Алаш көсемсөЗІ: тіл мәселесі көптомдық 2 том Қайрат сақ



Pdf көрінісі
бет14/38
Дата30.01.2017
өлшемі1,66 Mb.
#3031
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   38

Оқу кітаптары керек
Мектептегі оқу өнімді һәм баланың миына сіңімді болу үшін бірнеше 
шарттар  керек.  Ол  шарттардың  бір  қатары  ыңғайлы  –  оқу  кітаптары. 
Мектептің  тура  бағыты  һәм  міндетін  атқарарлық  мұғалімдер.  Бұл 
шарттар  болмаған  жерде  елді  ағартам  деу  артық,  ондай  еңбектің  өнімі 
де берекесі де болмайды. Оқу ана тілінде үйретілсе, жеңіл һәм орнықты 
болуына  ешкімнің  таласы  болмаса  керек.  Мұны  Николай  хүкіметі  де 
мойындап, оқу министрінін 1907 жылдың 1-ші декабрьінде бұратаналар 
мектептерінде алғашқы жылдары оқу ана тілінде болсын деп, шығарған 
жарлығы бар. Әрине, бұл бұйрық халықты ақтауға болмаса, қолдануға 
болмайды.  Тиісті  кітабы  болмаса,  ана  тілінде  сабақ  оқыту  деген 
іске  аспайтын  тәтті  қиял,  жақсы  идея  болып  қала  бермек.  Кітапсыз 
мектептерімізде сабақ оқыту мүмкін еместігін ұғынып, 1917 жылы жазды 
күні тамыз айында Орынборда болған қазақ съезі кітап шығаратын оқу 
комиссиясы жасалсын деп қаулы қылып еді.
Және  сол  жылғы  желтоқсанда  болған  жалпы  казақ  съезі  5  кісіден 
қорап  кітап  шығару  үшін  оқу  комиссиясын  сайлаған  еді.  Бірақ,  бұл 
комиссия өзінен болмаған себептермен іске кірісе алмай қалды.
Біздің оқу істеріміз еркіндеп қолға тигелі, өзімізден оқу комиссариаты 
ашылғалы екі жылға айналып бара жатса да, комиссариаттың әлі қазақ 
тілінде  оқу  кітабын  шығарып,  мектептерге  таратқанын  көргенімізде 

134
жоқ. Білмейміз де. Әрине, бұл кімнің елдің бастыға алмай һәм нәрсенің 
кемтарлығынан  да  бар  екенін  білеміз,  сонда  да  ең  болмаса  бастауыш 
бөлімдерде оқылатын кітаптар шығаруға жеткілікті уақыт болды.
Екінші шарт, сабақтың тура бағыты деген программа. Оқу комиссариа-
ты  басқаратын  барлық  жұрт  мектептерінде  белгілі  бір  программа  тұта 
алмаса, оқуда бағыт болмайды, һәм түрлі оқытылып дұрыс жөнді сабақ 
болмақ  емес.  Мектепте  әсіресе,  осы  күнгі  еңбек  негізіне  құрылған  бір 
беткей басқышты мектептерімізде жалғыз программамен ғана оқытпаса 
болмайды. Сол үшін де бұл күнгі оқу комиссариаттары ұлт мектептері 
үшін бір программа түзуі қажет.
Құр  ана  тілінде  мектеп  ашудың  пайдасы  жоқ.  Егер  оқытарлық  мұ-
ғалімдер болмаса осы күнде ана тілімізде оқытатын қысқа курсттардан 
өткен  кейбір  мұғалімдеріміз  біреуді  оқытпақ  түгіл  өздері  дұрыс  жазу 
білмейді.  Бұлармен  біз  қағаз  бетінде  ғана  сан  көбейтпесек,  іс  жүзінде 
алға баса алмаймыз. Мұным «қысқа курстар керек емес» деген сөз емес. 
Жоқтан  гөрі  жақсырақ  деген  ісімізде  бұл  шала  мұғалімдер  қажетімізді 
дұрыстап  атқара  алмайды.  Олай  болса,  біз  күшіміздің  көбін  бірінші, 
екінші  басқыш  мектептерде  оқытарлық  мұғалімдер  даярлау  жағына 
жұмсап,  соларға  арнап  курстар  ашуымыз  керек.  Мұндай  мұғалімдерге 
сабақ берерлік адамдар өзімізден шығады.
Мәселен,  былтыр  Семейдегі  Қазақ  Семинариясында  һәм  қазақ 
балалары  үшін  ашылған  түрлі  курстарда  орта  һәм  жогарғы  дәрежелік 
орыс мектептерін бітірген Ахмет Бірімжанов, Халел Ғаббасов, Әлімхан 
Ермеков,  Жақып  Ақбаев,  Биахмет  Сәрсенов  сияқты  қазақ  азаматтары 
сабақ  береді.  Қай  уақытта  болса  да,  әсіресе,  осындай  халықтың  білім 
жағы  жаңа  ашылып  көтеріліп  келе  жатқан  бір  заманда  оқу  комис-
сариатының  дербес  шығарып  тұратын  бір  журналы  болуы  –  даусыз 
мәселе.  Мұндай  журналдың  пайдасы  айтпаса  да  айқын.  Мәселен,  елді 
һәм  мектеп  мұғалімдерін  комиссариаттың  тәртіптері  мен  оқу  істерінің 
бағытымен  мезгілінде  таныстырып  тұру.  Оқытушыларға  педагогика, 
дидактиканың жаңа шыққан негіздері һәм әдістерін көздеп қою. Керекті 
мәселелерді  мезгілінде  мұғалімдер  һәм  елдің  құлағына  салып,  пікірін 
білу.  Білім  жолында  халыққа  жол  басшы  болу.  Мектеп  оқытушылары 
һәм  оқу  комиссариатының  арасын  жақындастыратын  көпір  болып,  істі 
ұштастыру, жәрдем беру Һәм басқалар.
Осы, айтылған төрт мәселенің төртеуі де оқу жүзіндегі әңгімелердің 
ең  керектісі.  Ең  ірісі,  һәм  тезден  жарыққа  шығару  мәселелердің  ең 
біріншісі  деп  білеміз.  Бұлардың  ішінде,  әсіресе  кітап  шығару  мәселесі 
кідіртуді күтпейді. Себебі, оқытушылар программасыз, кітапсыз еш нәрсе 
де істей алмайды. Соның үшін, біздің комиссариатымызға оқу жүзінде ең 
алдымен істерлік жұмыстар мыналар деп білеміз:

135
1. Мұсылманша, орысша, орта һәм жоғарғы дәрежелі мектептен шық-
қан оқығандардан кұрап бірінші һәм, екінші басқыштағы мектептеріміз 
үшін кітап шығаруда кешікпей бір оқу комиссиясын жасау;
2. Комиссариат өзі, яки сол комиссия арқылы басқышты мектептер-
дің оқу програмассын түзеу.
3. Орынбор, Семей, Орал секілді үлкен қалаларда бірінші һәм, екінші 
басқыш  мектептерде  сабақ  беретін  мұғалімдер  даярлайтын  бір  мектеп 
ашу, һәм сонда сабақ беру үшін сол қалаларда тұратын қазақ оқығанда-
рын міндетті қылу.
4. Оқу комиссариаты дербес педагогикалық журнал шығару.
Тілжан
Алымшылар жиылысы
Өткен  декабрь  жұлдызының  20-21-де,  ескі  Ташкенттегі  өзбек-сарт 
емлешілері мен мұғалімдердің емле туралы жиылысы болды. Жиылысқа 
өзбек-сарт мұғалімдерінің көбі қатынасқан. Жиылыстың қаулысы мынау: 
өзбек-сарт  тіліне  кірген  шет  тілдер,  яғни  араб-парсы  тілдерін  сөйлеп 
жазу: өзбек-сарт тілінің қаріп тахуын шығару.
Енді, бұл күнде емле, тіл мәселелері туралы тағы съезд болып жатыр. 
Бұл  съездің  мақсаты  жоғары  айтылған  қаулыларды  іске  асыру  ретімен 
шақырылса керек. 
Оқшау сөз. Тілбұзаризм
Сібірдің  бір  үлкен  қаласындағы  үлкен  театрдың  бірінде  мұсыл-
мандардың  бір  үлкен  Жиылысы  болып,  бұрымын  керте  күзеген 
ортақшыл  бір  ноғай  қыз  мінбеге  шығып,  бір  аяғын  сәл  ілгері  басып, 
кеудесін  кереңкіреп,  бүйірін  таянып,  әлеуметкс  қарап,  күлімсіреген 
шыраймен  біраз  тұрды.  Мұндай  топты  көрмеген  басыма  «ой,  енді 
мына қыз сүйсіндіреді ғой, келбетіңе, тұрысыңа болайын» деп, ішімнен 
рахаттанып,  көзінен  көзімді  айырмай,  күткен  секунд  жылдай  көрініп, 
енді қашан сөйлер екен деп тықыршыдым. Бір мезгілде ортақшыл қыз:
Ибдешлар! деді.
Тұла  бойым  шымыр  ете  түсті.  Тастаған  ине  жерге  түспейтін  лық 
толған зал тым-тырыс бола қалды. Мен тіпті дем алудың өзін тоқтаттым, 
топ ішінен біреу байқамай жұтқырынып қалып еді. Жұрттың бәрі бей-
шараның бетіне бажырайып қарасып, көздерімен жеп жібере жаздады.
Сандуғаш сайрады:

136
– Ибдешлар! Мин, сізге несколько слов айтарға должна.
– Просим, просим...... өтінеміз.
–  Кровавый  Николай,  кадет  Милюков  согласнитель  Керенский, 
социаль - предатель меньшевики, адмирал Колчак, проглиаты контрре-
волюционерлер  қанымызды  іштләр.  Товарищ!  Біз  коммунистлар-боль-
шевиклар білерге должна – деп, ортақшыл қыз соғып еді деймін. Нақ тас 
жүрек біреу болмаса, тыңдаушылардың талайының көзінен жас мөлдіреп 
акқан шығар. Ортақшыл қыз айтып келіп:
– «Да здравствует, Интернационализм!» Яшасын, коммунизм! Бітсін 
империализм»  деп,  сөзін  бітіргенде  әлеумет  қол  шапалақтап,  «Браво! 
Браво! Браво» ауаны жаңғырықтырған еді.
Біздің,  қазақшылығымыз  қашан  қалған.?!  Ортақшыл  қыздың  сөзіне 
еріген қорғасындай балқысаңда, ноғайдың тілі мұншалық әдемі болып 
түзеліп  кеткеніне  ішім  тарылып,  көше  бойы  ойлап  үйге  келген  соң  да, 
ділмар қыздың сөзі құлағымнан кетпей, көпке шейін аунақшып ұйықтай 
алмап едім.
Мұнан кейін дол екі ай өткенде «Кенташ» деген қалада бір кішкене 
жиылыста  қазақтың  бір  жас  жігіті  сөйлегенін  есітіп,  шүкірлік  еттім. 
Ноғай қызын күндегеніме тәубе қылдым. Білмей жүреді екенмін, біздің 
де тілдің майын ағызатын, әдемі жат сөздерді көп үйреніп қалған, талапты 
жастар  бар  екен.  Көңілім  өсіп,  көтеріліп  отырғанда,  кімнен  именейін. 
Шешен сөзін бітірер-бітірместе:
«Жасасын, тілбұзаризым!» деп, дауыстап жібергенім емес пе?!
Топ басы:
«Товарищи,  прошу,  оратордың  речін  бұзбасқа!»  дегенде  жым-жырт 
болдым.
Жасқаншақ
Екпінді мәселе
Қатынас  мұсылманша  (жергілікті  халықтар)  білдірілуі  керек  бол-
ғандығынан,  пошта  мекемесі  екі  бөлімнен  құрылады.  Орысша  һәм 
мұсылманша  тарату  бөлімдері.  Мұсылман  қызметкерлерінің  кемдігі 
азырақ жұмысқа кедергі болды. Былтырғы жыл ескі қалада мұсылман-
дар үшін пошта-телеграмм мектебі ашылып 28 кісі оны оқып шығып еді. 
Қазір сол мектепте 120 кісі бар. Тағы 6 айлық сол сияқты 120 кісі оқитын 
бір мектеп январь аяғында ашылады.
Январь  басында  пошта  хабарлары  түрік  тілдерінде  жүре  бастайды. 
Алдымен,  Ташкент-Самарқанд  арасында  қатынас  басталады.  Ескі  қа-
ланың  мектебінен  оқушылар  шығуы  һәм  хат  білетін  мұсылмандардың 

137
пошта  телеграммасымен  танысу  үшін  қатынас-қадарынша  уезда  қала, 
болыс, ауылдарда қатынас жергілікті тілдерде жүре бастайды.
Март  туған  соң,  оқушылардың  саны  көбейген  соң  бірнеше  қатар 
қалаларда мұсылман тілі жүре бастаса керек.
Ішкі хабарлар:
Оқу құралдары
Ташкент  баспаханасында  бұл  күнге  шейін  қазақ  тілінде  басылып 
шыққан кітаптар.
«Баяншы»  2-ші  тіл  құрал  һәм  үлкендер  үшін  арналған  қысқаша 
«Әліппе».
Басылып  жатыр:  2-ші  жылдық  «Қырағат»  кітабы  басуға  берілді: 
«Әліппе» һәм 1-ші «Тіл құрал» кешікпей беріледі.
«Есеп құралдары» һәм басқа кітаптар.
Кеңсе тілі қазақша болсын!
1920  жылы  октябрьде  болып  өткен  жалпы  қазақ  тобы  Қазақстан 
Республикасында, ресми тіл қазақ тілі, орыстар көп отырған орында орыс 
тілі болсын деген қаулыны шығарды. Жалпы қазақ тобы қаулы шығарған 
соң  Қазақ  Республикасындағы  кеңселердің  бәрі  ол  қаулыны  орындауға 
міндетті. Оның ішінде жігері, ойы, түсінігі болған азаматтар бұл қаулы-
ны жүзеге асыруға өте асығулары керек.
Жалпы қазақ тобының қаулысы шыққанан бері бірнеше ай өтіп кет-
ті.  Қазақ  ішінде  ол  қаулының  орындалмай  отырғанын  көріп  отырмыз. 
Қаулының  іске  аспай  тұрғанына  кеңсе  басында  отырған  кісілердің 
көрсететін себептері мынау: кеңсе жұмысын қазақша түзу алып жүретін 
кісілер  жоқ.  Тезінен  басып  шығаратын  қазақша  жазу  мәшинелері  жоқ. 
Қазақ  тілі  кеңседе  жатығып  реттелмеген.  Үйлестіріп  жазу  тіпті  қиын 
деседі. Ал бұл себептері дұрыс та болсын, оған біз де қосылайық. Бірақ, 
бастығы да, қызметкерлері де қазақ болған кеңселер орыстың өзі түгіл, 
исі де болмаған. Қырдағы болыстық комитеттер жаңадан құрылған тап-
таза  аудан  билерінің  кеңсесі,  барлық  жұмыстарын  орысша  жүргізіп 
отырғандарының  мәнісі  не?  Олар  мәшинені  сылтау  қыла  алмайды. 
Орысша сөздерді де қолдармен жазып отыр. Қазақша жазатын мәшинесі 
жоқ болған сияқты. Орысша жазатын мәшинелері де жоқ. Олар қазақша 
сөзді  үйлестіріп  жаза  алмаймыз  дейтін  болса,  орысша  сөздерді  де 

138
келістіріп  жазып  отырған  жоқ.  Қазақша  жазғанда  қатесін  үйлестіре 
алмағанын  байқап  отырса,  орысша  жазғанда  қателерін  былықтырып 
жазғандарын да байқай алмай отыр. Kей орында кеңсе басында отырған 
қазақ  жігіті  сорлы  қазақтың  өз  тілімсн  жазып  ұсынған  арызын  алмай, 
орысша  жазып  алып  кел  деп  қыстағанын,  арызына  беретін  жауабын 
ішіне  орысша  жазып  қайтадан  ұстата  салғанын,  болыстық  комитеттен 
қазақша жазылып келген қағаздарды орысша жазып түсір деп қайтарып 
жібергенін көріп жүрміз. Бұл не деген арсыздық? Бұл не деген ұятсыз-
дық? Осыны істеп отырған жігіттердің ізіне түскенде не дейміз? Бұндай-
ларды төңкеріс дұшманы, теңдік дұшманы десек жала бола ма?
Халық  билері  төтенше  комиссия  һәм  басқа  кеңселер  қырдағы  бір 
қазақа орысша жазылған қағаз жібереді. Алған қазақ қашан кел деген, не 
жұмыс туралы шақырылғанын білмей, бір жапырақ қағазды қалтасына 
салып алып үйінде жата береді. Уақытында келмеген себепті ол қазақтың 
айыпты саналуға жөні бар ма?
Жоғарғы  кеңселерден  болыстық  комитетке  осындағы  жұмысты  3 
күннен қалдырмай бітіріп жіберуге тығыздықпен бұйырамын. Уақыты-
нан қалса жазаға кіріптар қылып, сотқа тапсырамын деген тығыз жарлық 
орысша жазылып келіп түседі. Болыстық комитет орысша білмейді. Қағаз 
оқылмастан, киіз дорбаның ішінде қалады. Тығыз жарлықты уақытында 
орындамағаны үшін осындай болыстық комитет жазықты болар ма?
Төңкеріс дұшманы болып қашып жүрген кісі бір ауылға келіп, «мынау 
куәлік  қағазың,  мынау  ат  мінетін  қағазың»  деп,  әлгі  орысша  жазылған 
екі  бөлек  қағазды  көрсетіп  ат  мініп  кетеді.  Ат  берген  қазақ  қашақты 
қолдаушы болып жауапқа тартыла ма?
Бір  орында  талау  яки  кісі  өлтіру  сияқты  уақиға  болды.  Болыстық, 
ауылдық  комитет  орысша  жазуды  білмегендіктен,  уақиғаны  жазбайды. 
Оның үшін комитет жұмысын атқара білмеуші болып саналар ма?
Осы жоспарлардың бәріне де ар алдында болсын, заң алдында болсын, 
жоқ дегеннен басқа жауап болмасқа тиіс.
Біздің қазақта «асықпаған арбамен қоянға жетеді», «қос жүре түзеле-
ді» деген мақалды айтып, жұмыстың жылдам бітуіне асықпайтын әдет 
пен кеңсенің тілін қазақшаға айналдырып жіберу, ондай асықпай бітіретін 
іс емес. Мүмкін болғанша, тездікпен іс жүзіне асыру керек. Бір нәрсенің 
жалпы жұрттың алдында қадірлі, қасиетті болу үшін жұрттың жайы сол 
нәрсемен атқарыла білуі шарт. Қазақ елі арызын, мұң-мұқтажын қазақша 
атқара  алмайтын  болса,  қазақшаның  ешбір  қадірі,  құрметі  болмайды. 
Керегі болмаған нәрсеге, халық анталап ұмтылмайды. Оның шет жағасын 
көріп  жүрміз.  Мәселен,  бір  қазақ  ауылында  школ  мен  мектеп  қатар 
ашылса, школда оқушы бала көп болып шығады. Білім жағына келгенде 
мектепте  оқыған  балалар  артық.  Қазақтың  школға  қарай  ұмтылуы, 

139
қазақша  тілмен  қажеті  өтелмегендіктің  салдары.  Қазақ  әдебиетінің 
гүлденіп  өсуі  де  халық  арасында  дәрежелі  болуымен  табылады.  Ағаш, 
киіз бау сияқты саймандарынан бір нұсқасы да іс жүзінде көрінбей тұр.
Бұдан  былайғы  күнде  қазақ  тілі  өзіне  берілген  теңдікке  не  болып, 
қатардан орын алуы тиіс.
Біз  ең  үлкен  жұмыстан  бастап  болмашы  жұмысқа  шейін  «кісі  жоқ, 
қызметкер жетпейді» деп зарланамыз. Ол зардың бәрі қазақша тілдің іске 
жарамай тұрғандығынан болып тұр. Кеңсе жазуы орысша болып тұрған 
күнде, еш уақыт қызметке жетпек емес. Кеңсенің кішкене хатшысы болу 
үшін кемінде 6 жыл орысша оқу керек. Әрине, ондай кісі сирек табылмақ. 
Кеңсе тілі қазақша болса, мектепте 2 жыл оқыған қазақ балалары хатшы 
болуға  жарайды.  Қызметкер  көбейеді.  Жұмыс  ілгері  басады.  Арызын 
жаздыру үшін тіл білетін орыстың есігін күзетіп, жазылған жол басына 
ақшасын  санап  беріп  100  жылдай  зарығып  тентіреуі  қазаққа  жетерлік 
қорлық  болды.  Төңкерістің  беріп  отырған  теңдігінен  безіп,  қазақты 
бұрынғы қалыпта сандалтып қою жолында болған кісілерді, ескі құлаған 
хүкіметтің қара жүрек аздырғыштары арқылы берген тәрбиесі, сүйегіне 
сіңген соғылғандар деп атаймыз.
Кеңсе тілінің бірден қазақша болып кетуінің қиынырақ екенін білмей 
отырған  кісі  жоқ.  Қиын  деп  шарасына  кіріспей,  бас  шайқап  отырудың 
тіпті лайығы жоқ. Тезінен шарасын тауып қазақ тіліне жол ашу, бейшара 
қазақты бейнеттен құтқару саңлауы бар азаматтардың үлкен міндеті. Бұл, 
туралы төмендегі жобаны ұсынып, азаматтарымыздың алдына саламын:
1. Қазақстанның ішкі істер комиссариаты, кеңселерге керекті барлық 
кітап-журналдарды  қазақша  үлгімен  бастырып  губерна,  үйез,  болыс 
ауылдарға тарату;
2.Үйездік  атқару  комитеттері  әрбір  үйезде  50  кісілік  кеңсе  қызмет-
кері шығаратын бір айлық курс ашу. Курсқа қазақша хатты жақсы жаза 
білетін кісілерді алу (жасына қарамай). Бұрын кеңсе қызметін атқарып 
жатқан  жігіттер  оқытушы  болып  оқытқанда  мектеп  ішінде  сөйлесіп, 
кеңсе жұмысын алып жүру реті журналдардың үлгісімен көрсетумен ғана 
қалдырмай, шәкірттерді әрбір кеңселерге алып барып жаздырып, іспен 
көрсетіп таныстыру;
3. Журналдардың таралып жетуін, курстың бітуін күтіп тұрмай, осы 
бастан  ауылдық,  болыстық,  үйездік  кеңселер  жұмыстарын  қазақшаға 
айналдыра  беру.  Губерниялық  кеңселер  өзінен  төменгі  кеңселерге  қа-
зақша жазу олардан келген қазақшаны қабыл алып отыру. Губерниялық 
кеңселер өз араларында һәм өзінен жоғарғы кеңсеге қай тілде жазса да 
ерікті болу;
4. Курсты бітірген шәкірттер кеңселерге таралып біткенше, әр үйезде 
бұрын  кеңсе  қызметіне  ысылған  бір  жігіттен  жолбасшы  (инструктор) 

140
қойылу.  Жолбасшы  тыным  алмай  болыстық  кеңселерді  аралап  үйретіп 
жүру;
5. Осы күнгі болып жатқан кеңестер сайлауы біткеннен кейін (1921 
жыл 1-майдан арғы уақытта) қазақ болысына орысша жазылып берілген 
жарлықтарды  шақыру,  қағаздарды  сұрау,  сөздерді  орындауға  болыстық 
комитеттер, қазақтар міндетті саналмай еріктерінде қалдыру. Еңбекшіл 
қазақты  кіндік  атқару  комитеті,  халық  комиссарларының  кеңесі  кеңсе 
тілінің  қазақша  болу  шарасын  қарастырып,  тезінен  іс  жүзіне  асырып, 
бейшара  қазақты  ауыр  бейнеттен  құтқарып,  шын  Қазақ  Республикасы 
екенін танытар деп сенеміз.
М. Тұрғанбай 
Еңбекшілер автономиясы
Бұрын,  патшалы  Россияда  180  миллион  жұрт  бар  еді.  Бұлардың 
тұқымы,  діні,  тілі,  салты,  тіршілігі  бір-біріне  үйлеспейтін  еді.  Орысқа 
пайдалы  заң  қазаққа  жайсыз  келуші  еді.  Ноғайға  лайықталып  пішкен 
тон,  өзбекке  келте  келуші  еді.  Башқұртқа  деп  тіккен  етік  түрікпеннің 
аяғын қысушы еді. Патша үкіметі бұл айырмаға қарамады. Отаршылық, 
жиһангершілік  саясатын  қолданып,  қол  астындағы  ұлттардың  табиғи 
тілектеріне,  тұрмыс  ағымына  қарсы  іс  қылып,  бәрін  бір  шыбықпен 
айдады. Бәріне бірыңғай закон жүргізіп, орыс қожалығын үстем қылып, 
Россия орыстар үшін деген бағдарда болды. 
Закон орыс тілінде болды. Оқу, оқыту, кеңсе тілі орысша болды. Сот 
орысша  болды.  Билеушілер  орыс  болды.  Жер-су,  қазына,  әскер  билігі 
орыс қолында болды. Орыс емес ұлттар «бұралқы», «бұратана» атанып 
айтқанға  көнгіш,  айдағанға  жүргіш  көн  терілі  көк  есек  болды.  Орыс 
отаршылары, Россиядағы уақ ұлттардан маймыл ойнатқандай қылды.
Мұнан не туды?
Мұнан ұлтшылдық туды. Уақ ұлттардың, ұлтшыл болмасқа шарасы 
қалмады.  Бұлар  күңкілдеді,  қыңқылдады.  Бірақ,  қолдарынан  ешнәрсе 
келмеді.
Февраль төңкерісі туды.
Ғасырлар  бойына  езілген,  жаншылған,  қараңғылықта  қамалған  ұлт-
тар,  кенеттен  көзі  ашылып  кеткен  соқырлар,  күнге  қарауға  көзі  шағы-
лысқандай көріп жүрген адамдарға, танымал заттардың бәрі оларға жат 
көрініп,  ақты  көктен,  қызылды  жасылдан  айыра  алмағандай,  тек  көзі 
ашылғанына,  қараңғылықтан,  соқырлықтан  құтылғанынан  қуанғандай. 
Төнкерістің  әсілі  не  екенін,  аяғы  неге  соғарын  көп  ескермеді.  Орыс 
үстемдігінен, орыс үстемдігін жүргізген патша хүкіметінен құтылғанына 
мәз болып, ол үстемдікке қайта ұшырамаудың шарасы – іргесін бөлектеп, 

141
өз тізгінін өзі алып, жол ұлтшыл автономия болу деп, сол жолда харекет 
қылды.  Украина,  Польша,  Финляндиялар  баяғыдан  бергі  жолдастығы-
мыз да жетер деп, шу дегеннен-ақ, атының басын бұрып алып Россия-
мен қош айтысты.
Октябрь төңкерісі туды.
Еңбекшілер  ұраны  жаңғырықты.  Кеңес  хүкіметі  құрылды.  Тап  тар-
тысы басталды. Капиталға қарсы соғыс жарияланды. Октябрь төңкерісі 
адам  баласын  екі  ғана  тапқа  бөлді.  1)  капиталшылар,  жиһангерлер, 
отаршылар, байлар, жуан-жұдырықтар, ақ сүйектер; 2) жарлылар, жал-
шылар, өз еңбегімен күн көрушілер қысқартып айтқанда, бұл екі тап құл-
данушылар һәм құлдықта жүргендер еді. Қапелімде, жұрттың көбі, Кеңес 
хүкіметінің соңынан еріп кете қоймады. Мұның себептері мыналар еді:
1. Россиядағы жалпы жұрттың төңкеріске даярсыздығы. Төңкерісшіл 
күштің кемдігі һәм саяси төрбиенің жоқтығы;
2.  Уақ  ұлттар  арасында  Европадағыдай  капитал  һәм  жұмыскерлер 
болмауы. Сондықтан, тап айырмасынан ұлтшылдык пікірінің күштілігі;
3. Төңкеріс көктен түскендей көрінген соң, еңбекшілер туы Россияда 
көтеріліп,  Кеңес  хүкіметі  де  орыстың  ордасы  Мәскеуде  құрылған  соң, 
қараңғы, езілген, орыс тепкісін көп көрген елдердің бәрі, орыстың бәрі 
орыс деп қапелімде сенімсіз көзбен қарауы;
4. Социал (әлеуметшілік) төңкеріс ерте көрініп, мұның күшті түрде 
орнауына, өмірлі болуына көріп жетпегендік еді;
5.  Большевизмге  қарсы  меньшевик,  Эсер  партияларының,  жұрттың 
бәрін құрылтай арқылы жарылқамақ болған уәдесі.
Бұлардан басқа да себептер болса керек. Бірақ, ең бастылары осылар 
еді.
Кеңес хүкіметі шын еңбекшілер хүкіметі болып, қолданған саясаты 
іске асуға айналғанын көре бастап, еңбекшіл таптың жауларымен алысып, 
езілген ұлттарға көзкарасы анықталған соң, әp ұлттың өз жуандарынан 
өз  кедейлерін  қорғауға  тиіс  екендігін,  сөзбен  үгіттеп,  іспен  көрсеткен 
соң, ортақшылық тонын жамылып, отаршылық аранын жүргізушілерге 
рақымсыздығын  білдірген  соң,  ұлт  мәселесіне  айрықша  назар  салып, 
еңбекшілер  автономиясына  жол  ашқан  соң,  әр  ұлт  ортақшылық,  туыс-
қандық жолына түсу үшін, өз еркі өзінде, өз жыры өзінде, өз тілін, өз әде-
биетін, өз мақсатын, өз мектебін, өз шаруасын, өз тұрмысын көркейтіп, 
өзінен шыққан өз жайына жетік, өзіне жаны ашитын басшылары болсын 
дегенге әбден түсініп, сеніп уақ ұлттар сонан кейін ғана, Кеңес хүкіметі-
нің соңына ерді. Еңбекшілер туының астына жиналды. Ортақшыл партия-
ның жолына түсті. Бүгін, біз не көріп отырмыз?
Бүгін,  біз  көріп  отырмыз  патша  хүкіметінің  Россия  орыстар  үшін 
ғана  деген  ескі  Россияда,  20  шақты  Кеңесшіл  антономиялар  құрылып, 

142
бәрі  бірге  одақтасып,  әлеуметшілік  негізіне  құрылған  Россия  Құрама 
Республикасы жасалып отыр.
Өз тізгіні өзіне тиген біздің қазақ-қырғыз еңбекшілеріне енді не істеу 
керек? Алдымен, енбекшіл қазақ-қырғыз өзінің досы кім? Соны жақсы 
айыру керек.
Қазақ-қырғыздың досы кім? Қасы кім?
Кім құлданса, кім зорлық қылса, кім жесе қасы сол. Кім құлдықтан 
құтқарса, кім теңгерсе, кім әділдік қылса, аяушылық көрсетсе досы сол. 
Орыс отаршылары жуан-жұдырық қылады екен. Жер-суын, мал-мүлкін 
тартып алады екен. Қазақ-қырғыздың жауы сол. Қазақ-қырғыздың жауы 
сол  қазақ-қырғыздың  өз  байы,  өз  манабы,  өз  болысы,  өз  атқа  мінгені 
зорлық  қылады  екен,  арам  ойлы,  парашыл  оқығандары  жейді  екен  – 
жауы  сол.  Менің  бар  тапқанымды  тартып  алып,  өзімді  малайлыққа 
салып, көзіме шыбын үймелетіп қойса, маған Қойшыбайдың қазақтығы, 
мұсылмандығы  қанша  керек!  Маған  жақсылық  қылса,  жаны  ашыса, 
оның орыстығында, кәпірлігінде менің не жұмысым бар. Сондықтан, ұлт 
айырмасы туысқандық, дін басқалығы, кәпірлік, мұсылмандық дегеннің 
бәрі бос сөз.
Екінші  істейтін  іс,  кедейлер,  жалшылар  (еңбекшілер)  ұйымдасу. 
Ұйымдаспаған тап, ұрандаспаған топ мақсатына жете алмайды. Көрін-
генге жем болады. Кез келгенге құл болады.
Ұйымдасқаннан кейін істейтін ісі, өз теңдігіне өзі ие болу үшін қам 
қылу. Бұл қамдар:
1. Өз арасындағы отаршылармен, жуан-жұдырықтармен, зорлықшы-
лармен аянбай алысу;
2.  Өтірік  ортақшыл  болып  ұйымдарға,  махкемелерге  кіріп  алып, 
енбекшілерді жем қылып тұрған антұрғандарды (кім болса, ол болсын) 
қуып  жіберіп,  орнына  шын  еңбекшілдердің  өздері  шын  еңбекшілерге 
жаны  ашитын  жұрттың  жай-күйі,  мұң  мұқтажы,  тілі,  ғұрпына  жетік 
адамдарды отырғызу;
3.  Махкемелерде,  ұйымдарда,  соттарда  өз  тілінде  іс  жүргізіп,  мек-
тептерде, медреселерде өз тілімен оқып, әдебиетін, баспасөзін өз тілінде 
өрбітуге, өршітуге талаптану, өнер білімге ұмтылу;
4. Еңбек майданына аттанып, мемлекет шаруашылығын түзету;
5. Әлі жеңіліп бітпеген дүние капиталшыларына, жиһангерлеріне қар-
сы тұру үшін, еңбекшілер қожалығын орнату үшін қазақ-қырғыз кедей-
лерінен қызыл әскер жасау.
Осы айтылғандар істелсе, қазірден қазақ-қырғыз кедейлері, жалшы-
лары ұйымдасып, бұларды істеу шарасына кіріссе, құлдықтан құтылды. 
Еңбекшілер теңелді. Өз тізгінін өзі алды. Кеңесшіл автономия кұрылды 
деген, осы болады.

143
Төрт жылдық төңкеріс тарихы, айтыспай-тартыспай, жұлыспай ешбір 
жұрт, ешбір тап дегеніне жете алмайтындығын көрсетіп отыр. Төңкеріс-
тің  мағынасы  да,  күшпен  төңкеріп  тастау  деген  сөз.  Күш  ұйымдасуда 
екенін  тағы  көріп  отырмыз.  Жетісу  қазақ-қырғызы  көрінгенге  қол 
қусырып, құлдық құрып еді. Ақырында, қанға боялып, ит пен құсқа жем 
болды. Қатарынан кем болды. Соңғы кезде, әбден ашынып ұйымдасып 
еді.  Зорлықшыл  жуан-жұдырықтар  отаршы-озбырлар  жымдай  болды. 
Жегендерін қайта құса бастады.
Мұны  көрген  қазақ-қырғыз  еңбекшілері,  өзгеге  жалынбай,  жал-
тақтамай өз күштеріңе, өз берекелеріңе сүйеніп іске кірісіңдер! Бірігіңдер, 
ұйымдасыңдар!
Кедейлер,  жалшылар  біріксе,  ұйымдасса  еңбекшілер  қожалығы 
күшейеді. Еңбекшілер автономиясы көркейеді!
Көркейсін, еңбекшіл ұлттың Кеңесшіл автономиясы!
М. Дулатұлы
Бұйрық-жарлықтар

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет