Адам мәселесі туралы ойшылдардың пікірі


Абай философиясының ерекшелігі



бет5/6
Дата08.02.2023
өлшемі37,94 Kb.
#66264
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
(Абай философиясындағы адам мәселесі)

2.3 Абай философиясының ерекшелігі
Абай философиясының негізгі ерекшелігі ең алдымен адам мәселесін философияның негізгі мәселесі ретінде алып қалыптастырады. Абу Хайян ат-Таухиди айтқандай адам адам үшін мәселеге айналды. Бұл, әрине Абай философиясына антропологиялық сипат береді, бірақ Абайдың философиялық антопологиясының өзіндік сипаты бар ерекше философиялық ілім, жүйе болып табылады. Профессор О.А. Сегізбаев Абайдың антропологиялық философиясын Фейербахтың философиялық жүйесімен салыстыра отырып, екеуінің де философиясының ең басты мәселесі адам болғанымен, арасында ұқсастықпен қатар сапалық айырмашылық бар екендігі туралы ой-тұжырымға келеді. Л. Фейербах “Гегель философиясына сын” деген еңбегінде: «Табиғат асқазанның жай ғана шеберханасын жасап қойған жоқ, сонымен қатар ми сарайын орнатты, ол тіл ғана берген жоқ, дыбыстардың үйлесімділігін есту үшін құлақ, жарық көру үшін көз берді» - деп айтса, Абай отыз сегізінші сөзінде Алла: “…Адам баласын құрт, құс, өзге хайуанаттар сипатында жаратпай, бұл гүзәл сипатты беріп, екі аяққа бастырып, басын жоғары тұрғызып, дүниені көздерлік қылып өзге хайуандар секілді тамақты өз басымен алғызбай, ыңғайлы екі қолды басқа қызмет еттіріп, ауызына қолы ас бергенде, не ішіп не жегенін білмей қалмасын деп, иісін алып ләззаттанғандай қылып ауыз үстіне мұрынды қойып, оның үстіне тазалығын байқарлық екі көз беріп, ол көздерге нәзіктен, зарардан қорғап тұрарлық қабақ беріп, ол қабақтарды ашып жауып тұрғанда қажалмасын деп кірпік жасап, маңдай тері тура көзге ақпасын деп, қаға беруге қас беріп, оның жүзіне көрік қылып, бірінің қолынан келместей істі көптесіп бітірмекке, біреуі ойы, біреуі ұқтыраралық тіліне сөз беріп жаратты” - дейді. Бірақ Фейербах адам табиғи құбылыс болғандықтан, оның адамгершілік, әдептілік сипаты оның табиғи мінімен анықталады деп есептегендіктен оның антропологиялық философиясы адамнан Құдайға өтеді. Ал хакім Абай үшін адамды жаратқан Құдай болғандықтан, адамның бойындағы адамдық табиғатпен емес, Аллаға деген сеніммен, махаббатпен анықталады. Сондықтан Абайдың философиялық антропологиясы Құдайдан адамға өтеді. Абайдың философиялық антропологиясының келесі өзіндік ерекшелігі дүниежүзілік философияда, әсіресе Шығыс философиясында кең тараған “әмбебап адам”, “жан-жақты жетілген адам” ілімінің көптеген нұсқаларының ішінде (герметизм мен гностицизмдегі Антропос, Каббаладағы Адам Кадмон, маздаизм мен зоростризмдегі Гейомарт, Ежелгі Үндінің діни философиясындағы Пуруша, Ежелгі Қытай философиясындағы шэн жэнь, соның ішіндегі Конфуцийдің әлеуметтік идеал болып табылатын цзюнь-цзы, арабтілдік мұсылман Шығыс философиясындағы әл-инсан әл-кәмил және ортаазиялық жәуанмәртілік ілімдер) өзіндік орны бар. Абай адам мен кісі мәселесін жан-жақты, ауқымды қарастыру арқылы, өзінің кісілік философиясы арқылы жан-жақты жетілген “толық адам” тұжырымын негіздеді. “Толық адам” ілімі тұрғысынан Абайдың өзінің қаншама “толық”, жан-жақты жетілген адам екендігіне тағы да көзіміз жетеді. Абайдың “толық адам” тұжырымында басқа философиялық жүйелермен сабақтастық, байланыстылық бар екендігін байқауға болады. Мұның өзі оның қаншама жан-жақты білімді, парасатты философ екендігіне көз жеткізеді. Мысалы, ортағасырлық Шығыс мұсылман философиясының ірі өкілдерінің бірі әл-Газалидің пікірі бойынша, Құранда айтылғандай, адам Алланың көшірмесі, оның көмескі бейнесі. Адам да Алла сияқты көреді, естиді… Абайдың “Қара сөздерінің” 38-сөзінде де осы жайлы айтылады: “… Алла Тағалаға ұқсай алам ба деп, надандық бірлән ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ – дәл бірдейлік дағуасы бірлән емес, соның соңында болмақ. Оның үшін Алла тағаланың сипаттары: “Хаят (тіршілік), Ғылым, Құдірет (күш), Басар (көру), Сәміг (есту), Ирада (тілеу, қалау), Кәләм (сөздер), Тәкин (болу). Бұл сегізінен Алла тағалағыдай кәмәлат – гәзәмат (жетісу, үлкен) бірлән болмаса да, пендесінде де әр бірінен өз халінше бар қылып жаратыпты” . Абайдың пікірінше Аллаға тән негізгі сегіз қасиет бар: тіршілік, ғылым, күш, көру, есту, тілек тілеу, сөз, бар болу. Осы қаситеттер адамға да тән, бірақ олар Алланың бойындағыдай жетілмеген. Егер бұл қасиеттер адамда да жетілген күйінде болса, онда Алла мен адамның арасында айрмашылық болмас еді. Абайдың пікірінше жәуанмәрт, яғни жан-жақты жетілген толық адамға үш негізгі қасиет: шындық, ізгілік, даналық тән болуы керек. Осыған байланысты 38-сөзінде Абай былай деп жазады: “Енді біздің бастағы тагриф (тану) бойынша құдай тағала ғылымды, рақымды, ғадаләтті құдіретті етті. Сенде бұл ғылым, рақым, ғадаләт үш сипат бірлән сипаттанбақ: ижтиһадің (талап) шарт еттің, мұсылман болдың, һәм толық инсаниятың (адамгершілік) бар болады. Белгілі жәуәнмәрттілік үш хаслат (сипат) бірлән болар деген сиддық (шындық), кәрәм (ізгілік), ғақыл (даналық) – бұл үшіндән сиддық, ғадаләт болар. Кәрәм шафағат болар, ғақыл мағлұм дүр, ғылымның бір аты екендігі, бұлар әр адамның бойында Алла табарақа уатағала тәхмин (шама, шамамен) бар қылып жаратқан. Бірақ оған рауаж (реттеу, пайдаға асыру) беріп гүлдендірмек, бәлки адам өз халінше кәмәләтқа жеткізбек, жеһәтінде болмақ”. Сонымен, шындықты Абай әділеттілік, ізгілікті қайырымдылық, мейірімділік деп, ал даналықты ғылымның бір аты деп түсіндіреді. Әділеттілік – жақсылықтың анасы, ар-ұждан да әділеттілікке негізделеді. Ешуақытта әділеттілік сезімдеріңді жоғалтпай, жақсылық жасаудан шаршамандар деп үйретеді ұлы ойшыл, себебі әділетсіз иман да, адамгершілік те болуы емес. Ғылым мен даналық та адам бойында жақсылық пен адалдық қаситеттердің болуын үйретеді, яғни қайырымдылық қасиеттерін тәрбиелейді. Абай бұл қасиет барлық адамдардың бойында бар деп айтады. Бірақ аз төмен дәрежеде, сондықтан әрбір адамның парызы, яғни толық адам болу үшін осы қасиеттерді жетілдіру қажет және де оларды өз бойында сақтап, тек қана игі, жақсы істерге жұмсалу керек. Конфуций өзінің философиясында цзюнь-цзымен қатар “сяо-жэнь” (“кішкентай адам”, “арам, жаман адам” деген мағынада) мәселесіне де көңіл бөлді. Конфуцийдің айтуы бойынша “жақсы адам парыз туралы ойласа, жаман адам өзінің пайдасын ойлайды”. Бұл мәселе Абай философиясында пенде мәселесі арқылы сабақтастық тапты. Абай адам мен пенде мәселесін дүние мен жалған атты қарама-қарсы түсініктер арқылы ашуға тырысты. Егер де дүние – мәңгілік болса, жалған – уақытша, өткінші. Адам – осы дүниенің, мәңгіліктің туындысы болса, пенде – жалғанның, немесе күнделікті тіршіліктің көрінісі. Сондықтан адам, оның бар болмысы ең алдымен адамгершілік, ізгілік, қайырымдылық, ақиқат сияқты прициптерге негізделсе, пенде күнделікті күн көріс шеңберінен шыға алмайды. Абайдың пікірінше тіршілікте ар сақтау да, жан сақтау да бар. Әрине, Абай өзінің адамгершілік философия тұрғысынан ар сақтауды жан сақтаудан жоғары қояды. Адамның адамагершілігі, адамдық қасиетін жоғары ұстануы, оның жан сақтауында емес, арын сақтауында. Абай: “Ант ішіп күнде берген жаны құрсын, Арын сатып тіленген малы құрсын, Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, Қу тілмен құлық сауған зақы құрсын” деп, немесе: “Қу өмір жолдас болмас, әлі-ақ өтер, Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер, Ұятың мен арыңды малға сатып, Ұятсыз да иман жоқ, түпке жетер”, “Абиыр қайда, ар қайда? Өз басына не пайда?” деп, ар, ұят, намыс ұғымдарына ерекше терең мән беріп, адамның адам болуындағы, жан-жақты жетілген адам болып қалыптасуындағы олардың рөлін ерекше жоғары бағалайды. Абай осы ұғымдарға бір жақты қарамай оларды күрделі философиялық этикалық категориялар ретінде қарап, жан-жақты талдау жасайды. Мысалы, 36-сөзінде ұят категориясына философия тұрғысынан талдау жасайды, бір жағынан ұят – надандықтың ұяты: “Жас бала сөз айтудан ұялған сияқты, жақсы адамның алдында жазықсыз-ақ әншейін барып жолығудан ұялған секілді. Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын терістендіріп, шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялған ұялу – ақымақтық, жамандық”. Мұндай ұят адамға қажет емес, ол адамның жетіліп, дамуына кедергі болатын, кері әсер ететін ұят. Шын ұят болады, ол “шариғатқа теріс я ақылға теріс, я абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады. Мұндай ұят екі түрлі болады. Біреуі – ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде, сен ұялып кетесің. Мұның себебі, сол ұят істі қылған адамды есіркегендіктен болады… Біреуі сонда ұят, шариғатқа теріс, я ақылға, я абиұрлы бойға теріс, я адамшылыққа кесел қылық, қатеден, яки нәпсіге еріп ғапылдықтан өз бойыңнан шыққандығынан болады. Мұндай ұят қылық қылғандығынды бөтен кісі білмесе де, өз ақылың, өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіңе жаза тартырады. Кірерге жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмай, бір түрлі қысымға түсесің. Мұндай ұяты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны да бар, хатта өзін-өзі өлтіретұғын кісілер де болады. Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгілі, ешнәрсені көрмейді. Мұндай қылыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар” . Ұяттың бұл түрі, ар, намысы бар адамдарға тән, ол адам бойында адамшылық қаситеті тәрбиелегуде орны ерекше. Абай 14-сөзінде: “Ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір түгіл, әуелі адам ба өзі?” деп осы мәселе бойынша өзінің ой толғанысын білдіреді. Ал пенде мәселесіне келетін болсақ, ол Абайдың айтуынша өз басында еркі жоқ, барлығына тәуелді – байқұс. Пенденің бүкіл өмір болмысы жан сақтауға бағытталған, оның алдына қойған тілек, мақсаты – мал табу, тамақ пен киім, мансап пен атақ. Пенде жеке басының қамы үшін, жан сақтау үшін арын сатуға дейін барады. Аяқтап келгенде пенденің өмірлік мақсаты – мал табу, тамақ пен жан сақтау үшін арын сатуға дейін барады. Пенденің өмірлік мақсаты — өзінің қара басының қамы ғана. 38-сөзінде Абай айтқандай, пенденің “толық адам” болуына Алла ерік берген. Бірақ, адам әруақытта да Алланың берген еркін дұрыс пайдалана алмаған, көп жағдайда пендешілік жасап, шайтанның торына түсіп отырған. Абай “мұңлы шайтан құдайдың қуған жаны, — деп шайтан дүниетанымына зер салған. Професор Ғарифолла Есімнің пікірі бойынша, ақынды қызықтырған шайтанның бейнесі емес, оның мұңға батуы, ал оған кінәлі адам: “Дүниеге мұң әкелген Адам, оған дейін әлемде мұң болмапты. Сонда да адамның болмысында тек адам шындық сияқты ірі қасиеттерден ғана емес, өзгеге мұң әкелген, қайғы әкелген “шайтандықтың да болғаны. Шайтан деген ұғым адамға дейін болмаған. Демек, дүниеге ізгілікті де, зұлымдылықты да әкелген — адам”. Сонымен, Абай үшін адам болмысы ішкі қайшылықтарға толы күрделі құбылыс. Абайдың данышпандылығы, ұлылығы, көрегендігі, оның сол кездегі көтерген мәселелердің бүгінгі күн үшін де өзекті, өзінің маңыздылығын жоймағандығынан да көруге болады. Абайдың философиялық ой-толғаныстары тек оған дейін өмір сүрген Батыс және Шығыс философтарының ойымен сабақтасып қана жатқан жоқ. Сонымен қатар, бүгінгі заманның ірі ойшылдарының философиялық ізденістерінен де байланыстылық, сабақтастылық бар екенін байқауға болады. Мысалы, Абайдың адам заттарды өзіне құл етсе, пенде заттың құлы деген ойы, жалпы пенде туралы ой-толғаныстары Франкфурт мектебінің өкілі Герберт Маркузенің “бірөлшемді адам” идеясымен сабақтасып жатыр. Г.Маркузе өзінің “Бірөлшемді адам” атты еңбегінде индустриалдық қоғамның орнауы сол қоғамның әлеуметтік таптық құрылымының өзгеруіне алып келеді, жаңа, өзгерген жағдайда пролетариат – маңызды әлеуметтік тап болудан қалады, себебі индустриалдық өркениеттің құлы пролетариат емес, тұтынушы болып табылады деген идеяны ұсынады. “Индустриалдық қоғам” дегеніміз Г.Маркузенің пікірі бойынша “тұтынушылар қоғамы”, ол қоғамның адамы өзінің революциялық-сыншыл қасиеттерін жоғалтып бір өлшемді адамға айналады. Бір өлшемді адамда тек қана экономикалық, әлеуметтік, саяси жүріс-тұрыстың белгілі бір типі қалыптасып қоймайды, оның бүкіл психологиясы да өзгереді. Бір өлшемді адамның бүкіл өмір болмысы бір нәрсеге – тұтынуға ғана бағытталған. Абай өзінің көптеген өлеңдері мен “қара сөздерінде” пендеге тән әдепсіздік, әділетсіздік, надандық, арсыздық, пара және пәлеқорлық, мақтаншақтық, менмендік, арамдық және т.б. теріс қасиеттері туралы жиіркенішпен, ренішпен айтса, жан-жақты жетілген толық адамға тән адамгершілік, ізгілік, шыншылдық, білімділік, әдептілік пен әділеттілік, қайраттылық пен төзімділік, имандылық сияқты көптеген қасиеттеріне жан-жақты талдау жасап, адамның өз бойында осы қасиеттерді бар мүмкіндігінше жетілдіру қажеттігін айтады. Неғұрлым тұжырымдалған түрінде Абай осы ойын 38-сөзінде жалғастырады: «… Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (өлшеусіз) болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып, кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаңа болса, өзің ниһаятылысың, ол жол құдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол деген ынсап? Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я малыңнан гадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – құдайдың жолы. Ол – ниһаятсыз жол, сол ниһаятсыз жолға аяғыңды берік бастың ниһаятсыз құдайға тақырып хасил (жақындық табу) болып хас (нағыз) езгу құлдарынан болмақ үміті бар, өзге жолда не үміт бар?… Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі — надандық, екінші – еріншектік, үшінші зұлымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады. Бұлардың емі халқына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты тұрлаулы, ғадаләт ісінің алды-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын» . Абай философиясының негізгі мақсат мүддесі — әр пендені адам ету, оны пенделік жолдан құтқару. Абайдың пікірі бойынша адамның кісі ретінде қалыптасуында орта және тәрбие өте үлкен рөл атқарады. Адамдар табиғаты жағынан тең, бәрі де туады, өледі, барлығына да киім, тамақ керек, бәрі де қуанады, қайғырады. Олар туғаннан жаман не жақсы болып тумайды. 19-сөзінде: “Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөзін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерін ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады” дейді. Абай адамда кісілік қасиетінің қалыптасуында ортаның, ең алдымен қоғам, уақыт пен дәуірдің ерекше рөл ойнайтындығына ерекше назар аударады. Егер де адамдар әдепсіз болса, оған сол өздері өмір сүріп отырған дәуір кінәлі деп есептеді, себебі адам баласын заман өсіреді. Кімде-кім жаман болса замандасының бәрі кінәлі. Абай тәрбие мәселесіне де көп көңіл бөлді, себебі ол адам бойында кісіліктің қалыптасуына әсер ететін өте маңызды факторлардың бірі болып табылады. Осы мәселеге байланысты он бесінші сөзінде Абай былай деп жазады: “Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан кейін бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?”. Адамның кісілік кейпінің қалыптасуында оның сырт пішіні емес, ішкі дүниесінің жетілуі, тәрбиелеуі неғұрлым маңызды болып табылады. Осыған байланысты Абай былай деп жазады: “Кейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түземек, жүріс-тұрысын түзетпек болады да, мұнысын өзінше бір дәулет деп біледі”. Ал толық адам өзінше ең алдымен өзінің рухани жетілуін ойлау керек. Оның жолдары басқаша: “әуелгісі — әрбір жаманшылықтың жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады. Екінші — өзін-өзі өзгешелік пен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады. Үшіншісі – қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек. Олар дұшпандық шақырады. Һәм өзі өзгеше боламын демектің түбі – мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілікті бітіреді де, күншілік күншілікті қозғайды. Бұл үш түрлі істің жоқтығы, адамның көңіліне тыныштық береді. Әрбір көңіл тыныштығы көңілге талап салады” . Осы ойды Абайдың он сегізінші сөзінде де кездестіреміз: “Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек – дұрыс іс. Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ – кербездің ісі. … Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселерменен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық” деп ойын түйіндеді. Абай адамның жақсы не жаман болуы құдайдан емес, тәрбиеден деп есептейді. Осы мәселелердің жоғарғы бір көрінісі ретінде Абай “мен” мен “менікі” деген күрделі философиялық мәселені шешуге тырысады. Абай осы ойын өте терең де әдемі өлең шумағы арқылы жеткізеді: Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтіп келіп, ойнап-күлмес. Мені мен менікінің айырылғанын Өлді деп ат қойыпты өңкей білмес… Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған. “Мен” мен “менікінің” ара қатынасы туралы ертеден әртүрлі діндер мен философиялық жүйелерде қарастырылып жүрген өте көне және ауқымды философиялық мәселелердің бірі. Абай философиясының өзекті мәселесі-адам, адамилық, адамгершілік мәселелері болғандықтан, Абай да “мен” мен “менікінің” күрделі қарым-қатынасына философиялық талдау жасап, оған өзіндік түсініктеме береді. Абай осы мәселеге байланысты былай деп жазады: Ақыл мен жан – “мен” өзім, тән – “менікі”, “Мен” мен “менікінің” мағынасы екі: “Мен” өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, “Менікі”өлсе өлсін, оған бекі! “Мен” – жан, рух болып табылса, “менікі” – тән, адам денесі. “Менікі”, яғни адамның тәні, денесі өлгеннен кейін, Абайдың пікірінше “мен”, яғни рух, жан ешуақытта өлмес емес. “Мен” әр адамның рухы, оның адамгершілік қасиеті, ал “менікі” – еңбекпен жасалған, артта қалған дүние – мүлкі. Материалдық дүние өткінші, ал руханилық – мәңгі. Руханилық адам бойындағы адамилыққа байланысты болса, материалдық дүние – пендешілікке тән. Сондықтан Абай: “менікі” өлсе өлсін, оған қайғырма, өзіңнің өзіңнен кейінгі ұрпаққа қандай рухани мұра қалдыра алатындығыңды ойлан, бір сөзбен айтқанда пенде емес, азамат, адам бол деп үйретеді. Осы жерде ескерте кету керек, Абай мәңгілік мәселесін діни тұрғыдан емес, әл-Фараби сияқты жақсы істер мен ойдың жалпы философиялық, әлеуметтік мағынасын да қарастырады. Адамның адам болып, жан-жақты жетілуі тұрғысынан қарастырады. Әрине, бұдан Абай Құдайды, Алланы мойындамады деген қате көзқарас тумауы керек. Абай адам мәселесі бойынша өзінің жалпы философиялық ой-толғаныстарын діни эстетикалық жақтарымен де толықтырады, мұның бәрі Абайдың толық адам ілімінің қанша ауқымды, жан-жақты екендігін көресетеді. Абай: Алла ішімді айтқызбай біледі ойла, Пендесіне қастық пен кінә қойма. Распен таласпа мүмин болсаң Ойла, айттым, адамдық атын жойма!- дейді. Абай шығармашылығында “рас” сөзі болмыс деген мағынаны білдіреді. “Рас” не деген сұраққа Абай: ол Алланың өзі және сөзі деп жауап береді. Алла – шындық, шындықты мойындау, Алланы мойындау деген сөз. Абайдың “распен таласпа…” деуі, Алла сөзіне күмәнданба деген мағынаны береді және де Алла жолына түскен адам ғана адамдықты жоймайды, себебі адамилық Алла мен адамның арақатынасынан туатын қасиет. Алла шексіз, оны танып білуге ұмтылған адам өзін-өзі шексіз жетілдіріп отыруы керек, Алланы тануы – адамның өзін-өзі тануы. Абай үшін нағыз мұсылман болу – адамның адамдық атын жоймауымен тең . Абай жан-жақты жетілген адам идеясын “махаббат философиясымен” байланыстырады . Абай Алланы сүюге шақырғанда адамның өзін-өзі танып, тазару мақсаты тұрғысынан айтады. Себебі, өзін-өзі танитын адам өзгеге бөгде көзқараспен қарауы, басқаға жаманшылық ойлауы мүмкін емес. Абай махаббатты адамды жарамсыз қылықтарынан арылтатын, тазартатын күш деп қарайды. Абай кейбір мәселелерді шешуге байланысты суфизм позициясында тұрғанымен, суфизмнің кейбір идеяларын мойындағанымен, оның философиясы аскетизмге емес, прагматизмге, өмірмен байланысқан философия болып табылады. Ал кейбір мәселелерді қарастырғанда суфизмді тек қана мойындамай қоймай, оған қарсы шығады. Бұл ең алдымен Абайдың жан-жақты жетілген толық адам ілімінде айқын байқалады. Абай осы ілімге арналған 38-сөзде былай деп жазады: “яғни пенделіктің кәмәләты әулиелік бірлән болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып һу деп тариқатқа (дін жолы) кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі Алланы пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді? Хәрами (арам нәрсе), макруһи (жиіркенішті) былай тұрсын, Құдай тағаланың қуат бірлән иждиһад ақылың бірлән тауып, рақатын көрмегіне бола жаратқан берген нигмәттеріне, онан көрмек хұзырға (тыныштық, рахатшылық) суық көзбірлән қарап, ескерусіз тастап кетпек ақылға, әдепке, ынсапқа дұрыс па? Сахиб нигмәтке (Байлық иесі) шүкіршілігің жоқ болса, әдепсіздік бірлән күнәкер болмайсың ба? Екінші – бұл жолдағылар қор болып, дүниеде жоқ болып кету де хаупі бар. Уа кәпірлерге жем болып кетуде, қайсы бір сабырсыз жолынан тайып, сабырмен бір қарар тұрамын дегені болып кетселер де керек. Егер де бұл жол жарым-жартыларына ғана айтылған болса, жарым-жарты рас дүниеде бола ма? Рас болса, һәммәга бірдей рас болсын, алалаған рас бола ма? Һәм ғадаләт бола ма? Олай болғанда ол жұртта ғұмыр жоқ болса керек. Ғұмыр өзі – хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәләт жоқ” . Абай адамның өзін-өзі жетілдіруінде тақуалыққа (аскетизмге) негізделген тариқат жолында түсуі дұрыс емес деп есептейді. Егер адамдар осы жолға түссе, “дүние ойран” болар еді, ол өмірдің өзін жоюға әкелер еді. Абайдың пікірінше өмір ең жоғарғы ақиқат, дүниесіз адамның жетілуі мүмкін емес. Абай өзінің 17-сөзінде “толық адам” ілімін толықтыра түсіп, адам қасиеттілер қатарына қосылу үшін оған үш нәрсе тән болу керек деп есептейді, олар: қайрат, ақыл, жүрек. Себебі адамға күш-қуат беретін оның өзінің қайраты. Қайрат-жігерсіз адам жамандық жолына түсуі мүмкін. Абай: Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кім түртпек? Ақылға сәуле қонбаса, Айуанша жүріп күнелткен”-дейді. Ақыл — адам болмысын, оның іс-әрекетін басқарады, адамның жануарлардан айырмашылығы оның ақылының болуында: Малда да бар жан мен тән, Ақыл, сезім болмаса. Тіршіліктің иесі сән, Тереңге бет қоймаса?! Ақылдың ерекшелігі – амал да, айла да, жақсы да, жаман да ақылға негізделеді. Ал жүректің орны ерекше, ол ақылдың “Жаманшылық айтқанына ермейді. Ермек түгілі жиреніп, үйден қуып шығады.” Қайраттың да еркіне көнбейді: “орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды”. Абай жүрек туралы өз ойын былай деп білдерді: Жүректе қазына бар, бәрі жақсы Теңіздің түбіндей-ақ қарап бақшы Сол жүректен жылулық, достықпенен Бұлақша ағып ғаламға тарамақшы Үшеуі қосылып, бәрін жүрекке билеткен кезде ғана адам жан-жақты жетілген толық адам, ең қасиетті адам бола алады деп есептейді ұлы ақын: “Осы үшеудің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табаныңның топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол” . Абайтың “толық адам” ілімі – адам, адамилық, адамгершілік принциптеріне негізделген. Абайдың осы мәселені өзінің терең мағыналы философиялық жүйесінің орталық, өзекті мәселе ретінде алуы оның өз халқының бойында адамилықты дамыту, тәрбиелеу, адамның өмірінің соңына дейін өзінің адамдық қалпын сақтай алуы, бір сөзбен айтқанда “адам болуын” тілеген ой-толғанысының, жүрек қобалжуының нәтижесі деп қарау керек деп ойлаймын.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет