Алматы “Жазушы” 2013



Pdf көрінісі
бет13/19
Дата11.01.2017
өлшемі1,64 Mb.
#1641
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   19

182
Ұлы Тұран тұтастығын тойлауда
Мұстафаға бұйырмады топырақ.
Енді азатпын, ал, басынып көр қазір,
Бойымда бар асқан қуат мол қажыр.
Жауынгер ел қаны тасып онсыз да
Бейбіт күнге үйрене алмай зорға жүр.
Тарихтардың таусылмады таласы,
Жетіп жатыр жазылмайтын жарасы.
Бүтін болса деп тілеймін бірақ та
Бесігің мен бейітіңнің арасы.
Азатпын деп күбірлейді тордағы үн,
Тордағы үннің сезінемін салмағын.
Дауыстаса бейбіт күнгі қабірлер
Ести ме екен деп тұрамын жан-жағым.
СЫНЫҚ АЙМЕН СЫРЛАСУ
Тұман сезім толқыды жанарымда,
Қасіреттің тұтқын боп қамалында.
Қорқам бір күн шыға алмай сол қамалдан
Сынық аймен сырласып қаламын ба?
Сынық айдың сыртынан жұлдыз күлді,
Тас қақпадан телміріп бір қыз жүрді.
Сынық айдың сәулесі сол бір қыздың
Көкірегінің сарайын күндіз қылды.
Тастай батса тақсырет қабырғама,
Салқын нұрын себетін сабыр ғана.
Жұмаққа ынтық жаныммен жымдаспайтын
Топырақтан жаралған тәнім жара...
Нәрін бойға нәзіктік таратқанда,
Әрең жеттім алқынып абат таңға.
Тастан емес жаратқан топырақтан
Тәубе демей не деймін Жаратқанға?!

183
Тамыры жоқ тас болып керегі не?
Тәнті болдым Тәңірдің дегеніне.
Топырағым қабірге айналғанша,
Тамырымды тартамын тереңіме!
Мұхамбетберді СҮЙІТОВ
(Маңғыстау)
 
* * *
Арқасы құрғыр қозғанда
Жауар бұлттай қаптаған,
Ойқастап барып тоқтайтын,
Қатты кетсем қайырылмас
Мен – басы қатты ақтабан!
Қашаған Күржіманұлы
Жыр жазады шайырсымақ шерменде,
Мерейтойда не дәу аға өлгенде.
Өлең деген жетім тайлақ емес қой,
Қоса салар поэзия атты керуенге.
Таным, шіркін, тақыр болса, бекерсің,
Талант, шіркін, пақыр болса, не етерсің?!
Бұл заманда шимай құрап жүрген көп,
Жыр обалын миқұрт қоғам көтерсін!
Есқалидай сөз ұқпайтын «сұпы» көп,
Қалың елге қайыры жоқ, құты жоқ.
Ізбас құлдай тепеңдеп жүр бір жабы,
Қаламсап пен ақ қағаздың жұты боп. 
Құм жиылып тас болмасы белгілі,
Құл жиылып бас болмайды ендігі,

184
Қашағандай ұл тумайды қайтадан,
Құдайдың да бар болғанмен кеңдігі!
* * *
Жанды түйер шүберекке алмас ұл,
Өйткені, Отан, сенен асқан бар ма асыл?!
Ғаламдағы көк бөрідей бейнеңді, 
Қылбұраумен қылғындырды сан ғасыр.
Тозақ бұлты торлап неше көгіңді,
Топыраққа талай қалам көмілді.
Сүйем жерді сүйіп өткен бабамның,
Өзің үшін жауһар қаны төгілді.
Ындым кеуіп, ұрттап ішем суыңды,
Тұғырыма мықтап қадап Туымды.
Өйткені, Отан, дақ түспеген дидарың,
Ұмайы-ана көз жасымен жуылды.
Мейлі, мейлі үйсіз-күйсіз жүрейін,
Ұлы Отан, тілеуіңді тілейін.
Менен асқан бақытты жан жоқ, сірә,
Бар өмірді бір өзіңде сүрейін.
Керек емес түк те өзіңнен бағалы,
Қазақстан – ар мен ұждан қамалы.
Босағаңнан бір төмпешік бұйырса,
Тілеуім жоқ, маған сол да жарады.
Аярым жоқ, жолыңда әркез бір жаным,
Қолыңдағы сақасымын құлжаның.
Қазақстан, ұлың болып жүрмін ғой,
Бірақ саған құл болсам да ырзамын!

185
ТҮС
Құрт қаптады Шығыстан,
Дерт қаптады Батыстан,
Жан таппадым ұғысқан,
Мән қалмады аяқ созған
 
 
 
жатыстан!
Қылқындырды айдаһар,
Қыл бұрауын салып ап,
Қалмады еш бойда хәл,
Құтқара гөр, құтқара гөр,
Тәңір ақ!
Қолы қатты қысық көз,
Жан тірелді алқымға,
Ауызынан түсіп сөз,
Өзін-өзі түсінбей жүр 
 
 
 
халқым да!
Өне бойды тер буды,
Өлер ме екем осылай?
Жанарымды сел жуды,
Жүрек бірге күйеді кеп 
 
 
 
қосыла-ай!
Көк жүзіне қан қатқан,
Құрттың қызыл туындай,
Талап жатыр жан-жақтан,
Кеміруде шұрқыратып,
жұлынды-ай!
Түсім, бәлкім, өң болар,
Кетпейді елес миымнан,
Оянғаным жөн болар,
Дәм-тұзымды тату үшін, 
 
 
 
бұйырған!

186
Ахат ӘШУҰЛЫ 
(Астана)
 
ҚАШАҒАН БАБА РУХЫНА
Етегін боран желпіген,
Көбігін шетке шелкіген.
Кәрі Каспийдің кеудесін
Толқын жүрегі серпіген.
Маңғыстаудың мамасын
Емірене емген еркімен.
Аңызы болып айтылған,
Мал ізіне май тұнған.
Безденген бұйра бұйырғын
Жортқан аңына жеңсік ең.
Қырында Қыдыр қыдырған,
Құмында сағым жөңкіген.
Каспийдің кәусар демінен,
Шекесі таудың тершіген.
Бейнеудің бедеу белінің,
Күн шыққан күліп бөркінен.
Маңғыстың ықылым тарихын,
Қашаған баба, шертіп ең.
Елпілдектіде елпілдеп,
Ағашыңды шертіп ең.
Менменсіген Сұпының,
Маңдайынан шертіп ең.
 
Аққұдығында арындап,
Жетібайында жетілген.
Сарықамыста сайран сап,
Ақжігітінде лепірген.

187
Құрықта салып құрықты,
Шетпеде шері шетілген.
Қызылсайында қырпулап,
Жаңаөзенінде көпірген.
Боранқұлында бұрқырап,
Баянды белде бекінген.
Байлығы – жыры саналған,
Демеген ешкім «жетім ең».
Сақетер сілтеп сөзіңмен,
Жезайырдайын жетіп ең.
Абағайы Адайдың,
Алашқа әйдік кетіп ең.
Турадай турап талайды,
Тұнжырдай тиып отыңмен.
Маңғыстаудан мәңгілік,
Мұғжизалы мекен ап,
Қырықкезде, баба, өтіп ең.
О, қастерлі жыр пірі,
Ақтауды аңсап сен асқан,
Ертісті ендей өтіп ем.
Мен де бір өрде Қантүбіт,
Әруағыңмен жебей бер,
Шөгелдей болып жетілем.
Ұшып келе жатырмын,
Алтайдың арғы бетінен.
Замандар талай таласы,
Маңғыстау, Шығанақ сағасын,
Жердің шеті деп білген.
Алтай маған ана тау,
Маңғыстау маған мама тау,
Екі таудың арасын,
Жалғастырып жеттім мен.
Қашаған баба қолдай гөр!
Жаңылтпа, Тәңір, тек тілден,
Айырма, Тәңір, тектіден!

188
ҚҰТ ҚАЗАН
(Тәуелсіздіктің 20 жылдығына)
Көкбұйра Шығанақ жағасын,
Мекендеп Маңғыстың сағасын.
Хорезім Бегінен қорыған,
Қазақтың құйқалы даласын.
«Атырау жайлаған, Жем көшіп»,
Ақпандай батырдың данасы.
Ел үшін айшылық жол жортқан,
Қасаңдап тұлпардың тағасы.
 
Тістерін ерлерім бурадай қайраған,
Алдына келгенін айғырдай шайнаған.
Жасыннан суырып жебесін,
Қайыңнан қаратамақ сайлаған.
Жарантып ат мініп, түрен сап,
Дұшпанын түмендеп айдаған.
Жырынды жауларын жырауы,
Жіпсіз-ақ жырымен байлаған.
Баталы ұрпағы ежелден,
Аталы сертінен таймаған.
Томсарған даңғылдар, төбелер,
Сексеуіл – құмдарға қағылған шегелер.
Көкжиекке ұласқан маң дала,
Сүйекке көктеген жебелер,
Оңаша ойланған обалар,
Шежіре шертеді шетінен,
Тәу етіп тыңдасаң сен егер.
Көзіңе келеді жарқ еткен таркескен,
Сатырлап сұғылған селебе.
Осынау құт мекен бабамның,
Қонысы нарларын шөгерген.
Атағын алысқа ап кеткен,
Шұбырған керуен, кемелер.
 

189
Ғасырлап күрескен қазағым,
Жауының келтірген ажалын.
Айбатын әйгілеп бабаның,
Күзетте тұр әне мазары,
Ешкімде ешқашан,
Ешқайда көшпейді.
Нары да теспейді табанын.
Жаранның жадырап жамалы,
Ананың құрғаған жанары.
Желбірет мәңгілік туымды,
Жұпарлы даламның самалы.
Оу, ұлы Маңғыстау, киелім,
Тәуелсіз отанның ортаймас.
Қайнаған қасиетті қазаны!
ЖОҚ ҚАРАУ
Жаратқан атым сары таң астырып,
Бетпаққа бет алып жортады осқырып.
Күңіренген иенде молаға қонып,
Қанжығамдағы малтаны ас қылып.
Сары далаға сіңіп барамын,
Ториды түздің қорқау қасқыры.
 
Ернімді аптап тілімдеп айғыз,
Қырқадан қарайды дірілдеп ай-қыз.
Қарақшы тігілген қай бір төбеден,
Сұңқылдап жатады іңірде байғыз.
 
Жаралы жаныма жалын бүркеніп,
Қапырық ойдан қаным бір кеуіп.
Сексеуіл басқан сетер құмдардың,
Адаса жүріп адырын кезіп.
Жоқ қарап кетіп барамын иенге,
Сұлбамды даланың сағымы созып...

190
Нұржамал ӨТЕҒҰЛОВА 
(Атырау)
 
ҚАШАҒАННЫҢ МОНОЛОГЫ
Ескіше хат таныған Қашағанмын,
Өлеңнен өлмес өнер жасағанмын.
Халқымның жиған-терген бар дәулеті
Аузында кетті талай асағанның.
Баласы Күржіманның мен боламын,
Өнерін жиып өскен кең даланың.
Сәттіғұл, Сүгір, Мұрын, Ығылманға
Аға боп жыр көгінде самғағанмын.
Келгенде ажал шебер жан қыстауға,
Мәңгілік көмейімде ән қыстауда.
Туып ем түрікмен жері Ташауызда,
Жатырмын Қырықкезде – Маңғыстауда.
Таулары Маңғыстаудың биік дейді,
Даласы мыңғыраған киік дейді.
Қасымда Құрманғазы домбырамен
Жүруші ед шанағына жиып күйді.
Қайтеміз шөл қандырмас арзан әнді?
Сынадық бай-манапты, мырзаларды.
Тілініп табанымыз қой да бақтық,
Көргенбіз ашаршылық зар заманды.
Ер Қосай баласымын Адайлардың,
Бәрі асыл емес екен қарайғанның.

191
Жем, Сағыз, Еділ, Жайық, Хорезмге
Жыр айтып өнеріммен талай бардым.
Беу, қазақ, босадың ғой бодандықтан,
Енді еш арылмасын далаң құттан.
Әкелші домбырамды, төгілтейін
Өлеңді өлмейтұғын маған жұққан.
Мен бүгін шын шаттанып, берік күлдім,
Рухыма азаттықты серік қылдым.
Өлді деп кім айтып жүр Қашағанды?
Рухыммен ортаңа келіп тұрмын!
Асан-Темір ҚАРШЫҒАҰЛЫ 
(Атырау)
 
ҚАШАҒАН-КЕР – БӘЙГЕ БЕРМЕС ЖЫР-ТҰЛПАРЫМ
Заманында Қашаған дара тұрды,
Қыран-өлең, қақ қане қанатыңды.
«Сұрағаның сөз болса», жыр ғып айтам,
Жүрегімнен бұл өлең жаңа туды.
Тыңда, халқым, сөз болса сұрағаның,
Жарқыратып өтейін жыр алаңын.
Қайырту бермей кеткен Қашағандай
Шап-шап қане құйғытып, құлан-арым!
Құйғытып шап, тұлпар-жыр, көсіл ерен,
Көреріңді көрерсің несібеден.
Қашаған-кер қосқасын аламанға
Тұлпарымды жолынан тосып өлем.

192
Қашаған, қашаған-кер бабы мықты,
Ақын сөзге Құдайдай табыныпты.
Қашаған-кер шабыспен танылыпты,
Байқасақ, Қашағанның бәрі мықты.
Қашаған ақын елін жұбататын,
Ел едік ақыннан сөз сұрататын.
Таусыз бірақ намысы биік жерден
Ыстық сәлем жолдады Мұрат ақын.
Қабыл ал, қара өлеңнің тыңдарманы,
Баршаға аян бабадан жыр қалғаны.
Жүз жетпіс жыл жасаған қарт Қашаған,
Танытатын боламын тұлғаңды әлі.
Әзірге барым осы...
ПІР БЕКЕТ АТА ЖӘНЕ АҚМЕШІТ
(Бекет Атаның 260 жылдығына арнау)
Қолға ұстаған болған соң Құраныңыз,
Лә илаһа илалла – ұраныңыз.
Ақмешіт – кіндік қаның тамған жерің,
Оғыланды – мәңгілік тұрағыңыз!
Алты Алаштың Ұраны – я, Пір Бекет!
Қазаққа тие берсін шуағыңыз!
Автор
Пір Бекет деп басталсын басы жырдың,
Қыркүйекте гүлдесін тасы гүлдің.
Әулие Ата, ұлысың ұлықталған,
Мына жиырма бірінші ғасырымның.
Бекет дейміз, тұра сап құла таңнан,
Баба әулие болған соң Пір атанған.
Сен әулие болмасқа амалың жоқ,
Тараған соң Адайдай бір атамнан.

193
Алла барда арналар өлең ізгі,
О, Пір Бекет жебей көр, деме бізді!
Алла өзі Әлемнің ардақтысы,
Сондықтан сіз деп білем төремізді.
Кешір, Баба арналса артық өлең,
Шабыттанғам шайырдың салтыменен.
Пір Ата қолдай көрші әруағыңмен,
Бекет деп жиылғанда халқым ерен.
Я, әруақ, қайтарма Ер меселін,
«Адыраспан секілді шөлде өсемін».
Мен Бекетті Пірім деп танымасам,
Ей, Ақмешіт, тойыңа келмес едім.
Ақмешітте Ұлы той тамаша күн,
Өлеңмен өрнектелер болашағым!
Пір Бекетті тудырған, Ақмешітім,
Мойында ақын ұлын Алашаның!
* * *
«Сені әңгімелеп отыр ек, ғұмыр 
жасың ұзақ болатын болды ғой».
Телефон арқылы айтылған әріптесімнің әңгімесі
Құдай ұзақ қылмасын ғұмырымды,
Жүрсем болды болғанша ұлым ұлды!
Қартайғанша қайтемін тамашалап
Қызығымды ұрлаған ұры күнді?!
Болса болды өзгеге жырым үлгі,
Жыр арқылы тіктесем тұғырымды.
Сол да маған жетеді, білесің бе?
Қаламаймын өмірге құнығуды.
Ұзақ өмір сүруді қаламаймын,
Жанымда бар жазылмас жара-қайғым.

194
Мен сондықтан өмірден ерте өтемін,
Пәк күйінде аттанған баладай бір.
Құдай ұзақ қылмасын ғұмырымды,
Дос иттікке балап жүр қылығымды. 
Ит-мінезді адаммын, мені қойшы,
Болса болды өзгеге жырым үлгі,
Сосын ұлым үлгі...
Сандуғаш ШОРТАНОВА 
(Маңғыстау)
 
ҚАШАҒАН РУХЫМЕН СЫРЛАСУ
Хорезмнің бектері:
«Шашырап бізге, шеткері
Қазақ деген қашқын келді, – деп, –
Тілекті Алла берді!» – деп,
Ауылды тонап, малды алып,
Күң мен құл ғып жанды алып,
Тұтқынды қорлап кесектеп,
Қазақтың көрсе жабысын,
Қуалады есек деп...
Қашаған Күржіманұлы
Ай, жылдар өтті, ғасырлар өтті сынаптай,
Біздің ел қазір сырт көзге жұмақ, тұрақ бай.
Қашаған баба, ерлер жүр туған еліңнің
Көк туын жерге құлатпай!
Күңдік пен құлдық бастады өше санадан,
Арылды қазақ «қашқындар» деген жаладан.
Қор қылған кеше елдермен бүгін дос болдық,
Қыл өтпейтұғын арадан.

195
Мал-жаны аман, жинады қазір жұрт әлін,
Жер қылар халде Хорезіміңнің сұлтанын.
«Тұрпайы жабың» бәйгеге түсіп. Талайдың,
Есек қып кетті тұлпарын.
Дерсіз-ау: «Тәубе, жақсыға қазақ жарыпты»,
Қоғамды бірақ жемқорлық жайлап налытты. 
Ішінде елдің отырып алып «Шаубайлар»
Жатқандай қанап халықты.
Қамы үшін көптің парасатты ой пайымдар, 
Бар ма екен бүгін атына заты сай ұлдар?
Жетпей жүр біздің қам көңіл тартқан қоғамға
Өзіңдей, баба, шайырлар.
Заманды біздің нарықтық билеп тұр мынау,
Пенденің ісі – дүние жинау, құр жылау.
Керек-ақ қазір халықтың рухын көтерер,
Өзіңдей, баба, бір жырау.
Ру мен жүзге бөлініп жерге әр басқа,
«Оралман» деп те ат қойдық келген қандасқа.
Татулық, достық, бірлікке елді шақырар
Болсашы Сендей марқасқа!
Жасымнан мен де құр сөзден маржан құрағам,
Қара өлең болды Тәңірден алған сыбағам.
Болсашы шіркін мұң тұнған мынау жанымды
Түсінер Сендей бір адам!

196
АДАЙ ТЕКТІ ЖЫЛҚЫЛАР...
«...Ресей жерінде өткен ат жарысында біздің 
кескінсіздеу,  кіп-кішкентай  жылқыларымызды 
орыстың атбегілері менсінбеді. 90 шақырымдық 
бәйгеде 3 атымыз бірдей алғашқы болып келгенде, 
біздің сәйгүліктердің төзімділігінің сыры неде деп 
қайта-қайта сұраумен болды»
Қазақ атбегісінің әңгімесінен
Табиғаттан тұрпайылау тұрқы бар,
Жем мен судан қандыра алмай бір құмар.
Мекен еткен Маңғыстаудың даласын,
Адай текті жылқылар.
Теңіз суын енесіндей емгенін,
Төзімділік һәм ерлікке тең дедім.
Тұп-тұщы су ішсем-дағы
Өмірдірдің
Татып жүрмін кермегін.
Сорлы жерді жалап жүріп өседі,
Қыста аяз, жазда аптап кешеді.
Жылы ұяда отырсам да
Маңдайдың,
Соры бар-ау бес елі.
Жерсінбейді шөбі шүйгін даланы,
Маңғыстаудан бойына нәр алады.
Бәйгелерде небір дүл-дүл шаңына,
Ілесе алмай қалады.
Сілкіп тастап сорпа болған көк терін,
Дайын тағы марқайтуға текті елін.
Болса да айуан 
Тұлпарынан Адайдың,
Үйренерім көп менің.

197
* * *
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!
Заңдарды қисық-қыңыр еттің ғайып...
Еліңе егемендік алып бердің,
Қанатын қазағымның кеңге жайып...
Қазаққа қажеті жоқ кооператив,
Жойылса болмас еді-ау ешбір айып.
Көп балалы аналар киім таппай,
Отыр ғой екі қолын көкке жайып...
Анам жазған жырдан (1991 жыл)
Бала кезім.
Тілім анық шықпаған,
Дүниені танып, әлі ұқпағам.
Газет оқып, ағыл-тегіл жылады,
Әншейінде қайсар мінез, мықты анам.
Сәбимін ғой.
Жылай салдым қосылып,
«Анам содан жұбанар» деп. 
...Бос үміт!
Сонда шешем баса алмастан өксігін:
«Сен – азатсың, – деді, – қызым, осыны ұқ!»
Содан ай мен жылдың өтті талайы,
Елге күннің төгілді нұр, арайы.
Қиын күннен сыр шертеді бүгін тек,
Жан анамның боп-боз болған самайы.
Татқан қазақ бодандықтың кермегін,
Құрбан етіп әкелерін, ерлерін.
...Кейін ұқтым азаттықтың бала мен, 
Асыл ана көз жасымен келгенін...

198
ТЕҢІЗШІ ДӘСТҮРІ
Қарт Каспий сенің Отаның болып кеткен бе?
Теңізші жолдас, жағалау жаққа қарап өт.
Дамылдап бір сәт, айлаққа тоқтап өткенде,
Өзіңмен мені ала кет!
Жансыңдар, білем, ондайға бірақ бармайтын,
Әйтеуір бәрің әйел затына «қассыңдар».
Нәзік жандыны жорыққа мүлде алмайтын,
Теңізшілерде дәстүр бар.
Теңіздің тұзды суынан тіпті татпаған,
Болмыс па екен?!
Әйтеуір, тұяқ тұсады.
Теңізші үшін қыз-келіншектер қаптаған –
Тек сәтсіздіктің нышаны.
Бермесең берме кемеңнің орын төрінен,
Салтыңды сыйлап, сап түзеп жүрсең болғаны.
Еркек боп жүрген жандардың бірақ көбінен
Азаматтығым жоғары...
Сыйлыхан ЖҰМАСАЛИХОВ 
(Батыс Қазақстан)
 
БҮГІНГІ ЗАМАНМЕН ҮНДЕСКЕН ҚАШАҒАН
Тарихи санадан,
Тамыры тараған.
Қасиеті алыптық,
Өсиеті халықтық.
Елінің ақтангер бұласы.
Фәниді тәрк еткен,

199
Бақидай мұрасы.
Жырының дуасы
Көңілге жатталған.
Домбыра сөйлесе
Мол мұра ақтарған.
Бұқара халықтың көңілін табатын,
Абырой есігін құл болып бағатын.
Мұхиттың түбіне шамшырақ жағатын,
Жыр берген Жасаған.
Қазанқап жастанған,
Байлыққа мастанған,
Биттері биттеген,
Қарынын күйттеген,
Байларға ошаған.
Өнердің түсініп киесін,
Ауада қалқыған бабамның жан сөзі
Тапқандай иесін,
Шабытпен тілдескен.
Жүрегі жұпыны,
Дүмшелі сұпыны жырлаумен,
Өмірдің сырларын тыңдаумен,
Бүгінгі заманмен үндескен
Қашаған.
.......................................................................
Төгілсе төкпе жыр – сол жырдың қыраны.
Маң басқан мекеннің шаң баспас пырағы.
Рухына мекендеп Рахмет шуағы
Бүгінгі еліне Рух беріп тұр әлі.
ҚАЗАҚ
Жей беріп іштен мұң,
Запыран ішкенмін.
Суымен шайтанның
Қалайша түстендім?
Домбырам қан болып,

200
Қобызым шаң болып,
Шошынып түс көрдім.
Содан соң тістеңдім.
Көзімде мұңым бар,
Қызғалдақ ғұмырлар.
Сүйрелген бұрымдар,
Түйрелген ұлым бар.
Тағдырым – ащы тұз,
Жүрегім – қатты мұз, 
Ашатын сырым бар,
Жырланар жырым бар.
Жүрегі арыстан,
Жаралған намыстан.
Талайдың бағы ұшқан,
Талайлар табысқан.
Іші зар кең жүрек,
Сәбидей мөлдіріп,
Күтеді алыстан,
Күтеді ғарыштан.
Балықтай шіріген
Бірлігі іріген.
Жетпіс жыл мұңымен
Құдайсыз жүріп eң.
Сол кезде арманын,
Пида еткен жандарын
Өлілер бағалы тіріден.
Тышқандай кемірген,
Қаныма семірген.
Жазықсыз жаралы
Қаным бар төгілген.
Империя шайтанның
Сойылын соққанда,
Іргесі сөгілген,
Дән болып егілгем.

201
Бағымды ұшырып биікке өрлеттім,
Төрлеттім.
Әлемді арманның үніммен тербеттім.
Куәсі болумен сәулетті келбеттің.
Іргелі ел болдым,
Бүгінде ержеттім.
Азамат ОРЫНБАСАРОВ 
(Маңғыстау)
 
ҚАШАҒАНҒА АРНАУ
Шындығың шіркін шырылдап Қособаңда өлер,
Күн туар ма екен пайдасын осы адам көрер?
Ақиқат сөзді айтатын жандар іздесем,
Ойыма бірден оралып Қашаған келер.
Бүгінгілердің шендіге тісі батпайды,
Жалпақтап келіп содан соң кісі мақтайды.
Басқаға бола бастарын ауыртып қайтсін?
Ақшаға бола біреудің ісін ақтайды.
Көкмойнақ шабыс белгілі, таныс маған да,
Табиғат оны өзіңе табыстаған да.
Ауылың келіп шындықтан көз жазып қалған,
Шабысы жүйрік жорғадан алыстағанда.
Қашағандардан қап қойған домбыра өлең,
Шіңкілдеп барып қаларсың соңында менен.
Мендік қаламның тілінде сөйлетіп алып,
Суық сөздердің мұзына тоңдыра берем.
Сіңірді әбден азаптың бар уын денем,
Сол құрығырдың әлекке салуын көрем.

202
Әлі талайдың зәресін алып тынармын,
Ізбастың құтын қашырған қаруыңменен.
ТІЛ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК
Келмей мүлде көңілдің бұрауы шын,
Қайғы-мұңға уланып тұр-ау ішім.
Өткеніне қарасам қазағымның
Жаралғандай өмірге жылау үшін.
Көз жасынан көл тұрып зар илеген,
Тозақ көрген санаспай фәнименен.
Тарих-шал сырласты бір зарлымен
Алтын басын күлкіге әлі имеген.
Жүректегі жараға ірің бітіп,
Шығыс беттен жүретін күнін күтіп.
Сес көрсетіп заңғарлар зәресін ап,
Қорыққаннан жіберген тілін жұтып.
«Тау мен тасқа соғылып, қанап шекем,
Айналады шындыққа әлі-ақ секем»-
Деп мұңайған сорлыны қинап жүрген
Бодандық – қанды қолды қарақшы екен.
Қара басын қаңғыртқан тоқырар шақ,
«Кекетіп ек» деп әлі отыр ақсап.
Қарақшының ұзамай ажалы кеп,
Қабіріне қуанды топырақ сап.
Арманының сайран сап асқарында,
Ойларының жататын астарында.
Сөйлеп кетті ғайыптан ғашығы кеп,
Тәуелсіздік құшағын ашқанында.
Қуанышы қойнына сыймағасын,
Әділетке жүреді илана шын.
Жылап-жылап алады арасында
Қуанышты көз жасы сыйлағасын...

203
* * *
Аялдама. Ал мен тұрмын аялдап,
Көлік күтіп бел будырып бір шешім. 
Сағатым да жылдам жүрді баяндап,
Көзімменен айналдыра тілшесін.
Бір уақытта келді автобус сасқандай,
Кешіккенге сұрағандай кешірім.
Қолын созып маған құшақ ашқандай
Екі жақтан айқара ашты есігін.
Орындықтан құр қалардай жүгірдім,
Бұл ақыл ма былшыраққа сыйымды?
Есігінен ене беріп, бүліндім,
Аяғыма тағы тұру бұйырды.
Тартып кеттік, пайда әкелмес қырсығу,
Мен емеспін ондай мінез адамы.
Анадайдан айтарлықтай бір сұлу
Отты көзін маған әкеп кадады.
Мөлдір көзі түскен сайын көзіме,
Жүрегіме келе жатты жақындап.
Маған ғашық екендігін өзі де
Отырғандай көздерімен мақұлдап.
Кілт тоқтатты аялдама келесі,
Асығыстау түсіп кетті ана қыз.
Көз алдымда қалғанменен елесі,
Көз жетпестей алыстады арамыз.
Деп азғырар – тентектікті тежеме,
Бойымызда жастығымыз жүр қызба.
Мінерімде асық боп ем межеге,
Түсерімде ғашық болдым бір қызға.
Тағдыр текке автобусқа мінбейді,
Бұл ойымның астарынан сыр да аңғар.
Өздерін не күтетінін білмейді,
Жайбарақат көлік күтіп тұрғандар.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет