Адал азамат



Pdf көрінісі
бет2/30
Дата01.01.2017
өлшемі4,55 Mb.
#905
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30

 
 

Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші 
  
12  
    
 
ӨТЕ АҚЫЛДЫ ЕДІ 
 
Байғанин Момын Нұрпейісұлы 
ҚР еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, 
күйші, профессор – ұстаз. 
 
Мен  1970  жылдардан  Еркін  Жолмырзаұлыменен    дидарлас  болып  келе    жатқанымды 
айтқым  келеді.  1976  жылы  халық  ақыны  Нұрпейіс  Байғанин  менің  әкемнің  110  жылдығын 
жасаймыз  деп,  Еркін  Жолмырзаұлы  Байғанин  ауданына  хабарласып,  ол  кезде  шешем 
Аймекен де бар еді, ақындар айтысы болады  және атаға  ескерткіш орнатамыз деп біздерді 
Қарауылкелдіге  Еркін  алып  кетті.  Ол  кезде  Еркін  Жолмырзаұлы  облыстық  комсомол 
комитетінің    хатшысы  екен.  Өзі  Байғанин  ауданында  туған  ғой,  алдымен  барып,  Байғанин 
ауданының Мәдениет үйінің шаруашылық сарайында Нұрпейістің ескі мүсіні жатыр дегенді 
директор  Абдуллин  Сәңкібай  деген  кластасынан  естіп,  ескерткішті  ақындар  айтысының 
ашылуы  қарсаңында  мәдениет  үйінің  алдына    орнатты.  Ескерткіштің  салтанатты  ашылуын 
Беркімбаев  Сматулла  ағай  ауданның  бірінші  басшысы  басқарып,    анама  шапан  көйлек  – 
жаулық  кигізіп, оған  анам өте риза болып, өз сөзінде «Өлген шалды тірілткен Беркімбаев 
інім жасасын, ол шалды таққа отырғызып көтермелеген Ленинизм жасасын» дегенде, халық 
дуылдатып қол  шапалақтап, қызық сонда болды. Содан кейін Еркін інім, облыстық мәдениет 
басқармасының  басшысы  болды,  мен  Ақтөбе  мәдениет  училищесінде,  одан  кейін  Ақтөбе 
музыка  училищесінде,  педагогика  институтында  ұстаздық  жасап  ылғи  дидарласып  жүрдік. 
Енді бұл тұрғыда Еркіннің атасына сіңірген еңбегі мол, басшы болып маған деген көзқарасы 
жылы, иә, айтатыны жоқ, ризамыз.  «Болмасын деген оңбасын» деп қазақта айтады ғой. Бір 
жақсы  көретін  інілерімнің  бірі  Еркінжан.  Онан  кейін  Аслан  Мусин  өзі  басқарып  әкемнің 
Н.Байғаниннің  130  жылдығын  өткізді.  Еркінжан  мәдениет  басқармасының  басшысы  болып 
тұрғанда Ақтөбеде ақынға ескерткіш ашты. Бәріне де ризамыз.  
Енді  екінші  бір  құбылыс  Нұрпейіс  Байғаниннің  150  жылдығы  2010  жылы    Темір 
ауданында  өтті.  Соның  алдында  Беркін  атасы  туралы    «Нұрлы  жүзді  Нұрпейіс»  деген 
кітабын  жазды.  Маған  әкеліп  көрсетіп,    Сағи  Жиенбаев  атындағы  кітапханада  кітаптың  
тұсаукесері болды. Сонда бірінші келіп Сәуле  келініміз бетімнен сүйіп, «атаның жасы құтты 
болсын, аға, мына Беркін ініңнің жолдасымын» - деп танысты. Ол  да   кейін дүниеден өтіп 
кетті.  Бұл  қайғы  Беркінге  қатты  тиді.  Естуім  бар  еді,  мына  жануардың  ішінде  құс  –  аққу 
өзінің  серігінсіз  жүре  алмайтын  көрінеді.  Біреуі  кенеттен  қайтыс  болса,  екіншісі  аспанға 
көтеріліп  өзін  -  өзі  құрбан  етеді  екен.  Сол  сияқты  Беркінжанға  да  Сәуле  келініміздің 
дүниеден  өтуі  өте  қатты  қиын    болды.  Денсаулығынан  айырылып  қалды.  Бұл  жігіттер  өте 
адал,  тұқымдары  сондай  болу  керек  сірә.  Мен  енді  Еркінді  көбірек  білемін  де,  Беркінмен 
бергіректен  араластық. Дегенмен байқағаным кішіпейіл, адамгершілігі мол, менмендігі жоқ, 
қарапайым, кісіні тартатын, әкеден кішкентайдан қалса да, сол үлкендердің сөзіндей сөзі бар 
екен.  Иманды  болғыр  мамасыменен  Еркінжанның  үйінде  бір  кездесіп,  қонақ  асы  жегенде 
көргенмін,    апай  айтып  еді,  баяғы  30  жылдары  менің  Нұрпейіс  Байғанин  әкемнің    үлкен 
баласы, Ғалым Нұрпейісұлы Байғанин Шалқарда сот болып қызмет жасап, сонда  Жолмырза 
ағайлармен  жолдас  болып,  сол  үйде  талай  кездесу  жасап,  әкем  де  Шалқарға  барғанда  сол 
үйге  түсіп  шақырған  екен.  Әкем,  ағайым  туралы  көп  жақсы  естеліктер  айтты.  Апай  да 
иманды болғыр, әңгімені тәуір айтатын, жақсы кісі еді. «Жақсының жақсылығыын айт, Нұры 
тасысын»  дейді  ғой,  сол  апайды  көріп  қазір  таң  қалып  отырмыз,  сол  Ақмоншақ  апайдың 
ұрпақтары Еркін, Беркін қандай азаматтар. Кәдімгі халқын сүйетін, елін сүйетін, ел сүйетін, 
халық сүйетін азаматтар. Енді Беркін айналайын атасы туралы кітап жазып шығарды. Менің 
осы  күнге  дейін  шежіре  жазу  ойыма  келмепті.  Соны  Беркінжан  Темір  ауданына  Ақсайға,  
Сүліктіге барғанымызда ағайын тумалардан сұрап, үлкен шалдардан сұрап,  менің жеті атам 
туралы  бәрін  жазып  алып,  кітапқа  енгізіп,  соны  көрсетіп  мәз  қылды.  Өте  ақылды  өзі.  
Беркінге риза болдым.   
 

Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші 
  
13  
    
 
«Нұрлы жүзді Нұрпейіс» деген Беркінжанның жазған мына кітабында біздің бүкіл ата 
бабамыздан бастап менің шаңырағыма дейін келтірген. Бұрынғы кітаптарда әкемді Байғанин 
ауданында туған деп жазып еді. Байғанин ауданы Табын ауданы болған еді ғой, ру атаулыны 
жоқ қыламыз деп үкіметтің шешімі бойынша ауданға Байғанин  атағын  берген. Туған жері 
деп сол жерді атап кетіпті. Негізгі туған жері Темір ауданы, Ақсай ауылы, Сүлікті деген жер. 
Сол жерде атам Байғананың зираты, әжем Үміттің зираты бәрі сонда екен.  
Енді айтатыным балаларымыз да жолдас. Еркінжанның баласы Дәурен мен менің үлкен 
баламның баласы Серік Алпысбайұлы Байғанин екеуі дос. Қазір Американың Нью-Йоргінде 
оқып жатыр. Институтты бірге бітіріп, бірге жолдас болып, адам болып, болашақтан үлкен 
үміт  күттіріп  отыр,  осылар  бақытты  болсын.  Иә,  халқына  сыйлы  азамат,  өзінің  атасынан 
бастап сыйлы, әкелері, ағалары сияқты азамат болсын. Ақын атаның аруағы қолдап, бақытты 
болсын.  Тағы  айтсам,  Беркінжанның  ағасы  Сергеймен  менің  жұбайым  Манар 
Қарауылкелдіде бір мектепті оқып, бітірген.  
Осы  байланыстардың,  жақсы  істердің  барлығын  миымда  ұстап,  жүрегімде  сақтап 
жүремін де, ішімнен, «ой, осы жігіттерді тіл көзден, Алла тағала сақтасын» деп тілейтін едім, 
ақыр соңында осындай болды, енді. 
Ал  енді  Беркінжанның  көрмеген  қызығын  сіздер  көріңіздер.  Сендердің 
жаманаттарыңды көрмей тек жақсылықтарыңды көрейік.  
Жатқан  жері  жайлы,  топырағы  торқа  болсын.    Қимас  інімізді  О,  Дүниеге  шығарып 
салдық,  қолдан  келер  ештеңе  жоқ.  Енді  қалғандарына  береке  берсін.  Аман  болсын.  Сергей 
мен  Еркінжанға тілейтінім шаңырақтары биік бола берсін, ал енді Беркінжанның балалары 
сендер тұрғанда қор болмайды, оны білемін. Бәріңнің ұрпақтары сау болсын, аман болсын, 
балалар мақсаттарына жетсін. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші 
  
14  
    
 
ПАРАСАТТЫ  АЗАМАТ  ЕДІ... 
 
 Озғанбай Өмірзақ 
академик, философия, тарих 
ғылымдарының докторы 
Ақтау қаласы. 
 
2006 жылы маусым айында 1916 жылғы дүбірлі оқиғалар – майдандағы қара жұмысқа 
қазақ жастарын алу, оған елдің қарсылығы, ала тайдай бүлінген ел іші, көтеріліс – міне, осы 
нәубетті  кезеңге  90  жыл  толып,  қазақ  елі  өз  тарихының  осы  бір  белесті  кезеңін  атап  өтіп, 
түрлі  жиналыстар,  конференциялар,  дөңгелек  үстелдер,  теледидар  бағдарламалары  өтіп 
жатқан кез болатын.  
Ақтөбе  қаласындағы  Қ.Жұбанов  атындағы  университетінен  осындағы  конференцияда 
менің  бас  баяндамашы  болуыма  ұсыныс  жасалған  хат  алдым.  Конференция  сәтті  өтті, 
баяндамалар жарияланып, жинақ шықты. Мен осы сапарда аталмыш университеттің кафедра 
меңгерушісі  Құрманбеков  Беркін  Жолмырзаұлымен  жақын  таныстым.  Оның  әйелі  Сәуле 
келінде қазақы дәстүрде тәрбиеленген, есігі ашық, төсегі салулы, дастарханы жаюлы ақ көңіл 
жан еді. Осы бақытты шаңырақта күлім көз, ай маңдайлы бес қыз жоғары білім алып, азамат 
болып  тәрбиеленген  екен.  Жалпы  бұл  әулет  елге  қадірлі,  ортасына  сыйлы  екен.  Беркіннің 
ағасы  Еркін  Жолмырзаұлы  Ақтөбе  өңіріне  танымал  азамат.  Партия,  кеңес  қызметтеріне 
қосымша облыстың мәдениет саласын ұзақ жылдар басқарған, білгір, шешен, елдің сөз ұстар 
тұлғасы.   
Аға сыйлайтын жақсы іні қасиетіне қосымша Беркін Жолмырзаұлымен әріптес болдық. 
Алдағы  күндерге  ортақ  шаруаларымызды  жоспарладық.  Екеуіміз  алдымызға  Ресей 
Мемлекеттік думасының қос қайраткері туралы дара-дара кітап жазуды мақсат еттік. Бірінші 
кезекте,  1906  жылғы  Ресей  Мемлекеттік  думасына  депутат  болған  Темір  уезінен  шыққан 
қайраткер Алпысбай Қалменовтің өміріне байланысты кітап шығаруды қолға алдық. Беркін 
Ақтөбедегі мұрағат материалдарын, ел арасындағы әңгіме, ескі жәдігерліктерді жинаса, мен 
Астана, Алматы, Санкт-Петербург мұрағаттар жағын өзіме алдым. Сөйтіп, іздестіру, зерттеу 
жұмыстары басталып та кетті.   
2006 жылдың соңында «Қайраткер Алпысбай Қалменов» атты кітап жарық көріп, оның 
Темір ауданында, Ақтөбе қаласында тұсаукесері өтті. Халық жылы қабылдады. Осы шаруаға 
жан-жақты  қолдау  көрсеткен  елдің  Ахат  Мырзалин  (сол  кездегі  Темір  ауданының  әкімі), 
Ізбасов Боран, Жаңылсын сияқты азаматтарына ризашылығымызды білдірдік.  
Беркін  Құрманбеков  інім  екеуміздің  бірлікте  жазған  екінші  кітабымыз  «Қайраткер 
Қаратаевты»  ол  көре  алмай  кетті.  Ғалымның  туған  күніне  арнап  сол  кітапты  шығарып, 
ақтөбеліктердің орталарына әкеліп, тұсауын кестік. 
Бұл  кітапта  халқымыздың  біртуар  қайраткер  ұлдарының  бірі  Бақытжан  Қаратаевтың 
өмірі  мен  қызметі  сараланады.  Б.Қаратаев  ХХ  ғасырдың  басындағы  қазақ  халқының  күйін 
күйттеп,  жоғын  жоқтаушы  азаматтардың  алдыңғы  легінде  болды.  Ол  Ресей  империясы 
Мемлекеттік  Думасының  екінші  шақырылымына  депутат  болып  сайланған.  Жоғары  білікті 
заңгер ретінде қазақ мүддесіне байланысты мәселелерге белсенді түрде атсалысып, отаршыл 
патша  өкіметінің  бұратана  халықтарға  қарсы  жүргізіп  отырған  саясатын  Дума  мінбесінен 
әшкерелеген. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде халық жағында болды. Оның кеңес 
өкіметі тұсындағы қызметін қарастырып, тың деректер ұсынылды. 
Ғалым  Құрманбеков  Беркін  Жолмырзаұлы  «Батыс  Қазақстан  тарихының»  ІІ  томында 
«Батыс  Қазақстан  аймағындағы  жәрмеңкелер  тарихынан»  тарауын  жазып,  өлкеде  сауда 
саттықтың  даму  динамикасын  көрсете  білді.  Жәрмеңкелер  сонымен  қатар  халық 
таланттарының шалықтап дамып, елге өнер көрсетер сахнасы екендігінде зерттеген.  
Ресей  империясының  құрамына  енгеннен  кейін  қазақ  даласында  сауда-саттық 
қатынастарының  жаңа  түрі  –  жәрмеңкелер  кеңінен  тарала  бастады.  Тек  ғана  Қазақстанның 
батыс  бөлегінде  –  Кіші  жүзде  –  Ішкі  Бөкей  Ордасында  (Жәңгір  хан  жәрмеңкесі),  Оралда, 

Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші 
  
15  
    
 
Гурьевте,  Ырғыз  (Жармола),  Темір  (Қарақамыс),  Көкжар  (Ойыл),  Ақтөбе  жәрмеңкелері 
пайда болды. Бұл жәрмеңкелер Қазақстандағы ірі сауда орындары ғана емес қазақ өнерінің 
дамуына өзіндік үлес қосқан өнер ордалары да бола білді. 
Батыс Қазақстан жәрмеңкелері қазақтың ұлттық ойындары мен қол өнерін насихаттауға 
қолайлы  жағдайлар  туғызды.  Жәрмеңкеге  жергілікті  халықты  көп  жинау  үшін  арнайы  ат 
жарыс  бәйгесі  өткізіліп  отырды.  Ақтөбе  жәрмеңкесіне  ат  жарысты  көру  үшін  Торғай 
облысының губернаторы өзінің қызметкерлерін ертіп келген. Жәрмеңкелерде ақын, жырау, 
сал-серілердің  дәстүрлі  өнерлері  орыстың  цирк  өнерімен  толыға  түсті.  Халықтың 
жәрмеңкелерде сүйсініп тамашалайтын балуандар күресі, кірдің тасын көтеру, арба сүйреп, 
темір иіп, төске тас қойып ұрып сындыру, т.б. жәрмеңкелердің міндетті атрибутына айналды. 
ХІХ ғасырда пайда болып, қалыптасқан жәрмеңкелер Батыс Қазақстанның әлеуметтік, 
экономикалық өміріне үлкен үлес қоса отырып, халықтық мәдениеттің орталықтары ретінде 
ел тарихынан үлкен орын алды. 
Ғалым Құрманбеков ХІХ ғасырдың екінші ширегінде Бөкей Ордасында тауарлы-ақша 
қатынастарының дамуын зерделеді. 
Кітап  авторлары  қайраткер  тұлға  туралы  ғана  жазып  қоймай,  бүгінгі  күннің 
мәселелерінде қоя білді. Ескінің көзі, көне тарихтың өзі болып табылатын тарихи қалаларға 
ерекше мәртебе беріп, арнайы бағдарлама арқылы қорғау қолға алынса ғана оларды сақтауға 
болатын  секілді.  Сондай  қалалардың  қатарына  Ырғыз,  Торғай,  Қарқаралы,  Форт-Шевченко 
т.б.  ондаған  қалалар  кіреді.  Ежелгі  Темір  қаласы  да  солардың  қатарына  жатады.  Бұл 
қалаларға қазақ халқының басынан өткерген қилы тарихының, түрлі нәубеттер мен жасампаз 
оқиғалардың  куәсі  деп  қарау  керек.  Сонымен  бірге  олар  өз  дәуіріндегі  өркениеттің  ошағы 
болып,  айналасындағы  халықты  прогреске,  оқу-білім  мен  мәдениетке,  алдыңғы  қатарлы 
тұрмысқа  ұмтылуына  ерекше  еңбек  сіңірген.  Халқымыздың  тарихында  елеулі  орын  алған 
тарихи  оқиғалар  да  осындай  жерлерде  өтіп  тұрған.  Сол  оқиғалардан  ескерткіш  ретінде 
бұлардың  көбінде  көптеген  мұражайлар  да  ашылған.  Мәселен,  ежелгі  Торғай  мен  Форт-
Шевченко қаласында қазір төрт-төрттен мұражайлар жұмыс жасайды. Ал тарихи оқиғалары 
мен  шыққан  тұлғаларының  саны  жөнінен  олардан  еш  кем  болмаса  да  Темір  қаласында 
С.Бәйішев атындағы мектептің шағын мұражайын есептемесек, сол кезде бірде-бір мұражай 
жоқ болатын. 
Жақында  белгілі  ғалым,  өлкетанушы,  тарих  ғылымдарының  кандидаты,  доцент,  15 
кітаптың,  200  ғылыми  мақалалардың  авторы  Беркін  Жолмырзаұлы  Құрманбековтың 
мұраларына арналған «Өлке тарихының өзекті мәселелері» атты конференция өткізілді. 
Ғалым  Құрманбеков  Беркін  Жолмырзаұлының  Батыс  Қазақстандағы  сауданың  дамуы 
туралы  жазған  ғылыми  еңбегі  –  докторлық  диссертациясы  да  дайын  болатын.  Кезінде  оны 
қорғаудың  жолдарында  ойластырған  болатынбыз.  Бірақ  өлшеулі  өмір  оған  мүмкіндік 
бермеді.    
  Қорыта айтқанда, ғалым Құрманбековтің артында «Батыс Қазақстандағы 1916 жылғы 
көтеріліс», «Ақтөбе округінде 1928 жылы байларды конфискациялау», «Ідіріс Үргенішбаев», 
«Қайраткер  Алпысбай  Қалменов»,  «Қайраткер  Қаратаев»  т.б.  кітаптары  мен  мақалалары 
қалды.  Ірі  халықаралық  конференциялар  өткізіп,  Ақтөбе  жерінде  көптеген  ғалымдардың 
басын біріктірген сәтті шаралары жадымызда. 
Оған  берілген  «Ең  үздік  кафедра  меңгерушісі»,  «Ең  үздік  зерттеуші»  атақтары, 
«Қазақстандағы  1916-жылғы  көтерілістің  өзекті  мәселелері»  тақырыбына  сәтті  қорғалған 
кандидаттық диссертациясы оның мұқият зерттейтін ойлы ғалым екендігін көрсетті.  
Ол  осы  өлкенің  үлкен  патриоты  болатын.  Ондаған  жерлестерінің  атын,  еңбектерін 
әйгілеп, ғылыми айналымға қосты. Нұрпейіс Байғанин, Әбдіғаппар Жанбосынұлы, Тайшым 
Орысұлы,  Ідіріс  Үргенішбаев  т.б.  тұлғалардың  халық  үшін  еткен  еңбегі  оның  ғылыми 
еңбектеріне арқау болды. Зерттеу жұмыстарында Ақтөбе облысымен шектеліп қалмай Батыс 
Қазақстанды қамтитын. Қазақ елінің «Мәңгі ел» болуын армандайтын. Ғалым Құрманбеков 
отаншылдыққа, мемлекетшілдікке, бірлікке үндейтін білімдар, парасатты азамат еді. 
 

Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші 
  
16  
    
 
МЕН БІЛЕТІН БЕРКІН 
 
Айталы Амангелді 
философия ғылымдарының докторы,  
профессор 
 
Беркін  өмірден  озған  тұста  Ақтөбеде  болғаным  жоқ,  кейін  Еркінге,  балаларына  көңіл 
айттым. Адам өмірден озғанда жақсы адам еді деп айту жеңіл, бірақ сол адамның еңбегіне, 
игі  істеріне  тірісінде  көп  үңіле  де  бермейміз.  Сондықтан  да  қазақ  «алтынның  қолда  барда 
қадірі жоқ» деген болар. Беркінмен ол партия жұмысында болған күнде де, аудандық білім 
бөлімінде  жұмыс  істеген  кезінде  де  жиі  кездесіп  жүрдік:  партия  қызметкері  болмасақ  та, 
партияның  идеологиясына  жұмыс  жасадық,  педагогикалық  институтта  істегендіктен  білім 
мекемелерімен,  мектептермен  үнемі  байланыста  болдық.  Қобда  ауданына  барғанымызда 
үнемі алдымыздан Беркін шығатын, дастарханынан дәм татқан тұстарымызда болды. 
Ол мені әдейі аға деп те, жоғары оқу орны мұғалімі деп те сыйлайтын, сонымен бірге 
өмірдегі болып жатырған  өткір мәселелер туралы пікір білгісі келетіндігі, ізденетіні көрініп 
тұратын.  «Ой,  барлық  мәселені  газет-журналдар  жазып  жатыр  ғой  өзіміз  де  білеміз» 
дейтіндерден  Беркін  өмірге  өзінің  қызығушылығымен  ерекшеленетін.  Беркін  сияқты 
азаматтармен  мен  бүгін  де    әңгімелесуден  қашпаймын,  себебі  сұрақтың  өзі  мені  де 
ойландырады. Ал сондай сұрақтар әр жерде қайталанса, демек бұл мәселе елді ойландырады 
деген пікірге жетелейді.  
Кейін  Беркін  Ақтөбе  педагогикалық  институтына,  соңынан  университетке  жұмысқа 
келді. Келгенде құр алақан келген жоқ. Қазақ  тарихынан кандидаттық диссертация жазып, 
біраз    материалдар    жинаған,  ғылыми  орталықтармен,  ғалымдармен  байланысы  да  бар 
екендігі  белгілі  болды.  Біздің  институтта  Мұқаң,  Мұхтар  Арыновтан  қалған  бір  қағида 
барды.  Ол    кісі  маған  (мен  институттың  ғылыми  жұмысы  жөніндегі  проректорымен): 
«Амангелді,  осы  бүгін  жастардың  ғылымға  ынтасы  баршылық,  біз  соларға  жол  ашайық, 
ертең мына екі бюрократ Арынов мен Айталиевтің  қырсығынан мен ғылым  кандидаты бола 
алмадым  десе,  ол  екеумізге  сын»,  -  дейтін.    Беркінге  де  диссертациясын  қорғауға  жағдай 
жасалынды, сәтті қорғап шықты.  
Беркін  философия  және  мәдениеттану  кафедрасында  жұмысты  бастады.  Заман  қиын 
еді.  Қиын  болғанда  материалдық  дүниенің,  тауардың  тапшылығы  емес,  рухани,  ғылыми 
құндылықтың дағдарысы. Кеңес Одағы ыдырап, социализм күйреп, аспан жерге түсіп, дүние 
астан-кестен  болды,  кешегі  әулие  Маркс,  Энгельс,  Ленин  шайтан  болды  да,  енді  бұрынғы 
шайтандар,  антимарксистер,  идеалистер  әулие  болды.  Жоғарыдан,  министрліктен  нұсқау 
жоқ, баяғы ЦК басшылығы  жоқ, өздерің білесіңдер деген заман келді. Екінші бір қиындық, 
қара  бастарының  қамын  ойлайтын,  студентке  қоятын  бағаны  бизнеске  айналдыратын, 
қалтасына  зачеткалар  салып,  «мынаған  бір  бесіңді  қоя  салшы»  дейтін  мұғалімдер  ішімізде 
көбейді. Олардың да «сенің марксизм-ленинизміңнің жағдайы белгілі ғой» деп меңзитіні де 
көрініп  тұр.  Дегенмен,  мен  Москвада  диссертация  қорғағаным  бар,  белгілі  ғалымдар 
еңбектері, ғылыми әдебиеттер, мақалалар Ресейде шығып жатты. Олар жол да таба бастады, 
марксизмді  де  түгел  лақтырған  жоқ,  жаңа,  әрине,  біз  үшін  жаңа,  батыс  философиялық, 
социологиялық,  басқа  да  теорияларды  басшылыққа  ала  білді.  Беркін  екеуміз  осы  тұста 
мықтап ойландық, ойымызды таразыладық, сараптадық. Сабақ жүріп жатыр, расписаниеден 
ауытқуға болмайды, «қазір аудиторияға кіргенде,  жастарға не айтамыз?» деп қиналатынбыз. 
Білеміз, бірқатар мұғалімдеріміз баяғы көне конспектілермен оқып жүр, бастары ауырмайды. 
Философия саласында қазақы  ұлттық философия мен әлемдік философия мәселелеріне мен 
көбірек  назар  аудардым,  ол  студент  жастар  арасында  қызығушылық  тудырды.  Беркін 
мәдениеттану курсын  жаңартып, мәдениет теориясын түрік, қазақ мәдениетімен ұштастыра 
оқыды.  Жылдан  жылға  оқыған  курстарымызды  тереңдетіп  отырдық.  Осы  тұста  Беркіннің 
жаңалыққа  икемділігі,  ізденіске  бейімділігіне  мен  риза  болдым.  Міне,  сол  кезде  ол  өзінің 
жаңа ойымен, жаңа қырымен танылды.  

Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші 
  
17  
    
 
Мен  депутат  болып  сайланып,  Астанаға  кеттім,  Беркін  менің  орныма  кафедра 
меңгерушісі  болды.  Мен  Ақтөбеге  келгенде,  әрине,  институтқа,  университетке  міндетті 
түрде  келіп,  Беркінмен  де  ұзақ  әңгімелесетін  едім.  Баяғы  Беркінім,  баяғы  қызығушылығы, 
енді оны депутат өмірі, қызметі, ұстанымы  қызықтырады, мен кейбір баспасөз бетіне шыға 
бермейтін  жағдайларды  баяндаймын.  «Ағай,  енді  осы  әңгімені  біздің  үйге  барып, 
жалғастырайықшы» - деп, үйге де шақырды. Сәуленің шайын ішіп, әңгіме  –дүкен құрамыз. 
Әңгіме  ортасында  Еркін  де  болады.  Соның  арасында  Беркін  Астана    оқу  орындарындағы    
қоғамдық  пәндер  оқылуынан  да  менен  сұрап  жатады.  Мен  Еуразия  университетінде  
әлеуметтану  (социология)  пәнінен  лекция  оқитынмын.  Сондықтан  орталықтағы  оқу 
орындарындағы ұстанымдар оны қызықтыратын, жаңалықтарға құштар еді. 
Сәуле  мені    ерекше  көңілмен  қарсы  алып,  барғанымда  қуанып  қалатын.  Еркін  мен 
Беркіннің аналары дүние салып, көңіл  айтуға барғанымда Сәуле  «Ағам Ақтөбеге келді деп 
естіген  соң,  өзім  де  бізге  келеді  деп  күтіп  жүр  едім»,-деп  менен  арнайы  ағалық  ниет  
күтетінін білдірген еді.    
 «Өміріңді  де  өлместен  бұрын  ойлан»  -дейді  екен  әз  Пайғамбарымыз.  Беркін  бос 
уақытын  тиімді  пайдаланды,  артына  еңбектер  қалдырды,  ол  бір  із  болса,  Сәуле  екеуінің 
ұрпақтары да бөлек із, жолын жалғастырушылар. Мен білетін Беркін осындай азамат еді.  
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші 
  
18  
    
 
ЖАРҚЫН БЕЙНЕСІ КӨЗ АЛДЫМЫЗДАН КЕТПЕЙДІ 
 
 
Шындәулет - Дәметкен Алдияровтар 
нағашы ағасы, жеңгесі  
 
Беркін біздердің жиеніміз, оның анасы Ақмоншақ менің ортаншы апам. 
Беркін  Байғанин  ауданында  дүниеге  келген.  Балалық  шағын  сол  жерде  өткізген, 
мектепті сол жерде тәмамдаған. 
Әрбір  адам  үшін  туған  жер  ең  қимас,  ең  киелі  құдірет.  Өйткені,  жер  тарихы  –  ел 
тарихы,  ұрпақ  шежіресі.  Сондықтанда  біздің  халқымыз  әркімнің  туған  жері    Мекке  дейді. 
Беркінде  жылтыраған,  су  елегінен  шыққандай  күн  көзімен  сағымданған  құмдары  мен 
табиғаты  ерекше  өрнек  салғандай  құмды  бөліп  ағып  жатқан  Жем  өзенімен,  көз  жетпейтін 
даласы  тынысыңды  ашып,  кеуденді  күмбірлеген  күйге  толтырғандай  сезім  беретін,  туған 
жерін көз алдына келтіріп отыратын. «Туған жердің шеңгеліде гүлдей» деген мақал бар ғой, 
Байғанин тарихын айта бастасам ол жердің қош исі аңқыған  жусанын қандай гүлге теңесем 
болар еді  аға,апа деп Беркін күліп алатын. Алматыда жоғарғы оқу орнын бітіріп келгеннен 
кейін, оның алғашқы және көп жылдар еңбек еткен, отау құрып түтін түтеткен, бөбектерін 
сүйген  жері  Қобда  ауданы.  Сол  жерде  маман  есебінде  қалыптасты.  Үлкен  өмір  мектебінен 
өтті,  лауазымы  өсті,  басшы  болды,  ел  таныды,  өзін  елге  танытты.  Киелі  Қобданың    өз 
перзенті болып кетті. 
Одан  кейінгі  өмірі  облысымыздағы  білімнің,  ғылымның  қарашаңырағының  бірі  
Қ.Жұбанов  атындағы  мемлекеттік  университетпен  байланысты.  Университетте  ол  ғалым 
болып қалыптасты, ұстаздарынан ғалым жолын үйренді, «көздегенің ғасырлық болса ұрпақ 
тәрбиеле» деген қағиданы басшылыққа алып шәкірттер тәрбиеледі. 
«Бала  өсірген  ата-ана  бала  болып  ойнайды,  бала  оқытқан  ұстаздар  бала  болып 
ойлайды»  деген  оның  ойы  туралы  атқарған  қызметтері,  ұйымдастырушылық  қабілеті, 
ғылыми  еңбектері,  жомарттықпен  жайып  салатын  идеясы  туралы  бірге  қызметтес  болған 
азаматтар,  ғалымдар,  жолдастары,  достары,  шәкірттері  көлемді  терең  етіп  жазып,  айтып, 
бағалап жатыр. 
Ал,біз отбасылық,туыстық жағын әңгімелейік.  
Беркін әкесі, анасы туралы айтқан әңгімелерді жақсы көретін. Біздердің анамыз Қанша 
87  жаста  қайтыс  болды.  Оған  әже  деп  еркелей  келе  әжесінің  өз  анасының  бала  кездегі 
қалыптасуы  туралы  айтқандарын  құлағын  аса  түріп  тыңдайтын.  Ақмоншақ  апамыз 
кішкентайында  сабырлы  болған,  сәби  кезінде  ұрыншақтыққа  салынбай  отыра  береді  екен. 
Сондықтан  оны  «Шошайып  отырады»  деп  жеңгелері  Бошай  атап  кеткен.  Ол  кісіні  білетін 
Байғаниндіктер Бошай деп атайды. 
Беркін  «әкем  туралы  Марқа  әжеммен,  анамнан  көп  естідім.  Менің  түсінгенім,  өзім 
әкемнің  тәрбиесін  есейгенде  ала  алмасамда,  жарық  дүниеге  алып  келген  сол  кісі.  Әкемнің 
“адал  жүріп,  ақ  сөйлегенің”  ел  басқарған  азамат  болғанын,  салиқалы,  салмақты,  табиғат 
берген  адамгершілікті  жоғары  ұстағанын  оның  замандастарынан  естігенде  біздерді  анамыз 
әке  салған  сара  жолмен  тәрбиелеген  екен  ғой  деп  ойлаймын.  Аға  -  мені  Шындәулетті  аға 
дейтін  -  ой  өрісің  биіктеген  сайын  ата-ана  берген  тәрбиенің  парқын  тереңірек  түсінеді 
екенсің» - деп анасы туралы жүрек жарды әңгімелейтін. 
Әңгіменің қалай басталғаны жадымда жоқ, апай қайтыс болғаннан кейінгі бір кездесуде 
Беркін    “Сіздер  апаларыңызды  жақсы  білесіздер  ғой,  ана  туралы  жүректен  жарып  шыққан 
асыл сөздер көп қой, ол туралы менде ұзақ айта аламын, өйткені ана алдындағы парызымды 
ешқашан ойдан шығармаймын. Ақ сүтінен нәр беріп, біздерді өмірге алып келген анамыздың 
бізге  бергені  мол.  Қысқаша  айтсам  оның  өмір  сүйгіштігі, кішіпейілдігі,  қарапайымдылығы, 
шыншылдығы,  сыпайылығы,  жақын-жуыққа,  балаларына  деген  ашық  жүрегі  біздерге 
қалдырған асыл мұрасы, өнегесі деп санаймын” деген еді. Өздеріміз бір сөз қоссақ, апамыз 
28  жасқа  келгенде  күйеуі  Жолмырза  ағай  қайтыс  болып,  соңынан  ерген  бес  баласын 
тәрбиелеп өсіруге барлық өмірін қиған жан. Асыра мақтағанымыз емес, бұл ерлік саналатын, 

Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші 
  
19  
    
 
тек қана бала үшін өмір сүрген ананың тағдыры. 
Балалары  да  анасын  ардақтады.  Беркін  үйленгеннен  кейін  барлығы  бірге  тұрды. 
Анасының  көзі  көрмей  қалғанда  оны  шақырған  жерлерден  қалдырмады,  апарды.  Сәуле 
келіні,  немерелері  анасының  үстіне  қылау  тигізбеді.  Дүниеден    өткенде  ақ  жуып  арулап 
қойды.  Анасын  есте  қалдыру  мақсатында  Беркін  бір  кітабын  «Анам  Ақмоншақ  Аймақ 
қызына  арнаймын»  деп  бастаған  еді.  Бұл  ана  рухын  құрметтеу.  Біздің  бұл  жазғандарымыз 
Беркіннің өзі айтқан ойларының бір ұшқындары. 
Сондықтан  оның  бізге  белгілі  өмірінің  әр  түрлі  кезеңдерін  қысқаша  айтып  кетпекпіз. 
Ақмоншақ  апамыз  Шалқар  қаласында  оқып,  Байғанин  ауданында  тұрды,  ал  біздер  Шалқар 
қаласында тұрдық. 
Ол кездегі қатынас аман саулықты біліп тұру хат арқылы болатын, жиі болмасада солай 
хабарласып тұрдық. 
Қырқыншы жылдардың аяғында атамыз Сисембі қайтыс болып, апамыз, Марқа құдағай 
Еркінді ертіп Шалқарға көңіл айтуға келіп, ағайын тумаларды аралады. Біздің білуімізше ол 
бір соғыстан кейін елдің қол-аяғын жинап, ағайын-туманы шын көңілмен, ешбір қалтықсыз 
қарсы алатын кезі болатын. Қашанда шүкірлікті қару еткен халқымыздың нағыз ақ көңіл, ақ 
жарқын кездері еді.  
Мен  1952 жылы 10 жылдық мектепті тамамдап, жазғы демалысқа Байғанин ауданына 
бардым. Жездеміз Жолмырза «Қызыл әскер» атты колхоздың басқарма төрағасы екен. Беркін 
7-8  айлық  сәби.  Онан  кейін  мен  Алматыға  оқуға  кетіп,  оны  бітіргеннен  кейін  Дәметкен 
екеуміз қосылып, мен сол кездегі Гурьев облысының Маңғыстау аудандық прокуратурасына 
халық тергеуші болып қызметке жолдама алдым. 
Дәметкен  сонда  бала-бақшасының  меңгерушісі  болып  қызметке  орналасты.  Бір-екі 
жылдан кейін демалыс алып елге келдік, өзімізбен бірге тұңғыш қызымыз бар. Елден жұмыс 
орнымызға Маңғыстауға қайтқанда әдейі Қарауылкелдіге түсіп, Ақмоншақ апамыздың үйіне 
барып  өткендеріне  қайырлы  болсын  айтып,  болған  қуаныштарымен  құттықтадық.  Біздерді 
қуанышпен  қарсы  алып,  інім,  келінім  келді  деп  көршілерін  шақырып  апа-сапа  болды  да 
қалды.  Тағы  да  айта  кетемін.  Кейінгілер  еске  алсын,  ал  көршілер  бірге  туған  адамдай 
шынайы қуаныштарын білдіріп жатты. Ол адамдарда ешбір бүкпе жоқ, ақ көңілдері мен таза 
жүректері  сезіліп  тұратын.  Бұл  жерде  айтқымыз  келетіні    жездеміз  Шалқарда,  апамыз 
Ырғызда дүниеге келген. Жергілікті халықпен рулас, құда-құдағайлық қатынасы жоқ. Бірақ 
көршілердің бір-біріне қарым-қатынасы, татулығы жан ашыр сөздері, бірге қуануы бір туған 
адамдардан артық білініп тұрады. 
Тақырып  желісінен  шамалы  ауытқуымның  себебі  кабинеттерінде  отырып  халықпен 
араласпай, олармен сөйлеспей «қазақ рушыл» деп халыққа айдар тағушылар баршылық. Егер 
солар оқыса ойланар, қазақтың кім екенін түсінер деген ой. Беркін де өз еңбектерінде осыны 
түсіндірді  ау  деп  ойлаймын.  Нұрпейісті  бүкіл  қазақтың  ақыны  есебінде  көрсетсе,  дума 
депутаттарын, Б.Қаратаев, А.Бірімжанов, А.Қалменовты анау Ресей төрінде Қазақ халқының 
мүддесін қорғаушы есебінде сипаттады және бұл тарихи шындық. 
Біздерді  қуандырған  осы  жағдайлар,  көргеніміз  апамыздың  жанұясы  ел  ішінде 
халықпен қатар өмір сүріп жатыр екен. Беркін  7 жаста болатын. Біздер оны сөйлетейік деп 
оқу жағдайын сұрап, кімнің баласысың деген сұрақты қойдық. Марқа құдағайымыз  «менен 
туған,  балам  ғой»,  -  деп  немересін  басқаға  қимайтын  ел  дәстүрімен  сөзге  араласты.  Беркін 
«Ой,  әже  қойшы,  сенің  шалыңның  қашан  қайтыс  болғанын  білесің  бе?»-  деп    күлді.  Оның 
осы бір жәй күлкісі біздің ойымызша өмір бойы өзгермеген сияқты. 
Біздер 1960 жылы Ақтөбеге оралып, мен облыстық, өлкелік прокуратураларда қызметте 
болдым.  1965-1975  жылдары  мен  Қобда  ауданында  прокурор,  Дәметкен  аудандық  
тұтынушылар қоғамында аға товаровед қызметін атқарды. Басқа туыстар сияқты Ақмоншақ 
апамыз  бен  оның  балаларымен  қарым-қатынасымыз  туыстық  дәрежеде  болды.  Сергейдің, 
Еркіннің үйлену тойларының ортасында жүрдік. Қай кезде де той иелеріне жақсы тілек айту 
халық  салты  ғой,  апамыздың  балаларының  тойында  айтқан  бір-екі  шумақ  өлеңмен 
құттықтауым жадымда сақталыпты. 

Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші 
  
20  
    
 
Ақ тілекті ақтарам құдағайымыз Марқаға 
Өсірдіңіз мінгізіп немерелерді арқаға 
Кезіңіз келді құдағай шөберені бағатын 
Қуат берет бір Алла ешқашанда шаршама. 
Той қуанышы ортақ қой бәрімізге әрқашан, 
Кездесейік тойда деп тілек айтам баршаға. 
Құттықтаймыз тойменен апамыз Ақмоншақты, 
Балалар өсіп шүкірлік өмірден олар жол тапты. 
Немеренің тойына аман есен жетіңіз, 
Әр баладан немере болсын сізде он шақты-деп айтқанмын. 
Біздер  Қобдада  тұрғанда  ол  жерден  педучилищенің  филиалы  (бөлім)  ашылды. 
Беркіннің апасы Мансия біздің қолымызға келіп оқып, сол оқуды тәмамдады. Мансия оқуды 
бітіріп, диплом аларда төл құжатында ұлты «қырғыз» деп жазылғанын айтып, «аға, мен төл 
құжатымды  өзгертсем  қайтеді?»  -  деді.  Мен  «олай  жасама,  біздің  естуімізше  папаңда  төл 
құжатында ұлтын қырғыз деп жаздырған » - дедім. 
Сенің  папаң  туралы  сол    кездегі  Байғанин  аудандық  партия  конференциясында 
«делегаттардың  барлығы  қазақтар  тек  бір  адам  басқа  ұлттың    өкілі  бар  деп  хабарлайды»,  - 
екен  дедім.  Мансия  келісті.  Мансия  мұғалім  болды,  отбасылы,  үбірлі-шүбірлі,  немерелі 
болды. Байғанин ауданында, Ақтөбеде тұрды. 
Беркіннен кейін, 5 айдан соң Мансия жиенімізде дүниеден өтті, алдынан жарылқасын 
иманы жолдасы болсын. 
Беркін университет бітіріп келгенде Еркін де біздерде оны қызметке Қобда ауданында 
жіберуге  ықпал  жасадық.  Өйткені,  ол  үлкен  аудан,  облыс  орталығынан  қашық  емес,  жолы 
асфальт. Аудан егін, мал шаруашылығы бойынша облыста алдыңғы қатарда еді. Халқы сол 
кездегі түсінік бойынша интернационалды көп ұлтты, қазақ, орыс, украин, неміс ұлттарының 
өкілдері  болатын.  Олардың  мәдениетімен,  тілдерімен  танысу  мүмкіншілігі  бар.  Жас  маман 
есебінде үй сұрамайды, біздермен бірге тұратынын басты дәлел ретінде келтірдік. 
Ол  кезде  облыстық  оқу  бөлімінің  бастығы  қазіргі  ел  ақсақалдарының  бірі  Ақтөбе 
педагогикалық  институтының  профессоры  Ниетжан  Беріков  болатын.  Ниекең  Байғанин 
ауданының  азаматы,  Беркіннің  әкесі  Жолмырза  аудандық  атқару  комитеті  төрағасының 
орынбасар болып қызмет атқарғанда жұмыстас болған. Аталған жағдайларды ескеріп Ниекең 
Беркіннің Қобда ауданына жолдама алуына тікелей көмектесті.  Оны азаматтың көмегі,  жас 
маманға ұстаздық қамқорлығы деп түсіндік. 
Сонымен,  Беркін  жолдама  алып  Қобдаға  келді,  үйге  орналасты.  Аудандық  оқу 
бөлімінің  меңгерушісі  жасы  біздермен  қатар,  салауатты,  салмақты,  сауатты,  өз  ісіне  берік 
Қазихан  Жүсібалиев  деген  абыройлы  азамат  болатын.  Қызмет  бабында  және  жастарымыз 
қатар  азаматтар  ретінде  қатысып  тұратынбыз.  Ол  кезде  жас  маманды  орналастыру  мекеме 
басшыларының  міндеті  болып  саналатын  және  мәселе  жан  –  жақты  ойластырылып 
шешілетін. Дәметкен Беркінді ертіп Қазиханға барған. Мен кешке жұмыстан келсем, Беркін 
«аға, мен Новоалексеевка орта мектебінің оқытушысы деген бұйрық алдым», - деп бұйрығын 
көрсетті.  Біздердің  бір  баламыздай  үйде  тұрды.  Төрт  баламыз  мектепте    оқитын,  барлығы 
сабаққа  бірдей  дайындалады.  Барлық  мүмкіншілік  болды.  Әжесі,  Беркінді  «бұл  менің 
немерем», - деп отыратын. 
Қазихан,  мектеп  басшылары,  оқытушылар  кездескенде  Беркін  ұжымға  жақсы  сіңісіп 
кеткенін  сабақ  беру  тәсілін  тез  ойдағыдай  меңгеріп,  өз  ойын  ашық  білдіріп,  мектептің  
қоғамдық жұмыстарына белсенді қатысқанын айтатын. 
Біздің  Қобдадағы  үйіміз  көшенің  орта  шенінде  орналасқан  еді.  Үйлердің  мектеп  жақ 
бетінде  саябақ  болатын.  Оны  үйлерден  биіктігі  120  см  дей  дуал  бөліп  тұратын.  Мектепке 
көшемен баратын болса ол 550-600м жер, ал саябақ арқылы болса 350м жер болатын. Беркін 
жол қысқартып, дуалдан секіріп түсіп, мектепке саябақ арқылы барады екен. Оны әжесі біліп 
жүреді.  Бір  күні  үйде  барлығымыз  отырғанда  әжесі  «Беркінжан,  сені  оқушы  балалар  ағай 
дейді,  сенің  жүріс-тұрысыңа  қарайды.  Сондықтан,  саған  дуалдан  секіріп  жүру  ыңғайсыз» 

Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші 
  
21  
    
 
дегені  бар.  Беркін  әжесінің  айтқанын тыңдап  қортынды  шығарды.  Тағы  бірде  әжесі  мен  өз 
қатарларымменен  қонақта  болғанда  сенің  жоғарғы  сынып  оқушыларына  сабақ  беретінді 
білдім.  Сенің  бойың  аласа,  ал  жоғары  сыныптың  балалары  әлде  қайда  бойшаң  оларға  «2» 
қойып  жүрме,  қараңғыда  ұрып  кетер  деген.  Беркін  «әже  іштерінде  жалқаулары  бар,  егер 
сабақ  білмесе  қалай  қоймаймын»  деп  жауап  берді.  Әжесі  «сен  оларға  дүниенің  барлық 
қиындығын  жеңетін  білім  соның  қажет  екенін  түсіндіріп  санасына  жеткізу  керек  қой»  деп 
жатты. Отырған бәріміз, әжең нағыз  педагог қой » - деп әзілдестік. 
Бір  жылдан  кейін    Беркін  Сәулеге  үйленді,  университетте    бірге  оқып,  сөз  байласқан 
екен.  Беркін  аудандық  оқу  бөліміне  қызметке  ауысып,  Сәуле  мектепке  оқытушы  болып 
орналасты. Сәуле өз баламыздай болып кетті. Мені  «папа»  деп атап, балаларымызға халық 
салтымен «Төрежан», «Төрем», «Ботахан» деп ат қойды және өмір бойы солай деп атап өтті. 
Біздер  қызмет  бабымен    Ақтөбеге  көшкеннен  кейін  олар  Қобдада    бірнеше  жыл  тұрып, 
жұмыс  ретімен  Ақтөбеге  көшіп  келді.  Ақтөбеде  қызметтері  жақсы  болды.  Беркін 
университетте  сабақ  беріп  жүріп,  кандидаттық  диссертация  қорғап,  доцент  атағын  алды. 
Бірнеше  ғылыми  еңбектер  жазды.  Сәуле  мектепте  тарихтан  сабақ  берді.  Балалары  да 
жоғарғы оқу орындарын бітіріп мамандықтары бойынша қызметке орналасты. 
«Аққан судай жылжыған өмір дегендей» әттең, жалған дүние, бірде тұнық, бірде ылай 
зымырап  өтіп  барады.  Қамшының  сабындай  қысқа  міне,  сол    өмірден  Сәуле  де  озды. 
Төрежан,  Төрем  деп  ат  қойған    біздердің  үлкен  қызымыз  Майра,  ер  баламыз  Төлеген 
Астанадан әдейі самолетпен келіп жеңгесіне топырақ салды. 
Сәуленің қайтыс болуы Беркінге аса қатты батты. Бірге өткізген бақытты жылдарының 
мәні  мен  әнін  келтіріп  Сәуле  туралы  кітап  жазды.  Өлең  жазып,  музыкаға  түсірді.  Осы  бір 
қайғы себеп болды ма, Беркін ауруға шалдықты. Еркін ағасы, балалары дертке дауа, ажалға 
шипа  іздеп  көрсетпеген  дәрігері,  емдетпеген  емшісі  қалмады.  Біздің  қызымыз  Майра  мен 
күйеу  баламыз  Болатта,  баламыз  Төлеген  де  қолдарынан  келген  көмектерін  аямады.  Бірақ  
ешқайсысыда  ажалға  араша  бола  алмады.  61жасқа  қарағанда  Беркін  дүниеден  озды.  
Беркіннің  аға,  апа  деп  алдымыздан  шығатын  ақ  жарқын    бейнесі,  сөйлеген  сөзі    жымиып 
күлген  күлкісі,  бауырмалдығы,  кейде  дауысын  көтере  салған  әндері  есте  сақталып  көз 
алдымызға елестейді. 
Беркін  мен  Сәуленің  тәлім  тәрбиесін  алып  өскен  балалары  Айгүл,  Ләйлә,  Маншүк, 
Марина, Гүлдария, екі немерелері олардың істерін жалғастырады. 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет