***
Келесі күні медбике Джиббс келді. Ол шебер және тәжірибелі, бірақ мүлдем сөзге
сараң, тұйық адам екен. Мен өзіме, егер де медбике бүгін емес, әкемнің жоспарлағанындай
кеше келгенде не болар еді? Әкем өзінің сезімдеріне ашықтан ашық ерік берген болар ма еді?
Менімен осы уақытты өткізуге келісер ма еді? Мінәжат ететін бе еді? деген сұрақтарды
қоюмен болдым. Менің ойымша, бұлай болуы екіталай. Әрине, бұл тек Құдайға ғана аян,
алайда Киелі кітапта біздің Оған барлық жағдайлар үшін алғыс айтуымыз керектігі туралы
жазылған. Сондықтан енді осы жағдайдың қандай болғаны туралы ойлана отырып, сәл
болмағанда өмірмен қош айтысуыма тура келген, Уитондағы менімен болған жағдай үшін
Құдайға алғыс айтуым керектігін сезіндім.
Мен үш апта бойына төсекте жаттым. Әр күні кешке медбике Джиббс күндізгі
ауысымнан кейін үйіне кеткен соң, әкем менің қасыма келіп, орындыққа жайғасып отыратын.
Жаз жақындап қалған болатын, ал күн болса әжептеуір ұзарып қалған еді. Әкем менің барлық
өтініштерімді қуанышпен орындап жүрді. Ол мәсіхшілік өмірді қалай сүру керектігі мен
130
Құдайға қалай ұнамды болуға болатыны туралы маған сұрақтар қоятын. Ол өзінің бостан-
босқа жіберіп алған уақытының орнын толтырғысы келді.
Менің өзімнің Киелі кітабым бар еді, әкем Жазбаны мүлдем білмегендіктен, мен оған
кейбір негізгі үзінділерді көрсете бастадым. Ол айтарлықтай оқымысты емес еді, алайда
Жазбаның сөздері оған түсінікті болды және өзінің жүрегіне ерекше әсер еткен бір аятты
дауыстап оқығанда, бөлменің ішінде терең тыныштық орнайтын.
«Сендерге тағы бір маңызды шындықты айтайын: кімде-кім айтқан сөздеріме құлақ
асып, Мені Жібергенге сенсе, сол мәңгілік өмірге ие. Ол қиямет сотына тартылмайды,
керісінше, рухани өлімнен шынайы өмірге өтті» (5:24), – деп ол Жохан жазған Ізгі хабардағы
аятты ақырын ғана дауыстап оқып шықты.
— Исаға сенім арт, әке. Құдайға сенім арт. Оның Сөзін оқы және соған сай әрекет ете
бер, – деп мен оны ынталандырдым.
Міне, осылай екеуміз Киелі кітап оқып, оқыған шындықтарымызды талқылап, кешкі
уақыттарды бірге өткізіп жүрдік.
Бір күні кешкісін әкем бөлмеге кіріп келді, мен оның түтігіп кеткен түрін көргенде, бір
жағдайдың болғанын түсіндім. Солай болып шықты да. Терең күрсініп алып, ол, ақыры,
болған жәйтпен менімен бөлісіп, былай деді:
— Ұлым, мен маскүнеммін және мен мұны жақсы білемін. Мен осы әдетті біржолата
тастау үшін «Анонимдік маскүнемдер» қоғамына жазылдым, алайда бұрынғы өміріме қайта
оралмауым үшін, менде әрқашан менің сақадай сай болып тұруым керек деген ой болды. —
Ол мені бір нәрсе айтар ма екен деп көз жеткізу үшін маған қарады, бірақ мен үндемедім. —
Жағдай былай, бүгін таңретең ерте тұрып, мен сиырлардың қорасын тазалау үшін күректі
қолыма алғаным сол-ақ екен, маған ішімдік ішу туралы ой келді, осы ойдан қашып құтыла
алмадым, тіпті осы ойға қарсы тұра алмадым. Бұндай ой мен қалаудың қайдан келгенін
білмеймін, өйткені бұл ой мен қалау кенеттен, аяқ астынан келді, оның күшті болғаны
соншалықты — менің төзімім жетпеді, мен өзімді өзім билей алмай қалдым. Ал менің есіме
қай жерге ішімдік жасырып қойғаным түсті — сол жерде әлі жарты бөтелкедей шарап
болатын. Мен барып оны алып ауызын аштым да, әжептеуір жұтып жібердім.
Менің бет-әлпетімде қатты көңілім қалып, түңілгенімнің жазылып тұрғанына күмәнім
болған жоқ, келесі сөздерді әкем өзінің көзі жеткен сенімімен айтты:
— Міне, солай болды: бірақ қалайша бұлай болғанын, өзім де әлі түсіне алмай тұрмын,
алайда у ішкендей сезімде болдым … Әуелі ол от сияқты тілімді күйдірді, содан мен шарапты
131
жұта алмай, сол сәттің өзінде-ақ түкіріп тастадым, ал одан кейін бөтелкедегі ішімдікті соңғы
тамшысына дейін жерге төктім.
Менің тіпті кереуетке отырып алғым келді, егер денем қатты ауырмағанда, мен отырып
алар едім.
— Әке, мен мұндай жақсы жаңалықты көптен бері естімеген едім! — деп қуанғанымнан
дауыстап жібердім де: — Иса Мәсіхтің сенің өміріңді басынан аяғына дейін барлығын
толығымен қағып сілкілегенін, енді көрдің бе? – деп сұрадым.
— Дәл солай, ұлым. Шынымен, солай, – деп, әкем де қуанып тұр.
«Анонимдік маскүнемдердің» келесі жиналысында әкем өзінің басынан өткен оқиғасын
айтып беріпті. Ол енді олардың әкемді қалай қабылдағаны туралы куәлігін маған айтып
бергенше асығып:
— Сен білесің бе, олардың бәрі маған қол шапалақтап нағыз қошемет көрсетті! — деп
қуанып айтты.
Жиналған адамдардың арасынан біреу әкемнен, осындай ерік-жігерді көрсетуге қалай
шамаң жетті деп сұрағанда, ол оларға өзінің жүрегін Исаға ашқаны туралы айтып беріпті,
тіпті ол Киелі кітаптан:
«Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар,
Еңселерін тым ауыр жүк басқандар,
Менің қасыма келіңдер, бәрің,
Жандарыңды Мен рақатқа бөлеймін!» (Мат. 11:28), – деп жазылған аятты келтіріпті.
— Әке, бір күні осы сөздерді айтамын деп бұрын ешқашан ойламаған едім, бірақ мен
сені мақтан тұтамын. Анамның қасымызда болмағаны, өкінішті-ақ, ол да сенің өзгергеніңді
көріп қуанар еді, – дедім шыдамсыздықпен оның сөзін бөліп жіберіп.
Әкем тек басын изеді де:
— Енді біздің тобымыз менің олармен бірге екі аптадан кейін Джексонға, жергілікті
түрмеге барғанымды қалайды, – деді.
— Түрмеге дейсің бе? Өзіңнің басыңнан өткен оқиғаны сол жердегі тұтқындарға айтып
беру үшін бе? – деп сұрадым мен.
Әкем күлімдеп, қолымен менің иығымды қысып:
— Иә, солай, – деді.
Кенеттен, Уэйн Бейлидің менің иығыма қолын қоятыны есіме түсіп кетті. Сол кезде мен,
бала едім, маған әкемнің мықты құшағы жетіспейтін… әкем тарапынан болатын кез келген
132
қамқорлыққа және оның маған көңіл бөлуіне мұқтаж едім. Уақыт сағаты келмейінше… мен
оның әкелік сүйіспеншілігін көре алмадым.
***
Уитонға қайта оралатын уақыт жақындап қалғанда, менің көңілімді сұрап бағушы Логан
келді.
— Уитонға дейін қалай жетіп алмақшысың? — деп сұрады ол менен.
— Автобуспен жетіп алатын шығармын деп отырмын, – дедім оған.
— Жоқ, бұлай болмайды. Мен сені өзім апарып саламын, — деді менің әрі досым, әрі
тәлімгерім болған Логан мырза, қарсылық білдіруімді қаламаған сыңай танытып.
— Жақын жер емес қой, мырза, — деп едім,
— Есесіне жол қысқартатын жағымды серіктесім боласың, — деп табандылықпен
қайталады ол.
Менің бақыттан басым айналды. Әкем Мәсіхті қабылдаған кезде, мен бағушы Логанға
дереу телефон шалғанмын, бұл хабарды естіп ол қатты таңқалып, қуанған болатын. Менің
оларды бір-бірімен таныстырғым келді, алайда бұның орайын қалай табу керектігін білмей
жүргенмін, өйткені басыма түскен пәлекеттен кейін мен қауымға бара алмай қалдым. Енді
міне, маған Уитонге кетпей тұрып, оларды бір-бірімен таныстырудың орайы келді. Бәрі де өз
ретімен жүріп жатты.
Ал бірнеше күн өткен соң Ларри Майнор және тағы да менің Бэттл-Криктегі бірнеше
достарым демалыс күндерді табиғат аясында бірге өткізу үшін мені Бентон-Харбордағы
Мичиган көліне шақырды. Күтуші қыз мені мойын жақшаны (бандаж) киюге көндірді,
өйткені мен ауыр апаттан кейін үйден бірінші рет шыққалы тұр едім. Біз жағажайға келе
салысымен-ақ, бірден волейбол ойнауға кірісіп кеттік. Алайда, алғашқы бірнеше секундтың
ішінде мен мойнымның қатты ауырғанын сездім, сол мезетте-ақ бұл ойнның мен үшін қауіпті
болатынын түсіндім. Менің волейбол алаңынан шығып, уақытша өзімді әлжуаз қария сияқты
сезініп, көк шөптің үстінде отырып, демалуды қанағат етуіме тура келді. Менің достарымның
көңілді ойынына қосыла алмағаныма аздап көңілім түскенімен, қынжылысым ұзаққа
созылған жоқ — айналамдағы табиғаттың әсем көрінісін тамашалап отырып, менің жүрегім
алғыс сезіміне толды. «Бала бақша!» — дедім мен достарыма айқайлап, Достарымның допқа
133
таласып, құмға аунап ойынға беріліп кеткенін сырттай бақылап отырып, қалжыңмен оларға
тағы да: «Бала бақша!», – деп айқайлап қойдым.
Көлдің көкпеңбек суы күннің сәулесімен шағылысып жарқырап тұрды. Мен көзімді
жұмып, Құдайдың менің әкемді құтқарғаны үшін, күннің қыздырып тұрған керемет жылуы
үшін тағы да басқа үлкенді-кішілі істері үшін Оны мадақтап мінәжат еттім. Енді үш күннен
кейін — мен студенттік өмірдің өзеніне сүңгіп кетемін, алдымда мені бақылау жұмыстары
мен қорытынды емтихандар күтіп тұр. Алайда, қазір мен жіберіп алған сабақтарымның
орнын толтыру туралы ойлағым келмеді.
***
Мен үйден кететін күні, таңертеңнен қимылдап жолға жинала бастадым. Көп кешікпей
көліктің дыбысы естілді — бұл бағушы Логанның көлігі еді, үйдің алдындағы көк шалғынға
келіп тоқтады. Әкем есікті ашып, менің киімдерім салынған жол сөмкені қолына алды да,
оған қарсы асығыс жүріп кетті.
— Сәлеметсіз бе, Макдауэлл мырза, — деді бағушы Логан, көліктен түсіп, кіре берістегі
баспалдақтан көтеріліп келе жатып. Олар бір-бірімен қол алысып амандасты. — Сізбен
танысқаныма қуаныштымын. Мен ұлыңыздан сіз туралы көп естігенмін.
Әкем көзін басқа жаққа бұрып:
— Бұл мақтаулы сөздер болмаған шығар деп қорқамын, – деді.
— О не дегеніңіз, мырза! Мүлдем, олай емес, – деп жауап берді бағушы Логан.
Мен де кіре беріске шығып:
— Сен менің рухани әкем бағушы Логанмен танысып үлгірген сияқтысың ғой, — дедім
әкеме қарап.
Ол басын изеп:
— Ал, енді мен сенің рухани балаң боламын ғой? Солай ма, Джош? — деп сұрады ол,
маған көзін қысып, сосын бағушы Логанға қарап күлімдеп: — Олай болса, сіз енді менің
рухани атам болсаңыз керек, – деп қосты.
Бағушы Логан тек қарқылдап күліп, біздің екеумізді де иығымыздан құшақтап:
— Біз бәріміз — Құдайдың балаларымыз, — деді, сөйтіп біз көлікке қарай жүрдік.
— Сізді біздің қауымда көремін деп үміттенемін. Келіңіз біз сізді күтеміз, — деді
бағушы Логан әкеме қарап.
134
— Баруға тырысамын. Расын айтсам, менің бос уақытымның бәрі «Анонимдік
маскүнемдердің» жиналысына кетеді, – деді әкем бағушы Логанға қарап.
— Бұл да маңызды қызмет, әке. Бірақ «Анонимдік маскүнемдер» тобында сенің
Құдайдың Құдыреті туралы айтатын сөздеріңнің Иса Мәсіхке нұсқайтынын ұмытпағайсың,
— дедім мен әңгімеге араласып, алайда бағушы Логанның бірдеңені алдын ала ескерткендей
сыңай танытқан көзқарасын байқап қалдым да, дереу тақырыпты өзгертуге асығып: —
Айтпақшы, қауым Факторивилль-роудте. Сен әр кез сол жерден өтесің, сондықтан адаспай
тауып аласың.
Әкем есікті ашып, менің көлікке мінуіме көмектесті.
— Сенің кетіп бара жатқаның, өкінішті, ұлым. Сенімен сондай жақсы уақыт өткіздік.
— Былай, әке, түнгі үстелдің үстінде мен саған Киелі кітапты қалдырып кеттім. Оны әр
күні оқимын деп уәде бересің ғой?
— Уәде беремін.
— Және мен үшін мінәжат етуге?
— Сөз беремін.
— Мен де сен үшін мінәжат етемін, әке.
Бағушы Логан көлігін оталдырып жатқан кезде, мен әкемнен көзімді алмай қарап тұрып:
— Әке, мен сені жақсы көремін, – дедім.
Жауап ретінде ол менің қолымды қатты қысып:
— Мен де сені жақсы көремін, ұлым, – деді.
— Мен жазда келгенде, екеуміз бірге балық аулауға барамыз.
— Бұл тамаша болар еді!
— Демек, келістік қой! — дедім мен қатты дауыстап, қоштасып жатып.
Көлік жүріп бара жатқан кезде, мен әкеме соңғы рет қарау үшін, арт жақты көретін
айнаны бұрдым. Мен оның кіре берістегі баспалдақта тұрып, біз жаққа қарап тұрғанын
көрдім, көлік бұрылып, оған көрінбей қалғанша, ол қолын бұлғап тұрды.
Иллинойсқа дейінгі қайтар жолда біз бағушы Логан екеуміз мауқымыз басылғанша көп
сөйлестік. Біз уақыттың қай мезгіл болғанын да байқамай қалыппыз — әңгімеге кірісіп
кеткеніміз соншалықты, бағушы Логан спидометрге де назар аудармай қойған сияқты. Біздің
соңымыздан полицей дабылы айқай салды, көп кешікпей біздің көлігімізді жолдың жиегіне
қыспаққа алып тоқтатты. Бағушы Логан терезені төмен түсірген кезде:
135
— Сәлеметсіз бе, мырза. Ғафу етіңіз, көлік жүргізу куәлігіңізді көрсетсеңіз екен, – деді
полисмен.
Бағушы Логан жүргізу куәлігін полисменге беріп жатып:
— Офицер, не болып қалды,? — деп сұрады.
Полисмен куәлікке шала-шарпы қарады да, жәй ғана:
— Қоршалмаған мектеп ауласы — көшеде алдыңыздан балалар шығып қалуы мүмкін.
Ал, сіз мектепке жақын жерде жылдамдықты асырдыңыз. Арт жағыңызда ескертуші белгі
ілініп тұр, – деп жауап берді.
— Мен оны көрмей қалыппын, — деді бағушы Логан.
— Менің не істеуім керек? Белгінің аты белгі.
— Мен оны байқамағаным үшін кешірім сұраймын. Белгіде не көрсетілген?
— «Балалар 40 ш/с. жылдамдықты шектеу». — деді сарбаз ресми дауыспен, айыппұл
жазылған түбіртекті бағушы Логанға беріп жатып. — Ал, сіз алпыспен жүріп келе жаттыңыз.
Сондықтан енді сотқа барып, айыппұлды төлеп қайтыңыз.
— Немесе айыппұлға қарсылық білдіріңіз, — деп айттым мен.
Полисмен еңкейіп, мені жақсылап көру үшін терезеден қарады да:
— Бұл жерде қарсылық білдіретін түк те жоқ, жас жігіт. Бұл жерде екі жердегі екі төрт
болатынындай, бәрі де айдан-анық, – деді өзіне деген сенімділікпен.
— Ал, мұны біз әлі сотта көреміз, — дедім мен ақырын.
— Сен не деп тұрсың? — деп сыбырлады бағушы Логан, маған үрейлене қарап.
Ал мен оған қарап, жәй ғана жымиып қойдым.
— Олай болса, онда менің соңымнан ілесіңіздер, — деді полисмен, өзінің көлігіне қарай
жүріп бара жатып.
Болған жағдайдан құты қашқан бағушы Логан, тезірек айыппұлды төлеп, болған
оқиғаны ұмытқысы келді, ал менің пікірім басқаша еді.
Менің соттағы қорғаныс сөзім қарапайым және қысқа болды. Мен сотқа:
— Жоғары мәртебелім, белгіде «Балалар. 40 ш/с. жылдамдықты шектеу» деп жазылған,
алайда біз осы ауданнан өтіп бара жатқан кезде, ол жерде тек бір ғана бала болды.
Соттаушы үстелден басын көтеріп, көзін сығырайтып, маған қарап:
— Сіз не туралы айтып тұрсыз? – деп сұрады.
— Белгі туралы айтып тұрмын, Жоғары мәртебелім … Жүргізушілерге жылдамдықты
төмендету туралы ескертуші белгі, нақты түрде: « Балалар» - деп мәлімдейді. Басқаша сөзбен
136
айтқанда, балалар — біреуден көп болған жағдайда дегенді білдіреді. Алайда, менің айтып
өткенімдей, ережені бұзған сәтте жаяужолда тек бір ғана бала кетіп бара жатқан еді. Көріп
отырғаныңыздай, Жоғары мәртебелім, қадірменді бағушы заңда көрсетілген жол ережесін
бұзған жоқ.
Соттаушы біраз уақыт үндемей маған қарап отырды, сосын бағушы Логанға қарады,
ақыр соңында, бізге айыппұл жазып берген полисменге қарап:
— Мен бұл жерде неше жылдан бері соттаушы болып істеп келе жатырмын? – деп
сұрады.
— Нақты айта алмаймын, Жоғары мәртебелім. Алайда, мен полицияға қызмет ету үшін
енді ғана келген кезде, сіздің бұл жерде жұмыс істеп жүргеніңізге біраз жыл болып қалған еді,
– деп жауап берді ол.
— Балам, — деді соттаушы, мені жоғары бағалайтын көзқараспен маған қарап: — Сенің
дәлелдеріңнің заңды көзқарас тұрғысынан қаншалықты салмақты екенін, мен білмеймін,
бірақ сенің мені таңқалдырғаның – шындық! Ла-Порт аймағында мен соттаушы болып
істеген көптеген жылдардың ішінде, сенің мына айтқан сөздерің – менің естуіме тура келген
ең таңқаларлық қорғану пікірі екені, сөзсіз. Осымен іс жабылды, – деді.
Біз сот ғимаратынан шыққан кезде, бағушы Логан қуанғаннан менің иығымнан қағып:
— Міне, нағыз заңгер деп сені айтса болады! Енді сенің бұл мамандықты бекерге
таңдамағаныңа көзім жетіп тұр, – деді.
Бағушы Логанның сөздерінен кейін, менің көкірегімді көтергім келді. Оның көлігіне
мініп, есікті жабудан алдын, мен әдейі әдептілікпен полисменге басымды изедім. Біз Уитонге
келіп жеткенде, бағушы Логан «Жеті ергежейлі» деп аталатын мейрамханада мені түскі аспен
қонақ етті. Ал, тамақ жеп болған соң, мен шайқалған қаймақ құйылған бананға тапсырыс
бердім. Біз университеттің маңынанан пәтер жалдайтынбыз, біз сол жерге жетіп келгенде
менің достарым Дик Пернел мен Фрэнк Кифер сол үйдің қасында бізді күтіп тұр екен, олар
менің пәтерге орналасуыма көмектесті. Оқудың аяқталуына бар болғаны бір ай қалған еді.
Менің бас көтермей емтиханға дайындалуыма тура келді, алайда мен емтихандардың бәрін
ешбір қиындықсыз тапсырып шықтым.
Енді келесі жылғы оқу жылы маған ешқандай мәселе туғызбайтын болғандықтан, мен
әкеме телефон шалып, балық аулайтын қармақтарды дайындайтын уақыттың келгенін
ескерттім.
137
Он үшінші тарау
1961 жылдың жаз мезгілі
Менің үйге оралуымның бірінші аптасы біздің, Макрэя деп аталатын өзінің үй
тағамдарымен әйгілі болған мейрамханаға барып, әкем екеуміздің таңғы асты бірге
ішуімізден басталды. Мен таудай болып үйіліп тұрған құймақты жеуге дайындала бергенде,
біреудің: «Қайырлы таң, Уилмот. Көріспегенімізге көп болды!» – деп әкеммен амандасқан
таныс дауысты естідім.
Бұрылып қарағанымда, мен біздің қасымызға Остин мырзаның келгенін көрдім, ол
әкемнің достарының бірі және Сент-Джозеф-стриттегі көлік шеберханасының иесі болатын.
— Егер мен сендермен бірге отырсам, қарсы емессіңдер ме? — деп сұрады Остин
мырза.
— Әрине, — деді әкем, өзі отырған диваннан оған орын босатып беру үшін жылжып
отырып жатып: — Сіздер бір-біріңізді танисыздар ма? — Бұл Джош, – деді.
— Әрине, таныспыз — деді Остин мырза, маған үстелдің үстінен қолын созып жатып:
— Жазғы демалыста үйге келдің бе? – деп сұрады.
— Иә, мырза. Енді ғана үшінші курсты бітірдім, – деп жауап бердім.
— Дұрыс болған екен. Меніңше, оқу — маңызды іс, — деді Остин мырза. —
Бұрынғыдай ұлыңмен бірге жұмыс істеп жүрсің бе, Уилмот? – деп әкеме қарады.
— Бұған қажеттілік жоқ. Фермада қазір жұмыс онша көп емес. Бұған қоса,
Кішкентайдың өзі-ақ істің бәрін өзі тамаша басқара алады.
— Иә, менің хабарым бар. — Содан кейін Остин мырза қайтадан маған бұрылып: —
Балам, жұмыс істеп ақша тапқың келе ме? Маған ақылды механик керек еді, – деді.
— Рахмет, Остин мырза, маған өзімнің фирмамның жұмысы да жетіп жатыр, – дедім
мен.
— Ол қандай фирма?
— «Алғашқы сырлау компаниясы», — деп менің орныма әкем жауап берді. — Енді оған
бүкіл бригада жұмыс істеп жатыр. Басым көпшілігі жастар, бәрі де ақылдысымақ –
студенттер.
— Маған салса, мен осы көзілдірікті мылжыңдарды ешқашан жалдамаған болар едім, –
деген, Остин мырзаның күмәнді кекесінін байқап қалып:
138
— Неге? — деп қызығушылық таныттым.
— Олар тым ақылды. Оларға бірауыз сөз айта алмайсың, – деп жауап берді Остин
мырза.
— Алайда, сіз маған жұмыс істеуге ұсыныс жасадыңыз ғой, Остин мырза, – дедім мен
оған.
— Міне, көрдің бе? — деп қолын сілтеді Остин мырза, әкеме қарап: — Мен саған
айтпап па едім: сөз тапқанға қолқа жоқ! – деді.
Біз үшеуміз де оның әзіліне күліп алдық. Сол уақытта біздің үстеліміздің қасына даяшы
қыз келіп, ас мәзірін ұсынып жатып:
— Тағы да кофе қалайсыз ба, Остин мырза? – деп сұрады.
— Әрине, — деп жауап берді ол, кофе құйып беруі үшін даяшыға өзінің кесесін созып:
— Сенің реңің кіріп қалыпты, Уилмот, тіпті өте жақсы көрінесің. Ал, сенімен бірге тұрып
жатқан ханым қайда? – деп сұрады.
Әкем маған жалт қарады да:
— Ол қазір Такомда. Алайда, шілденің бірінші жартысында келеді, – деді.
— Сен кім туралы айтып тұрсың, әке? Ол кім? — деп сұрадым мен.
— Берта. Берта Симпкинс. Мен саған ол туралы кейінірек айтып беремін, – деді.
— Міндетті түрде айтып бер, — деп мен басымды изедім.
Сол аралықта Остин мырза ойға шомып, өзінің кофесін қасықпен қозғап отырып:
— Не болды саған, Уилмот? «Даффиге» кіруді қойдың ғой, – деп еді, әкем оған:
— Менің одан да басқа жақсы істерім пайда болды, Фрэнк, – деп жауап берді.
— Иә-иә, менің хабарым бар, – деді Остин мырза.
— Оған қоса, бұнымен бәрі бітпейді, — деп жалғастырды әкем.
— Маған бұл туралы да айтып үлгірді, — деп жауап берді Остин мырза, ернін тістелеп.
— Біз қанша уақыттан бері таныспыз, Фрэнк? – деп сұрады әкем одан.
Остин мырза кофені бір ұрттап алды да:
— Егер жиырма жыл деп айтсам, қателеспеймін, тіпті одан да көп болмаса, аз емес.
Тіпті мынаның дүниеге келген күні де менің есімде, — деді Остин мырза, мен жаққа қарап,
басын изеп. — Сол күні кешке сенің әкең «Даффидегі» адамдардың бәріне темекі сыйлаған.
— Мен туылған күні достарына темекі сыйлады ма? — деп сұрадым мен.
139
— Жәй әншейін темекі емес, нағыз Гавана темекісін сыйлады, — деді Остин мырза,
әкемнің сөйлеуіне жол бермей. — оған қоса бәріне үш реттен, жоқ, төрт реттен ішімдік
қойып сыйлады! – деді.
— Солай болғанына, еш күмәнім жоқ, — деді әкем, — Менің саған мынадай шындықты
айтқым келеді, Фрэнк: егер де мен сендердің әрқайсыңа енді бір нәрсе ұсына алатындай
жағдай туса, бұл Иса болар еді. Ол менің өмірімді адам танымастай етіп өзгертті. Ол үшін
қасымда отырған — менің ұлыма, рахмет.
Остин мырза маған жалт қарады да:
— Демек, бәріне сен кінәлі екенсің ғой, – деді.
— Оның ешқандай кінәсі жоқ, — деп жауап берді әкем, мен сөйлемей тұрып. —
Ұлымның Құдайға дер кезінде бет бұрғаны үшін, мен Оған алғыс айтамын. Олай болмаған
жағдайда, мен әрі қарай да қаланың ой-шұңқырларында шошқа сияқты аунап жатқан болар
едім.
— Мен қалжыңдадым, Уилмот. Қалада сен туралы және сенің қалай өзгергенің туралы
жұрттың бәрі айтып жүр. Олардың айтуынша сен жақсы жаққа қарай өзгергенсің, – деді
Остин мырза.
— Сен өзің қалай ойлайсың, Фрэнк? Міне, мен сенің алдыңда отырмын. Менің
өзгергенім көрініп тұрған жоқ па?
Алайда, Остин мырза үндемей, кофені ұрттап отыра берді. Оның бұл сұраққа жауап
бергісі келмей отырғаны көрініп тұрды. Бірақ әкем де айтқан сөзінен қайтайын деп тұрған
жоқ еді. Ол:
— Френк, Құдай менің өмірімде істеген істерді, сен үшін де істей алады. Біліп ал, Құдай
адамдарды алаламайды. Ол біздің бәрімізді бірдей сүйеді. Ол мен үшін айқышта қалай құрбан
болған болса, сен үшін де солай құрбан болды, – деген соң, ескі достардың көздері бір-
бірімен түйісті, сөзін әрі қарай жалғастырудан алдын, әкем үнсіз үзіліс жасады да:
— Неге саған дәл қазір Оған келмеске, Фрэнк? – дегенде, Остин мырза тіпті қызара
бөртіп кетіп:
— Сен не деп тұрсың өзі? Осы жерде ме, дәл осы жерде ме? – деді.
— Не болыпты? Әбден әдепті тәп-тәуір жер, осы жердің басқа жерлерден несі кем?
— Айтпақшы, «Оған кел» дегенде сен нені меңзеп тұрсың, түсіндіріп берші?
— Оған өз өміріңді сеніп тапсыр. Оған өзіңнің жүрегіңнің кілтін тапсыр. Оған деген
сүйіспеншілікпен Оның алдына кел.
140
— Құдайым-ау, Уилмот! Бұл не деген сөздер? Сен бұл сөздеріңді қауымда айту үшін
сақтап қойсаң жақсы болар еді!
— Френк, егер мен бұл сөздерді қауымда айту үшін сақтап қоятын болсам, онда бұдан
кейін саған айтуға мұндай мүмкіндіктің болатыны, екіталай.
Кенеттен даяшы қыз тағы да тапсырыс қабылдауға дайындалып, қайтадан үстелдің
қасына келіп:
— Сіз өзіңізге бір нәрсе таңдадыңыз ба, Остин мырза? – деп сұрады.
Ол ас мәзіріне көзінің қиығымен қарап:
— Маған да, мыналар тапсырыс берген тағамды әкеле салыңыз және үшеуміз үшін де
есеп-қисапты бірге ала келіңіз, – деді.
— Френк, сен не істегелі жатырсың… — деп қарсылық білдірді әкем.
— Мен солай шештім. Не, қарсылық бар ма? – деп сұрады Остин мырза.
— Менің тарапымнан — ешқандай қарсылық жоқ, — дедім мен, ақыры олардың
әңгімесіне қыстырылып, бірауыз сөз айтуды ұйғарып.
Сол күнгі таңғы ас кезінде Фрэнк Остин Исаны өзінің Құтқарушысы ретінде
қабылдамады, бірақ, әкем оған Ізгі хабарды түсіндіргенде, ол әкемді өте мұқият тыңдағанға
ұқсайды. Тамақ жеп болған соң, біз бәріміз шыға беріске бет алдық, бізді адамдар қайта-қайта
айғайлап шақыра берді, олардың әрқайсысы әкеммен сөйлесуге немесе жәй ғана онымен
амандасуға асықты. Шағын қалашықта жаңалықтың тез тарайтыны бәріне белгілі ғой, ал
басты жаңалық – бұл Уилмот Макдауэлл енді мүлдем басқа адам деген жаңалық еді.
Менің өмірімде әкеммен бірге жұрттың алдында жүруге қуанған кездерімнің қашан
болғанын, мен тіпті есіме де түсіре алмаймын. Қалалық маскүнемнің ұлы — бұның қандай
сұмдық жағдай екенін, тіпті сөзбен де айтып жеткізе алмаймын! Анамның мені, оны тауып
алып үйге әкелуге мәжбүрлеп бір-екі рет үйден қуып жібергені есімде. Бірде мен әкемді ес-
түссіз жатқан жерінен тауып алдым: біз, Уитондағы студенттер тобы, баспанасы жоқ
адамдарға еркін қызметші ретінде қызмет ету үшін барған кезде, Чикагоның шалғай
жерлеріндегі қаңғыбас адамдардың бірі сияқты, көшенің бір бұрышында аунап жатыр екен.
Енді міне, мен — Уилмот Макдауэллдың ұлы болғаным үшін, өмірімде бірінші рет жүрегім
қуанышқа толып, мақтанышпен басымды жоғары көтеріп тұрмын. Ол біртіндеп Юнион-
ситидің көрікті адамына айнала бастады. Олай болмағанда ше — басқа адамдар да жақсы
жаққа өзгере бастады, өйткені одан үлгі алды! Ол түрмеге барып, өзінің Мәсіхпен тығыз
141
байланыстағы жаңа өмірі туралы айтып бергенде, оның оқиғасы да адамдардың жүрегіне әсер
етіп, олардың өміріне де ықпалын тигізгені туралы естідім.
Біз мейрамханадан шығып, біздің қаламыздың күннің сәулесіне шомған орталық
көшесіне келгенде, адамның Мәсіхті мойындауының күші мен Мәсіхтің ізбасарларының
өзгерген өмірі, Исаның — Иелердің Иесі, Патшалардың Патшасы екенін білдіретін ең ұлы
куәліктердің бірі деп айтқан Кобб мырзаның сөздері менің есіме түсті. Менің әкем Иса
Мәсіхтің шәкірті болды! Бұлай болады деп кім ойлап еді?
Тіпті менің өзім үшін күтпеген жерден ауызымнан:
— Әке, мен сені жақсы көремін. Ешбір шартсыз. Мен жаңылысып айтып тұрған
жоқпын, шынымды айтып тұрмын, әке, – деген сөздер ағылып жатты.
Әкем тоқтап қалып, менің сөздерімді ойша іштей қайталап жатқан адамдай, біраз уақыт
үндемей тұрды. Ақыры, ол:
— Мен де сені жақсы көремін, ұлым, – деп жауап берді.
Біз көшемен асықпай, менің көлігіме қарай жүрдік.
— Маған Берта туралы айтып берші, — деп өтіндім мен.
— Берта туралы?
— Иә, сенімен бірге тұратын әйел туралы. Әйтпесе, мен бәрін ең соңынан білетін болып
жүрмін.
— Оның аты Берта Симпкинс, — деді әкем. — Біз келесі айда үйленгелі жатырмыз.
— Не-не? — дедім мен, өзімнің таңқалғанымды жасыра алмай.
— Мұнда тұрған не бар екен? — әкем менің бұл сөздерді қандай дауыс ырғағымен
айтқанымды аңғармай қалған сияқты.
— Сен үйленейін деп жатырсың ба?
— Иә. Ал, сен бұған не айтасың?
Мен жауап бермедім. Оның осы сөздерді айтқан кездегі, жүзінің жарқырап тұрғаны мен
күлімдеп жымиғаны, мені бәрінен көбірек ашуландырды деп ойлаймын. Үйленгелі жатыр?
Иә, мен оның бақытты болуын тілеймін, бірақ сонда да қазір ең қарама-қайшы сезімдер менің
жүрегімнің тоз-тозын шығарды. Кенеттен менің жүрегімде, табандылықпен жерді тесіп
көктеп өсіп келе жатқан өскін сияқты, қандай да бір реніш пайда болды. Ол анамды және
оның өмірін қалай улағанын, оны отбасылық бақытынан қалай айырғанын, мүлдем ұмытып
кеткен сияқты … Енді осының бәрінен кейін, оның батылы жетіп..? Алайда, мен бұл
ойларымды тұншықтырып тастауға тырыстым.
142
Жолдың қалған бөлігін біз үнсіздікте өткіздік. Әкем де менен неге кенеттен үндемей
қалғанымды қазбалап сұрамады. Оны жол-жөнекей үйге қалдырып, мен әрі қарай, Атенс
қалашығына жүріп кеттім, ол жерде менің бригадам үйді сырлап жатқан еді. Мен жолда кетіп
бара жатырмын, бірақ ойымда өзімнің әкеме: Шартсыз сүйіспеншілік, бұл жаңылыс
айтылған сөз емес, шындық, – деп айтқан сөздерімді қайта-қайта айта бердім. Біз әкем
екеуміздің Макрэя мейрамханасынан шыққанымызға бір сағат та болған жоқ, ал мен бұл
сөздерді шын жүректен айттым ғой! Енді міне, менің шынайылығым сынақтан өте алмай
қалды.
«Мен рухани жағынан Мәсіхпен бірге айқышқа шегеленіп өлдім, — деп жазды елші
Пауыл, — сондықтан өзім бұдан былай өмір сүріп жатқаным жоқ, қайта, бойымда Мәсіх өмір
сүруде» (Ғал. 2:19 қараңыз). Иә, мен өмір сүріп және тыныс алып жүрмін, бірақ менің
бойымда Мәсіх бар ма? Мен қашан рухани жағынан Мәсіхпен бірге айқышқа шегеленіп
өлемін және Иемізге Өзінің жолымен мені бағыттауына қашан мүмкіндік берер екенмін? Мен
бұл сұрақтарға жауап бере алмадым.
Таяудағы жексенбіде мен әкемді Факторивиллдегі «Киелі кітаптық қауымға»
шақырдым. Ал қызметтен соң әкемді Линнмен және оның отбасымен таныстырдым.
— Менің ұлыма күйеуге шыққалы жатырсыз ба? — деді әкем онша көп ойланбай,
қызығушылық танытып.
— Әке! — деп, қарсылық білдіргенімді көрсетіп, басымды шайқадым. «Аңдамай
сөйлеген ауырмай өледі» — деген мақал менің әкем сияқты адамдарға қатысты айтылған.
— Не болыпты? Сондай сұлу, бұған қоса, қауымға барады екен! Саған тағы бұдан артық
не керек? – деп сұрады.
— Шынында да, — деп жауап берді Линн, ешнәрсе болмағандай, — менің ойымша,
сіздің ұлыңыз, мен білетін жас жігіттердің ішіндегі ең сүйкімдісі. Ал біздің дос болғанымыз
— мен үшін үлкен абырой.
— Міне, көрдің бе! — деді қатты дауыстап әкем, Линнің оны қолдағанына риза болып.
— Мен баяғыдан бері не деп отырмын? Оның өзі де саған күйеуге шығуға кет әрі емес, көрдің
бе...
— Кешірім өтінеміз, біз біраз уақытқа сіздерді оңаша қалдырамыз, — дедім мен Линн
мен оның туыстарына қарап, сөйтіп қауымнан әкемді асығыс ертіп шықтым.
— Біз қайда бара жатырмыз, ұлым? — деп сұрады әкем, мен оны шынтағынан қатты
қысып ұстап, көлік қоятын тұраққа жетелеп әкелдім де, оған:
143
— Бір жерге барып таза ауада түскі ас ішіп қайтайық, — деп қысқа жауап қайырдым.
— Өте жақсы! Бүгін күн де жайма-шуақ, тамаша болып тұр, – деп әкем келісе кетті.
Күн шынымен де тамаша болып тұр еді. Ағаштар да жап-жасыл жапырақтарды
жамылып үлгерген, күн де ақ мамық бұлттардың арасынан өзінің жарық сәулесін шашып
тұрды. Мен радиоқабылдағышты қостым, сөйтіп көліктегі жүргізушінің орындығына
шалқайдым:
— Әке, менің біраздан бері бір жерге барғым келіп жүргенін сен білесің бе?
— Айта бер, мен сені мұқият тыңдап тұрмын.
— Анамның қабіріне. Менімен бірге барасың ба?
— Әрине, — неге бармасқа?
— Ол қай жерге жерленген еді?
— Сенің есіңде жоқ па?
Мен басымды шайқап:
— Есімде жоқ, әке. Мен әскерде жүрген кезде, басымнан жарақат алдым, содан кейін
есте сақтау қабілетіме бір нәрсе болған сияқты. Біраз уақыт менде ұмытшақтық болды, –
дедім.
— Мен мұны білмеген едім.
— Мен саған бұл туралы айтып берген едім ғой! — дедім мен ренішпен.
— Менде де ұмытшақтық болған сияқты, — деді әкем ақырын. — Тек басқа
себептермен.
— Бір сөзбен айтқанда, сол кезде болған жағдайлардың көбі менің есімде жоқ, — деп
қостым мен. — Анамның жерлеу рәсімі менің мүлдем есімде қалған жоқ. Мүлдем ешнәрсе.
— Олай болса, кеттік. Тұрақтан шығып, — бірден солға қарай бұрыламыз, — деп
бұйырды әкем.
Он бес минут өткен соң, біз қабірдің басына келіп, көліктен шықтық. Әкем мені
анамның аты жазылған, оның қарапайым қабіріне алып келді. Қабірдің басында гүл жоқ,
қабірді арам шөп басып кетіпті. Біз құстардың сайрағанын және жазғы жылы желдің жеңіл
сыбдырын, гүлдеп тұрған қызыл тал мен ырғының тербелгенін естіп, үнсіз тұрдық.
— Бәлкім, мен бұл жерге жиірек келіп тұруым керек пе еді, — деді әкем.
— Неге? — деп сұрадым мен.
Әкем менің сұрағыма жауап бермеді.
144
— Саған бір өтінішім бар — менің кезегім келгенде, мені анаңның қасына қой, — деді
де, еңкейіп арам шөптерді жұла бастады.
— Ал, Берта ше? – дедім мен.
— Ол мені түсінеді, — деп жауап берді ол жәй ғана.
Мен әкеме қабірді шөптен тазартуға көмектестім. Бір апта өткен соң біз тағы да
анамның қабірінің басына келіп, ескерткіш тастың қасына бір бума гүл шоғын әкеліп қойдық.
Достарыңызбен бөлісу: |