Ақиқат пен аңыз Әзілхан Нұршайықов



Pdf көрінісі
бет38/42
Дата29.12.2016
өлшемі1,37 Mb.
#745
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   42
сөзді маған берді.
Атымды тебініп, енді мен алға шықтым. 
                      Алдымен   халыққа   өзіміздің   Бірінші   Брест   атқыштар   дивизиясынан 
келгенімізді,   ол   дивизиядағылардың   дені   бұрын   өзім   құрамында   болған   жүзінші 
бригаданың жауынгерлері мен командирлері екенін айттым. Жүзінші бригададан Мәншүк 
Мәметова сияқты Совет Одағының Батыры шыққанын баяндадым. Тағы басқа ерлерді 
атадым.   Қазір   дивизиямыздың   Польша   жерінде   жауды   батысқа   қарай   қуалап   бара 
жатқанын   білдіре  келіп,   дивизиядағы  осы   Қызылорда   облысының   бір  ақын  жігіті   маған 
былай деп өтініш айтқан еді дей келіп, мынадай бір шумақ өлең оқыдым: 
Болсын десең дұшпаннан күші басым, 
Жұқсын десең бойыма ішкен асым,- 
Сырдарияның суынан әдейі арнап, 
Бір тамшысын ала кел, кұрбыласым! 
                               -            Біз ол өтінішті орындайтын болдық, - дедім сөзімнің соңында. - 
Сіздің   облыс   біздің   дивизияға   Сырдарияның   суына   өскен   бір   вагон   күріш   пен 
Сырдарияның   суынан   ұсталған  бір  вагон  балық  беретін  болды.  Сіздерге  мың  мәртебе 
рақмет, Сыр елінің 
халқы. Біз сіздерге жауды жеңіп қайтамыз деп серт береміз. 
                               Менен кейін алға мойны құрықтай құла мінген, басында пұшпақ бөркі, 
мойнында   гармоны   бар,   қара   мұртты,   елудің   жуан   ортасындағы   қызыл   шырайлы   кісі 
барды.   Ол   кісінің   әуезді   әсем   үні   гармонмен   бірдей   шықты.   Ақын   алдымен   жиналған 
жұртты мерекемен құттықтап алып, содан кейін халыққа осы келген үш жігіт өздеріңнің 
балаларың.   Бұлар   солардың   қасынан   келді.   Бұлар   өз   балаларыңның   сәлемін   әкелді. 
Ертең   осы   үшеуіндей   боп   олар   да   жеңіспен   елге   келеді.   Сонда   қозыдай   маңырасып, 
қойдай шуласып табысасындар. Осы балалардың ізі өз балаларыңа салған жол болсын. 
Бұл ерлердің жортқанда жолы болсын! - деп өлеңмен тілек батасын берді. Бүкіл халық 
егіліп отырып, «әумин!» деп ақынды қостады. 
                               Ол кісі халық ақыны Нартай Бекежанов екен. Ол Нартай ақынды бірінші 
рет көруім еді. Ақындығына, ақылдылығына, әншілігіне қатты разы болып, кетер-кеткенше 
мен ол кісінің қасынан қалмадым. Жолдастарым «Қыз куу», «Көкпар тарту», «Теңге алу»  
ойындарына қатысып, олар да мәз-мейрам болды. 
                          Мереке   өткеннен   кейін   аупарткомның   өтініші   бойынша   колхоздарды 
араладық.   Бізбен   көрісіп,   кездесуге   жиналған   жұртқа   Тәкен   жаяу  әскер   жайын,   Кабыш 
барлаушылық тәжірибесін баяндайды. Мен артиллерист достарымның ерлігін айтамын. 
Нартай   ақын   өзінің   әуезді   үнімен   ән-өлең   шырқайды.   Жеңіс   жақын   деп   жұртқа   жігер 
береміз. Содан кейін аудандық  комсомол комитетінің секретары Әсия бастаған қыздар 
концерт   көрсетеді.   Олардың   көпшілігі   бізді   Шиелі   басында   домбырамен   қарсы   алған 
қыздар. Шиелі қыздары шетінен ақын, әнші, домбырашы екен. Солдаттардың сөзін естіп, 
қыздардың өнерін көргенде, еңселерін жұмыс басқан жұрт едәуір желпініп қалысады. 
                         Үшінші   күні   түнде   Шиеліге  қайттық.   Ай  сүттей  жарық   еді.   Көп  салт  атты 
болып,   қатар   түзеп,   көсілте   аяңдап   келеміз.   Мен   аупартком   секретары   мен   ақынның 
ортасында едім. Оның ар жағында колхоз председателі келе жатты. Қыздар артқы лекте 
болатын. Тәкен мен Кабыш солардың ортасында. 
                      Бір кезде артта келе жаткан Қабыш: 

                       -        Жүр, Тәкен, тағы да шабайык, - деді. 
                       -        Әсия, Базаркүл, жүріңдер кеттік, - деді Тәкен. Жастар бір бүйірге қарай 
дүрсілдетіп шаба кеп жөнелді. 
                       -        Қыздар, құлап қалмандар, - деп айқайлайды олардың соңынан колхоз 
председателі. Оны ешкім тындаған жоқ. Көп аттың тұяғы дүңк-дүңк естіледі. Ол түнгі дала 
жүрегінің дүрсілі іспеттенеді. Біраздан кейін жастар көзге көрінбей, тұяқ дүрсілі естілмей 
жым-жылас жоқ болды да кетті. 
                        -         Қабыш   пен   Тәкенде   тыным   жок,-дедім   мен   осы   кезде   қасымдағы 
жолдастарымды   сөзге   шақырып.   -   Елге   жеткелі   екеуі   енесінің   айналасында   күлте 
құйрығын көкке тігіп алып шапқылаған құлындай құлдырап жүр. 
                        -       Шіркін, туған жерге не жетсін, еркелегендері ғой, - деді ақын. 
                         -        Рас, көп қыздың ортасында көлге сүңгіген үйректей боп жүр өздері, - 
деді колхоз председателі. Аупартком секретары үндеген жоқ. 
                        -       Қарағым, бүгін бұл үшеуінен осы елдің аяры жоқ, - деді құла жорғаның 
үстінде шайқалып келе жатқан ақын. - Мінген атыңның бір терлеп, қиналғанына қарамай, 
мынау балалармен қосылып, сен де бір көсіле шауып, сергіп алсаңшы. 
                      Осылай деп ақын артқы қатарда келе жатқан әнші қыздарды нұсқады. 
                      Мен күліп, басымды шайқадым. 
                       -        Әлде атқа шаба алмаушы ма едің? 
                        -         Атқа   шабамын   ғой,   бірақ   айға   шаба   алмаймын,   -   дедім   тағы   да 
күлімсіреп. 
                      Ақын жорға ырғағымен қайтадан теңселіп, біраз үнсіз отырды да: 
                        -       Ай аяғыңның астында жатса ше? - деді менің бетіме тіке қарап. 
                        -       Айды таптауға болмайды ғой, аға, онда айналып өтемін. 
                      Ақын тағы үнсіз қалып, шоқша сақалын разылықпен сипады. 
                        -       Оның жөн екен, бауырым, - деді содан соң. - Менікі өзің сонау алыстан, 
өлім мен оттың ішінен келіп, астыңа жүйрік ат тигенде тақымың нәумез болмасын деген 
ғой жай. Сенікі жөн. Әйтпесе осы күні, - ақын оң жағындағы председательге бір қарап 
қойды,   -   көп   азаматтар   көзіне   жылқы   баласы   көрінсе   болды,   соған   бұт   артып,   шаба 
жөнелетінді   шығарды   ғой.   Қолына   түскені   жас   жабағы   ма,   үйретілмеген   тай,   құнажын 
байтал   ма   -   шаруасы   жоқ.   Жас   жылқының   қолы   түсіп   қалады-ау,   обал-ау   деп   ешкім 
ойламайды. Осы соғыстың кесірінен жылқы да жуасып кеткен бе, әйтеуір көне береді. 
                         Осылай деп ол атын бір қамшылап қойды. Құла жорға мойнын құрықтай 
созып, тайпала түсіп ілгері ұмтылды. Біз көп уақыт үнсіз келе жаттық. 
                        Бір кезде арт жағымыздан қалың дүрсіл қайта естілді. Менің жолдастарым 
мен қыздар екен. 
                        -       Басеке, ұрысып жатқан жоқсыз ба?-деді Кабыш екі танауы делдеңдеп. 
                       Мен үндемедім. 
                         -        Е,  бастықтарың  неге  ұрсады?  -  деді  колхоз   председателі  жігіттерге 
қарай жамбастай бұрылып. - Әскерде увольнительный деген бір жапырақ қағаз болады. 
Сендер оның орнына бір-бір қыз жетектеп кеттіңдер емес пе? Ондай увольнительныйы 
бар солдатқа кім ұрсады? 
                         -      Сіз ол қалжақты қойыңыз, - деді тік мінез Қабыш. 
                         -      Е, қойдым, қойдым. Қоймағанда, - деп председатель күңкілдеп атының 
белін қайыстыра қайтадан түзеліп отырды. Жұрт үнсіз қалды. 
                          -       Немене, армансыз шаптындар ма, жігіттер? - дедім мен ол үнсіздікті 
бұзу үшін. 
                         -      Шаптық, шаптық, - деді Тәкен мен Қабыш жарыса жауап қатып. 
                          Сөйтіп   біз  алпыс   тонна  күріш,   қырық   тонна   балық  алып,   Қызылордадан 
майданға   аттандық.   Соғыста   жалғыздарынан   айрылған   шерлі   әкелер,   мұңды   аналар, 
күйеулерінен «қара қағаз» алған қаралы келіншектер, қайғылы қара көз қыздар, ардагер 
Нартай ақын, соғыстың ауыртпалығына қарамастан қайыспай еңбек етіп, майданға жан 
аямай болысып жатқан еңбекші жұрт - ер халық ерекше ұмытылмастай боп көңілімізде 
қалды. Осы себептен бе, маған Қызылорда өзге облыстардан гөрі ыстық көрінуші еді... 

                        Баукең жаңа соғыс кезінде сен етегіңе намаз оқып жүрдің бе дегенде осы 
оқиға ойыма түсті. 
                         -        Оқыдым,   Бауке,   менің   намазым   қаза   болған   емес,   -   дедім   өзіме 
бажырая қарап отырған Бауыржанға берген жауабымды қайталап. 
                       Бауыржан. Оқысаң оқи бер. Мен өтірік айта алмаймын. Сен оқыған болсаң - 
сен   мен   емессің,   мен   -   сен   емеспін.   Екеуіміздің   жағдайымыз   да   екі   басқа   болды. 
Сондықтан екеуіміздің арамыз жер мен көктей... Қазір де солай! Түсінікті ме саған? Мен 
отыз  екіме  дейін   періште   болдым:   арақ   ішпедім,   әйелге   қиянат   жасамадым.   Неменеге 
күлесің, ей? Мен саған күлкі үшін айтып отыр деймісің. 
                       Құдай   мені   мінез   жағынан   сыйымсыз   ғып   жаратқан.   Әйелдеріме   мен 
сондықтан сыймадым. Ал сыйған әйелім менің мандайыма сыймады. Қараңғы үйге қамап, 
қалтырақтатып   жарық   дүниеге   жалғыз   тастап   кетті.   Жұқарған,   жұртқа   керексіз   болған 
кезіңде жалғыз қалған жаман екен. Қартайғанда қасыңнан атақ, қалтаңнан акша қашады. 
Одан соң абырой зытып, қайқандап қадір жөнеледі... 
                    Адамды бұзатын не? Тағы да сол атақ, ақша, арақ. Осы үшеуі. Төртіншісі әйел 
демеймін. Алғашқы үшеуінің буына бөртіп, әйелдерді біз - еркектер бұзамыз. Түсінікті ме? 
Түсінікті болса сол: қартайғанда адам соқа басы сорайып, жалғыз қалады. Өйткені қыз 
күйеуге кетеді, ұлды келін әкетеді. Сонда сенен атак, ақша, абырой, бала - бәрі безгенде, 
қыңқ етпестен қалқайып қасыңда қалатын бүкіш кемпірің ғана болады. Енді сенің кешегі 
қалың жауға қарсы қылыштай сермейтін дивизияң да, бүкіл дүниені дүбірлеткен атағың 
да, қара басынды қалың елге сыйлатқан абыройың да сол! Адам боп сүрген аз дәуреніңді 
- елу жас па, жүз бе, бәрі бір оның - аяқтап, мәңгі келмеске бірге аттанар сенімді серігің де 
сол!   Сол   жалғыз   серігіңе   өмірде   адал   болмағаның   өзіңе   ауыр,   одан   айрылып,   жалғыз 
қалғаның   одан   да   қиын!   Понятно   тебе?   Мұны   еркектер   ойлауы   керек!   Шал   болып, 
шандырға   айналып,   шашы   шашылып,   тілі   валидол   татып   кеткен   еркектің   ештеңеге 
шамасы да келмейді. Оның мұндай қасиетті ойды ойларлық қабілеті де қалмайды. Алған 
жарға адал болуды жас бастан ойлау керек. 
                      Сен ішіңнен күліп отырған боларсың: бұл мәселеде Бауыржан өнеге айтқан 
соң не сорым деп. Жоқ, күлме. Мен өз өмірімнен қорытқан тәжірибемді айтып отырмын. 
Егер менің өмірім өзгеге үлгі болуға жараса, онда одан алатын екінші сабақ осы, қарағым. 
Менің бұл жөніндегі қателігімді де кейінгілер қайталамаса екен деп тілеймін!.. Енді бітті 
бұл тақырып... Болды... 
VII 
                    Автор. Ал, Бауке, бригадада қанша болдыңыз? 
                    Бауыржан. Бір жылдай... 
                    Автор.   Иә.   Содан   тура   бір   жылдан   кейін   Сіз   тыл   және   жабдықтау   әскери 
академиясының жалпы тактика мен оперативтік өнер кафедрасына аға оқытушы болып 
тағайындалыпсыз. 
                       Бауьржан.   Рас.   Артынан   маған   қатардағы   ординарный   профессор   атағы 
берілді. 
                      Автор.   Сіздің   өміріңіз   екі   саладан   тұрады   ғой,   Бауке.   Бірі   -   командирлік, 
екіншісі - жазушылық. Осы екінші жолға қалай түстіңіз? Кімнің, ненің тікелей әсері болды. 
                       Бауыржан.   Ондай   әсерлер   кеп   қой,   қарағым.   Мен   қаршадайымнан   қазақ 
фольклорының тұнығын кешіп өстім. Есейе келе Абайды оқыдым. Сәкен, Сәбит, Бейімбет, 
Ілияс кітаптарын қолтықтап жүріп ер жеттім. Қазақ әдебиетінің шалқар көлін шағала боп 
шарықтаған   мен,   бір   кезде   Ленинградқа,   банк   қызметкерлерінің   оқуына   бардым. 
Ленинградта   мен   онердің   ғажайып   сарайына   кірдім,   орыс   әдебиетінің   ғаламат   теңізіне 
сүңгідім. Әрине, мен ол кезде ақын немесе жазушы боламын деп ойлағаным жоқ. Қолбасы 
болу да менің үш ұйықтасам түсіме кірмеген жай. Мен тек қана банк қызметкері боламын 
дедім. Бірақ жасында оқығандарың өзіңе елеусіз боп жадыңа сіңе береді екен. 
                      Содан кейін мен тіршілік теңізін кештім. Ұлы Отан соғысы сияқты өмірдің ұлы 
мұхитынан   өттім.   Кітаптан   оқығандарым   сияқты,   өмірден   көргендерім   де   құпия   қазына 
болып   жүрегімнің   бір   түкпіріне   жинала   берсе   керек.   Оның   үстіне   Бас   штабтың 
академиясында   оқыған   жылдар   мені   жазушылыққа   мүлде   жақындатып   кетті.   Әсіресе 

әскери   жазушы   болуыма   академияның   әсері   тиді.   Онда   әскери   адамдардың   әр   түрлі 
жағдайдағы   психологиясын   сыпаттау   үшін   жазылған   толып   жатқан   жұмыстар   менің 
болашақта   жазушы   болуыма   астыртын   әсер   етті.   Мінеки,   менің   жазушы   болуыма   игі 
ықпал етіп, әсерін тигізген төрт фактор осы. Олар: қазақ әдебиеті, орыс әдебиеті, өмір 
және әскери академия.
VIII 
                       Бригададан босап, Сочиге демалысқа кетіп бара жатқан бетім еді. Жаңағы 
айтқандарымды   ойлап,   өткен-кеткен   өміріме   көз   жібере   толғанып   отырған   шағымда 
номерімнің   телефоны   шылдыр   ете   қалды.   Трубканы   алып   едім,   ар   жактан 
қырылдаңқыраған 
бір дауыс келді. 
                         -        Әй,   сен,   Бауыржанбысың?   -   деді   дауыс.   Бірден   таныдым   -   Сәбит 
Мұқанов. 
                        -       Ассалаумағалайкүм, Сәбе. 
                         -      Уәликім сәлем. Ал жалғызбысың, әлде қасында «шатағың» бар ма? 
                        -       Жалғызбын, Сәбе. 
                        -       Жалғыз болсаң менің номеріме кел. Мен күтем сені. 
                        Сәбең   Алматыдан   келіп,   мен   жатқан   «Москва»   мейманханасына   түскен 
екен.   Мені   сыртымнан   көріп   қалып,   администратордан   кіріп,   номерімді   сұрап   алып 
телефон   соғыпты.   Бұрын   мен   академияда   оқып   жүрген   кездерде   де   Москваға   келген 
сайын   мені   осылай   телефонмен   іздеп   тауып   алатын.   Бардым.   Мәкең   жеңгей   қасында 
екен.   Сәбеңнен   ел   жайын   сұрап,   әдебиет   туралы   әңгімелестік.   Мен   оған   «Сибирь», 
«Доктор» деген екі өлеңімді оқып бердім. 
                          -          Әй, Бауыржан, сен мына өлеңдерді текке қор қылып жүрсің, - деді 
содан   соң   Сәбең,-   Бұларды   қалай  да   жариялатып   жарыққа  шығарту  керек.   Сонан   соң 
кешегі өткен жер жүзілік қырғын соғыстың сыры мен сыпатын қазақта сенен басқа жақсы 
танып-біліп, түсінетін адам кемде-кем. Сондықтан сол жайды қағаз бетіне түсіріп халқыңа, 
ел-жұртыңа, замандастарың мен туыстарыңа, болашақ ұрпаққа пайдасы тиетіндей кітап 
етіп жазып беру - азаматтық міндетің. 
                        Жаңа сен кімнің әсері болды деп сұрадың ғой. Сәбеңнің осы сөзінің маған 
тікелей   әсері   болды.   Сол   сөз   мені   қабағат   рухтандырды.   Содан   кейін   Сәбең   екеуіміз 
Москваны   аралап   жүріп,   тағы   да   көп   әңгімелестік.   Жоғарыда   бір   жерде   Сәбитпен 
ресторанға 
барғанымды айтып едім ғой. Ол дәл осы күннің кешінде болатын. 
                     Мен 1971 жылы жазда, Қазақтың М.О.Әуезов атындағы академиялық драма 
театрында Бауыржан Момышұлының алпыс жасқа толғаны атап өтілген қалалық жиында 
Сәбит Мұқановтың мінбеге келген сәтін көз алдыма елестеттім. 
                         -        Мен Бауыржан елу жасқа толғанда шығарған өлеңімді оқимын, - деді 
Сәбең көзілдірігін киіп жатып, тек өзіне ғана тән мәңгі қарлығыңқы үнімен. Содан кейін ол 
ақ   саусағын   шошайта   залға   қарай   қолын   сермеп   қалды.   -   Мен   бір   айтпаймын,   ал 
айтқанымнан қайтпаймын. Бауыржанға елуінде не тілесем, алпысында да соны тілеймін. 
Жұрт ду күлді. Сәбең сонда мына өлеңін оқыған еді: 
«Советтің саналы ер еркегі» деп, 
«Жігіттің қыз қызығар көркемі» деп, 
Бауыржан Момышұлы жер жүзінде 
Тарапты барлық елге ертегі боп. 
Барсам да қай континент, қай аралға, 
Заманнан аз хабары бар адамда 
Білмейтін Бауыржанды жан көргем жок, 
Мен бұған куанам да, таңданам да. 
Айтайын ең алдымен куанышты: 
Қазақта ұл туғанмен талай күшті, 
Жер жүзін тамсандырып Бауыржандай 
Есімі қайсысының хатка түсті? 

Ауылдың қалды көбі аумағында... 
Бауыржан «Катюшадай» лаулады да, 
Өртеді фашистерді, сондыктан да 
Таниды досы түгіл жау жағы да. 
Батыста, жүрген ғылым тереңінде, 
Ақылын, өжеттігін, өнерін де 
Жыр етіп, Бауыржанның батырлығын 
Таниды, бір-ақ шындык көлемінде. 
Ежелден ертегішіл Шығыс - кәрі, 
Шындықтан шыға шырқап, кетеді әрі: 
Көреді қаһармандай тау көтерген, 
Немесе, жер тітірткен Әзірет-Әлі. 
Білсе егер екенімді менің қазақ: 
«Сендерде ұл бар ғой, - деп, - сондай ғажап?» 
Шуласып қамағанда қалың адам, 
Жарылмай қуаныштан тұрам аз-ақ! 
Айтайын танданудың енді жайын: 
Ұшканын атақ-даңкы көрген сайын. 
Келтірем көз алдыма Бауыржанды, 
Кәдімгі жақсы адамды - қарапайым. 
Білемін бұл жігітті ерте күннен: 
Қаттыны нелер керім еріте білген. 
Шықты бұл қылыш болып майрылмайтын, 
Советтік Армияның мартенінен. 
Шықты да жалаң қағып тұрды сапқа... 
Отандық ұлы соғыс қызған шақта, 
Ақылы, қимылымен, қайратымен, 
Өзіне ие болды берген атқа. 
Сол үшін Отан мен халқы сүйіп, 
Атаса кететұғын денесі иіп, 
Тарихқа кірді бұл да дәл Зоядай, 
Немесе секілденіп - Мересьев. 
Фашисті бұл батырлар қырып-жойды, 
Азамат болды істері абыройлы. 
Құрметпен, сондықтан да, Бауыржанға 
Жатырмыз елу жаста... 
                   «То есть» деп ,Сәбең қағаздан басын көтеріп алды да, сол жақ иығынан кері 
бұрылып, сахна төріндегі үлкен етіп жазылған «60» деген цифрды нұсқап, «әне, әне» деді 
де, бұл шумақтың төртінші жолын түзетіп қайтадан оқыды. Жұрт тағы да дүр сілкініп, ду 
күліп қалды. 
Жатырмыз алпыс жаста жасап тойды. 
Шашуым осы-ақ болды тойға дайын. 
Ел сүйген ерді мен де аймалайын! 
Бауыржан, ата-анаңа алғыс айтып, 
Советтен сені өсірген айналайын! 
                      Осылай   деп   Сәбең   басын   көтерді   де,   құшағын   кең   жая   мінбеден   түсті. 
Бауыржан да орнынан атып тұрды. Екеуінің құшағы сахна ортасында айқасты. Мол денелі 
сабырлы Сәбең арқылы халық Бауыржандай батыр ұлын тағы да мейірлене құшағына 
қысқан   іспеттенді.   Содан   кейін   Сәбең   Бауыржанды   балаша   құлағынан   тартып,   сәл 
еңкейтті де: 
                       -          Елің   үшін!   -   деп   мандайынан   бір   сүйді.   Одан   кейін   тағы   да 
еңкейтті.            
                      -         Өзім үшін! - деп екінші рет сүйді. 
                      -         Ұрпақ үшін! - деп үшінші рет еңкейтіп және сүйді. 

                       Зал   күліп,   дуылдап,   шартылдата   шапалақ   соғумен   болды.   Көп   адамның 
көзіне жас үйіріліп, домаланған ыстық моншақтар ыршып түсіп жатты. 
                       Автор. Шіркін, Сәбең-ай десеңші! Кімді рухтандырмады, кімге көмектеспеді. 
Қазақтың   өзінен   кейінгі   ақын-жазушыларына   Сәбеңнен   көп   көмек   көрсеткен   ешкім   жоқ 
шығар. Әдебиетке келген бәріміз сол кісіге әкеміздей қарыздар едік-ау. Ол кісінің көшеде 
тоқтай қалып «әй, халің қалай?» деп бір ауыз айтқан жылы сөзінің өзі не тұрушы еді? 
                       Бауыржан. Сонымен академияда бес жыл сабақ бердім. Күні бүгінге дейін 
Москва университеті мен Москваның әскери академиясында лекция оқыған санаулы ғана 
қазақ бар. Бұл - мақтан емес, ақиқат. Түсінікті ме саған? - Мен басымды изедім. - Жаз, 
түсінікті болса. 
                        Әскери   академияда   сабақ   беріп   жүріп,   мен   жазушы   болуды   ойлана 
бастадым. 
                        Осы оймен Калинин қаласында жүріп (біздің академия сонда көшіп барған 
болатын), орыс тілінде «Біздің семья» кітабын жазып шықтым. Ол кітаптың қайда, қашан 
басылғанын айтқанмын саған. 
                        Елу бесінші жылдың аяқ жағында, бір күні Москваға келіп, ГУК -ке кірдім. 
Генерал Голиковтан мені армиядан босатып, запасқа шығаруды өтіндім. 
                         -        Енді   отставкадағы   полковник   боламын.   Бірақ   отставкадағы   азамат 
болмаймын, жолдас генерал, - дедім. 
                          -       Армиядан кеткенде не істейсіз? - деді генерал танданып. - Сіз қырық 
бесте   екенсіз.   Бұл   нағыз   офицердің   жасы.   Армияда   әлі   де   бірсыпыра   жыл   қызмет 
істеуіңізге болады ғой. 
                          -       Мен   жұмысты   тастамаймын,   жолдас   генерал.   Енді   әдебиет 
майданында қызмет ететін боламын. 
                         -      Қай тілде жазбақсыз? 
                         -      Орыс тілінде. 
                          -       Жазушы   болу   үшін   ең   кемі   әдебиет   институтын   бітіру   керек   қой, 
полковник. 
                          -       Маған   әдебиет   институтының   керегі   жок,   жолдас   генерал.   Менің 
жазушы болуыма өзім өткен өмір университетінің сабақтары да жетеді. 
                         -      Бұл Сіздің үзілді-кесілді шешіміңіз бе, полковник? 
                         -      Дәл солай, жолдас генерал. 
                         Осыдан бес жыл кейін, әскери жазушылардың Москвада болған кеңесінде 
сөйлеген   сөзінде   сол   кісі,   армия   генералы   Филипп   Иванович   Голиковтың   тап   өзі: 
«Момышұлының   запискалары   мемуар   болғанмен,   басқа   мемуарлардан   көп   айырмасы 
бар, ол көркемдік дәрежеге көтерілген, онда артық эпизод, керексіз кейіпкерлер деген жоқ. 
Нағыз маңызды эпизодтар мен образдарды іріктеп алған» деді. Бұл сөзді естігенде мен 
Голиковтың   мақтағанына   емес,   Голиковке   жазушы   боламын   деп   берген   уәдемді 
орындағаныма   қуандым.   Әрине,   Голиковтың   армиядан   жақында   кеткен   офицер   не 
тындыра қойды дейсің деп, менің кітабымды оқымай тастай салуына болатын еді. Оқып 
шығып, әділ бағасын айтқан. Ол үшін генералға мың мәртебе рақмет. Содан кейін мен 
өзімді отставкадағы адам  емес, Совет Армиясының сапында жүрген жауынгер  офицер 
санатында сезіндім. Ол сөз маған туған анамдай боп кеткен армияның алыстағы ұлына 
білдірген мейір-махаббаты тәрізді боп танылды. Бұл өзіңе сонша айтылған бір сыр ғой, 
қарағым. 
                     Содан кейін Голиков мені Бурденко атындағы бас әскери госпитальға жіберді. 
Соның   қасында   жоғары   әскери   комиссия   бар   еді.   Оның   бастығы   Доброхотов   деген 
контрадмирал болатын. Келсем Доброхотов шашы аппақ, өзі қап-қара, бірақ жылы жүзді, 
өте   бір   биязы   кісі   екен.   Сәлемдесіп,   жөнімді   айттым.   Мені   денсаулығыма   байланысты 
армиядан босатыңыз дедім. 
                     Доброхотов мені орталық әскери комиссияға жіберді. Оның жеті комиссиясы 
бар екен. Солардан өттім. Академияға мені әскерден босату туралы ВКК-ның қаулысын 
әкеп бердім. 
                      Екі күннен кейін академия бастығы шақырды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   42




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет