Қазақ орфографиясында шешімін таппай келе жатқан қиындықтар- дың бірі – құрама сөздердің бірге я болмаса бөлек жазылуы.
Біріккен сөз тəрізді аса күрделі құбылысты танып-білуде проф. Қ.Жұ- бановтың ғылыми-лингвистикалық концепциясының мəні айрықша бол- ды [44].
Біріккен сөздердің үлгісі «Орфографиялық негізгі ережеде» (1938, 1958, 1983) беріліп, əсіресе акад. Р. Сыздықтың ғылыми редакциясымен шыққан үлкен «Орфографиялық сөздіктің» [45] жəне «Анықтағыштың»
басылымдарында екі түбірден құралған терминдердің, жан-жану- арлар, өсімдік, тұрмыс, шаруашылық заттары, салт-дəстүр т.б. атаулары бірге таңбаланып, нормаға түсті.
Қазақ тілі білімінде сөздердің дыбыстық жамылғысы жағынан бірігуі, негізінен, сегменттік бірліктер деңгейінде қарастырылды. Қатар келген екі сөздің құрамындағы дауысты/дауыссыздардың түсіп қалуы неме- се өзге бір дыбыстарға алмасуы (қазанғап, бұл жыл – бұ жыл – биыл; қол қап – қолғап т.б.) сөздің формалық жақтан бірігуінің белгісі ретінде алынды.
Алайда екі сөздің формалық жақтан бірігуін тек сегменттік бірліктер деңгейінде қарау жеткіліксіз екені байқала бастады. Бұл құбылыс, түптеп келгенде, ондаған ғана сөздің көлемімен шектеледі.
Ал, шынында, сөздің материалдық жағынан бірігуі тек сегменттік деңгейде ғана жүзеге асатын құбылыс па? Суперсегменттік деңгейдегі белгілер сөздің біріккендігінің көрсеткіші бола ала ма? Бұл мəселе кезін- де профессор Қ.Жұбановтың біріккен сөз туралы теориялық концепция- сында айтылған. Екпін қызметіне жете көңіл аудару қажеттілігін көрсе- теді. Ғалым сонау 30-жылдардың кезінде-ақ екі сөздің бір негізгі екпінге бағынуын біріккендіктің ерекше тұлғалық белгісі ретінде көрсеткен бо- латын.
Сондай-ақ мағынаны біртұтас құбылыс ретінде ала отырып, сөздердің мазмұн жағынан бірігуін қарастырудың əдіс-тəсілі əлі де жеткіліксіз бо-
лып отырғанын байқаймыз. Мағынаның ішкі құрылымдық бірліктеріне тəн ерекшелікке тереңдеп бармай, екі сөз бірігіп, басқа бір жаңа мағына- ны береді деген жалпылама тұжырыммен мəселе шешілмейтіні де белгілі болды. Мұндайда, бəрібір, екі сөздің бірігуі, жаңа мағына беруі немесе əрқайсысы өзінің дербестігін сақтап қалуы т.б. мəселелер кейбір тұстар- да шешілмеген, даулы күйде қалып қояды.
Осымен байланысты Қ.Күдеринованың [47] мазмұндағы «жаңа- лықты» күрделі семантикалық құрылым ретінде ала отырып, мағыналық өзгерістерді оның ішкі құрылымындағы элементтердің сыр-сипатынан іздейтін, сөз мағынасының ішкі құрылысындағы өзгерістерді сигнифи- каттық (семалық бөлшектерден), денотаттық, коннотаттық, прагматика- лық, компоненттерден іздейтін зерттеу монографиясы мен мақалалары жарық көрді. Екі сөздің тіркесінде лексемалардың мазмұнындағы кейбір компоненттер өзгеріп, қайсыбірі өзгеріске ұшырамауы ықтимал. Зерттеу- ші біріккендіктің мағына деңгейіндегі белгілерін осы аталған компонент- тердің ерекшеліктерінен іздестірудің мəні айрықша екеніне ерекше көңіл бөлді.
Біріккен сөз құбылысын лексикология, морфология, сөзжасам, син- таксис, орфография ыңғайында қарастырған зерттеулерде проф. Қ. Жұ- бановтың концепциясында көрсетілген белгілер негізге алынған деуге болады.
Г. Жəркешова «Қазіргі қазақ əдеби тіліндегі біріккен сөздер» [48];
«Біріккен сөздердің кейбір мəселелері» [49], т.б зерттеулерінде екі сөздің бір мағына беретіні, сөйлемнің бір мүшесі болып жұмсалатыны, сөз жі- гінде дыбыстық өзгеріске ұшырайтыны, бір екпінмен айтылатыны тəрізді белгілерді негізге алады. Проф. М.Балақаев [50] біріккен сөздерді сөз тіркестерінің құрамымен салыстыра отырып, олардың сөз тіркесінің бір сыңары болып жұмсалатынын көрсетеді: бозторғай – құлақты бозторғай, сақара бозторғайы, сібір бозторғайы; қараторғай – бозғылт қараторғай, қара қараторғай, күлгін қараторғай т.б.
Кіріккен сөзге байланысты проф. А.Ысқақов екпін кіріккен сөзді жай сөз тіркесінен əрі ерекшелендіретін, əрі ажырататын негізгі белгінің бірі дей отырып, «Біріккен сөз деп, компоненттері мағына жағынан да, форма жағынан да елеулі өзгерістерге ұшырамай-ақ өзара бірігіп, жинақталған біртұтас лексика-семантикалық мағына білдіретін күрделі сөзді айта- мыз», – дейді [51,106].
Алайда қазіргі кездің өзінде бірге/бөлек жазылуы даулы көрінетін сөздердің саны олардың тиянақ тапқан түрлерінен əлі де болса аз емес. Сонымен бірге əртүрлі басылымдарда, əсіресе мерзімді баспасөз бет- терінде сөздерді біріктіріп жазу үрдісі соңғы 10-15 жылда күшейе түсті.
Орфография Бірге/бөлек жазылуы даулы көрінетін жаңа ұғымдар пайда болды. Мұн- дайда орфография сөз байлығын арттыруға тежеу болмауға тиіс. Сон- дықтан біріккен сөздердің өзге ұқсас құбылыстармен ортақтасатын жəне олардан өзгешеленетін тұстарын іздестіріп, олардың орфографиялануын негіздей түсу қажет. Бұл ретте Қ.Жұбановтың ой-тұжырымдарының ре- троспективті де, перспективті де маңызы ерекше екені байқалады.
Біріккен сөзді (Қ.Жұбановтың терминологиясы бойынша кіріккен сөз – Н.У.) өзге де ұқсас құбылыстармен салыстыра келіп, ғалым олар- дың айырым белгілерін айқындап, анықтамасын былай деп көрсетті:
«Бірнеше сөз қосылып, бір ғана екпінге – ең соңғысының екпініне бағы- нып, кейде бəрінің не біреуінің сыртқы формасы өзгеріп, не өзгермей-ақ, бəрінің не біреуінің бұрынғы мағынасы өзгеріп, сондықтан бəрі жина- лып, бір-ақ нəрсенің аты болып, бір-ақ мағына беретін, сөйлемде бір-ақ мүше болып, бір-ақ сөздің орнына жүретін болса, осыны кіріккен сөз дейміз» [44, 249 б.].
Осы анықтаманы біршама таратып айтсақ, біріккен сөздің ғалым көр- сеткен белгілері бірнеше деңгейге қатысты екенін байқаймыз:
бір екпінге бағынатыны – суперсегменттік деңгей (1);
сыртқы формасының өзгеруі/өзгермеуі – сегменттік деңгей (2);
бəрінің/біреуінің мағыналарының өзгеруі – коннотативтік деңгей (3);
бір нəрсенің аты болуы – денотативтік деңгей (4);
бір мағына беруі – сигнификативтік деңгей (5);
сөйлемде бір мүше болып жұмсалуы – синтаксистік деңгей (6);
бір сөздің орнына жұмсалуы – лексемалық деңгей (7).
Қ.Жұбановтың концепциясы, біріншіден, сөздің біріккендігін матери- алдық жақтан тек сегментті бірліктер ғана емес, суперсегментті бірлік- тер деңгейінде қарау; екіншіден, мазмұн межедегі өзгерістерді мағына- ның ішкі құрылымдық компоненттері деңгейінде қарастыру, үшіншіден, біріккен сөз статусын форма мен мазмұнның бірлігі тұрғысынан кешенді түрде қарау дегенге саяды. Өйткені мазмұндағы өзгеріс форма жағынан қолдау тапса, сондай-ақ форма жағындағы өзгеріс мазмұн жағынан қол- дау тапса ғана, ондай күрделі құрылымдар біріккен сөз ретінде жазуда бірге тұлғалануға тиіс.
Орфографиядағы өзге қиындық бір басқа да, құрама сөздердің жа- зылуына байланысты қиындық бір басқа деуге болады. Мысалы, боз- торғай, қараторғай, қарабидай, желбау, уықбау, ауылшаруашылық т.б. толып жатқан сөздер əртүрлі басылымдарда əркелкі жазылып жүргенді- гі жиі байқалады. Тіпті лингвистикалық сөздіктердің (орфографиялық, түсіндірме сөздік, орысша-қазақша сөздік, терминологиялық сөздіктер т.б.) өзінде кейбір сөздер бірге жазылса, сол сөздердің кейбірі бөлек
жазылған. Мұндай фактіні, жасыратыны жоқ, жиі кездестіруге болады. Орфография мəселесін сөз еткен мақалаларда, рецензияларда көбіне сөздердің бірге не бөлек жазылуына байланысты ала-құлалықтар сынға алынып жүруі де орынсыз емес. Бір ғана мағынаны білдіретін, бір ғана заттың атауы болып саналатын екі сөз неге бөлек жазылады? Екі сөз бірі- гіп барып бір ғана мағынаны, бір ғана ұғымды білдіретін болса, ондай сөздер бірге жазылмай ма? Мысалы, тасбақа, құрбақа, көлбақа, т.б. сөз- дердің бір заттың атауы екендігі де, бір ғана мағынаны білдіретіндігі де рас. Сондай-ақ сүйіртұмсықкөлбақа,қызылаяқбақа,бақылдауықбақа дегендер де бір ғана заттың (бақаның белгілі бір түрінің) атауы бір ғана мағынаны білдіреді. Осы типтес құрама сөздер бірге жазыла ма, əлде бөлек жазыла ма? Мысалы, ит қонақ (тимофеевка), ат қонақ (бор, могар), сор қонақ (поташник), май қонақ (верблюдка) т.б. сөздер бір ғана мағынаны білдіреді, бір ғана заттың (өсімдіктің) атауы болып жұмсала- ды. Алайда қараөрік–слива,тікендіошаған–репейничек,құмтары
кизильник,балшытыр–медуница,бөрі–лобия,майлыбұршақ,кептер бұршақ т.б. дегендер де бір ғана заттың атауы, сыңарлары бірге таңбала- на ма, əлде бір-бірінен бөлек таңбалана ма?
Мұндай сұрауға үзілді-кесілді жауап беру қиын. Дегенмен құрама сөз- дердің жазылуын сөз етпес бұрын, алдымен олардың өздеріне тəн бел- гілері мен ерекшеліктеріне назар аудару қажет тəрізді. Құрама сөздер – жалпы тіл білімінің де, жеке тіл білімінің де аса бір қиын саласы.
Өйткені құрама сөздердің жалаң сөздермен, еркін сөз тіркесінен, фра- зеологиялық тіркестен жігін, шекарасын айыру көп жайғдайда оңай бола бермейді.
Қазақ сөзі өзінің құрама жағынан мынадай топтарға бөлінетіндігі бел- гілі.
І. Жалаң сөздер: ағаш, үй, бала, шаруашылық, мұхит, ай, жыл, сана, дəуір, мектеп, кітап, қағаз т.б.
ІІ. Құрама сөздер немесе күрделі құрама сөздер (проф. К.Аханов) төрт топқа бөлінеді.