76
қатынасын, өзара әсер-ықпалын, тұтастығын әркез есте сақтауы қажет. Десек
те, мұндай тұтастықтың табиғатын қаншалықты дұрыс түсiнген жағдайдың
өзi зерттеудiң жемiстi болуының толық кепiлi бола алмайды. Зерттеушi
неғұрлым нақты сәттердi де әркез кеңiнен ескерiп отыруы қажет.
Сонымен, пiшiн нақты бiр мазмұнға ғана тән пiшiн болып көрiнедi.
Алайда пiшiннiң де белгiлi бiр үлгiде көрiнетiн сәттерi бар. Бұл тұста тектер,
жанрлар, стильдер, композиция және көркем сөз типтерiн, т.с.с. атауға
болады. Жанр немесе көркем сөз типi жеке-дара феномен ретiнде өмiр
сүрмейтiнi, жекелеген шығармаларға тән ортақ белгiлердiң жинақталуы
арқылы пайда болатыны түсiнiктi. Шын мәнiндегi әдебиет туындысында
пiшiндердiң әралуан “дайын” қырлары мен бөлшектерi жаңғырып, жаңарып,
өзгеге ұқсамайтын сипат иеленiп отырады. Мәселен, әрбiр көркем туынды
жанрлық, стильдiк және т.с.с. “пiшiндiк” қарым-қатынастарда әрдайым
бiрегей сипатта болады. Қалай болғанда да, қаламгер әдебиетте қалыптасқан
жанр, сөз типтерi, стильдiк тенденциялар, т.б. iшiнен өз шығармашылығы
үшiн қолайлысын таңдап алатыны да заңдылық. Демек, кез-келген әдеби
туындыда жалпы әдебиетте немесе белгiлi бiр аймақта, халықта, дәуiрде,
бағытта бұрыннан бар маңызды пiшiндiк белгiлер мен элементтер бар.
Онымен де қоймай, “дайын” күйiнде алынған пiшiндiк белгiлер өзiнен-өзi
нақты бiр мазмұндылықты иемденетiнi де анық. Қандай да бiр әдеби түрдi
(поэма, роман, трагедия, т.б.) таңдай отырып, қаламгер тек “дайын”
құрылымды ғана қажетiне жаратпайды, сонымен бiрге белгiлi бiр дәрежеде
“дайын ойды” да (жалпылық сипаттағы ой екенi түсiнiктi, әрине), кәдеге
асырады. Бұл кез-келген пiшiндiк сипаттарға қатысты.
Осыдан келiп “мазмұнның пiшiнге ауысуы” (және керiсiнше)
жайындағы философиялық белгiлi қағиданың логикалық қана емес, тарихи,
генетикалық мәнi бар екенiн аңғаруға болады. Қазiргi кезде жалпыға ортақ
әдебиет пiшiнi саналатын жәйттер бiр кезде мазмұн болған. Алғаш дүниеге
келгенде көптеген жанрлық белгiлер түрлiк белгiлер ретiнде бiрден көрiнбей,
пiшiндiк құбылыстар ретiнде танылғаны, тек үздiксiз қайталану үрдiсiнде
ғана тұрақтап қалғаны анық. Мәселен, италия Қайта өрлеуiнiң бастапқы
кезеңiнде пайда болған
новелла бiрден әдеби түр ретiнде қабылданған жоқ.
Тек қана жұртты қызықтырған оқиға жайындағы хабар, жаңалық сипатында
көрiндi. Итальян тiлiнде
“novella” дегенiмiздiң өзi
“жаңалық” деген сөз.
Әрине, оның қандай да бiр түрлiк белгiлерi болғаны түсiнiктi, дегенмен тура
сол тұста оған тән сюжеттiк өткiрлiк пен ұшқырлық, ықшамдық, образдар
қарапайымдылығы, т.с.с. белгiлер оның жанрлық даралығын айқындайтын
өзiндiк пiшiндiк белгiлер ретiнде көрiне алған жоқ. Басқаша айтқанда, бұлар
мазмұннан әлi де iрге ажырата алмай жатты. Тек кейiннен ғана, әсiресе,
Дж.Боккачоның “Декамеронынан” соң ғана новелла бiздiң түсiнiгiмiздегi
әдеби түр сипатында таныла бастады.
Достарыңызбен бөлісу: