Сұрақ. Бұл пiкiрiңiзде әлдебiр қайшылық бар сияқты?..
Жауап. Түсiндiм. Оның сыры филологияның iшкi құрылымына
байланысты. Әлгiнде айтып өткенiмiздей, филология адам болмысын көркем мәтiн арқылы қарастырады. Мәтiн – қандай да бiр дәуiрдегi адам ойының ескерткiшi, мәдениет жәдiгерi. Ал есте сақтау қабiлетi – жаратылыстың
адамға тарту еткен айрықша қасиеттерiнiң бiрi. Бұл қасиет жоқ жерде адамға
тән өзге қабiлеттердiң қай-қайсы да өз мәнiнде пайда келтiредi деу қиын.
Мәтiн бойында сан-сала құндылықтар ұштасып жататындықтан, оның
шынайы мән-маңызын анықтап, адамзат игiлiгiне жарату үшiн филолог
бойында да көптеген қасиеттер жинақталуы шарт. Филолог болу үшiн
ғылымның түрлi салаларынан мол хабардар болумен қатар, сөз құдiретiн
терең сезiне алатын ұшқыр түйсiк (интуиция) иесi болу керек.
Шындығына жүгiнсек, адам баласының жұмбақ әлемiн нақты бiр мәтiн
көлемiнде танып-бiлуге ұмтылу, бiр қарағанда, мүмкiндiк аясын
шектейтiндей сезiлетiнi де түсiнiктi. Бұл орайда ол – әрi нақты, әрi жан- жақты әмбебап ғылым. Нақты дейтiн себебiмiз – филологияда дерексiз
(абстрактiлi) ой тұжырымдауға жол берiлмейдi. Деректiлiк негiзi – мәтiн. Ал
оның жан-жақты болуының сыры – нақты мәтiнге сүйене отырып, ол өзге
ғылым салаларындағы жетiстiктердi өз қажетiнше еркiн пайдалана алады.
Сонымен қатар филология жетiстiктерiн өзге ғылымдар да қажеттi
жағдайларда кәдеге жаратып отырады. Алайда филологияның өзiндiк
ерекшелiгi де, қиындығы да осында. Бiр ғана мәтiн шеңберiнен өмiрдiң сан
алуан күрделi құбылыстарын көре бiлу филологтан үлкен жауапкершiлiктi
талап етедi. Мәтiн құрамындағы әр бөлшектен адам болмысының мәнiн
iздеу, iздеп қана қоймай, оны танып-бiлу және өзгелерге таныту филологтың
бiлiм-бiлiгiне, қарым-қабiлетiне, ойшылдығы мен сезiмталдығына тiкелей
байланысты. Бұл тұста ол бiр тамшы судан оның құрамын, шыққан жерiн,
пайда-зиянын, т.с.с. белгiлерiн ешқандай құралсыз анықтауға ұмтылған,
ұмтылып қана қоймай, сол мақсатына жетуге мiндеттi әпендiлеу данышпанға
ұқсайды. Демек, филология екiнiң бiрiне жалынан ұстата бермесi анық. Шын
мәнiндегi филолог болу үшiн адам баласы жаралғалы берi қол жеткiзген өнер
мен ғылым салаларынан, әсiресе, адам болмысын алуан қырынан
қарастыратын ғылымдардан неғұрлым мол хабардар болу қажет. Сонда ғана
тамшыдан теңiздi, сөзден өмiрдi тани бiлуге болады.