Қорытынды 59
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 61
Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диплом жұмысында әкімшілік жауапкершілік түсінігі мен оның туындау негіздері, негізгі қағидалары мен әкімшілік жазалардың қолданылу мәселелерінің теориялық негіздері қаралады.
Тақырыптың өзектілігі. Негізінде мемлекеттегі қандайда болмасын заңдардың талаптарын бұлжытпай орындау қоғам мен мемлекетке әрқашанда тиімді болып келеді және олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылмауын әрі сақталуын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік немесе қоғамдық тәртіпке, меншік түрлеріне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, заңды тұлғалардың мүдделеріне, сондай-ақ басқарудың белгіленген тәртібіне қиянат жасайтын, сол үшін заңдармен әкімшілік жауапкершілік көзделген құқыққа қарсы (қайшы), кінәлі (қасақана немесе абайсызда) әрекет не болмаса әрекетсіздік әкімшілік құқық бұзушылық деп танылады.
Республикамыздың әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде осы саладағы заңдар бір жүйеге келтірілген. Кодексте қандай әрекеттердің немесе әрекетсіздіктің әкімшілік құқық бұзушылыққа жататындығы, оған қандай жазалар қолданылатындығы, сол жазаларды қолдану және орындау тәртіптері нақтыланып, сараланып көрсетіліп отыр.
Мемлекеттік биліктің адам мен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметіндегі маңызды институттары: әкімшілік жауапкершілік пен әкімшілік шараларының маңызы зор болып келеді. Әкімшілік құқықтың маңызды құрамдас бөлігі әкімшілік-деликттік құқық болып табылады, оның дамуының негізгі бағыты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнаманы адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары туралы конституциялық нормаларды негізге ала отырып жаңартумен байланысты.
«Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнама бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге, қоғамдағы құқықтық даулардың алдын әкімшілік-құқықтық шаралармен алуға барынша бағытталуы тиіс» делінген Қазақстан Республикасының 2015 жылдан 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында[1].
Сондықтан мемлекет құқықтық нормаларда міндетті ереже-тәртіптерін бекіте отырып, сонымен бірге оларды бұзғаны үшін мемлекеттік мәжбүрлеуді қолдану мүмкіндігі қарастырады. Соның ішінде әкімшілік шараларды қолданудың маңыздылығы олардың ауырлық дәрежесінде емес, әкімшілік жауапкершіліктің және әкімшілік шаралардың міндетті түрде орын алуы, бұлтартпастығы болып табылады. Яғни қазіргі таңдағы әкімшілік деликттік құқық теориясындағы маңызды рольды әкімшілік жауаптылықтың және әкімшілік шаралардың міндетті түрде орын алуы болып табылады.
Мұндай теорияның бұрыннан қалыптасып, дамуының себебі осында болады. Оған мысал ретінде құқық бұзушылық және жаза контекстінде Чезаре Беккарияның айтуынша, «қылмыс жасаған адамға қатысты оныңішкі дүниесіне терең және ұзақ уақытқа созылатын, ал тәніне неғұрлым аз дәрежеде әсерін тигізетін тиісті мөлшердегі жаза түрлері қолданылуы керек» [2,103 б.].
Бұл айтылған жайтты қазіргі әкімшілік деликттік құқық теориясы мен тәжірибесіне сай айтатын болсақ,жасалған әкімшілік құқық бұзушылық үшін адамдардың санасы мен еркіне неғұрлым ұзақ мерзімге және қатты әсерін тигізетін әкімшілік шаралар мен өзге де әкімшілік-мәжбүрлеу шараларын жәнеміндетті түрде тиісті мөлшерде ғанақолдану керек. Мұның барлығы құқық бұзушының мінез-құлқының жеке-индивидуалды қасиеттерін және оның мәдени-этикалық, ар-ождан, моральдық көзқарастарын ескере отырылып қолданылуы қажет. Яғни белгілі бір әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша әкімшілік-мәжбүрлеу шарасын қолданатын орган немесе лауазымды тұлға міндетті түрде құқық бұзушының жеке басының ерекшеліктеріне мән беруі тиіс. Осыдан шығатын түйін, әрбір әкімшілік-құқықтық әсер ету шарасы жазаның орындалуын ғана қамтамасыз етіп қоймай, яғни оның әсері жалпы тұрғыда емес, құқық бұзушыны жөнделуге бағыттауы тиіс, яғни жеке-индивидуалды сипатта болуы тиіс.
Әкімшілік-деликттік құқық теориясы мен тәжірибесіне сәйкес өзінің әкімшілік құқық бұзушылықтармен күресте тиісті орнын тапқанәкімшілік мәжбүрлеу институты әкімшілік жауапкершілік институты шеңберінде жүзеге асырылса, әкімшілік жауапкершілік институты әкімшілік жаза институты аясында жүзеге асырылады.
Бірақ қазіргі уақыттағы еліміздегі қолданыстағы заңдарға және әкімшілік құқық бұзушылықтармен күрестегі тәжірибеге сүйенетін болсақ, бұл аталған әкімшілік құқық бұзушылықтармен күресте жалғыз және дұрыс жолы болып табылмайды. Ұзақ уақыт бойына қалыптасқан құқық теориясы мен тәжірибесіне сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылықпен күресте өзге де неғұрлым адамгершіл және әділ жолдар бар екендігі көрініп отыр.Бұл өзінің бастауын еліміздің конституциялық ережелерінің негізінен алып отыр. Онда«... оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары» делінген [3, 4 б.], яғни олардың мемлекеттің өзге құндылықтарынан басым екендігін айтып кетуімізге болады. Осыдан келе, елдегі барлық қызмет аясының күштері, соның ішінде әкімшілік құқық бұзушылық аясындағы мемлекеттің қызметі адамның пайдасына шешілуге тиіс, яғни жоғарыда аталған конституцияның бастауларынан шықпауға, оны сақтауға тиіс.
Сонымен қатар Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында былай деген: «Ашық, демократиялық қоғам негіздерін дәйекті түрде бекітуде, демократия мен құқықтық тәртіп – бір-бірінсіз болуы мүмкін емес, ажырамас заттар. Сондықтан азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын тиімді жүйе қажет» [4].Сондай-ақ ол өзінің келесі«Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру –
мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты халыққа Жолдауында: «Құқық қорғау және сот жүйесі қазақстандықтардың құқықтарын әділ әрі тиімді қорғауды қамтамасыз етуі қажет... Бұл салада басым мақсат ретінде – жазалау шараларын қолдану емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен олардыболдырмауболуы қажет» деген [5].
Осыған орай қазіргі ӘҚБтК-те әкімшілік құқық бұзушылықпен күресте әкімшілік жауапкершілік ретінде тек әкімшілік жазалау шараларын емес, сонымен қатар «әкімшілік жауаптылықтан және әкімшілік жазадан босату» деген тарау бекітілген.
Мұндай әкімшілік жауаптылықтан және әкімшілік жазадан босату институтын заңда бекітіп, оны қолдану әкімшілік құқық бұзушылықтармен күресте ролі өте зор. Бұл, біріншіден, мемлекеттіңәкімшілік құқықтық саясатының дамуында негізгі бағыттарының бірі ретінде, екіншіден, адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын білдіретін әлеуметтік қатынастарды гуманизациялауда маңызды болып келеді.
Дегенмен құқық бұзушылық жасаған адамды әкімшілік жауаптылықтан және әкімшілік жазадан босату адамды ақтады немесе оны кінәлі емес ретінде тану деп түсінбеуіміз керек. Кінәлі емес құқық бұзушылықтар болмайды.
Профессор М.С.Нарикбаевтың айтуынша, «аталған заңнама нормалары, керісінше, құқық бұзушылықтар үшін кінәлі адамдарға бағытталған және оларды босатуға негіз болған мән-жайлар адамдыақтап шығару болып табылмайды» [6,68 б.].
Мұндай шараның қолданылуы әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамның өзінің іс әрекетін неғұрлым жауапты түрде анализдеп, оған дұрыс баға беруіне шарт болып табылады. Өз қателіктерін, кінәсін түсініп, одан енді алдағы уақытта заңдылықтың сақталуына кепілденіп, өзіне қорытындылар шығарады. Яғни мұнда құқық бұзушылық жасаған адамды оған сенім білдіре отырып, оны жүндеу жолымен жүзеге асады. Яғни кейбір жағдайларда құқық бұзушыға әкімшілік мәжбүрлеу шараларын қолданбай, оны жөндеуге, өзгертуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |