Алаш көсемсөзі 1 том "Шолпан" журналы



Pdf көрінісі
бет20/20
Дата27.01.2017
өлшемі1,7 Mb.
#2803
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20

Мұхтар 
 
БИДАЙЫҚ 
 
(Қырғыз халық әдебиетінен) 
 
Бұрынғы заманда «Әуелі хан» деген хан болған екен. Төрт түлігі сай болған екен. Бір күні 
ұйықтап  жатып  түс  көріпті.  Түсінде  жақсы  іс  көріпті.  Қолында  бір  құсы  бар  екен, 

182 
 
көңілінде  уайым  жоқ  жар  екен.  Көк  қуға  құсын  салып,  көрінгенін  алып,  сарала  үйрекке 
құсын  салып,  санағанын  алып,  сайрандап  жырғып  жүріпті.  Ертеңіне  оянып,  көзін  ашып 
екі  жағын  қараса,  еш  нәрсе  жоқ.  Ойлап  отырып,  есіне  түсірсе,  түсіндегі  көргені  екен. 
Тұрып  намазын  оқып,  тамағын  ішіп  барып,  тағына  мініпті.  Тұрса  да,  отырса  да  көрген 
түсі, салған құсы ойынан шықпапты. Әрі ойланып, бері ойланып осы менің көрген құсым, 
бұл дүниеде бар болды ма екен, жоқ болды ма екен. Бар болған болса, тауып алуға болар 
ма екен деп көп ойланып отырып, ақырында Мырзалы деген бір ақылды уәзірі бар екен. 
Оны шақыртыпты. Түсінде көргенін бастан аяқ айтыпты, онда уәзірі тұрып айтыпты: 
 
Ханым,  халықты  жиыңыз,  хабарды  салыңыз,  біреу  болмаса,  біреудің  көзіне  көрініп, 
қолына  алынып  қалса,  ғажап  емес,  —  дейді.  Хан  Мырзалының  сөзін  дұрыс  көріп, хабар 
салмақшы болды. 
 
Аладан биені сойдырды, 
Алысқа елін жидырды. 
 
Құладан биені сойдырды, 
Күндік елін жидырды. 
 
Елін жиып кеп айтты, 
Кеп айтқанда деп айтты: 
 
Ей, қарайған халқым жамағат! 
Қазір айтам санағат. 
 
Қарап тұрып, құлақ сал
Түнде бір жатып түс көрдім. 
 
Түсімде жақсы іс көрдім. 
Түсін тапсам өзі тоқ, 
 
Бидайық деген құс көрдім: 
Осы құсты кім тапса, 
 
Мойны жағау бау тақса, 
Халқыңнан таңдап жар берем, 
 
Қазынамнан cap берем 
Қатардан тізіп ант берем 
 
Деп халқына жар салды, 
Мұны жұртты бәрі ұқты. 
 
Хан жұртын жиып, ақылдасып жатқанда бұл жиналысқа келмеген қара төлер саятшы адам 
бар  еді:  өзі  тор  жайып,  құс  қуып,  тұзақ  тартып-ілбесін  алып,  мылтық  атып,  аң  аулап 
жүрген  кәсібі.  Ханның  қылып  жатқан  хабары  жетіп,  жиналысқа  бармастан:  "бидайықты 
тор жайып аламын, ханға алып барамын, қалағанымды аламын" деп. 
 
Ашынама керек алды дейді. 
Тоғайға басып барды дейді. 
Төбеге шығып тұрды дейді. 
Көк жібек торды жайды дейді. 

183 
 
Көк кептерді сойды дейді. 
 
Ақ жібек торды жайды дейді. 
Ақ кептерді сойды дейді. 
 
Құдайым берсе алайын, 
Ханға тарту қылайын, — 
 
деп төбенің басында бидайықты күтіп жатты. 
 
Осы  кезде  дүниедегі  құстардың  бәрі  жиылып,  «бидайықты»  хан  сайлаймыз  деп  жатқан 
кезі екен. 
 
Тиін қылған кезі екен, 
Жами құстың бәрісі 
 
Жиын қылған кезі екен, 
Бөденедей құстарды 
 
Бөле қылған кезі екен, 
Бидайықтай батырды 
 
Төре қылған кез екен, 
Жағалмайдай құстарды 
 
Жаршы қылған кез екен
Қыр шектей құстарды 
 
Елші қылған кез екен, 
Сауысқандай құстарды 
 
Сақшы қойған кез екен, 
Тұрымтайдай құстарды 
 
Хатшы қылған кез екен, 
Әуелеп ұшқан торғайды 
 
Молда қылған кез екен, 
Кәдімгі ұйып ақынды 
 
Сопы қылған кез екен, 
Қара жоры долдағай 
 
Қасап қылып қойыпты, 
Ала баршын бүркітті 
 
Есік аға қылыпты 
Кекілік кедей болыпты, 
 
Кеңескен жиын болыпты. 
Жыл орымшы болыпты. 
 

184 
 
Қара құзғын пақырды 
Қазаншы қылып қойыпты. 
 
Ала қарға, шар қарға, 
Азаншы қылып қойыпты. 
 
Құралайдай құстарды 
Қойшы қылып қойыпты. 
 
Көкек деген құстарды 
Жолшы қылып қойыпты. 
 
Сап бөктергі бірігіп, 
Жемін нетіп берші екен 
 
Сап қаршыға бірігіп, 
Жемін алып берші екен. 
 
Бидайықтың құты бар, 
Бауырында жалғыз құты бар. 
 
Тегеуріні темір екен дейді. 
Тепкені өледі екен дейді. 
 
Жайты жұлдыз екен дейді, 
Тояты құндыз екен дейді. 
 
Жалыны болат екен дейді. 
Шабыты бұлт екен дейді. 
 
Істерін бәрін жайғастырып бітірген соң, бидайыққа жем із деп, қаршыға сонарға шығады, 
жанына бөктергіні қосшы қылып алады. 
 
Ертесінде қаршыға, 
Бір бөктергіні қосшы алып, 
 
Сонарға шығып кетті дейді, 
Келе жатқан жерінде, 
 
Алдындағы төбеде, 
Ақ жібек тордың ішінде, 
 
Ақ киімдерді көрді дейді. 
Көк жібек тордың ішінде, 
 
Көк кептерді көрді дейді, 
Қайыра тартты қаршыға, 
 
Артынан келіп бөктергі, 
Қаршығаға мұны айтты. 
 
Қайырылып, қайда барасың, 

185 
 
Хан төреден хат алдың. 
 
Қаршыға болып атандың, 
Қайрат қылып қашырсаң. 
 
Ақ кептерді аласың. 
Алып ханға барасың
 
Көңілденіп қатырсаң, 
Көк кептерді аласың. 
 
Көріне  ханға  барасың,  жақсы  атты  кісі  боласың,  —  деп  бөктерге  мұны  айтты,  онда 
қаршыға, "сен ешнәрсе білмейсің" деп болған жоқ, сонда бөктергі қаршығаға айтқаны: 
 
Қайраның жоқ қаршыға, 
Мен аспанға дайырып шығамын, 
 
Қашырып торға тиемін, 
Ақ кептерді аламын. 
 
Алып жанға барамын, 
Көк кептерді аламын. 
 
Көріне ханға барамын, 
Көңіліне жағамын. 
 
Жақсы атты кісі боламын. 
Сонда қаршығаның жауабы: 
 
Құдай алған бөктергі, 
Сен қашырып тиме көк торға! 
 
Мен аспанға дайырып шығамын. 
Қашырып торға тимеймін, 
 
Ақ кептерді алмаймын, 
Алып ханға бармаймын, 
 
Ханға тарту қылмаймын. 
Жақсы атты кісі болмаймын, 
 
Мен суға бойлап ұшамын, 
Су бойынан қаз қалам, 
 
Жазға таман соны алам. 
Ханға тарту мен қылам, 
 
Одан жақсы атты кісінен боламын. 
Онда бөктергі қаршығаның айтқанына көнбей-ақ 
 
Кептерді алмақ болып қашырды. 
Ақылы жоқ бөктерге, 

186 
 
 
Аспанға дайырып шықты дейді. 
Желке жүнін селтитіп, 
 
Құйрық жүнін шошайтып. 
Қанат жүнін ербитіп, 
 
Тырнақтарын сербитіп. 
Аспанға дайырып шықты дейді. 
 
Қашырып торға тиді дейді, 
Алты қабат көк торға, 
 
Оңқасынан сайылып. 
Шалынып жатып қалды дейді, 
 
Күтіп жатқан сабаншы, 
Жүгіріп жетіп келді дейді, 
 
Жетіп келіп, көрді дейді. 
Көре салып ер-төкең, 
 
Бидайықтан бұл дағы, 
Бір жолдасы деуші еді. 
 
Мұны  берген  Құдайым,  бидайықты  бермей  ме  деп,  оң  қанатынан  тиіп,  сол  қанатынан 
тартып, торға садаға қылып қағып салды. 
 
Бөктергі бойда өлген соң, бөктергіні көрген соң, қарап тұрған қаршыға, құлды Құдай ұрып 
қалды деп, құпия ұрып салды деп, қыт-қыт күліп қара суға қарап, шабыттана ұшып кетті. 
 
Қайырылып ұшып қаршыға, 
Қара суға келді дейді, 
 
Суды бойлап көп ұшад, 
Су бойынан қаз алмайды, 
 
Ханға тарту қыла алмайды. 
Жақсы атты кісі бола алмайды. 
 
Кешке жақын болғанда кесіп жер жем таба алмай, ханға құр алақан барды, сонда бидайық 
хан айтады: Сендер мені жем тауып бере алмай өлтіресіңдер, бәрің тарап кетіңдер, — деп 
жарлық қылды һәм өзі де ұшып кетпекші болып айтқаны: 
 
Кел, жарандар ұшамыз, 
Кел, жарандар тиеміз, 
 
Тигілігің білеміз. 
Таң сарғайып атқанда, 
 
Ұшып жүріп кетті дейді. 
Бидайық ұшып жүріп жүргенде, 

187 
 
 
Сап бөктергі бірігіп, 
Артынан самсап келе тат. 
 
Жағалтайдай құстары, 
Жандай салып келе тат. 
 
Келе жатып бидайық, 
Кез келді-дағы көк торға. 
 
Кіруге сайған көк кептер, 
Көз алдынан шыққан соң. 
 
Екі күні жем жемей, 
Ашығып қалған кезі екен. 
 
Аспанға дайырып шықты дейді, 
Жайылып тұрған көк торға
 
Қашырып қоя берді дейді. 
Алты қабат көк тордан, 
 
Бір жағынан тиді дейді, 
Бес қабатын үзді дейді, 
 
Бір жағынан шығарда, 
Шалғынынан шалынып, 
 
Солқылдап жатып қалды дейді. 
Қашан Құдай беред деп, 
 
Қарап жатқан саятшы. 
Жұрқап жетіп келді дейді, 
 
Алласына құлдық деп, 
Ақсары басын қой айтып. 
 
Ақ киізге оранып, тордан шығара алмай жатса, жанындағы жолдасы сынап жатыр: 
 
Мойындары шылқылдақ, 
Балтыр жүні жылтылдақ, 
 
Құйрық жүні сары-ала
Бауыр жүні қара-ала, 
 
Ісім түскен іш емес, 
Өзім көрген құс емес, 
 
Деп жолдасы мұны айтса, 
Онда түлек мынадай дед, 
 
Сен қайсыны білесің, 

188 
 
Мұрындары шылқылдап, 
 
Балтыр жүні былшылдақ, 
Құйрық жүні сары-ала, 
 
Бауыр жүні қара-ала, 
Ішім түскен іш осы, 
 
Сен білмесең мен білем, 
Бидайық деген құс осы. 
 
Бидайықты Түлек саятшы қармап  алып, үйіне келіп жібектен бау тағып,  мойнына жағау 
байлап,  құйрығына  қоңырау  тағып,  қолына  қондырып  алып,  сылап-сипап,  қолға  үйір 
қылып,  ханға  алып  келіп  берді.  Хан  айтқан  уағдасымен  қазынадан  алтын  берді.  Нар 
бастаған  тоғыз  берді.  Одан  соң  хан  бидайықтың  табын  тауып,  тап-тап  сала  алмай  әуре 
болды.  Мырзалымен  кеңесіп,  халқын  жиып  алып  айтты,  мен  түсімде  көрген  бидайық 
қолыма келіп тиіп еді: 
 
Табын тауып алмадым, 
Тамаша қылып салмадым, 
 
Тапқа келсе бидайық, 
Үндеке келмейді бидайық, 
 
Үндеке келсе бидайық. 
Тапқа келмейт бидайық, 
Табытын кім тапса тілегенін берем деді. 
 
Онда ақсақал көк сақалға қарады. Көк сақал кер мұрттыға қарады. Кер мұрт та боз балаға 
қарады,  бозбала  жерге  қарады.  Сонда  ерді  желке  сары  таз  айдарын  ішінен  кернеп  тұра 
қалды да, мұны айтты: 
 

 
Бидайықтың  өзін  тапқан  адам  табын  да  табуы  керек.  Қармап  келген  қара  Түлек 
саятшыдан сұраңыз, - деді. 
 
Бұл  сөздерді  ұғып  тұрған  жиынның  ішінде  бір  кемпір  бар  еді.  Қабағы  тырысқан 
көрінгенмен,  ұрысқан  сілпі  шырақ,  шыж  аяқ,  асық  ішкен  сұйық  шашқан  тақымы-
тақымынан қатқан. Туғаннан Құдай атқан жетіп келіп мындай дейді: 
 

 
Бидайықты  қармап  келген  кісінің  тірідей  құнын  беруші,  бауырын  жарып  қоюшы, 
Бидайық  бауырын  шұқып  табушы,  ертесінде  қарасаң  тапқа  келіп  қалушы  үндеке 
келмес  Бидайық,  үндеге  келіп  қалушы.  Анда  Мырзалыны  шақырып  алып 
ақылдасты. Мырзалы:  Түлекті  өлтіруге болмайды. Ақырын кісінің қанымен тапқа 
келеді екен. Сол кемпірдің өзін өлтірсек болар, — деді. Хан мақұл көріп, кемпірді 
тірідей  құнын  беріп,  бауырын  жарып,  шұқытып,  Бидайықты  тапқа  келтірді. 
Бидайық  тапқа  келген  соң,  хан  40  жігітін  ертіп  алып,  жайылғаны  жайыққа 
шыққанда Бидайықтан алғандары: 
 
А дегенде ақыртып, 
Аю алды Бидайық, 
 
Жағарақ құйрық шаһар жүн, 

189 
 
Көсе құйрық көк тақы, 
 
Көк бөрі алды Бидайық. 
Серегей құлақ, кер бошқақ, 
 
Түлкіні алды Бидайық. 
Тіктердегі текені, 
 
Тізіп кетті Бидайық, 
Адырдағы арқарды, 
 
Алып кетті Бидайық. 
Бұдырдағы бұғыны, 
 
Мұны да алды Бидайық. 
Қияда жатқан құланды, 
 
Қуалап алды Бидайық, 
Көлде жатқан бөкенді. 
 
Бөліп алды Бидайық, 
Көрінгеннің бәрісін, 
Қоймай алды Бидайық. 
 
Майда-шүйде  ілбісіндер  қанатынан  күшіне  жығылып  қалды.  Хан  40  жігіті  емес,  жалпы 
жұртымен жиып алуға шамасы келмей қалды. Сол арада Бидайық кешке жақын құбылаға 
қарап сызып жүріп кетті. Хан 40 жігітімен аузынан алдырған бөрідей аңырып қала берді. 
 
Ертесінде  елін  тағы  жиып,  кімде-кім  Бидайықты  қармап  келсе,  бір  қақпалы  шаһарымды 
беремін деп жар салды. Сонда Түлектің баласы тұрып:  «Ханым, мен тауып келемін»,  — 
деді. 
 
Түлектің  баласы  қанатты  құстардың  бәрінің  тілін  біледі  екен,  себебі,  жаңа  туғанда 
сауысқанның тіліменен ауызданған екен. Түлектің баласын тауып келуге іздетіп жіберді. 
 
Саятшы Түлек баласын, 
Қара атына мінгізді. 
 
Қызыл шапан бөктерді, 
Қолына мұштымдай қызыл ет берді. 
 
Ауылдан шығып желеді, 
Суды ойлап келеді. 
 
Келе жатқан жерінен, 
Көз алдынан жалықты. 
 
Ала қарға азаншы, 
Қара қарға қазаншы. 
Шөкетан жұмысшы, 
Үшеуің бірдей тұрасың. 
 

190 
 
Кеше күні кешінде, 
Намаздыгер бесінде. 
 
Әуелі ханның қолынан, 
Қырық жігіттің тобынан. 
 
Бидайық қашты, көрдің бе? 
Көргенің болса, айтып бер, 
 
Бұтында жібек бауы бар. 
Бидайықты іздеп таппасам, 
 
Ақыры түбі даусы бар. 
Қайдан білем ісіңді, 
 
Қалжырамай жөнін тап. 
Қайдан келген немесің, 
 
Қайдан білем құсыңды 
Одан өтіп желеді. 
 
Жарықтырып келеді, 
Келе жатып кез болды, 
 
Имелі мен Шимелі, 
Амандық пен жамандық, 
 
Төртеуің бірдей тұрасың, 
Сен көрдің бе баулы құс. 
 
Бұлар-дағы көрмеді. 
Олардан өтіп аяңдап, 
 
Суды бойлап жалаңдап, 
Қасқа шымшық шыпылдақ. 
 
Қотыр ипей шыпылдақ, 
Кішкенекей ши-балқы, 
 
Киген тоның көк шалқы, 
Үшеуің бірдей тұрасың, 
 
Әуелі ханның қолынан, 
40 жігіттің жолынан
 
Бидайық қашты, көрдің бе? 
Көре алмадық ондайды. 
 
Көзіме алмаймын мұндайды, 
Көргендерден сұрағын, 
 
Көп тұрма мұнда, шырағым, 

191 
 
Олардан өтіп айдады. 
 
Қара атпен шабады, 
Қарсы алдынан кез болды. 
 
Қара шыбын шіркейсің, 
Тұмсығын малға тіркейсің, 
 
Екеуің бірдей тұрасың, 
Сен көрдің бе баулы құс. 
 
Ақыры түбі даулы құс, 
Қарағай айың талменен, 
 
Ертеңнен қара кешкеше, 
Әлек болып малменен, 
 
Көре алмадық андайды, 
Көп тұрма басқын жолыңа, 
 
Көрмедік, сірә, мұндайды 
Андан өтіп келеді, 
 
Жібекпенен желеді. 
Келе жатып кез болды, 
 
Молда торғай қазына, 
Шыбықтың түбін тазала, 
 
Қылтылдаған құралы, 
Күз мезгілі болғанда 
 
Сарт жүгері орғанда, 
Күнде қаздың ұраны 
 
Екеуің бірдей тұрасың, 
Есіңе салып өтемін, 
 
Әуелі ханның қолынан 
40 жігіттің тобынан, 
 
Кеше күні кешінде 
Кешкі салқын бесінде, 
 
Бидайық қашты, көрдің бе? 
Көк тұйғын құсын қашырып 
 
Көңілі қапа сыр дейді, 
Көре алмадық біз дейді. 
 
Аңдан өтіп аяңдап, 
Суды бойлап жалаңдап. 

192 
 
 
Үппі деген ақын құс, 
Бір Құдайға жақын құс, 
 
Тілін тілге қайраған 
Мың бір екі сахабаның, 
 
Атын айтып сайраған, 
Сен көрдің бе баулы құс, 
 
Ақыры түбі даулы құс, 
Жармаспаймын жанның ісіне, 
 
Жалған айтпаймын кісіге дейді. 
Андан өтіп келеді. 
 
Суды бойлап желеді, 
Жар басында отырған
 
Жарғанатты көреді. 
Көңілін аттан бұрады, 
 
Келіп сонда сұрайды, 
Жар бауырында жарғанат 
 
Өзіне-өзі қырғанат 
Әуелі ханның қолынан 
 
40 жігіттің тобынан, 
Кеше күні кешінде 
 
Намаздыгер пешінде 
Бидайық деген құс қашты, 
Көріп қалсаң айтсаңшы! 
 
Жарғанат  көрген  екен,  жөнін  айтып  берді.  Қайыңдының  құйғанында,  қашаның  басында 
қалың қара ала арша бар, осы жерге барсаң тауып аласың дейді. Сонда Түлектің баласы 
қара  атқа  қамшыны  басып,  қаулап  жетіп  келсе,  Бидайық  жем  алып  келіп  жеп  болып 
таранып, екі жағын қаранып ұшқалы отыр екен. 
 
Атты кісіні көріп, шошып кетіп ұша берерде, аршаның бұтағына басынан шалынып жатып 
қалды. Аттан түсе жүгіріп барып, қармап алып ханға әкеліп берді. Хан қақпалы қаласын 
берді. Түлектің ұлы Қақпалы қалаға бас болып, жырғап жатып қалды. 
 
Хан да Бидайықты алып, ілбесінге салып, тамашасын қылып, мұратына жетті. 
 
Момынәлі Ибраимов. 
 
 
 
 
 

193 
 
ШОЛПАННЫҢ КҮНӘСІ 
 
(Әңгіме) 
 

 
Шолпан  Сәрсенбайға  шыққан  жылы  өзіндей  жас  келіншектермен  аулақта  кеңескенде, 
баласыз  өмірдің  қызығы  жоқ  қой  деп  аузымен  ғана  айтушы  еді.  Мал  орнына  сатылып, 
жаны сүймеген жанға жар болатын қазақтың сансыз қыздарының ішінен әлдеқалай өзінің 
сүйгеніне  тиген  Шолпан,  шынында,  бастапқы  жылы  бала  керек  қылмады.  Ақ  отаудың 
ішінде оңаша жатса да, яки, күйеуін құшақтап жатса да, ол ылғи ішінен: «Жасаған-ау, бала 
бере көрме?!» — деп тілейтін еді. 
 
Балалы болсам, әдемі өмірім бұзылады-ау, деп ойлайтын еді Шолпан. Болашақ бала жас, 
әлсіз  нәресте  сұлу  құрылған  өмірді  таусоғар  деуден  бетер  бұзып,  қиратып,  астын  үстіне 
келтіріп  тастайтындай  көрінуші  еді.  Бала  туса,  күйеуімен  екі  ортасына  бір  тікенек 
өсетіндей  болушы  еді.  Туашақ  бала  күйеуімен  екеуін  бір-біріне  берік  байлаған,  жазғы 
кештің желіндей махаббат жібін үзіп кетер: қиюласып қосылған екі жанның арасына жат 
бір  үшінші  жан  түскен  соң,  екеуінің  де  жалынды,  екпінді  махаббаты  бүлінер,  бәсеңдер, 
суынар деп қорқушы еді Шолпан. 
 
Осы ойлармен, Шолпан талай түндерде, талай таң мезгілінде тәңірден: «Бала берме!» деп 
тілеп  еді.  Күншығыстан  ақ  жібектей  ағарып,  таң  атып  келе  жатқан  мезгілде  өзге  адам 
сәждеге құлап, маңдайын топыраққа былғап, тасқа ұрып тәңірден бақытты тұрмыс, өшпес 
бақыт, кетпес байлық, әсіресе, бала сұрайтын кезінде Шолпан күрсіне - күрсіне жасағанға: 
«Бала  бере  көрме!»  деп  талай  жалынып  еді.  Затында  баланы  жек  көргендіктен  емес, 
ерімен  екі  ортасындағы  жібектен  нәзік  махаббат  жібі  үзілмеу  үшін  екі  жанды  бір-біріне 
қоса  білген  иманнан  да  ізгі  махаббатқа  басқа  бір  жан  келіп,  тап  салмау  үшін  бала 
болмауын тілеп еді Шолпан. 
 
Жас жүректің ұйтқыған ондай есалаң тілегі қабыл болды ма, кім білсін, түскеніне үш жыл 
толды.  Шолпан  құрсақ  көтерген  жоқ.  Құрсақ  көтермегеніне  Шолпан  шын  разы  еді.  Ері 
мен  екі  ортадағы  махаббат  оты,  күн  -  күн  сайын  дәуірлемегенімен,  бәсеңдемей,  бір 
қалыпта тұрғаны сол баланың жоқтығынан ғой деп ойлады Шолпан. Үш жыл бойы ері де 
ешбір уақыт бала жоқтамаған сықылды еді. Үш жыл бойы Шолпаннан басқа, Шолпанның 
оттай  ыстық,  желдей  жібек  құшағынан  басқа  ештеңе  тілемеген  сықылды  еді.  Оның 
өмірінің  басы  да,  аяғы  да,  «ағузусы»  да,  «сүбіханысы»  да  Шолпан  ғана  сықылды  еді. 
Дүниеде  теңіз  терең  емес,  адамның  жаны  терең.  Шолпанның  ерінің  жанының  терең 
түбінде қандай ой, қандай тілек жатқанын кім білсін. Әйтеуір, Шолпанға осылай көрінуші 
еді.  Қысқасы,  Шолпан  үш  жыл  бойына  оны  осы  ойдан  қайтаратын  ешбір  сөз  де  естіген 
жоқ. Ешбір іс те көрген жоқ. Дұрысы, «баласыз өмір  - бос өмір» деген сөзді басқа талай 
адамдардан естіді. Бірақ, жаны сүйген жарынан естіген жоқ. Ғашық адамға құранның аяты 
қасиетті емес, жарының сөзі қасиетті, жарынан басқа адамның сөзін не қылсын Шолпан! 
 
Бірін-бірі  қуалап,  ай  соңынан  ай  озды.  Бірін-бірі  жетелеп,  жыл  соңынан  жыл  озды,  не 
керек,  Шолпанның  «бала  болмасын»  деген  ойы  бекігеннен  бекіді.  Бірақ,  жалпы 
жаратылыста да, адамның өмірінде де, адамның ойында да, өзгерістің даярлығы болмаса, 
дәл өзі ұзақ созылып барып болмақ емес. Өзгеріс қашан да болса, кенет болмақ. Екі ай, үш 
ай күз дейміз. Сонда күздің келгенін адам екі-үш ай бойына, бірте-бірте сезіп жүрмейді. 
Бір-ақ уақытта, айталық бір-ақ түнде, әжімді жүзі жылауық күздің келгенін сезіп қалады. 
 

194 
 
Шолпанның бала болмасын деген ойы да бір-ақ түнде өзгеріп шықты. Ұршыққа оралған 
жіптей басы - аяғы жоқ қыстың ұзын кеші еді. Іңірде мал жайлап болған соң, Шолпанның 
ері  әңгімелесіп  отыру  үшін  құрбысы  Нұржанның  үйіне  кеткен.  Нұржанның  үйленгеніне 
бес  жыл  болып  еді.  Бес  жылдың  ішінде  үш  баласы  бар  еді:  екеуі  ұл,  біреуі  қыз. 
Шолпанның  ері  Сәрсенбай  Нұржанның  үйінде  ұзақ  отырып  қалды.  Сәрсенбайды  ұзақ 
отырғызған Нұржанның ұзақ әңгімесі емес, оның үш баласы еді. Әңгіме дейтін әңгіме де 
болған  жоқ. Тек бәрі  үш баланың қызығына қарасып, мәз -  майрам  болысты да отырды. 
Нұржанның  екі  ұлы  былдырласып,  өлең  айтқан  болысады.  Білектерін  сыбанып, 
алақандарына  түкіріп,  тұштаңдап,  бір  -  бірімен  күресеміз  деп  ұстаса  бергенде,  аяқтары 
бір-біріне  шалынысып  қалып,  біреуі  жығылады.  Екіншісі  оның  үстіне  жығылады.  Үйде 
отырған жұрттың бәрі қарқ-қарқ күліседі. Балаларды кезек-кезек шақырып алып сүйіседі. 
Нұржанның  әкесі  немересін  шақырып  алып,  асты-үсті,  алды  -  артынан,  тіпті  сүймеген 
жерін қалдырмайды. 
 
Әсіресе, Нұржанның кішкене қызының қылығы, тәттілігі балдан да тәтті еді. 
 
Сәрсенбай  Нұржанның  үйінде  осы  балалардың  у-шуымен  ұзақ  отырып  қалды.  Жұртпен 
бірге ол да қарқ-қарқ күлді. Ол да балаларды кезек-кезек сүйді. 
 
Нұржанның үйінде Сәрсенбай ұзақ отырып, қайтуға шыққанда, ауылдың бәрі - ақ жатып 
қалған  еді.  Қайтып  үйге  кірсе,  Шолпан  да  жатқан  екен.  Бірақ,  ұйықтаған  жоқ  екен. 
Шешініп  Шолпанның  қасына  жатты  да,  Нұржанның  балаларын,  олардың  тәтті 
қылықтарын әңгіме қылып сөйлей бастады. Уһлемей, күрсінбей, «біздің баламыз жоқ-ау» 
деген сықылды ешбір уайым сөз айтпай, қайта күле - күле сөйледі. 
 
Сәрсенбай әңгімесінің арасында, жай сөздің екпінімен «Балалы үй — базар, баласыз үй - 
мазар»  деген  сөз  рас-ау»  дегенде  Шолпанның  басында  жаңа  бір  ой  жарқ  ете  түсті:  Үш 
жылдан  бері  балам  болмасын  деген  тілегінің  қате  болғанына,  есалаң  екендігі,  бала 
болмаса  екеуінің  өмірінің  қу  мазарға  айналатындығы,  араларындағы  жалынды 
махаббаттың  заманы  озуымен  бірге  бірте-бірте  май  шамдай  еріп  сөнетіндігі,  құшақтың 
ыстығы өмір бойы бір қалыпта тұрмайтындығы, екі жүректің екпіні баяулаған кезде бір-
бірінен  жирендірмей,  бір-біріне  берік  байлайтын  бала  екендігі,  баланың  ер  мен  әйел 
арасындағы  дәнекер  екендігі  —  міне,  осы  ойлардың  бәрі  сол  сағатта  ап-айқын  боп 
Шолпанның көз алдына келді. 
 
Сәрсенбай  балалардың  тәтті  қылықтарын  күле  -  күле  ұзақ  әңгіме  қылып  жатты.  Төсекте 
жатып Сәрсенбай шын ынтасымен қарқ-қарқ күлгенде Шолпан да бірге күлді. Бірақ, бұл 
күлген Шолпанның жаны емес, бет терісі ғана еді. 
 
Сәрсенбай  манағы  мақалды  айтқаннан  кейін  Шолпанның  сұңқардай  ұшқыр  жанын, 
желдей есалаң жүрегін қара жыландай қап-қара ойлар орап алып, улай бастап еді. Түпсіз 
теңіздің  қаракөк  толқындарындай  қап-қара  ойлар  бірі  артынан  бірі  келді...  Үш  жыл 
бойына созылған есалаң тілек. Әлдеқайда, алыста бұлдырлап келе жатқан кәрілік. Көзінің 
оты  сөніп,  сұп-сұр  күлге  айналған  күздей  көңілсіз  кәрілік.  Жанның  қанатын  қырқатын, 
жүректің  отын  сөндіретін  кәрілік.  Бала  болмаса,  сол  кезде  сөніп  бара  жатқан  өмірге  кім 
сәуле берер, кім оны жылытар?.. Бала болмаса, сол кезде ішіндегі дәні шіріп, кеуіп қалған 
шөптің  қауызындай  бос  өмірдің  кемтігін  кім  толтырар?..  Жоқ-ау!  Әлде-қайда,  алыстағы 
кәрілікті  қоя  тұршы.  Оған  өмірі  не  жетер,  не  жетпес.  Сол  кәрілік  жетпей-ақ  осы  күннің 
өзінде-ақ, өмір босап қалайын деп тұрған жоқ па? Жаһанда онан күшті нәрсе жоқ деп иман 
келтірген  махаббаттың  күші  ерімен  екеуін  бір-біріне  берік  байлауға  үш-ақ  жылға  жетіп, 
енді өз-өзінен сөнейін деп тұрған жоқ па? Ессіз Шолпан үш жыл бойына бала болмасын 

195 
 
деп тіледі. Енді сол бала болмағандықтан ертегідей әдемі өмір қу мазарға айналайын деп 
тұрған жоқ па? 
 
Міне,  Шолпанның  жанында  қаракөк  теңіздің  толқындарындай  ұйтқыған  ойлардың 
қорытындысы осы еді. 
 
Сәрсенбай әлдеқашан ұйқыға кетті. Бірақ, Шолпан анау ойлармен уланып, кірпігін қаққан 
жоқ. Қыстың ұзын түні, шайтанның шашындай ұзарғаннан ұзайды. Шолпанның ойлары да 
тереңдегеннен тереңдеп, қарайғаннан қарайды... 
 
Күншығыстан  ағарып  алтын  таң  атып  келе  жатқанда  Шолпан  болар-болмас  күбірлеп: 
Жасаған - ау, бір бала бере көр! — деп, жас балаша өксігін баса алмай, жасағаннан бала 
сұрап жатыр еді. 
 
Осы  түннен  былай  қарай  Шолпанның  бар  тілегі  -  бала  болды.  Жатса  да,  тұрса  да,  ояу 
болса да, ұйықтаса да: «Жасаған - ау, бала бере көр!» деген тілекті Шолпанның не аузы, не 
жүрегі айтушы еді. Бірақ, бірін-бірі қуалап, ай соңынан ай озды, тілей - тілей тілек тозды. 
Соға  -  соға  жүрек  тозды,  тілек  тозды,  жүрек  тозды:  өмір  тозды.  Қалайда  Шолпан  бала 
көтермеді,  талай  түндерде  көзден  емес,  жүректен  ыстық  жас  төкті.  Сопы  болды,  ылғи 
дәретпен таза жүрді, намаз оқыды. Күн сайын таң сәрілеп келе жатқаннан тұрып сәждеге 
құлады, таспиқтың тасын санап «субханалла» айтты. Бірақ бала болмады. Шолпан өзінің 
бұл сопылық жолға түсуінің себебі, «бала» екендігін ешкімге айтқан жоқ. Жанынан жақын 
ері  Сәрсенбайға  да  айтқан  жоқ.  Сондықтан,  Шолпанның  мынау  мінезі  Сәрсенбайға  да, 
басқаларға да жат, оғаш көрінді. Жақыны да, жаты да күлді. Келемеж қылысты. «Ой, сен 
бірәдар болайын деп жүрсің бе?» — деп күлетін болды Сәрсенбай. 
 
Ауыл тұяғынан Шолпанға: «Бірәдар келін», «Бірәдар жеңге», «Бірәдар абысынымыз» деп 
ат  қойды.  Үлкен  де,  құрбы  да,  бала-шаға  да  күлді.  Бірақ,  Шолпан  жүрегіндегі  жараны 
ешкімге  ашқан  жоқ.  Ашқанмен  олар  ұғар  ма  еді?  Тегінде  адамның  жүрек  сырын  шеттің 
ұғуы  мүмкін  нәрсе  емес  қой.  Теңіз терең  емес,  адамның  жаны  терең.  Су  түбінде  жатқан 
зат,  жел  толқытса  да  шықпақ.  Ой  түбінде  жатқан  сыр,  шер  толқытса  да  шықпақ  емес. 
Шықса шер мен сырдың көлеңкесі, сәулесі ғана шықпақ. Дүниеде адамнан қиын жұмбақ 
жоқ.  Адам  —  шешуі  жоқ  жұмбақ.  Шешуі  деп  атауға  болатын  болса,  адамның  шешуі 
жалғыз өлім. Осы ойлар Шолпанның жанында таспиқтай тізілген ретті болмаса да, оның 
жаны соқыр сезіммен осы ойларға өзі барып тірелген еді. һәм Шолпанның жүрек жарасын 
ешкімге сездірмеске тырысуының себебі осы еді. 
 
Не  керек,  жақын,  жаттың  ортасында  жалғыз  болды.  Бітеу  жара  болды.  Жалғыз  өртенді, 
жалғыз жылады, дүниеден безді, сопы болды. Бала сұрады, қалайда, бала болмады. 
 
Бала... сол бала үшін қандай ессіздік істемеді есті Шолпан! Ұшыраған молдадан дұға алып 
бақты.  Аты  естілген  қожадан  ішірткі  жаздырып  ішті.  Көрінген  сәлдеден  үшкіртті. 
Шиқандай  қып-қызыл  бетті  қожа  бесті  бұқадай  сүзе  қарап:  «Тіпу-тіпу!»  деп  үшкіргенде 
қожаның қасиетті лебі шетке бытырамай, тура түгел ішіме барсын деп жүрегі ойнап, жүзі 
бір қызарып, бір ағарып, бетін қожаның аузына тақап, тосып отырушы еді. Шолпан ылғи: 
«Көзім  қарайып,  басым  айналады»  деген  сылтау  тауып,  өзін  бақсыға  да  қаратты.  Тағы... 
тағы... не істемеді Шолпан?! Өртке ұшырап, аласұрған жан не істейтін болса, Шолпан да 
соның  бәрін  істеді.  Бірақ,  бірін-бірі  жетелеп,  жыл  соңынан  жыл  озды.  Баладан  белгі 
болмады.  Шолпан  тілеуден  талмады.  Көзінде  жас  қалмады.  Дүниеден  безді.  Бірәдәр 
болды, әулиеге ат айтылды, қорасанға қой айтты: «Жасаған - ау, бала бере гөр!» — деді. 
Бірақ, тілек іске аспай, аяғы жоқ жыр болды. Көл болып төгілген көздің жасы жерге сіңді, 
тілек  тозды,  өмір  озды,  Шолпан  бала  көтермеді.  Қанша  жалынса  да,  қанша  жыласа  да, 

196 
 
жасаған  оған  бала  бермеді.  Кім  біледі,  тәңірінің  Шолпанға  бала  бермеуі  өзінше  дұрыс 
шығар, өзінше жөн шығар. Бастапқы жылдардағы Шолпанның: «Бала бере көрме!» деген 
тілегін  қабыл  қылып,  тозбайтын,  қайта  түзетілмейтін  тақтайына  жазып  қойған  шығар. 
Шолпанның ендігі тілегі — болары болып, бояуы сіңген, соңғы пайдасыз бос тілек шығар. 
Ірі саудагерлердің бір айтар: «Сауда жоқ!» дейтін мінезі, кім біледі, тәңірде де бар шығар. 
Тегінде  тәңірі  де  ауыздықсыз,  арсыз  саудагер.  Тізгінсіз,  менмен  әкім  мінездер  бар 
сықылды. 
 
Мұндай  мінезі  болмаса,  бұйрығымды  бұздың  деп  атамыз  Адамды  жұмақтан  тырдай 
жалаңаш айдап шығар ма еді? Топырағыма табынбадың деп әзәзілді ібіліске айналдырар 
ма еді?.. Кім біледі, тәңірі ежелгі осы белгілі белдігіне салды ма? Қалайда, Шолпанға бала 
бермеді.  Дұғалық  нағыз,  ішірткі  ішу,  үшкірту,  түкірту,  қақтыру  -  соқтыру,  намаз,  ораза, 
садақа, нәзір һәм басқа басы - аяғы жоқ құлшылықтан ақырында Шолпан шаршады. Бұл 
құлшылықтардан  ешбір  пайда  болмайтындығына  көзі  жетті.  Тілегі  қабыл  болмады  — 
тәңірден  тәуелі  қайтты,  өмір  шіркін  ескен  желдей  озып  барады.  Өмір  —  бір  құрулы 
машина. 
 
Тоқтау  білмейтін,  шаршау  білмейтін  жансыз  машина.  Әлдекімнің  жас  орнына  қан 
жылағанын, әлдекімнің үміті, ойы, гүлі солып жатқанын, дөңгелектің арасында әлдекімнің 
қолы,  аяғы,  басы  —  барлық  денесі  кеткенін,  денесі  ғана  емес,  жаны,  жүрегі  кеткенін  не 
қылсын?! Қайрылып қарау білмейтін, аяу білмейтін өмір Шолпанның да жүрегінен саулап 
аққан қанына, қанаты сынып өліп жатқан жанына кідіріп, бұрылып қараған жоқ. Жалғыз 
аузынан емес, бар денесінен көбігі бұрқырап, таудан құлаған есалаң өзендей есалаң өмір 
озып  бара  жатты.  Өмірдің  әрбір  минуты  сайын  Шолпанның  ойының,  Шолпан  жанының 
әрбір ұшқыны өліп жатты. 
 
Өмір озады — тілек тозады — бала жоқ. Енді не қылмақ керек? Жоқ, дұғалығы, молдасы, 
қожасы  құрысын!  Құлшылығы  құрысын!  Айтқанына  қайтпайтын,  қасарған  тәкаппар 
тәңірісі бар болсын! Жоқ, бала болудың кілті көкте емес, адамның өзінде шығар. 
 
Бала  болу  ер  мен  әйелдің  өзіне  байлаулы  шығар.  Шолпанның  бұл  күнге  шейін  бала 
көтермеуі,  кім  біледі,  оның  шын  әйел  бола  алмағандығынан  шығар.  Ермен  жатқанда 
барлық  қазақ  әйеліндей  қаннан  қаперсіз,  жай  бір  жұмыс  істегендей  салқын  жатуынан 
шығар.  Ермен  қосылғанда,  сол  қосылу  ісіне  жан  денесімен  беріле  білмеуінен,  оның 
құшағының жалыны әлсіз болғандықтан, сүюінің оты кем болғандықтан шығар... 
 
Осы  әрі  тәтті,  әрі  улы  ойлардың  билеп  айдауымен  Сәрсенбайға  жатқанда  тіпті  екінші 
түрлі  жата  бастады.  Денесі  өртке,  құшағы  жалынға,  аузы  отқа  айналды.  Сәрсенбайдың 
қойнына  жата  бастағанда  мойнына  бұғалық  түскен  киіктің  асау  лағындай,  өмірінде  ер 
затын  бірінші  рет  көретін  он  үш  жасар  жас  қыздай  дірілдеп,  күйіп-жанатын  болды. 
Құшақтағанда,  Сәрсенбайдың  қабырғаларын  бір-біріне  қабыстырғандай  қысып  -  қысып 
құшақтайтын  болды.  Аузынан  Сәрсенбайдың  бетіне  от  жібергендей  құшырланып, 
жалындап сүйетін болды. Шолпанның  улы құшағында сең соққан балықтай соқтығып,  у 
ішіп  айныған  адамдай  елжіреп  жатып,  Сәрсенбай:  «Ой,  сен  кәрі  боз,  қартайғанда  жорға 
шығарайын  деп  жүрсің  -  ау!»  деп  мырс-мырс  күлетін  еді.  Сәрсенбайдың  мынау  күлкісі 
Шолпанның жүрек жарасына бұрыш себетін еді. Сол кездерде оның көздеріне меруерттей 
мөлдіреп жас келетін еді. Жанынан жақын көрген Сәрсенбайдың оның жан сырын, жүрек 
жырын ұқпағанына зығырданы қайнаушы еді, жүрегі ұға болушы еді. Бала үшін дүниеден 
безіп, сопы болып жүрген кезінде «бірәдар» деп келемеж қылғанына, сол бала үшін жан-
тәнімен  беріліп,  әдейі  есалаңданған  шақтарында  оған  «Жорға»  деп  ат  қойғанына  — 
Шолпан Сәрсенбайға шын - шын ренжуші еді. 
 

197 
 
Бала...  бала  екеуінің  де  жоғы  емес  пе?  Екеуіне  бірдей  керек  байлам  емес  пе?  Сәрсенбай 
сол ортақ жоқты неге бірге іздеспейді? Баласыз өмірдің бос екенін неге сезбейді  ол? Ол 
неге  сол  іздеу  отына  Шолпанмен  бірге  күймеді,  бірге  жанбайды?  Еркек  атаулы  бала 
дегенде,  ішкен  асын  жерге  қойғанда,  Сәрсенбай  неге  бала  деп  аузына  алмайды?  Әлде... 
әлде... жоқ... болмас... болмас... кім біледі... жоқ... ендеше, ол неге бала іздемейді? Неге... 
неге...  шынында  ол,  әлде  бедеу  еркек  пе  екен?  Тәңірім,  тәңірім...  егер  ол  шынында,  ол 
бедеу  болса...  құлшылықтың  кемдігінен,  құшақтың  салқындығынан  болмай, 
Сәрсенбайдың  бедеулігінен  болса!  Бес  жылдан  бері  Шолпанның  жүрегіне  түскен  жара 
мәңгі жазылмайтын жара болғаны ма? Жайнамаз үстінде төгілген ыстық жастар, жалынды 
құшақтар,  отты  сүюлер  бір  әсерсіз  желге  кеткені  ме?  Бала  деген  құр  сөз  болып,  сағым 
қиял  болып  қалғаны  ма?  Енді  қалған  өмірдің  жапырағынан  айырылған  қайыңдай  жап-
жалаңаш  болып  озғаны  ма?  Жалынды  махаббатпен  қосылған  өмір  қиюы  кеткен  екі 
ағаштай  бір-бірінен  бірте-бірте  айрылмақшы  ма?  Заулап  жанған  махаббат  бірте-бірте 
бәсеңдеп, бықсып сөнбекші ме?.. Махаббат сөнсе, өмірде не қызық қалады?! 
 
Сөз жоқ, Сәрсенбай — бедеу. Сондықтан бала жоқ. Бала жоқ болған соң, мен бақытсыз... 
мен бақытсыз болғанда Сәрсенбай бақытты ма? Оның жүрегі жанбай ма? Өзінің екі өмірді 
улаушы  екенін  ойлап,  оның  жүрегі  жанбай  ма?  Қартайған  күнде  өмірді  жылытатын  от 
бала оған керегі жоқ па? Сөз жоқ, мен бақытсыз болсам, Сәрсенбай да бақытсыз. 
 
Ендеше,  осы  батып  бара  жатқан  өмір  кемесін  бақыт  жарына  кім  сүйреп  шығара  алады? 
Шолпан.  Жалғыз  Шолпан.  Бір  өмір  үшін  емес,  екі  өмір  үшін  Шолпан  осыны  істеуге 
міндетті. Шолпан - бала табуға міндетті. 
 
Теңізден терең, таудан зор күнә қылып болса да, ол бала табуға міндетті. Ізгі тілек үшін 
істелген  күнәні  жасаған  кешпес  пе  екен?  Жоқ,  құданың  рақметі  мол,  ол  кешеді.  Тәңір 
кешер - ау, бірақ адам кешер ме? 
 
Ұрлық қыл да, мал тап, 
Ойнас қыл да, бала тап. 
 
Осы мақалды шығарған кісіге лағынет жаусын! Лағынет!.. Жасаған - ау, өзің кеше гөр, бір 
өзің... 
 
Шолпанның осы күнәлі  ойлармен  уланып, ыстық  жасқа шомылып  жатқаны Сәрсенбайға 
тигенінің сегізінші жылы еді... 
 
(аяғы бар) 
 
Мағжан Жұмабаев 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет