Абдыхалыкова жазира есенкелдиевна



бет37/89
Дата27.11.2023
өлшемі0,54 Mb.
#129504
түріДиссертация
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   89
IV. Бірінші курс студенттеріне арналған бағыт-бағдар беруші курстар кешені.АҚШ–тың 70% университеттері мен колледжері, академиялық эдвайзер, пэр-тьютор, пэр-ментор бағдарламаларымен қоса, студенттің жеке оқу траекториясын саналы қалыптастыру механизмі ретінде, бағыт-бағдар беруші курстар кешенінде қолданады. «Бірінші курс студенттеріне арналған бағыт–бағдар беруші (First Year Orientation Course) курстары, Америка университеттерінде институционалдық дәрежеде студенттің тұрақтылығы мен академиялық жетістігіне жауапты болып, бакалавриаттың оқу жоспарындағы міндетті пәндер (obligatory disciplines) ретінде қарастырылады. Оның әр университетте алуан түрлі атаулары бар: «Университет 101» (University 101), «Сақтап қалу курстары» (Retention Courses), «Бірінші курс семинары» (First- Year Seminars), «Бірінші курс тәжірибесі» (First Year Experience).
Алғаш рет, американың жоғары білім беру жүйесінде осындай курстардың тиімділігін ғылыми дәлелдеп, нақты жобасын енгізген оқытушы Джон Гарднер (John Gardner,1986) болатын. E.Pascarella және P. Terenzini [62, 139 б.] зерттеулерінде, Джон Гарднер 1972 жылы «Университет 101» атты бірінші курс студенттеріне жүргізілетін бейімдеуші курстың бағдарламасын педагог қауымына ұсынды, қазіргі таңда олар, Американың 95% төрт жылдық университеттері мен колледждері оқу жоспарларында орын алған деп жазады.
АҚШ-тың педагогика ғылымы cаласында, бірінші курс студенттеріне арналған бағыт-бағдар беруші курстар кешенінің тиімділігі туралы әртүрлі ғылыми-теориялық ой-пікірлер орын алған. Мысалы, R. B. Nelson және т.б. [143] зерттеулерінде «Бағыт-бағдар беруші» курстарын жүргізу, жаңадан келген студенттерді университет қабырғасында бейімдеу, сақтап қалу, академиялық жетістіктерін нығайту үшін қолданатын әдістің бірі болып анықталса, ал G. D. Kuh [144] университеттер бағыт-бағдар беруші курстар кешенін, студенттердің бейімделуіне әсер ететін, негізгі механизм ретінде қолданады деп қорытындылады.
Студенттік кезеңнің акдемиялық, әлеуметтік мәселелерін зерттеуші, американдық белгілі ғалым V.Tinto [145], өз мақаласында бағыт-бағдар беруші курстардың, студенттің мектептен, университетке өтпелі кезеңіндегі қолдау көрсетудің көшбасшысы деп жазды.
АҚШ –тың педагог- ғалымдары Stephen R. Porter және Randy L. Swing 45 университеттен іріктеп алған, 20 мың бірінші курс студенттерімен жүргізілген сауалнаманың қорытындысында, оның әртүрлі мәселелерге қатысты нәтижелілігін анықтады. Респонденттердің жауаптарының нәтижесі оқу дағдысының элементтеріне қатысты: аудиториялық дискуссияларға қатысу, өздік жұмыстарды уақытында орындау, басқа студенттермен бірігіп дайындалу, тиімді оқу кестесін жасау, сабақ соңында дербес кері байланыс жасау, маңызды академиялық тапсырмаларды анықтау; оқу үрейлілігінен, кедергілерінен арылу мәселелерін жетілдіруге; кампус саясатына қатысты академиялық әділдік (academic honesty), плагиат ережелері, баға қою жүйесі, академиялық сынаушы мерзім, курстарға тіркелу, жеке байланыстарды орнату маңыздылығы, қаржылық көмек процедуралары, дәрігерлік қызметтер, оқытушылардың студентке үміт арту мәселелері, академиялық эдвайзердің рөлі, негізгі мамандануды таңдай процесі, жеке оқу мақсатын қоюдың маңыздылығы, академиялық көмек алу (ментор, тьютор және т.б.), туралы түсініктерін арттыруға, кампус өміріне, қоғамдық іс шараларға қатысты волонтер болу, кампустың мәдени іс -шараларына қатысу іс - әрекеттерінің жақсарғаны, басқа студенттермен байланыс жасауға қатысты аудиториядағы студенттерді танып-білуге, жаңа адамдармен танысу, жақын достық қарым - қатынас жасау, тұлғааралық коммуникация жасау мүмкіндіктерінің дамығаны, салауатты өмір салтын ұстануға қатысты университетте дұрыс тамақтану, спорт секцияларына қатысу, алкоголь, шылым шегу, есірткі зияны туралы жаңаша ойлардың қалыптасқанын анықтады [146].
A.К. Corella, АҚШ-тың Аризона университетінің базасында эмпирикалық нәтижелер жинаған , «Колледж студенттерінің жетістігін анықтау: Бірінші курс студенттерін бейімдеу курстары мен пэр-менторлықтың рөлі» атты докторлық диссертациясында, респонденттермен жүргізілген сандық және сапалық әдістердің нәтижесінде, бағыт-бағдар беруші курстардың білім алушылардың келесі мәселелеріне жағымды әсер еткенін анықтаған: «университетке бейімдеу», «GPA балын арттыру», «дос табуға әсер ету», «қажетті кампус ресурстары бойынша білімін арттыру», «университеттік өмір туралы пікірталасқа түсу мүмкіндігі» , «тьютор табуға әсер ету» [147] .
Бағыт-бағдар беруші курстарының, силлабустары оқу дағдысы, сыни тұрғыдан ойлау, уақытты басқару модульдерін қамтып, студенттің оқу іс -әрекеттін элементтері, оқу стилі, мақсат қоя білу мен оған жету жолдары, қиыншылықтан шыға білу, жұмысқа қабілеттілігін, өзін-өзі реттеу, басқару дағдыларын дамытуға бағытталған. Мысалы, Калифорния университетінде бағыт - бағдар беру курсы «Бірінші курс студентінің жетістікке жету кешені» (First Year Success Series) деп аталып, академиялық жетістік, мамандық бойынша кеңес алу, көшбасшылық, жекетұлғалық және қаржылық жауапкершілік және т.б. тақырыптар бойынша жүзден астам семинарларға бөлінген [148].
Кентукки университетінде (University of Kentucky) 1 курс студенттеріне арналған екі бағыттағы оқу пәні ұйымдастырылған, біріншісі «UK-101», университет студенттерін қажетті оқу дағдыларын дамытуға, бейімдеуге арналған міндетті курс, екіншісі, «Колледж студентінің жетістікке жету теориясы» (EPE 174 Theories of College Student Success) 3 кредиттен тұратын, Американың жоғары білім беру жүйесінің миссиясы, ондағы университеттер мен колледждердің рөлі, тарихы, студент сәттілігінің теориялары, оқу стильдері, студент сәттілігін концептуальдық тұрғыдан қарастыратын күрделі, бірақ тәжірибеге бағытталған элективті оқу пәні. Кентукки университетінде зерттеу тақырыбы бойынша ғылыми тағылымдамадан өту барысында «EPE 174 Колледж студентінің жетістікке жету теориясы» пәніне бақылаушы-зерттеуші есебінде қатысып, пәнді оқытудың ерекшеліктерін, саясатын, студенттердің қабылдауын, өздік жұмыс тапсырмаларының, оқу - әдістемелік кешенінің ұйымдастырылуын қарастырдық. 2011-2012 жылдың көктемгі семестрінде пәнге, жазылған студенттердің саны 125-ке жетіп, пән 6 топта жүргізілді. Курс аптасына 3 рет практикалық сабақтар ретінде өткізіліп, өздік жұмыс тақырыптары бойынша оқуға қажетті мақалалар мен кітаптар берілді. Сонымен қатар, курс барысында студенттерге, университет студенттеріне қатысты, екі шағын зерттеу жұмыстарын жазу міндеттелді. Оқу пәнінің силабусы «Қазіргі колледж студенттерінің бет-бейнесі», «Жоғары білім беру жүйесінің құрылымы», «Жоғары білім беру жүйесінде зерттеу жүргізу», «Университеттің академиялық қолдау көрсету орталықтары», «Студент сәттілігінің теориялары: А. Остин», «Университеттегі бюрократизм», «Студент сәттілігінің факторлары», «Академиялық жетістік: Әлеуметтік-эмоционалдық факторлар», «Кампус мәселелері: адалдық, достық, қоғамдастық , «Когнитивті даму: Пэрристің интеллектуалды даму сызбасы», «Когнитивті даму: әйел және ер адамдардың қабылдау ерекшеліктері», «Кампус мәселелері: Кампустың нәсілдік климаты» және т.б. соны, әрі студенттерге қажетті де қызықты тақырыптарға бөлініп, онда жоғары білім беру мен қоғамның жоғары білікті мамандарға деген сұранысы, Америка экономикасына университеттердің әсері, оқу үлгерімін арттырудың әртүрлі маңызды мәселелері, әртүрлі жыныстағы адамдардың таным процестерінің ерекшеліктері, когнитивті дамудың психологиялық жақтары қарастырылған. Көбіне сабақтар пікірталас, семинар-тренингтер, іскерлік ойындар, топтық зерттеу жобалары түрінде өткізілді. Пән бойынша оқу үдерісінде студенттің ынталылығын, белсенділігін арттыруға байланысты дидактикалық құралдар, жаңа ақпараттық технологиялар, видео, Интернет сайттары кеңінен қолданылды. Әрбір сабақтың мақсаты айқын, түсінікті, оның көлемі мен мазмұны пәннің оқу мақсатына сай, студентті орындауға ынталандыратындай, орындауға деген студенттің жағдайы мен мүмкіндігі ескеріліп жүргізілді. Әдістемелік тұрғыдан студенттің танымдық іс - әрекетін қалыптастыру үшін аудиториядағы және одан тыс өздік жұмыс түрлері: пән бойынша білім алушының өзіндік жұмыс орындауға қажетті оқу - әдістемелік кешені, оқулықтар, белсенді үлестірме материалдары (hand-outs) дұрыс ұйымдастырылды.
Зерттеу мәселесіне қатысты ғылыми еңбектерді талдау, университеттер сайттарын интернет желісінің көмегімен тікелей онлайн режимде қарастыру, Америка жоғары білім беру жүйесінде бірінші курс студенттеріне арналған бағыт- бағдар беруші курстар академиялық қолдау жүйесінің маңызды элементі ретінде теориялық тұрғыдан негізделіп, оны ұйымдастырудағы келесі ерекшеліктері анықталды:
- жоғары білім беру жүйесінің академиялық еркіндігі, орталықтандырылмаған қағидатына, әрбір жеке жоғары оқу орындарының білім беру саясатына сай курстардың атаулары, саны, кредит мөлшері, оқу бағдарламасы, бағынатын университеттік ұйымдары әртүрлі болғанымен, мақсаты мен міндеттері ортақ;
- университеттердің басым көпшілігінде бағыт- бағдар курстарына қатысу бірінші курс студенттері үшін міндетті компонент;
- курстарға жазылу академиялық эдвайзердің көмегімен жүзеге асады;
- курстардың оқу - әдістемелік кешендері жоғары деңгейде ұйымдасқан;
- университет сайттарында бағыт-бағдар курстарының жарнамалық жолақтарында студенттердің бейімделуіне әсері бойынша ақпарат ұсынылған;
- университеттің студенттерді бейімдеу саясатына байланысты бағдарламаларының тиімділігі бойынша зерттеу жұмыстарының үнемі жүргізілуі.
АҚШ университеттеріндегі оқыту үдерісінің сапасын арттыруға бағытталған академиялық қолдау көрсету бағдарламаларының мәні мен ұйымдастырылу ерекшеліктеріне жан-жақты талдау жүргізу, олардың белгілі бір орталық деңгейінде институционалдық деңгейде ұйымдастырылғанын, студенттің жеке оқу траекториясын қалыптастыруға, белсенді білім алу позициясын дамытуға орасан үлесі бар екенін анықтаймыз. Кешенді түрде жүргізілетін эдвайзер, тьютор, ментор, бағыт –бағдар беру курстары сияқты академиялық қолдау көрсету бағдарламалары арқылы АҚШ университеттері, студентің қажеттілігі мен жекетұлғалық, кәсіби дамуына бағытталған оқыту-тәрбие үдерісін қалыптастыруды мақсат етеді деп қорытынды жасаймыз.
Осыған орай, келесі бөлімде, ҚР жоғары білім беру жүйесінің жаңаруымен келген, студенттің жеке оқу траекториясын қалыптастыру, белсенді субъективтік оқу позициясын жетілдіру үшін университеттердің оқу-тәрбие үдерісіне енгізілген академиялық эдвайзер, тьютор бағдарламаларына салыстырмалы талдау жүргізуді қажет етеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   89




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет