Алаш көсемсөзі 1 том "Шолпан" журналы



Pdf көрінісі
бет12/20
Дата27.01.2017
өлшемі1,7 Mb.
#2803
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   20

II 
 
Күндер өтті, ауыр айлар да жылдай жылжып біртіндеп өтіп жатыр. Жаз келіп, көк шығып, 
дүние  жасарған.  Күн  бұрынғы  көркіне  түсіп,  қызуымен  жер  жүзін  жандандырып 
қуантады.  Жапырақтары  жетіліп,  жазғы  жасыл  киімін  киген  ағаштар  бірімен-бірі  мың 
түрлі тілмен сөйлесіп, сырласып теңселеді. 
 
Жылы  күнге  қуанып  ойнап  ұшқан  құстар  табиғаттың  бір  түріне  арнаулы  мақтау  өлең 
айтып, былдырлаған нәзік тілімен қошеметін көрсетіп жүр. Адамның да көңілі көтеріңкі. 
Желігі көбейгендей. Бірақ, Масғұттың үйіне желікті дүние әлі әсерін берген жоқ. Мұңлы 
кемпірдің  сары  уайымымен  сарғайған  жүзі,  қайғыменен  түксиген  қабағы  бір  қалыпта 
қатқандай, тасқа түскен таңба секілді. Кешке шейін тыныштықта тұратын кішкене үйдің 
ішін күрсінгенде  кеудесінен  шыққан  жалын  өртеп  кеткендей  болады.  Жас  Қадишаны  үй 
ішіндегі  ауырлық  мойнына  байлаған  тастай  басып  еңсесін  көтермейді.  Ол  бұл  күнде 
сарылып  отыратын  ұзақ  қайғыдан  арылған.  Жалғыз-ақ  құлазып  тұрған  иесіз  үй 
жетімдіктің  суреті  секілденіп  отырған  қайғылы  кемпір  үйге  кірген  сайын  иығын 
көтертпейтін секілді. Бұл екеуінің ортасында әзірге жамау болып тұрған Масғұттан қалған 
кішкене әйел бала - Жамилә. Қайғыдан кемпірдің көңілі азырақ сергіген уақытта екеуі де 
баланы  ермек  қылып  алдарына  алып,  көңілдеріне  жұбаныш  қылады.  Мейірхан  бұл  үйге 
Масғұт  өлген  соң  келген  жоқ.  Үй  ішіндегі  қайғы  көзіне  келген  жерден  елестегендей 
болатын көрінген соң қашқалақтап келмейтін. 
 
Бұрынғы  Масғұттың  жолдастарынан  осы  күнде  бұл  үйге  көбірек  келетін  Жұмағұл  мен 
Ақтай. Бұлар әуелгі кезде үйге келгенде қайғылы болып отырысып, жүре-жүре үйренген 
соң,  аз-аздап  әңгіме  етіп,  кейде  Қадишаға  оңашарақтан  күлдіргі  сөздер  айтып  та  қаралы 
әйелдердің көңілдерін көтеріп кететін болған. 
 
Соңғы  уақытта  Жұмағұл  жалғыз  да  болса  келгіштеп,  Қадишаның  келген  сайын  көңілін, 
көтеріп кететін ермегі болуға айналған сияқты. Жаратылысында қу сөзді, шынынан өтірігі 
көп  Жұмағұл  соңғы  күндерде  әңгімесі  Масғұт  жайынан  айтпай,  алғы  жастықтың 
әңгімесін,  өзі  көріп  жүрген  қызықтарын  айтатын  болған.  Масғұт  жәйін  кемпірмен 
сөйлесетін  болды.  Оған  да  жақсы  бала  болып  көріне  бастаған.  Қадиша  аздан  соң 
Жұмағұлдың  әңгімесінің  артынан  ала  қызып  қалатын  болды.  Әңгіменің  әсері  бойына 
күннен күнге сіңіп бара жатқандай, сырты қаралы болмаса, ішінде қаралы көңіл таусылған 
сияқты. 
 
Төсекке жатқан сайын аунап, қызып ұйықтай алмай жатқанда үйін қайғы белесі, көмескі 
үмітпенен қызу билейтін әдет болды. 
 
Ойланса  артын  ойламай,  алдын  ойлау  көбейді.  Сол  ойлар  шиеленген  сайын  тұрған  үйін 
сұқтанып, көңіліне жат тартқандай бола береді. Қазіргі хәлі: қызықты енді көрем, өмірді 
енді  татамын  деп  сансыз  үміт,  сансыз  қиялды  ойлап  келе  жатқанда,  бір  қатал  құл 
рахымсыз  қатты  ұстап,  әлдеқандай  құлап,  тозып  қураған  ескі  моланың  ішіне  биіктеп 
тастап  кеткендей  көрінді.  Бұның  бәрі  аз  күнде  болатын  үлкен  өзгерістің  алдындағы 
басқыштары еді. 
 
Бір күні Мейірхан қызметтен қайтып келіп төсегінде жатыр еді, үйіне есік ашып қазақша 
киінген жастау жігіт кірді де, қолына бір кішкене хат тапсырды. Мейірхан ашып оқыды. 
 
«Мейірхан жолдас! 
 

100 
 
Ертең  сағат  12-де  біздің  тойға  кел.  Сен  естімеген  шығарсың,  мен  Қадишаны  алатын 
болдым, Құдай ұрып сөзіміз осылай болып пісіп қалды. 
 
Жұмағұл» 
 
Мейірхан  есі  шығып,  ақырын:  «Не  дейді?»,  -  деп  хатты  қайта-қайта  оқып  тұрып  қалды. 
Жігіт  шығып  кетті.  Мейірхан  басына  тас  түскендей  болып  сандалып  әрі-бері,  аласұрып 
жүрді  де,  аяғында  айласы  құрып,  отыра  қалып  хаттың  үстіне  ары  жазумен  «бармаймын, 
тойың құрсын» деп қысқа резенцияны қондыра салып, отырып қалды. 
 
Ертеңінде  Мейірханның  үйіне  тойға  бара  жатқан  екі  жолдасы  кірді.  Екеуі  де  жақсы 
киінген,  ақ  жаға  салып,  иісті  май  сепкен.  Тойға  бара  жатқандары-ақ  ажарлы,  көңілді. 
Мейірхан  бұларға:  «Бармау  керек,  бұл  не  арсыздық?  -  деп,  -  кеше  Масғұттың  тойын 
тойлап, бүгін Жұмағұлдың тойын тойлап отырамыз ба? - деп еді, жолдастары болған жоқ. 
Олар: «Қойшы, елде алысып болды. Барамыз да тамаққа тойып кішкене ішеміз. Неменесі 
бар»,  -  деп  Мейірханның  аузын  аштырмады.  Біраздан  соң  Мейірханда  ептеп  отырып 
көніп, бәрі де бірге жүріп кетті. 
 
Той қызуы болып жүріп жатыр. Жұмағұл мен Қадиша түк көрмегендей болып құлпырып 
кеткен.  Келген  жұрттың  бәрі  де  еш  нәрсе  де  болмағандай,  шын  көңілдерінен  қайырлы 
болсын айтып, екі жастың қуанышын қызықтап кетті. Аздан соң ішіп алған жұрттың бәрі 
де мас болды. У-шу, ар, жыр айқай, күлкі көбейді. Қызып алып мас болған соң Мейірхан 
бір кезде түрегеліп, жұрттың бәрін тоқтатып, өзіне қаратып, қолына рюмкасын алып: 
 

 
Мен сендерді Масғұт үшін ішуге шақырамын. Жасасын Масғұттың аруағы! - деді. 
Жұрттың  бірталайы  күлді.  Жұмағұл  мен  Қадиша  қоса  күлді.  Бірталайы  ойына 
ешнәрсе  алмай  бірге  ішіп  жіберді.  Мейірханды  қасындағы  жолдастары  тыныш 
отыр  деп,  аяғынан  тартып  мазақ  қылып  күліп  отырғызып  қойды.  Мейірханның 
жолдас  қарызын  өтегені  сол  еді.  Аз  күннен  соң  Жұмағұл  мен  Қадишаны  қайын 
атасы  Қондыбай  қатын  баласымен  түгел  жиылып  келіп  шығарып  салды.  Жаңа 
қосылған  жастар  елдегі  Жұмағұлдың  үйіне  жүріп  кетті.  Қоңырау  таққан  тройка 
Қондыбайдың  қақпасына  шылдырлатып  шыққанда,  қарсыдағы  Масғұттың  үйіне 
Жұмағұл қомағайланған жұбанышты көзбен қарап ішінен: 

 
Сенде  кешікпей  маған  тиер  ме  екенсің...  жоқ  па?  -  деді.  Масғұт  өлген  бөлменің 
терезесінен сорлы шешесі бұл күнді көріп, екі көзінен жас өзендей ағып телміріп, 
қарап  қадалып  отырып  қалды.  Жастарды  шығарып  салған  оқыған  жігіттер 
қалжыңдасып күліп бұл терезенің алдынан бөлек-бөлек болып өтіп жатты. 
 
(аяғы бар) 
 
Мұхтар 
 
ЛӘЙЛІ, МӘЖНҮН 
 
Бұл  өлең  арабтың  ескі  әңгімесінің  бірі.  Қазақ  ортасына  да  дәл  әңгімесі  жайылмаса  да, 
атағы  көп  жайылған.  Бірақ  көпшіліктің  ұғуына  қарағанда  бұл  бір  ертегі  сияқты  болып 
көрінуде ме мекен болғандықтан, алдырақ жайын түсіндірмекшіміз. 
 
Ләйлі,  Мәжнүн  араб  әдебиетінің  ішінде  өзінің  сұлулығымен  терең  мағына,  терең 
фантазиясымен  үлкен орын  алған  ірі  сөздің бірі.  Сондықтан  араб  әдебиетін  қарастырған 
Европа білгіштерінің көзіне де алдымен келетін арабстан гауһары осы болатын. 
 

101 
 
Бұл  өлеңнің  ішінде  махаббат,  ғашықтық  деген  нәрсенің  барып  тұрған  жақсы  (идеальная 
форма)  қандай  болуы  керек,  соны  көрсетеді.  Сондықтан  әңгімесі  түпсіз,  терең 
фантазиядан мінсіз, нәзік сыршылдықтан (лирикадан) құралған. Бұл жақтарына келгенде, 
бүкіл дүние әдебиетінің ішінен Ләйлі, Мәжнүн сияқты әңгімелердің кездесуі оңай емес. 
 
Сол себепті Ләйлі - Мәжнүнді оқығанда, Европаның атақты сыршыл ақыны Генрих Гейне 
бұл өлеңдегі терең сыршылдыққа таң қалып, шыныменен тамашалаған. 
 
Мінеки,  осы  секілді  себептермен  Ләйлі,  Мәжнүн  қазақ  әдебиетінің  ішінен  орын  алсын 
демесек те, қазақ оқушылары ескі әдебиеттің асыл бір жұрнағымен таныссын деп, басып 
отырмыз. 
 
Бұл өлеңді қазақ тілінде жазушы араб әдебиетімен жете таныстығы бар, қазақтың белгілі 
өлеңшілерінің бірі Шәкәрім Құдайберді баласы. 
 
Бұл  Фруди  Бағдадидің  өлеңін  қазақ  тіліне  аударып  жазған  еді.  Соның  әңгімесін  өзінше 
өлең қылған. 
 
Басқарма 
 
ЛӘЙЛІ, МӘЖНҮН 
 
Арабта бір бай болды дәулеті асқан, 
Саудасы әр патшамен араласқан. 
 
Құдайдан бір мирас құл бала сұрап, 
Малының садақаға көбін сатқан. 
 
Бай еді қайыры мол, бек қанағат, 
Тіледі бала бер деп көп жамағат, 
 
«Көп тілегі - қол» деген мақалдайын, 
Болыпты бәйбішесі екіқабат. 
 
Босанып есен-аман, бір ұл тапты, 
Жан - жаққа сүйіншіге кісі шапты. 
 
Жақсының тойға келген бәріне де, 
Ес қылып ат мінгізіп, шапан жапты. 
 
Қайыс деп ол баланың атын қойды, 
Қуанып неше түрлі қылды тойды. 
 
Қырық күндей кедейлерге тамақ беріп, 
Меккеде талай түйе - құрбан сойды. 
 
Келбеті бұл баланың өзгеден жат, 
Бір көрсең, көргің келер неше қабат. 
 
Бетінде бек сүйекті бір нұры бар, 
Қыласың ықтиярсыз шын махаббат. 
 

102 
 
Балқытар жылы жүзі сүйегіңді, 
Бергендей аса мұқтаж тілегіңді. 
 
Неге жақсы көргенің мағұлым емес, 
Арбап тұр нұрлы жүзі жүрегіңді. 
 
Баланың қырқы толып өтіп еді, 
Тойдың да тарқар кезі жетіп еді. 
 
Шырқырап бала жылай қоя берді, 
Қатындар тойға келген кетіп еді. 
 
Көтерді жуата алмай қолына алып, 
Ойлайды қалды ма деп науқас шалып. 
 
Бар екен әлем асқан бір дәрігері, 
Әкелді соны біреу жылдам барып. 
 
«Баланың, - деді дәрігер, - дені таза, 
Науқасын білмей қалсам, менде жаза. 
 
Бір түрлі жүрегінде қайғысы бар, 
Білмеймін, не себептен болды наза. 
 
Көтерсін бұл баланы даяшы қыз, 
Сыртынан байқап отыр өздеріңіз. 
 
Көшеде балалармен алдандырсын, 
Болмаса, біле алмадық мәнісін біз». 
 
Баланы даяшы қыз алып кетті, 
Артынан ата-анасы қарап тұрды. 
 
Көтерген бір баланы даяшыға, 
Құдайым әлгі қызды жолықтырды. 
 
Көрген соң, бірін-бірі жақындасты, 
Баланы жуатуға ақылдасты. 
 
Қолында екеуінің екі бала, 
Біріне-бірін қарсы бетін ашты. 
 
Баласы оның-дағы жылайды екен, 
Көтеріп жуатқанды ұнайды екен. 
 
Балалар жылағанын қоя қойды, 
Себебі әр нәрсенің Құдайда екен. 
 
Үйіне даяшы қыз алып келді, 
Қалайша жуатқанын айтып келді. 
 
Тағы да ертең түсте жылаған соң, 

103 
 
Қайысты қыз қолына қайтып берді. 
 
Базарға даяшы қыз тағы барды, 
Біреуді бала жуатқан тауып алды. 
 
Баланың бетін ашып көрсетсе де, 
Шырқырап онан жаман ойбай салды. 
 
Сол кезде кешегі қыз келді тағы, 
Баласы зар қағып жүр қолындағы, 
 
Қайысқа бетін ашып көрсетеді, 
Жылауын қояр ма екен деді-дағы. 
 
Көрген соң, біріне-бірі жақындасып, 
Жуанды екі бала мауқын басып. 
 
Күн сайын сол арада жолықпаққа, 
Уағда қылды екі қыз сөз байласып. 
 
«Ата мен жөн сұрастық анамыздан, 
Көтерген таныс болдық баламыздан. 
 
Бала кім қолыңдағы?» - деп сұрайды, 
Қайысты көтерген қыз анау қыздан. 
 
«Бұл бала бір төренің жалғызы еді, 
Демесең айыбы әйел, хан қызы еді. 
 
Өзіммен осы бала туған бөле, 
Төренің менің шешем балдызы еді. 
 
Қырық күнге туғанына жаңа толды, 
Шешесі сіздің тойда үш күн қонды. 
 
Жылаған емес еді одан бұрын, 
Келген соң тойдан қайтып былай болды. 
 
Бұл қыздың сұрасаңыз аты Ләйлі, 
Біз таптық жылағанға мынау айла. 
 
Далада күнде бүйтіп отырмалық, 
Біреуден күндіз кірер пәтер сайла». 
 
Бір кемпір есітіп тұрды сөздің бәрін, 
Шақырды «Мұнда кел, - деп, балаларым, 
 
Балам жоқ, байым өлген, үйім иесіз, 
Отырсаң қалай кіріп ықтиярың. 
 
Үйімде елегізіп тұра алмаймын, 
Мен байғұс үй қыдырып жүре алмаймын. 

104 
 
 
Күн сайын жас баланы бір иіскет, 
Сендерден одан басқа түк алмаймын». 
 
Қайысты кемпір алып сүйіп еді, 
Тал бойы жас балаға иіп еді. 
 
Жіберді сүт сорғалап емшегінен, 
Баланың қолы барып тиіп еді. 
 
Іс болды таң қаларлық мұның өзі, 
Мінеки, сондағы айтқан кемпір сөзі: 
 
«Жан берген қара тасқа, Құдайым ай! 
Жетеді құдіретіңе кімнің көзі! 
 
Елуге кемпір едім жасым жеткен, 
Сорлы едім, бала көрмей зарлап өткен. 
 
Тандыры құрып қалған тас желіннен 
Сүт ақса, мұнан бұрын қайда кеткен? 
 
Сәлем айт, бұл баланың анасына, 
Болайын мен күтуші баласына. 
 
Емшектен босағанша маған берсін, 
Тапсырып бір Алланың панасына. 
 
Таптым ғой, таппасам да Қайысты мен, 
Қоймай ма мұны көрсе өзі де ден. 
 
Көзімнен осы бала таса болса, 
Маған жоқ бұл тіршілік, сөзіме сен. 
 
Қайысты маған берсін, асырайын, 
Жалынып аяғына бас ұрайын. 
 
Пұшпағым қанамаған бір сорлы едім, 
Сырымды енді қайтып жасырайын. 
 
Сөзімді ұмытпай айт бара сала, 
Көрсетті құдіретін Хақ тағала. 
 
Көзіме жас, кеудеме сүт толтырып, 
Жібіткен тас емшегім осы бала. 
 
Баладан мені айырып зарлатпасын, 
Көзімнен қанды жасты парлатпасын. 
 
Тағдырдың жазуына қарсы келіп, 
Біреудің қанын жүктеп қарғатпасын». 
 

105 
 
Ләйліні көтерген қыз қайран қалып, 
Құлағын осы сөзге тұрды салып. 
 
«Мұны да бір емізіп беріңіз», - деп, 
Кемпірге жақын келді, баланы алып. 
 
Ләйліні кемпір қолға алған шақта, 
Көңілі тағы емізіп байқамақта. 
 
Емшектің сүті түгіл өзі құрып, 
Қайтадан бұрынғыдай болды тақта. 
 
Қайысқа және емізсе, сүті дайын, 
Кетеді бұлақ болып сорған сайын. 
 
Дегенде қыз емейін, дәнеме жоқ, 
Қайран боп, біле алмады мұның жайын. 
 
Бұл кемпір ұрғашыдан туған зерек, 
Кісі екен оқымысты жөні бөлек. 
 
Екеуін бір емшектен емізбеске, 
Алланың бір хикметі болса керек. 
 
Ойлады осылай деп кемпір ғарып, 
Тағдырды шеше алады кім басқарып. 
 
Екі қыз көргенінің бәрін айтты, 
Баланы үйді-үйіне алып барып. 
 
Мұны естіп, ата-анасы ақылдасты, 
Кемпірге бермек болды Қайыс жасты. 
 
Кешегі біз сықылды бейшара екен, 
Зарлатып қойғанымыз жарамас-ты. 
 
Қайысты ата-анасы қасына алды, 
Кемпірдің қақпасына қарай салды. 
 
Зарлының зарлы жайын біледі екен, 
Құдайға тапсырдым деп, алып барды. 
 
Қолынан әкеп берді өз баласын, 
Бұлардың ақылына таң қаласың: 
 
«Мал аяр деп ойлама, тартынбай айт, 
Бәйбіше, сүт хақына қанша аласың?» 
 
— Емеспін бас, болмаса, дүниеге зар, 
Бес жүз қой, осы күнде жүз түйем бар. 
 
Қайысқа менің сүтім қарыз емес, 

106 
 
Сол малды қайта сіздер алыңыздар. 
 
Жоқ еді бұрын менің мирасқорым, 
Басымнан Қайысты алып кетті сорым. 
 
Оллаһи, маған малдың керегі жоқ, 
Ол малға ие болмақ сіздерге орын. 
 
Сөзіме куә болсын қауымым да, 
Білемін, бұл сіздерге ауырын да. 
 
Мал менен енді менің жұмысым жоқ, 
Болады Қайыс болса бауырымда. 
 
Десе де мал алмаймыз, болмайды бір, — 
Қазыға есептетіп, жазғызып жүр. 
 
Қойыпты тамам малын Қайысқа арнап, 
Ал енді, Ләйлі жайын тыңда да отыр. 
 
Жылады Ләйлі тағы ертең түсте, 
Жолыққан ол бала да мұндай іске. 
 
Кемпірге даяшы қыз алып келіп, 
Уатты сол арада азар күшке. 
 
Қайыстан бір тынбайды кетсе жылап, 
Байқады анасы да әбден сынап. 
 
Оны да сол үйге әкеп асыратты, 
Әкесі, шешесімен қабат ұнап. 
 
Ер жетті екі бала сонда тұрып, 
Жасынан тату болды бірге жүріп. 
 
Балалар тоғыз жасқа келгеннен соң, 
Апарды үйлеріне киіндіріп. 
 
Мектепке оқысын деп берді екеуін, 
Молла да баласындай көрді екеуін. 
 
Бірі бай, бірі төре жалғызы деп, 
Қадірлеп, ардақтайды ел де екеуін. 
 
Барады екі уақыт сабағына, 
Қайтады мезгілімен тамағына. 
 
Бұларда махаббаттың нұры бар деп, 
Қарайды жанның бәрі қабағына. 
 
Отырса сабақ оқып өңкей бала, 
Қайысқа Ләйлі келер тұра сала. 

107 
 
 
«Мына бір сабағымды ұмыттым», - деп, 
Өтірік бір оқуға жабар жала. 
 
Сондайды сылтау қылып сөз қатады, 
Іштегі ғашық неге тек жатады. 
 
Хат жазса, мына жазу дұрыс па деп, 
Біріне-бірі апарып сынатады. 
 
Теріс деп, таласқансып шындасады, 
Бірі оқып, кейде бірі тыңдасады. 
 
Қапыда балалардың көзін алдап, 
Сөйлесіп қабағымен ымдасады. 
 
Тесіліп оңашада қарасады, 
Есінен көп қараса, адасады. 
 
Бір болса іші қандай, тысы да бір, 
Сықылды егіз бала жарасады. 
 
Кітабын ұмытқансып тастап кетіп, 
Келеді іздеген боп, қайта жетіп. 
 
Көріспек, сөйлеспекпен бар ынтығы, 
Нәрсені неше түрлі сылтау етіп. 
 
Ау, - дейді, Қайыс - десе Ләйлі келіп, 
Жауапты Ләйлі үшін Қайыс беріп. 
 
Жұмысы күні бойы - осындай іс, 
Айтайын қайсы бірін түгел теріп. 
 
Ғашықтық өсе берді барған сайын, 
Бұлардың әркім білді осындайын. 
Ләйліні жібермеді сабағына, 
Шешесі естіген соң қыздың жайын. 
 
«Он үшке жаңа келдің, балам, - деді, 
Сөзім бар айтатұғын саған, - деді. 
Біреуге жас басыңнан болдың ғашық, 
Анықтап айтты біреу маған, - деді. 
 
Сабаққа жібермеймін енді сені, 
Халқыма қарамастай қылдың мені. 
Сен түгіл үлкендерге лайық емес, 
Шығардың ойымда жоқ неменені? 
 
Түсіп ең әлдекімнің алдауына, 
Сабаққа себеп болды бармауыңа. 
Егерде бұл мінезді тастамасаң, 

108 
 
Кісендеп, қолыңды.әкел, байлауыма». 
 
«Әжеке-ау, ғашық деген қандай жұмыс, 
Білмеймін мағынасын айтшы дұрыс. 
Оқуды ғашық деген оқығам жоқ, 
Ұқтырып бұл сөзіңді байқап ұрыс». 
 
«Білмесең одан арман тіпті білме, 
Білсең де білгізбеспін саған мүлде. 
Сөзімнің ғашық деген мағынасы – 
Еркекпен жас басыңнан ойнап-күлме». 
 
Шошыды сонда Ләйлі есі шығып, 
Айтқанын шешесінің әбден ұғып. 
Мұнан да жерге кірген жақсы ғой деп, 
Ұялып сырт айналып кетті бұғып: 
 
«Ұядан жаңа ұшқан қаз едім ғой, 
Ұға алмай бағанадан наз едім ғой. 
Сөз еді бұ не деген, сұбхан Алла! 
Ондайдан Құдайға ақ, таза едім ғой. 
 
Әжеке-ау, кеп емеспін, жалғыз едім, 
Болсам да жақсы-жаман хан қызы едім. 
Қойғандай көзің көріп сөз айтасың, 
Артымнан мені қашан аңдып едің? 
 
Әжеке-ай, ашуланып, налып айттың, 
Зар күй біржолата салып айттың. 
Құдайдан сұрап алған жалғызыңа, 
Бұл сөзді қайтып аузың барып айттың?» 
 
«Қарағым, бұл сөзіңе мен не дейін, 
Демеймін жалғыз сені кемітейін. 
Әншейін үйде отырып ісіңді қыл, 
Сабаққа бармай-ақ қой мұнан кейін. 
 
Серт қылдым, енді сені шығармасқа, 
Балам жоқ ермек қылар сенен басқа. 
Емессің еркек бала молда болар, 
Жетеді осы оқу да сендей жасқа». 
 
Соны айтып шығармады қызын үйден, 
Ләйліге осы жұмыс қатты тиген. 
Қыз жиып күндіз алаң болса-дағы, 
Түн болса ұйқы көрмей жанып-күйген. 
 
Сабаққа қиын болды бармағаны, 
Көрмекке Қайыс еді арнағаны. 
Ләйлінің ғашық оты ішін өртеп, 
Бір үйде жалғыз жатып зарлағаны: 
 

109 
 
Ай нұры да азаяр, 
Айнала шеті толған соң. 
Ақ жүзіңнен нұр таяр, 
Арманда болып өткен соң. 
Оңбасыңа амал жоқ. 
Қызыл гүлің солған соң. 
Махаббаттан жаман жоқ. 
Бір айырылмақ болған соң 
Кешегі біздің күн қайда, 
Күнде жайнап жүретін? 
Ойлағанмен не пайда, 
Медіресе қалды кіретін. 
Қас пен ғана қабақтан 
Ымдағанды білетін. 
Айла қылып сабақтан, 
Қайыс жоқ ойнап-күлетін. 
Өшірілмей түнде шам, 
Өз үйім болды абақты. 
Қайысты көріп отырсам, 
Оқымай-ақ сабақты. 
Ғашықтың оты алдыма 
Жасымнан тартты табақты, 
Жайнаған өмір қалды ма, 
Қақтырмай-ақ қабақты. 
Мен зарладым бұл жерде, 
Қайысқа үнім жетер ме? 
Жалынсам соққан желдерге 
Сәлемімді алып кетер ме? 
Біз сықылды зарлыға 
Алласы рахым етер ме? 
Көзім жетпес алдыма, 
Осымен өмір өтер ме? 
Қайысым, саған не қылдым, 
Жан, жүрегім сенде тұр. 
Сен не сездің, не білдің, 
Сенің жаның менде тұр. 
Менің жаным өзіңде, 
Менде құры кеуде тұр. 
Екі көзім көзіңде, 
Бір көрейін деуде тұр. 
Көзімді жұмып жатайын, 
Түсші, келіп ойыма. 
Жанымды алшы, сатайын, 
Тал шыбықтай бойыңа. 
Көңіліме нұрың келгенде, 
Кіргендейсің қойныма. 
Тілегімді бергенде, 
Тойдым қашан ойыңа. 
Қосылмадым, қосылдым, 
Айта алмайсың бекер деп. 
Қосылуға шошындым, 
Жалыным өртеп кетер деп. 

110 
 
Жанымды аяп қалмадым, 
Өзіме залал етер деп. 
Аузыңнан сүйіп алғанмын, 
Осыным да жетер деп. 
Мен тартайын уайымды, 
Мұнымды Қайыс білмесін. 
Осы көрген жайымды, 
Ол есітіп жүрмесін. 
Қабағын шытып қамығып, 
Қайғылы өмір сүрмесін. 
Мен сорлыны сағынып, 
Медіресеге кірмесін. 
Кіріп барса, Ләйлі жоқ, 
Қайысым қайтіп шыдасын. 
Ләйлісіз жерде пайда жоқ, 
Осыған не амал қыласың! 
Суретімді сонда қыл, 
Құдіреті күшті құдасын. 
Суретіңе бер және тіл, 
Мен екен деп ұнасын. 
Соған тұрса жұбанып, 
Жалынға жанып жатайын, 
Қайысым жүрсе қуанып, 
Қайғы мен - ақ татайын. 
Ғашықтықтың дертіне 
Күн сайын әрі батайын. 
Жетпек болсам сертіме, 
Ол үшін жанды сатайын. 
Қиындық па, қызық па, 
Білемісің сертімді. 
Алла жазған сызық па, 
Көремісің түрімді. 
Бағасын ешкім біле алмас, 
Рахатқа бермен мұнымды. 
Жан переуат қыла алмас, 
Осы көрген күнімді. 
 
*** 
 
Мектепке ертең ерте Қайыс барды, 
Жан-жаққа Ләйліні іздеп көзін салады. 
 
Сабаққа келмегенін есіткесін, 
Ғашыққа шыдай алмай талып қалды. 
 
Молда да, балалар да қайран қалып, 
Үйіне науқас па деп қойды апарып. 
 
Су бүркіп, күлмен желпіп ата-анасы 
Отырды Қайыс есін жиып алып. 
 
Айналды ата-анасы баладан кеп, 

111 
 
Ғарыптан зарланып жүр уайым жеп. 
 
Табипке жібергелі жатыр еді, 
Баласы безіп болды жіберме деп. 
 
«Дәрігерге қаратпаймын жын қақса да, 
Дертімді ойымдағы шын тапса да. 
 
Құдайдан басқа менің дәрігерім жоқ, 
Бұл дерттен жазылмаймын кім бақса да. 
 
Байқайын серуендеп тауға шығып, 
Сабаққа ішім пісті дем қыстығып. 
 
Осыдан Құдай оңдап жазылмасам, 
Сіздерден науқасымды қоямын тығып». 
 
Жалма-жан жабдық - сайман жиып жатыр, 
Құрбысы, құлы қайда? - бәрін шақыр. 
 
Елсізге шығып алып, Қайыс жатты, 
Бір тауға тігіп алып алтын шатыр. 
 
Ләйлі деп зарланады ұзақ түнге, 
Жүдеді қайғысы асып күннен күнге. 
 
Ғашықтық ішін өртеп диуана боп, 
Қор болып адамдықтан шықты мүлде. 
 
Бір күні әкесіне берді хабар, 
Жиылды өңкей құрбы байбатшалар. 
 
Ата-ана, елі-жұрты - бәрі барып, 
Қайыстан «қалайсың?» деп сұрайды олар. 
 
«Демеңіз, халқым, мені Құдайға шет, 
Ата-ана ақыңды кеш, рахмат айт. 
 
Дауасы науқасымның сіздер емес, 
Аман бол, үмітіңді үз, қасымнан кет. 
 
Дертіме табылмайды сізден айла, 
Кісендеп, жынды десең, мені байла». 
 
Аузынан ah дегенде жалын шығып, 
Деді де талып кетті «Ләйлі - Ләйлі!» 
 
Ел білді науқасының не екендігін, 
Байқады дерті қатты, бекемдігін. 
 
Ләйліні сұрай барды жұрт жиылып, 
Білген соң, шыны ғашық екендігін: 

112 
 
 
«Болыпты Қайыс ғашық балаңызға, 
Көз көрмей өтірікке нанасыз ба? 
 
Жасында көріспесе жылаушы еді, 
Ойлаңыз соны салып санаңызға, 
 
Ләйліні жынды болды көрмеген соң, 
Жаны бар кеудесінде өлмеген соң. 
 
Құдайым іштен туа қылды ғашық, 
Екеуі қабат өлер, бермегенсің». 
 
Бұл сөзге әкесі айтты: «Көнбеймін деп, 
Өлсе де жалғыз қызым, өлмеймін деп. 
 
Ол үшін, халқым, маған өкпелеме, 
Қызымды бір жындыға бермеймін», - деп. 
 
Ләйліні бермегенін Қайыс білді, 
Өткізді жылауменен күндіз - түнді. 
 
Сауыққа, ұйқы, тамақ бір қарамай, 
Айрылып ақылынан болды жынды. 
 
Жалындап ғашық оты өртеді ішін, 
Сол қайғы ақылы мен алды күшін. 
 
Арабша «мәжнүн» деген - жынды демек, 
«Мәжнүн» деп ат қойылды соның үшін. 
 
Бұл дертке ем ойлайды жұрттың бәрі, 
Бар екен бір қария адамдары. 
 
Құшақтап «Байтуллаға» тілек қылса, 
Көңілінен шығар дейді ғашық зары. 
 
Мәжнүнге елі-жұрты түгел барды, 
Меккеге жүріңіз деп көп жалбарды. 
 
Халқы мен ата-анасы зарласа да, 
Олардың тілін алып бармай қалды. 
 
Көнбеді Байтуллаға апармаққа 
Бұл хабар жайылыпты шартарапқа, 
 
Баяғы асыраған сорлы кемпір, 
Сол есітіп, іздеп келді Мәжнүн жаққа. 
 
Көзіңнен айналайын, Қайысым - ай 
Қарлыққан сені жоқтап, дауысым - ай! 
 

113 
 
Жібіткен қара тасты, қарашығым, 
Дүниенің көз жұмғанша ауысуы - ай! 
 
Жатыр ем науқастанып есім жимай, 
Кеудеме кетті есітіп қайғым сыймай. 
 
Қарағым, тілегімді беремісің? 
Анаңды көріне отқа саламысың? 
 
Ләйлімен бірге өсірген қарызым бар, 
Қақымды мойныңа алып қаламысың?» 
 
Зарлады осылай деп кемпір ғарып, 
Сүйегін соның сөзі кетті жарып. 
 
«Жылама, сорлы анам, - деді Мәжнүн, - 
Ақыңнан құтылайын Мекке барып». 
 
Меккеге алып барды ата-анасы, 
Көзінен тия алмайды аққан жасын. 
 
Мәжнүннің зарлап айтқан сөзі мынау, 
Құшақтап «Байтулланың» босағасын: 
 
«Арғы атам, - Адам ата, хақ, пайғамбар, 
Айырылып Хауанадан болыпты зар. 
Дұғасын осы арада қабыл қылдың, 
Бере көр, тілегімді паруардігар! 
 
Шығарма Ләйлі дертін жүрегімнен, 
Айырма ғашық отын сүйегімнен. 
 
Зарлатып өмірімде күйіп - жанғыз, 
Өзімнің болды дейін тілегімнен. 
 
Ләйлінің мен алмасам құрметті атын, 
Көңіліме қатты бекіт махаббатын. 
 
Жолдасым - бейнет болсын, жауым - рахат, 
Көп тартқыз ғашықтықтың машақатын. 
Күн сайын рахатымды қашыра бер, 
Дертімді жалындатып асыра бер. 
 
Көп жүргіз, бейнет көргіз, жасымда алма, 
Қайғының ең ауырын басыма бер! 
 
Қорықпаймын, жас күнімде өлемін деп, 
Айтамын бір Ләйлі үшін көнемін деп. 
 
Бір Алла рахметіңмен уәде қылдың, 
Пендеме шын тілесе, беремін деп. 
 

114 
 
Жанғанда жануменен өткізе көр, 
Тыныштық, рахатымды кеткізе көр. 
 
Дүниеде қосылуға жазбасаң да, 
Өлген соң, мұратыма жеткізе көр!» 
 
Мәжнүннің осы болды бар тілегі, 
Ләйліден басқада емес жан жүрегі. 
 
Ел-жұрты, ата-анасы күдер үзді, 
Бұл дерттен жоқ екен деп түзелмеген. 
 
Қайтадан елге жүрді қадам басып, 
Күн сайын жынды болды қайғысы асып. 
 
«Аң болып айдалада жүремін», - деп, 
Айырылды халқыменен амандасып. 
 
Жалынған қарамайды сөздеріне, 
Жабылса бой бермейді өздеріне. 
 
«Ата-ана, елі-жұртым аман бол», - деп, 
Көрінбей кетті алыстап көздеріне. 
 
Қаңғырып шығып кетті елсіз жерге, 
Кез болды осындай дерт қайран ерге. 
 
Адамнан аң сықылды көрсе қашып, 
Қосылды даладағы киіктерге. 
 
Елсізде аңмен бірге қаңғырыпты, 
Тау мен тас дауысына жаңғырыпты. 
 
Жартас жаңғырықтан жауаптасып, 
Лебізі тиген жерді жандырыпты. 
 
«Әй, жартас, мен айтқанды сен де айтасың, 
Дертімді мазақ қылып ұлғайтасың. 
 
Ләйлінің менен өзге ғашығы жоқ 
Ұқтыршы, сен Ләйлі деп кімді айтасың? 
 
Сенің де Ләйлі деген жарың бар ма, 
Ішіңде мен сықылды зарың бар ма? 
 
Атама ғашығымның құрметті атын 
Ынсап қыл, рахым, ұят, арың бар ма? 
 
Жандырма жанып тұрған жүрегімді 
Ерітпе атын айтып сүйегімді. 
 
Ләйлінің атын жалғыз мен атайын, 

115 
 
Зарлатпа, бер жалынға тілегімді? 
 
Сенің де жарың болса Ләйлі атты, 
Қайғылы сорлы болсаң өзім заттас, 
 
Сен неге қанды жасты ағызбайсың, 
Болып па ең ғашығыңның дертінен тас? 
 
Көрмеймін көз жасыңның парлағанын, 
Кеудеңнің біліп тұрмын жанбағанын. 
 
Қайғылы бір ғарыпты мазақ қылып, 
Жарай ма ғашықпын деп алдағаның?» 
 
Соны айтып Мәжнүн жылап зарлағанда, 
Көзінен қанды жасы парлағанда, 
 
Ұшқан құс, жүрген аң шыдай алмай, 
Жиылып тұс-тұсынан андағанда. 
 
Оларға мұның айтса зарландырып, 
Баршасы жабырқайды тыңдап тұрып. 
 
Аңменен әбден үйір болып алып, 
Шөп оттап, су ішеді бірге жүріп. 
 
Ләйлі деп зар қағады күндіз-түні, 
Жылайды аң шуылдап шыққанда үні. 
 
Аңның да ақылы бар, хал, тілі бар, 
Жалған деп ойламаңыз, сірә, мұны. 
 
Сол кезде бір саятшы қақпан құрып, 
Бір киік ілініпті оттап жүріп, 
 
Көрген соң киікті ұстап алғандығын 
Шыдамай келді Мәжнүн зыр жүгіріп. 
 
Жалынып саятшыға жетіп барды: 
«Ағатай, мен де осындай едім зарлы». 
 
Оқалы алтындаған тонын беріп, 
Өзімдей ғарып қой деп киікті алды. 
 
Аңшыдан алды сатып киім беріп, 
Мәжнүннің кетті киік соңына еріп. 
 
Ұстаған бір көгершін және біреу 
Жолықты қарсы алдынан кездей келіп. 
 
Қолынан алтын жүзік берді-дағы 
Босатып қоя берді оны тағы. 

116 
 
 
Киік пен көгершінге бас ұрады, 
Зарланып мұның айтып ойындағы. 
 
«Сендерге сыр айтуға ұяламын, 
Адасқан ақылымнан диуанамын. 
 
Залалсыз бір ғарыппын, менен қашпа, 
Аңға ерсем, адамға ермей, уанамын», - 
 
Дейді де екеуіне кетті еріп, 
Шөп жейді хайуанға жұлып теріп. 
 
Мәжнүннің сырын біліп аң қашпайды, 
Құдайым оларға да ақыл беріп. 
 
Сонымен жүре тұрсын елсіз сайда, 
Баяғы зарлап жатқан Ләйлі қайда? 
 
Азғана сол туралы сөз айталық, 
Ол байғұс жатыр екен қандай жайда. 
 
Мәжнүннің ғашығыменен күйіп-жанып, 
Көрмейді ұйқы, тамақ мейірі қанып. 
 
Бір күні ай жарықта тысқа шығып, 
Білдірмей еш адамға жүр зарланып. 
 
Сөйлесті аспандағы айды көріп: 
«Жүресің жердің жүзін сен тексеріп. 
 
Бір түнде дүниені жарқ ұрасың, 
Мәжнүннен қуантсаңшы хабар беріп. 
 
Қайда жүр, тірі жүр ме, не қылып жүр, 
Ішімді ғашық оты жандырып тұр. 
 
Болсаң да сен де мендей күнің ғашық, 
Нұрымен жарқырайсың жанбайсың құр. 
 
Күн ғашық саған-дағы салды нұрын, 
Бар ма еді өз денеңде нұр онан бұрын. 
 
От салды жүрегіме менің Мәжнүн, 
Аузымнан шықты жалын, көрдің түрін. 
 
Мұнан соң барды аяңдап тоғай жаққа, 
Жеміс пен ағаш еккен бау-шарбаққа. 
 
Түндегі жылы желдің лебізімен, 
Сөйлесті жасыл гүл мен жапыраққа: 
 

117 
 
«Жылы жел, ғашығымның лебіндейсің, 
Сен мені не білесің, не білмейсің. 
 
Желменен сыбырласқан жапырақтар, 
Шын ғашық болсаң неге егілмейсің? 
 
Түн болса, дымқыл шықпен буланасың, 
Өтірік ғашықпын деп қуланасың. 
 
Қан ағыз ғашық болсаң жас орнына, 
Егіліп жыламайсың, суланасың. 
 
Жел, сен де ғашықпын деп дау қыласың, 
Кей-кейде күннен жаңбыр жауғызасың. 
 
Жасылдың жерге біткен бәрі жарың, 
Көңіліңді әркімге бір ауғызасың. 
 
Кейде сен жапырақты үн қыласың, 
Аямай қызыл гүлді сындырасың. 
 
Соғасың кейде жұмсақ, кейде қатты, 
Құбылып кімнің көңілін тындырасың». 
 
Сөйлесті одан кейін жұлдыздармен, 
«Жаным-ай, көрдің бе? - деп Мәжнүнді сен. 
 
Жарымды жаным сүйген бір көре алмай, 
Сұрайын бір хабарын көрінгеннен. 
 
Ей, жұлдыз, түнде тудың, күндіз батып, 
Қасыңды кімге ымдайсың қимылдатып. 
 
Ғарыппын мен де өзіңдей тұтқындағы, 
Зарлаймын, күні бойы үйде жатып. 
 
Қаптайсың түн болғанда көктің жүзін, 
Сорлымын, қатты тартқан қайғы сызын. 
 
Сендерге дүниеде таса жер жоқ, 
Мәжнүннің тым болмаса көрсетші ізін!» 
 
Бір жұлдыз ағып еді жерге таман, 
Дегендей қуанады жарың аман. 
 
Жүріпті жұлдыз аққан жаққа қарай, 
Жобасын көрсетті - ау деп осы маған. 
 
Алдында бір адам тұр қараңдаған, 
Сескеніп Ләйлі жақын бара алмаған. 
 
Досым ба, дұшпаным ба, кім біледі, 

118 
 
Байқамай жарамас деп арандаған. 
 
Ол келген Мәжнүн екен Ләйліні іздеп: 
«Ғашығым, ойлап па едің көреміз» деп. 
 
Ләйлі: «Аманатыңды ал, қарағым, 
Мұнан соң тірі көрмей, күдер үз», - деп. 
 
Ойлады, қызға жақын барайын деп, 
Құшақтап бір сүйгізіп қарайын деп. 
 
Көрем бе мұнан кейін көрмеймін бе, 
Сақтаулы аманатты алайын деп. 
 
Барады жақындаса, жанып - күйіп, 
Денеге болар емес дене тиіп. 
 
Екеуі шыдай алмай талып кетті, 
Аузынан алған екен бірер сүйіп. 
 
Көрдің бе шын ғашықтың анық жайын, 
Іштегі от дәуірлейді барған сайын. 
 
Бұл жерде екі ғашық жата тұрсын, 
Батырдан Науфіл деген сөз бастайын. 
 
(аяғы бар) 
 
 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет