Қоңыр
ЖЕР СІЛКІНУІ
Түркістан республикасындағы жұрттың көбі жер сілкінгенін көрген бұларға тиіс.
Көргенде бір рет емес, бірнеше рет көрген бұларға тиіс. Қазақстан Республикасындағы
жұрттың көбі өмірінде жер сілкінгенін көрмейді. Олар тек «пәлен пайғамбардың
заманында халық бұзылып кеткендіктен, зілзала болып (жер сілкініп) жұрт қырылды»
дегенді ғана молдалардан естиді. Сондықтан, олар жер сілкіну бұрынғы заманда,
пайғамбарлар заманында болса да, бұл заманда болмайды деп ойлайды. Олай емес, жер
осы заманда да сілкінеді һәм, көп сілкінеді. Хатта жер сілкінбейтін күн болмайды деп
айтуға болады. Бірақ, жердің сілкінуі түрлі-түрлі болады. Жер кейде ақырын сілкінеді.
Кейде қатты сілкінеді. Көбіне жердің сілкінуі өте ақырын болады. Сондықтан, оны
жұрттың көбі байқамай қалады. Жердің қандай ақырын дірілдегені болса да сезіп, жердің
ол дірілдегенін қағазға ирек-ирек қылып сызып қоятын «сейсмограф» деген құрал болады.
Жердің өте ақырын сілкінгенін кісі сезбей қалса да, сейсмографтың сызықтарына қарап,
біліп тұруға болады. Кейде жердің сілкінуі кісі сезерлік болады. Онда жер дірілдеп тұрған
сияқты болады. Терезенің әйнектері дірілдейді. Үй ішінде ілулі тұрған нәрселер
шайқалады. Жиып қойған кеселер, шыныаяқтар, тәрелкелер һәм басқа сол секілді
нәрселер шылдырлайды. Шелектегі, қазандағы су шайқалады: аздап-аздап үйдің сылаған
балшықтары түседі. Кейде жер онан да гөрі қаттырақ сілкінеді. Онда өсіп тұрған ағаштар
шайқалады. Телеграф діңгектері (бағаналары) шайқалады. Хайуандар аң-таң болады,
құстар ұшып жоғары шығып кетеді. Шіркеулердің қоңыраулары өзінен-өзі даңғырлап
кетеді. Үйдің төбесі сықырлап, жарылып кетеді. Аз-маз құлайтын үйлер де болады. Кейде
жердің сілкінуі тіпті қатты болады. Онда құламаған үй қалмайды. Жер жарылып кетеді.
Жердің жарықтары бір ашылып, бір жабылып тұрады. Бұл жарықтарға хайуандар,
адамдар түсіп кетіп жоқ болады. Кейде, кейбір ауылдар, шаһарлар жер астына түсіп кетіп
жоқ болады. Кейде жердің жарығына үйлер түсіп кетіп жоқ болады.
Кейде бұрын тауы жоқ жерге тау пайда болып қалады. Кейде жалпақтан - жалпақ жатқан
көп жер тұтасымен төмен түсіп кетіп ой болып қалады.
Жер сілкінгенде бірнеше секунд қана, ең көп болса, бірнеше минут ғана болып басылады.
Бірақ, осындай азғантай уақыттың ішінде-ақ, кейде кейбір қалалар қирап, ойран болып
қалады. Мың-мыңдап кісі қырылады. 1755 жылы Европаның күнбатыс жақ шетінде жер
сілкініп, Лиссабон деген шаһар дымы қалмастан қирады. һәм елу мыңнан аса кісі
қырылды. 1783 жылы Италияның оңтүстік жақ шетінде жер сілкініп, төрт жүздей қала
қирап, жүз мыңнан аса кісі қырылды.
129
1908 жылдың 15 декабрінде, (14 жыл болды) Италияда бұлардан да сұрапыл жер сілкіну
болды. Онда, Миссияна һәм Рижиу деген екі үлкен шаһар және олардан басқа толып
жатқан қалалар қирап, екі жүз мыңнан аса кісі қырылды. (мертіккендер есептелмейді).
Осы биылғы ноябрьдің (қауыстың) он бірінде сенбі күні Оңтүстік Американың күнбатыс
жақ шетінде Чили республикасында Кордилер тауында жаңағы айтылғандардың бәрінен
де әлде қайда басым, өте сұрапыл жер сілкінді. Мұның күштілігі қандай болғандығын
көрсету үшін айтатынымыз: 1908 жылы Италияда жер сілкінгенде қирап қалған Миссияна
шаһары мен Петроградтың жанындағы Полковская обсерваторияның арасынан анау күні
Америкада сілкінген жердің ортасымен Ташкенттің арасы тоғыз есе алыс. Ал енді анау
күні Америкада жер сілкінгенде, Ташкентте жердің солқылдағаны 1908 жылы Миссияна-
Фирардағы Полковская обсерваториясының жері солқылдағанынан кем емес. Бұдан анау
күнгі Америкадағы жер сілкінудің күші қандай екенін шамалауға болады. Америкада
болған жер сілкінудің толқыны бүкіл дүниені екі айналып шыққан. Бір арал халқымен жоқ
болып, судың астына кеткен қанша шаһар қирағаны, қанша кісі қирағаны туралы әзір
хабар жоқ. Англияның Чили хүкіметіне көңіл - қос айтуына қарағанда, Чили
республикасының қазасы аз болмасқа тиіс.
Жердің бұл айтылғандардай қатты сілкінуі сирек болады. Кісі байқамай қалатын жердің
ақырын дірілдеулері күн сайын бір жерде болмаса, бір жерде болып тұрады деп айтуға
болады.
Сілкінген жердің ауданының бір шеті аз болса бірнеше жүз шақырым, болмаса әлденеше
мың шақырым болады.
Ал енді, жер неден сілкінеді? Соның себебін айту керек. Оның үш түрлі себебі бар:
Бірінші себебі: Жаңбырдың, қардың суы жерге сіңіп, су өткізбейтін бір жалпақтан жалпақ
жатқан саз балшыққа, яки, тасқа жеткенше кете береді. Су жібермейтін сазға яки, тасқа
жеткен соң, ол су жиылып, бір жаққа қарай аға бастайды. Сөйтіп, жердің астында әуелі
кішкентай бұлақ болып, онан ол бұлақтар бір-біріне қосыла, қосыла бірте-бірте үлкен
өзенге айналып, жердің астынан үлкен жол салып алады. Осылай, жердің астындағы су
көп жылдар аққан соң, ол судың қазған жолы өте үлкейіп, бір шетімен бір шеті бірнеше
шақырым үлкен үңгір болады. Бір уақытта сол үңгірдің үстіндегі жер құлап, жер сілкіну
болады.
Екінші себебі: алтын, күміс, тас-көмір секілді нәрселерді іздеп кісі терең, тереңдігі кейде
бір шақырымнан асатын шахталар (шұңқырлар) қазады. Сол шахталарды қазғанда тереңге
кеткен сайын жердің қызуы арта беретіні байқалады. Әрбір 15 саржын төмен түскен
сайын жердің қызуы бір градус артып отырады. Жердің қызуы тереңге кеткен сайын
осылай артып, отыратын болса, жердің ортасындағы қызуы он бес мың (15000) градустан
кем болмасқа тиіс. Мұндай қызуға шыдап, ерімей қалатын дүниеде ешнәрсе жоқ.
Сондықтан, жердің ортасы еріген, қорғасын секілді сұйық боларға тиіс. Сөйтіп, доп
секілді домалақ жердің ортасы сұйық, сырты қатты боларға тиіс. Резеңке доптың ішіне
толтырып су құйсақ, жер соған ұқсайды. Доптың резеңкесі жердің сыртындағы қатысы
болса, доптың ішіндегі су жердің ортасындағы қызуға шыдамай еріп кеткен әртүрлі тас,
топырақ, балшық, темір, мыс секілді нәрселер болады. Кейде жердің астынан шапшып
ыстық су шығып жатады. Мұндай су «Гейзер» деп аталады. Гейзер жер үстінде аз емес.
Көп Гейзердің суы тереңнен шапшып шығады. Сондықтан, жердің астындағы қызуға
ысып шығады. Бұл да жердің ортасы қызу екендігіне дәлел көп жерлерде жанартау
(орысша айтқанда Вулкан) деген таулар бар. Жанартау жылқышының қосы секілді шошақ
болады. Төбесі тесік болады. Ол тесігінен бұрқырап бу шығып жатады. Кейде лықсып
жердің ортасындағы ыстық сұйық тас шығады. Бұл да жердің ортасы қызу екендігіне
130
дәлел. Кейбір жерлерде су жерге сіңе-сіңе өте тереңге кетіп, жердің ортасындағы қызуға
қайнап бу болады. Буда күш бар екені жұрттың бәріне де мәлім. Мәселен, шай салып отқа
қойған шәйнектің қақпағы астынан бу көтерілген кезде селкілдеп кетеді. Машинаның
ішінде қайнаған судың буы елу-алпыс мың пұт поезді сүйрейді. Сол бу жердің астында
кейде өте көп жиылып, тесік тауып шыға алмай, үстіндегі жерді көтергендіктен жер
сілкінеді.
Үшінші себебі: Дүниеде не нәрсе болса да суынған сайын қысылып, тығыздалып, кішірейе
береді. Жер күннен күнге, жылдан жылға, бірте-бірте аз да болса, қызуы кеміп, суынып
барады. Сондықтан, жер бірте-бірте кеміп, бара жатқан өрік яки лимон секілді. Қысылып,
кішірейіп барады. Кепкенде өріктің, лимонның сырты бұжыр-бұжыр болып қалатыны
секілді, қысылып кішірейгеннен жердің де сырты (яғни беті) бұжырланады. Бір жері
күдірейіп жоғары шығады (тау болады), бір жері төмен түсіп ой болады. Жердің беті
күдірейіп жоғары шыққанда да, төмен түсіп ой болғанда да жер сілкінеді.
Міне, жер сілкінуінің себептері осы. Жер сілкіну көп болатын жерлер: Жапония, Италия,
Орта Азия, Кавказ, Америка тағы басқа бір сыпыра жерлер.
Ф.
САЯСАТ ДҮНИЕСІНДЕ
Түрік - Юнан соғысы
Осы күні сыртқы саясат дүниесінде ең зор мәселелердің бірі - жуық Күншығыс - Түркия
мәселесі болып отыр.
Өткен жылы Англияның жәрдеміменен Юнан хүкіметі (гректер) Түркияның теңіз
жиегіндегі көп жерлерін және Фракияны алып қойған еді. Одан бері де былтыр күздігүні
сол Юнан әскері Анатолия ішіндегі Анкара қаласында да жақындап қалып еді.
Анкара жанында Сақария өзенінің бойында түріктер Юнан әскерін қатты жеңіп, кейін
шегіндіргендігі газет оқушыларға белгілі шығар.
Сонан биылғы жылдың күзіне дейін Түрік-Юнан соғысы басылып, екі жағы да тоқталып
қалды. Бірақ, бұл кезде Англия Дарданель, Босфор қылиларына өзінің теңіз
кемелеріменен әскерлерін жіберіп, қылиларды һәм Стамбулды «Ортақ аудан» деп жария
етіп еді.
Юнандар Англияның жәрдеміне сеніп, алған жерлерінде түрік халқын талап, оларға
әртүрлі қорлық көрсетіп, қыстақ, ауылдарды жандырып, қамсыз жүре берді.
Түріктер болса, бұл пұрсаттан пайдаланып, империалисттер қолынан колонизаторлардан
құтылу үшін тынбай, шаршамай соғысқа даярланды.
Осы жылы 26 августа Мұстафа Кемал паша Юнан әскерінің тас-талқанын шығарып, бетін
бір қайтарып салды.
Юнан әскері артына қарай алмай, түріктердің ауыл - қыстақтарын жандырып, кейін
қашты.
131
Бұл уақытта Юнандардың Анатолидегі барлық әскері 150 мың болып, түріктердің соғысқа
араласқан барлық әскері 45 мың ғана болып еді.
Бірақ, сол аз әскермен-ақ 16 сентябрьге шейін аз ғана уақыт ішінде Юнандарды жеңіп,
олардан қолға түсірген олжалары мыналар болды:
Бір әскер бастығы, екі генерал, 94 полковник һәм капитан, 3 мың офицер, 40 мың солдат,
284 зеңбірек, 1400 автомобиль, 23 аэроплан, 1300 пулемет, 8 танкі, 60 мың жаңа киім, 80
мың жаңа етік, есепсіз көп мылтық, оқ тағы басқа нәрселер.
Бұл қазадан түрік әскеріне қарсы тұра алмайтынын біліп, Юнан хүкіметі одақтас
хүкіметтерден жәрдем сұрап ұран салды.
Сөйтіп неше жылдан бері азаттық жолында шаршамастан күресіп келген Түріктер
ақырында өзінің түпкі мақсатына жететін болды.
Бұл оқиға бүкіл Күншығыс халқын еркіндіктетіп дем алғызды.
Россия Кеңес хүкіметі, Түркістан республикасы барлық еңбекшілердің түпкі дұшпаны
болған Англияны жеңгені үшін қаһарман түрік халқына құтты болсын айтып телеграмма
жіберді. Хиндустан мұсылмандары Кемал пашаға сыйлық етіп екі аэроплан берді. Англия
хүкіметі өзінің түпкі мақсаты өтпейтінін көрген соң, Түріктермен келісіп, бітім қылудың
қамын ойлай бастады.
Молдания келісуі
Тоғызыншы октябрьде Молдания қаласында одақтастармен Түркия хүкіметі уәкілдері
жиналып, соғысты тоқтату туралы сөз ашылды.
Он бірінші октябрьде Молдания одақтастармен Түркия арасында бітім жасалып, төмендегі
шарттарға қол қойылды.
1. Юнандар мен Түріктер арасында осы күннен бастап соғыс тоқталады.
2. Юнан әскері Фракия, Адрнені Түріктерге қалдырып, Марица өзенінің оң жағына
қайтады.
3. Актілік бітім болғанша екі арада соғыс басталып кетпесі үшін Фракияға одақтас
хүкіметтердің әскері қойылады.
4. Адрне қаласына шейін темір жолда жүруге еркіншілік берілді.
5. Фракиядан Юнан әскері екі жұмада шығып бітуге тиіс;
6. Юнан хүкіметі барлық мекемелерді одақтастар қолына тапсырады.
Одақтастар Юнан әскер шыққаннан кейін 30 күннен қалмай, Фракияны Түрік төрелеріне
тапсыруға міндетті болды.
Осы қарар бойынша Юнан әскері Фракияны қалдырып, Марица өзенінің оң жағына кетті.
Қалған шарттар да іс жүзінде жүргізіліп жатыр.
132
Юнанда өзгеріс
Түрік әскерінен жеңілгеннен кейін Юнан ұлтшылдары партиясы Афинада төңкеріс жасап,
король Константинді һәм оның министрлерін тақтан түсірді. Король Константин тақтан
түсуге разы болғандығын білгізді.
Енді Юнан хүкіметінің басына Винизилос жағында болған ұлтшылдар партиясы шығып,
жаңа хүкімет жасап отыр.
Жаңа хүкімет король Константинді айыптап сотқа берді. Винизилос партиясы корольді өз
тілегімен әскер басы болғаны үшін Сақария жанында жеңілген соң, тағы өз еркімен әскер
басылықтан шыққаны үшін және бұрын өз ықтиярымен тақтан түскендігі үшін айыптады.
Жаңа Юнан хүкіметі де бұрынғысындай одақтас хүкіметтерге құйрық болу саясатын
жүргізіп жатыр.
Түркия сұлтаны қашты
Мұстафа Кемал паша қол астындағы түріктер, юнандарды жеңіп, жаңадан Стамбулға
кірген соң, Түркия сұлтаны соғыс кемесіне отырып қашып кетті.
Сұлтан өзінің уәзірлеріменен осы күні Англия қолында Мальтада жатыр. Өзінің тақтан
түспегендігін, түсуге разы болмағандығын білдіріп отыр.
Сұлтан Түркия қазынасын талап, 120 мың фунт стерлинг (алтынменен бір миллион сом
шақты) ақша алып қашқандығы білінді.
Анкара хүкіметі сұлтанды, уәзірлерді сотқа беріп, Англия қолынан сұрап алуға қаулы
қылыпты. Сұлтанның сарайы мөрленіп, қарауыл қойылыпты.
Ел жұртына қарамай, шетелге сатылып, алпауыттарға құйрық болып жүргені үшін түрік
халқы сұлтанға өзінің әділ билігін істесе керек.
Лозанна конференциясы
Жуық күншығыс мәселесін шешу үшін одақтастар Швейцария мемлекетінің Лозанна
қаласында бітім конференциясын шақырды.
Бұл конференциядан бұрын одақтас хүкіметтер Париж қаласында кеңес қылып, Түркияға
қарсы бір ауыздан іс қылуға сөз біріктірді.
Лозанна конференциясына одақтастар жолынан жүрген жуық күншығыс мәселесінен
өзіне пайда айырып қалуға құмарланған барлық хүкіметтердің өкілдері қатынасады.
Басында Россия Кеңес хүкіметін бұл конференцияға қатынастырмайтын болса да, кейін
түрік уәкілдерінің һәм Кеңес хүкіметінің талабыменен Россиядан, Украинадан, Грузиядан
да уәкіл шақыруға одақтастар разы болды.
Лозанна конференциясы 20 ноябрьде ашылып, осы күні істеп жатыр. Түркия хүкіметі бұл
конференциядан төмендегі нәрселерді өткізіп алмақшы:
1. Түркияның шекарасының 1913 жылғы орнын белгілеу;
133
2. Түркияның соғыс шығындарын өзі бастап соғыс ашқандығы үшін Юнан хүкіметіне
төлету;
3. Капитуляцияны (шет мемлекеттердің Түркия ішіндегі артық құқықтарын) бітіру;
4. Персия шекарасын түзету;
5. Түркияға ақша, шаруа істерін жүргізуге толық ықтияр беру;
Лозанна конференциясы үш комиссияға бөлініп, іс қылып жатыр. Үш комиссияның
бастықтары одақтас хүкіметтің уәкілдері: Лорд Керзон, Пуанкаре, Муссолини дегендер
сайланыпты.
Конференция ашылған күні Түріктерге қыр көрсетіп Стамбул қаласының үстінде
Англияның 60 аэропланы ұшып жүріпті.
Түрік хүкіметі күнбатыс Фракияны кімге қарату туралы халықтың өзінен жалпы сұрау
жасалсын десе де, одақтастар оған көнбей, күнбатыс Фракияны Юнандарға беруге қарар
шығарды. Осы күні күнбатыс Фракиядағы Түріктер Юнан төрелеріне қарсы қозғалып,
өзіне бөлек хүкімет түзеп жатыр. Қылилар мәселесі Россия уәкілдерінің қатынасуыменен
ортақ мәжілісте қаралып шешілмекші.
Бағдаттағы Маусыл жанындағы қарамай (нефть) кендерін кімге беру (конфессия)
турасында конференцияда көп сөз шығып отыр.
Англия бұл кенді өзіне алмақшы, бірақ бұған Америка таласы бар. Америка хүкіметінің
уәкілі Түркияның жері барлық мемлекеттер үшін ашық болсын деп сөз жүргізіп отыр.
Болгария хүкіметі Фракиядан өтіп, Эгей теңізіне шығуға жер сұрап жатыр. Мұның тілегі
де Түрік есебінен берілсе керек.
Қысқасы, Лозанна конференциясы одақтастардың бетіндегі пердені ашып көрсетіп отыр.
Олар Лозаннада Түркияны жаңадан құл қылуға, қылиларға өздерінен күзетші қоюға,
Түркияның бай, пайдалы жерлерін өз қолдарында қалдыруға тырысып жатыр.
Россия хүкіметі бұл конференцияда Түрік халқыменен қатар қылилардың Түркия қолында
қалуына, соғыс кемелерін қылилардан өткізбей, сауда кемелері үшін ғана жол ашық
болуын мақұл дейді.
Әлі бұл конференция біткен жоқ. Бірақ жуық күншығыс әңгімелерінің аяғы неге
тоқтағанын жақында білерсіз.
Италияда өзгеріс
Бүкіл жер жүзі еңбекші һәм байлар болып екі тапқа бөлініп, өз құқықтарын сақтау үшін
күресіп жатыр.
Кейінгі уақытта жер жүзінің еңбекшілері бірігіп ұйымдаса бастаған соң капиталшыл
байлар да хүкіметті өз қолдарында сақтап қалу үшін біріге бастады.
134
Италияда жұмыскерлер бірігіп, төңкеріс жасап хүкіметті өз қолына алуынан қауіп еткен
фашистер партиясы ноябрь басында ілгергі хүкіметті іс басынан түсіріп, хүкіметті өз
қолдарына алды.
Фашистер партиясы капиталшыл байларды қуаттайды. Еңбекшіл жұмыскерлердің
дұшпаны. Сондықтан, хүкіметті өз қолдарына алуымен жұмыскерлерді қуғыштай
бастады.
Фашистердің хүкімет басына сайлаған кісісі - Муссолини. Ол Англия, Франциямен
қосылып, барлық еңбекшілерге қарсы іс жүргізе бастады. Өздеріне қарсы болған таптарды
атып, асып жатыр.
Басқа мемлекеттерде де Италиядағыдай байлар хүкіметті өз қолдарына алу жолдарын
қарастырып жатқандары сезіліп тұр.
Бірақ, соңғы кездегі Европада болған бүліншілік, қымбатшылық сияқты қиындықтарды
жаңадан күшейтпесе, фашистер оны түзете алмайтыны анық. Бүкіл еңбекшілердің
пайдасы жалғыз-ақ коммунизм төңкерісіменен ғана табылатыны да ашық.
Коминтерннің 4-конгресі
(Шет мемлекеттердегі коммунистер ұйымдарының уәкілдері араласқан Коминтерннің 4-
жалпы жиылысы)
Октябрь төңкерісіне 5 жыл толған күні (7 ноябрьде) Мәскеу қаласында бүкіл дүние
еңбекшілер мұрындығы коммунистер партиясының 4-жалпы жиылысы ашылды.
Жер жүзінің 62 мемлекетіндегі ортақшылдар партиясынан 65 уәкіл келді.
Жиылыста қаралған мәселелердің ең зоры - барлық жер жүзінің жұмыскерлері бірігіп, бір
тудың астында болуы мәселесі болды. Күншығыста төңкеріс тудыру үшін жол белгіленді.
Жұмыскерлер хүкіметі тақырыпты мәселе тексерілді.
Кәсіпшілер ұйымдарыменен бір болу мәселесі қаралды. Бұдан былай төңкеріс ісі
кәсіпшілер ұйымдары менен жұмыскерлердің бірлігіне сүйенсін дейді.
4-конгресте еңбекшілдер тобының күннен күнге күшейіп келе жатқандығы секілді.
Коминтерннің 4-конгресі бір айдай болып, Коминтерн Атқару Комитетін сайлап, 5-
декабрьде жабылды.
Қиыр күншығыс Кеңес хүкіметі
Октябрь төңкерісінен бері қарай қиыр күншығыста Кеңес хүкіметіне бағынбай келе
жатқан байлар, капиталшылдар «Қиыр Күншығыс республикасы» деген бір республика
жарияланып, хүкімет жүргізіп келген.
14 ноябрьде болған Қиыр Күншығыстың жұмыскер, диқандар съезінде Россия
республикасына қосылу туралы бір ауыздан қарар шығарылды. Сөйтіп, Кеңес
республикасына тағы күш қосылып, еңбекшілдер табы бұрынғыдан да күшейді.
135
Құрал тастау кеңесі
Капиталшылдар табының барлық саясаты жер көбейту, жер жүзінің барлық байлықтарын
өз қолдарына жинау. Құрал күшіменен кедей, жұмыскер, еңбекшілдерді өздеріне қаратып
тұру болғандықтан олардың өз араларында да талас-тартыс, соғыс көп болады.
Сондықтан, ылғи құралданып, әскер сақтап соғысқа даярланып тұрады.
Капиталшыл хүкіметтерінің құралдануынан еңбекшілдерге тиетін пайда жоқ.
Еңбекшілдердің бір-біріне дұшпандығы да болмайды.
Құралданудың барлық ауырлығы, шығыны жұмыскер, диқандар мойнына түсетіні де
анық. Сондықтан, Кеңес хүкіметі октябрь төңкерісінен бері қарай көршілес мемлекеттер
арасында соғысты бітіру, құрал тастау мәселесін қозғап келді. Бірақ, Кеңес хүкіметі ғана
құралын тастап, әскерін таратқанмен, еңбекшілдер пайдасы табылмайды.
Сондықтан осы декабрь айының басында Мәскеуде көршілес хүкіметтерден уәкілдер
шақырылып, құрал тастау кеңесі ашылды.
Бұл кеңеске Польша, Литва, Латвия, Финляндия хүкіметтерінен уәкіл келді.
Россия уәкілі жолдас Литвинов кеңеске төбе ағасы болып сайланды. Кейінгі хабарларға
қарағанда, кеңестер хүкіметі әскерін кемітуден қашпаса да, шет мемлекеттерден келген
уәкілдер анау-мынауды себеп қылып, әскерін кемітуден тартынып отырғандай түрі бар
көрінеді.
Алып Ер
Түзету: «Шолпанның» 1-санында «қазақ-қырғыз білім комиссиясы туралы қысқаша
баяндама» деген мақалада тасқа басуға берген кітаптардың тізілісінде екі кітап айтылмай
қалған: 1) Дулатов - «Қырағат» кітабы басылып жатыр; 2) Бірінші басқыш мектептердің
программасы басылып шықты.
ОҚУШЫЛАРЫМЫЗҒА
«Шолпан» журналына дүние жағынан хүкіметтің беріп келген жәрдемі бұдан былай
тоқталатын болды. Журналдың барлық қаражаты өз мойнына түсіп, өзінен өндірілген
ақшамен шығатынға айналды. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, оның үстіне
қымбатшылық күннен-күнге өсіп келеді. Сондықтан, журнал ақсамай шығуы үшін
қырғыз-қазақ азаматтарының көмегі керек. Әйтпесе, қырғыз-қазақ тілінде шыққан ілгергі
көп журналдар, газеттер сияқты журналымыз тоқтауы мүмкін. Сондықтан,
журналымыздың өмірінің ұзақ болуына тілектес азаматтардан, оқушылардан өтінеміз.
1. Ілгергі журнал жіберілген азаматтар тиісті ақшаларын кешіктірмей жіберуі.
2. Түптеп, журнал алдырып ел арасына, қала - қалаға таратып, журналға жазушылар жию.
«Шолпан» журналының дүние жағынан хәлінің нашар екенін түсініп, жоғарыда айтылған
тілектерімізді қырғыз-қазақ азаматтары, оқушыларымыз іс жүзінде орындар деген
сеніміміз бар.
Басқарма
136
7-АЙМАҚТЫҚ ПАРТИЯ СЪЕЗІ
Замана халін жақсы сезетін, мемлекет жұмысының бетін белгілейтін, еңбекшілер ісіне
басшылық ететін Коммунистік партиясы. Қисайған істі түзететін, түзеуге дем беріп алға
бастыратын, қалың халық жұмысының ақсаған жағын қарастыратын, кеселіне ем іздейтін,
әсіресе, бұрын өгейлік көрген жұрттардың, кедейлердің мұңын, зарын құлағын түре
тыңдайтын партия — Коммунистер партиясы.
Коммунистер партиясының өзін бұрынғы тұтынған жолын, саясатын сынайтын, ісіне баға
беретін, келешектегі партия саясатының жолын сілтейтін партия съезі. Сондықтан, не
түрлі негізі талас әңгіме тіршілік түйіндері болса да, партия съезінде шешімдер не түрлі
талап-тілек болса да партия съезіне түседі. Сонда қорытылып, шешілуі табылады.
Алдағы істің шешілуі өткен істің тәжірибесіне сүйенеді. Жеке мәселенің сыры, талас
әңгіменің шегі өткен істің тәжірибесімен ашылады.
Үстіміздегі жылдың 2-февралына барлық Түркістан коммунистер партиясының 7-
аймақтық партия съезі шақырылатын болды.
Партия съезінің мойнындағы міндеті, істері жоғарыда айтылған сияқты болғандықтан
күнелтері қырғыз-қазақ кедейлерінің талаптары бір жолға салынып, бірлігі табылып,
өткен күндердегі істердің қатесін, кемшіліктерін анықтап, буынып-түйініп тұру - әрбір
жұртшылықты көздеген адал ниетті қырғыз-қазақ кедейінің борышы.
Сондықтан, өткен дәуірде партияның қарқынды таныған ісі не еді, не істелді, не істелмей
қалды, оның себебі не болды, қырғыз-қазақ кедейлердің талабы не еді?
Осындай көп сұраулар хақында пікірді бір жолға салу үшін өткен күндердегі артымызда
қалған ескі істерге назар салу қажет: соған сүйеніп, алдағы істің бетін белгілеу керек.
Ойға алған, қағаз бетінде қарқынды танылған ісіміз, біздің жүретін жолымыз өткен партия
съездерінде анықталған. Іс жүзінде ісіміз аз болса да, «Құдайға шүкір» қағаз бетінде
тілегіміз таудай болатын... Жерінен, суынан айрылған, қуғын-сүргін көрген, сіңірі шыққан
қырғыз-қазақ кедейлерін жерге орналастыру біздің тілегіміздің тұңғышы еді.
Бірақ, жерге, суға теңгерілген құрал аспабы сай қырғыз-қазақ кедейі жоқ.
Жергілікті жұрттар арасында, әсіресе қырғыз-қазақ ішінде бір кәсіптің соңында жүрген,
ысылған, тап күресін түсінген жұмысшы жоқ болғандықтан, Түркістанда «Қосшы» -
кедейлер - жалшылар ұйымы ашылды. Бірақ, қосшы сөзіне біреу аяғын, біреу таяғын
тығып, адал ниетті арамдап жүр.
Оқу оқыту істерін жолға салысып, білімге талпынған ертеңгінің иесі жастарға тәрбие беру
көңілге алған игілікті істеріміздің зоры еді. Сонда да болса, жастарды жел сөзге
семірткеннен бөтен түк істегеніміз жоқ.
Заманның қалыбына қарай, жаңа шаруа сақтығын жүргізу, қолдан су шығару жұмысын
түзету, аяқты мал шаруасын аяқтандыруға кіріскен едік. Бірақ, бұл ретте де дұшпан
күйініп, дос сүйінетін іс болмады.
Осы сияқты ойға алған, орындалмай қалған істер, шаштың түгінен де көп еді.
137
Сөз жүзінде қағаз бетінде жоғарыда айтылған «істердің мынадай кемшілігі бар. Я,
болмаса, партия керек деп таныған жоқ еді» деп айтатын жан жоқ. «Бәлендей жұмыс
көңілдегідей орынға келіп еді» деп айтуға біздің де аузымыз бармайды. Оның үлкен себебі
- өзіне лайық сыры бар, құрғақ әңгіме. Сұлу сөзден іске өту хақында бағасы арзан, құрғақ
сөз өткен күзден бері айтылып та, жазылып та келеді. Сонда да болса біз жуынып,
таранамыз деп жүргенде той тарқайтын көрінеді.
Сүйегімізге сіңген салақтық, еншімізге тиген қайғысыздықтан құтылатын емеспіз. Сөзге
келгенде майын тамызатын шешен, іске келгенде бас ауырып, балтыр сыздайтын,
сылтаудан тоқталмайтын «адал ниетті» азаматтар: партияда мүше екенін міндет айтып,
мүшеліктің арқасында аузының бағасын көтергісі келетіндер көп. Партия назарына
қарамайтын, партия жарлығына мойынсынбайтын қазақшылық ететіндер де аз емес.
Үлгілі партия мүшесі болып, ел ішінде партия ісін көтеру орнына әкімшілік, үлкендікке
таласатын аударыспақ ойнайтындардан да құр емеспіз...
Осы сияқты мінездер партия алдында тұрған қарқынды істерді тіршілікке шығаруға кесір
болады. Таудай талап ойға алған адал ниетті іске асыртпайды. Қырғыз-қазақ кедейінің
тілегін жарыққа шығартпайды.
«Балық басынан сасиды» деген осы, сондықтан, осындай теріс мінездерменен күресу,
партияны күшейту партия мүшелерінің міндеті.
Съезд алдында тұрған мәселелерді қарағанда, Түркістан тарихына басылған отаршылдық
таңбасын ұмытпау керек. Түркістан тонын өзіне лайықты етіп, жергілікті шарттарға
қарай-қарай пішу қажет.
Өйткені, Түркістан елу жылдай Русия колониясы болды, Түркістанға Россия ылғи колония
назарымен қарап келді. Отаршылдар үстемдігі жүргізілді. Жергілікті жұрттар әсіресе,
қырғыз-қазақ жұрты талай қуғын-сүргін жеді. Жерінен, суынан айрылды.
Елу жылда қырғыз-қазақ жұрты жаңарып, жүз жылға аяқ басып, қазан болуға айналды.
Түркістанда отаршылдық жұрнағы осы кезде де бар. Қандай талас сөздің үстінде, қандай
істің тұсында болса да, басы қалқиып ылғи көрініп тұрады. Сондықтан, ұмытылмайтын,
әсіресе, партия мүшелерінің есінен шықпайтын түпкі түйін осы болды.
Түркістан түрлі ұлттардың түйіскен жері. Әлсіздердің (қырғыз-қазақ) езілген, күштілердің
саяси һәм шаруа майданында дәурені жүрген жері. Түркістанда тұрушы ұлттардың
көздеген мақсаты да түрлі-түрлі. Біреулері тұщыға, біреулері ащыға үйренген, өз бетінше
жүгенсіз өскендері көп. Түркістанда тұрушы ұлттардың саны қанша болса, қайшы түсетін
мақсаттары сонша. Бірақ, партия мүшелерінің жөні бір болып, осы сияқты, һәм жоғарыда
айтылған партия жолына сыйыспайтын істерді құрту жолында болу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |