35
Екiншiден, адамның мiнезi мен еркiне қатысты жалпы заңдылықтарға
бағдар ұстанған мәдени-тарихи мектептiң iзденiс ауқымын одан әрi ұлғайта
түсуге; яғни психологиялық және рухани тұрғыдан бөлшектей,
тереңдей
үңiлу негiзiнде кемел әдебиет жүйесiн жасауға талаптанған бағыт. Алғаш
Ф.Ницшенiң 1872 жылы жарық көрген
“Музыка рухынан трагедияның
тууы” атты еңбегiнде негiзделдi.
Осы бағыт негiзiнде “рухани-тарихи
мектеп” дамыды.
Үшiншiден,
З.Фрейд iлiмiне бейiмделген “санасыздық дүниесi” арқылы
өнердi түсiндiруге ұмтылған бағыт.
К.Г.Юнг, Дж.Фрейзер сияқты танымал
тұлғалары бар бұл бағыт негiзiнде кейiннен
ғұрыптық-мифологиялық iлiм
дүниеге келдi. Аталмыш iлiм өкiлдерi барлық дәуiрлердегi туындылардан
белгiлi бiр ғұрыптық ұқсастықтар мен ұжымдық-санасыз архетиптердi
анықтауға ұмтылды. Олардың поэтикалық құралдар
мен жанр негiздерiн
зерттеуде оң нәтижелерге қол жеткiзгенi де, сонымен бiрге әдебиеттi миф пен
ғұрыпқа шексiз тәуелдi ету салдарынан қателiктерге ұрынғаны да мәлiм.
XX ғасыр әдебиеттануында
экзистенциализм философиясына бағдар
ұстанған iзденiстер де ерекше орын алады. Бұл
бағыттағы iзденiс өкiлдерi
әдебиет дамуындағы тарихилық ұстанымынан бас тартып, ұлы өнер
туындыларының тууына сай келетiн экзистенциалдық уақыт ұғымын енгiздi.
Олар дәстүрге айналған генетикалық тәсiлдерден бой тартып,
поэтикалық
туындыларды өз бойына өзiндiк ақиқат пен
“пайғамбарлық бiлiмдарлық”
сипаттарды жинақтаған, өзiндiк мәнi бар дүние ретiнде түсiндiруге
ұмтылады. Экзистенциалистер түсiнiктемесi, көбiнесе, әрбiр түсiндiрушiнiң
тiлдiк және тарихи бiлiм кеңiстiгiмен байланысты болады. Аталмыш
бағыттың көрнектi
зерттеулерi қатарында М.Хайдеггердiң “Көркем
шығарманың шығу тегi” (1935 ж.), Э.Штайгердiң
“Уақыт – ақын қиялы”
(1939 ж.) еңбектерiн атаған орынды.
XX ғасырдағы әдебиеттану ғылымында аталған бағыттар мен
мектептерден басқа да теориялық зерттеулер мен iзденiстер көптеп кездеседi.
Олардың қатарында ерекше орын алатын теориялардың бiрi
– марксизм-
ленинизм қағидаларын басшылық еткен
социалистiк реализм теориясы.
Достарыңызбен бөлісу: