Айтыс II том



Pdf көрінісі
бет17/23
Дата16.02.2017
өлшемі0,96 Mb.
#4186
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   23

Мәйке:
Қыдыр шалып, бақ қонған
Ескелді бір атаңа.
Махшарда Құдай сүймеген
Меккенің дәмін тата ма?
Көрмекке іздеп келіп ем,
Жалайырға сүйікті,
Тіліңе біткен опаңа.
Қалжың да болса, тоқтадым,
Аузымнан шыққан қата ма?
Ұлықсат етсең, келіп ем,
Алайын деп батаңа.
Бақтыбай:
Өзен судай кемелім,
Салқын үйде отырсам,
Шығар еді өнерім.
Әрі-бері сапырсам,
Әуселеңді көрермін.
Қырыққа жасым келгенмен,
Әзілдесіп ойнауға 

300
Қазақ өнерінің антологиясы
Қыздар деген шіркінмен
Әлі күнге шебер ем.
Жарамайсың жалғыз-ақ,
Еркек бала сен болсаң,
Өлеңім бәрі кетсе де,
Аямай, бата берер ем.
Мәйке:
Бақтыбай, босқа желікпе,
Еркек – дарақ, біз – бұтақ.
Аңғарып айт, демікпе.
Әйел де адам баласы,
Бір жақтан ауып келіп пе?
Қыз да болсам, мен сені
Жібермеймін ерікке.
Өзіңді өзің қамбаздап,
Бізді мұнша кемітпе.
Ақылмен ойлап шешесің
Осы сөздің егесін.
Ақыретті ойласаң,
Дүниеден тегі безерсің.
Жаман болса ұрғашы,
Жазы-қысы тыным жоқ.
Көрінгенге күл шашып,
Жазған-ау, неге кезесің?
Бақтыбай:
Бақтыбай қылып Құдайым
Жасымнан мені жаратты.
Ішпек-жемек уажіп,
Пендеге берген санақты.
Арсалаң ақын о да аман,
Түбек пенен Жанақ-ты.
Айтыспақ түгіл бұлар да
Нұсқауымнан қамапты.
Үш кессе де, жыланды,
Кесіртке әлім бар-ақ-ты.
Араладым бірталай
Абақ пенен Тарақты.

301
Айтыс II том
Өлеңменен айтыста
Тартушы едім қадақты.
Таразыға түскенде
Тартынбай сөйле, Мәйкежан,
Бала екенсің талапты.
Сен қандайсың, мен қандай,
Белгілі болар әлі-ақ-ты.
Мен – ақ тұйғын, сен – торғай,
Жаздым, міне, қанатты.
Мәйке:
Ілгері кеткен егдесің,
Құнан да, тай да табың жоқ,
Байлықтан біткен бағың жоқ,
Көрмегендей шағың жоқ.
Мақтаннан еш береке өнбегендей,
Қамтитып көкірегіңді қаққанменен,
Қайда бар мал мен басың өрлегендей
Аттыдай жаяу тұрып мақтанғанмен.
Мұныңмен сөз орнына келмегендей,
Без, шіркін, мысыққа да бітетұғын,
Мияулап, мауық іздеп, шөлдегендей.
Көтеріп өзіңді-өзің қампиясың,
Жайыңды Мәйке барып көрмегендей.
Бақтыбай:
Тау суындай тасулы,
Келтірме, байғұс, ашуды.
Перінің қызы болсаң да,
Кемітпей сөйле басымды.
Танымайсың нәсілді,
Он екі жасқа келгенде,
Аруағым әлде шашылды.
Кедейсің деп кемітпе,
Мен сияқты асылды.
Жаратты Бақтыбай ғып Құдай мені,
Бір сөздің айтатұғын келді жөні.

302
Қазақ өнерінің антологиясы
Келді ме Түлен түртіп сен, бейбақты,
Қалайын бір айттырып, келсе, жөні.
Мәйке:
Жақсы айтсаң, Бақтыбай,
Ақ маңдайда бағың бар.
Қалыңмалға жеткендей
Жазған-ау, қанша малың бар?
Көрініп тұрған түгің жоқ,
Көрсетпей жиған қазына,
Қанша сенің халың бар?
Күшік деген халықта
Некелеп қойған жарым бар!
Қара суда балық бар,
Айтқан сөзде парық бар,
Күшік деген халық бар,
Он үш айда жетемін,
Соған шейін алып қал.
Бақтыбай:
Әрі-бері сөйлесем
Шығарамын шиіңді,
Тарттырамын күйіңді.
Мен – қаршыға, сен – үйрек,
Ілейін деп, түйілді.
Жалайыр басын бір қосқан,
Барармын мен де жиынға.
Қалыңмалың жетпейді,
Түтінге бес-он тиынға.
Қалыңмалды қоя тұр,
Үйіңе барып істей бер,
Киетұғын киімді.
Мәйке:
Ауызша сенің көңілің
Жанып тұрған шаладай.
Әңгір-әңгір сөйлейсің,
Бастықпаған баладай.
Әлің келсе, ат-түйе,
Батаяқ алар, бабам-ай.

303
Айтыс II том
Ертең ұят болмасын,
Ат-түйені қоя тұр,
Батааяққа беруге 
Қотыр бұзау таба алмай,
Әулікпе, Бақа, әулікпе,
Өзіңді-өзің шамала-ай.
Қор боласың, байғұс-ау,
Екі қатын алған соң
Көзің болар шарадай.
Елге күлкі боларсың,
Мал тауып беріп, Мәйкені
Тоқалдыққа ала алмай.
Ел бетіне жүрмегін
Ұялғаннан қарамай.
Мәйке бала келгенде,
Мәйкенің жүзін көргенде,
Әлек болып жұлқындың,
Азбан бұқа сияқты
Топырақ шашып далада-ай.
Бақтыбай:
Аламын десем мен сені
Жалайыр берер көмегін.
Жалғыз-ақ, Мәйке, айтайын,
Жалғыз атты қаңғыған
Сорлы екен демегін.
Басылып жатқан қазына –
Таңдайға біткен өлеңім.
Домбыраны қолға алып,
Біраз ғана желемін,
Жасырмаймын, кедеймін,
Елден нәсіп теремін.
Бір қыздың малы немене,
Бір жылда-ақ тауып беремін.
Кепиетсіп жөн бе еді,
Адамзаттың баласын
Айуанға теңеуің?
Жаныма менің тигенің,
О да мені сүйгенің.

304
Қазақ өнерінің антологиясы
Өнерлі туған ер еді,
Алсын мені дегенің.
Домбырамды тағармын,
Жалайырға барармын.
Ашулансам малыңды
Жеті күнде табармын.
Мәйке:
Қыз да болса, Мәйке қыз,
Көрген сендей талайды.
Орнатарсың бай болсаң
Ағаш үйден сарайды.
Шамаң келсе, Мәйкені ал,
Өнері бар Мәйке қыз
Бір кәдеге жарайды.
Сөйлейсің Жәке құбылып,
Қатының жаман болған соң.
Үйің сенің қалыпты,
Бір арыққа тығылып,
Дүмбірлеп тұрған үйің жоқ.
Үйіңнің сенің ішінде
Ораулы тұрған шиің жоқ.
Ыштансыз отыр қатының,
Қай жаққа кеткен ақылың?
Бақтыбай:
Мәйкетай, айналайын, ақылыңнан,
Жалғанда қорлық көрдім қатынымнан.
Берсем де, ердің құнын сені алайын,
Үйдегі озамысың «батырымнан»?
Мал шығын ғып алмаймын,
Дәйттен сен аспасаң.
Боласың жақсы бәйбіше,
Шаруаны бекер шашпасаң.
Мен кетсем, қаңғып ұзаққа,
Сен кетсең, қаңғып бір жаққа,
Хас масқара болармыз,
Осы күнгі, шырағым,

305
Айтыс II том
Жүрісіңді бастасаң,
Сондай қызық болармыз.
Шаруаны сүйтіп тастасаң.
Қарағым, Мәйке, баласың,
Балалықпен білмейсің,
Адамның байқап бағасын.
Ақылың маған жеткен жоқ,
Білместіктен, қарағым,
«Кедейсің», – деп шаласың, 
Ескелді, Естай бір туған,
Әулие өткен білесің,
Бақтыбайдың бабасын.
Сиыршы деген елі бай,
Шұбар деген жері бай,
Сиыршының беремін
Сиырының бір жылғы
Азар болса танасын,
Онда Құдай бермей ме
Бақтыбайдың шамасын?!
Не десең, о де, Мәйке қыз,
Тірі жүрсең, әйтеуір,
Бақаңның отын жағасың.
Мәйке:
Қыз да болса, Мәйке қыз,
Сиыршы жайын біледі.
Сенің айтқан сөзіңе
Көңілім менің күледі.
Қанша айтсаң да, келмейді,
Еліңнің сенің реңі.
Бақал боп бәрі құрыған,
Бір тиынды алам деп
Жол тосумен жүреді.
Андас мырза сияқты
Атақты ерің кім еді?
Сиыршының қыздары
Ақ бидайды ора алмай
Бороздаға сүрінген.
Қатқан шалбар, қу шекпен,

306
Қазақ өнерінің антологиясы
Үстінде жүр сүрілген.
Қанша қатын алып ең
Бұдан бұрын тіліңмен,
Сенікі еді бір әлек,
Әншейін бір бүлінген.
Құмар едім, Бақтыбай,
Бір көрмекке өзіңді,
Не десең де, байғұс-ау,
Ала алмайсың өзімді.
Бидайда Құдай келтірді
Бақтыбай, сенің кезіңді.
Бақтыбай, қисық, қыңыр ең,
Бүгінгі күні кез қылды
Түзететін кезіңді.
Қораң толған малың жоқ,
Кедейсің, сорлы, құның жоқ,
Кім сөйлейді сөзіңді?
Бақтыбай:
Байтулақ тартар атымды,
Сөйлейтұғын ерінбей.
Байтұрбай сөйлер сөзімді,
Ебінің соққан желіндей,
Бекмұқамбет сол сөйлер,
Атасы Балпық емес пе,
Қазанның асу, беліндей.
Исабек сөйлер сөзімді,
Бейбіт бидің баласы
Сөйлейтін топта шегінбей,
Байқоржын мен Тарағым,
О да менің қарағым,
О да сөйлер сөзімді,
Аспанда жүрген перімдей.
Замандасым Дәнең де,
Өзі болыс, өзі ояз
Жәлменде жатыр төменде,
Осылар тірі тұрғанда
Жасымаймын, Мәйке қыз,
Сен кедейсің дегенде.

307
Айтыс II том
Мәйке:
Байтулаққа беретін
Байғұс-ау, сенің шайың жоқ,
Баймұқамбетке апарып,
Аруаққа байлайтын
Жылқыда асау тайың жоқ.
Кәрі шалға берер пұлың жоқ,
Қалтаңда сенің дымың жоқ,
Әншейін де жақынсың,
Шынтуайтқа барғанда,
Елтірі құрлы құның жоқ,
Тараққа берер малың жоқ.
Тамағы кең кісі еді,
Байқоржынға беретін
Дулыға өркеш нарың жоқ.
Ақсақ тоқты, қотыр қой,
Осыменен күн көрген
Ақындығың болмаса,
Маңдайға біткен бағың жоқ.
Бақтыбай:
Байтулақ – о да қатарым,
Айтқанымнан шыға алмас.
Адамнан пара алмаған,
Пәлеге көзін салмаған.
Қараның ханы – Байтұрбай,
Тегінде пара сұрамас,
Балпықты айтып барған соң,
Парақор қанша болса да,
Бекмұқамбеттен шыға алмас.
Дүйсембі еді бабасы,
Бейбіт бидің баласы.
Адамнан шыққан бидайық,
Ақылға зерек Тарағым.
Қасқырдан жемқор кісі еді,
Қоймас, сірә, тамағын.
Ел боп Жәкең сөйлесер,
Әрі болыс, әрі ояз,
Құдай артық жаратқан
Қатарында талабын,

308
Қазақ өнерінің антологиясы
Кедейлікті бетіме
Шіркеу қылып салмағын.
Не десең, о де, әйтеуір,
Наурызға жеткізбей,
Сөзсіз, сені аламын.
Бүгіннен бастап күліңді,
Аудара бер, қарағым.
Мәйке:
Ағасың, жасың үлкен, Бақа, сенің,
Сөйлесем шығарамын сөздің кенін.
Тоқтайын, жасың үлкен адам едің,
Жел сөздің не қылайын артық-кемін?!
Тоқтадым, тоқтайды деп, Бақа, саған,
Өлеңім таусылмайды айтсам менің.
Қайтайын, ұлықсат бер енді, Бақа,
Айтыстық көңілдегі сөздің жөнін.
* * *
Бақтыбай алмақ болды деп,
Жайылды жұртқа хабары.
Өзіне үлкен намыс боп,
Бектемірдің жабылды
Одан сайын қабағы.
Келінімді берсін деп,
Байгөзге кісі салады.
Бас салып, тартып алмақ боп,
Неше күндей қамады.
Қыздың жаны шошынып,
Бәйтік ойға түскенде,
Қысылып, оттай жанады.
Күшіктей Мәйке қысылып,
Бақтыбайдың жолына
Күннен-күнге қарады.
Бақтыбайдан бір хабар
Бола ма деп Мәйке қыз
Құдайдың күнін санады.
Екі айға дейін еш хабар
Бақтыбайдан болмады.

309
Айтыс II том
Қапаланды Мәйке қыз
Болдым деп неден жазықты,
Сәлем хат жолдап жазыпты...
Мәйке:
Бақтыбайға не болды,
Өлеңге желдей есе алмай?
Заты кәрі кісі еді,
Қой қосағын жүр ме екен
Қолы мұздап, шеше алмай?
«Байтал түгіл, бас – қайғы»,
Отыр ма екен жұртында
Түйе тауып, көше алмай?
Бақтыбайдың Жәлмендеге айтқаны:
Ассалаумағалайкүм,
Жәлменде болыс, аман ба?
Адамға адам сүйеніп,
Жан бақпақ еді әманда.
Әрбір ханның тұсында
Бір сұрқылтай деген ғой,
Қатарында Балпық би
Ескелдіге көз салған
Қасына ерген заманда.
Жанақ, Түбек Найманда,
О да өзінің тұсында 
Сүйенген досы бар еді
Байлығы дария Маманға
Ескелді, Балпық тұсында
Болған екен Қабаны,
Соларменен сөз алтын,
Болған екен бағалы.
Шортанбай, Шөже, Орынбай,
Қаздауысты Қазыбек,
Құсбегі, Шыңғыс, Құнанбай – 
Солармен кірген ажары.
Екейден шыққан Сүйінбай,
Қасқарау Жайнақ, Сұрабай,
Сарыбаймен құрдас боп,
Кірген екен ажары.

310
Қазақ өнерінің антологиясы
Адамға адам себепкер,
Қалған екен мұрасы.
Біреу – жарлы, біреу – бай,
Жаратып отыр құдасы.
Қара Бәйтік, Кенжебай,
Уағында шығыпты
Қырғыздан асып расы.
Қатарымда сен шығар,
Саяңда мен бұлбұлдың
Алдыңа күнде сайраған,
Топқа салған жорғамын,
Табаны мұзда таймаған,
Ақылға дарқан кемеңгер,
Ер мұқтажын ойлаған,
Алтын сөзді аға боп
Қабар менен Найманнан,
Қара Балпық аруағы,
Жәке, сізге айналған.
Лауқылмақфуз кәламда
Жазылған артық ирегің.
Аруақтым Бәйшегір,
Жалайырдың аз елін
Андас пенен Мырзаға
Теңгеріп, өрге сүйредің.
Үйсін, Найман баласын
Ояз болып, биледің.
Сіз Жәлменде болған соң,
Жалайырда белгілі
Саяда мынау жүргенім.
Ішім– ауру, сыртым – сау,
Запырандай күйдемін.
Осы жүрген кезімді,
Айтпай-ақ өзің білесің
Ойымдағы сөзімді.
Өлеңге жүйрік болсам да,
Жақтырмаса, айтады
Қайыршы деп өзімді,
Алтын жүнді сұр тоты,
Байланған шынжыр арқанмен
Арманда боп тұр бір тоты.

311
Айтыс II том
Қызығамын түсіне,
Мойнындағы асыл ісіне,
Шынжырды егеп, қиятын
Асыл егеу және жоқ, Мен байғұста шама жоқ,
Осы құс түсті көзіме,
Қапаста бұлбұл сайрайды,
Бұлбұлды көзім көргенде
Қазандай ішім қайнайды.
Сол бұлбұлды алам деп,
Қайтейін, көңілім ойлайды...
Есігін ашып кірерге
Қолым қысқа, бұлым жоқ,
Ол қапастың ішінде
Мен байғұсқа орын жоқ,
Тілге келсе, бұлбұлмын,
Малға келсе, құзғынмын,
Бір шабар менің қоңым жоқ,
Егеуім жоқ қолымда,
Шынжырды егеп, кесерге 
Аяқбауым қолым жоқ,
Әдісін тауып шешерге.
Таудан қашқан ол түлкі,
Қайратым жоқ жетерге.
Осы қалған дүниеден
Арманда басым өтер ме?
Сыртым – бүтін, іш – түтін,
Жолықтым мұндай кеселге.
Көрген күнім күн емес,
Және менің бұрынғы
Өзіңіз де білесіз,
Қалтамда жоқ бұлымды.
Айтайын деп келіп ем
Алдыңызға мұңымды.
Ел мен ерді қуат қып,
Бір сертке Бақаң ұрынды.
Ер жігітке серт екен,
Жете алмаса сертіне
Жазылмас ойдан мерт екен,
Өмірлік жолдас – ғашықтық

312
Қазақ өнерінің антологиясы
Жүректің жанған өрті екен.
Жақсы әйел мен жүйрік ат
Жалғанның сондай көркі екен.
Жалайырдың ішінде
Ашты Құдай жолыңды.
Жеткізіп отыр қолыңды.
Әрі болыс, әрі ояз,
Төрден алдың орынды.
Нашарға көзің салатын,
Жосылып кеткен нашарлар
Саяңда жаны қалатын.
Арқаңызбен алатын.
Бақ орнаған кісі едің
Аруағыңыз толымды.
Ақылға дария кен едің,
Асқар таудай көбелі.
Алтын бұтақ бәйтерек,
Жәлменде би сен едің,
Саялай келген мен едім.
Жәлменде:
Бақ қонбайды жасыққа,
Көңіліңді, батыр, жасытпа!
Жігіт адам жетеді
Шын қамданса мақсатқа.
Құмарлық іс ғашыққа.
Мен аянып қалмаспын
Келгенін саған қолымнан,
Байқоржын, Тарақ жалғассын,
Туғызып Айды оңынан.
Мәйке кетпес еш жаққа,
Бұрылып сенің жолыңнан.
* * *
Екі ай жүрді Бақтыбай,
Мәйке қыздың соңында,
Сар домбыра қолында,

313
Айтыс II том
Әркімге жүрді жай айтып,
Жетсе деп ісім орнына.
Бас қосып, қалың ел келді,
Қол ақы жесір ұлықтан,
Сөйлейтін сөздің өрнегі.
Біреуге біреу теңдік ап,
Топтағы мақсат бермегі.
Кәрішал шыны, Байтұрбай,
Байқоржын, Тарақ Найманнан,
Жәлменденің үйінде
Бас қосып, солар кез келді.
Бақтыбайды көргенде,
Иек қағып, Жәлменде
Көз астымен меңзеді.
Сол уақытта Бақтыбай
Жұмбақтай қылып мұң айтып,
Біраз ғана сөйледі.
Бақтыбай:
Басында мына Алатау ойлаған жоқ,
Негізі, тамам таудың бел болам деп;
Негізі, мынау теңіз ойлаған жоқ,
Жетісу теңдей құйып, көл болам деп;
Ақ құмы Атыраудың ойлаған жоқ,
Тұз шығып, берекелі кен болам деп;
Қызылқұм Жетіжалмен ойлаған жоқ,
Дым тимес, жазды күні шөл болам деп;
Күйкентай бөктергімен ойлаған жоқ,
Қайратсыз, тамам құстан кем болам деп;
Кесіртке тышқанменен ойлаған жоқ,
Күйкентай, жапалаққа жем болам деп.
Мен болдым сөйлер сөзге шапқан жорға,
Дәулет жоқ сөзден басқа біздің қолда.
Мен көрдім жібек баулы бір тоты құс,
Қапаста байлаулы тұр темір торда.
Күнқақты қаңғып жүрген мен – бір жазған,
Орнымнан көтерем боп тұрған зорға.
Көзқұмар, көңіл ғашық, ә, дариға,

314
Қазақ өнерінің антологиясы
Жетпейді созса қолым оң мен солға.
Сендерсің жел тимейтін орман-тоғай,
Ақ мылтық қиын-қыстау боран болса,
Мұң айтам алдын ала, халқым, қорға.
Айтқан серт мәртебеге жетемін деп,
Келіп ем бір талаппен осы жолға.
Жалғанда жақсы да жоқ, жаман да жоқ,
Негізі, маңдай менен бақ пен сорда. 
Бақтыбайдың кедейліктен тартқан тақсыретін, құлашын кең жаза 
алмайтынын терең түсінген, әрі оның адамгершілігі мен ақындық, 
азаматтығына  сүйсінген,  бір  жағынан,  Мәйке  қыздың  аянышты 
халіне,  шын  мәнінде,  жаны  ашыған  Жәлменде  Мәйкенің  қайын 
жұрты  Бектемір  адамдарын  дереу  Жалайырмен  бітімге  келтіріп, 
Мәйкені Бақтыбайға алып беріпті.
БАҚТЫБАЙ МЕН БӘЙІМБЕТ
Бәйімбет: 
Ассалаумағалейкүм, Бақтыбай,
Бағарыңыз көбейсін,
Осы болса бар малың,
Бес ешкілі кедейсің.
Бес ешкіңнен айрылсаң,
Қатыныңа не дейсің?
Қу тақтайды құшақтап,
Сұмырай тілді безейсің.
Сүйір пышақ, қу табақ –
Мезгілмен соғым жемейсің.
Өлеңменен байлардың
Мінін айтып, шенейсің.
Қақсап жүріп бір күні
Өлемін ғой демейсің.
Құдай берген өнердің
Қызығын қашан көресің?
Бес күндік пәни жалғанға
Осынша неге сенесің?
Өлмеймін деп жүрмісің

315
Айтыс II том
Қырыңнан жерге енесің.
Бақтыбай ақын дегенге
Мәз боласың есіріп.
Бір тойып ішкен көжеңе
Терлейсің, сорлы, шешініп.
Жамыларға көрпең жоқ
Жатарлықтай көсіліп.
Айтыспаққа құмар ем,
Сеніменен шешіліп.
Саған айтар сөзім жоқ,
Қалмаса тілім кесіліп.
Сен Бақтыбай болғалы
Қос атпенен жүресің,
Жеке атқа қашан мінесің?
Дүниенің шолағын
Айтқызбай, өзің білесің.
Далаға шықсаң мақтанып,
Үзеңгіңді шірейсің.
Үйде отырсаң омалып,
Боқтығыңды күрейсің.
Біздей сұғып тіліңді
Қанағат қылмай Құдайға
Елден жылу тілейсің.
Шұбардан, тіпті, көшпейсің,
Көксаудан бұлай өтпейсің.
Құдай тойым бермесе,
Мұрадыңа жетпейсің.
Қай уақытта, Бақтыбай,
Көресің елдің қарасын?
Құдай жазған емес пе
Әркімнің тағдыр қазасын.
Дүниеқордың береді
Өлгенде Құдай жазасын.
Қолыңды жайып, сұранып,
Кетірдің жұрттың мазасын.
Онан-мұнан құрайсың,
Қайырыңды сұрайсың.
Бет алып барған жеріңнен

316
Қазақ өнерінің антологиясы
Алмай, тіпті, тұрмайсың.
Домбыраңды бетке ұстап,
Зулап тұрған сұмырайсың
Бай болмайсың, Бақтыбай,
Барлық қанық бергенге.
Сұраншақтық азапты
Тартарсың кейін өлгенде.
Тырайып барып жатарсың
Өлген қайтып келген бе?
Неңді сойып бересің
Үйіңе мейман келгенде?
Бақтыбай деген атың бар,
Қазаның толмас асың бар.
Сен бір жүрген шерменде.
Жарымаған сорлысың,
Тақыр шалбар тоңдысың,
Берер Құдай бергенге.
Бақтыбай:
Ал, Бәйімбет, Бәйімбет,
Сөйлеп кеттің тоқтамай.
Мақтанбағын баймын деп,
Отаубайша оттамай.
Енді маған кезек бер
Тұрдым тыңдап сөзіңді
Өзің келіп тиістің
Жеңбей қойман өзіңді.
Менің атам – Сырманақ
Сенің атаң – Шуманақ.
Табаныңда бүрің жоқ.
Келдің қалай сырғанап?
Шуманақтан Барақ-ты,
Бақтыбай ақын аралар
Абақ пенен Тарақты.
Байқап сөйле, Бәйімбет,
Ашылар артың әлі ақ-ты,
Құрт жеген соң басыңды,
Шөкімдей миың қалмапты.
Сүйір пышақ, қу табақ,

317
Айтыс II том
Жарымаған ел едің,
Айтып бір салдың әуелден 
Ішіп, бір жеген тамақты.
Сенің атаң әуелі,
Күшік емес, Көмшік-ті.
Сұрастырсам атаңды
Атамнан атаң кем шықты.
Бақтыбай кедей болғанда,
Сенің елге нең шықты?
Қысы-жазы босасың,
Тоғаның жоқ меншікті.
Қыздырып ең аузымды,
Маңдайымнан тер шықты.
Қайда көрсем шұбайсың,
Бір орын мекен қылмайсың.
Астықты қайдан алам деп,
Құдайыңа жылайсың.
Қақпан, тұзақ арқалап,
Сексеуілге барасың.
Шырпының түбін сау қоймай
Қақпан, тұзақ саласың
Тұзақ пенен қақпанға
Ертең түсте барасың.
Арам өлген қоянды
Арқалап, жиып аласың.
Ақкөз қоян адал деп,
Біле тұра арамды
Қазаныңа саласың.
Құдай өзі береді
Арамқордың жазасын.
Баққаныңды мал демей,
Еңбек қылып, нан жемей,
Біздің елдің дәніне 
Күзді күні болғанда
Айырбастап тұзыңды
Аласың елдің мазасын.
Менің атам – Байкөбен,

318
Қазақ өнерінің антологиясы
Сиыр бағып жүргенде,
Ақсақалды шал келген.
Шұбардан қоныс ал деген,
Ақ бидайды сал деген.
Ақ бидай салып, нан жеген,
Нан жеген соң, дәндеген.
Қараталдан тоған ал,
Тоғанға қарай қоғамдал,
Иесіз жатқан Шұбардың
Егістігі мол деген.
Қыдырлы тоған болған соң,
Орыс деген ел келген.
Өнері көп орысты
Үйір қылдым жерменен.
Сенің елің қорқады
Мен емес пе тең келген?
Арық аттай, Күшігім,
Шом тесіп, арқаң жауыр боп,
Ел қатарына енбеген.
Базардан алған кездеме,
Жаманның сөзін сөз деме.
Бақтыбаймен айтысты-ау,
Бәйімбет деген таз неме.
Бақан өлең қозғаған,
Алдынан жүйрік озбаған.
Бәйімбет, қайдан кезіктің
Айтпайтын сөзді қозғаған.
Жүзден озған тұлпармын,
Сөз тауып, сөзден қоздаған.
Бәйімбет:
Бақтыбай, шешен ақын сөйлер сөзге,
Бақтыбай боп атандың осы кезде.
Дәуірлеп барған сайын мақтанасың,
Қанша ешкің бар отарда мұнан өзге?
Осы болса бар малың, сенбей-ақ қой,
Қандай күнге кебенек салар күзде?
Сарысуланған салықшы, сорлы кедей,

319
Айтыс II том
Бидаймен тапқан малды көрсет көзге.
Бақтыбай, сене берме домбыраңа,
Бес ешкің сауын болып, оңдыра ма?
Кебенек кеп, ешкіден жұрдай болсаң,
Байларың сені қоңсы қондыра ма?
Тіліңді безеп, сауын сұрайсың ғой,
Қу тақтай сабай берсең, болдыра ма?
Қу кедей, не бетің бар мақтанардай,
Малың жоқ сойып жейтін басқалардай.
Жасыңнан көргеніңнің бәрі бейнет
Күнің жоқ тойып ішкен шаттанардай.
Біздің ел тауды жайлап, құмды қыстап,
Жартысы өзен бойын қылар қыстақ.
Құдайым мал мен бақты бергеннен соң.
Білмейміз жер шабуды кетпен ұстап.
Бақтыбай:
Баймын дедің, Бәйімбет,
Қалай айттың, ұялмай?
Отыр едім әуелде
Жаман сөзге қия алмай.
Жүр екенсің, байғұсым,
Өзіңді-өзің ұға алмай.
Көпірме ауыз сорлысың,
Орынсызға мақтанып,
Тіліңді кеттің тия алмай.
Берекелі бай болсаң,
Жүрер ең ғой сұранбай.
Маса менен шіркейге
Қамалғаныңды білмейсің,
Қаратал мен Көксуға
Еркін жатқан сия алмай.
Сұрамаймын бестіңді,
Өлең қылдың ешкімді
Жайлауыңды мақтайсың
Тыртаңдайтын бес күнгі.
Шын ақымақ екенсің

320
Қазақ өнерінің антологиясы
Деуші едім сені ес білді.
Кебенек кеп, қырылса,
Төлеуіне сұраман
Қойың менен ешкіңді.
Кенелеп малы өлді деп,
Сіздің елден бір өсек
Біздің елге естілді.
Ешкім өлсе – қорамда,
Бидайым бар ұрамда.
Намыстансаң, Бәйімбет,
Бізден келіп сұранба.
Жұтап кейде қаласың,
Сасытып құмның арасын.
Берекесіз, қайырсыз
Байлығыңды ұрам ба?
Боғыңды көрмей шашылған
Кеттің шырқап шығанға.
Ақ сүйек боп қырылдың,
Өткен жылғы жыланда.
Ақ шомшы болып сандалып,
Бидай сұрап зарланып,
Қарымбай құсап жер жыртып,
Өлсең еді мұнан да.
Жалайырдың баласы ең
Жер сұрасаң, берер ем,
«Еңбек етсең, емерсің» −
Сенен артық қылам ба?
Жөніңді білмей, Бәйімбет,
Қарға ұқсап қарқ еттің
Алысқа қарар қыранға!

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет