250
Басынғысы келгенде бас сұрайтын
Құлақ берсең қылады құлды даңғой.
Құйрығымен сығатын құлдың басын
Жыландарды көбейткен «жынды» заң ғой.
«Жынды» заңды парақтап жырту керек,
Дегенге қосылатын Пірлі жан ғой.
Қосайдың ауылына қос тіккесін
Олардың отырысы бір жыр-ән ғой.
Қайынапамыз – Фариза ақын болса,
Қайынатамыз – Қашаған Күржіман ғой!
Бәйгеге ешкі атаған бай дедім бе?
Шампанның ішіндегі шай дедім бе?
Арағыңды өзің іш, айналайын,
Орысқа орағыңды «дай» дедім бе?
Көргенде Маңғыстаудың мешіттерін
Парижге барғаныңдай «пай!» дедің бе?
Сол кездегі мешіттер дұрыс екен,
Шалдардың сақинасы сау кезінде!
Қаршығадай бір қызды қағып түсті,
Қарайды деп жүргенде қай керімге?
Бойдақ болған, бірталай ойнап болған
Үйленді Нұрлан балаң Әйгерімге.
Жеңгесі мен теңгесін санатпаған
Бектемістің ішінде бай келінге.
Алдында Ақнұрды алды Фархад бала,
Тайлаққа кісінеген тай кезінде.
Тіліңді тістеп алып отырасың,
Әзілдің әңгімеге бай жерінде.
Бес жүз елу келіннің бетін ашқан
Ақынмын көрінетін Ай келінге.
Балшыққа батқырлардың арқасында
Мен қайынаға болмадым қай келінге?!
Демеймін бес ай кедей, бес күн баймын,
Шекпенін мырзалықтың шештім қай күн?
Қой емес, қонағына тай соятын
251
Қосымбайдан дүресем бос тұрмаймын.
Ырылдасқан әулеттен ырзық кеткен
Тостағанмен келгенді тостырмаймын.
Бос ауыз бесатардың әңгімесін
Қос ауыз мылтығыма қостырмаймын!
Білгенім мен айтамын ілгенімді,
Еңбегін тыңдағанның еш қылмаймын.
Қашағандай жүйрікке құйрық болған
Келешектің алдында кеш тұрмаймын.
Мұрат Өскінбаевтың атындағы
Өнердің ордасына қостым ба айбын?
Істейтін осы филармонияда
Таланттардың өнері тасқынды айдын.
Өскінбай да халықтың баласы ғой
Мен де бір баласымын Өскінбайдың!
252
Жандарбек БҰЛҒАҚОВ пен
Мұхтар НИЯЗОВТЫҢ айтысы
Жандарбек БҰЛҒАҚОВ:
Ақындар «тілім» дейді, «дінім» дейді,
Жүйріктер бүгін қалай жүгірмейді?
Мына залға ағайын аз келіпті,
Жүрегім осыны ойлап дірілдейді.
Әй, бірақ дірілдейтін не бар дейсің?
Көңілім елді көрсем күлімдейді.
Улап-шулап, ысқырып отырсаңдар,
Сендердің аздықтарың білінбейді.
Балаң ем жыр тұлпарын баптай білген,
Кем емес, себебі айтыс – ат бәйгеңнен.
Армысың, Ақтаудағы қазақы жұрт?
Төріне қос ішекті тақтайды ілген.
Ақыны ел сенімін ақтай білген,
Батыры ақ найзасын саптай білген.
Осындай құтты өлкеге келіп тұрып,
Қалайша тізгін босап, шаппаймын мен?
Аттан түсіп, халыққа сәлем беріп,
«Алла» деп босағаңды аттаймын мен.
Армысың, Адай деген адуынды ел?
Қақпасын қас дұшпанның қақпай кірген.
253
«Алла» деп аламанда ұрандасақ,
Бұйырса, көсілерміз бұғау босап.
«Он күнәнің тоғызы – тілден» екен,
Лас сөзбен кетпейік ылаң жасап.
Бұрқыраған буымен ет келгенде,
Ағайынға татымды жыр арнасақ.
Жүрсін Ерман айтысқа шақырушы ед,
Біздерді қылыш қанат қыран жасап.
Енді Нұрлан айтысты өткізіп жүр,
Келіпті билікті алар бұған да сәт.
Ақтауым, жатырсың ба Мұсаевты,
Жүрсінге де екінші сыңар жасап?
Елбасының орынын Құдай білсін,
Ермановтың орынын мынау басад.
Деген соң «бұл айтысқа жүлде тігем»,
Жеңімді саған түрмей, кімге түрем?
Шайқасып жан беріспей, жан алыспай,
Ақындар құтылған ба міндетінен?
Қасыма ақын келді ізі қалмас
Жалаң аяқ жүгірсе құм бетінен.
Бұл ағаммен айтысып бес-алты рет,
Сахна сынағынан бірге өтіп ем.
