып, дүниежүзілік поэзияның үздік, асыл үлгілерінен үлкен алымдылық, шалымдылықпен үйренді. 1939-1940 жылдар ақынның өсу жолындағы елеулі кезең болды. «Нар тәуекел», «Бурабай толқындары», «Дауыл», «Көкшетау», «Орамал», «Сұлтанмахмұт туралы баллада», «Өз елім», «Ғашық едім қайтейін» сияқты тамаша туындылары осы жылдары дүниеге келді. Сондай-ақ, Қасым лирикалық өлеңдермен қатар сүйекті туындылар жазуды да қолға алады, «Құпия қыз», «Бикеш» секілді алғашқы поэмаларын жазады.
Қасым Аманжолов тек лирик емес, сонымен қатар ірі эпик ақын. «Дүние қандай жап-жарық», «Сақыпжамал», «Күйім тасып барады, күйім тасып», «Жаным сәулем, еркешім, қызыл гүлім» атты өлеңдері Қасымның нәзік лирикасын танытса, «Ақын өлімі туралы аңыз», «Боран», «Біздің дастан», «Жамбыл тойында» атты поэмалары оның эпиктігінің дәлелі.