- Денсаулығыңыз нашарласа курортқа жіберейік, - деді бастық.
- Курорттан бас тартамын. Мені әскерден босатуды сұраймын, - дедім.
Содан біраздан кейін бұйрық шықты. Онда полковник Бауыржан Момышұлы
денсаулығына байланысты, 59-статьяның «б» пунктіне сәйкес әскерден босатылсын және
оның әскери киім киіп жүруіне рұқсат етілсін деп көрсетілді. Бір басыма жеткілікті пенсия
тағайындалды.
Елу бесінші жылдың декабрінде барлық дос-жолдастарыммен,
академиямен, армиямен қоштасып, Алматыға қайтгым. Әрине, бұл айтарға ғана оңай.
Әйтпесе он бір ай - қызыл әскер, он төрт ай - взвод командирі, үш жыл төрт ай - рота
командирі, тоғыз ай - аткыштар полкы штабы бастығының орынбасары, бес ай -
республикалық военкоматтың аға нұскаушысы, бес ай - батальон командирі, екі ай - полк
командирінің орынбасары, сегіз ай - атқыштар полкының командирі, жеті ай - Бас штаб
әскери академиясының жанындағы білім жетілдіру курсының тындаушысы, үш ай -
дивизия командирінің орынбасары, алты ай - дивизия командирі, екі жыл екі ай - Бас штаб
әскери академиясының тыңдаушысы, екі жыл - бригада командирінің орынбасары, бес
жыл - әскери академияда ординарлық әскери профессор болған армиямен қоштасу оңай
іс емес, қарағым. Мен - армияға, армия - менің өміріме айналып кеткен еді ғой. Армиядан
босау маған қырық бес жасымда қайтадан туып, екінші бір өмірді жаңадан бастағанмен
парапар еді. Бірінші өмірімде менің Отанға сіңірген азды-көпті еңбегім, халықтан алған
атақ-абыройым бар еді. Екінші өмірімде ондай еңбек етіп, халықтан алғыс ала алам ба? -
деп толғандым.
Баукең сәл бөгеліп, тағы да «Қазақстан» темекісіне қол созды. Сидиған,
салалы, етсіз, арық саусақтарына көзім түсіп, тағы да оны ішімнен аяп кеттім. Басқа жұрт
сияқты, бұрын мен де Баукеңе мән бере бермейтінмін. Соғысқа кім қатыспады, кім
командир болмады деп ойлайтынмын. Өзімен етене араласып, ұзақ-ұзақ әңгімелескеннен
кейін Баукең маған басқа қырынан көрінді. Бұл кісі еліміздің атақты қолбасы,
генералдарымен қызметтес болып, олардың бұйрықтарын орындапты. Жуков,
Василевский, Рокоссовский, Баграмян, Говоров, Захаров сияқты маршалдармен ауызба-
ауыз тілдесіпті. Әскерде маршал түгіл генерал көрмеген маған алдымда отырған арық
шал бірте-бірте биіктеп асқар тауға айналып кеткен сияқты боп көрінді.
Ең алғаш әңгімелесе бастаған күндеріміздің бірінде, сөз арасында Баукең
маған «мен профессормын» деген еді.
- Не дейсіз? - деп мен қайталап сұрадым.
- Мен қатардағы әскери профессормын, - деді ол мұрты тікірейіп.
Мен Баукеңе жайлап қана жымиып қарадым. Оным: «Бауке, осы жерін
артығырақ сілтеп жіберген боларсыз» дегенім еді. Бауыржан менің шүбәланып
отырғанымды сезді де:
- Сенбесең қой, - деп ол әңгімені аяқтатпастан бірден үзіп тастады.
Артынан мен Момышұлы туралы көптеген документтермент істес болдым.
Документ пен Баукең айткан әңгімелер арасында алшақтық жоғына әбден көзім жетті.
Сөйтіп жүріп Баукеңнің қатардағы әскери профессор болғанын да анықтадым. Калинин
қаласындағы әскери академияда сабақ беріп жүргенінде Момышұлы тактикадан алты,
стратегиядан тоғыз еңбек жазады. Сол үшін аға оқытушылықтан ординарный профессор
дәрежесіне жоғарылайды. Бірақ бұл атақ академияда лекция окып жүрген кезінде
сақталады да, одан кетсең алынып қалады екен. Өйткені ол атақ сенің орныңа келген
екінші оқытушыға беріледі. 1956 жылдың бірінші январында Момышұлы жоғарыда аталған
академияның тізімінен шығарылған. Сол күннен бастап оның қатардағы әскери профессор
атағы да өшіп қалған. Жаңа Баукең армияда атқарған қызметтерін санамалап отырып, бес
жыл әскери академияда ординарлық әскери профессор болдым дегенде менің ойыма
алға-
шында осы сөзге сенбегенім түсіп, іштей ұялып отырдым. Оның аузынан әр түрлі
жағдайда айтылып кеткен үсақ-түйек дәлсіздіктерге түзету жасаған тұстарымды да артық
кердім. Өзіме берген деректерінің бәрі дұрыс болғандықтан Баукеңнің басқа жерлерде
айтқан сөздерінде не шаруам бар еді деп ойладым.
IX
Автор. Бауке, өткен жолғы әңгімелердің бірінде Калинин қаласындағы
әскери академияға сабақ беріп жүрген кезімде тактика мен стратегиядан еңбектер жазып
ординарный профессор атағын алдым деп едіңіз. Одан бұрынырақта жаяу әскердің
жауынгерлік уставына пікір қосқаныңызды білдіргенсіз. Осылардың қандай еңбектер
екенін ашып айтуға бола ма?
Бауыржан. Жоқ. Болмайды. - Осылай деп қатаң, тіке айтты да, Баукең ақ
мүштікті аузына апарып бір-екі сорды да, бұрқ еткізіп түтін шығарды. - Ұлттык табыс
дегеннің не екенін білесің ғой, - деді содан соң даусын бәсендете сөйлеп. Мен басымды
изедім.
- Білсең, - деді де Баукен енді орысша сөйлеп кетті: - Национальный
доход в СССР весь принадлежит трудящимся: одна часть его поступает трудящимся в
виде личных доходов, а другая - используется как общественный фонд накопления и
удовлетворения потребностей всего общества и составляет общественную
собственность. Понятно тебе? - Мен тағы да басымды изедім. Бірақ ішімнен: Баукеңнің
баяғыда банкте қызмет істегені есіне түсіп кетті ме, саяси экономияға кіріп кеткені несі деп
ойладым. - Ұқсаң осыны қазақшалағын. - Мен қағазға жазғанымды ауызша аударып, оқып
бердім. - Ұлттық табысқа СССР-де бүтіндей еңбекшілер ие: оның бір бөлігі еңбекшілер
қолына өзінің жеке табысы ретінде тиеді де, ал екіншісі жинақтаудың қоғамдық қоры
ретінде әрі бүкіл қоғамның керексінуін өтеуге пайдаланылады, сөйтіп ол қоғамдық
меншікке айналады. Осылай ма? - деді Баукең менің аудармамның дұрыс, қисығын
тексергендей сәл ойлана отырып. - Осылай болса, ол еңбектер, ұлттық табыстың екінші
бөлігі сияқты, мемлекет меншігіне жатады. Ол менің советтік қоғамның әскери ой
қазынасына қоскан өз үлесім. Оған мен ие емеспін. Бірақ мен социалистік мемлекетті
қорғаудың қоғамдық осы ғажап
меншігіне титтей де болса өз үлесімді қосқаныма разымын. Мақтанамын демеймін.
Түсінікті ме? Ал мен ұлттық табыстың бірінші бөлігі сияқты, өзімнің жеке табысым ретінде
бағаланатын әдеби еңбегіме толық иемін.
Ол осылай деп этажеркада тұрған өз кітаптарын иегімен нұсқады.
«Советтік қоғамның әскери ой қазынасына қосқан өз үлесім». Баукеңнің бұл
сөзі менің көз алдыма әбден сарғайып кеткен газет қиындысын елестетті.
Беттің жоғарғы жағындағы «Полковник Момышұлының әскери жазбалары»
деген үлкен заголовок көзіме оттай басылды. Әдеттегі етек мақаланың биіктігі елу жол
болады. Ал мынау жалпақ алты бағанның әрқайсысы ұсақ әріптермен терілген жетпіс
жолдан тұратын шіреме етек мақала екен. Аяғына: «А.Кривицкий» деп қол қойылған.
Макаланың бас жағында автор өзінің алдында қатырма мұқабалы көк дәптер
жатқанын, оның бірінші беті толған адрес екенін, адрестерге қарағанда дәптер иесінің дос,
туыстарының бәрі Алматы қаласында тұратындығын айта келіп, бұл орденді полковник
Бауыржан Момышұлының әскери жазбалары екенін, Момышұлының қазір Алматыда
командировкада жүргенін айтады.
Осыдан кейін автор көк дәптердің беттерін парақтап, ондағы жазуларды
оқуға кіріседі. Бірінші беттегі тайға таңба басқандай айқын, әсерлі, әлді сөздер бірден
оқушы назарын аударады.
«Ерсіз ел болмайды, елсіз ер болмайды».
«Отан үшін отқа түскін - күймейсің».
«Өлім арасында жүрсең де, өмірден үміт үзбегін».
Мінеки, көк дәптер иесінің алғашқы сөздері осылай басталады. 1942
жылдың декабрінде ол былай деп жазыпты:
«Ұлттық мақтаныш - ұлт азаматының мызғымас заңы, қасиетті ісі. Кімде-кім
өз ұлтын құрметтеп, оны мақтаныш етпесе (ал әр ұлтта да мақтан тұтарлық жайлар бар),
ол барып тұрған азғын...»
Бауыржан менімен бір әңгімесінде: «Мен соғыс жылдарында «Красная
звезда» газетіне: «Кімде-кім өз ұлтын құрметтеп оны мақтаныш етпесе, ол барып тұрған
азғын» деп жазғанмын деген еді. Сонда Баукең осы «Полковник Бауыржан Момышұлының
әскери жазбаларын» айтқан екен-ау деп ойладым мен мақаланың тақырыбына қайта бір
көз жүгіртіп өтіп. Сонда Баукең бұл сөздерді көк дәптерге кай тұста, қандай жағдайда
жазды екен деген және бір ой келді. Дереу Баукеңнің қызмет тізімін алып қарадым. Қырық
екінші жылдың декабрі 8-ші гвардиялық дивизияның Калинин майданының кұрамында,
Холм қаласының түбінде тұрған кезі екен. Ол кезде Момышұлы полк командирі.
Төзімді кейін қойдым да, қайтадан сарғайған газет қиындысына үңілдім.
Мақала авторы көк дәптер сырын баяндауға қайтадан «кірісті».
Көк дәптердің иесі не жазса да, не туралы толғанса да оның ойы әскери
тақырыпқа, өзінің офицерлік мамандығына келіп тіреліп отырады. Міне, оның «Әскери
тәрбиенің мақсаттары» деген конспектісі. Мұнда ол «Әскери психологиядағы ұлттық
сәттер» деген жайға тереңдей үңіледі. Ол былай деп баяндайды:
«Жауынгерді жаужүрек етіп тәрбиелеуде халықтың өткендегі жауынгерлігі де,
оның ең мәртебелі ұлттық дәстүрі де маңызды екеніне менің өз тәжірибемде көзім жетті.
Жас адамды тәрбиелеудің негіздері. Үлкенді құрметтеу, борышын бұлжытпай
орындау, арын таза сақтау, қоғамдық тәртіпті бұлжытпай орындау, заңға бағыну - жас
адамға қажет ізгілік белгілері осы. Мұны біз: Отанын, халқын, семьясын сүю деп те
атаймыз. Мұндай инабатты тәрбие алған адам - нағыз жауынгер. Оның қасиеті - адалдық,
арлылық, тәртіптілік.
Алғырлық пен тапқырлық жайында. Қазақтың дәстүрлі ақындар айтысында
күтпеген оқыс шешімдер болады. Жұрт алдына шығып айтысқа түсу қыздар мен жігіттерді
тапқырлыққа талпындырады, олардың ауыз әдебиетіне, музыкаға ықыласын арттырып,
зейінді болуға, ұғымталдыққа үйретеді. Ал ұрыс кезінде оқыс оқиғалар орасан көп
ұшырасады. Солдат неғұрлым зерек, тапқыр болса, ол небір қиын-қыстау жағдайдан жол
тауып, құтылып шығады.
Ұлттық спорт ойындары туралы. Бұл ойындар адамды батылдыққа,
икемділікке, орынды қызбалыққа, тәуекелшілдікке, қайсарлыққа, тіпті ары үшін жанын
садақа қылуға баулиды. Мен ауыздықпен алыскан сәйгүліктен қорыққан немесе атқа міне
алмайтын бауырларымды қазақ деп атауға намыстанар едім.
Халық тәжірибесінің алтын қазынасы біздің игілігімізге айналып, әскери
ісімізге қызмет етуі керек.
Панфилов - менің әскери әкем. Марқұм генералмен мен қазір де, ұрыс
алдында ақылдасамын. Ол менің орнымда болса қайтер еді деп ойлаймын.
Батырлық - табиғат сыйы емес, бұл патриоттық борышыңды орындау үшін
өзінді-өзің қауіпке қарсы саналы түрде зорлап көндірудің нәтижесі. Мұндайда адам өз
достарымен тек игілікті ғана емес, сонымен бірге қатерді де бөлісе отырып, жауды жою
арқылы өзін және отандастарын қауіпсіздендіруге тырысады, өзінің азаматтық ары мен
намысын ездіктен, масқаралықтан қорғайды, өз бойындағы осындай асыл қасиеттерін
ашып көрсете түседі.
Батылдық - есеппен қимылдауды тәуекелмен ұштастыру. Тәуекел есеппен
ақталады.
Ептілік - шапшаң ойланып шешім қабылдаудың және бұлшық еттердің
шапшаң ойға тәртіптілікпен бағынуының нәтижесі.
Ұшқырлық - батылдык пен ептілікті ұштастыра білу.
Бұйрық беру үшін бұйрыққа көне біл.
Жауынгер сымбатты болуы керек (қыздардан гөрі қызмет үшін). Жинақылық
пен тәртіптілік - солдат сымбатының алғы белгілері осы. Жауынгер сапта да, ұрыста да өз
міндетін ұғынып, нақты орындауы қажет. Солдат шеберлігінің ең жоғарғы сатысы осы.
Әскери мәдениетті меңгерген, адамдар мен оқиғаларды үнемі зерттеп отыруға қабілеті
бар, мемлекеттік тұрғыдан ойлай білетін командир ғана өз қызыл әскерлерін осындай
сапаға жеткізе алады. Командир адал, өзіне де, бағыныштыларға да қатал, әділ болуы
керек. Жауынгер командирді мемлекет өкілі деп есептеп, оның ары мен адалдығына
шексіз сенуі шарт. Мұндай солдатты мен сымбатты деп білемін, мұндай командирді -
офицер деп атаймын.
Офицер психолог, адам жанын сезгіш болуы қажет. Идеялық жағынан сауатты,
жан-жақты білімді болу - әрине, оның өз борышы. Шен алу мен шекпен жаңарту жағын ең
алдымен ойламай, өзінің әскери және саяси салада өсуі үшін күш салуы керек. Ал шен
мен лауазым офицердің жеке іскерлігіне берілген әділ баға есебінде өзінен-өзі келеді.
Міне, осындай. Полковниктің көк дәптеріндегі әскери жазбалар Момышұлының
мынадай сөздерімен аяқталады:
- Жерге теріңді төксең, жеміске кенелесің; халық үшін қаныңды төксең, абыройға
бөленесің!
Баукеңнің «Бұл менің қоғамдық әскери ойға қосқан өз үлесім» деген сөзінен
барып ойға түскен бұл қиындыны маған ақын Есет Әукебаев берген еді. Ол кезде
мотоатқыштар полкінің комсоргы болған Е. Әукебаев осы қиындыны отыз жылдан аса
уакыт жоғалтпастан сақтап келген.
- Туған әкенің хатын да бұлай сақтамас болар, - дедім мен ақынға.
Ақын жымиып күлді.
- Бұл Баукеңе деген сүйіспеншіліктен шығар, - деді ол. - Баукең
Панфилов - менің әскери әкем десе, Баукең бәріміздің мақтанышымыз болды.
Солдаттардан бастап, барлық офицерлер осылай есептеді.
- Сіз өзіңіздің «Батальон» деген өлеңіңізді осы мақаланы оқығаннан
кейін жаздыңыз ба?
- Жоқ. «Полковник Бауыржан Момышұлының әскери жазбалары» менің
Баукең жайындағы бірінші оқыған мақалам еді. Оны өлеңдей жаттап алдым. Офицер
қандай болуы керек, солдат қандай болуы керек екенін бағыныштыларыма да, басқаларға
да үнемі мақтанышпен айтып жүрдім. Менің бақытыма қарай бұдан кейін менің қолыма
Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабының алғашқы басылымының бір данасы
түсті. Бас алмастан оқыдым. «Батальон» өлеңін содан кейін бастадым. Алғашында он бір
буынмен жаздым. Одан кейін сегіз буын етіп қайта өңдедім. Маған жау қоршауын қайта-
кайта бұзып шыққан темір батальонның тегеурінін көрсететін өзгеше түр, ырғақ, екпін
керек болды. Таба алмадым. Содан кейін оны жылы бүркеп, қағаздарымның арасына
салып қойдым. 1956 жылы әскерден босап, «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке
орналастым. Сол жылдың күзінде Москваны неміс фашистерінен қорғаудың он бес
жылдығы болды да, редакция мені Бауыржан Момышұлына Москва шайқасы туралы
интервью әкелуге жұмсады. Баукеңмен сонда бірінші рет жүздесіп, тілдестім. Ол
кездесуден алған әсерімнің күштілігі сонша, Баукең туралы он жылдан аса бұрын бастаған
өлеңімді қайтадан қолыма алып, жаңадан жазып шықтым. Отан соғысына қатысқан әр
солдаттың жүрегінде өз Бауыржаннамасы - ардагер ағаға деген өз лебізі, ықыласы болды
емес пе? Менің Бауыржаннамам осы өлең.
Осылай әңгімесін аяқтаған Есет Әукебаев маған ақынға тән шабыт,
солдатқа тән сүйіспеншілікпен «Батальон» өлеңін оқып берді. Оның соңғы шумағы
мынадай еді:
Ұмытылмас со бір шайқас,
Өшпес халык жүрегінен.
Ол батырлық жыр таусылмас,
Туған елін сүйе білген.
Ол туралы әуел баста-ақ
Жырлар, жырлар - жазылды том.
Қарашы, әне, Баукең бастап,
Келе жатыр болаттай сом -
Батальон!
Батальон!
Бұдан кейін мен Баукеңнің басқа да әскери пікірлерін есіме түсіруге
тырыстым. Соғыс кезінде жұрт оны командир және көркем әдебиет қаһарманы деп қана
таныды. Қазіргі қауым әскери жазушы деп біледі. Сонымен бірге Баукең әскери тарихшы
да ғой. Бұған Баукеңнің «Жауынгердің тұлғасы», «Генерал Панфилов», «Олар менің
есімде», «Куба әсерлері», «Ел басына күн туса» кітаптары, әлі толық жинақталмаған
толып жатқан ғылыми мақалалары куә. Ал Баукеңнің бас кітабы «Москва үшін шайқасты»
алатын болсақ, оның өзі әрі көркем шығарма, әрі тарих. Әскери жазушы Бауыржанды
әскери тарихшы Бауыржаннан бөліп алу өте қиын. Баукеннің бойындағы бұл екі қасиет
біте қабысып кеткен. Қазақ әскери өнерінің тарихындағы ең алғашқы асыл мұра
Момышұлының кітаптарынан басталатыны хақ.
Қалай дегенмен де бұл арада менің ойыма ең алдымен «Куба әсерлері»
келді. Мұнда Баукең өзінің әскери ойларын көркем шығарманың қауызына тықпай,
тындаушыларға ауызекі баяндап берген. Ал тындаушылары кім еді десеңізші? Куба
армиясының солдаттары, офицерлері және оның генералитеті.
Ойлап қарасам Баукеңнің Куба сапарынан тек әскери адамдарға ғана тән
тактикалық толғаныстар танылады. Оның Бостандық аралы Кубаға баруының өзі тұтқиыл.
Әрине, Куба елінде өзінің атақты екенін Баукең білмеді емес, білді. Бас қаһарманы боп
табылатын А. Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабы Кубада испан тіліне аударылып,
атыс позициясының басында пулеметшілерге оқпен қоса үлестірілгені, ол кітапты Куба
жастары, елдің интеллигенциясы жақсы білетіні, тіпті ол кітап Куба революңиясының
көсемі Фидель Кастроның күнбе-күн оқитын сүйікті кітаптарының бірі екені баспасөз
бетінен Баукеңе жақсы таныс болатын. Тіпті ол сол кезде Совет Армиясы Саяси Бас
басқармасының бастығы армия генералы Епишевке ГДР-дан келген мынандай хатты да
білетін:
«Аса құрметті жолдас армия генералы!
Осы айда Ұлттық Халық армиясының барлық қызметкерлері саяси сабақ
ретінде Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабын міндетті түрде оқып тауысуға
тиіс еді.
Империалистік агрессорлар қару жұмсай қалған жағдайда біздің
солдаттарымыз өз міндеттерін осы тамаша кітапта суреттелген Ұлы Отан соғысы кезіндегі
жағдайдай нақты білуі үшін бұл кітап жайында барлық топтарда семинарлар мен
әңгімелер өткізіледі.
Осыған байланысты мен Сізден Александр Бек жолдасқа, Бауыржан
Момышұлы жолдасқа, осы кітаптың тірі қалған тағы бірер қаһарманына бізге келіп, Ұлттық
Халық армиясы кызметкерлерінің Ұлы Отан соғысының сабақтары жайында әңгімелеріне
қатысуға менің шын жүректен шақыруымды жеткізуіңізді өтінемін.
Социалистік сәлеммен адмирал Фернер».
Берлинге Бек кетті де, Бауыржан бармай қалды. Оның есесіне ол ешбір
нөкерсіз, шақырусыз, ешкімге хабар салмастан мұхиттың ар жағындағы алыс Кубаға
жападан-жалғыз тартты да кетті. Шетел тұрғай, шеткері ауданға баруға да жүрексінесің.
Өзіңді тани ма, танымай ма, қалай қарсы алады деп қауіптенесің. Ал, алшаңдап
Алматыда жүрген Баукең аяқ астынан аспанға самғай көтеріліп, 1963 жылғы ноябрьдің
бесінде сонау Гавана аэропортынан бір-ақ шығады. Орны самолеттің алдыңғы жағында
болғандықтан, ол ең сонда шығушылардың бірі болады. Гавананың шілдедей шыжып
тұрған шағы болса керек. Костюмінің ішінен түйе жүн жемпір, сыртынан макинтош киген,
басында жылы сусар бөркі бар Баукең самолет есігіне қарай аяндайды. Сонда серіктерінің
бірі:
- Қап, бағана самолет ішінде шешініп, жеңіл киініп алмаған екенсіз.
Мына жер жанып тұр ғой, - дейді.
- Оқасы жоқ, ата-бабам жазғы шілдеде қабат-қабат тон киген қазақ
емеспін бе, - деп жауап берді Баукең.
Трапка табаны тиісімен Баукең оң қолын жоғары көтеріп, аэропорт басына
жиналған жұртқа ізет білдіреді. Содан кейін:
- Сәлем саған, қаһарман Куба! - деп қазақ тілінде саңқ етіп үн қатып,
қолын қылыштай бір сермеп тастайды.
Киген киімі, келбет-бейнесі, саңқ еткен үні аэродром басына жиналған
жұрттың назарын бірден аударады. Аэровокзалда Совет Одағынан келген туристердің
документтерін тексеріп отырған үш әскери адам Момышұлын танып, орындарынан тұрып,
ізет білдіреді.
- Компаньеро Коронел - жолдас полковник Момышұлы, біз Сіздің
жайыңызды кітаптан оқып білгенбіз, жауынгерлік істеріңізге әбден қанықпыз, - дейді.
Сөйтіп, Кубаға келген көп туристер ішінен жалғыз Момышұлы ғана танымал
болып шығады.
Міне, әскери тактика тәріздес осы қылық, жүріс-тұрыстан мен мұндалап
тұрған Бауыржан характері танылады. Ол характер Кубаның ол кездегі Қарулы күштер
министрі Рауль Кастро Руспен кездесу кезіндегі әзіл-қалжың түріндегі сайыстарда одан
сайын айқындала түседі. Ол тұстарда оқушы: апырай, Баукең бірдеңені бүлдіріп алмаса
жарар еді деп іштей сасқалақтап та отырады. Бірақ санасы биік, саясатта салиқалы
Баукеңнің өршеленген сайын өрісі кеңи береді.
Газеттерде Момышұлының интервьюі жарияланып, оның Кубаға келгені
жалпақ жұртқа мәлім болады. Сол кезде Баукең Бас штабқа шақырылады. Оның
басшыларының бірі коменданте Кауссе Қарулы күштер министрі Рауль Кастроның басқа
қаладан телефон соғып, Момышұлынан Куба мемлекетінің қонағы болып, бірнеше күн
қала тұруды өтінген сәлемін жеткізе отырып:
- Хабардар болмағандықтан аэродромда өзін ешкім қарсы алмағанына
Достарыңызбен бөлісу: |