Ойынның мақсаты: Балаларды би жанрларын (полька, ұлттық би, вальс) ажырата білуге, би түрлерін еске сақтауға, әуенді естіп қабылдауға баулиды.
Ойынның шарты: Полька, вальс, ұлттық би түрлерінің суреті салынған карточкалармен таныстыру. Музыка жетекшісі аспапта үш түрлі пьеса ойнап, балалар әуенге сай бейнеленген суретті дәл көрсетулері тиіс
«Қанша дыбыс?» ойыны Ойынның мақсаты: Белгілі бір аспапта ойналған әуендегі дыбыстардың санын немесе қайтадан дыбысталуын ажырата білуге үйрету.
Ойынның шарты: Жеміс бұтағында ілінген шиелер суреті салынған үш түрлі карточкалар ұсынылады. Музыка тыңдап, әуендегі дыбыс санын естіп, сәйкес келетін шие саны бар карточкаларды көрсету.
«Көңілді күлдіргіштер» ойыны
Ойынның мақсаты: Әуендегі дыбыс ұзақтығын естіп, ажырату үшін қолданылады. Қысқа және ұзақ дыбыстардың санын анықтап көрсете білуге үйретеді.
Ойынның шарты: Көңілді күлдіргіштер және әртүрлі көлемдегі шарлар суреті бейнеленген карточкалармен таныстырады. Таныс шығарма ойналып, балалар әуенді тыңдап, шапалақпен қысқа және ұзын дыбыстарды көрсетеді. Күлдіргіштердің қолында жіптер бар. Үлкен шарлардың жібін ұзын дыбысқа, кішкентай шарлардың жібін қысқа дыбыстарға лайықтап, жіптерді жалғайды.
«Айналмалы дөңгелек» ойыны
Ойынның мақсаты: Шығарманы тыңдау арқылы балаларға музыка жанрларын ажырата білуді үйретеді.
Ойынның шарты: Дөңгелек бетіне көбелек,барабан, Ай, доп суреттері салынған карточка ұсынылады. Балалар әуенді тыңдап, дөңгелекті айналдыру арқылы вальс ойналғанда көбелекті, марш әуенінде барабанды, бесік жыры ойналғанда Айдың, полька биінде доптың суреттерін көрсетеді.
«Сиқырлы ағаш» ойыны
Ойынның мақсаты: Нота сызығы мен ноталар туралы түсінік беру. Әуеннің дыбыс биіктігін ажыратып, естіген әуенді нота сызықтарына орналастыруға үйрету.
Ойынның шарты: Балалардың әрқайсысына алма ағашының суреті және қиып алынған жеті алма үлестіріледі. Орындалған шығарманы тыңдап, сиқырлы ағаш бұтақтарына алмаларды дыбыс биіктігіне сәйкес орналастырады. Ағашта бейнеленген бұтақтар нота сызықтары, ал алмалар нота ретінде қолданылады.