***
Уэйннің үйден кеткеніне, мен өте қуанышты болдым. Алайда, ол кеткеннен кейін де
біздің үйімізде ешқандай жақсы өзгерістер бола қойған жоқ. Шын мәнінде, маған үйде
бұрынғыдан да көбірек жұмыс істеуге тура келді. Енді мен де өзімнің әпкелерім мен ағама
38
ұқсап, бұл жерге енді ешқашан қайта оралмау үшін, ертерек фермадан кететін күнді күн санап
күтіп жүрдім.
Мектеп менің мұңға толы өміріме өзінің әр түрлі жағымды үлесін қосты. Мектепте
өтетін баскетбол мен футбол жарыстарындағы елеулі жетістіктерім, орта және үлкен
сыныптар арасында менің жұлдыз болуыма септігін тигізді. Оныншы сыныпта мен Шерон
Таллимен кездесе бастадым. Біздің осы қарым-қатынасымыз мектепті бітіргенше жалғасты.
Менің бағаларым айтарлықтай жақсы болды, сонымен қатар қалтама ақша да түсе бастады:
мен жөндеу шеберханасына жарты күндік жұмысқа тұрдым.
Менің спорттағы жақсы жетістіктерімнің нәтижесінде, тіпті қандай да бір мағынада
менің «суррогат ата-аналарым» пайда болды — олар доктор Блейксли мен оның әйелі. Олар
маған жанкүйер болып мені қолдау үшін, менің ойындарыма келіп тұратын, ал өзімнің туған
ата-анам бір рет те келмеді: әкемнің келмеуінің себептері екібастан белгілі, ал анам тым
толық болғандықтан, тар орындықтардың арасында қысылып-қымтырылып қалмау үшін
келмейтін. Бірақ мен бұған тек қуанатынмын, өйткені егер де мені оның қасында көріп қалса,
мен өзімді ыңғайсыз сезінетін едім.
Ерлі-зайыпты Блейкслилер — бұл басқа әңгіме. Менің пайымдауымша, олардың бір-
бірімен қарым-қатынаста болуы, шынында да оларға рахат әкелетін сияқты. Олардың екеуі де
бір-бірімен үйлесіп, жарасып тұратындай етіп, жақсы киінетін. Блейксли ханым көбінесе
шынтағына дейін созылған ақ қолғап пен сәнді қалпақ киіп алатын немесе басын айналдырып
түрлі-түсті шарф орап алатын. Ол сымбатты да сүйкімді, жүзі жылы, ажарлы әйел еді, маған
әрдайым жылы шыраймен күлімдеп қарап тұратын. Біздің қалада доктор Блейкслиге үлкен
құрметпен қарайтыны, таңқаларлық жәйт емес. Ол менің анама дәрігерлік көмек көрсеткен
көптеген жылдар ішінде, біздің отбасымыздың өте көп құпия-сырларын біліп алды,
сондықтан, менің ойымша, ол маған мұқият және қамқорлықпен қарайтын сияқты болып
көрінетін. Бір сөзбен айтқанда, бұл кісіге сенуге болатын еді. Блейкслилер отбасы мен үшін
мінсіз ерлі-зайыптылар мен ата-ананың үлгісі болды, әйтсе де олардың өздерінің балалары
болмады. Шын мәнінде, олардың баласы болуды көз алдыма елестету — маған қатты
ұнайтын. Бірақ әрине, мұның бәрінің бос қиял екенін мен жақсы білетінмін — қалайша олар
менің нағыз ата-анам болуы мүмкін? Сонда да мен қиялдап, оларды осы рөлде көз алдыма
елестетіп көрген кезімде, менің жаным қатты ауырмайтын және бұл мені жаңа табыстар мен
жетістіктерге ұмтылуға ынталандыратын.
39
Мұның мәнісі, тіпті менің анамның жақсы ана ретінде тиісті түрде маған көңіл бөлуге
тырыспағанында емес. Ол қолынан келгенше тырысып бақты, алайда неге екені белгісіз
мұнысынан түк шықпады.
Мектепті бітіретін жыл соңына жақындаған кезде, бүкіл сыныпқа арналған мерекені
біздің үйде өткіземіз деп шештік. Анам екеуміз бар күшімізді салып дайындалдық: үстелдерді
әдемілеп безендіріп, оларды өсіп тұрған ағаштардың астына қатарластырып қойып шықтық.
Менің достарым қамбаның артқы жағына футбол алаңын құруға көмектесті, сонымен қатар
сол күні қалаған адам атқа мініп жүруі үшін, жылқыларды жалға алдық. Бәрі де демалыс пен
көңіл көтеру үшін жасалды — олай болмағанда ше, бұл мектептен тыс, бір күн мектеп бітіру
кешіндегі қуаныш сезіміне бөлену ғой. Мені тек бір ғана нәрсе қатты алаңдатты, алайда анам
менің қорқыныштарымды сейілтуге тырысып: «Уайымдама, әкең күні бойы қалада болады.
Мен мұны ойластырып қойғанмын», – деді.
Мереке күні бәріміз ашық ауада жайғастық, енді ғана түскі асқа кірісе бастағанымызда,
үйдің алдындағы көк шалғынға әкемнің пикапы кіріп келді. Мен әкемнің өлгенше мас екенін
бірден түсіндім: ол қатты айдап келіп, шарбақты құлатып, анамның гүлзарын басып өтті де,
көк шалғынның екінші жағындағы шарбақты да құлатып барып көлігін тоқтатты. Пикаптан
ақырын шыққан ол, бірнеше секундтай өзінің аяғында тұруға тырысты, алайда, тұра алмай
етпетінен шөптің үстіне құлап түсті.
Бәрі қарқылдап күлді жатыр. Көзімнің жасына булығып, мен үйге қарай жүгіріп кеттім,
ал анам менің соңымнан жорғалап келе жатты. «Джош, — деп шақырды ол, мені
тыныштындаруға тырысып, — Джош, сен қайдасың?». Ол мені жатын бөлмеден тапты. Мен
жастықты бетіме басып алдым, ешкіммен сөйлескім келмеді және үйден шығудан үзілді-
кесілді бас тарттым.
— Сен түсінші, әкең үшін бұл апта өте ауыр болды ғой, – деп бәйек болып жатыр.
Мен өз құлағыма өзім сенбедім — анам әлі де әкемнің қылығын ақтап отыр!
Сол кезде бөлмеге менің ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімім Филпот ханым кіріп
келді. Ол да мені аулада күтіп отырған сыныптастарыма қосылуға шақыра бастады.
— Жоқ, бара алмаймын, — дедім мен.
— Алаңдама, бәрі де өз орнына келеді, — деп сендірді ол.
— Жоқ, орнына келмейді. Анам әкемнің маскүнем екенін мойындауды қаламайынша,
ешнәрсе де орнына келмейді. Менің қатал шараларым оны өзгертпеді, бірақ анамның оны
бетімен жібергені, жағдайды одан бетер нашарлатты, – деп жауап бердім мен.
40
Ауладан адамдардың күлкісі естіліп жатты, содан кейін менің ең жақсы достарымның
бірі Дэвидтің мені шақырған даусы естілді. Мен көз жасымды сүртіп, қонақ бөлмеге шықтым.
Перденің артынан абайлап қарап едім, біздің алгебра пәнінің мұғалімі Редмонт мырзаның
әкемді ауладан әкетіп бара жатқанын көрдім. Шамасы, олар қамба жаққа кетіп бара жатқан
сияқты. «Қап, бәлем, сен бүгін аяқ-қолың байлаулы болып тұрасың, әлі», — деп мұрнымның
астынан міңгірледім.
— Джош! Шыға ғой, енді! — деп айқайлады Дэвид.
Мен есікті ашып, кіре берістегі шатырдың астына қарай қадам бастым. Менің барлық
достарым әкемнің артынан қарап, күліп тұр екен. Мен де күле бастадым, бірақ менің ішкі жан
дүнием сыздап, ауырып тұрды. Маған да күлкілі болып жатқан сияқты сыңай танытып, мен
ағаштың астындағы үстелге жақындадым. Дэвид мені қолымнан тартып, өзінің қасына
отырғызды. Қазір осы көріністі көріп, жаныма батып тұрғанын және мен үшін қаншалықты
ауыр екенін, оған түсіндіріп жатудың қажеті жоқ еді.
— Джош, бұл жерде сенің ешқандай айыбың жоқ. Оның мерекені бұзуына жол берме,
— деп Дэвид иығымнан қақты.
Мен досыма қарап, өзімді мәжбүрлеп әрең дегенде күлімдедім. Иә, оның айтқаны
дұрыс. Кішкентайдың үйді өзінің жер теліміне көшіріп алып кеткен күнгі жүрек айнытатын
жиіркенішті таныс сезім жүрегімнен кетпей тұрып алды.
Осы болған оқиға әкемнің мені достарымның алдында масқарамды шығарған жалғыз
жағдай емес еді. Бұған қоса, фермадағы істер жылдан-жылға нашарлап бара жатты. Күн көру
үшін әкем ферманы бөлшектеп сата бастады. Нәтижесінде, біз қаражат жағынан қатты
қиналдық, сондықтан ол жарты күнге қарауыл және менің орта мектебіммен бір ғимараттың
ішінде орналасқан, бастауыш мектепке сыпырушы болып жұмысқа кірді.
Мен барынша одан аулақ жүруге тырысатынмын, бірақ үзіліс кезінде қаласаң да,
қаламасаң да, әкемнің щеткамен дәлізді сыпырып немесе әжетхананы тазалап жатқанын
көруіме тура келетін. Мен бірде-бір рет оның қасына жақын барып, онымен сөйлескен
емеспін. Бұл жерде ол мен үшін жоқ болғанмен бірдей еді. Шамамен осы уақытта әкем
«Анонимдік маскүнемдер» жиналысына бара бастады, алайда бұл ұзаққа созылмады. Мен
бұдан бір нәтиже шығады деп күтпедім де және әкемнің өзгеруге қабілетті екеніне сенген де
жоқпын. Оған деген ерекше бір үмітім де болған жоқ. Сондықтан да ол мектеп
оқушыларының алдында өзін лайықсыз ұстап, қалай болса солай жүргені үшін оны жұмыстан
қуып жібергені, мені мүлдем таңқалдырған жоқ.
41
Әкеме жердің бір бөлігін тағы да сатуына тура келді. Бір күні кешкісін, мектепті
бітіруіме шамамен екі ай қалған кезде, кездесуден келіп, анамның жылап отырғанын естідім.
Мен алаңдап, анам мен әкемді іздеп, бөлмелерді қарай бастадым. «Осыдан егер ол анама
тағы да бір нәрсе істеген болса»… — деп, жұдырығымды түйіп алдым.
Мен анамның өзінің кереуетінде жылап жатқанын көрдім. Айтудың да қажеті жоқ еді,
кезектегі ұрып-соғудан кейін, оның бетінің бәрі ісіп, қанталап кеткен екен. Анам сол бұрынғы
әдетіне салып, әкемді қорғауға кірісті. Ал мен әдеттегідей одан да қатты ашуландым. Тез
арада әкемді тауып алдым, сөйтіп ол анама не істеген болса, оған да соны істедім. Тек одан
бетерін істедім.
Анам көз жасын төгіп отырып, маған қарады да, кереуеттің шетіне жылжып:
— Отыршы, ұлым — деді. Оның дауысының әдеттегідей емес екені мені қатты
алаңдатты. Мен оның қасына отырдым. Ол қарама-қарсы жақтағы қабырғаға кірпік қақпай,
қадала қарап отырып:
— Сенің әкең менің жүрегімді жаралады, — деді ол, ақыр соңында.
— Ол бәрінің де жүрегін жаралады, анашым. Ол сенің жүрегіңді әлдеқашан, бұдан көп
жыл бұрын жаралаған, – дедім мен.
Анам маған қайтадан қарап, үндемей басын изеді, сөйтіп оның көз жасы бетін жуып
кетті:
— Иә… бәрі дұрыс. Бірақ тек енді … мен бұдан артық шыдай алмаймын, түсінесің бе?
Мен сенің мектепті бітіргеніңді көргім келеді, содан кейін … ал содан кейін өлгім келеді,
сонымен бәрі де бітеді...
— Анашым, мұндай әзіліңді қой …
— Маған уәде берші, Джош, — деп ол менің сөзімді бөліп жіберді. Ол әрі қарай не
айтар екен деп, мен үндемей күтіп отырдым, алайда оның айтарға сөзі қалмаған сияқты. Анам
қайтадан теріс қарап, бос қабырғаға қадалып қарап отырып алды. — Маған үш нәрсені
істемеймін деп уәде берші, — деп сыбырлады, ол ақыр соңында.
— Жарайды, анашым.
— Сен, ешқашан маскүнем болмаймын деп уәде берші.
Мен басымды изедім.
— Ешқашан әдепсіз сөздерді айтпаймын деп уәде берші.
Осындай күйде мұндай уәде бере алатыныма сенімсіз болдым, бірақ қайтадан басымды
изедім.
42
— Сен өскен кезде, мен сені мақтан тұтатындай ұл боламын … деп уәде берші.
Бұл жолы оның сөздерін тіпті естіген де жоқпын. «Бұлай болуы мүмкін емес! Анамның
өлуі мүмкін емес! Басқа кез келген біреу өлсе де, тек менің анам емес!», – деп өзімді-өзім
сендіргім келді.
— Маған уәде берші, — деп қайталады ол.
— Уәде беремін, — деп жауап бердім мен, оның алақанын қатты қысып тұрып. Ол көзін
жұмып, кереуетке қисайып жатты.
Оның қасында біраз отырған соң, кетпекші болып орнымнан тұрдым. Ол ұйықтап
қалған сияқты. Оның демі жеңіл және тыныш болып қалды. «Ертең бәрі де жақсы болады
және анам өзін басқаша сезінетін болады, әкем де мал қорада ұйықтап шыққаннан кейін
солай жақсы болады», – деп іштей өзіме-өзім айттым да, әкеме лайықты жазасын
тартқызамын деген шешіммен, бөлмеден тез шығып кеттім.
Алтыншы тарау
Әскери-әуе күштері
Мектепте өткен бітіру кешінде менің есімде қалатындай ерекше жағдай болған жоқ.
Мен куәлігімді алдым, оны анама мақтанышпен ұсындым, ал бір-екі аптадан кейін мен
мектептегі жолдастарыммен бірге Ұлттық гвардияға жалдандым. Бізге «жолдастық жүйенің»
арқасында әскерде де ажырамайсыңдар деп уәде берді. Алайда, бәрі де әскерде орнатылған
тәртіп бойынша болды: оқу бөліміне бөлген кезде, біздің тобымызды бірден бөліп тастады.
Менен басқа достарымның бәрін — Леклендтегі авиабазаға бөлді. Жоқ, бұлай болмайды деп
ұйғардым мен — біз сарбаздар жасағымыз ғой, сондықтан біздің бірге болуымыз қажет! Мен
жергілікті жасақтаушы Әскери әуе күштерінің капитанына барып:
— Мен өзімнің достарыммен бірге Леклендке барғым келеді! — деп айтып салдым .
Ол үлкен бума қағаздың ішінен бір нәрсені іздеуін жалғастырып отырып, басын
көтерместен: — Мүлдем болмайды, — деп жауап берді.
— Сіз маған «жоқ» деп айта алмайсыз, мырза, — дегенімде, капитан тіп-тіке маған
қарады, сол кезде мен жылдам: — Сізді құрметтеймін мырза, бірақ мен үшін «жоқ» деген сөз
болмайды, – деп қостым.
Ол маған басымнан аяғыма дейін қарап шығып, жымиды да:
43
— Дегенмен, бір амал бар сияқты, — деді.
— Тыңдап тұрмын, мырза?
— Сенің Әскери әуе күштеріне жалдануыңа болады, сонда сен өзіңнің достарыңмен
бірге боласың.
— Мен… жалдана аламын ба?…
— Жалдана аласың, жалдана аласың.
— Мен … жалдана аламын …
— Бәрі дұрыс, сен жалдана аласың.
— Әскери әуе күштеріне ме?
— Дәл солай. Әскери әуе күштеріне.
Екі ойлы болып, мен өзімнің өмірімнің келесі төрт жылын әскери казармада өткізудің не
екенін — көз алдыма елестетіп көруге тырысып, таңдайымды тақылдаттым. Менің ойыма
мені жігерлендіретін ешнәрсе келе қоймады. Капитан өзінің үлкен бума қағазын қайтадан
аударыстыруды жалғастырды.
Өзім де күтпеген жерден:
— Келістім! — деп айта салдым.
Капитан жымиып қойды.
Көп уақыт өтпей жатып-ақ, мен жауынгерлік ант қабылдадым. Алайда, мен антты
қабылдап жатқанда, мені: «Эх, сен бұған бекер келістің...», – деген ой мазалаумен болды.
Алайда, көп кешікпей Әскери әуе күштеріндегі қызмет мен ойлағандай, қатты ауыр емес
болып шықты. Мен әскери дайындықты екі апта бойына өзімнің достарыммен бірге өткіземін
деген мақсатыма қол жеткіздім (әскери қызметке бару үшін, ерекше себеп екенін мойындау
қажет), ал кейін тікелей әскери бөлімде болған кезде, мен сол жерден үйрену керек болған
нәрсенің бәрін үйреніп алуды ұйғардым. Мен техникамен жұмыс істегенді ұнататынмын,
сондықтан С-124 тасымалдау ұшақтарын жөндейтін және қызмет көрсететін, Делавэр
штатының, Дувр қаласындағы Әскери әуе күштерінің базасына авиамеханик болып
тағайындалдым.
Алайда, жоғарыда отырған бастықтар, менің қабілеттілігімді жақсылап қолдануды
ұйғарды. Спорттағы жетістіктерімнің арқасында мені бірден өзімнің бөлімімнің баскетбол
командасына қосты, командамен бірге біз басқа авиабазадағы командалармен жарысып, бүкіл
Шығыс жағалауды аралап шықтық. Білесіз бе, біз бірнеше ойынды өткізу үшін тіпті
Бермудыға дейін барып қайттық! Спорттық командада болу үлкен құрмет болып саналады,
44
сондықтан біздің взводтың сержанты Уильямс, маған әрқашан жеңілдік жасауға дайын
болатын.
Алайда, анда-санда өзімнің механик ретіндегі міндеттерімді атқаруыма да тура келетін.
Бірде екі техник С-124 ұшағын жөндеп жатқан, аспалы тұғырнаманың маңындағы жөндеу
ұшақжайы арқылы өтіп бара жатып, мен біреудің ескерту жасап жатқан дауысын естідім.
Басымды көтеріп, менің үстіңгі жағымда жұмыс істеп жатқан адамдардың — пайдаланылған
ауыр құбырды қолдарынан түсіріп алғанын көріп үлгірдім. Алайда, менің жалтарып қалуға
немесе басқа жаққа қарай секіруге мүмкіндігім болмады, сөйтіп құбыр менің дәл басыма
келіп түсті. Менің көзім қарауытып, ешнәрсе көрінбей қалды… ал содан кейін көзімді ашсам,
Филадельфиядағы флоттың госпиталында жатыр екенмін. Әр түрлі анализдер мен тексерулер
созылып кетті, ақыр аяғында менің жарақатымның айтарлықтай күрделі екені анықталды: оң
жақ мидың ісінуі. Дәрігерлер бір жарым ай бойына күні-түні емдеп болып, ары қарай бақылау
үшін мені госпитальда қалдырды — басқаша сөзбен айтқанда, мен әр күні таңғы сағат
сегізден кешкі беске дейін госпитальда болуым керек. Қалған уақытта боспын.
Кейде мен пойызға отырып, авиабазадағы достарыммен кездесу үшін Дуврға кететінмін,
көбінесе көрші әскери бөлімдегі клубта жәй бос сенделіп жүретінмін. Қайырымдылық
ұйымдарынан келген кезектегі жәрдемді іріктеп жатқан, жасы үлкен бірнеше әйелдердің
арасынан бейтаныс қызды байқап қалған күні мен бірнеше кезекші медбикелермен
әңгімелесіп отыр едім. Сонда мен оған, - «Мынадай сүп-сүйкімді қыз кәрі кемпірлермен бірге
не істеп жүр екен?» — деген қызығушылықпен қарадым. Медбикелерден кешірім сұрап,
орындықтан тұрдым да, әлгі әйелдер тұрған жерге жақын келіп:
— Сәлем, менің атым Джош, — дедім. Ол үндемей басын изеді.
«Хм, онша әңгімешіл емес сияқты», — деп ойладым да:
— Ал сенің атың кім? — деп сұрадым.
— Фейт, – деп жауап берді ол.
— Әдемі ат екен. Фейт, бұрын мен сені бұл жерде көрмедім ғой, – дедім. Консервленген
банкілерді үстелдің үстіне қойып жатқан ол байсалдылықпен:
— Мен бұрын бұл жерде болмағанмын, — деп жауап берді.
— Сонымен, сен бұл жерде не істеп жүрсің? Сен сияқты сүп-сүйкімді қыздың, бұдан да
қызығырақ істі тауып алуына болады ғой, – дедім.
Ол жәй ғана:
— Мен ерікті қызметшімін, — деп жауап берді.
45
— Түсінікті. Ал мына ханымдар ше..?
— Олар да ерікті қызметшілер.
Оның сөздері мені таңқалдырды.
— Ерікті қызметшілер. Бұл керек іс. Ерікті қызметшілер қажет іс дегенім ғой. — Фейт
жауап бермеді. — Білесің бе, сен ерікті қызметші ретінде ... бұл жерге соңғы рет келіп тұрған
жоқ шығарсың деп үміттенемін, – дедім.
— Шынымен бе? Не үшін? – деп сұрады ол.
— Сен сондай сүйкімді қызсың, – деп жауап бердім.
— Бұл жерде сүйкімді қыздар көп сияқты ғой. Мен қазір ғана сенің анау үстел басында
отырған екі қызбен әңгімелесіп, күліп отырғаныңды көрдім, – деді.
— Иә, солай, бұлар госпитальдағы медбикелер ғой, — деп немқұрайды кейіппен әлгі
қыздар отырған жаққа бір бұрылып қарап қойдым.
— Ә, госпиталь де, байқауымша, сен осы жердің адамы болып кеткен сияқтысың, – деді.
— Иә, солай. Мен бұл жерде… айтарлықтай ұзақ уақыттан бері емделіп жүрмін.
Фейт маған мұқият қарап, үндемей қалды. Оның маған деген көзқарасының жақсы
жаққа өзгергені анық. Мен оның әлсіз жерін тапқан сияқтымын: ол сондай жанашыр адам еді.
— Саған не болды? — деп сұрады ол жанашыр дауыспен.
— Басымнан жарақат алдым. Дәрігерлердің айтуынша, сол кезде менің өліп кетуім де
мүмкін екен. Біз сол сәтте С-124 ұшағына бомбаларды жүктеп жатқан едік. Бақытымызға
орай, менен басқа ешкім зиян шекпеді.
Ол түсінген сыңай танытып басын изеді:
— Қазір сен өзіңді жақсы сезініп тұрсың ба?
Мен талма адамды бейнелеп, көзімді жоғары-төмен айналдырып, басымды бір жақтан
екінші жаққа сілкіледім, маған сенуі үшін тілімді салақтаттым. Фейт оқыстан күліп жіберді.
Біз тағы біраз уақыт әңгімелестік, алайда содан кейін оның кететін уақыты да болып қалды.
— Мен енді сені, қашан көре аламын? — деп сұрадым мен одан.
— Тіпті де білмеймін. Не үшін біз кездесуіміз керекпіз?
— Қалай — не үшін! Осындай сұлу қызбен тағы да бір рет кездеспеуге бола ма? Сенің
қасыңда жәй ғана тұрғанның өзінде, мен өзімнің бетімнің бері қарап, сауыға бастағанымды
сезініп тұрмын!
Сол кезде жасы үлкен әйелдердің бірі именбестен Фейт пен менің арамызға тұрып алып,
әй-шайға қарамай біздің әңгімемізге қыстырылып кетті.
46
— Фейт, сені тағы қанша уақыт күту керек? Үйге қайтатын уақыт болды ғой! — деді ол
сабырсыздық танытқан кейіппен.
Фейт басын изеп, кетуге ыңғайланды.
— Егер қаласаң, менімен бірге қауымға баруыңа болады, — деді ол кетіп бара жатып.
Мен егжей-тегжейін сұрастырып, оның соңынан ілестім.
— Міндетті түрде келемін, — дедім мен, Фейт пен басқа әйелдерге есікті ашып тұрып.
Жолдың арғы жағында күтіп тұрған шағын автобусқа барып, олардың отырып
жатқанына қарап тұрдым. Фейт кірерден алдын бұрылып, маған қарады. Мен оған қолымды
бұлғадым, ал ол күлімдеп маған қарады да, көлікке мініп кетті. Мен өзіме-өзім бұл күнім
босқа өтпеген сияқты дедім.
Келесі күні таңертең мен ем-домымды қабылдап болған соң, Фейт баратын қауымға
жексенбілік жиынға кеттім. Бұл шағын ғана ғимарат екен, мен тіпті бұл қауымның қандай
(деноминацияға) (ағымға) жататынын толық түсінген де жоқпын. Жиынға шамамен елу-
алпыс шақты адам келді. Мен сол жерде Фейттің ата-анасы – ерлі-зайыпты Тернерлермен
және оның сіңлісі Хоуппен таныстым.
— Мәссаған! Егер сіздің тағы да үшінші қызыңыз бар болса, онда оның аты Чарити
шығар! — деп Тернер мырза мен ханымға қарап қарқылдап қатты күліп жібердім.*
*Фейт, Хоуп, Чарити (ағыл. Faith, Hope, Charity) — Сенім, Үміт және Сүйіспеншілік. — Ауд. ескертуі.
Менің әзілім оларға онша тапқырлықпен айтылған әзіл болып көрінбеген сияқты,
алайда Фейт пен Хоуптың аздап қана жымиғандарын байқап қалдым.
Қауымның жиыны бітке соң Фейттің ата-анасы мені түскі асқа шақырды. Отбасылық
дастарқанның басында отыру көңілге өте жағымды болды, бұған қоса, дастарқандағы
тағамдар әскери асханада емес, үйдегі асханада дайындалған болатын. Қолыма шанышқыны
алып, тамаққа бас салуға дайындала бастағанымда, Фейттің: Сәл кідіре тұр, Джош, деміңді
басып ал! – дегендей көзқарасын байқап қалдым. Мен шанышқыны орнына қойдым да,
абайлап Фейіттің әкесіне қарадым. Тернер мырза маған басын изеп, содан кейін басын иіп
мінәжат ете бастады, мінәжатында көптеген әр түрлі «Саған» және «Сенің» деген сөздер
болды.
Тамақты тәрелкегелерге салып болған соң, Тернер мырза менің қандай отбасыдан
шыққанымды, қай жерде туылғанымды сұрастыруға кірісті. Мен оған Мичигандағы біздің
47
ферма туралы және Дуврдағы авиабазада баскетбол командасында жартылай қорғаушы болып
ойнайтыным туралы айтып бердім.
— Ал Иса Мәсіхпен қарым-қатынасыңыз қалай? — деп сұрады жатық дауыспен Тернер
мырза, қуырылған сиыр етін кесіп жатып, сірә, пышақ өте өткір қайралған болса керек.
Мен мүдіріп қалдым. Менің бар білетінім, Иса екі мың жыл бұрын өмір сүрген, егер де
Ол шынымен өмір сүрген болса, әрине.
— Ешқандай қарым-қатынасым жоқ, сонымен қатар Ол еврей емес пе? — деп жауап
бердім мен ақыр соңында.
Тернер мырза қолындағы пышағын қойып, маған қадала қарады. Сол мезетте-ақ сыпайы
Тернер ханым тақырыпты өзгертуге асықты.
Мен жексенбі сайын қауымға келіп тұрдым, мен қауымға тек Фейтті көру үшін ғана
баратынмын. Қауымдағы жиын мені өте қатты жалықтырып және шаршатып жіберетін, ал
уағыздаушының сөз саптауы суып қалған сорпадан артық емес еді. Бұған қоса, Тернер
мырзамен екеуміздің арамызда дінге қатысты үлкен келіспеушілік пайда болды. Менің
ойымша, Иса тек Киелі кітаптың арқасында ғана аты шыққан қарапайым адам болды. Ол
Өзінің туған халқымен де, римдіктермен де келіспей ақыр соңында айқыш ағашқа шегеленіп
өлді, сонымен бәрі бітті. Міне бар болғаны осы. Иә, Иса діннің негізін салған — мен мұны
теріске шығарайын деп отырған жоқпын, діннің де қоғамда өз орнының бар екенін теріске
шығармаймын. Ол дінсіз өмір сүре алмайтын адамдарға тәртіп пен өзара құрмет көрсету
сезімін береді. Бірақ мен дінсіз де тамаша өмір сүре аламын.
Екі апта өткен соң Фейттің маған ақыл айтқанына таң қалған жоқпын. Ол маған:
— Ата-анам менің сенімен азырақ кездескенімді қалайды, – деді.
— Азырақ па, әлде мүлдем кездеспегенімізді ме? – деп сұрадым мен.
— Джош, сен әңгіменің төркінін шынымен де түсінбей тұрмысың? – деп қарсы сұрақ
қойды ол.
— Не туралы болуы мүмкін? Сен маған ұнайсың, ал мен саған ұнаймын. Біз екеуміз
бірге бақыттымыз! Мен жаман адам емеспін, солай ма, сен менімен келісесің ғой.
— Бірақ сен мәсіхші емессің, Джош.
— Ал сонда мен кіммін? Мен буддист те емеспін ғой?
— Сен қауымға бармайсың ғой. Тек... мені көргің келген кезде ғана барасың.
Мен күлімдеп, оны сүймекші болып еңкейдім де:
— Қауымға мен басқа не үшін баруым керекпін? — дедім мен өз ойымды бүкпей.
48
Алайда, кешіміз бәрібір жақсы болмады.
Ал бес күн өткен соң (бұл жұма күн болатын, 13 желтоқсан), мен өзімнің палатамда
жатыр едім, табалдырықта тартыншақтанып қалшиып тұрып қалған әскери капелланға (діни
қызметкер) көзім түсті.
«Неге ол есік алдында тұрып алды екен? Неге кірмей тұр?», – деп ойладым мен.
Алайда, капеллан қолындағы бас киімін мыжғылай берді. Ақыр соңында сөйледі-ау,
әйтеуір, ол менен:
— Сіз қатардағы жауынгер Макдауэллсіз бе? – деп сұрады.
— Иә, – деп жауап бердім мен.
— Ал мен капеллан Гардинермін, – деп өзін таныстырды ол.
Мен сілейіп қатып қалдым. Не істесеңдер де қарсы емеспін, бірақ бұл кісінің мен үшін
мінәжат етуіне жол бермеймін, – деген оймен капеллан жүзін бұрып әкетпейінше, мен оған
суық көзбен қадала, қарап тұра бердім.
— Мен сізге суық хабар әкелдім, — деді ол, ақыр соңында.
Қандай суық хабар? Бұл киелі сымақ адам маған қандай суық хабар әкелуі мүмкін? –
деп ойлай бергенімде ол маған:
— Ол сіздің анаңызға қатысты, — деді.
— Анама не болып қалды? — деп мен тіпті төсегімнен атып тұрдым.
— Ол бүгін таңертең қайтыс болды, – деп жауап берді.
Достарыңызбен бөлісу: |