Қанат – оқушы
Гүлзат – жас мұғалім
Қайыржан – оқушы, Қанаттың досы
Айтгүл – оқушы, староста
Сайра – оқушы
Жасболат‑оқушы
Еділ‑оқушы
Ержан‑оқушы
Айбол – ересек жігіт
Батыр – жас жігіт
Директор – мектеп басшысы
Катя – Гүлзаттың сіңілі
11-ші сынып оқушылары. Сыныпқа Қанат кіреді.
Қанат: Сыныптастарға сәлем! Біздің ауылдың сарбаздары мен сылқымдары, жүгірмектері мен желөкпелері. Сабақ оқуды сағынып қалғанбысыңдар, бәрің жиналып қалыпсыңдар ғой.
Аман ба менің сыныбым,
Аман ба біздің парталар?
Аман ба біздің глобус,
Аман ба біздің карталар...?
Айтгүл: Ақынсымақ Мерқұрманов. Бұл өлеңді жаз бойы ойланып жаздың ба?
Сайра: Біреуден көшіріп алған шығар.
Қанат:Ерегесті бастайын,
Сөзшең қыздар қайда бар?
Олар біздің сыныпта,
Айтгүл менен Сайралар.
Қалай, қыздар, жігіттер! Аман сау жүздескенімізді тойламаймыз ба? Әрі бүгін бірінші қыркүйек, жақсы оқитындардың мейрамы. Оқу жылын көңілді бастайық. Жаз бойы жан-жақта болдық. Сендерді қайдам, мен өзім бәріңді қатты сағындым, тіпті Айтгүл мен Сайраны да. Үш ай бойы екеуін көрмей, «соғысатын» адам жоқ әбден ішім пысты.
Айтгүл: Осы Мерқұрмановпен бірге оқитынымды ойласам мектепке келгім келмейді.
Сайра: Осы бөспені былтыр көшірмей тастау керек еді.
Қанат: Бөсер жерде бөсеміз,
Өстіп‑өстіп өсеміз.
Қиналып бес алмай-ақ,
Екімен де көшеміз!
Қайыржан: Осы сендердің айтыстарың телесериал сияқты. Он жылдан бері күніне бір сериясын көреміз. Айтпақшы, мен бір жаңалық айтайын. Керемет жаңалық! Тыңдаңдар! Бүгін таңертең біздің көрші үйге бір ғажап қыз келді. Жоғарғы сортты бойжеткен! Сұлулығында шек жоқ. Актрисаларға ұқсайды. Үндістаннан келді-ау деймін. Сыртынан көрдім. Шашы қап-қара, беті аппақ, фигурасы мынандай. (қолымен көрсетеді) Көзідері.., тура біздің сиырдікіндей.