Қанат:Мынау қайдан біліп қойған?
Қайыржан: Айнұр шығар баяғы, аузына қуырған бидай тұрмайды.
Қанат: Оны ешкім биге шақырған жоқ, соған ренжіген болар.
Гүлзат: Айтгүл, сен бұл мәліметтерді қайдан алдың?
Айтгүл: Сенімді бір адам айтты.
Гүлзат: Ол кім?
Айтгүл: Ол...
Гүлзат: Қайыржан, сен не дейсің?
Қайыржан: Мұғалім, отырыс жасағанымыз рас. Бірақ біз сабаққа дайындалдық. Сіз жүргізетін пәнді оқыдық. Ешқандай ішімдік болған жоқ. Шай ішіп, бауырсақ жедік. Айтгүл мен Сайраны шақырмап едік, Айтгүл соған ерегесіп айтып тұр.
Айтгүл: Онда неге бір сағат бойы құшақтасып вальс биледіңдер?
Қайыржан: Соңғы қоңырауда билейтін биді қайталадық. Пластинка сызылып қалыпты, қайталана берді, қайталана берді. Музыка тоқтамай қойған соң еріксіз билей бердік, билей бердік.
Айтгүл: Соқ өтірікті, апай сенбеңіз. Соңғы қоңырауда олай құшақтасып, жабысы‑ы‑ып билемейді. Айналып билеу керек.
Гүлзат: Балалар. Сендерге қарап таң қаламын, кейде қызығамын. Мектеп бітіргелі жатсаңдар да балалықтарың қалмаған. Өздерін үлкен адамша ұстайтын кейбір балалар болмаса, көпшілігің әлі албыртсыңдар. Осы қылықтарыңды көргенде өзімнің мектеп бітірген кездерім көз алдыма келеді. Жасырын отырыс жасапсыңдар. Жоғарғы сыныпта мұндай оқиғалардың болып тұратынын ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен, ар-ұяттан аттамаңдар. Тәртіпті болыңдар. Ертең-ақ жан-жаққа кетесіңдер. Күндердің күнінде осы қылықтарыңды сағына отырып еске аласыңдар. Ал шылыммен ішімдікке әуес болу ең алдымен денсаулыққа зиян. Денсаулықтан артық байлық жоқ. Мен сендердің алтын ұяларыңнан қанаттанып биікке ұшуларыңа тілектеспін. Және сендер менің тұңғыш оқушыларым, тұңғыш түлектерімсіңдер. Бәріңді жанымдай жақсы көремін.
Қанат: Мен де! Ой, бәріміз сізді жақсы көреміз.
Гүлзат: Рақмет. Айтгүл жалғастыра бер.
Айтгүл: Келесі Мерқұрманов Қанаттың тәртібі.
Қайыржан: Мына «атқыш» тағы бір оқ атайын деді.
Айтгүл: Біздің ойымызша Мерқұрманов бұзылған бала. Ол үнемі өзімен-өзі күбірлеп сөйлеп, терезеге қарап, қиялданып отырады. Және отырған жерінің бәріне «К» деген әріпті ойып жазып кетеді. Біз белсенді топ жақында сол «К» ‑деген әріптің сырын аштық.