Алматы “Жазушы” 2013



Pdf көрінісі
бет11/19
Дата11.01.2017
өлшемі1,64 Mb.
#1641
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   19

Талғат МЫҚИ 
(Батыс Қазақстан)
 
АЙТЫС
 (Қашаған Күржіманұлына)
Бұл Маңғыстау біз барамаған жер еді,
Қара өркешті қатептері маң басқан.
Әулиелер әмбеге аян ел еді,
Алла антындай ақ сөздері – алдаспан,
...Алдаспандай болуының себебі – 
Жар-Иемнің жалқы есімі жарқ етсе,
Шайтандары ақылынан алжасқан.
Жарық нұр ғой – Жар-Иемнің жамалы.
...Сол Маңғыстау Жар-Иемнің жаңағы
Жамалының шуағына шомылған.
Құм астында ұлып жатқан ғасыр боп,
Құран сазы естіледі қорымнан.

140
Құлпытастың бетіндегі жазулар
Құдіреттің мөрі екен ғой соғылған...
Бұл Маңғыстау – құт дарыған түз екен,
Еске түссе ескі уақыттың қай тұсы
Жыршылардың жүріп өткен ізі екен,
Көк тастардың ұйқышы мен айқышы.
...Әруақ боп аспан жақта ұшпайды,
Қайсы бір жыл қайтыс болған қайқысы.
Содан бері боп жатқанға ұқсайды,
Ібіліс пен періштелер айтысы.
Содан бері күрт өзгерді саналар,
Ішімізге ібіліс сап іріткі.
Лаһул-Махфуз тақтасында ғана бар,
Бұл майданда кім ұтылды, кім ұтты.
Замананың тартып жүріп зардабын,
Алты Алаштың адастырып арманын,
Алға қарай жылжып келе жатырмыз
Алдын сүйреп сайтан мінген арбаның.
Хас дұшпанын табанында таптаған,
Халқымыздың қабағында қар қалың,
Маңдайында сор қалың...
Сор қалыңы – сол аяқпен аяусыз,
Арулардың таптап жүрміз арларын.
Атан қомы ауырсынған ел мұңы –
Ескерусіз кетіп жатқан ер құны – 
Екі жақтың айтысының сол болмақ,
Екі дүние тақырыбы ендігі...
...Келімсекте келу бар да, кету жоқ,
Сол баяғы көңіліңнің кеңдігі.
Қысық көздер қыдырып жүр көшеңде,
...Қыдыр емес екендері белгілі.
Көпке қарап түкірісті көп есті,
Қаныңда жоқ қасірет қой ол ескі.

141
(Түгіменен түйе жұтқыш өңешті
Байлар жайлы бабам кеше не десті?!)
Періштенің сөзін айтқан еді ғой,
Перілерден аулақ құрып кеңесті...
Сол бабамның ұсақталды ұрпағы
– Құр әуейі көптігінен шығар бұл,
Тірі әулие жоқтығынан емес-ті.
...Тұғырынан таймай тұрған тақ үшін,
Біз болжаған болашақтың бағы үшін,
Анайы ердің ұйықтатып нәпсісін,
Адайы елдің оятатын намысын
Қашағанға қаратып жыр оқысам,
Қара жерге жетер ме екен дауысым?!
АМАНАТ
Бөрі таңба байрақ алып жау шапқан,
Қарсы келсе қабырғасын қаусатқан,
Ата дұшпан ат үстінде жолықса,
Ат жалынан аударып,
Арғымағын ақсатқан,
Жапан төстеп жаугершілік күн кешкен,
Түнде жортып тұлпарымен тілдескен,
Бүгін қылған батырлығы бір күні,
Бүтін елге жайыларын білместен,
Бір жебесін бір жауына арнаған,
Ердің құнын – даулаған,
Ару құнын – арлаған,
Қара санын қанжар тілсе қыңқ етпей,
Сүйегінен сөз өтсе
Қарап тұра алмаған,
Жұрттың мұңын жауырынға жүк қылып,
Тегі кімнен тарайтынын ұқтырып,
Күні бұрын жауға күлкі болман деп,
Тірі күнін талақ еткен тік тұрып,

142
Қын мен қылыш түсірмеген аш белден,
Ұрпақты ойлап жанарына жас келген,
Бес уақтылы жайнамаздың үстінде
Жар асытынан шапқан жұртқа бас берген,
Өлгенінше берілмеске бекіген,
Сөйтіп жүріп шейіт болып шетінен,
Керуенін кері бұрып келмеске,
Бабаларым көшкен жердің бетінен...
Соның бәрі не үшін-ді?!
– Еділ менен Жайықты,
Ертіс пенен Есілді
Бабам бізге аманаттап қалдырған,
Қазақ, ертең жинарсың деп есіңді.
Қарадан туып хан болып,
Бір данышпан бастасын деп көшіңді...
...Кім көрінген баспасын деп төсіңді.
ҚАБІР ҚАБЫРҒАСЫНА ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ
(болашақ атынан)
...Қайырлы болсын сендерге,
Бізден бір қалған Еділ жұрт.
Қазтуған
Өмірді тастап, өкініп барам өктемге,
Өлілер ғана өмір сүретін шеткі елге.
Қайғыдан мендей қан жұтқан шығар ертеде,
Қазтуған жырау Еділді тастап кеткенде.
Алдағандай қып жүретін «алтын» бастың да,
Қадірі қалмай айналып кетті тас-құмға.
Жер үстіндегі жерұйығымды аңсап жатырмын,
Жеті атам жатқан жеті қат жердің астыңда.
Жайық – өмірім, егіз ағатын тағдыр ек,
Бұ дүние – бергі, о дүние жағы – арғы бет.

143
Соңғы рет күліп Жайықты кеттім талақ қып,
Соңыра мені жоқтайтын ерлер бар-ды деп.
Бағамыз біздің бұ дүние жақта білінер,
(Адамның бәрі Аллаға түбі жүгінер).
...Тағдырым үшін Тәңірді тілдеп жүрмеңдер,
Ей, о-о дүниедегі тілдері ұзын тірілер!
Қабір ішінде қаңсиды неге бұ көңіл?...
Жанды су Жайық жаны барларға жылы өңір!
...Қайырымды жұртым, қайырлы болсын сіздерге,
Тапа-тал түсте Талғаттан қалған бұл Өмір!
Еркін ИСАХАН 
(Астана)
 
МАҢҒЫСТАУ
(Қашаған Күржіманұлына)
Шаршы бір топқа барғанда,
Шалқып бір толғар шалдарға,
Сөз басы болған Маңғыстау.
Киесі жебеп тауымның,
Қырында ата жауымның,
Көз жасы қалған Маңғыстау.
Бабамнан жеткен байдалы
Қазақы өлмес рухтың,
Ордасы қонған Маңғыстау!
 
Батырың аз ба бағынбай,
Байлаған арын беренге.
Ақының аз ба Абылдай,
Алтыннан жабу жапқан өлеңге?!

144
Әруақты өлке арда жұрт,
Алаңсыз бойлап тереңге.
Асылық болмас біз сенсек,
Әуелі сөздің киесі
Өзіңе түсті дегенге?!
 
Жүретін даңғыл жолды ұқпас,
Жылжытып алға көшіңді.
Шаңырақ артса шалдықпас,
Қашаған сынды қатепті
Қара нар емген төсіңді.
Қоралап өлең айдаған,
Құп көріп көне жосынды.
Құлабыз шалдар жайлаған,
Қолатқа тіктім қосымды...
 
Жаратып жатса жырымды,
Жиынға өзі-ақ қосар ел.
Жүйріктен туған құлынды,
Шапқанда алдан тосады өр.
Шалдардан қалған бұрынғы,
Шапхатың болса шаша бер.
Байрағыңды ұстар ұлыңды
Бабамнан қалған арда өлке,
Бауырыңа қане баса гөр!
АЗАТТЫҚ
(Тәуелсіз Қазақияның 20 жылдығына)
Тағдырға өкпем болса да
Тар жерде талай жылатқан.
Тайсалмай өттім қаншама
Тандыр боп кепкен қыраттан.
Ашар деп алдан бағымды
Аршын төс ару мына ақ таң.
Жарқын бір үміт жанымды,
Жетелеп сонау жырақтан.
Жеткемін саған, Азаттық!

145
Сен менің сетер арда емген,
Атамның жерлеп әз басын.
Кек қысқан мынау кеудемнен,
Күңіреніп аққан көз жасым.
Опат боп озбыр заманда,
Рухым бастан озғасын.
Боздағын жоқтап даламда
Боталы жырым боздасын...
Боздасын солай, баба тіл,
Ойымды бұлттан оздырып.
Рухым менің қанатым –
Бабалар мінген бозкүлік.
Тақымнан аққан теріме,
Тебінгімді әбден тоздырып.
Арымдай қымбат Азаттық,
Кетермін ертең сені де,
Келергі күнге көз қылып!
МЕНІҢ ТАУЛАРЫМ
Қайғысы толқып қара көзімде,
Қараусыз қалған жерім бұл.
Тарпаңдай асау бала кезімде
Тауларым болған менің бір...
Жататын біздей төгілсе өткеннің
Өкініштерін жыр етіп.
Көкірегіне көңілшек көктемнің,
Қаңғыбас бұлтын түнетіп.
Бабаларымның құрыш білегі
Қапталдап тиген қасына.
Көксүңгісіндей тым үшкір еді
Жарықтықтардың басы да.
Құдыреті ғой деп Құдайдың мұны,
Қызығатынмын мен соған.
Еңсемді тіктеп Шалкиздің жыры:
«Естерекұлы Ер Шобан!» 

146
Жырланбай таулар бола ма биік? 
Жыршысы тектес даламның.
Жататын солай санама құйып, 
Батырлықтарын бабамның.
 
Толқынына орап тілегімді мың, 
Балалық кейін өтті ағып.
Жайықтай тұнық жүрегімді бұл
Желғабыз жылдар кетті алып.
 
Ал қазір ата мекенде мынау
Сол тауларымды сағынам.
«Менікі емес екен ғой олар»,
Соны ойлап іштей жабығам.
 
Жем іздеп жүрген төріміз құзғын,
Ал биліктегі мәз көкем.
Жат елде қалған жеріміз біздің,
Жаратқан деймін аз ба екен?!
 
Салам деп Құдай күшіне құрық,
Шер-налам қалай шертілмек?
Сол таулар менің түсіме кіріп,
Жылайды дәйім еңкілдеп.
Менің тауларым...
АЗАН НЕМЕСЕ АЛЛАҒА МАДАҚ
Қаңтарда қар мен бірге халыққа ауыр,
Бүлігін басылғасын салып дауыл.
Тау жаққа біздің анау нардай шөккен
Тағы бір таң құлайды балық бауыр.
 
Жанданып таңғы тірлік жырға ұласқан,
Көргесін қолат жақтан түнді қашқан.
Намаз деп ерте тұрған діндәр шалдың
Даусынан оянады мүлгіп аспан.
 

147
Күтетін бағдары жоқ желден несіп, 
Қаңбақтай қайда барам елден босып.
Мұндайда мен де оянам таңғы ұйқымнан,
Кеудемнен қоңыраулы керуен көшіп...
 
Тыңдаумен осынау бір тылсым үнді,
Құлағым, Алла, Саған мың түрілді.
Жазамын Өзіңе арнап қасидалар, 
Қалам ғып қара сабау кірпігімді.
 
Кеудемде бабалардың басы көктеп,
Рухым өзен болып тасып өтпек.
Мен Сенің құлың едім, жанарынан
Оқылған мына дүние қасірет боп.
 
Татпаған дәм-тұзымның қаншасы бар,
Басыма қонған бақтың баршасын ал.
Өлең ғып өзің өрген бұл ғұмырым,
Бір күні өз қолыңмен тарқатылар...
Жасұлан МАЙЛЫБАЙ 
(Астана)
 
ҚАЗІРГІНІҢ ҚАРҒАСЫ
Қара қарға қалбағай,
Қаз бен үйрек, қара құс,
Олар да таласпайтын еді ғой
Бүркіттің жейтін жеміне.
Алыстан көрсе қарасын,
Балапан үйрек баласы,

148
Көзі түссе жаутаңдап,
Қысса да қайрат қаусаңдап,
Қорқып келмейтін еді ғой
Бүркіттің, сірә, шеміне.
Қашаған Күржіманұлы
Тау басында қарға отыр – қара бет,
Айналасы қан сасып.
Шаһид кеткен есіл ердің «дала» деп
Жемтік болған қаншасы.
Таудан тапқан ауру ғой мас қылған,
Тәкаппарлау тұрысы.
Енді қайтсін, бүкіл әлем астында
Жөн де шығар мұнысы.
Қара бетім, қарқ-қарқ етіп күледі,
Шашыратып боқтығын.
Мына маңда... бәрін жақсы біледі,
Өзіндей жан жоқтығын.
...Қыран даусын айдап келді жел кенет,
Шулады қыр қосыла.
Ей, қара бет, өзіңе де сол керек!
Ал, төтеп бер осыған!
Қорқыныштан түз бетінен көшті рең,
Қарғам отыр ойланып.
...Ол бұл үнді бұрындары естіген
Еске түспей қойғаны.
САРЫТӨБЕ
Бақилық болып нар атам кеткен,
Сары бір төбе – сарғайған өңір.
Сағынышымды таратам деп мен,
Төгілтіп өлең таңдайдан небір
Шалғайдан келдім...

149
Жусаны жылап оянар таңда,
Өткенім қалғып жатқан қыр еді.
Шұғыла сәуле бояған талға,
Мұңымды бүгін ақтарғым келді.
...Қораға жеңгем бара жататын,
Тәтті елес күліп талдырма белден
Шошынып қалып дала жататын,
Шелектен шыққан салдырлақ үннен.
Мезі еткен қала жырақта қалып,
Біздер ме... біздер шұбатқа қанып.
Тәмпіш мұрыннан бұлақтар ағып,
Алысатынбыз құмаққа барып.
Созыла сұлап жатқан бөктерлер,
Шуға толатын балаң күлкімен.
Қанатын ерте қаққан көктемдер,
Көрісіп жатар бабам жұртымен.
Ойы толатын боздаған үнге,
Қойы толатын қыратқа мынау.
Содан да бері боздала мүлде
Бозбала күннен жырақтадым-ау.
Жазған-ай, оның жанары мұңлы,
Жарасыз болса, елемес едім.
Боздатып бота – балалығымды,
Бұрылмай кеткен мен емес едім.
Шын айтам.

150
Нұрлан ҚОСЫМБАЕВ 
(Маңғыстау)
 
ҚАШАҒАН РУХЫМЕН СЫРЛАСУ
Қашеке, Қырықкезде үнсіз жатсың,
Дүлдүлімнің қалғаны-ай үнсіз қап шын.
Кәусар жырмен қандырдың жұрт құмарын,
Енді өзіңе ұрпағың жыр тыңдатсын.
Жыр тілімен жеткіздің шер-мұңыңды,
Ақындықпен көрсеттің ерлігіңді.
Өткірлікті таныттың ұлы өнермен,
Өлеңіңмен көрсеттің өрлігіңді.
Жүйрік едің, кезің жоқ жолдан қалған,
Ыза-кегін кедейдің байдан да алған.
Қозы бағып бір күні қалғанда ұйқтап,
Шайырлық Қызыр атты шалдан қонған.
Нар да көп, бұл күндері айыр да көп,
Тал да көп, бұл күндері қайың да көп.
Өңкей клон өлеңші қаптап кетті,
Жаттанды көп, дәл сіздей шайырлар жоқ.
Өлеңші көп осындай көз алдаған,
Міне, осыған қапамын, алаң болам.
Ұлыларға еліктеп кей ұсақтар
Өз жолын ұлы өнерден таба алмаған.
Уа, Қашеке, көп екен көрмегенім,
Кержақтардың міне алман кер дөненін.

151
Сөзге тоқтай білетін қазағымның
Ермек қыла бастады енді өлеңін.
Мұңымды айттым осындай датым барда,
Асау көңіл көнбейді тақымдауға.
Мың сан сөздің жаратқан сиқырымен
Әу бастан құдіретімен ақынды Алла.
Алжасқандар шатпағын жаза берсін,
Алдаспан жыр өлмесін ақындарда!
* * *
Маңғыстау майлы қиянда
Сия алмай жүрмін көп оймен.
Қақтырып қанат қиялға,
Үзбедім үміт өлеңнен.
Өмірді мынау құбылған
Өлеңмен өтем өрнектеп.
Қазбауыр бұлттар шұбырған
Нөсерін нөпір селдетпек.
Нөсерлеріңнен нәр алып,
Шыңдардан шыбық көктеген.
Әлі бар бізде балалық,
Жастықтың жазы өтпеген.
ШЫНДЫҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Тарих – ол дей көрме, адам,
Айдан анық шындықты.
Шындықта жоқ даңқыменен ел билеу,
Ал тарихың – алдау-арбау, сұмдық-ты.
Шындық деген – өткен өмір,
Келер күндер алдағы.
Кей шындықтан өтіріктер
Туады екен ол-дағы.

152
Нақ шындықты тіл айтпайды,
Айтады оны тіршілік.
Тілге сенбес көз болғанмен,
Нақ шындықтан олар да
Тік қарауға қорқады екен түршігіп.
Өтірікке көз түгілі
Соқыр адам сенбейді.
Өтірікші әуел бастан
Шынын айтып келмейді.
Соқыр түгіл нақ шындыққа
Саңырау да сенеді.
Өтірікті естімейсің,
Бақыттысың сен менен,
Естимісің, саңыраулар әлемі?!
Ақан СЕРІК 
(Атырау)
 
ҚАШАҒАН ЖЫРАУДЫҢ 170 ЖЫЛДЫҒЫНА
Бөрілермен бөрілерше белдескен,
Сен менен де бақыттысың, Махамбет!
Сағат Әбдуғалиев
Айқаспасаң қылышың қыннан азар!
Бетегеден салайын шыңға назар.
Сен даттаған Есқали жалғыз еді,
Біз жырлайтын «сопылар» мыңнан асар.
Шын өлеңнен жеп өткен күнде мейіз,
Баба жырау, сіздерді күндемейміз.

153
Біз де ақын деп санаймыз өзімізді,
Сөзге беріп бостандық! ... үндемейміз.
Ессіздерді естімей «есті ғалам»,
...Ескіліктен ескі өлең естіп алам.
Сен құдірет санапсың домбыраны,
Ал қазіргі «құдірет» – эстрадам.
Адастырып сан қиял жады-ойымнан,
Сабыр, шыдам сұраймын Құдайымнан.
Шетелдіктер сорғыштап мұнайыңнан,
Аттап бара жатқандай Адайыңнан.
Өз-өзінен қағады санам дабыл!..
Жыр арнадым әйтсе де саған да бір.
Текті ұрпағың қастерлеп жатыр сені,
Тексіз ұлдар тепсінген заманда бұл.
Көкейіңде қаншама қалды сұрақ?
Қазағыңның қашан да алды сынақ.
Сен аман бол, Адайдың қарашығы –
«Бес жүйріктің» бесігі, Маңғышылақ!
ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫНА
Қаншама жыл бодан болып біз жатқа,
Қаншама жыл тірі жүрдің тозақта.
Қаншама жыл, тәуелсіздік, бостандық,
Арман болды, мұрат болды қазаққа.
Дәрменсіз боп Сәкендерді аттырдық.
Ұран еттік орыстардың дақпыртын.
Өз ұлдарың «итжеккенге» айдалып,
Бауырыңа басып қалдың жат жұртын.
Сұсы ұнамай Мәскеудегі сарайдың,
Желтоқсанда рухы жанды талайдың.
Ләззаттың бұрымы боп түйіліп,
Қайратыңның қаны болып қарайдың.

154
Өзегіңде жауың үшін от қайнап,
Қылышыңды қайрайтұғын жоқ қайрақ.
Қазақ едің еңіреген еліңде,
Құтқарылдың көтеріліп көк Байрақ!
Міне, сонда берік болып тұғырың,
Орыстардың әлсіреттің құрығын.
Бар қазақты біріктіріп, бекітіп,
Көш бастады дара тұлға бір ұлың.
Көш бастады елін бастап егемен,
Әрбір ісін ақылымен елеген.
Елім барда дәл осындай еңселі,
Мақтанбайын, шатанбайын неге мен?!
Қайта танып қасиетін елдіктің,
Көк аспанда күлімдейді Теңдік-Күн.
Кеудемдегі шыбын жаным шыққанша,
О, қазағым, жүрегіммен сендікпін!
* * *
Жасағым-ақ келеді жақсы қадам,
«Алдан шығар жеңеше» тапшы маған.
«Жолым» жайлы мұңымды шақсам, бірде,
Кеңес берді бір досым: «Бақсыға бар».
Біреу мені өзіне жау етеді,
Қол беруге жетпейді тәуекелім.
Амандассам кей таныс долданады,
Қос өкпеме жүргендей ауа әкеліп.
Кейбір достан өзім де шет қаламын,
Басы тесік, олардың бит балағы.
Шабалақтап кейбірі дес бермейді –
(Абалаумен қарсы алған ит қонағын).
Өзімнің де жетпейді оңған жағым,
Істен шығып қалады қолданғаным.
Не де болса осылай жүре берем,
Өзі тауып алғанша жолдан Бағым.

155
КҮЗДЕ
Бағымды алып барады құстар менің,
Тым биікте, әйтпесе ұстар едім.
Бүгінде сортаң тартып бара жатыр,
Тек тәттіге әуелде құштар ерін.
Құстар алып барады бар бағымды,
Бағымменен қосақтап арманымды.
Жүрегіме кигізіп қамыт-өлең,
Сүйретіп қала бардым арба-мұңды.
Бар бағымды барады құстар алып,
(Шығатын болар жүрек қыстан арық).
Шайтан-тағдыр көзіме көрінбейсің,
Құлым қылып қояр ем ұстап алып.
Алмас АЛТАЙ 
(Маңғыстау)
 
ЕСКЕРТКІШ
(Көшер Байғазиевке)
Тыңдар әңгіме табылмас бізден тұшынып,
«Қалам – дедіңіз – сөйлейтін сөзден қысылып».
Кәрі-жасымыз отырдық, кешіріп қойып
Адайдан туған абзалдың сөзінен ісі нық.
Сөзімен барлық түйінді шешетін сыңайлы,
Өзін қойып, ұмытып кететін Құдайды.
Көбік ауыз, көк езу көрінеу қырттан
Үнсіз бітірген төл ісің көбірек ұнайды.
Бордай тозған шақтарда болдырып төзім,
Жаратқан саған қарады оң қылып көзін.

156
Ұлтыңның жақтың, ағатай, үмітін үрлеп,
Иса-Досанды тұғырға қондырып өзің.
Иса мен Досан күзетсе Ақкетік қырын,
Тәмам туыс тамсанып бақ дедік мұным.
...Шаттыққа бөлеп шадыман шаһардың жұртын,
Қашекем отыр ұсынып тәтті етіп жырын.
Түрулі білек, түюлі қабақ сұсын-ай Шалдың,
Ұнамай қалды, жан ата, ісі қай байдың?!
...Құрекем келіп қапты ғой, домбырасынан
Төгіліп сазы Ұран Күйінің иісі Адайдың.
Үзеңгі қағысып, бірге кезген тәмам қиырды,
Шалдарды қашап шаршыға шамаң білінді.
Тірлікте тұтас жүрген Шалдардың ескерткішін де
Бастарын қосу бақыты Саған бұйырды.
Әр қыртқа сөзді қайтесің, шығындап, аға?
Салғыртқа шашпас тереңде сырың бар, аға.
Сен қашаған әр мүсін аттандап тұрсын!
Ал сырыңды тек досқа айт сыбырлап қана...
Пендеміз ғой есеппен түзген әр ісін,
Өмір болған соң, әлбетте, Өлім бары шын.
Алда-жалда ана жаққа жинала қалсаң,
Кім қашар екен, жақсылап, Сізге аға, мүсін?!
АЗАТТЫҚТЫҢ АҚ ТАҢЫ
Көне күннен суырсам сыр сабақтап, 
Шер қозғалып кетер ме екен, мадақ қап, 
Жұмыр басты ие алман деп пендеге,
Түркі сөйлеп кетер ме екен, Қазақ қап.
Тәуелсіздік! 
Тұрақ болған құтыма,
Тайқы маңдай, шыда заман жұтына,
Қайың шанақ, қос ішектен күй сауып,
Қайқылардай егіліпті Сыпыра.

157
Бастан бұлбұл дәурен ауған шағы ма?!
Асқан дүлдүл, ерек жұрттан бағы да,
Қазтуғанға қоныс болмай алаң жұрт,
Қайран Еділ...
Қалған бір кез адыра.
Тәуелсіздік!
Тәтті ұғымсың сезгенге.
Салмағың бар салынбайтын безбенге,
Алты Алаштың басын қосқан Әз Тәуке,
Ел шетінен қалмақ тиген кездерде.
Халық едік, жаннан гөрі ар баққан,
Зорлық көріп отырар ма қалмақтан.
Қабанбай мен Бөгенбайым күркіреп,
Наурызбайдың найзасына қан қатқан.
Саумал күннің сипатынан күй ұққан,
Төле, Қазбек, Әйтекедей биік бар,
Үш арысқа, Абылайды, хан болған,
Бұқар жырау ақылына ұйытқан.
Ыстық қайрат, от жүрекпен қатар кеп, 
Тағдыр, бірақ, осыншама қатал ма ед,
Жау қолынан өлу жазбай, дүние ай...
Жарқ етті де өтіп кетті Махамбет.
Бағын деген бұйрық келген сәтінде,
Бас ұра алмай, құлақ аспай жат үнге,
Иса, Досан халық туын көтерген,
Қылыштарын сермеп өткен кәпірге,
Жалғыз кеме қарсы жүзген ағысқа,
Ұлтым үшін мыңмен жалғыз алысқан,
Қанат байлап дүлдүл Қызыл Жебеге,
Тұрар көкем самғап кетті ғарышқа...
Тәуелділік бұғау ма еді тағылған,
Үміт өшпей жүрген халық жадында,

158
Менің дағы кеудемде жүр бір ұшқын,
Желтоқсанда мұзда жанған жалыннан.
Қазақ барда өшпек емес аттары,
Бірлік барда белгілі ғой бақ бары,
Барлық Қазақ біріккенде атқанын,
Ұмытпайық Азаттықтың ақ таңы!
* * *
(М…-ға)
Самарқау, нәрсіз тірліктен безініп,
Жалпақ әлемде жалғыздық…
Жанартау-жүректен әлсіздік сезіліп,
Жетпей жүргенде тамызық.
Күнімнен күнім айнымай өтіп,
Жалықтым десем, сөзі күпірдің.
Төсекке-дағы жай құлай кетіп,
Азабын тартқам күтудің.
…Мен сені көріп, ұққандай болдым
Қалғанын жарық сәуленің.
Қайтадан күнім шыққандай болды,
Сол оймен енді әуремін.
Жанарың мәңгі есімде қалар,
Жарқылдап жалқы қарап ең.
Ойымнан кетпей еркімді алар,
Ақша беттегі қара мең.
Меңдіге ынтық ақынның көбі,
Жаһұтқа меңді балай ма?
Қалайды кімді, жаныңның «мені»?
Мен ақын емен, алайда.
...Қасыңды сызған қап-қара сия,
Абайсыз тамып, сұлулық туды.

159
Тәңірдің тәуір қателігінен
Аппақ жүзіңе қара мең тұнды.
Аппақ жүзіңе қара мең тұнып...
Сұлу ең өзің былай да,
Өзі ойлағаннан артықтау шығып,
Таң қалған шығар Құдай да.
...Меңдерің дерт боп меңдеп сананы,
Ұғудан қалдым өзімді,
Күндерден күнге дендеп барады
Сарқып ап салқын төзімді.
Өзегі болдың мендегі жырдың,
Жасыруға да шамам жоқ.
Сертіне берік Ер болып тудым,
Меңтайым болсаң...
Арман жоқ!
Арман ЖАЙЫҚБАЕВ 
(Атырау)
 
МАҢҒЫСТАУ-ҚАШАҒАН
(Қашаған ақынның 170 жылдығына)
Жұлдызы ғасырнаманың –
Есеттей асыл дананы,
Бекеттей ұлы бабаны,
Кеудесі өткір оқты өрген,
Қашағандарды көк көрген,
Пір тұтар Арман ғанамын!

160
Әруақтап тіл қатқанда ел,
Алласы қолдап тапқан жер.
Маңғыстау мәңгі киелі,
Адамзат білед, сүйеді,
Бабамыз Бекет жатқан жер!
Таусылмас мәңгі сыр әні.
Құт болған мұнай-бұлағы.
Пір Бекет болған ұраны.
Әлемнің осы пікірі,
Күңіренткен көкті зікірі,
Үш жүз алпыс әулие тұрағы.
Құдайдың қайсар құлы деп,
Жылайды кейде ұлы көк.
Аллам-ау, бұл да нұрың ед.
Батырлар өткен не түрлі,
Тұлпары күміс кекілді,
Солардан қалған жырым ед,
Үстірттен ескен үні кеп.
Әрбірің асқан алып ең...
Ежелгі дала заңымен,
Сөздері сойқан дауылды от,
Бұл жақта қалған шайыр көп.
Арпалысып аппақ таңымен,
Тарихын жазған қанымен.
Қазаққа біткен кен жерім.
Өзге де сыйған кең жерім.
Өрліктің татпас кермегін.
Болды, ұқтым, мені тербедің.
Маңғыстау мәңгі ойымда,
Оны да өзің мойында!
Жүрегімді оят сен менің...
Жүрегімді оят сен менің!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет