Алаш көсемсөзі 1 том "Шолпан" журналы



Pdf көрінісі
бет11/20
Дата27.01.2017
өлшемі1,7 Mb.
#2803
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   20

Жаяу сал 
 
ҚОРҚЫТ 
 
Алтайға жер жүзінде тау жоқ жеткен, 
Алтайға бетегедей алтын біткен. 
Бейіштей алтын Алтай етегінде, 
Ертеде алаш елі мекен еткен. 
 
Ол күндер көз жетпейтін ерте күн ғой, 
Ерте күн - ертегідей ерке күн ғой. 
Өткен күн - ұстатпайтын сұлу сағым, 
Жалғыз-ақ желден жүйрік жетеді ой. 
 
Өткен күн ертегімен таласқандай, 
Уа дүние, ол күндерде алаш қандай ?! 
Ой-қырдан орғып - қарғып еріккенде, 
Алтайда ойнақ салып жүрген аңдай. 
 
Сол күнде бір ер бопты, алты алашта! 
Қаны бір қалың елмен, жаны - басқа. 
Елікпей ес білгелі еш нәрсеге, 
Өзіндей үйірілмеген албырт жасқа. 
 
Қорқыт деп қойған екен ердің атын, 
Оңған ел ер деп атар азаматын. 
Талайлар таңданыпты күнде көріп, 
Қорқыттың мінезінің тым-ақ жатын. 
 
Қорқытқа ес білгелі бір ой түскен, 
Айнымай сол ойменен күнде у ішкен. 
Ой билеп үйден, елден безіп кетіп
Жұрт оны қауесет қып жынды деген. 
 

85 
 
Ежелден белгілі ғой «көптің» сыры, 
Боласың көптей болсаң, көптің ері. 
Көпке егер ісің, ойың үйлеспесе, 
Күмән жоқ кім болсаң да соғар «пері». 
 
Қорқыт та ерте аталды «пері соққан», 
Қорқыттың жан болмады жанын ұққан. 
Ой екен қандай ғана Қорқытты ойлап, 
Айырған дос, қосқан елден, жұрттан? 
 
Қорқыттың мынау ой еді есін алған, 
Жанына ерте күннен жара салған: 
«Топырақ боп ертең шіріп қалмақшымыз, 
Өміріміз неге шолақ, тәтті балдан? 
 
Әншейін өмір деген ермек үшін, 
Күні ертең соғар жүрек сенбек үшін. 
Ойланып қалай ғана уланбассың, 
Берілсе адамға өмір өлмек үшін. 
 
Бір кезде көл толады құрымақ үшін, 
Күні ертең гүл гүлденед солмақ үшін. 
Біраз күн адам тұрар, өмір сүрер, 
Құртқа жем, шіріп, сасып болмақ үшін. 
 
Сары суға қан берілген айналмаққа, 
Өлім мен тіл берілген байланбаққа. 
Әлпештеп ардақтаған денең шіріп, 
Жел менен топырақ боп айдалмаққа. 
 
Көз ашып жұмғандай-ақ өмір шолақ, 
Алдыңды көз ашсаң-ақ ажал қамап. 
Өмірде мынау шолақ неге керек, 
От-үміт, ойын, күлкі, таудай талап? 
 
Әлдекімге адам деген ермек үшін 
Жүректе от ойнайды сенбек үшін. 
Ойланып, қалай ғана уланбассың, 
Берілсе адамға өмір өлмек үшін». 
 
Қорқыттың жүйрік жанын жай тасындай, 
Жаншыған осы ойлар еді қорғасындай. 
Паршалап тілім-тілім, ерте өртеп, 
Кіршіксіз жас жүрегін көз жасындай. 
 
Ой билеп жап-жас Қорқыт елден безді, 
Түгел ол ойын-күлкі, қойды сөзді. 
Елікпей, үйірілмей еш нәрсеге, 
Алтайдың алаптарын жалғыз кезді. 
 
Алтайдың Қорқыт кезді алаптарын, 
Ешкімге ұқтыра алмай жанның зарын. 

86 
 
Ата-ана, дос-туысқан бәрін тастап, 
Талақ қып қара көзді қарақтарын. 
 
От-адам отпен ойнап сынар бағын, 
Жүйрік жан қажу білмес қуар сағым, 
Тағы боп, күңіреніп кезіп кетті, 
Қорқыт та шешпек болып жан жұмбағын. 
 
Аяңдап алдыменен тауға жүрді, Асқарға: 
«Өмір не?» - деп сұрау берді. 
Жаны-тас, жүрегі-тас тау не десін, 
Өзінен: «Өмір не?» - деп қайта сүрді. 
 
Бұрылып таудан ақырын орман барды, 
Оған да: «Өмір не?» - деп сұрау салды. 
Ежелден ой білмеген меңіреу орман, 
Қақиып қарағалы аң-таң қалды. 
 
Сұраса суға келіп «Не деп өмір?» - 
Беті құр, соғылғанның жыбыр-жыбыр. 
Желге айтып еді, ол жынды не деуші еді, 
Басы жоқ, аяғы жоқ сыбыр-сыбыр. 
 
Күн анау ешбір үнсіз аласұрған, 
Ай да бір-өгіз де бір аузын буған. 
Қылмыңдап қар қатындай көзін қысқан
Жұлдыздар тазартады жүректі удан. 
 
Не керек, Қорқыт кезді тынып жатпай, 
Ешбір зат тастамады зарын шақпай. 
Көк мылқау, жері мылқау — бәрі мылқау, 
Өртенді ер жұмбағына жауап таппай. 
 
Түнерді бұрынғыдан Қорқыт бетер, 
Есалаң ескен желдей өмір өтер. 
Күмәнсіз өлеріңді біле тұрып, 
Дүниеде талаптану, тұру бекер. 
 
Көз ашып, өмір шолақ жұмумен тең, 
Тағы да аз өмірің соққандай сын. 
Арандай қарсы алдыңда аузын ашқан, 
Жоқ па екен, шыныменен ажалға ем?.. 
 
Кім білед, өлмейтұғын ел бар шығар, 
Кім білед, ажалға да ем бар шығар. 
От-суы, топырағы қасиетті, 
Кім білед, өлтірмейтін жер бар шығар. 
 
Әуесі уланбаған өлімменен. 
Сөз де жоқ, өлу түгіл не «өлем» деген. 
Адамзат таппаса егер ажалға айла, 
Не қылмақ пайдасы жоқ білімменен?! — 

87 
 
 
Деп ойлап, қайырылмай ешбір затқа, 
Ажалдан қашып шығып құтылмаққа. 
Айырылып Алтайынан кетті Қорқыт, 
Өлімнен аман ел мен жер таппаққа. 
 
Түзеді күншығысқа Қорқыт бетін, 
Адамға жаяу жалғыз жол тым шетін. 
Арыда ұшырасты сансыз жаумен, 
Сонда да үзбеді ол еш үмітін. 
 
Талса да тоқтамады, Қорқыт жүрді, 
Бетбақ жол өтті талай қырды, өрді. 
Қажыған, қаны күйіп мезгілінде, 
Алыста мұнарланған қара көрді. 
 
Жапанда бір бұдыр қарарлаған
Жасаған Қорқыт жанын тындырмаған... 
Қараға жылдам басып жетіп келді, 
Қорқытты қайғы басты түннен жаман. 
 
Көзінен сорғалады жас бұлақтай, 
Жапанда қағулы бір қара тақтай. 
Тақтайдың түбінде бір қазулы көр, 
Тастаған үңірейтіп бетін жаппай. 
 
Әлдекім жапан түзде бір көр қазған, 
Басына тақтай қойып, сөздер жазған. 
«Өлімнен құтылмайсың қашқанменен, 
Мынау көр - сенің көрің, Қорқыт жазған!». 
 
Мынау сөздерді оқып ол түн боп кетті, 
Басқандай жүрегіне болды шоқты. 
Көл болып, көздің жасы төгілгенмен, 
Заулаған баса ала ма ол жандағы өртті?! 
 
Ой өсті, қалың өрттей уын шашты, 
Ауыр ой қорғасындай жанды жанышты. 
Қарсыдан қашқан көрі шыққаннан соң, 
Бұрылып Қорқыт кейін қадам басты. 
 
Түзеді енді бетін батыс жаққа, 
Қайғылы қажу бар ма ол бейбаққа?! 
Жапанда жалғыз өзі күбірлейді, 
Сөздерді тақтайдағы алған жатқа. 
 
Апырмай, табылмас па ажалға айла? 
Өмірден табылмаса қандай пайда? 
Жүрістен дене түгіл, жан шаршады, 
Өлімнен аман ел мен жері қайда? 
 
Бір жан жоқ қыбырлаған дала, дала... 

88 
 
Келеді Қорқыт сорлы жаны жара. 
Ай, жыл өтіп, ер әбден арыған шақ, 
Алыста бұлдырлайды тағы қара. 
 
Қорқыттың ынтасы өлген, көңілі қаяу, 
Қараға баяу басып келді таяу: 
Тағы көр, тағы тақтай, тағы жазу, 
Тәңірі ие-ау, тегі сенде бар ма аяу?! 
 
Терең ғып тағы біреу бір көр қазған, 
Басына тақтай қағып жазу жазған. 
«Өлімнен құтылмайсың қашқанменен, 
Мынау көр — сенің көрің Қорқыт жазған!». 
 
Қорқыттың қайғысы енді болды басым, 
Жаздың не, жазбадың не жан жарасын?! 
Есі ауып байтақ уақыт жатқаннан соң, 
Көтеріп бір мезгілде алды басын. 
 
Ойменен пара болған, жан жыртылып, 
Мерт болған ессіз жүрек айға ұмтылып. 
Кеудеде құр әншейін шықпаған жан, 
Тұрды да кетті Қорқыт сүйретіліп. 
 
Алыста сөнген оттай үміт өлді, 
Сұм тағдыр қатты қақты созған қолды. 
Сонда да қашу білмеді ойлы Қорқыт, 
Дүниенің төрт бұрышын кезбек болды. 
 
Қалмады жер жүзінде бармаған жер, 
Қорқыттың қанды жасы тамбаған жер. 
Басса да, қайда қадам сорлы Қорқыт, 
Алдынан қарсы шығады қазылған көр. 
 
Қазылған оңға барса, оңда да көр, 
Қазылған солға барса, солда да көр. 
Шоңқиып көрге қонған күшігендей. 
Көресің қара тақтай қағулы тұр. 
 
Алдынан кез келеді бір көр қазған, 
Басына тақтай қағып жазу жазған: 
«Өлімнен құтылмайсың қашқанменен 
Мынау көр - сенің көрің, Қорқыт жазған!» 
 
Дариға, табылмақ па ажалға айла?! 
Жерде жер өлім жүрмес болу қайда?! 
Алдыңнан қайда барсаң, көр кез келед, 
Өлімге сорлы Қорқыт, басың байла! 
 
Не пайда, шомылғанмен қанды жасқа?! 
Не пайда, басты ұрғанмен тау мен тасқа. 
Дүниеде ажалдан күшті алла болмас, 

89 
 
Көрмессің кезгеніңде көрден басқа. 
 
Шықпаған кеудесінде шыбын жаны, 
Қасықтай кеуіп, бітіп қалған қаны: 
Аяңдап аруақ боп Алтайына, 
Күңірентіп қайтты Қорқыт жерді зары. 
 
Қайтса, Алтай баяғы Алтай күңіренген, 
Асқарға аспан түніп еміренген. 
Керіліп бұлтпенен бал алысқан, 
Еркенің не ісі бар ой-шерменен?! 
 
Мелшиген баяғыдай меңіреу орман, 
Ойнаған асау бұлақ шапшып ордан. 
Жыл анау көрінгенді бір сүйсе де, 
Жар таппай жаны бірге «мәңгі» еһ ұрған. 
 
Ел мынау баяғыдан малын баққан, 
Малындай алдындағы жусап жатқан: 
Қайғысы, қуанышы бәрі де ойсыз.. 
Сиырдай өкіріп, бәрі шапқан. 
 
Қайтты да айналғандай есалаңға, 
Ләм-мим деп бір сөз қатпай тірі жанға. 
Күңіреніп, жер бауырлап жатып алып
Ұйқысыз қосты Қорқыт таңды-таңға. 
 
Бір күні шошып тұрып көргендей түс, 
Кесіп ап қарағайдан қылды қобыз. 
Қыл тағып қобызына сөйлетіп ед, 
Алтайды күңірентіп шықты лебіз. 
 
Қобыздан мұңды дыбыс сорғалады, 
Майпаңдап ә дегенде жорғалады; 
Біресе асау тайдай ойнақ салды, 
Біресе сары нардай ырғалады. 
 
Дуылдап қырдан жерге түйілгендей, 
Долданып дауыл құмды үйіргендей. 
Басылып біраздан соң сылқ-сылқ күлед, 
Дұшпанның мұқатқанға сүйінгендей. 
 
Біресе жүйрік желдей кетеді есіп, 
Асқарды аттап өтті, дария кешіп: 
Біресе әлдекімге тіл қатқандай, 
Желменен жапырақтай күбірлесіп. 
 
Біресе от сықылды аспанға асқан, 
Жоқ әлде ор қоян ба орғып қашқан?! 
Біресе күрсінгендей, күңіренгендей, 
Жандай-ақ қап-қараңғы қайғы басқан. 
 

90 
 
Қобыздың сарнағаны зарлағандай, 
Қан шашып әлдекімді қарағандай. 
Жүрегі мың жара боп, паршаланып, 
Күйініп көзінен жас парлағандай. 
 
Күңіренді, жылады зарлап қобыз, 
Жанды өртеді толқынды, мұңды лебіз. 
Жасын төкті көл қылып шерлі Қорқыт 
Жан жыласа, жыламай қала ма көз?! 
 
Қобыздан осылайша шықты сарын, 
Бірде мұз, бірде дауыл, бірде жалын... 
Қарағай мен қыл сырнай не деуші еді, 
Шығарды сарынменен Қорқыт зарын. 
 
Таба алмай жерді кезіп ажалға айла, 
Дариға, ажалға айла болу қайда?! 
Азырақ, улы ойларын бөлмес үшін, 
Жабысты шерлі Қорқыт қарағайға. 
 
Қызарып ашуменен күн батқанда, 
Ерініп, еркеленіп таң атқанда. 
Қарны тоқ, қайғысы жоқ, жаны тыныш, 
Малдай-ақ қор-қор ұйықтап ел жатқанда... 
 
Байлары малмаң-малмаң мал баққанда, 
Батырлар балпаң-балпаң ел шапқанда. 
Ішкені-мас, жегені - тоқ, бәрі де мәз
Кедейлер көк есектей зыр қаққанда... 
 
Қорқыттан серпілмейді қалың уайым, 
Қолынан тастамайды қарағайын. 
Қобыздың лебізінде мұң молайды, 
Зымырап өмір шіркін озған сайын. 
 
Өмірде жүрген жолын қанды ор ғып, 
Шеше алмай жан жұмбағын шерлі Қорқыт. 
Жұбанды қолындағы қобызымен, 
Көрге де қобызымен кірді Қорқыт. 
 
Өткен күн ертегі ғой, тамаша таң, 
Ойласаң өткен күнді жұбанар жан. 
Байқасаң адамзатта болған ба ақын, 
Қорқыттай атасынан бата алмаған? 
 
Ақын - жел, есер, гулер жүйрік желдей, 
Ақын - от, заулап жанар аспанға өрлей. 
Қиялы - жан жүрегі - ойнаған от, 
Ақынды аласұртар тыныштық бермей. 
 
Жай адам қияға ондай қол сермей ме, 
Ақынға аз нәрсе ауыр аза бермей ме? 

91 
 
Қиялмен арсыға ұшқан, сағым құшқан, 
Жүйрік жан алдында ылғи көр көрмей ме?! 
 
Жыл жүрсе терең теңіз тебіренбей ме?! 
Көр көрсе, ақын жаны күңіренбей ме?! 
Көргенін кеңес қылып күңіренсе ақын, 
Тыңдаған тірі жанға шер бермей ме?! 
 
Құшақтап қарағайын сарнаса ақын, 
Толғанып, жасын төгіп, зарласа ақын. 
Шеткерек тұрып біраз тыңдағайсың, 
Баспалап, төніп, жаншып келме жақын. 
 
Жақындық қажет емес жүйрік ойға, 
Шер - сиқыр алыстан-ақ тарамай ма? 
Ақынды алыс тыңда көп тілеймін, 
Қағылып кете гөрме қарағайға! 
 
Ақынның қарағайы - жары да сол, 
Ата-ана, малы-мүлкі, жаны да сол. 
Сезімпаз қарағайдың нәзік қылы, 
Ақынның жүрегіне жалғанған ол. 
 
Сорғалап сиқырлы үн шығар ішектен, 
Шықпақшы ішектен емес, үн жүректен. 
Үзілсе ішек, үзілмек нәзік жүрек, 
Сондықтан, сұрағаным - тыңда шеттен. 
 
Серпілмес терең жаннан қалың уайым... 
Түсірмес қолдан ақын қарағайын. 
Үнінде қарағайдың мұң молаймақ, 
Зымырап өмір шіркін, озған сайын. 
 
Атасы ақындардың - ақын Қорқыт
Өмірде жүрген жолын қанды орғып... 
Шомылып өз жасына сарнай-зарлай, 
Құшақтап қарағайын жатыр Қорқыт. 
 
*** 
 
Ол күндер көз жетпейтін ерте күн ғой, 
Ерте күн - ертегідей ерке күн ғой... 
Өткен күн - ұстатпайтын сұлу сағым, 
Жалғыз-ақ желден жүйрік жетеді ой... 
 
Өткен күн, ойды әлдилеп тербеткендей, 
Ойыңды Алтай бойын өрлеткендей. 
Тыңдасаң құлағын сап, cap даланы, 
Қорқыттың сарыны әлі күңіренткендей... 
 
Тыңдасаң, есітесің жаныңменен, 
Сар дала күңіренді сарынменен. 

92 
 
Ерте есітіп сол сарынды ерте уланып, 
Мен сорлы көптен әуре зарыңменен. 
 
Ес білдім, аласұрдым сағым қуып, 
Жете алмай, бетті талай жаспен жуып. 
Артымда - ор, алдымда көр, өтеді өмір... 
Дариға, бесігімнен көрім жуық. 
 
Көп заман, жетеледі жынды жүрек, 
Ойладым: «Жүрек жетер, ой не керек?!» 
Тәтті у еді, сол удан неге айныдым? 
Дариға, үміт өлед, жүрек сөнед... 
 
Бір күнде, жолдас болдым құйынменен, 
Өмірді алмақ болдым ойынменен. 
Ойын тынды, жолдасым жоқ боп кетті
Бұл күнде уланамын ойымменен. 
 
Енді менің жолдасым - жалғыз қобыз, 
Сарна қобыз, мұң-зарлы шығар лебіз! 
Сен жыласаң, жылармын мен де бірге, 
Жан жыласа, жыламай қала ма көз?! 
 
Өмірде арманым жоқ - Қорқытқа ерсем, 
Қорқыттай жанды жаспен жуа білсем. 
Жас төгіп, сұм өмірде сарнай-зарлай, 
Құшақтап қобызымды көрге кірсем!.. 
 
Мағжан Жұмабаев 
 
«ҚЫЗЫЛ СҰҢҚАРЛАР» 
 
(сын) 
 
Орынборда  биылғы  басылған  кітаптардың  ішінде  «Қызыл  сұңқарлар»  деген 
Сейфуллиннің  бір  кітабы  шықты.  Бұл  өзі  пьеса.  Бірақ,  бұл  күнге  шейін  пьеса  жазған 
жазушылар  кітабына  орынды,  орынсыз  болса  да  не  комедия  (күлкі)  не  драма  (қайғылы 
хәл)  не  трагедия  (қанды  уақиға)  дегендей  аттарды  қоюшы  еді.  Соныменен  бұл  кітаптың 
негізі, мақсаты, беті бір кітаптан айырылушы еді. 
 
Біздің  жазушы  кітабын  жоғарғының  қайсысына  қосарын  білмей  дағдарған  ба,  болмаса 
ананың бәріде өзінің бірақ кітабынан табылған ба, (дұрысы соңғысы болса керек) әйтеуір, 
пьеса деген жалпақ атты бірақ отырғызыпты. 
 
Бұл сөздерге қарап, оқушы шұпқаланып жүрмесін. «Қызыл сұңқардың» пьеса екенінде дау 
жоқ.  Себебі  сыртына,  қазақшама  сенбесең  міне,  орысшам  дегендей  қылып  қазақша-
орысша да «пьеса» деп қойған. 
 
Ал, кім де болса пьесалығына сендік, қазақтың тілінде жазылған қазақ өмірінен алынған 
қазақ пьесасында кейде қарап көрейік. 
 

93 
 
Бұл  күнге  шейін  дүние  жүзінде  жазылған  пьесаларының  мақсаты,  бағыты,  неше  түрлі 
болғанменен бәрінің де әдебиет жолында амалсыздан бағынатын бір заңы бар. Ол — пьеса 
ішінде сөзімен, мінезімен, ісімен кім екендігі анық көрінетін белгілі типтер шығару. Біреу 
жақсылықтың үлгісі, біреу жаманшылықтың айнасы, біреу қорқақтықтың, біреу бірліктің, 
біреу  ақымақтықтың,  біреу  қаттылықтың  тағы  осы  секілді  көп  мінездердің  үлгісі  болып 
көрінуіне  керек.  Сондай  мінезімен  көрінген  адамдар  әр  тықылы  бүтін  бір  таптың,  бір 
таптың ішіндегі әр мінезді болып жаратылған адамдардың жақсы жағы да, жаман жағы да 
көрінетін болу керек. Сондықтан пьеса жазушылар әуелі типтерінің жайын ойлайды. 
 
«Қызыл  сұңқарды»  әуелі  осы  жағынан  алайық.  Бұнда,  пікірлері  бір  болса  да  мінезімен, 
сөзімен,  анда-сандағы  ісімен  бірінен-бірі  айырылатын  жеке-жеке  бөлім  бар  ма? 
Қазақтығын,  орыстығын  былай  қойғанда,  жеке-жеке  әр  адамның  өзіне  қас  болған 
мінездерімен көрінетін революционерлер бар ма? 
 
Бұған  жауап  «Қызыл  сұңқарда»  бөлек  типтер  жоқ,  жалғыз  Ахметқалиден  басқаның  бәрі 
бір-ақ  адам.  Шынында,  Еркебұлан,  Жұмаш,  Жағфар,  Лозуи,  Нестеров  ауырып  қалғаны 
болмаса,  Байділда  түгелімен  бірі  айтқан  сөзді  бірі  айтатын  тұтас  бір-ақ  адам  емес  пе? 
Бәрінің мінезін жиып келсек, бір Еркебұланнан табылады, Лозуидің мінезін алсаң бәрінен 
табылады. Бәрінің хәлі бір, пікірі, өмірі бір болғанмен де бірі оны ойлағанда бірі мынаны 
ойлайтын,  бірі  оны қиял  қылғанда  бірі  басқаны  қиял  қылатын,  сөйлессе  алғы  біріне-бірі 
шулыға  бермей  дауласатын  да  жерлері  болады.  Адамның  шын  өмірін  алсақ 
осындайлардан  құралады.  Бір  жерде  кездескен  он  адамның  бәрі  бірден  бір  уақытта  ой 
ойлап,  бір  уақытта  бір  мінез  істеп,  бір  уақытта  бір-ақ  нәрсені  қиял  қылады  деуге 
психология заңында бірінші рет қана айтылған сөз: ол үшін бәйге тисе, біздің Сейфуллин 
алды.  Әйтпесе,  бәрі  сөйлетіп  қойған  граммофон  секілді.  Бәрін  Сейфуллиннің  бірақ 
қалыбына  соққан  жансыз  адамдар.  Екінші,  бұл  пьеса  қазақ  өмірін  көрсете  ме,  қазақ 
пьесасы екені таныла ма? Қазақ баласы осы кітаптың ішінде бар ма? Менің ойымша, қазақ 
пьесасы болып саналуы мүмкін емес. Жоғарыдағы айтқан ірі геройлары түгелімен бір-ақ 
кісі  болудың  үстіне,  оларда  қазақтықтан  ешбір  белгі  де  жоқ.  Бұлардың  құр  сарнаған 
сөзінен  басқа,  жайшылықтағы  мінезі  мен  ісі  көрінбегендіктен,  әдеті  мен  жайшылықтағы 
әлді  жері,  әлсіз  жері  сезілмегендіктен,  тегінде  қандай  екенін  білу  де  мүмкін  емес. 
Сондықтан, қазақтығын былай қойып, жеке ғана бір адам болғанда да кім екенін білу өте 
қиын. Олай болса, пьесаны қазақтікі деп адасудың орны жоқ. Қазақтан кірген артқы өмірі 
көмескілеу  бір  тип  Ахметқали  болса,  ол  мазақ  есебінде  көрсетілген.  Орынсыз  қылжақ-
сықақтың қолжаулығы болған. 
 
Байділданың:  «Шынына келгенде Құдай мен құмалақ өзі екеуі бірдей! Екеуі де, әншейін 
сорлы жұртты алдауға жасаған былшыл» деген сөзінен жоғарғының шындығы көрінеді. 
 
Қазақ  өмірін  көрсетпек  болған  ақырғы  бөлім  қазақ  өміріндегі  Сейфуллиннің  қиялы 
болмаса  анық  өмірі  емес.  Қиял  турасынан  не  айтуға  болады.  Кезі  келіп  шалқығанда 
футуризмге  де  апаратын  қиялға  біз  не  дейік.  Бірақ,  пьесаның  ішінде  қазақ  бар  ма  деген 
жерде айтатынымыз - барлық пьесаның ішінде Ахметқали мен Еркебұланның шешесінен 
басқа қазақ жоқ. Кітапта рулар да тиіп бөліп көрінбейді. Өзін өмір кітабының бір-ақ беті 
ғана болымсыз сезіледі. 
 
Онан  соңғы,  бір  сөз  декорацияны  сипаттауда  төртінші  бөлімде  «оң  жақта  анау  биік 
таулар...» деген сөзден бастап сол беттің аяғына шейін ойын бөлмесінің сипаты кетеді. 
 
Түгелімен поэтическое описание пьесаның беті, мақсаты үшін сонша тамылжытпақ болып 
егелену неге керек екенін жазушының өзі білмесе, оқушы біз білмедік. 
 

94 
 
Тағы бір сөз, кітаптың бас геройы Еркебұланның аты туралы: бұл қазақта кез келмейтін ат 
мұнда қойылса, мақсатпен қойылған болу керек. Сондағы мақсат не? Бұл атта мырзалық 
пен серілік бар. Бұла болып, болпаш болып өскен, ерке жалғыздың сипаты бар. Болмаса 
басы  ауған  жағына  кететін  сайдың  сипаты  бар.  Бірақ,  бұл  атты  еш  уақытта  еңбекшілдік 
қамқоры,  от  пен  судың  азабында  жүрген  бейнетқорға  жабыстыруға  болмайды.  Ол 
болмаса,  бұл  адамның  аузынан  көбігін  ағызып  жүрген  елшілдігі,  еркелігінен 
болатындығынан  шыққан  ғана  уақытша  бір  мінез  болу  керек.  Онда  негіздің  жоқтығы 
білінеді. 
 
Әйтпесе,  бұл  кітаптың  бәрі  бастан  аяқ  қазақ  әдебиетінің  ішіндегі  бір  еркелікпен 
жолшылдық шығар. Еркебұлан деген атпен жазушы соны көрсетпек шығар. 
 
Тіпті  болмаса  бұланның  кім  екенін  білдірмей  жұртты  сандалтып  қуланғанша,  өзі  көрген 
кісілерінің  шын  атын  атағаны  дұрыс  емес  пе?  Сонда  өмірге  жақын  болмас  па  еді? 
Кітабының шын мақсаты мен мағынасы да оқылмас па еді? 
 
Осы  себептерге  қарағанда,  жазушы  келешекте  шынын  айтар  деген  үміттеміз.  Әзірше 
кітапта түгел көрінетін бір адам (законченный цельный тип) жоқтықтан, жазушының адам 
танымайтындығынан  бар  кісісі  тұтасып  бір-ақ,  кісі  болып  кеткендіктен  -  екінші 
адамдарының  жан  сипаты  көрінбейтін  жарты  адамдар  болғандығынан,  үшінші  - 
Еркебұлан  деген  ат  сияқты  ешбір  ойсыз  ақылға  сыймайтын  қисындылық 
(целесообразность)  дегенінен  алыс  тұрған  қалыптарына  қарағанда  бұл  кітапты  өзге 
жақтарынан сынау орынсыз деп білемін. 
 
Кітаптың  бір  мақсаты  агитация  десек,  онда  да  жоғарғы  шарттарды  орындап  отырып, 
агитация жүргізуге болады. Болмаса мұндайларды желігіп отырған, жеңіл жолмен жазып 
жіберген  реклама  дейді.  Оның  ішінде  мақтанып  кеткенін  байқамай  қалатын  әңгүдіктік 
болады. 
 
Әйтпесе не жазушылықтың, не жан сипатының (психология) адам баласы түгел қолданған 
заңдарына бағынбай, ауыздығымен алысып кеткен қисынсыздықтарына жоғарғыдан басқа 
себеп таба алмайсыз. 
 
Өмірінің  қызуымен  салқыны  жоқ.  Ойы  менен  қыры  жоқ,  ұзақ  бейнет,  ауыр  жаза,  өлім 
қауіпі  болса  да  бір-ақ  сөз,  бір-ақ  іс,  бір-ақ  мінез,  бірақ  қиялда  тұратын  он  шақты  адам 
болады  деп  бұл  күнге  шейін  ешкім  жазып  көрген  жоқ.  Мұндай  жандар  болмайды. 
Сондықтан, мұнда өмір жоқ. Жан жоқ. Көбінесе «шынға қосып бұлдырды аламыштаған» 
пьеса. 
 
Бұл кітаптың болашағына келгенде айтатын сол қазақ әдебиетінің жұрнағы болып ішінен 
орын  алуы  не  ғайып,  олай  болса  қызыл  түсті  сұңқар  көрінгенше,  бұл  кітаптың  ішіндегі 
шала көрінген геройлардың сұңқарлығы да түсініксіз бола тұрар. 
 
«Қызыл  сұңқарлар»  туралы  ендігі  тілейтін  тілегіміз:  басында  да  ұлы  аруақ,  тірі  достың 
талайына  сый  есебінде  арналған  екен.  Оның  үстіне,  Орынбордағы  жиын  сайын 
жиылушыларға  сый  деп  үлестіріледі  дейді.  Баяғының  қазағы  біріне-бірі  сыйға  тауыстың 
бір  тал  құйрығын  бергенде,  қуанысып  алысады  екен,  тек  мына  ісіміз  сол  құйрықтай 
қуантуға жарап, сондай кәдірлі болған еді. 
 
Қоңыр 
 
 

95 
 
ОҚЫҒАН АЗАМАТ 
 
(әңгіме) 
 

 
Суық  қыстың  орта  кезі.  Күн  түске  тақап  қалған.  Аспанда  бұлт  жоқ,  ашық.  Түпсізденген 
тұңғиық  көк  мөлдіреп  жасарғандай  пішінде,  жарығы  көз  тайдыратын  нұрлы  күн  жазғы 
түріне  түскендей  болып,  өзгеше  жарқырап  тұрса  да  ызғарлы  қар,  суық  ауа  қызуын 
жоғалтып, жарығына жансыздықтың табын басып тұрғандай. 
 
Жер  қарлы,  үш  төрт  күннен  бері  қарай  ажары  сынаған  шыңылтыр  аяз.  Бұл  күнде 
сықырлап  білініп  тұр.  Күншығыстан  анда-санда  лебі  сызылып  тұрған  жел  суықтың 
көрігіндей болып, ызғарын көбейтіп тұр. Кейде сүйкеп өткен салқыны бетті шымырлатып, 
денені тоңазытады. 
 
Тұрғын халқының көбі қазақ болған Сібірдің кішілеу қаласы қыстың ақ кебінін даламен 
бірге жамылып, табиғаттың жалпы күйін күйлеп тұр. 
 
Бар  үйдің  төбесін  көбсек  қар  аппақ  болып  басып  алған,  кейбір  кішкене  үйлерді,  көп 
қоймаларды  қалың  қар  жал  секілденіп  басып  жатыр.  Көшенің  қары  жүргіншілердің 
табанымен  тапталып,  асқы  аяқталған.  Басқан  сайын  шыныланып  сықырлап,  кейде 
шатынағандай болады. 
 
Бұл  қала  Сібірдегі  үлкен  өзендердің  бірінің  сол  жағасында  ретпен  салынған,  сулы  қала 
емес.  Орта  жері  болмаса,  шеттерінде  тәртіп  жоқ.  Оның  үстіне  шет-шетіне  шашыратып 
салған  қазақтың  жер  үйлері  тәртіпке  ұқсаған  сиықтың  бәрін  бұзып,  қаланың  шеттерін 
жыртылған ескі жабудай жалба-жұлба қылып адыратып тоздырып тұр. 
 
Қаланың  орта  жерінде  базардан  суға  қарай  түсетін  әншейінде  көңкіді  Земский  көшеде 
қазіргі  сағатта  жүргіншілер  сиреген,  есірденіп  тұр.  Анда-санда  бірен-саран  теріні 
пұшпағынан  сүйретіп,  қыл-қыбырын  арқалап  базарға  қарап  аяңдап  бара  жатқан  жаяу 
алып-сатарлар көрінеді. 
 
Кейде  шанасын  сықырлатып  жеккен  түйесін  божылап,  шу  шулап  келе  жатқан  қырдың 
қоңырқай пішінді қалашылары кездеседі. Бұлардан басқа көзге түсетін көп жүргінші жоқ. 
 
Осындай бір қалыпты күйде бірталай  уақыт өткен соң көшенің төменгі  жағында базарға 
қарай келе жатқан бір шаналы көрінді. 
 
Жеккені  қашаба  шана,  алдына  отырғызған  көшері  бар.  Бұл  келе  жатқан  осы  қалада 
қызметте тұрған, оқыған жігіттердің бірі Мейірхан еді. 
 
Бұлар  әлгі  көшемен  тура  жүріп  келіп,  базарға  тақалған  жерде  оң  қол  жақта  тұрған,  көк 
шатырлы кішілеу көк үйдің қақпасына келіп тоқтады. 
 
Ат  тоқтаған  жерде  Мейірхан  шанадан  түсіп,  үйге  қарай  жылдам  басып  жүріп  кетті.  Бұл 
жігіттің пішініндегі томсарған кейісіне қарағанда, қабағы түксиген жүдеулікке қарағанда 
әлгі келген үйінде бір уақиға болғанға ұқсайды. Мейірхан әуелгі бетімен үй алдына кіріп, 
содан ішке кіретін есікке тақап қалғанда алдынан есік ашып бір жас әйел шықты. 
 

96 
 
Сәнді киінген, сүйкімді пішіні бар жас әйелдің түсінде де әлгіндей кейістің таңбасы бар. 
Түсінің  ажары  кетіп,  қатты  жүдеп  ақ  сұрланған.  Қабағы  болымсыз  түйіліп,  уайымның 
сырынан шытынған. Жұмсақ қара көздері кішірейіп, жасаңдаған жиын кірпіктерінде жаңа 
ғана шыққан көздің жасы суланып, білініп тұр. Мейірхан бұл әйелді көрген жерде тоқтай 
қалып: 
 

 
Немене? Қадиша! Масғұттың хәлі қалай? Неғып жүдеп тұрсың мұнша? - деді. 
 
Қадиша түксиген қабағын жазбастан, үмітсізденген пішінмен ақырын: 
 

 
Сағат сайын төмендеп барады, білмеймін. Жазыла ма? Жоқ па? Бүгін таңертеңнен 
сізді әкеп бер деген соң әдейі кісі жіберіп едік,  - деп көзіне мөлтілдеп жас келген 
соң  төмен  қарап  кетті.  Мейірхан  жұбатқан  болып  бір  екі  ауыз  сөз  айтты  да,  үйге 
кірді.  Кішілеу  екі  бөлме  үйдің  төргісінде  биік  төсектің  үстінде  астына  салған  қос 
төсегі  бар,  басында  екі  үш  ақ  жастық  бар,  қалыңдау  көрпені  жамылып,  қатты 
ыңқылдап шыдамсызданып Масғұт жатыр екен. 
 
Беті ашаңдап жүдеген әншейіндегі - ақсұр түсі күреңденіп, ісіген көзі қанталап, жастанып, 
шатынағандай. Қысқалау қою қара мұрты, сұлық қара қасы, қайырған ұзын шашы қатып 
қалғандай болып, жабысып, жансызданып тұр. Еріндері іштегі қызумен керісіп, жарылып, 
қарауытып біріне-бірі жабысып тұр. 
 
Еті қашып арыған, жіңішке қолдары дірілдеп, бір жерге орнықпай, ауру кеудесін сипалай 
берді. Қолдарының түстері сарғыштанған, тырнақтары көкшілденіп қанталап тұр. 
 
Мейірхан  жолдасының  осы  пішінін  көргенде  ішінен  тынып  жүдеп  келіп,  қасындағы 
орындыққа зорға отырды. Біріне-бірі құшақтасқандай болып қалың уайыммен әз қарасып 
отырған. Мейірхан бір соң күрсініп, Масғұттың жайын сұрай бастады. 
 
Масғұт бәсеңдеп қарлыққан даусын қатайтпақ болса да, шамасы келмеді. Сөзіне көбінесе 
сыбыр араласып, не айтқандары ұғымсыз болды. Мейірхан сөзін ұқпақ болып тыңдаса да, 
ешнәрсе  ұға  алмады.  Аздан  соң,  Масғұт  шатасыңқырап,  сандырақтай  бастады.  Сөзінің 
көбінде  сау  күнде  істеп  жүрген  қызметі,  оқытып  жүрген  сабағы,  тәрбиелеп  жүрген 
қазақтың  балалары  турасынан  айта  бастады.  Әлсіздік  пен  сыбырлаған  шала  жансар 
сөздерінің арасында... балалар... жетім қалады... мен еңбек сіңіре... алмадым... енді... міне, 
деп  кеудесі  мен  ішін  сипап...  өзім  де  екі  талайдың  үстінде  жатырмын»  деп,  Мейірханға 
қолын  созып  қолынан  ұстап:  «Мені  ...  сөкпейсіңдер  ме?  Менде  жазық  жоқ  қой...»,  деп 
қайтадан шатасты. 
 
Мейірханның көзіне жас келіп, аузына жұбатарлық сөз түспеді. Ауру жолдасының көңілі 
үшін айтқан: «Жазыласың, өлімді ойлама» деген сөздері жасып, әсерсіз боп шықты. 
 
Аздан  соң  төргі  үйге  Масғұттың  жалғыз  кемпір  шешесі  мен  келіншегі  Қадиша  кірді. 
Қадишаның  қолында  көтерген  кішкене  баласы  бар.  Екеуінің  ішінде  де  үміт  пен 
қорқынышты  жауын  жеңісе  алмай,  алысып  тұрған  сияқты  сенімсіздік  білінеді.  Жалғыз 
баласы  Масғұттан  басқа  сүйеніші,  тіреуі  жоқ.  Әлсіз  сорлы  шешесі  көкірегі  қайғы  шерге 
толып,  көздері  мөлтілдеген  улы  жасқа  толып,  жаутаңдап,  қуат,  көмек  сұрағандай  болып 
Мейірханға қарады. 
 
Мейірхан  тағы  да  жұбатпақшы  болып,  бір-екі  ауыз  сөздер  айтты.  Бұлардың  бәріне 
Масғұттың нашар науқасының үстіне түйін болған нәрсе: 
 

97 
 
«Бүгін таңертең доктор келіп ауруды қарап сары сүзек екен, емдеуден өтіп кетіпті, өледі» 
депті. Сондықтан бәрінің де күдігі күшейіп тұрған шешесі үйге кіргенде Масғұттың көзі 
түсіп,  біраз  қарап  жатып,  артынан  шыдай  алмай,  көзін  жұмып  арғы  жаққа  басын  бұрып 
әкетті.  Туысқансыз,  жақынсыз  жалғыз  қалатын  сорлы  анасының  көрер  күні  қандай 
болатынын Масғұт ойлағандай болып аздан соң басын қайта бұрып алып шешесіне қарап: 
 

 
Өзгенікі өзге-ау, сенің күнің не болды? Сені кімге тастаймын, алдымда да өлмедің - 
ау,  -  деп  басын  шайқап  жылағандай  болып  кемсеңдеп  теріс  қарап  кетті.  Шешесі 
дауысын  шығарып  жылап  жіберді.  Қадиша  кейінірек  тұрып,  көзінің  жасын  анда-
санда сығып алып тұрды. 
 
Осы  халде  біраз  уақыт  өткен  соң,  есік  ашылып,  үйге  Масғұттың  тағы  бір-екі  жолдасы: 
Жұмагүл, Ақтай кірді. Бұлар үйдегі суретті көрген соң біраз сөзбен аурудың жайын сұрап 
үндемей мұңайып отырды. Масғұт арғы жаққа қарап жатып басын бұрмай: 
 

 
Қадиша... өлмепті, бірақ, ол сенен туған жоқ, басы көп, бай төркіні бар, ең болмаса 
соларға кетіп қалады ғой, сені ол да жылатар. 
 
Кемпір  толқытып  жылап:  «Неге  үндемейсің,  жараған?  Жалғызым»,  -  деп  қатты  жылай 
бастап еді, - Масғұт: 
 

 
Апа,  жыламашы,  ана  үйге  баршы,  -  деп  сыбырлап,  -  жүрегімді  көз  жасың  өртеп 
барады  ғой,  -  деді.  Мейірхан  мен  басқа  жігіттер  де  бұл  суретті  көру  қиын 
болғандықтан көзінің жасы жерге тамшылап тұрған кемпірге: 

 
Жыламаңыз, қиналдың ғой, бара тұрыңыз, - деп ақыл айтты. 
 
Кемпір: - Жарығым, жата ғой, жалғызым, қарашығым жата ғой, мен құрғыр кетейін, - деп 
ауыр  күрсініп,  ақырын  айналып  шығып  кетті.  Қадиша  үндемей  тұрып,  енесінің  артынан 
бірге шықты. 
 
Мұндай күйге жүрегі сезімді Мейірхан қатты жүдеп отырып, сорлы кемпірдің келер күні 
ойламайын десе де, көңілі еріксіз ілгері қарай орап, келешектің әртүрлі суретін көз алдына 
елестете бастады. Келген ойы: 
 
«Масғұттың  өлетіні  рас,  кемпірдің  сорлы  болып  зарлайтыны  рас.  Мына  жас  қатын, 
жолдасының  рухын  сыйлап,  бірге  қайғы  жеп  отыра  ма?  Отырмайды.  Бұл  -  адамшылық 
тәрбиесі  жоқ  қала  қызы.  Біреумен  кетеді-ау.  Сол  күнге  шейін  тірі  отырса  кемпірдің 
қайғысы қандай болады. Содан үлкен дерт бола ма? Жалғыз-ақ Құдайдан тілейтінім: Осы 
қатынды алатын кісі Масғұттың жолдасының бірі болмаса екен. Бір танымайтын жай кісі 
болса екен. Бүгінгі жүрген жолдасының бірі алса, ол қайғы сорлы кемпірге мұнан да жүз 
қабат артық болады ғой. Тағдыр енді ең болмаса, осы жерде ая, бұл байғұсты» дегендей ой 
ұялады. 
 
Кішкене үйдің ішіндегі  бұл секілді  күдікті,  ауыр хал көп күндерге созылған жоқ. Еңсесі 
кеткен  ауру  күннен-күнге  төмендеп,  сөніп  бара  жатқан  жарықтай  бәсеңдей  берді. 
Ақырында  бір  күн  түске  таянған  мезгілде  тіл  аузын  қойды.  Кеудесіне  дем  алған  сайын, 
сырылдақ пайда болды. 
 
Ауру  әлсізденіп,  бұрынғыша  денесінде  қозғай  алмай,  көзін  анда-санда  ашып-жұмып 
сұлық жатты. 
 

98 
 
Баласы  бұл  күйге  жеткенсін,  көп  өлімді  көзі  көрген  кәрі  шешесі  жалғызынан  күдер  үзе 
бастады. Намазда күндіз-түні дұғаның орнына жалғызының атын атап, сыбырлап Құдайға 
жалынып тілектен босаған жоқ. 
 
Бос  отырғанда  үй  іші  оңашаланып  жалғыз  қалса,  көзінен  парлап  жасын  ағызып,  кейде 
кемсеңдеп жылап та алады. Тілек пенен қайғыдан тозған жүрегі алдында жылжып тақап 
келе жатқан хауықты ойлап жаси бастады. 
 
Бірақ  ешнәрсенің  көмегі  болған  жоқ,  көптен  күткен  қаһарлы  ауыр  суық  сағат  жылжып 
келіп  жетті.  Масғұттың  демі  бітуге  таянып,  денесінен  жан  кете  бастады.  Бір  уақыт  аяқ-
қолы мұздап, демі әбден біткендей болды. 
 
Қасында телміріп қарап отырған жақыны мен таныстары күдерді әбден үзгендей болды. 
 
Сол  халде,  біраз  уақыт  өткен  соң,  Масғұт  қайтадан  ақырын  көзін  ашты.  Көзінің  қарасы 
жоғары шығып, аласы көбейген сықылды. Сүзілген сұқ көзінде әлсіздік, көнгендік бар. Өз 
халін шын ұға алмағандай болып, сыбырлап: 
 

 
Бармын  ба?  Жоқпын  ба?  -  деп,  аздан  соң  көзін  қайта  жұмады.  Жұрттың  күдігі 
ұзаққа  созылған  жоқ,  түсі  аз-аздап  суи  бастап,  көзі  нық  жұмылып,  еріндерінің 
арасы ашылып, тісі ақсиып, бетіне өлім таңбасы басыла бастады. Кешікпей үзілді. 
Үй  іші  у-шу  болды.  Кемпір  хәлі  бітіп  талықсып  кетті.  Осы  халдың  бәрін  көз 
алдынан өткізген Мейірхан, Жұмағұл, Ақтайларда шыдай алмай бірге жыласты. 
 
Жұрттың бәрі сол күні-ақ, Масғұттың өлімінен хабарланды. Оқыған жігіттер мен қаланың 
басқа халқы да азаматты шын аяды. Жолдастарының көбі қайғыланып мұңайды. Жұрттың 
бәрі де: «Қалада өскен жігіттің адамы осы еді. Бишараның шешесі сорлы болды-ау» - деп 
шыныменен назаланғандай болды. 
 
Ертеңінде  Масғұттың  жаназасын  шығаруға  көп  жұрт  жиналып  қалды.  Азаматқа  ақырғы 
қарызын  өтемек  болған  оқығандар,  жолдастары  түгел  жиылып  келді.  Бәрінің  түсі 
уайымды, қабақтары салбыраңқы, жүдеу. 
 
Біраз  уақыт  өткеннен  соң  жиналған  көп  жұрт  өлікті  көтеріп  алып, зияратқа  қарай  жүріп 
кетті.  Зиратқа жеткен соң ерте бастан қазулы даяр тұрған, қасында үюлі  жаңа топырағы 
бар  азынаған  суық  көрдің  қасына  өлікті  алып  келді.  Қараңғы  көр  жұрттың  есіне  суық 
өлімді  түсіргендей  болды.  Көп  жұрт  бір  қараған  соң  шыдай  алмай  теріс  айналып  кетті. 
Бейіт басында бір қалпынан аумай, құтырған сияқтанып желігіп жүрген молдаларға бұлар 
қызылды  сезген  қара  құстай  жанталасып  жүр.  Шын  рахымсыз,  тастай  суық  адамдар 
секілденеді.  Өліктің  үстіне  жапқан  шапанға,  басы  мен  аяқ  жағына  салған  орамалға 
таласады. 
 
Масғұтты  ораған  киізін  алып,  жалғыз  қабат  ақ  кебінімен  суық  көрдің  түбіне  апарып 
салды. Біраздан соң бір жағына бір кірпіштен соң, бір кірпішті қойып телмірген көздерден 
Масғұттың денесін жасыра бастады. 
 
Тағы  бірнеше  минут  өткен  соң  жұрттың  бәрі  үюлі  топырақты  көрге  төгіп,  Масғұтты 
ықыласпен көмді. 
 
Осы  қалдың  бәрін  де  көздерімен  көріп  тұрған  оқығандар  бір-бір  ауыр  күрсініп, 
салбыраған кішкеней үйді үйлеріне қаратып кетті. 
 

99 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет