жұдырық қатындар ғой.
− Оның да ақыл екен,- деді апам келісіп.- Әй, Қанат, бар онда, Қалипа мен
Сәруені тез шақырып кел. Бір тығыз шаруа боп қалды де.
Мен жүгіре жөнелдім де, әне-міне, дегенше Қалипаны да, Сәруені де оятып,
асықтырып алып келдім.
− Әй, әуселесін көріп алайықшы өзінің,- десіп Қалипа да, Сәруе де
білектерін сыбанысып қызынып кетті. Әйелдердің бәрі жиналған соң апам бастап,
барлығы Ырысбектің үйіне бет алды.
− Сендер ауыз үйде тұра тұрыңдар. Мен өзім жалғыз кіріп, сөйлесіп
көрейін,- деді апам, бәлкім, айтқанға ұрыс-жанжалсыз-ақ көніп қалар.
Әйелдер әуелі терезеден қараған: Ырысбек шалқасынан түсіп домбырасын
тыңқылдатып жатыр да, Зибаш қазан-ошақ жақта тамақ пісіріп жүр екен.
− Әдіре қалғырлар, Қозы мен Баян ғұсап қапты ғой,- деді Нұрсұлу
күңкілдеп.- Екеуін де осы қазір тырдай жалаңаштап шешіндіріп ап, біріне-бірін
теріс қаратып байлап, әнеу шұңқырдағы суға тастай салсақ па екен.
− Қайтесің жүзіқараларды.
− Жоға деймін-ау, сайтаным ұстап тұрғаны түрлерін көріп.
Апам ішке кіріп кетті де, басқамыз ауыз үйде қалдық. Мен бірден есіктің
саңылауына жабыстым.
− Кеш жарық! — деді апам.
Ырысбек көзін бір рет алақ-жұлақ еткізгені болмаса, жатқан күйінен
қозғалған жоқ, ал Зибаш есі шығып:
− Ә, тәтем екен ғой, жоғары шығыңыз,- деп бәйек боп қалды.
− Шықпаймын жоғары. Келген шаруамды осы арада тұрып-ақ айтайын,- деді
апам.- Қараң қалғыр, Ырысбекке тидім де, германды жеңдім дедің бе, неге
жұмысқа шықпадың бүгін? -деп Зибашқа бірден дүрсе қоя берді.
− Тәте-ау, мен бүгінше… бүгінше…
− Бүгінше дейтін түк те жоқ. Бүгін, ертеңді көтеретін уақыт па, осы кез.
Адам жетіспей мұрнымыздан қан кетіп жатқанда. Қазір жинал да арбаңды жек.
Станцияға астық тартасың! Бол, тез! — деп апам қамшысын үйірді.
− Қазір ме?
− Тура осы қазір! Ал сен, Ырысбек шырағым, не мына әйеліңмен бірге
арбамен астық тартуға шық, әйтпесе, жүр анау қырманға, бидай тастасасың.
Созылып жатуың жетті енді. Қатын-қалаш, бала-шағаның мойнына масыл болма.
Нанымызды бекер жеме. Сен соғыста қан төгіп келсең, біз жанымызды беріп
отырмыз.
Зибаш біресе апама, біресе Ырысбекке жалтақтай қарап, киіне бастаған.
Апамның сөзін шыбын шаққан ғұрлы көрмей жатқан Ырысбек:
− Зибаш-ай, тамағыңды беріп, төсегіңді салсаңшы, жаным. Жаталық та,-
деді жайбарақат үнмен.
− Қазір, қазір…
− Әй, шырағым, мен кімге айтып тұрмын. Тұр, көтер басыңды! — деді апам
ақырып.
− Зибаш-ай, мына кісіге есікті көрсетіп жіберші, кіруін кіріп ап, шыға алмай
тұр ғой деймін.
Шыдай алмай кеткен болу керек, апам Ырысбекті қамшымен көсілте бір
тартып жіберді. Атып тұрған Ырысбек қалш-қалш етіп апама қарай тап берген.
Көзі шатынап, жұдырығы тастай боп түйіліп алпамсадай еркек енді бүруге шақ
қалғанда апам тайсалмастан оны тағы бір тартып жіберді де:
− Әй, қатындар! Келіңдер, ұстаңдар мынаны! — деп айқай салды.
Осы сәтті күтіп тұрған әйелдер бірін-бірі итере-митере білектерін сыбанып
кіріп барған.
− Әдіре қалғыр, саусағыңды қимылдатшы кәне, жүнше түтелік! — деді
Нұрсұлу гүжілдей ұмтылып.- Сенің қаның соғыстан бұзылып келсе, біздің қанымыз
осы ауылда жүріп-ақ бұзылды. Біз де қанымызға қарайып өш алып, өлтіретін адам
таппай жүрміз. О несі-ей, шала пішілген сәуріктей қодыраңдап. Әй, қатындар,
байлалық мынаның аяқ-қолын!..
Алақ-жұлақ етіп есі шыққан Ырысбек шегіншектей түсіп, қамшы тиген иығын
сипай берді.
− Апырай, сендер ме едіңдер?!.- деді бағанадан мүлде танымай тұрған
адамдай. Онан соң бет-аузы түшкіргісі келгендей тыржыңдап қисаңдай бастады да,
кенет өгіздей өкіріп жылап жіберді.
− Шынымен-ақ ұрдың-ау мені, шыныменен қол көтердің-ау маған, жеңешем-
ай!.. Қор болған жерім-ай!.. Ө-о-ө…
Екі қолымен бетін басқан, саусақтарының арасынан шып-шып жас
сорғалайды…
Әйелдер түйіліп келген бойлары енді не істерлерін білмей үрпиісіп тұрып
қалған.
− Құдай-ау, қор болдым-ау…- дейді Ырысбек, күңірене дауыстап.- Ал неғып
тұрсыңдар? Талаңдар мені! Ұрыңдар!.. Фашистен қалған мына тесік өкпені суырып
алыңдар!.. Ө-ө-ө… О, қайран жеңгелерім, сағынып келгенімдегі, маған деген
сыйларың осы болғаны ма?!. Ей, сұм тағдыр, неге мені тірі қалдырдың бүйтіп
қорлағанша?! Әлде көрсетпегің осы тәлкек пе еді… Неге тірі қайттым, мен
бейбақ!.. Ө-ө-ө…
Солқылдап жылаған түрін, айтқан сөздерін ести тұрып төбе құйқаң
шымырлайды.
Осылайша біраз жылап алды да:
− Жә, болды… болды…- деп өзін-өзі жұбатты. Көзін сүртті. Өксік солығын
баса тұрып әйелдерге тегіс жағалай қарап өтті.
− Құдай-ау, бәрі де өзімнің ет бауыр егізімнің сыңарындай аяулы жеңгелерім
ғой. Сірә, мені танымай қалдыңдар-ау деймін?..
Әр әйелге елжірей қарады.
− Не боса о босын, тәубеме бір келтірдіңдер… А-ха-ха-ха-ха-а…- деп
қарқылдап күліп жіберді. Ол со қарқылдаған бойында екі иығы онан әрмен селк-
селк етіп, одан ішін басып сылқылдап көзінен жас аққанша күлді. Рас күлкі ме,
өтірік күлкі ме, айыру қиын. Әлден уақытта күлкіден шаршағандай екі иығы
салбырап отыра кетті де, өзіне төніп кеп тұрған әйелдерге жайбарақат жайдары
үнмен:
− Қайран жеңешелерім, еңіреген ер ағаларымның асыл жарлары, тәубеме
бір келтірдіңдер-ау! Ризамын…- деді тағы да.- Отырыңдар!.. Сіздер жұмсаған жаққа
бармай мен қайда кетеді дейсіңдер. Арба айда десеңдер арба айдайын, астық
таста десеңдер оны да істейін. Жігіттік сөзім, ант етіп айтайын, қосқан
жұмыстарыңды істеймін. Туған ел, туған жерді сағынғанда, осы өздеріңдей
жеңгелерімнің ұлтаны боп жүрсем деп армандап ем. Ауылға келген соң соның
бәрін ұмытып ит боп барады екем, кешіріңдер. Мен қайттым райымнан… Ал енді
менің де аз тілегім, отырыңдар, дәм татыңдар, онан соң бірге шығайық. Зибаш,
тездет, тамағыңды!.. Отырыңдар, жеңгелер. Дастарқанымызды теппеңдер…
Апам бастаған әйелдер бір-біріне қарап қойды да аң-таң боп, отыра-отыра
кетті. Зибаш отты үстемелей жағып, көжесін сақыр-сұқыр қайнатып тездете
бастады.
− Тездет, Зибаш!.. Көп кешікпейік,- деп қойды да Ырысбек домбырасына
қол созды.-Сенің көжең піскенше мен жеңгелеріме бір-екі ән салып берейін,- деді.
− Сөйтсең сөйтші,- деді аяғын көсіліп жайғасыңқырай отырған Нұрсұлу.
Ырысбек домбырасын күйлеп, тамағын бір кенеп алды да мұңайған үнмен:
− Кеудеме жау оғы тиіп, ұрыс даласында қансырап жатқанымда туған жер,
ел-жұрт, мына отырған өздерің көз алдыма елестеп, «дүние-ай, соларды бір көре
алмай кетемін бе»,- деп тарығып жатып шығарған әнім еді. Қазір сендерге соны
айтып берейін,- деді.
Әйелдердің бір-екеуі еріксіз бір еріксіз күрсініп қалды. Ырысбек зарлы әуенді
аңырата жөнелді. Өзінің туған ел, туған жермен қош айтысып, аждаһа жауға қарсы
аттанғаны, жауған оқ пен жанған оттың ортасына тап болғаны, әккі жаумен
арыстанша алысқаны, қапыда жараланғаны, содан қансырап ұрыс даласында
қалғаны, бір жұтым суға зар болғаны, сол сәтте туған ел, туған жер, күліп-ойнаған
құрбы-құрдас бәрі-бәрі тізбектеліп өте бастайды көз алдынан; әрқайсысының көңіл
қимас мінез-қылықтары, құрбылық наздары бар, итшілеген тірлікте бір-бірінің
қадірін білмеген, көкіректі қарс айырған өкініш бар… Ырысбектің көзінен тарам-
тарам жас кетті. Зарлаған даусы, онан да зарлы сөздері жүйке-жүйкені босатып,
мүлде егілтіп жіберді.
− Сорлы-ай… қайтсін-ай!..- деген әйелдердің бірі жылай сөйлеп аһ ұрып.
Сол-ақ екен бәрі бірдей мырс-мырс жылап берді.
Қош-есен бол, жеңгелер,
Су бер десем, бал берер.
Қапыда кеттім, дүние-ай…
Зарымды менің кім көрер?..
Өзі де жылап, әйелдерді де жылатып біраз шер тарқатқаннан кейін
Ырысбек:
− Өстіп зар еңіреп жатқанымда орыстың бір қаршадай қызы, дәл осы өзімнің
Нәзира қарындасымдай балғын жасы кеп, өлімнен арашалап алып қалды,- деп,
домбырасын шетке тастай салды. Онан соң: — Қой, жылап отыратын уақыт па.
Жұмысқа аттанайық! — деді көзінің жасын сүртіп.- Көңіл шіркінді еркіне жіберсең
езіле береді. Бір ауық өзіңді-өзің тежемесең. Бекем болайық, жеңгелер!
− Рақмет, қайным!
− Бақытты бол!
− Зибаш екеуің қосағыңмен қоса ағарыңдар! — десті әйелдер шын көңілден
риза болып.
Әлгіндегі ашулы келістерінен, бұрқ-сарқ еткен сөздерінен із де қалған жоқ
еді. Бәрінің де көңілдері елжірей қалған жұмсақ күйде.
− Зибаш, көжеңді әкел! — деседі.
Ортаға келген жарты тегеш кеспе көжені қолдарына тиген шұңғыл ыдысқа
құйып, екеу-үшеуден кезектесіп бір қасықпен ішуге кірісті. Ырысбекке үлкен
тостақан мен жеке қасық беріп:
− Сен еркексің ғой бізге қарама. Тойып ал! — дейді. Сырттан есік алдынан
біреулер тасыр-тұсыр жүгіріп өтті. Сөйткенше болған жоқ, есіктен сұңқиып жынды
Бүбітай кіріп келді. Үйдегілерге тегіс бажырайып қарап өтті де:
− Тойлап отырсыңдар, ә,- деді.- Мені ғой тойға шақырмайсыңдар. Ал
шақырмасаңдар да мен өзім келдім,- деп босағаға отыра кетті. Үсті-басы жұлым-
жұлым, кір-кір еді, өзі жүдеу.
Мен зәрем ұшып апама тығыла түстім.
− Ей, қор болған сорлы-ай!..- деді Нұрсұлу, аяныш білдіріп күрсіне. Үй
ішіндегілер көжені сораптатқандарын тоқтатып, тым-тырыс тына қалды.
− Ал әкесеңдерші, қант-кәмпиттеріңнен, шай ішелік,- деді Бүбітай.
Ауыз үйден тықыр естілді де, ақырын ғана есікті ашып Тоштан кірді. Бүбітай:
«Ойбай-ай, ойбай-ай!.. Мынау тағы жетті-ау!» — деп зар қағып ыршып, әйелдерді
баса-көктеп төрдегі Ырысбектің қасына бір-ақ жетті. Зәресі ұшқан Ырысбек атып
қазан жақтағы Зибаштың қасына барды.
− Тәтем маған бой бермей қашып келді,- деді Тоштан кінәлі адамдай өзінің
қолында ұшына сым темір байланған кішкентай қамшысы бар.
− Тәтеңді сен өзің қарап жүрсің бе? — деп сұрады Нұрсұлу.
− Иә, өзім қараймын.
− Немене, сонда бір үйде екеуің ғана жатасың ба?
− Иә, екеуміз ғана.
− Әй, мына тамақты маған қойдыңдар ма? — деді Бүбітай Ырысбектен
қалған көжеге қарап.
− Иә, саған қойдық. Іш.
Бүбітай ашқарақтанып көжені алды-артына қарамай апыл-ғұпыл іше
бастады.
− И-и, сорлы-ай…
− И-и, байқұс-ай, аш екен-ау! — десіп әйелдер егіліп кетті.
− Тоштан, келе ғой, қарағым, көже іш,- деп апам алдымыздағы тостағанға
тегеште қалған көжеден толтыра құйды.
Тоштанның да қарны аш екен, көжені қомағайлана ұрттады. Әйелдердің
әрқайсысы одан әр нәрсені сұрап жатыр, ол көжені ұрттай отырып жауап қатады.
− Тәтеңмен екеуің жалғыз жатқанда қорықпайсың ба?
− Алғашқыда қорқатынмын, қазір қорықпаймын.
− Әйтеуір айтқаныңды істей ме, тіліңді ала ма?
− Тілімді алмаса мына қамшымен ұрам. Байдалы атам солай үйреткен. Ал
оған да көнбесе онда, міне, бізім бар, мұны да со Байдалы атам жасап берген,
осыны сұғып алам.
− Өзіңді ұрып тастамай ма?
− Жоқ. Бізден қорқады.
− Ал жатқанда қалай жатасыңдар.
− Жатарда мен тәтемнің қолын артына қайырып байлап қоям.
− Неге?
− Әйтпесе, түнде тұрып мені тұншықтырады. Қолының жібі шешіліп кетіп екі
рет тұншықтырды да.
Көжені ішіп болған соң Бүбітай жан-жағына түкірініп, күбір-күбір сөйледі де,
ешкімге қарамастан, жолында отырғандарды баса-жанша сыртқа беттеді.
Тоштан да тұрып соңынан ерді. Есіктен шығып бара жатып менің апама:
− Апа, мен күніне бір уақыт барып қырманда жұмыс істесем бола ма? — деді
жалынышты үнмен,- Әйтпесе, қыс түсіп келе жатыр, тәтем екеуміз аштан өліп
қаламыз ғой.
− Болады, қарағым, болады. Өзің шамаңның келгенінше қырманда істе.
Кейін тәтең екеуіңе әскер семьясы деп жәрдем бергіземіз,- деді апам.
− Ойпырм-ай, иманымды бір ұшырды-ау,- деді Ырысбек күле сөйлеп. Бірақ
оның сөзіне ешкім үндей қойған жоқ. Түрлері тоң-торыс боп қабақтары түсіп
кеткен әйелдер күрсіне береді.
− Әй, Ырысбек, темекіңнен әкеші,- деді кенет Нұрсұлу.
Онан соң Ырысбек ұсынған темекісі бар дорбаны алып, шылым орады. «Әй,
қатын, бізге де берші, бері!» — деп Сәруа мен Қалипа да темекіге қол созды. Үйдің
ішін ащы темекінің көк түтіні жайлады. Қою түтін. Тамақты жыбырлатып, көзді
ашытып еріксіз жөтелдіреді. Үш әйел үш жақтан бұрқ-бұрқ тартып отыр. Мен
жөтеле бастағам, апам:
− Түу, сонша бұрқыратқандарың-ай, мұрындарыңды құрт жеп бара
жатқандай,- деді.
− Ей, қатын-ай, мұрнымды жемесе де кеудемді жеп барады ғой Осы ащы
түтіннен басқа не жұбаныш қалды енді,- деді Нұрсұлу,- осыны да көп көріп
отырсың ба?
− Мейлің, тарта бер.
− Ойбу, отырып қаппыз ғой, ал тұралық енді,- деді орнынан қозғалған апам
даусы аяқ асты қатқылдап.- Зибаш, Ырысбек екеуің артымыздан келерсіңдер, мен
қырманға барып арбаларға астық тиете берейін, ай туа жүріп кетіңдер.
− Мақұл, тәте,- деді Зибаш.
Былайырақ шыққан соң әйелдердің бірі:
− Құдай-ау, не боп біттік өзі, түйіліп кеп сұйылып қалдық па,- деген.
− Е, қайдан көздеріңді сығымдап, еркек көрмегендей Ырысбектің аузына
телмірдіңдер де қалдыңдар,- деді Нұрсұлу.
− Әй қатын, өйтіп бұлтақтама. Айтсаң айтшы деп, жалп етіп бірінші отыра
кеткен сенің өзің емессің бе?
− Мен оның әнін тыңдайын дедім.
− Бәріміз де со әнін тыңдайық дедік қой.
− Әй, меніңше сол Ырысбек, бізді бала ғұсатып аузымызды аңқитып алдап
жіберген сияқты.
− Қой әрі, ер-азамат басымен ант етті ғой. Сөзінде тұрар,- деді Нұрсұлу.-
Әдіре қалғыр, осыдан алдап көрсін, немістің оғынан қалған жарты өкпесінен бір
қойып, көкірегін қаздай шулатайын.
− Сенен ол да шығар,- деді апам күліп.
− Е, шықпай ше? Қатын басыммен сіңірім созылып мен жүрсем, еркек
басымен шалқасынан түсіп ол жатса…
− Әй қатындар! — деді апам бәрін тоқтатып. Иіріле аялдаған әйелдер бір
сәтке үнсіз тұрып қалды. Ал тағы не айтасың дегендей қараңғыда апамның аузына
қарайды. Тау жақтан ақырын ғана үріп қоңыр жел соғып тұр. Күздің салқын желі.
− Түу, мына бір желдің рақаты-ай, таң атқанша талай астық ұшырып
тастауға болады екен,- деді апам самбырлай сөйлеп.
− Әй қатын, айтатыныңды тура айтсаңшы, өйтіп тұспалдамай,- деп Нұрсұлу
оның сөзін бөліп кеткен.
− Не айтар дейсің… барыңдар, дем алыңдар… Әй, Нәзира, жүр біз қырманға
кетелік.
− Міне, бұл мысыңды өстіп құртады ғой. Жә, балалар ұйықтап қалды, қазір
барып төсекте төңбекшігенше, мен де қырман жаққа барайын. Сол жерде бірдеңе
ғып көз шырымын алармын. Бәтиқа, мен таңертең келе алмай қалғандай болсам
біздің сиырды да сауа саларсың…
− Жүр, Қанат, мен сені үйге апарып тастайын,- деп Нәзира әпкем қолымнан
ұстап сүйрете жөнелді. Екеуіміздің тапыр-тұпыр жүгіргенімізге көшедегі иттер
шуылдап кетті. Бізге қарай шабалана үреді. Бірақ Нәзира әпкем қорықпайды,
жақындағандарын ұзын бишігін сілтеп қап қаңқ еткізеді.
Мен күнде сабақтан шығысымен қырманға барып малатастың басына мініп
жүрдім. Ала көз торы аттың дүңк-дүңк желісіне әбден үйреніп алғам, үзеңгіге
аяғымды шіреп қопаң-қопаң етем де отырам, ішім де ауырмайды, басым да
алғашқы күнгідей онша айналмайды. Мені көріп басқа балалар да қырманға
үйірсектей бастады. Қайрат пен Бәтен келген, ол екеуі де бір-бір малатастың
басына мінді. Ешкім шақырмай-ақ өз еркімен Әжібек те келген, бізге қарағанда
ересек санап оны молотилканың басына мінгізді. Алғашқы күні ол еш қиқалақсыз
жақсы істеді, бірде-бір рет тоқтаған жоқ, кешкісін үйге қайтарда аяғы шалынысып
жығылып қала жаздады.
− Брр…- деді басын сілкілей күліп.- Мынау бір пәле жұмыс екен. Қап, қарап
жүрмей тұзаққа өзім кеп түстім-ау, ә, ақымақ боп. Осы қырманда істеген дегенді
шығарған сенсің ғой, ә, жетпегір,- деп әзілдеп, зілсіз ғана мені желкемнен бір түйіп
қалды.- Но, нешауа, мұның да бір амалын табармын.
Айтқанындай ертеңіне Әжібектің молотилкасының жүруінен тұруы, тоқтауы
көп болды. Анық он бау астық бастырмайды.
− Ойбай, мынау пәле бұзылды! Бұзылды! — деп аттан сап тұрғаны. Онан
соң өзі сабанның үстіне барып гүрс жата кетеді де сыпылдатып нан жеуге кіріседі.
Байдалы шал мен Көлбай керең екі жақтап жөндеп әлек, бірақ бәрібір, он
айналмайды, молотилка қайта тоқтайды.
Бір қалт етіп басымыз қосылғанда Әжібек бізге өз ақылын айтты.
− Ақымақтар, ертеден қара кешке дейін шыр айналып селкілдеп желе
бергенше, бір ауық дем алудың әдісін таппайсыңдар ма,- деген табалай ұрсып.-
Бәлек бекітілген тұстағы, әнеу бір болтты көрдіңдер ме? Мыналардың көзін ала
бере соны босатып қойсаңдар болды. Он шақты айналғаннан кейін өзі-ақ босап
түседі де қалады. Онан соң жерге секіріп түс те сол болтты іздескен боп жүріп,
сабанның астына көме сал. Бітті, қашан болтты тауып бекіткенше рақаттанып дем
аласың да жүресің. Байдалы шал мен Көлбай керең мықшыңдасын да жатсын,
танаулары пысылдап. Әйтпесе, бұ не, ертеңнен қара кешке ат үстінде селк-селк
етіп айнала-айнала кейін тентек болған қой сияқты миғұла боп қаларсың. Тентек
болған қойдың қайтетінін білесіңдер ме? Бір орында тұрып шыр көбелек айнала
береді, айнала береді, өйткені миы айналып кеткен. Мына сендер де сөйтесіңдер,
әлі.
Әжібектің сөзі бізге қатты әсер етті, дереу сол айтқан әдіспен біз де бәлектің
бекітілген болтын босатпақ боп әрекет етіп көргенбіз, онымыздан дәнеме
шықпады. Тастай боп бұралған болтты босата алмадық. Сондықтан үш малатас
бұрынғымызша кешке дейін астық бастырамыз.
Ақыры, Әжібектің істеп жүрген қитұрқысын Байдалы шал сезіп қойды білем,
енді одан екі елі көз жазбай қадағалай бастады. Әжібек аттан түссе-ақ болды:
− Әй, шақша бас, былай тұр, былай тұр бәлектен! Тура мына күрекпен бір
салып ұзыныңнан түсірем! — деп қуа бастайды.
− Кәне, ұрып көріңізші күрекпен, әне, өкіл жүр, дереу жауапқа
тартқызайын,- дейді Әжібек те беріспей тіресіп.
Мен бір тоқтағанымда қасыма жүгіріп Мәри келді. Олар үш-төрт қыз
тазаланған қызылды қаптауға шешелеріне көмектесіп жүрген болатым.
− Мә, саған жинадым,- деп сыбырлап бармақтың басындай жер сағызды
алақаныма бүге қойды. Екі жақ беті қанталап көгерген сияқты боп көрінді.- Апам
ұрды,- деді ол менің өзіне қадала қарағанымды сезіп.- Менің әнеугүнгі бидай ұрлап
апарғанымды інім айтып қойыпты. Сол үшін ұрды. Арқам тіпті көк ала қойдай,
шыбықпен ұрған. Қозғалсам ауырады.
Менің оған бір түрлі жаным ашып кетті.
− Әй, Қанат, мін атыңа! — деді осы кезде бастыруға жаңа бау төсеген
Байдалы шал.
− Қанат, сенің орныңа бір жол мен мінейінші,- деді Мәри қиылып.
− Мін,- дедім мен оған тізгінді ұсынып.
− Әй, балалар, кәне, ойынды қойыңдар! — деді Байдалы шал зекіп.- Әй,
қарағым, Мәри, бұл әртістің ойыны емес, аулақ жүр, бар анау өз жұмысыңа.
Мәри Байдалы шалға ренжи бір қарады да тайып, өз жайына кетті.
− Боқмұрын, қыз дегенде құрақ ұша қалуын,- деді Байдалы шал мені
аяғымнан көтеріп атқа мінгізіп тұрып.
− Сіз өзіңіз емес пе едіңіз сендердей күнімде үйленгем, қатын алғам, деп
бізді желіктіріп жүрген,- деді Әжібек қағыта күліп.
− Менімен сендер тең деген-ау. Онан да мұрындарыңды сүртіп алсаңдаршы,
жаман немелер.
− Әне, кит етсек өстіп кемсітесіз. Бопты сіз нағыз ескіліктің сарқыншағысыз.
Ылғи осы заманды кемсітіп сөйлейсіз. Қазіргі жастарды қорлайсыз. Егер анау
шолақ қол өкілге айтсам ғой…
− Осы, шақша бас ит кімге тартып туған-ей,- деді Әжібектің сөзі шымбайына
батқан Байдалы шал, оның «өкілге айтам» дегенінен шынымен-ақ именгендей
күле сөйлеп.-Әкесі марқұм бүкіл бір өлкені аузына қаратқан аяулы-ақ жігіт еді,
шешесі қой аузынан шөп алмайтынның өзі. Ал мұның басынан бір сөз асыра
алмайсың.
− Мен Сталин атама тартып туғам.
− Не дейді! Тек, әрі! Өй, күшік, о кісінің атынан садаға кеткір. Немене,
мазағың ба еді, сеніңі?
− Так, так, ақсақал! Кәне, айтқандарыңызды қайтып алыңыз, әйтпесе
өкінесіз. Мен ғана емес, бүкіл совет жастары со кісінің ұрпағы. Емес деп көріңізші
кәне, қазір анау өкілге айтып екі көзіңізді төрт қылайын. Еще күшік дейсіз ғой!..
Шақырайын ба өкілді, а?! Әй, өк…
− Жә, оттама әрі,- деп Байдалы шал енді жеңілгендей күле сөйлейді.
− Солай ма екен! Ха-ха-ха… Зәреңізді бір алдым-ау, әй, өзім-ай!..
Мұнан әрі мысы құрып сөзден жеңілген Байдалы шал қолын бір сілтеп бидай
тастауға бұрылып кетті. Әжібектен аулақ болғысы келген. Аз өтті ме, көп өтті ме,
Әжібек өзінің әуеніне басып ойбайлап, тағы да тоқтады.
− Бұзылды мынау, бұзылды тағы, ойбай!
Молотилканың тоқтап қалғанын көріп өкіл келді.
− Неге тоқтатасыздар?! Неге дұрыстап жөндемейсіздер! — деді көзін
алартып.
− Тастай қып-ақ бұрап тастап ем…- деді Байдалы шал күңкілдеп. Өзі өкілден
өлердей қорқады.
Шолақ қол өкілдің ала жаздай біздің ауылда жүріп, ауданға қайтып
кеткеніне он шақты күн болған, кеше Нұғыманмен бірге тағы қайтып келді. Тағы
да ұзаққа келген болу керек, шинелін бөктерініп, күзгі суыққа лайық жылы киініп
апты. Нұғыман мен апам екеуін қолды-аяққа тұрғызбай біресе орақшыларға, біресе
тас қоймаға жұмсап қойып, өзі ұзақты күнге қырманнан шықпайды. Қабағын
шытынып ешкіммен сөйлеспестен қызылдың үстінде сау қолымен жағын таянып,
томсырайып отырады да қояды. Кімнің жұмысты қалай істеп, қалай жүріп, қалай
тұрғанын қалт жібермейді. Өкілдің мұнысы әйелдерге ұнамайды-ақ.
− Өкіл деген бастықтың үйіне барып, жылы-жұмсақты жеп, ұйқысын
қандырып жатушы еді, мынау бір қарақшыдай қақиған біреу болды ғой,- деседі
күңкілдеп.
− Осының бәрі әлгі, құдай атқыр Зибаштың кесірінен. Ала жаздай артынан
түсті ғой… Жаман қардың осы өкілді менсінбегендегі тапқаны жынды Ырысбек
болыпты.
− Е бәсе, аяғымызды қия бастырмайды әйтеуір, сондай бір ызасы бар екен
ғой.
− Жә, қойшы әрі. Зибашқа өкпелеп, өшін бізден алса мұнын да өкілдігіне
болайын.
− Өзі де құр сырты күмпигенімен әйелге қыры жоқ бірдеңе болу керек.
− Әй, ақырын сөйлеңдер, естіп қоймасын…
Түсте әйелдер шай-су ішіп келуге ауылға қарай бет алған. Қырманнан едәуір
ұзап шыққан кездерінде, шолақ қол өкіл атына міне сап, шауып барып, бәрін
қырманға қайта қайырып айдап әкелді.
− Кәне, төгіңіздер, бойларыңыздағы астықты, әйтпесе мен өзім тінтем! —
деді ақырып.
Әйелдер бір-біріне жалтақтай қарап, қызараңдасып, ішкі қалталарындағы,
жүн шөлкилеріндегі бір уыс, жарым уыс бидайды қаққыштап төге бастады.
Артынан өкілдің өзі барлығының қалталарын, өн бойларын жалғыз қолымен
сипалап тінтіп қарап шықты. Сонан соң қырмандағыларды тегіс жинап (балаларды
да қосып) жиналыс өткізді. Қалың қабағы түксиіп, айқайлап жібере жаздап түтігіп,
өзін-өзі әрең деп іркіп дірілдей тұрып сөйледі.
− Жолдастар! Қазіргі уақытта бүкіл еліміз бір-ақ мақсатқа жұмылуда —
басқыншы жаудың түп-тамырына дейін балта шауып, тас-талқан ету. Партияның
басшылығымен біздің қаһарман қызыл әскеріміз жауды күннен-күнге тұқыртып,
соққы үстіне соққы беріп ойсырата түсуде. Қанды шайқас жүріп жатыр.
Жолдастар, мен өзім Батыс Украин майданына қатысқам, төрт рет жараланғам,
қанды шайқастың қандай болатынын жақсы білем, көзіммен керіп, басымнан
кешірдім… Қанды шайқас деген мына сіздердің еңкейіп бір-екі қап астық қаптап:
«Уһ, белім-ай!» — дейтін қырмандарыңыз емес. Төбеңнен оқ зулап бұршақша
жауып тұрады, сонда белуарыңнан сазға батып, мұз жастанып окоптың ішінде
отырасың. Бір күн, екі күн емес, кейде апталап отырасың. Белдің сырқыраған
көкесі сонда, әне!..
− Обал-ай, десеңші.
− И-и… байғұстарым-ай!..
− Небір боздақтар қазір де отыр ғой сөйтіп,- десіп әйелдер тұс-тұстан аһ
ұрып, жарыса күрсіністі.
− Міне, сол қаһарман қызыл әскеріміздің күш-қуаты мына отырған
сіздерсіздер, тылдағы еңбек адамдары! Бүкіл еліміздің еңбекшілері сияқты сіздер
де еңбектегі бар табыстарыңызды соларға бағыштайсыздар. Солай ма?
− Солай ғой.
− Әлбетте солай,- деп Байдалы шал да қостап қойды.
− Ал солай болса мына ұрлықтарыңыз не? Мәселен анау отырған жеңгей,-
деп Қалипаны нұсқады.- Майданда сіздің кіміңіз бар?
− Күйеуім, бауырым.
− Әне, күйеуіңіз де, бауырыңыз да майданда екен, ал ендеше сіз соларға
деген астықты неге ұрлайсыз?
− Бір уыстай ғана алып ем,- деді Қалипа кірерге жер таппай қатты
ыңғайсызданып.- Үйде үш кішкене балам бар еді…
− Бала дейді… Соғыста ғой күйеуіңіз бен бауырыңыз қан кешіп жүр.
− Рас-ау,- деді әйелдердің бірі.
− Түу, өлім-ай, бүйткенше аштан қатсақшы… Масқара-ай…- деді Қалипа да
өзін-өзі жерлей сыбырлап.
− Бір уыс қана дейсіз, ә? — деді өкіл онан әрмен оның жер-жебіріне жете
түскісі келгендей.- Ал жарайды, сіз бір уыс, анау кісі бір уыс, мына кісі бір уыс, мен
бір уыс, мына балалар бір-бір уыстан ала берейік, сонда мына қырманда не
қалады?
Бір сәтке әйелдер «рас-ау» дегендей шеттерінен қызара ұялып, жер
шұқыласып үндемей қалды. Қызынып алған өкіл езінің пысы әйелдерді әбден
басқанын сезіп, енді тіпті еліре сөйлеп, тепсінген айқайға басты. «Сізді» қойып,
бәріне «сен» деп ұрсып сөйлеуге көшті.
− Бұларың қылмыс! Күйеулеріңнің, бауырларыңның алдында қылмыс! Отан
алдында қылмыс! Бәріңе ескертерім: ендігі жерде кімде-кім осы менің айтқанымды
түсінгісі келмей, тағы да ұрлық жасар болса, жақсылық күтпесін! Ол адам біздің
жеңісімізге қарсы болғаны онда. Ол адамды қас дұшпанымыз, жауымыз деп
білеміз. Бүкіл совет халқының жауы дейміз. Ондайға қатаң шара қолданылады.
Жауапқа тартылып, сотталады! Ұқтыңдар ма?
− Ұқтық.
− Ұқпайтын несі бар.
− Өкіл жолдас, бірдеңе сұрауға бола ма?
− Иә, сұра.
− Бала-шағаны қайтеміз сонда. Оларды да өлтірмеуіміз керек қой.
− Сіз ондай кері кетіретін сөзіңізді қойыңыз. Бала-шаға ауылда жүріп аштан
өлмейді.
− Не жейді сонда олар?
− Не жесе о жесін… Ал жиналыс осымен бітті. Енді жұмысқа кірісіңдер. Бүгін
ұрлық жасағандарың үшін ешқайсың түскі шайға үйге қайтпайсыңдар. Жұмыс істеп
жаза тартасыңдар бәрің де!
Әйелдер қабақтары салбырап тым-тырыс орындарынан көтерілді, кезерген
еріндерін жалап қойып, әркім өз жұмысына кірісті. Ләм деп ешқайсысы қарсылық
білдірген жоқ.
− Әй, осы біз үзіліс жасап түскі тамақ ішпеуші ме ек,- деді бидай шарлап
жүрген Көлбай керең белін жазып. Бағанадан бергі өкілдің сөзін ол шала-шарпы
естіп онша түсінбеген сияқты.
− Қатындардың кінәсінен үзіліс жасамайтын боп жаза тарттық емес пе,- деді
Байдалы шал күңкілдеп.
− Не?
− Қатындардың кінәсінен тамақ ішпейсіз! — деді Әжібек оның құлағына
айқайлап.
− Оны кім айтады?
− Өкіл айтты.
− Немене, өкіл бітеу ме екен? Ол бітеу болса да біз бітеу емеспіз.
− Оны өзіне айтыңыз.
− Айтсам немене, менің басымды ала ма? Жә, сөйлемесін. Балалар, түсіңдер
аттан, бидай көже ішелік. Әй Дүрия! Әй қатын, көже бер маған!
Әйелдермен бірге астық ұшырып жүрген Дүрия жалтақтап өкілге
қарағыштап келе қоймаған.
− Мынау әкеңнің аузы… келе ме-ей, жоқ па! — деді Көлбай керең ақырып.
− Анау арада тұр ғой, өзің құйып ішсеңші,- деген Дүрия.
Көлбай керең естіген жоқ.
− Өзіңіз құйып іш, анау арада тұр дейді,- деді Әжібек айқайлап түсіндіріп.
− Әй, маған қатын не үшін керек сонда, көже құйып бермегенде. Жүр тез!
Саған өкіл бай емес, мына мен бай ғой. О несі-ей! Ол анау байы жоқ қатындарға
қожаңдасын.
Дүрия тағы да жалтақтап өкілге қарай берген. Өкіл ештеңе естімеген
адамша теріс айналып кетті. Дүрия жұмысын тастап бері қарай жүрді. Киім-
кешектің арасына орап қойған торсықтағы кежені алды. Біз балалар да аттан
секіріп-секіріп түсе қап, Көлбай кереңді қоршай отырдық. Байдалы шал ғана
бүгжеңдеп жұмысын істей берді. Көже ішкісі келіп-ақ тұр, бірақ өкілден батып келе
алмайды.
− Қанша дегенмен баяғы заманда байдың құйыршығы боп қорқақтап қалған
адам емес пе, өкіл десе зәр-иманы қалмайды,- деді Әжібек.- Міне, тақыр кедей
Көлекең ғой, жан алғыш әзірейілің келсе де қорықпайды, тек Ырысбектен
болмаса,- деді соңғы сөздерін оған естіртпей сөйлеп. Не дейсің дегендей Көлбай
керең бетіне қараған.
− Көлекең мықты ғой деймін, шындаса сапы қанжармен өкілдің қарнын
аяғына бір-ақ түсірер деймін! — деді Әжібек айқайлап сөйлеп. Көлбай керең мәз
боп күлді де, оның құлағынан тартып қойды.
− Жәйрағыр, қағытпай отыр,- деді Дүрия да. Көже бермей қоя ма деп зәресі
ұшқан Әжібек безек қақты.
− Қағытып отырғам жоқ, әпкетай-ай, құдай ақы шын сөзім. Олла-билла,
көгермейін, көктемейін, жалшымайын, оңбайын, қызығымды көрмейін, опа
таппайын, несібемді ит жесін, иманымнан жұрдай болайын…- деп ант-су ішіп
шұбырта жөнелді. Дүрия еріксіз күліп жіберген.
− Жә, сонша қарғанып-сіленіп не болды. Мә, ішші,- деді, Көлбайдан босаған
тостағанға көже құйып.
Әжібек дем алмастан тостағанды басына бір-ақ көтерді де:
− Уһ! — деді рақаттанып. Қампиып кеткен өз қарнын өзі шертіп қойды.- Осы
Дүрия әпкемнің көжесі бал, тура.
Дүрия жымия күлді. Ырысбектен ажырасқалы жақыннан кергеніміз осы еді,
жүдеп, қартайып кеткен тәрізді. Көзінің төңірегінен, ұртының үстінен ұсақ әжімдер
түсіпті. Өзін Көлбай керең ұрады екен дегенді де естігеміз. Әрқайсымыздың көже
жұтқанымызға қарап, шыт-шыт жарылған еріндерін жалап қояды.
Қасымызға өкіл келді.
− Жеңгей, көжеңізден қалды ма? — деді.
Дүрия үн-түнсіз торсықты шайқай түсіп, бидайын қоюырақ қып оған да
құйды.
− Бәсе, өкілің де бітеу емес екен ғой,- деді Көлбай керең.- Әй, Байеке, жүр
енді, сен де!
Байдалы шал да кеп шеттен тізе бүкті.
− Ата, сізге көже ішуге болмайды,- деді Әжібек Байдалы шалмен ойнайтын
белгілі қалжағына басып.
− Е, неге?
− Өткені, осы қырманның ұрлық бидайынан жасалынған көже. Ұрлық көжені
ішсеңіз өлгенде күнәға батасыз.
− Әй, шақша бас-ай, осы сенен көргенім бе!..- деп Байдалы шал ұмтыла
берген. Әжібек зытып қашып былай шықты. Өзі сықылықтап күліп жүр. Біз де
күлдік. Дүрия жымыңдап жүзін көлегейлей берді. Өкіл ғана күлген жоқ, көзін
алартып Әжібекке қарады.
Сөйтіп, біз Көлбай кереңнің арқасында түскі демалыс жасап, көже ішіп
рақаттанып қалдық. Ал әйелдер бел жазған жоқ.
Кешкісін апам үйге бір сәтке ғана ыстық шай — тұз салған ақ су ішіп шығу
үшін ғана келген. Бел орағышын шешіп жылы пешке арқасын сүйеп отырғаны сол
еді, бет-аузы қатпар-қатпар боп әжімденіп, көзі шүңірейіп жұмылып кетті. Со
отырған күйінде басы бір жағына қисайып қор ете түскен.
− Сорлы-ай, соры қайнаған сорлы…- деп әжем аяныш білдіріп, дастарқан
әзірлеуге кірісті.
Апам со басы қисайған күйінде тәтті қорылдап отыр. Тіпті менің өзіме де осы
сәтте апам кіп-кішкентай бір аянышты жан боп көрінді. Әжем ғұсап мен де оны:
«Әй, соры қайнаған сорлы…» — дей жаздап барып қалдым. Аянышты-ақ еді,
апамның кейпі.
Әжем дастарқанды әзірлеп қойып, кішкене мызғып алсыншы деп
мазаламады, бізге де дымдарыңды шығармаңдар дегендей қабағын түйіп қойды.
Өстіп бір тәтті тыныштықта ұйып отырғанымызда, дүсірлете желіп келген ат
терезенің түбіне тоқтай қалды. Қамшының сабы терезені тық-тық еткізді де:
− Бригадир қайда? Шықсын тез! — деді айқайлап. Шолақ қол өкілдің даусы.
Селк етіп оянған апам, үсті-басын жүре түзеп сыртқа шықты. Мен қалам ба,
ілесе тұрдым соңынан.
Елең-алаңда адамды басып кетердей боп ат үстінде ойқастатып кеп тұрған
өкілдің түсін анықтап көре алмадым, бірақ суық екені даусынан білінеді.
− Жүріңіз, мен ұры ұстадым! — деді. Өзі атының басын Нұрсұлудың үйіне
қарай бұрды, апам екеуміз ілесе жүрдік.
Нұрсұлу есігінің алдында тұр екен. Жаңа ғана көтеріп келген қурайы
ақтарылып, шашылып жатыр.
− Әне! — деді өкіл қамшысымен қурайды нұсқап.- Кемінде он келі астық.
Енді байқадым, қурайдың арасы толы бидайдың қырқылған масағы екен.
− Қолыңызға алып ұстап қараңыз, үгіп қараңыз,- деді өкіл.
− Көріп тұрмын ғой,- деді апам. Онан соң Нұрсұлуға бұрылып: — Әй, саған
не қара көрінді? — деді зілді үнмен.
− Түнеугүнгі шөп машинамен шабылған күздіктің тұсынан өтіп бара жатып,
шашылып жатқан масақты көрген соң шыдай алмай теріп ала қойып ем.
− Қазір масақты теруге де, алуға да болмайтынын білмейсің бе? — деді апам
тары да бастырмалап.
Нұрсұлу жерге қарады.
− Босқа далада қалғанша деп…- дей берді міңгірлеп.
− Далада қалса да теруге болмайды дедік қой. Қашан астықты тегіс жинап
бітіп, ал енді болдық дейміз, сонда ғана масақ теруге рұқсат демедік пе.
− Білем… балаларға ертеңге үйде ныспы түк жоқ еді, жұмысқа кетерде
соларға қуырып беріп кетсем деп ем…
− Жә, Нұрсұлу, мұның жарамайды.
Апам соңғы сөзін жұмсақ айтса да, қатты кінәлай айтты. Нұрсұлу қипақтап:
− Қайтем енді?.. Қырманға апарайын ба? — деген лажы таусылғандай.
− Ендігәрі терме масақты. Балаларыңа осы біразға жетер,- деді апам, оның
сөзіне тікелей жауап бермей, онан соң ат үстінде тұрған өкілге бұрылып: — Өкіл
жолдас, екеуміздің алдымызда ендігәрі мұндайды қайталамаймын деп уәде етсін.
Солай ма?
− Сіз неғыл деп мәймеңкөлетіп тұрсыз?! — деді өкіл шарт кетіп.- Өйтіп
жуып-шаятын түк те жоқ. Қазір дереу акт жасаңыз!
− Қателескен шығар, жас балалары үшін бір жолға кешірейік,- деді апам.
− Сіз немене, акт жасағыңыз келмей тұр ма?! Астықты жұрт өстіп ұрлай
берсін демексіз ғой.
− Ұрлай берсін демеймін.
− Ендеше, неге акт жасағыңыз келмейді? Қазір қағаз, қарындаш алыңыз да
жазыңыз.
− Әй, Нұрсұлу-ай, сені ме…- дей берген, ренжи сөйлеген апам.- Сен
бүйткенде басқа не істемейді.
− Сіз неғыл деп мыңқылдап тұрсыз. Мә, ұстаңыз, жазыңыз! — деді өкіл ат
үстінен қағаз, қарындаш ұсынып.- Қиқаңдасып тұратын уақытым жоқ. Кәне,
жазыңыз!
Енді апам да даусын көтере сөйледі.
− Шырағым, қызметің үлкен болса да өзің жас адамсың. Неге мұнша қадала
сөйлейсің. Бүйтіп қит еткенге акт жасай берсек, әйелдердің бәрін қаматып тастап
жұмысты кімге істетеміз. Бәрінің бала-шағасы бар, күн демей, түн демей жұмыста
жүреді, алып жатқан бір түйір еңбектері және жоқ. Сонда бұлар өстімегенде қайтіп
күн көреді. Немене, аштан қатсын демекпіз бе?
− Ә-ә. Сіздің де көмейіңіз белгілі екен. Коммунист бола тұра айтып тұрған
сөзіңіз осы болғаны ғой. Өстіп колхоздың астығын талан-таражға салып, шетінен
ұрлай берсін дейсіз ғой.
− Иә, мен коммунист болып айтып тұрмын бұ сөзді. Бала-шағаны аштан
қырыңдар деген нұсқау және жоқ. Бәрімізде де бала бар. Мына менің де
балаларым бар, өстіп уыстап, жырмыштап әкеліп асырап отырмын, өйтпесем ертең
бәрі ашығады.
− Сізбен басқа жерде сөйлеседі екеміз әлі,- деді өкіл тістеніп.
− Қай жерде сөйлессек те айтатыным осы.
Осы тұста Нұрсұлу:
− Қойшы, Бағила, сөзге кеп қайтесің,- деді.
Апам өкілдің сөздеріне күйініп кеткен болу керек, енді әуелгісінен мүлде
керісінше, Нұрсұлуды жазғырып емес, ақтап сөйлей бастады.
− Жоға деймін-ау, енді біз өзіміздің маңдай терімізбен өсірген астықтың
жерде шашылып қалған масағын өстіп жырмыштап теріп алмасақ, немен күн
көреміз.
− Мен сізге айттым ғой, басқа жерде сөйлесеміз деп, болды енді. Аулақ
тұрыңыз! — деді өкіл апама жекіріп, онан соң атын бастырмалатып кеп Нұрсұлуға:
— Қурайыңызды көтеріп алып жүріңіз,- деп бұйырды.
Нұрсұлу барып қурайын қайта орап, байлап, иығына салды.
− Қайда апарасың? Таста! — деген апам оған ұрса сөйлеп.
− Қойшы, Бағила, мына өкіл жігіттің қыбы бір қансын,- деді енді Нұрсұлу да
қитыға қайсарланып.- Неміске берген қолының өтеуін, мына жесір қатын біздерден
алайын деген шығар. Ал қайда апар дейсіз, тақсыр?
− Өйтіп қағытпаңыз. Қағытатын адамыңыз мен емес.
− Қайда апар дейсіз енді?
− Кеңсеге алып жүріңіз!
Өкіл Нұрсұлуды қурайын көтертіп алдына сап кеңсеге айдап апарды да,
қурайымен қосып соның ішіне қамап қойды. Сыртынан үлкен құлып салды.
− Мұныңыз қалай, бірден бүйтіп қамауға қақыңыз жоқ қой,- деген апам.
− Ұрлық жасаған адамды бос жібере алмаймын,- деді өкіл.
− Қайдағы ұрлық, шырағым-оу? — деді апам оған жалынғандай үнмен.
− Мен сізбен басқа жерде сөйлесем дедім ғой, қазір аулақ жүріңіз! — деді
өкіл кесімді түрде.
Лаж жоқ, апам екеуміз үйге қайттық.
− Жарайды енді, не істер дейсің, біраз қорқытар да қояр,- деді апам жол
бойы өзін-өзі жұбатқандай.
Бірақ өкіл жай ғана қорқытып қоймапты, шындап кірісіпті. Ауданға хабарлап
ертеңіне милиция алғызыпты, акт жасатып, күндіз біз жұмыста жүргенде
Нұрсұлуды айдатып та жіберіпті. Нұғыман ара түсіп алып қалмақ болған екен, өкіл
де, милиция да: «Ең болмаса, бір адамды өстіп жауапқа тартып, басқаларға сабақ
қылмаса болмайды. Ертең жұрт астықты ашықтан ашық ұрлай бастайды»,- деп
екеуі екі жақтап ерік бермепті. Тіпті әрі-беріден кейін Нұғыманның өзін де
кінәлаған көрінеді. «Босаңдық істейсің, талан-таражға жол бересің!» — деп.
Нұрсұлудың екі баласы мен кәрі шешесі зар еңіреп көп жерге дейін артынан
ілесіп барыпты да, ақыры бірін-бірі құшақтап жер бауырлап қала беріпті.
Осы күндердің бірінде апам мен Нұғыманның өзара сөйлескен бір сөздерінің
куәсі болдым.
− Бұ қалай, Нұғыман-ау, соғыс болса мынау күннен-күнге арқаға аяздай
батып қыса түсуде. Қолда бардың бәрін қыс демей, жаз демей жөнелтіп
жатырмыз, қымтып қалған, жасырып қалған ештеңеміз жоқ. Мынау қызыл
қырманның үстінде ұртымыз толып ас жеп жүрген ешкім жоқ. Артық түйір
тамағымыздан өтпейді. Бәрін майданға жөнелтсек екен дейміз, атың өшкір жауды
тезірек жеңсек екеміз дейміз. Жатсақ-тұрсақ ойлайтынымыз сол. Ал сөйтіп отырып
айдалатындай жазығымыз не біздің?.. Біз деп отырғаным, Нұрсұлу кім, мен кім,
басқа әйелдер кімдер? Бірімізден-бірімізді еш айырмамыз жоқ. Бәріміздің жұтып
отырған уымыз да бір, қайғы-қасіретіміз, тілегіміз де бір… Ендеше біздің бірен-
саран абайсыз кеткен жеріміз болса неге кешірмеске.
Нұғыман бірден жауап берген жоқ, ойланып отырып қалды да біраздан соң:
− Кешеден бері ойлай-ойлай менің де басым қатты, Нұрсұлуға ара түсудің
бар жолдарын ойластырып көрдім. Сөйтсем қиын екен, еш амалы жоқ екен.
Ұрлығымен қолға түскен соң, оны құтқару еш мүмкін емес. Уақыт болса мынадай,
ауыр…- деді.
− Оныкі ұрлық емес қой, шашылып жатқан масақты ғана жинап алды.
− Қазіргі уақытта масақты жинау да ұрлық. Бір түйір дән жерге түспесін,
ысырап болмасын дейміз. Сол үшін күресіп отырмыз. Сөйтеміз де астығы орылып
алынған жерде шашылып қалған масақ бар, соны терген еді деп, ақтау айтқымыз
келеді, ал ертеңгі күні сол сөздің өзі үлкен әңгімеге айналса не демекпіз. Онда кім
жауап беруі тиіс заң алдында? Осы жағын ойландыңыз ба?
− Ойланатын несі бар. Егіні орылып кеткен жерлерде қаншама астықтың
ысырап боп шашылып жатқаны рас қой. Оны неге мойындамаймыз?! Көреген өкіл
соны неге көрмейді?!.
− Мақұл көрді делік. Сол үшін біреу жауапқа тартылуы керек қой.
− Кінәлі адам тартылсын жауапқа, тартсын жазасын.
− Онда қайсысымыз кінәліміз? Сіз бе, әлде мен бе?
− Сіз де, мен де кінәлі емеспіз.
− Бәлкім, онда анау машиналарды айдап жүрген жасөспірім балалар кінәлі
шығар?
− Олар да кінәлі емес. Қайта олардың сөйтіп істеп жүргендеріне рақмет айту
керек.
− Сонда кім кінәлі? Кәне, айтыңызшы, жазаға кімді тартайық?
Апам үндемей қалды.
− Сөйтіп, Нұрсұлуды айдатып жіберіп қойып отырмақпыз ба? — деді
ақырында.
− Қолдан келер дәрмен жоқ.
− Оны соттай ма?
− Соттайтын шығар.
− Онда мені де соттасын, анау басқа әйелдерді де соттасын. Топырақ жеп
отырған жоқ, біздің балаларымыз да осы астықтан жеп отыр. Еңбекке ешкімге
түйір астық бергеміз жоқ, бірақ жұрт қалай алса, олай алсын, бәрібір осы астықтан
ұрлап ішіп отыр ғой. Ендеше бәріміз де жауапқа тартылуымыз керек.
− Әй, Бағила-ай, айтасың-ау… Жә, бос сөзді қоялық.
− Неге бос сөз? Апыр-ау, неге бос сөз бұл?! — деп апам айқайлап жіберді.-
Нұрсұлу сотталады екен де, оның артында екі кішкентай баласы мен кәрі шешесі
еш панасыз жылап-еңіреп қалады екен. Ертең олар аштан өлсе қайтеміз? Оған кім
кінәлі болмақ?!
− Білмеймін. Басым қатты әбден.
− Сен бастықсың, ауданға бар, сөйлес аудан басшыларымен.
− Не деп? Ұрлық істеген адамды босат деп пе?
− Құдай-ау, ұрлық емес қой!.. Шашылып қалған масақты терді ғой.
− Өйтіп айтуға болмайтынын өзің де білесің ғой.
− Айтуға болады, неге болмасын. Айт! Шашылып жатқан масақтарды айт,
өкілдің соны көрмей жүргенін айт. Соттаса бүкіл аулымызды тегіс соттасын.
Барлығымыз да ұрлық жасап отырмыз. Жалғыз Нұрсұлуды байлап беріп, көгермей-
ақ қоялық. Менің кесімім осы. Егер айта алмаймын десең мені жібер ауданға. Мен
айтайын.
Нұғыман тағы да ойланып отырып қалды.
− Мен ертең жүрем ауданға,- деді әлден уақытта.
Бұл түні апам қырманға барған жоқ. Қызыл іңірден төсегін салды да басын
тас қып орап байлап ап, ауырған адамдай аһылап-уһілеп төңбекшіп жатты да
қойды. Мен де көпке дейін ұйықтай алмадым. Шынында да апам дұрыс айтады,
бүкіл ауыл топырақ жеп жатқан жоқ қой, қай үйге барсаң да қуырған бидай,
талқан, кейі нан жеп отыр. Олар қайдан алды, сонда? Әрине, колхоздың
астығынан. Бірақ кім қалай алып жүр, ол жағы белгісіз. Мәселен біздің үйде
күнделікті жейтін астықты қайдан, кім әкеледі? Апамның да, Нәзира әпкемнің де
қалталарын, яки шөлкилерін қағып жатқанын көрген емеспін. Бірақ күнделікті
ішім-жем әкеп тұратындары анық. Әйтпесе біз баяғыда аштан қатар едік қой.
Демек біздің үй де ұрлайды астықты. Олай болса апам айтқандай бүкіл ауылды
соттау керек қой. Бір сәтке бүкіл ауылдың сотталғанын, бүкіл ауылды милиция кеп
айдап апарып қамап қойғанын көз алдыма елестетіп көргем, арқам мұздап кетті.
Тіпті қорқынышты екен. Онан да со бір адамды соттағандары дұрыс та. Тек
Нұрсұлудың кәрі шешесі мен екі баласына обал. Әлгінде кешкісін есіктерінің
алдында сүмірейіп тұрған балаларын көргенімде жаным қатты ашыды. Көздері
жаутаң-жаутаң етіп аянышты-ақ…
Апам аунап түсті: «У-уһ…» деп күрсінді.
Нұғыман ауданға таң қылаң бере аттанып кеткен екен, ертеңіне күн
еңкейген кезде қайтып оралды. Үйіне де соқпастан бірден тура қырман басына
келді. Өңі қу шүберектей боп-боз, адам шошырлық еді. Көз жанары бұлыңғыр күзгі
аспан сияқты кіртиіп мүлде жансыз қарайды, көкшіл ме, қоңыр ма, сарғыш па —
айырып болмайды. Аттан түскен бойда сабанға шалқалап құлай беріп көзін жұмды.
Сөйтті де көпке дейін сұлық түсіп жатты да қойды.
Апам қасына отырып сусын ұсынған, Нұғыман сонда ғана көзін ашып, өзін
қаумажаулап, Нұрсұлудың бір хабарын білгісі кеп телміре қалған жұртқа басын
шайқады.
− Болмады. Босатпады, ісін сотқа беріп қойыпты,- деді.
Мұнан әрі ол ештеңе деген жоқ, жұрт та қазбалап ештеңе сұрамады.
Нұғыман мен апам екеуі жеке қалған.
− Ұрлық емес екенін, шашылып қалған масақты ғана теріп алғанын
түсіндіріп айттың ба? — деп сұрады апам.
− Жоқ.
− Неге?!
− Айта алмадым. Оны айтқан күнде лобогрейка мен шөп машинасында
жүрген жасөспірім балалар жауапқа тартылады екен. Мына көрші колхозда сондай
екі баланы отырғызып қойыпты… Өзің айтшы, өйтіп жауапқа тартқызатындай жас
балалардың жазығы не?.. Оларды соттатуға дәтім бармайды.
Апам сағы сынғандай тұнжырап, қабағы кіртиіп, бет-аузының әжімдері
көбейіп мүлде аянышты боп кетті.
− Әйтеуір, қалай болған күнде де біреу отыру керек десеңші. Біреуді құрбан
ғып шетке шығару керек екен ғой.
− Иә.
− О-о!..
Со күні кешке қарай қатты жел тұрып, көзді аштырмайтын топырақ боран
соқты. Жер мен көк әлемтапырық ұйтқыған шаң боп кетті. Жұмыс тоқтатылып,
жұрт қолдарына түскен киіз-алаша, киім-кешектерімен қырмандағы астықты
жауып, үлкен әбігерге түсті.
Дауылдың арты жаңбырға айналды.
− Қазанның қара дауылы деген осы. Ал енді астықты тез орып алмасақ
күннің райы осыдан осылай бұзыла бастайды,- деді Байдалы шал.
Байдалы шалдың «қазаны» ескіше октябрь айының алғашқы күндері еді.
Үш малатас пен бір молотилка тоқтаусыз жүрген соң шыдатсын ба,
қырмандағы маяланған астық бірер жетінің ішінде тегіс бастырылып бітті. Шөп
машина мен лобогрейка бізге күнделікті бастыруға астық бауын шауып үлгіре
алмайтын болды, арбамен, сүйреткімен келгенін со келген сәтінде бастырып
тастаймыз да аттарды доғарып қойып, қарап отырамыз. Біз тоқтаған сайын шолақ
қол өкілдің түсі түнере түседі.
− Мыналарды неге тоқтаттыңыз?! — деп Байдалы шалға кеп шүйлігеді.
− Мен қайтейін…- дейді Байдалы шал есі шыға абыржып.
− Осы қырманның басшысы сіз емессіз бе?! Қайтсеңіз де жүргізіңіз!
− Апыр-ай ә, енді қайттім. Әй, осы қырманға басшы боп абырой алмаспын
деп-ақ ем, айтқаным келді. Әлгі біргәдір қайда екен? Әй Қанат, атыңа міне сап,
шауып барып апаңды шақырып келші. Комбайн жақта жүрген шығар…
Мен торы атқа міне сап, апамды шақырып келуге шаба жөнелдім. Бір
жағына қарап ұрттай түсіп торы ат түзу шаба алмайды, мен де ат үстінде түзу
отыруды ұмытып қалған сияқтымын, бір жағыма қарай қисая берем. Екі белді
асқан соң тоқтап тұрған комбайнның үстінен шықтым.
Тракторшы Есенбай мен комбайншы Иван екеуі үсті-бастары, бет-ауыздары
май мен топыраққа баттасып қап-қара ала боп, бірдеңелерді тықылдатып жөндеп
отыр. Екеуі де өзіміздің ауылдың адамы, тек МТС-қа механизатор боп кеткен.
Есенбай жасы елуден асқан, екі ұртының үстінен жалбырап тұратын сабалақ
мұрты бар, өзі көмірдей қара кісі. Трактор жүргізуді былтыр оқып, үйренді. Ал Иван
болса көзі тұздай көкпеңбек, бұйраланған сары шашы шаң-топырақ, маймен
сірескен, өзі күлкішіл жасөспірім бала жігіт, менің Нәзира әпкемнен бірер жасы
кіші, комбайнның оқуын ол да былтыр бітірген. МТС біздің ауылға көктем болса
жер жыртуға, күз болса астық жинауға ылғи осы екеуін жібереді. Әуелгі күндерде
еш тоқтаусыз, тәп-тәуір-ақ жүреді де, бір аптадан кейін екеуінің «шұқыну дерті»
басталады. Комбайн яки трактор бұзылады, оны екеуі екі жақтап ұзақты күн
отырып жөндейді. Кешкісін бір айналып тағы бұзылады, екеуі шамның жарығында
түні бойы отырып жөндейді. Ертеңіне таңертең комбайн бір айналады да тағы
тоқтайды… Біресе анау бөлшегі, біресе мынау бөлшегі жоқ деп күндіз-түні
мықшыңдап, қашан орақ аяқталғанша комбайн жөндеуден көз ашпайды. Біздің
Мұқан ағайдың екеуіне арнап шығарған өлеңі де бар.
Есенбай мен Иван
Астарында комбайн
Болат темірден құйған,
Жарты гектар егінді,
Апта бойы жиған.
«Шұқыну дертке» шалдығып,
Сауықпай-ақ қойған…
Өлең өте ұзақ, өстіп шұбыртып кете береді.
Міне, осы Есенбай мен Иванның комбайнды ақтарып тастап, тықылдатып
жөндеп отырған үстерінен шыққам.
− Әй, мынаның астына мінген аты қисық па, әлде өзі қисық па? — деді Иван
анадайдан ақсия күліп. Басын көтерген Есенбай да менің далбақтаған түріме қарап
күліп жіберді.
− Бұ баланың аты да, өзі де қисық екен,- деді мәз болып.- Иә, қисыққа
мінген қиығым, жол болсын?
Комбайндарының тоқтап тұрғаны, бүкіл жұрттың сырттарынан мазақ етіп,
Мұқан ағай шығарған өлеңді айтып екеуін мұқатып жүргені, мүлде ойларына келер
емес сияқты. Тіпті мәз-мейрам. Қолдарына біреу түссе келеке, күлкі етіп, қалжақ
қылу — бар ойлары. Мен апамды іздеп жүргенімді айтқам.
− Ә, апаң ба? Апаң — балқан таудың басында, балдыр қоян қасында,
қырғауыл қуып кезіп жүр, қырғауыл одан безіп жүр…- деп Есенбай балғасын
тықылдата отырып тақпақтай жөнелген, Иван оның сөзін екі дегізген жоқ, іліп
әкетті:
− Қырғауыл жүні қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен. Ал сенің апаң темір
мылтық асынып, дұшпандарын басынып, қырғауылды көздеп атып, көздегенде
көзден атып, Манар менен Карл дейтін пақырларды желкелерінен езіп жүр…
Екеуінің сөздерінің соңын тыңдамастан әрі қарай жүріп кеттім. Жұрт
мұрындарынан шаншылып, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылып жүргенде, бұл
екеуінің жағасы жайлау, ойларында түк жоқ, іздегендері қалжақ. Тфу! Ыза боп
келем.
Апам Манардың лобогрейкасының басында екен. Карл ұста мен Манар екеуі
лобогрейканы енді ғана жөндеп болып қолдарын сабанға сүртіп тұр да, апам
екеуіне ат үстінен төніп кеп ұрсып тұр. Қамшысын үйіріп, екеуін де осып-осып
жіберердей түйіледі.
− Әдіре қалғырлар, жүргізетін болсаңдар дұрыстап жүргізіңдер де, әйтпесе,
көзге шыққан сүйелдей болмай құртыңдар көздеріңді!.. Табандарыңды тіліп,
екеуіңді де ФЗО-ға жібертейін бе осы! Сомадай болып, қит етсе есіл-дерттерің
ойын. Ойындарың осылғырлар!.. Бол тез, сүртіншектенбей, отыр машинаңа!
Ертеден бері үш-ақ айналдыңдар, осы алақандай жерді.
− Бұзылып қалды ғой,- деді Манар міңгірлеп. Ылғи күлімсіреп тұратын,
ашулану дегенді білмейтін момын мінезді болатын. Әлгіндегі комбайншы Иван,
мына ұста Карл үшеуі бір класта оқыған түйдей жасты балалар еді.
− Әдейі бұзасыңдар. Кейбір керекті бөлшектерін бұрап өздеріңе аласыңдар
да, бұзылып қалды деп қарап отырасыңдар. Бәлем тұра тұрыңдар, екеуіңді мен әлі
тергеуге алғызам. Қораларына колхоздың машиналарының саймандарын ұрлап
тығып, екеуіңнің не істеп жүргендеріңді бір тексертем, түбі.
− Олардың бәрі жарамсыз, ескі саймандар ғой, тәтетай-ау.
− Жап аузыңды! Осы тұрған жерлеріңде мына қамшының сабы сынғанша
пәре-пәрелеріңді шығарайын ба! Бүгін қай жері сынды кәне?!
− Косогон шақ келмейді. Ылғи сынып кете береді.
− Әдейі сындырсаң қайдан шақ келсін. Айтам ғой, қаскүнемсіңдер екеуің де.
Ол неге сына береді, әйтпесе?
Манар үндеген жоқ, ендігі жауапты Карл ұста қайырды. Ап-арық, даусы
шіңкілдеген, өзі тұтықпа болатын, немістердің ішінде қазақ тілін тез үйреніп, етене
боп кеткен еді.
− Ж-ж-жақсы ағаш к-керек, м-м-мына ағаш ж-жаман,- деді қолдан жасалған
косогонды нұсқап.
− Несі жаман?
− Қ-қатты емес, т-тез сы-сы-сынып…
− Қайтсеңдер де бүгін осы араны шауып бітіріңдер! Өздерің косоғон
болыңдар! Егер бітірмесеңдер менен жақсылық күтпеңдер! Онда ертең анау
кораларыңдағы саймандарыңды тегіс ұстаға алғызып, өздеріңді қаматам! — деді
апам қатты ескертіп.- Әй, Карл, сен бүгінде осы лобогрейканың басында бол.
Түнде болса да шабасыңдар. Ұқтыңдар ма?!
− Ж-жа-жарайды.
Апам атының басын бұрып кетті. Мен соңынан ергем. Кетіп бара
жатқанымда Манар маған күлімсірей қарап көзін қысты да Карл сыбырлап:
− Қ-қанат, анау дөңгелек әлі бар ма? — деп сұрады. Мен басымды изедім.
Манар мен Карлдың әдеті — бүкіл ауылдағы көздеріне түскен темір-терсекті
жинайды. Өздеріне керектіні де, керексізді де жинай береді. Бір жылдан бері екеуі
машина құрастырып, жасап жүр. Кәдімгідей от алып жүретін, төрт дөңгелегі бар
автомобиль машина жасаймыз деп бөседі өздері. Түнеукүні Карл біздің үйдің
қорасынан мотоциклдің ескі бір дөңгелегін көріп, жат та кеп жалынып сұраған
болатын, сол дөңгелектің маған тіпті түкке керегі жоқ болса да мен өзімнен-өзім
қитығып бермей қойғам. Қазір де сұрап тұрғаны сол.
− Әй, Қанат, жүр! — деді апам.
Мен мұнан әрі қарайламастан шаба жөнелдім. «Әлі ол дөңгелек үшін
екеуіңді талай жалындырармын,» — деп қойдым ішімнен.
Манар мен Карлдың достығы біздің ауылда аңызға айналған. Араларынан
қыл өтпейді екен десетін. Екеуінің қалай танысқандарын бір рет естігенім бар.
Немістер келген кезде, оларды көшіріп әкелуге, станцияға біздің ауылдан барған
арбаның бірін Манар айдап барады. Біздің Манар жұқалтаң өңді, сүйкімді, қыз
мінезді бала ғой, ал осыдан үш жыл бұрын тіпті кішкентай кезі. Өзіне бір қараған
бала үйіріліп, дос болғысы кеп тұратын, ерекше бір қасиеті бар бойында. Міне, сол
Манар үлкен адам сияқты бір арбаның иесі бір өзі боп тұрғанда, қасына өзі
құралпы бір немістің баласы келеді. Екеуі сөйлеседі, бірақ бірінің тіліне бірі
түсінбейді, сонда да бірін-бірі түсінген адамдардай-ақ күліседі, қол алысады. Бірі:
«Карл» — деп, екіншісі: «Манар»,- деп өздерінің аттарын атайды.
Содан екеуі айырылмайды. Карлдың жалғыз кәрі шешесі бар екен, басқа
колхозға кетпек боп тұрған жерінен екеулеп жүріп, Манардың арбасына
ауыстырып отырғызады. Сөйтіп, ауылға келісімен Карл мен шешесі даярлап қойған
басқа үйге бұрылмастан, тура Манарлардың қарсы үйлеріне барып кірді. Манардың
да жалғыз кәрі шешесі бар болатын. Балалары тату-тәтті дос болғаннан кейін екі
кемпір де бір-бірінің тілін ұқпаса да ыммен сөйлесіп, жақсы көрші боп кетті.
Манар мен Карл екеуінің түрлерінде де, жүріс-тұрыс мінездерінде де бір
ұқсастық бар. Екеуі де күліп тұрады, басқа өздері қатарлы балалар сияқты көшеге
шығып дарақтап жүргендерін бір көрмейсің, ылғи шұқылап бірдеңе істеп
жүргендері. Өткен қыста Ахат ұста соғысқа кеткеннен кейін колхоздың ұста дүкені
екі айдай жабық тұрды. Ақыры бір күні шөп тартып жүрген бір шананың шен темірі
босап, соны жөндеу үшін сол кездегі бригадир Байдалы шал дүкеннің аузын
ашқан. Екі-үш шал көрікті қыздырып, енді темірді қалай пісіріп, қалай соғарларын
білмей бір-біріне: «олай ет, бұлай ет»,- десіп керілдесіп тұрғандарында, үстеріне
Карл мен Манар келеді. Карл үн-түнсіз кеп қызған темірді төске салып
тарсылдатып соға бастайды. Қолы тіпті икемді, балға соғысы нық. Шен темірді әп-
әдемі етіп тартып, әп-сәтте шегелейді де береді. Мәз болып қуанып кеткен
Байдалы шал дереу сол арада Карлды ұста етіп тағайындайды. Карлдың ұста болу
тарихы осылай.
Апам маған ренжіп ұрысқанда ылғи осы екеуін кесе көлденең тартып
мақтайтын. Екеуі де еңбек сүйгіш, талаптары таудай, өнегелі жақсы балалар деп
жер-көкке сыйғызбайтын. Маған: «солардан үлгі ал, солардай бол»,- дейтін. Енді
қазір апамның екеуіне сонша қатты ұрысқанына таңырқап келемін. Оның қалай
деп апамнан сұрауға батпадым. Өйткені ашулы еді.
Қырманға келісімен, неше күннен бері тісін қайрап жүрген шолақ қол өкіл,
ал кеп жан алқымға алды дейсің апамды. Дәл қазір табанда апамды айдатып
жіберетін шығар деп зәрем кетті менің.
− Астық қайда? Неге орылмайды?
− Лобогрейка сынып қалыпты.
− Неге сынады?! Неге?!.. Немене, қаскүнемдік істегің келе ме?! Әдейі
сындырып отырсың ғой!.. Жауапқа тартыласың! Сотқа берем мен сені!.. Қолмен
ор, орақпен ор!.. Бүгін мына қырманда астықтың бауы болатын болсын!..
Егін орағының нашар жүріп жатқанына апам кінәлі болу керек, өйткені
жайшылықта өзіне бұлай айқайлаған адам болса көкесін таныстырып жіберер еді,
ал мына шолақ қол өкілге ләм деп үн қатқан жоқ. Өңі қара күрең тартып сазарып,
тістенген күйінде атына мініп қайта кетті. Біраздан кейін арбаға, сүйреткіге
тиелген астық баулары келе бастады қырманға.
Бұл күні біз қырманнан түнде қайттық. Қырманның басында-ақ қона салатын
едік, бірақ түн суық екен, жалаң аяқ, жалаң бас күйімізде тісіміз-тісімізге тимей
қалшылдап тоңып кеттік. Үйге апамның өзі әкеп салған. Бел орағышын шешіп, сәл-
пәл тізе бүгіп, беліне бөтелкемен ыстық су қойып, есін жиғандай болған соң, бел
орағышын қайта Тас қып оранып енді кетпек боп тұрғанында, салдырлап жүріп
келген арба есік алдына тоқтай қалды.
− Тәте!.. Тәте!..- аттандай дауыстаған Манар.
− Тағы не боп қалды?! Әй, оңбағандар-ай!..- деп апам сыртқа шыққан.
Сөйткенше болған жоқ.- А! Не дейді?! Ойбай, не дейсің?!.- деген үрейлі даусы
естілді.
Үйдегі біздер де сыртқа ұмтылдық. Апам арбаға үңіліп:
− Қалай болды?.. Қалай? — дей берді.
Арба үстінде қинала ыңырсып біреу жатыр.
− Карл-ай, әй, Карл, айналайын…
− М-м…- деді ыңырси ыңыранған Карл.- М-мм… ма-ма-а…
Манар «у-у» деп қыстыға тістеніп жылап жіберді. Онан соң жылай тұрып
қалай болғанын айтты. Әлгінде ымырт кезінде, қараңғылық әбден түсіп, көз
байланғанға дейін тағы бір-екі айналым жүріп тастамақ болады, сөйтіп екі
айналып, енді үшінші айналымның орта тұсына жеткен кезде, шалғы астынан біреу
баж ете қалады, аттарды тоқтатқанша, едәуір сүйретіп тастайды. Секіріп түсіп
қараса: Карл…
− Соның алдында ғана: «Мен сені қырман басында күтемін», деп, кетіп
қалған болатын… Екеуміз түнделетіп Шымырбай шалдың үйіне қауын жеуге
бармақ едік…- Мұнан әрі Манар сөйлей алмай тағы да өкіре жылады.
Әжем үйден алып шыққан шамның жарығында апам Карлды қарай бастаған:
өне бойынан сау-тамтық жоқ, қан-қан, үстіндегі киімдеріне дейін тілім-тілім
туралып кетіпті. Астына төселген сабан да шылқыған қан. Апам шыдай алмай теріс
айналып кетті.
− Айналайын-ай… айналайын-ай… Дереу Қоңырға дәрігерге шабу керек, бұ
күйінде мына түнде алып жүруге болмайды. Кім барады енді дәрігерге? — деді
өзімен-өзі кеңескендей күңкілдеп.
− Жә, мен өзім барам да,- деді онан соң.- Тек мына баланы қазір үйіне
апару керек… Байғұс-ай, шешесінің жүрегі жаман еді… Әже-ау, сіз мына көршідегі
немістің кемпірлерін оятыңыз, соларды ертіп, қазір мына баланы үйіне апаралық.
Шешесін шошытып алмау керек…
− М-м-м… ма-а…
− Шыда айналайын, қазір мен дәрігер алып келем… Әже-ау, барсаңызшы
енді тез!..
− Барайын, барайын. Ой, сорлы-ай, маңдайының соры бес елі екен-ау… Ой,
соры ашылмаған бейбақ-ай…
− Сен неғып тұрсың, дірдектеп?! — деді апам маған жалт бұрылып.- Кір
үйге! Анау кішкене балалар шошымасын, солардың қасында бол!
Мен үйге кірдім. Есік алдындағы арбаның жүрісі біртіндеп ұзап кетті.
Әжемнің баурында ғана жатып ұйықтап үйренген інілерім: Болат пен Марат
ұшып-ұшып тұрып, ал бақырып жыласын «әжелеп». Екеуін олай деп те жұбатам,
бұлай деп те жұбатам, кәне қойсыншы, онан сайын өршеленіп, бірінен-бірі асырып
бақырады. Олардың бақырған дауыстарынан қарындасым Жанар оянып кетті.
Шошып ол жылай бастады. Не істерімді білмей дал болдым, тіпті әрі-беріден кейін
соларға қосылып өзімнің де жылағым келді.
− Әне, қазір аш қасқыр келеді!..- деймін.- Әне, терезеден аю қарап тұр!..-
деймін, бәрібір қоймайды. Терезеге жүгіріп бардым да, оларға байқатпай тық-тық
еткізіп қаға бастадым.
− О кім, терезе қағып тұрған? — дедім, онан соң дәл сырттары біреумен
сөйлескендей.-Бүбітай жындымын дейсің бе? Жоқ, ашпаймын есікті, әжем де, апам
да жоқ үйде. Ашпаймын. Жылап жатқан біздің үйдің балалары емес. Мына
Нұрсұлудың балалары ғой.
Інілерім де, қарындасым да жылағандарынан сап тыйылып, көздері
бағжаңдап үрейленіп, маған қарай қапты.
− Бүбітай жынды кеп тұр ма? — деді ересегі Болат.
− Иә. Сендердің жылағандарыңды естіп кеп тұр.
− Қанат, біз жыламаймыз. Айтшы, кет деп. Біз жыламаймыз.
− Әй, жынды Бүбітай, кет аулақ! Біздің балалар жыламайды! — дедім мен
айқайлап. Бір сәтке өзім ойлап тапқан өтіріктен өзім қорқып, қараңғы терезеге
қарай беруге жүрегім дауаламай, інілерім мен қарындасымның қастарына келдім
де, солардың көрпесінің шетін жамылып жата кеттім. Жалғыз жатуға қорықтым.
− Бағана күндіз жынды Бүбітай біздің үйге келген, Тоштан ұрып-ұрып алып
кетті,- деді Болат тағы да.
− Қанат, бей қайап жатшы,- деді даусын шығаруға қорыққан Жанар
сыбырлай қыңқылдап. Онан соң мені мойнымнан шап қысып құшақтап алды.
− Қанат аға, Болатқа айтшы, мені құшақтасын,- деді Марат та қыңқылдап.
− Болат, сен үлкенсің ғой, құшақтап жат Маратты…
Өстіп жатып ұйықтап қаппыз.
Бұл түн мен үшін өте қорқынышты түн болды. Тыншып ұйықтай алмай
қайта-қайта шошып ояна бердім. Ылғи бір қорқынышты түстер көрем: біресе
Ырысбек ауылдың барлық балаларын алдына салып ап, бәріңді де атамын, деп
мылтығын кезеніп қуып жүреді, мен есіктің алдындағы жинаулы тезектің астына
тығылып жатып ояндым; енді бірде Манар мен үсті-басы қан-қан Карл екеуі
құшақтасып ап күліп отырады, бірін-бірі сүйіп қояды. Карлдың еттері ырсиып-
ырсиып тілгіленіп,. қаны тамшылап тұр; тағы бір түсімде соғыс екен деймін, ылғи
әскерлер сапқа тұрып, сарт-сұрт жүріп кетіп жатыр, тұманша қаптаған түтіннің
ішіне кіреді де жоқ болады, соларға қарап тұрғанымда қолында жалаңдаған
пышағы бар семіз адам екінші жақтан шыға келеді, көзі шатынап, мені сойып
жемек боп қуып береді, мен жан дәрмен ышқына қашам, бірақ түк жүгіре
алмаймын, «апалап» аттандаймын, әлгі адам әне ұстады, міне ұстады дегенше
дәрменім құрып, жүрегім үзіліп отыра кетем… Шошып ояндым, жүрегім кеудеме
сыймай дүрс-дүрс етіп дірілдеп кетіппін. Үйдің іші ала көлеңке, май шам
сығырайып жанып тұр. Түннің қай мезгілі екені белгісіз. Әжем әлі жоқ. Кішкене
балалар қаннен-қаперсіз пысылдап ұйықтап жатыр.
Неткен ұзақ түн. Тағы да ұйықтап кеткем, тағы да түс көрдім: ауылға ылғи
бір ұры иттер қаптап кеткен екен деймін, баяғы Қарақаншық — Көкінайдың
күшіктері шеттерінен ұры боп, тістерін ақситып ырылдап, жұртты үйді-үйіне қуып
тығып жүр; мен де зәрем ұшып үйде тығылып тұрмын, терезенің алдында менің
сыртқа шығуымды аңдып тісі сақылдап өзімнің қара күшігім тұр, мені қаппақ:
«Құдай-ау, бұл бір пәле болды ғой, далаға шығып ойнаудан қалдық-ау»,- деп зар
еңіреп жылаймын…
Үй ішіндегі тықыр-тықыр жүрістен ояндым, шам сөндіріліпті, терезеден
бозамық жарық түсіп тұр, әжем жайнамазын жайып, таңғы намазын оқығалы жүр
екен.
− Әже, апам қайда?
− Апаң қырманға кетті.- Сорлы… соры қайнаған сорлы, бүгін тағы ұйықтаған
жоқ.
Әжемнің даусында апама деген аяныш та, кейістік те, реніш те — бәрі-бәрі
бар еді.
Ертеңіне түсте апам ыстық су ішу үшін үйге кірген, бірақ іше алмады.
Өйткені, әжем оған бірден дүрсе қоя берген:
− Бұ колхоздың жұмысы саған ғана керек пе осы? Құдай-ау, неге сонша
қатал боп барасың? — деп.
Апам тісі ауырған адамдай қабағы кіржиіп шытынып қалды, бірақ үндеген
жоқ. Неше күннен бері жөнді ұйқы көрмеген өңі әжімденіп, көзі кіртие қарайды.
Мен іштей әжемді қостап отырдым.
Лобогрейка да, астық шауып жүрген шөп машиналары да, мүлде тоқтап
қалды. Ұста жоқ. Бүкіл ауылдан темірді темірге қойып соғатын бір адам
табылмады. Нұғыман шапқылап ауданға қайта кеткен, ұста іздеп. Екі күннен кейін
қайтып оралды. Бір ұста табылған екен, оның өзі де кергіп, үш күннен кейін ғана
қолым тиіп бара аламын депті.
Егін күннен-күнге қурап барады, енді біраз күн кідіртсе кейбір учаскелердің
егіні жерге құйылып, түсу қаупі бар. Жан дәрмен кез. Шалғымен шабу басталды.
Мектепте әжетке жарайтын балалар сабақтан босатылып, қол орақпен астық
оруға, орылған астықты жинауға жіберілді.
Колхоздың ең алыс участогі — Күреңбелдегі егін орағында жүргенімізге
біраз күн болды. Үлкендер шалғымен шабады, біз, балалар, орағымыз барларымыз
орақпен орамыз, орағы жоқтар орылған астықты баулайды. Бәрімізге күнделікті
белгіленіп берілген норма бар. Таң қылаң бергеннен көзімізді жыртып ашып,
шалғышы үлкендер бір қатар, орақшы балалар бір қатар боп тұра қап жұмысқа
кірісеміз. Сонан ұзақты күнге бел жазу жоқ.
Күзгі аспан реңсіз, буалдыр түтін басқандай мұнартады да тұрады.
Таңертеңгі дала сызды, салқын, жақ жүніңді үрпитіп, өне бойыңды тітірентіп
жібереді. Тек сәске кезінде ғана құрысың жазылып жылынасың. Дәл желкеңе
шығып алған күннің көзі арқаңды шым-шымдап қыздырып, пысынатып, терлете
бастайды. Төңірек тегіс шаңғытып кетеді. Құлағында тек сыр-сыр еткен шалғы мен
орақтың сыбыстары. Көз алдыңда тек әбден қурап, сыңғырлаған мысық мұрт егін,
уыстай қармағаныңда сабақтары зыңылдайтын сияқты. Абайлап ормасаң
масақтары саудырап сағағынан сынып түсіп жатады. Ештеңеге алаңдауға да,
іркілуге де болмайды. Неше күннен бері егіннің сабағы сойғылап күптей болған
алақаның тұз уыстағандай тызылдайды, басың айналып, көзің бұлдырайды, бірақ
бәрібір сонда да ора беруің керек. Әйтпесе күндік нормаңды орындай алмай
қаласың.
Өзегің талып тезірек түс болуын тілейсің. Түскі тамақты ішіп, ес жиып, аз да
болса дамылдағың келеді. Шалғы шауып жүрген Ырысбек жаққа әлсін-әлсін
қарағыштап соның бір ауыз сөзін зарыға күтеміз. Түс болғанда ол сағатын қолына
алып, ылғи:
− Демалыс! — деп айқай салады бәрімізге. Сол кезде қолдарымыздағы
шалғы-орақтарымызды жеткен жерлерімізде тастай-тастай береміз.
Шалғышылар мен орақшы балалар екіден-үштен бірігіп, шөпті қалыңдап
жауып, бір-бір күрке жасап алғанбыз. Соңымызға кеп дамылдаймыз. Біз Нәзира
әпкем екеуміз бір күркедеміз, бізден әрі Көлбай керең мен Дүрия, онан әрі Эмма
мен Гүлсара, басқа бес әйел мен Әжібек бастаған балалардың бір-біріне иін
тірестіріле жасалған күркелері, ең шетте Ырысбек пен Зибаштың күркесі.
Ырысбек күркесіне жете бере домбырасын қолға алады. Осы күні өзі
бұрынғыдай мұңаю, күңірену дегеннің бәрін қойған. Көбіне «Краковякты», немесе
сол сияқты басқа да көңілді ән-күйлерді ойнайды. Домбыраны шанағынан тық-тық-
тық… дегізіп шертіп қойып отырып:
Тира-ри-ра ри-ра-ра,
Три-ра-ра-ра ра-ра-ра…
Русский, немец и поляк
Танцевали краковяк.
Триля-ли-ли ля-ля-ля
Трайля-ли-ля ли-ля-ля… –
деп сампылдап әндетіп жөнеледі. Шөп күркелеріміз шошаң-шошаң етіп
билеп тұрғандай боп көрінеді. Күй ырғағына еріксіз елігіп, тапыр-тұпыр билегің кеп
кетеді.
Мұнан кейін Ырысбек Зибашқа арнаған әндерін айта бастайды.
Зибаш-ай,
Қасыңның қара қиғашы-ай,
Құрбыңды, қалқам, сыйлашы-ай…
Күрке-күркемізде отырып мәз боп күлеміз, шаршағанымызды ұмытқандай
сейіліп қаламыз.
− Жынды ғой… нағыз жындының өзі…- деп Нәзира әпкем басын шайқап
күле береді.
Көп күттірмей ауыл жақтан ырғатылған өгіз арбамен түскі тамағымыз — сүт
қатқан (кейде ішінде еті де болады) кеспе көже келе жатады.
Түскі тамақты ішіп, аз-кем тыныстап алғаннан кейін жұмысқа қайта кірісеміз.
Тағы да мұнартқан аспан. «Жжу-жжу»… еткен шалғының, орақтың сыбыстары,
сыңғырлаған мысық мұрт астық, бір орыннан жылжымай мөлиіп тұрып алған
күннің көзі, тызылдаған алақан… көз алдың бұлдырап, басың айналады… Күн
батпай, кеш түспей зарықтырады-ау, тағы да. Әбден сілеміз құрып, титықтап кеп,
күркемізге жете бере құлаймыз. Ымырт кезінде тағы да сүт қатқан кеспе көжені
алып өгіз арба жетеді…
Апам келіп, орылған жерді саржамен өлшеп, кім нормасын қанша
орындағанын айтады. Сонсоң өзі қонаға Нәзира әпкем екеуміздің қасымызда
қалады. Түн салқын. Киімшең күйімізде қисая кетіп, үйден әкелген ескі көрпе мен
ішік-тондарға оранып, төңірегімізді шөппен қалыңдап қымтанып аламыз. Қураған
шөптің арасында ермені болса көпке дейін пысқырынып-түшкірініп жатып ұйқыға
кетеміз.
Алайда апамның түн ұйқысының төрт бөлініп жататынын мен жақсы білем.
Кейде ол тұрып кеткен кезде, ірге жағымнан лап етіп азынап қоя берген суықтан
тітіркеніп оянам. Күркенің сыртынан оның әрі-бері жүрген аяғының дыбысы
естіледі. Сәлден кейін қайтып кеп, қараңғыда сипаланып шетте жатқан Нәзира
әпкемнің ірге жағын қымтап, ортадағы менің үстімді дұрыстап жауып, өзі ақырын
ғана орнына жатады.
− Апа, неғып тұрып жүрсің? — деп сұраймын мен.
− Жәй, от кетіп қалмасын деп жүргенім ғой,- дейді.- Мынау Ырысбек деген
түні бойы темекі тартады, сонан көріп балалардың арасынан да темекі
тартатындар шығып жүр… Төңіректің бәрі қазір от түссе лап еткелі саңғырлап тұр
емес пе. Ұйықта, таңертең ерте оятам…
Апам шынында да ерте оятады. Шығыс жақтан таң қылаң беріп, төңірек
ағара бастаған кезде, барлық күркедегілерді аяғынан тік тұрғызады. Бірден
тұрғысы келмей, жылы күркеде керіліп-созылып, «әне, міне» деп жатып алатындар
да бар, апам ондайлармен әздектеп тұрмайды, қамшымен жон арқадан бір
тартады. Жөнді ұйықтамағандықтан өзінің түсі суық, ызбарлы, ешкімді бетіне
қаратпайды. Мұндайда апамның бетіне қарауға мен өзім де қорқам.
Дала өте салқын. Жылы күркеден шыққан бойда дірдек қағып, бүрсектей
жөнелесің. Жалаң аяғыңды шөпке қонған ақ қырау шық қарып-қарып түседі.
Орақты қолға аласың, жүзін көкаязданған қырау тұтып қалған. Егін оруға кірісесің,
жез түтіктердей көкаязданған сабақтары алақаныңды қариды. «Жжу-жжу»…
дегізіп шалғышылар бастайды. Мен Нәзира әпкеме қараймын, ол шалғысының
жүзін жанып-жанып алады да құлаштап кеп сілтейді. Өзі шалғышылардың ең
алдына түсіп алады. Әуелгі күндерде Ырысбек соңынан қуалай түсіп,
бастырмалатпақ боп біраз әуреленген, өкпесі өшіп, өзі өліп қала жаздады.
− Мына қыз ба? Мына қыз жойқын екен,- деді ақырында. Өзі Нәзира әпкеме
қарағыштап, сөйлескісі кеп бір-екі рет жақын келген. Нәзира әпкем теріс қарап
мүлде сөйлеспей қойды.
− Өзінің көзі жаман, тіпті суқаным сүймейді,- деді кейінірек күркеге
келгенімізде маған.
Кеше түсте демалысқа шығар кезімізде Ырысбек тағы да кеп:
− Нәзира, қалқам, осы сенің шалғың сиқырлы-ау деймін, кәне ұстап
көрейінші,- деп, шалғыны емес, Нәзира әпкемнің білегін ұстаған.
Нәзира әпкем жылан шағып алғандай қолын тартып алды да, өзі кейін
шегініп, шалғысын құлаштай ұстап, тұра қалды.
− Тура орып түсірем, кетіңіз аулақ! — деді, қып-қызыл боп түтігіп.
− Қалқам-ау, Нәзира-ау, мен… мен…
− Мен ешқандай да «қалқаңыз» емеспін сізге. Ендігәрі жақын жуушы
болмаңыз!
Нәзира әпкемнің түрін көріп мен өзім де тіксініп қалдым. Ырысбек енді бір
қадам жақындаса аяйын деп тұрған жоқ, орып түсіруге дайын.
Ырысбек тайсақтап өз жөніне кетті. Күркелерінен Зибаштың оған шаң-шұң
етіп ұрысқаны, онан баж ете түскені естілді.
Сірә, Ырысбек бір қойған болу керек. Қасыма Әжібек келе қапты, қолында
Ырысбектердің шәугімі.
− Жүр, бұлақтан барып су әкелейік,- деді.
Мен күркеге кіріп, өзіміздің шәугімді алып шықтым.
− Нәзира әпкең дұрыс істеді,- деді былай шыққан соң Әжібек.- Ол
Ырысбекке сөйтпесе болмайды, күле қараса-ақ бітті, мүлде иектеп алады.
− Сен өзің оған неге су тасып жүрсің, ендеше? — дедім мен.
− Әй, Қанат-ай, баласың ғой әлі, мұрныңа түктің иісі келмейді. Мен суды
Ырысбек үшін тасып жүр дейсің бе? Жоқ. Зибашқа бола тасимын. Сорлыға жаным
ашиды. Түнде түні бойы жылап шықты.
− Неге? Ырысбек ұрып па еді?
− Жо, ұрып қайтеді оны, онсыз да табанын жалауға дайын тұрған қатынды.
− Онда неге жылайды?
− Ырысбек түнде бір жаққа кетіп қалды.
− Қайда?
− Білмеймін. Не көп, жесір келіншектер мен қыздар көп емес пе. Соның
біреуіне кетті де.
− Қалайша?
− Тфу! Өзің бір ми кеще екенсің ғой…
− Ал Зибаш ше?
− Зибаш қайтушы еді, еңіреді де жатты таң атқанша. Әйтеуір қасында мен
болдым.
− Сен не істедің?
− Әрі-бері жалынып жұбатқан болдым, сөйтіп арқасынан құшақтап жатып
ұйықтап қаппын. Ертеңгісін сенің апаңның қамшысы жон арқамды тіліп өткенде
бір-ақ ояндым… Тіпті оңдырмай ұрыпты, қарашы өзің, көкпеңбек қып тіліп түскен.
Сен апаңа айтып қойсаңшы, тиыш жүрген адамға өйтіп жөн-жосықсыз өзі
соқтығып, қожаңдай бермесін. Қазір баяғы заман емес, ұрып-соққанды көтеретін. А
то ерегестіре берсе, мен бір күні сіріңкені алам да тартып кеп жіберем астыққа
қарай. Сонан кейін не істер екен маған. Жүз жерден соттай берсін, сотыңнан
қорқар мен жоқ.
Біз бұлақтан су алып қайтып оралғанымызда Ырысбектің домбыраға
қосылып әндеткен даусы Гүлсара мен неміс қызы Эмманың күркесінен естілді.
Адам тумас Эммадай,
Күміс шашты, ай маңдай,
Үлбіреген тамағы,
Жаңа піскен алмадай.
− Өй, тилеуин курсун Ирисфек, жохалшы арі! — дейді шарылдай сөйлеген
Эмма.
Эмма — ұзын бойлы, сары шашты, көк көзі мөлдір аспандай тұп-тұнық, жасы
жиырма бестердегі неміс қызы. Өзінің қазақша сөйлегені қызық. Әжібек оған ылғи
бірдеңе деп тиісіп, сөйлетіп қояды да, оның қазақша қарғанып-сіленіп ұрысқан
сөздеріне өзі ішек-сілесі қатып күледі. Міне, қазір сол Эмма Ырысбекке ұрсып
жатыр екен.
− Жә, жә, жә… Эммажан, өзің тіпті сауырыңа қол тигізбейсің ғой,- дейді
Ырысбек. Бізді күркенің аузынан көріп қалған:
− Әй Әжібек, жүгірмек, суды бері әкел! — деді дауыстап.
− Қап, көріп қойды-ау, ә,- деді Әжібек өкініп, онан соң.- Қазір,- деп
дауыстады да тасалана бере, шәугімнің қақпағын ашып, ішіне түкіріп-түкіріп
қойды.- Кел, Қанат, сен де түкір. Тфэй, тфэй, осы суды ішіп, Эммаға жады боп
қалса екен!
Шыныменен Әжібектің түкіріп берген суының әсері болды ма, білмеймін, сол
күні кешкісін Ырысбек Эмманың күркесіне біржола ауысып көшіп алды да, Гүлсара
басқа әйелдердің қасына кетті. Зибаш шашын жайып жіберіп, көл-көсір жылап,
Эмманы қарғап-сілеп қала берді.
Кешкісін апам келгенде болған оқиғаны естіп, қатты ашуланды. Ырысбекпен
сөйлесуге Эмманың күркесіне барған. Апамның не айтқанын ести алмадым, бірақ
Ырысбектің сөздері анық естілді.
− Күнім, жеңешетай, иманымдай шыным, мына Эммаға мен өлердей
ғашықпын. Бұрынғымның бәрі бекершілік, бозбалалық екен. Енді, міне құдай
қосқан қосағым, осы, «күміс шашты, ай маңдай» болады. Ант етем,- деді қарғанып.
Ертеңіне Әжібектің қуанышында шек жоқ еді. Бетіне қарасаң-ақ болды езуін
жия алмайды, ыржиып күле береді, бет-аузын қисаңдатып, көзін қысып қояды.
− Зибаш қалай? — деп сұрадым мен бір қалт еткенде.
− Қайтер дейсің екі-үш күн жылайды-жылайды да қояды ғой.
− Түнде сен қасында болдың ба?
− Әрине. Жалғыз өзі қорқады ғой.
− Енді сен үйленесің бе?
− Ақымақ, маған әлі төрт-бес жылсыз үйленуге болмайды ғой.
− Оған дейін Зибаш тағы біреуге тиіп кетсе қайтесің.
− Жоқ, енді басында торғайдың миындай миы бар болса тимес. Басына тас
тиді ғой. Нишауа, өзі былай жылағанын қойып, есін жиған соң айтам ғой.
− Не деп?
− Менің ер жеткенімді күт деп.
− Әй Қанат, неғып қарап тұрсың! — деді осы кезде Нәзира әпкем.
Осымен Әжібек екеуміздің сөзіміз үзілді де жұмысқа кірістік.
Бұл күні кешкісін апам, біздің қасымызға қонуға келген жоқ. Орылған жерді
Бектай есепші кеп өлшеді.
− Апаларыңды ауданға шақыртып кетті,- деді біздің сұрағымызға.
Апамнан екі күндей еш хабар болмады. Бізде де пәлендей ештеңе бола
қойған жоқ. Күні бойы бел жазбай орақ орамыз, түскі дамыл кезінде Ырысбек
домбырасын қаққылап «Краковякті» ойнайды, Эммаға шығарған әндерін айтады,
соны тыңдап біраз сейіліп қаламыз, кешкісін қымтанып оранып ап, ермен шөпке
түшкіріп жатып қатып ұйықтаймыз.
Үшінші күні таңертең оянғанымызда, аспан тұтасып бұлттанып күн жауып
тұр екен. Ауа райы ызғарлы. Жоңғардың шыңдарына қар жауыпты көздің жауын
алып, аппақ боп жарқырап көрінеді.
− Әттегене-ай, енді екі күн ашық тұрғанда мына участокті бітіріп кететін
едік-ау,- деді Нәзира әпкем.
Орақ тоқталды. Ешкім күркесінен шыққан жоқ, оранып-қымтанып қайта
жаттық. Ал ұйықта. Талайдан бергі есесі кетіп жүрген ұйқының орнын бір
толтырдық. Түсте ауылдан тамақ келген жоқ. Ұйқымыз қанған соң қарнымыз
ашты. Әркім масақ теріп әкеп, үгіп, қуырып жеуге кірістік. Ар жағына ел қонып
көңілденген соң Ырысбек ән салды, екі сөзінің біріне Эммасын қосып айтады.
− Хойшы, уят мес пе,- деп сыңғырлай күледі Эмма. Эмма күле берді, күле
берді… Бір кезде Ырысбектің:
− Жә, болды! — деп ақырған даусы естілді. Төңірек тым-тырыс тына қалды,
басқа күркелердегі дабыр-дұбыр сөздер де пышақ кесті тоқтаған, тек Ырысбектің
ғана ақырғаны естіледі: — Неменеңе жетісіп күле бересің?! Кет кәне!.. Кет!..
Көрінбе көзіме!..- Сәлден кейін Ырысбектің даусы күңірене шықты.- Ой, дүние-ай,
не боп кеттің?!. Не боп кеттің?!. Жазың қайда жадыраған, жарым қайда күлмес
жалған; қызық қайда — көрген түстей; отырмын мен неге у ішпей? Маңдайыма
жазылмаған шынарым-ай, сұм тағдырдың жетегінде кетерміз бе, адасумен,
осылай. Өрт боп лаулап күйіп-жанып барамын. Қор болдым ғой, қор қылдың ғой,
қайтейін-ай, бір кездегі асылым ең — арманым… Дүрия!.. Дүрия!..- Мұнан әрі
еңіреп жылап жібергендей болды.
Біз, балалар, атып-атып тысқа шықтық, Ырысбек отырған күркенің аузына
келдік топырлап. Эмма боп-боз боп құты қашып анадай жерде тұр, дір-дір етеді.
Ырысбек күркенің ортасында, екі көзінен жас тарам-тарам ағып, екі қолымен
кеудесін жұлып жеп, уқалап отыр.
− Күйіп барам, өртеніп барам, алсаңшы мені, сұм тағдыр… Неден жаздым,
неге бүйтіп қорлайсың…
Біз, балалар, не істерімізді, не жәрдем етерімізді білмей қарадық та тұрдық.
Бір кезде біреу кеп біздерді екіге бөліп ығыстырып, алға өте бастады. Дүрия екен.
Мұның да көзі бұлаудай, сорғалаған жас. Ұмтылып барып Ырысбекті құшақтап
отыра кетті. Екеуі құшақтары айқасқан күйде сағынысып көріскендей бірін-бірі
аймалап, басқа дүниені тегіс ұмытты… Біз бұрылып өзді-өздеріміздің күркелерімізге
кеттік. Көлбай керең өз күркесінің аузында тау жаққа қарап отыр екен. Өңінде ашу
да, ыза да, күйіну де білінбейді, кеңірейген мең-зең отырыс.
Со күні кешке жақын апам келді. Бұрынғыдай атпен емес, жаяулап, үсті-
басы су-су боп келді. Ауданнан қайтысымен, үйге де көп кідірместен бізге
тартыпты.
− Ырысбек мазаларыңды алмады ма екен деп, осы екі күнде қу жанымды
шүберекке түйіп жүрдім,- дейді.
− Мазалап көрсін, бақ еткізіп шалғыны ішіне бір-ақ сұғып алайын,- деді
Нәзира әпкем.-Осы мен үшің қорыққаныңызды қойыңызшы. Иә, өзіңізді ауданға
жәй шақыртып па?
Апам шым-шымдай отырып Нәзира әпкеме бар әңгімесін айтып шықты.
Менің ұққаным: оны бригадирліктен босатыпты, өзіне қатаң сөгіс беріпті. Онан
соң:
− Әлгі Ырысбек керек еді, шақырып келші,- деді маған.
Мен барып Ырысбекті шақырып келдім. Ырысбек көп күттірген жоқ, күркенің
ауыз жағына кеп отырды.
− Иә, тақсыр жеңеше, не бұйырасыз?
− Сені бастық ауылға келсін деді.
− Не шаруасы бар екен?
− Білмедім.
− Е, онда кейін өзі келгенде айта жатар.
− Жоқ, Ырысбек қарағым, бүгін жетсін деді.
− Менің бүгін ешқайда барғым келмейді.
− Өте тығыз шаруа бар деп еді.
− Неге шақырғанын айтыңыз, бәлкім, көңіліме қонса жүріп те кетермін.
− Өкіл екеуінің сөзіне қарағанда сені бригадир етіп сайламақ.
− Мына мені ме?
− Иә, сені.
Ырысбек ысқырып жіберді.
− Жоқ, жеңеше, басқасына көнсем де онысына көне алмаспын.
Бригадирлігін желкемнің шұңқыры көрсін… Апырай, ә, мына мен, Ырысбек
бригадирмін… ха-ха-ха… күлейін бе, жылайын ба?.. Ха-ха-ха…
Ырысбек со күлген бойда тұрып кете берді, Көлбай кереңнің күркесінің
алдынан өтіп бара жатып, кілт тоқтады да:
− Уа, Көлеке, ашуланып, тұлданып кімді қиратасың. Қой ондайыңды! Жүр,
бірге отырып шай ішелік, ағайынбыз ғой,- деді айқайлап сөйлеп.- Тату болайық.
Бір қатын ортамызға сыйып жүрер. Қайта сенің Әпішің бар ғой, ал мен байғұста
ондай Әпіш те жоқ.
Көлбай керең танауының астынан бірдеңе деп міңгірледі де, Ырысбекке
ілесіп, солардың күркесіне барып кірді.
Сытыр-сытыр ақ жауын жауып тұр. Төңірек тұмшаланып, қараңғылық түсті.
Тау жақтан жеткен алғашқы қардың ызғары бойды тоңазытып, құрғақ шөпке
тығыла береміз.
Күреңбелдегі астық орылып біткен соң, біз мектеп оқушылары жұмыстан
босатылып, оқуымызға қайта кіріскенбіз. Екі дүркін қар жауған, үш-төрт күндей ой-
қырдың бәрі алапестеніп жатты да еріп кетті. Үлкендер жағы: «Күздікке жақсы
болды»,- десті. Күн суытты, түнге қарай жер тоңданып, арық-шұңқырлардағы
сулардың бетіне қабыршақ мұз қатып қалатын болды. Ертеңгісін мектепке бара
жатып, сол жұқа мұздардың үстінде шыны басқандай шытыр-шытыр еткізіп
сырғанап ойнаймыз.
Қырмандағы жұмыс әлі тоқталған жоқ. Маялап жиналған астық баулары
шетінен күнделікті бастырылып, төрт күнде бір өгіз арбамен станцияға
жөнелтіледі. Нәзира әпкем сол арбаның бірінде жүр. Алпыс шақырым станцияға
күн демей, түн демей жүріп отырып төрт күнде барып, қайтып оралады да үйге бір
түнеп, ертеңіне қайта кетеді. Апам бригадирліктен түскен соң, Байдалы шалдың
орнына қырман жұмысына ауысқан: сонда күндіз бір мезгіл астық ұшырысады да
түнге қарай күзетте болады. Тегінде, қырманның түнгі күзетшісі Көлбай керең, ал
апам болса коммунист ретінде оны бақылап, кезекшілікте жүреді.
Бригадирлікке Ырысбек көнбей қойғаннан кейін, біраз күнге дейін ыңғайлы
адам табылмай, ақыры Байдалы шалдың өзі қайта сайланған. «Қайта шапқан жау
жаман…» деп, Байдалы шал осы күні тіпті құтырып кетті. Өйткені бүкіл колхозға
бір өзі қожа, бір өзі би. Нұғыман бүгінде төсек тартып ауырып жатыр. Шолақ қол
өкіл болса оның үйінен кетіп, Байдалы шалдың үйінде тұрып жүр. Соны арқалана
ма, кім білсін, ешкімді бетіне қаратпайды. Бұрынғы әзілқойлықтың бәрін қойған,
ылғи ашулы жүреді. Көзі шатынап, ақыра боқтап ұмтылғанда зәреңді алады. Өзі
көк мауытымен тысталған жаңа бөрік тіктіріп киген, сонысын бір шекесіне қарай
шекшитіп қойып, ұртына насыбайды бұлтита тығып, торы жорғаның үстінде бір
жамбастай қисайып, көшенің ортасымен салдыртып өткені сән-ақ.
Әжібек болса оның көзіне түспеуге тырысып, қашып-пысумен жүргені. «Қап,
мына қақпастың дәуірлеуі-ай, ә. Ырысбектің мылтығын сұрап ап, бір күні
«Қособаның түбінде қоса кетті дегейсің» дегізсем бе екен!» — деп кіжініп қояды.
Бірақ айтарын айтқанмен өзі Байдалы шалдың қарасы көрінгеннен зытып береді.
Соңғы кезде біз Әжібекке бұрынғыдай табынуымызды қойғанбыз. Біздің
алдымызда беделі онша емес. Анау күні Күреңбелден қайтып келе жатқанымызда
жолда өзін Зибаш аямай ұрып тастады. Сірә, Әжібек оған: «Мен ер жеткенше күт,
өзім үйленем. Саған ғашықпын»,- деген болу керек. Өзі ішқұса боп, Ырысбектің
қорлығына ызаланып, күйініп жүрген келіншек жол бойында қолына түскен көк
шыбықпен Әжібекті қуып жүріп соқты. Өзі жүйрік екен, қаша жөнелмек болған
Әжібекті екі аттатпай қуып жетіп: «Жайрағыр, қотыр итім… сен де құтырайын
дедің бе?!. Ендігі қалғаны сенің мазағың екен ғой!..» — деп, ызақорлана жылап
жүріп, көк шыбықтың астына алған кезде, Әжібектің пәре-пәресі шықты. Сонан
бері біз Әжібектің күшіне шек келтіретін болдық. Әйелден таяқ жеген соң-ақ құны
белгілі ғой. Алайда Әжібектің өзі ылғи: «Мен оған бәрібір ғашықпын, сондықтан ол
ұрғанда қол да көтерген жоқпын, қашқан да жоқпын»,- деп ақталады.
Сабақтан кейін күніне бір рет Ырысбектің үйіне соғып кетеміз. Ол қазір
жалғыз өзі тұрады. Жұмыс атаулының бәрінен бас тартып, ертеңді-кеш үйінде
отырады. Сурет салады. Паспортқа жапсыратын кішкентай суреттерді үлкейтеді,
кәдімгі ақ қағазға әдемілеп бояп салған кезде айнытпайды әсте. Ауылдағы шал-
кемпірлер Ырысбектің бұл өнеріне өлердей тәнті. Соғыста қаза болған
балаларының кішкентай суреттерін әкеп, жалынып-жалбарынып үлкейттіріп-ақ
жатқандары. Бар дәмділерін Ырысбектің аузына ұстап, жандары қалмайды.
Сондықтан Ырысбектің тамағы тоқ, көңілді, ыңырсып әндетіп отырып сурет
үлкейтуден жалықпайды. Біз оның салған суреттеріне қызығамыз, аузымыздың суы
құрып мақтап, әңгіме етеміз.
Кей күндері Ырысбек біздің біреумізді жұмсап, хат жазып жіберіп Зибашты,
немесе Эмманы шақыртып алады, үйін сыпыртып, кір киімдерін жуғызып, тамағын
жасатады. Кейде екі-үш күнге дейін үйінен жібермей де қояды. Зибашты
шақырғанда:
Зибаш-ай,
Байыңды, қалқам, сыйлашы-ай… –
деп әндетсе, Эмманы шақырғанда:
Адам тумас Эммадай,
Қол-аяғы балғадай… –
деп әндетеді.
Зибаш та, Эмма да Ырысбектің қылықтарына үйренейін деген. Не айтса да
көнеді. Шақырса тоқтаусыз жетіп келеді де, қуса бұртаңдасып ашуланған боп кете
береді. Бірақ ешқайсысы кек тұтып тұлданбайды. Бұлардың ісіне ауыл да тегіс
үйренейін деді. Әуелі кезде сөкет көріп әрқайсысын жеке-жеке сөз ғып, сөгіп жүрді
де кейін тіпті көңіл аударуды қойды.
Білмеймін, әжемнің сөзінің қаншалықты жаны барын: «Шешең байғұс тап
сол күні өлетінін сезді ғой… сезді-і…» дейтін аһ ұра күрсініп, омырауын жас жуып.
Шынында да апам өлетінін сезді ме, жоқ па, білмеймін. Оның сол күнгі жүріс-
тұрысын есіме алсам, ондай, өзінің өлетінін сезетіндей ешбір оғаш қылығы
болмаған сияқты. Ең болмаса, өз ажалымен де өлген жоқ, сондықтан бүгін өлемін-
ау деген ой қатеріне қайдан келсін.
Сол күні ертеңгісін мен мектепке кеткенде, ол қырманнан түнгі күзеттен
қайтып, көрпе-жастықтарды далаға шығарып жайып, киіздерді қағып, түске дейін
үйдің ішін әктепті. «Қарағым-ай, өзің титықтап шаршап жүргеніңде бекерге әуре
болдың ғой»,- деген әжемнің сөзіне: «Октябрь мерекесі кеп қалды, үйдің іші таза
тұрсын да»,- депті. Жетінші ноябрьге төрт-ақ күн қалған еді.
Онан соң көкемнің және өзінің сандықта жатқан бір киер таза киімдерін
шығарып, тегіс қағып-сілкіп, күн көзіне арқанға іліп қойыпты.
− Шамамның келгенінше ондық-мұндықтарды шығарысып қолқабыс етіп
жүргем. Бір қайырылып үйге кірсем,- дейді әжем кейінде сол сәтін еске алып.-
Марқұм, айнаның алдында бөртпе шәлісін басына салып, бүйтіп өзіне-өзі төніп кеп
қарап тұр екен. Менің кіргенімді де байқаған жоқ. Топырағың торқа болғыр, кейде
бір кербез тарта қалатын керімсал еді ғой. Е-е, жаратқан, жақсыны құдай қойсын
ба…- Әжем мұнан әрі кимешегінің ұшымен көзін сүртіп аз-кем жылап алады.- О,
жалған-ай, десеңші, мен қақпаста да құдай сүйер қылық жоқ қой. Бір кезде со
бөртпе шәлі үшін Ықсаным (менің көкем) екеуін екі күн үйге жолатпай қуып ем.
Екеуі алғаш қосылған жылы қалаға базарға барып, сонда Ықсан сатып алып
берген екен. Келген соң: «Әже, байғазы»,- деп, әлгі бөртпе шәлісін басына салып,
келінім ыздиып алдыма келе қапты. Неден сайтаным ұстай қалғанын білмеймін,
әйтеуір аяқ асты өз теріме өзім сыймай тырыса қалғаным. «О, қараңқағыр!..» -деп
қолыма түскен сабаумен тұра ұмтылдым, ол күнде енеге тура қарайтын келін
қайда, тұра қашты. Тіпті безіп кетті. Ықсаным бірдеңе-бірдеңе деп ара түскендей
күңкілдейді. Ә, қатынжанды жайрағыр!» — деп сабаумен салдым кеп. Ол да
шыбын-шіркей боп безді. Содан екеуі менен қорқып екі күнге дейін үйге жолай
алмай жүрді ғой. Нұрсұлудың үйіне қонып жүрді… Сонымды кек көрмеген қос
қарашығым… Екі күннен кейін екеуі ыржиып күліп алдыма кеп тұр. «Әже-ау, неден
жаздық, ең болмаса айтып ұрсаңызшы»,- дейді. Неден жазғандарын өзім де
білмеймін. Ашуымнан да қайтқым келмейді. Сабаумен екеуін екі салдым.
Қолымның қайратының бар кезі емес пе, байқаймын, екеуіне де батып кеткен
сияқты. Бірақ сыр бермейді өздері, со ыржиып күлген кейіптері. Бір ауық ашуым
тарқап, қыбым қанғандай болды. Міне, сол бөртпе шәліні сонан қайтып менің
көзіме көрсеткен емес. Бір жаққа барса үйден жасырып алып шығып, сыртта ғана
басына салатын. О, ана сыйлаған қарғаларым… Енді, міне, екеуінен де айырылып,
қу томар боп отырған отырыс мынау… Өлеріне көрінді ме, тап сол күні әлгі бөртпе
шәлісін басына салып айнаның алдында өзіне-өзі төне қарап тұр екен. Қазір
ойласам, бой түзегені екен ғой, күнімнің… Бір кез мені көріп жаман қысылып
қалды. Балаша қызарып: «Әже-ау, мына бөртпе шәлі менің енді не теңім. Осыны
Нәзирашыма берсем қайтеді?» — деді. «Өзің біл, қарағым»,- дедім де қойдым.
Үстінен аңдып кіргендей болғаныма өзім де қысылып, қайта шығып кеттім…
Марқұм, тап сол күні өлетінін сезді ғой… сезді-і…
Мен сабақтан шыққан соң үйге қайтып келе жатып, арық-шұңқырлардың
бетіндегі ертеңгісін өзім сырғанап өткен қабыршақ мұздармен тағы да сырғанай
жүргем. Бір шұңқырда түске қарай жіпсіген жұқа мұз ойылып кетіп, белуарымнан
балшық суға шолп етіп түстім де кеттім. Басқа балалар ішектері түйілгенше күліп,
сандарын шапақтап мазақтап, қыран-топан күлкіге батты. Шұңқырдан сүметіліп
әзер деп шықтым. Үстім сығып алғандай су болды. Жуырда ғана қолдан сырылған
шарығым мен мақталы қалың шалбарым шұңқырдағы судың тең жарымын сорып
алған сияқты.
Үйге таяй бергенімде апамды көріп қорыққанымнан еңіреп жылап жібердім.
Бірақ апам ұрысқан да, ұрған да жоқ. Су киімдерімді дереу сыпырып шешіп алды
да, көкемнің жейдесінен кішірейтіп тіккен жейдені кигізді, сөйтті де: «Шалбарың
кепкенше отыр» — деп көкемнің жағалы қара пальтосына орап отырғызып қойды.
Біз үшін көкемнің үйде қалған әрбір киімі баға жетпес қасиетті бұйым еді. «Апа,
көкемнің пальтосын енді кім киеді?» -деп сұрағым келеді, бірақ сұрауға батпаймын.
Өйткені көкемді сөз ету жанды жараның аузын тырнаумен бірдей. Ол туралы
әрқайсысымыздың ішімізде жатқан құпия бар, мейлі қара қағаз келсе де
жүрегіміздің түбінде сөнбеген үміт бар.
− Сенің оқуыңды тексеріп, қадағалауға да мұршам болмай кетті. Сабағың
қалай? — деді әлден уақытта апам.
− Жақсы,- дедім мен пальтоның жағасына тұмсығымды тыға түсіп міңгірлеп.
Егер апам: қанша «бесің», қанша «төртің», қанша «үшің» бар деп, қазбалап сұрай
бастаса, әрине, таяқ жейтінім анық. Өйткені бұл тоқсанда «үштерім» көп еді.
Сондықтан мұнан әрі сұрамаса екен деп қылпылдап Жаным шығып отыр. Апам
қазбалаған жоқ.
− Оқуыңды жақсы оқысаңшы, балам,- деді де қойды. Онан соң белін тас қып
орап, қырманға кетуге жинала бастады. Әжеме: — Мына Нұрсұлудың үйіне
бағанағы астықтан бірер шелек кіргізіп беріңіз. Балалары ашығып қалмасын,- деді.
Сөйтіп, апам түс ауа қырманға кеткен, ертеңіне таңертең күн шықпай жатып
есігіміздің алдына аттандап Көлбай керең жетті:
− Ойбай!.. Ойбай!.. Айрылдым Бағиладан! Айрылдым!.. Ойбай!..
Біз төсегімізден ұшып-ұшып тұрдық. Үйге апыр-топыр ауылдың қатын-
қалаш, кемпір-шалдары толды да кетті.
Кейіннен Көлбай кереңнің үлкендерге апамның өлімі туралы айтқан
әңгімесін әлденеше рет естідім: түн жарымында қырманға тұтқиылдан салт аттысы
бар, арбалысы бар бір топ адам cay ете қалады. Ес жиғызбастан Көлбай кереңді
бір-екеуі кеп бас салады. Апам оқтаулы мылтықты ала сап кезене бергенше, біреуі
оны сойылмен ұрып жығады. Көлбай кереңнің аузына шүберек тығып, қол-аяғын
артына қайырып байлап тастайды. Өздері арбаларына сықап астық тиеп, аттарына
теңгеріп тайып тұрады. Көлбай керең таң атқанша байлаулы күйінен тырп ете
алмай жатады. Тек ертеңгісін қырманға бірінші барған Байдалы шал босатады.
Менің апам со түндегі сойыл тигенде қызылға етпеттей құлаған жерінде жатыр
екен. Барып қозғап көрсе әлдеқашан жан тәсілім етіпті, сойыл қате тиіп қарақұсын
айырып жіберген екен.
Достарыңызбен бөлісу: |