Зерттеу жұмысының сыннан өтуі және жариялануы. Диссертациялық жұмыстың қолжазбасы Ресей Ғылым Академиясы Филология институтының Әдебиеттану секторында, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы бөлімінде талқыланып қорғауға ұсынылды. Зерттеу тақырыбы бойынша жазылған мақалалар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті белгілеген ғылыми басылымдар мен халықаралық, республикалық конференцияларға арналған жинақтарда жарияланды.
Диссертацияның құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш негізгі бөлімнен, бөлім тараушаларынан, екінші, үшінші бөлімдердің тараушаларына негізделген қосымша кестеден, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Сонымен қатар, осы диссертация жұмысына қатысты жарық көрген мақалалардың жарияланымы берілді.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, ұсынылған тұжырымдары, зерттеу нысаны мен дерек көздері, зерттеу әдістері, жұмыстың теориялық әдістемелік, тәжірибелік маңыздылығы, сарапталуы және құрылымы жөніндегі мәліметтер берілген.
«Сөз өнерінің ерекшелігі» деп аталатын жұмыстың бірінші бөлімінде – пәннің өзіндік ерекшелігі сөз болып, сөз өнерінің өзге де өнерлерден ерекшелігінің арақатынасы белгіленеді. Бұл тақырып аясында біз пәннің генезисіне (өнердің болмысына қатысты Аристотель мен Платонан бастап, Л.Толстой, Н.Буало, ағайынды Шлегелилер, ағылшын романтиктері У.Вордсворт, С.Колридж, Р. Саути беріректегі ағылшын өнертанушылары К.Белл, Р.Фрай, «семантикалық сыншылар» деп атап жүрген Ф.Уилрайт, Б.Кроче, философ Э.Кассирер, Вяч.В.Иванов, структуралист К.Леви-Стросс т.б. ғалымдар пікірі ескерілді) баруға басымдық таныттық. Сонымен қатар, бұл бөлімдегі «Сөз өнерінің қасиеті жайлы. Көркем сөздің спецификасы» атты тараушада «Әдебиет танытқыштағы» сөз өнерінің ерекшелігіне қатысты негізгі тұжырымдар Г. Гадамер, В.И. Белецкий, В.В.Кожинов секілді әдебиет және эстетика теоретиктерінің тұжырымдарымен қатар талданды.
Еңбектегі сөз өнерінің мәнін көрсететін қысқа тұжырымдамада пән болмысының классикалық үлгісі жасалады: «Сөз өнері – деп жазады ғалым, - адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға, 2) қиялға, 3) көңілге» Өнер жүйесіндегі бастапқы үш негіз құрамды осылай нақтылып алған соң, былайша ой қорытады: «Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау; көңіл ісі – түю, талғау» [9, 168].
Мұндай тұжырымдаманы (анағұрлым шектеулі түрде) алдымен әлемді көркемдік тұрғыдан түсіну әдісіне жатқызуға болады. В.В.Кожиновтың пайымына сүйенсек, әдебиеттанушы былай деп жазады: «К середине 20 в. утверждается <…> синтетическое понимание литературы как одной из форм художественного освоения мира, как творческой деятельности, которая принадлежит искусству, но вместе с тем является такой разновидностью художественного творчества, которая занимает в системе искусств особое место; это отличительное положение литературы зафиксировано в употребительной формуле «литература и искусство»» [10, 457]. Мәселенің екінші қыры – «сөз өнерінің» рухани қызметі. Жоғарыда айтылған «тану», «меңзеу» және көп жағдайларда «түю», «талғау» сөздерінің аспектісі ең алдымен рухани ұғымға жақын. Яғни, болмысты санамен түсіну: В.В. Кожиновтың айтуынша: «тіпті форманың қарапайым компоненттері де (эпитет немесе метафора, баяндау және диалог) түсіну кезінде ғана санаға қонбақ (сол күйінде қабылдау барысында емес)». Осыған орай, ең бастысы «Духовность, насквозь пронизывающая литературу, позволяет ей развернуть свои универсальные, по сравнению с другими видами искусства, возможности» [10, 454]. Сөз өнерінің мұндай саналы қасиеті адамдардың іс-әрекеті және ойлары мен мінездеріне жалпы алғанда қатысты екенін кезінде Аристотель тайға таңба басқандай атап көрсеткен (әрине, ең алдымен сюжетке байланысты – Ұ.Е.) [11, 23-31].
Жоғарыдағы тұжырымдармен қатар Байтұрсынұлының: «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйгенін түйгенінше айтуға жарау» [9, 168] деген ғылыми тұжырымы психолингвистикалық мәселелер аясында сараланды. Бұл ретте, Байтұрсынұлы тезисінің («Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде, көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек») мәні А.С. Выготский, А.А.Леонтев, Джонатан Каллер, Г.Пірәлиева секілді ғалымдардың әдебиеттегі психологизм мәселелеріне байланысты пікірлеріне сүйене отырып ашылды. Аталмыш тезистегі синтездің (поэтика мен лингвистика; психоаналитика мен герменевтика; поэтика мен герменевтика т.с.с.) көрінісі нақты мысалдармен дәлелденді деген қорытындыға келуге болады. Ал «Әдеби шығарманың құрылымдық сипаты. «Шығарма сөз» атты тараушада «әдебиет» түсінігінің терминдік әрі семантикалық мағынасы ашылады. Және «шығарма сөз» терминінің спецификасы әлемдік әдебиеттану ғылымының шеңберінде «мәтін», «әдеби шығарма», «дискурсс» терминдерімен бірлікте қаралады.
А. Байтұрсынұлы сөз өнерінің бір парасы болып табылатын «әдебиет» сөзінің ауқымын кең шеңберде ашып береді: «Сөз өнерінен жасалып шығатын нәрсенің жалпы аты шығарма сөз, ол аты қысқартылып көбінесе шығарма деп айтылады. Ауыз шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын, бәрі шығарма болады. Шығарманың түрлері толып жатыр. Оның бәрін шумақтап бір-ақ атағанда арабша әдебиет, қазақша асыл сөз дейміз» [9,170].. Яғни, «Ауыз шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын, бәрі шығарма болады» дейді. Ал біз білетін көп қолданыстағы әдебиет (litteratura – жазылған, littera – әріп сөзінен келіп шығады) түсінігінің «ақындық өнер», «поэзия» түсініктерінің орнын алмастырып келгені белгілі. Байтұрсынұлының бұл жерде асыл сөздің баламасы ретінде айтқан «арабша әдебиет, қазақша асыл сөз дейміз» деуі де жай емес. Себебі, бұл терминдердің таза мағыналық өлшемін таразылағанда, асыл сөзге жақын болып шығатыны латын тілінен келгенінен гөрі араб тілінен келгені (түбірі أدب әдеп, көркем мінезді иемдену, әдептілік, әдепті сөйлеу, сұлу сөйлеу т.б. мағыналарды білдіреді, осы мағыналардың барып тірелер шыңы – асыл сөзден тіптен де алыс емес). Мағыналық жағынан соңғысының шеңбері кең болып тұр. Адамға рухани қажеттілік – сөздің асылы ғана дегенге саяды. Ал, асыл сөздің ғылыми анықтамасына келсек оған қазіргі әдебиеттану да нақты жауабын бере алмай отыр. Мәселен, француз әдебиетінің маманы, аудармашы, теоретик ғалым С. Зенкин бұл мәселеге орай келесі пікірді алға тартады: «Затруднительными оказываются и попытки дать научное определение литературы, описать круг объектов, которые к ней относятся. "Литература — это вымышленное повествование", "литература — это изящная речь", "литература — это мышление в словесных образах": вот уже ряд определений, каждое из которых раскрыва¬ет нечто существенное, некую реальную сторону литературного факта, но все они не удовлетво¬ряют критерию полноты, а порой и непротиво¬речивости» [13,16]. Әдебиеттің екі бірдей (әдебиет дегеніміз ойдан шығарылған сөз, бұл оның алғашқы құрылымдық анықтамасы – a; екінші құрылымдық анықтамасы - әдебиет жүйелі реттілік тілі - b ) негіз қасиетін талдап келіп семиотик ғалым Ц.Тодоров, олардың пәннің қасиетін беруде тікелей біржақтылыққа ұрындырып келгенін айтады . Сөйтеді де, бұл екі қасиеттің де жүгін арқалайды деп дискурс (француз тілінен мағыналық жағынан аударғанда, дискурс – сөйлеу, пікір алмасу дегенге саяды) сөзіне басымдық береді. «...необходимо ввести родовое по отношению к понятию литературы понятие дискурса (discours). Это - структурная пара к функциональному концепту "употребления" (языкового) (usage). ... Специфика дискурса определяется тем, что он располагается по ту сторону языка, но по эту сторону высказывания, т. е. дан после языка, но до высказывания» [14, 366]. Алайда, ғалым ұсынып отырған дискурстық жүйе асыл сөздің өзіне тән ерекшелігіне қан жүгірткенімен, оның кең мағынасындағы рухани талғам тұрғысынан келіп шығатын спецификалық мәніне жауап береді дей алмаймыз. Әрине, бұл жерде біз дискурс табиғатын ашып беруді мақсат тұтпадық. Тек, сөз өнеріне деген жаңа талап тұрғысынан жазылып жүрген дәйекті, дәйек ретінде айта кетуді ғана ойладық. Немесе, Байтұрсынұлы түсінігіндегі асыл сөз бен жоғарыда келтірілген дискурстың түсінігі мүлдем кереғар ұғымдар. Бірі асыл сөздің асыл болатын белгілері болады десе, бірі әдебиетте олай болуы шарт емес, барлығы да пікір алысу болады дейді. Яғни, былапыт сөзбен екі адам ұрысып қалса ол да пікір алысу; пікір алысу болғаннан кейін ол да әдебиет. Яғни әдебиет сөздерінің ешқандай түрі, өз сүйкімі, шекарасы болмайды. Бұл енді қисындық синтездің (техногендік һәм философиялық ойдың синтезінен) жетістігі. Дискурс тек соны ұтымды қолданып тұр, әдебиетке. Ал енді мұның шешімі қалай болары уақыт еншісінде. Жалпы біз білетін көркемдік дүние тарихында (егер ол көркемдікті бүтіндей құшағына алғысы келген жағдайда) дискурс тектес қаншама эксперименттердің ғұмыры келте болып келгендігі басы ашық мәселе.
«Шығарма сөздің» синкреттік сыпаты мен көркемдік сыпаты бір нәрсе емес. Және де бұл екеуі тіптен екі бөлек те нәрсе емес. Еңбектегі бұл тараушаның негізгі нысаны «шығарма сөздің» (әдеби шығарманың, литературное произведение) құрылымы болып табылады: «Шығарма сөздің бәрінен бұрын байқалатын тысқы нәрселері: 1) тақырыбы, 2) жоспары, 3) мазмұны, 4) түрі». Әрине шығарма сөздің ауқымы кең екені бұл жерде тағы да айқындала түседі. Ғалым айтып отырған «шығарма сөздің тысқы нәрселері» тек әдеби туындыға ғана емес, театр, музыка секілді өнердің басқа түрлеріне де қатысты. Дегенмен А. Байтұрсынұлы түсіндірмесіндегі бұл жүйе негізінен әдеби шығармаға қатысты айтылып тұр. Шығарма сөздің тақырыбына қатысты А. Байтұрсынұлы былай дейді: «Тақырып әңгімедегі пікір не нәрсе туралы болса, сол нәрсе тақырыбы болады». Бұл жерде ғалым тақырыптың тікелей, терминдік мәнінен таратып отыр. Яғни, түбірі грек сөзіннен келіп шығатын тақырып түсінігінің мағынасы – негізге салынған нәрсе (греч. thema – то что положено в основу). Негізге салынған нәрсені А. Байтұрсынұлы пікір деп отыр. Пікір не нәрсе туралы болса дегенді сюжеті не жайында болса соны тақырып дейміз деп те ұғуға болады. Егер тақырыптың көркемдік шындықтың мәндік жағына қатыстылығымен байланыста қарасақ мәселе солай болған болар еді. Алайда А. Байтұрсынұлы анықтамасында әңгіменің пікірінен туындайтын тақырып пен оқиғаның, сол секілді тақырып пен идеяның ара жігі ажыратылмаған. Бәлкім, шығарманың бұл компоненттердің бәрін де ғалым «пікір» ұғымына сыйдырып тұрған да болар. Себебі көп жағдайда олардың ара-жігін ажыратып жату да артық. Ал керісінше детективті шығармаларда оқиға пікір не тақырыптан да маңызды болып кететін жерлері тағы бар. Және бір қырынан келгенде бұл жердегі «пікір» сөзі «ішкі тақырып» ұғымымен де баламалас келеді.
Жалпы «тақырып» сөзін термин ретінде қарастыратын болсақ, әдебиеттану ғылымында оның мағынасы әрқалай. Бір ғалымдар тақырыпты өмірдің шынайы материалы деп көрсе, келесі бері тақырып деп – негізгі қоғамдық проблемаларды айтады. Осылардың ішіндегі салмақтысы деп, яғни әдеби шығарманың фундаменті болатын тұжырым деп авторлық пікірлеуді айтады. Мұны бүгінгі әдебиеттану тілімен айтқанда – автордың бастапқы мақсұты, ой талғамының озығы. А. Байтұрсынұлы да барар жолын ашып айтпағанымен, тоқ етерін дөп басып айтқан «әңгімедегі пікір не нәрсе туралы болса, сол нәрсе тақырыбы болады». Б. В. Томашевский пікірі де осыған саяды, ол шығарманың басты тақырыбы деп сол жоғарыда айтқан авторлық талғамды айтады. Сол талғам пікір тудырады. Ал шығармадағы сол пікірлер жиынтығы шығарма тақырыбын құрайды әрі әрқайсысы өз алдына оқырманды тарта біледі. Және де, Томашевскийдің ойынша, сол пікірлер көркемдік құрылымындағы компоненттерді де біріктіріп тұр. Махаббат, өлім, төңкеріс сияқты жиынтық ұғымдарды ғалым содан шығарады [15, 176-178]. Бірақ, осы қисынды пікірдің алғышартын айтқанда орыс ғалымы Байтұрсынұлыдан алшақ кетеді. Яғни, қазақ ғалымы тақырып анықтамасына қатысты ә дегеннен «пікір» сөзін қолданып, мәселенің мағына шеңберін кеңейтіп жіберсе, Томашевскийде ол былай өрбиді: «В художественном выражении отдельные предложения, сочетаясь между собой по их значению, дают в результате некоторую конструкцию, объединенную общностью мысли или темы» [15, 176]. М.М.Бахтин болса, тақырыпқа қатысты ғалымның бұл анықтамасына үзілді-кесілді қарсы шықты. М.М.Бахтиннің пікірінше, тақырыпты пікірлеудің табиғатымен бірлікте түсіну керек. Ал кез-келген пікірлеу әлеуметтік һәм тарихи жағдаяттан хабар береді. Ал Томашевский айтатын тілдік түсініктер тақырыпқа әсер ете алмайды, олар жекелеген сөздер мен сөйлемдерге ғана ықпал етуі мүмкін. Мұнан шығатын түйін тақырып лингвистикалық бірліктермен қаншалықты ажырамас ұғым болса, пікірлеудің семантикасымен де соншалықты ажырамыс ұғым [16, 147].
Қорыта айтқанда, А.Байтұрсынұлы шығарма сөздің аясында тақырыптың нақты әрі негізгі екі аспектісін ғана баяндайды. Бірі ауқымы кең мағынадағы пікір тақырыбы да (a), екіншісі тікелей мағынадағы (яғни, мағына ауқымы тар) шығарманың басына қойылатын тақырып жөнінде (b).