2.1 Абайдың дүние танымы. Абай қазақтардың өткені мен бүгінін, болашағын, салт-дәстүрі мен рухани мәдениетін жетілдіру, жастарға адамгершілік тәрбие беру жолдарын тынымсыз ойлаумен өтті. Бүгінгі уақыттың талабына сай ой түйіндейтін болсақ, хакімнің ойлау мәдениеті қазақтың менталитеті, болмыс бітімі қандай, оған тән кемшіліктерді қалай жоюға болады, деген сауалдар төңірегінде өрбіді. Ол өзінің бүкіл болмысын, білімі мен өмірлік тәжірибесін, поэзия мен прозасын, ой-толғанысы мен философиясын адам бойынан таба білді. Ол кісілік қасиеті, білімі мен парасатын елдің қамын ғана емес, адамзаттың мақсат-мүддесін ойлайтын, дүниеге әлем тұрғысынан қарайтын адамды тәрбиелеуге жұмсады. Ұлы данышпанды адам өмірінің мәні, тұрмыс тіршілігі мен болмысы, ар – намысы сияқты мәселелер ерекше толғандырды.
2.2 Абайдың дана сөздеріндегі философиялық тұжырым. Абай былай дейді: Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтып келіп, ойнап күлмес, «мені» мен «менікінің» айрылғанын, «өлді» деп ат қойыпты өнкей білмес. Өйткені, қоғамдағы құбылыстар мен процесстердің өзегі адам болмысы болып табылады. Бұл жерде “мен” деген не, “менікі” деген не, сауалдарға жауапты Абайдың өзінен табамыз. ”Мен” дегеніміз ақыл мен жан. Екеуі де рухани түп негіз. “Менікі” деп сөзді тәнге қатысты айтып отыр. Абай адам баласының жаман-жақсы қасиеттеріне терең мән беріп, философиялық ой - толғауларында атап көрсетеді. Отыз сегізінші сөзінде Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, сонан қашпақ керек дейді. Әуелі надандық, екінші еріншектік, үшіншісі зұлымдық. Үш - ақ нәрсе адамның жақсы қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» . Адам бойындағы осы үш қасиеттің басын қосып, оны үлкен әлеуметтік ізгі күшке айналдыратын ғылым деген қорытындыға келеді. Ол ғылымды үйреткенде, бақталастық, атақ – данқ үшін емес, айқын мақсатпен, білмек үшін үйрену керектігін баса айтады. Өйткені қай қоғамда болмасын, бақталастық адамды жаман жолға жетелейтіні рас. Абайдың пікірі бойынша адамгершілік нормалары мен принциптерін күнделікті өмір сүру тәсіліне айналдырған адамды ғана нағыз адам деп есептеуге болады. Сондықтан: “адам болам десеңіз, оған қайғы жесеңіз…” деп басталатын мына өлеңіне назар аударайық: Адам болам десеңіз Бес нәрсеге асық бол Бес нәрседен қашық бол Талап Еңбек Терең ой Қанағат Рақым Өсек Өтірік Мақатаншақ Еріншек Бекер мал шашпақ Бұл өлеңде Абай «адам болу» қағидасын үсынады. Бекер даурығып, өтірік айтып, жалқау болудың орнына өнер – білімнің арқасында өзіңнің орныңды тап дейді. Адам өміріне мән беретін, негізгі нәрсе өзінің бойындағы адамшылдықты жоймау. Бүкіл өмір бойында адамға лайықты өмір сүру. Бұл дүниеге адам болып келген соң, адам болып кету керек. Қандай жағдай болмасын адамдық қасиетті жоғалтып алмау, адамның басқа адамдар алдындағы жауапкершілігі. Ол адам тарапынан ерік-жігерді, қайратты қажет етеді. Отыз алтыншы қара сөзінде: «Ұяты күшті адамдар ұйқыдан тамақтан қалатұғыны да бар, хатта өзін - өзі өлтіретұғын кісілер де болады. Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты»,- дейді . Ұлы ойшыл, адам бойындағы ұят пен иман мәселесін қозғайды. Бұл екі ұғым адам мен хайуанның ара жігін ажыратады. Адам хайуаннан, ақ жүректігімен адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленеді. Ұяты бар адам – иманды. Ойшыл Абай адамдық танымдағы ұяттың басымдығын сөз етіп тұр. Жиырма бесінші қара сөзінде: «Қарыны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Ашап – ішуге малдың тапшылығы да ағайынның араздығына уа әртүрлі бәлеге ұрлық зорлық, қулық сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатын нәрсе» деп ой түйіндейді[4]. Қоғам көре алмаушылық, зұлымдық, қулық, сұмдықтан толық тазарғанда ғана бұл жаман қасиеттер, басқа да дөрекі мінез-құлықтар, тіпті адамға көрсетілетін зорлық-зомбылықта жоғалады деп сенеді.