Тағы да сәлем беріп қояйыншы,
Жандарбектің ағаға құрметі кең.
Ассалаумағалейкум, Мұхтар ақын,
Бір қойдың жүні шыққан бір бетінен.
Өбектеп айту үшін өлеңіңді,
Шешендікпен танытшы шебер үлгі.
Бұл айтыстың басында қызық болды,
Айтайын салдар менен себебіңді.
Мұхтар, сені жюри болад деп еді ғой,
Нұрланнан естігенде дерегіңді.
Жюри болад деген соң жаным қалмай,
Екі-үш рет беріп жүрдім сәлемімді.
Қазының разылығын алайын деп,
254
Кешеден тауып жүрдім керегіңді.
Қонақ үйде тойдырып шашлыкка,
Қой етінен алдырдым қорегіңді.
Сөйтсем, сені жюриден ап тастапты,
Сенбесімді білмеймін, сенерімді.
Өзіме де обал жоқ бұл пәлеге
Соншама құрмет жасап не көрінді?
Енді келіп айтысқа шығып апсың,
Білесің сазайыңды берерімді.
Саған жұптап бергені дұрыс болды-ау,
Желкеңнен шығарайын жегеніңді.
Мұхтар НИЯЗОВ:
Бісміллә, тар ойыммен кең қиялдай,
Тырысып өзімді-өзім жөндей алмай.
Президент болсам деген Амантайдай
«Жюри болам» дедім-ау мен де ұялмай.
Әншейін айта салған әңгіме ғой,
Біздерге кім беріпті деңгей ондай?
Мені қазы болады дегенді естіп,
Жата қап жантық болдың сен де ұялмай.
Ол ойың орындалмай, «жегеніңді
Желкеңнен шығарамын» дейді ұялмай.
Желкемнен шығарардай мен не жедім,
Жел ұрып жетіп кепсің желбезегің.
Ал енді ағаңды сен тыңдар болсаң,
Мұхтардың, Жандарбек-ау, бер кезегін.
Ақын боп орын алсам думаннан кеп,
Тілімде уым бар ғой ураннан көп.
Білмеймін, ақырзаман белгісі ме?
Анадан ақыл айтып туғандар көп.
Жыланның қол-аяғын санап өскен,
Мынадай пайдасына у балдар көп.
Елена апамызға айтайыншы,
Апама әлі талай сумаңдар деп.
255
Қазылар, ескертейін оңашада,
«Жандарбекке негізі жуымаңдар» деп.
Дүние кері айналып кеткен кезде
Мың құбылып шықтың-ау, қу Жандарбек.
Астанада жүргесін жағымпаздық
Дертіне бұл бала да уланған көп.
Мен байғұс інім бар деп жүр едім ғой,
Жарқырап маңдайымда туғандай деп.
Малына дос болатын жаман құсап,
Балыма дос болыпты бұл Жандарбек.
Осыдан соң Адайлар мына бізді
Жақтырмай жүреді ғой «южандар» деп.
Сен бәле бір кездері бала болдың,
Айтысқа көп жаңалық ала келдің.
«Бір бетіңде бір қойдың жүні бар» деп,
Назарын аударасың маған елдің.
Бұл деген Пайғамбардың сүннеті ғой,
Сөзін айтшы Жандарбек саналы ердің.
Пояльникпен үйіткен қой басындай,
Мен сендей жылтыр бетті жаңа көрдім.
Ағайын, құр қол келмей сахнаға
Осындай қойдың басын ала келдім.
Енді тек тісін қайрап, жақ айырып,
Қазанына салайын қара өлеңнің.
«Алла» десем арылар күмән ойлар,
Жүрегімде бүлкілдеп тұма қайнар.
Ақындарды төріне шығарды ғой,
Келгендей құдалар мен құдағайлар.
Адуынды адайлар, аманбысың?
Іші пысса асау аттан құлап ойнар.
Айтыстың көшін өрге сүйреп жүрген,
Ерманов Жүрсін деген бір ағай бар.
Ол кісі ақындарды Семейге алып
Кетіпті. Себеп болған мына жайлар:
Ол жақта үлкен айтыс өтіп жатыр,
256
Көкбай бар, Ақылбай бар, ұлы Абай бар.
Мен негізі сол жаққа кетуші едім,
Жүрегімде қалықтап қыран ойлар.
Бірақ та салып ұрып мында келдім,
Күн туды Қашағандай мұраны ойлар.
Білмеймін неге екенін Ақтау десе,
Бүлкілдеп тамырымда ұран ойнар.
Маңдайымды бұрғызбай Шыңғыстауға,
Магниттей тартқан-ау бұл Адайлар.
Жандарбекті «ең мықты ақын» деді,
«Басының біраз жері ақыл» деді.
«Мұхтардың әуселесін көрейін деп,
Отыз екі тісін қайрап отыр» деді.
Біздерден қорықпастан шыға салар,
Япыр-ау, мына балаң батыл ма еді?
Айтақынның баласы болсаң-дағы,
Ешқандай сескендірмес атың мені.
Әкеңнен прокатқа алып келген,
Шайтаныңды қағайын, шақыр бері.
Жандарбек БҰЛҒАҚОВ:
Мен сені адам десем жыр аңдайтын,
Жігіт боп өскенсің-ау тіл алмайтын.
«Сахнаға шайтанды шақыр» дейді,
Бір әңгіме айттың-ау ұға алмайтын.
Бұл жерде қасиетті Бекет жатыр,
Сен соны адам ба едің біле алмайтын?
Ақтауым әулиелі жер емес пе?
Ешқандай жын-шайтандар жүре алмайтын.
Ағайын, мына Мұхтар арам екен,
Пейілін байқатты ғой ала бөтен.
Жюриді жас балаға қарсы қойған
Көрдіңдер ғой ниеті жаман екен.
257
Көзіңе жаймашуақ жаз елестей,
Айтқаның ініңізге наз емес қой.
«Жюрилер, Жандарбекке сенбеңдер» деп,
Жырлауыңа бұл бала разы емес қой.
Елена апамызға ақыл айтпа,
Ақ-қараны білмейтін қазы емес қой.
Бас жаққа барыспайық, Мұхтар ақын,
Негізі сенің де «артың таза емес» қой.
Семейге бармады деп не қыласың?
Ақтауда да боп жатқан аз емес той.
«Адайлар магниттей тартты ғой» деп
Жағынған машақатың аз емес қой.
Құдай білед, осында келдің бе екен
Көзіңе қу мұнай мен газ елестей.
Ақшасы көп Адайды сағынатын
Сенің де «махаббатың» мәз емес қой
Үзсе де болашақтан күдер мейлі,
Қазақтың жан жарасын жыр емдейді.
«Жағымпаз» деп қайтесің жас баланы,
Құр істі түрте берсең түк өнбейді.
Жағымпаздар негізі жоғарыда,
Сөзімді қолдамассың түгел мейлі.
Керек десең айтайын ашып тұрып,
Шындықты балаң қалай шідерлейді?
Мысалы, бір сапардан келе жатып,
Елбасы «бір ауылға кірем» дейді.
Жағымпаздар орнынан атып тұрып,
Ертерек еңбек етіп, бір ерлейді.
Көшелерді тазартып, тілмен жалап,
Өтірік әдемілеп іреңдейді.
Халыққа алдын ала ескерту қып,
Асауды ауыздықтап, жүгендейді.
«Президент келген кезде шындықты айтсаң,
Кеткен соң езуіңді тілем» дейді.
Ақиқат осылайша айтылмай қап,
Саясаттың опығын бір ел жейді
258
Жалғанды жалпағынан басып қойып,
Жағымпаздар қашанғы жүрем дейді?
Нұр-ағаңның алғысын алғанымен
Мың адамның көз жасы жібермейді.
Маңғыстау – қайқылар мен жырдың елі,
Алашқа сауын айтты бұл күн елі.
Жасынан жырды білген, дінді білген
Кешегі Қашағандар дүлдүл еді.
Ал, бүгін дініміз де ылайланып,
Жараның табылмай тұр бұл күн емі.
Дін бітірді ағайынды алауыз ғып,
Исламның мақсаты – бірлік еді.
Неше түрлі ағымдар қаптап кетіп,
Халықтың басы қатып дүрлігеді.
Кім көрінген айтады уағызды да
Дін тарату имамның тірлігі еді.
Балақ кесіп, сақалын қауғадай ғып,
Дау-дамаймен халықты бүлдіреді.
Неше түрлі жоспарлап жарылысты,
Санасына сайтан мен жын кіреді.
Сақалдының біреуі қасымда отыр,
Бұл бәленің иегі жүн-жүн еді.
Қорқамын сақалдымен айтысудан,
Бұның да ойрандау ғой бір білері.
Жеңіліп бара жатса сахнада
Бомба жарып кете ме кім біледі?!
Мұхтар НИЯЗОВ:
Бұл бала Суан екен Албан десем,
Кешегі Сүйінбайдан қалған көсем.
Пір Бекет жын-шайтанды жолатпаса,
Ал, онда «бақсы» әкеңді арманда сен.
Жын-шайтан жолай алмайды екен-ау, рас,
«Айтақын неге келмей қалған?» десем.
259
Жету деп білгеннен соң жол мұратын,
Ойым жоқ орта жолда болдыратын.
Ит көрген ешкідей боп бажырайма,
Адамды мен емеспін жау қылатын.
Болмайтынды қайтесің бос қиялдап,
Адам ба едің ауаға ау құратын?
Кішкене сақалымнан күдіктеніп,
Жөнің жоқ бейберекет даурығатын.
Түймедейді отырсың түйедей қып,
Әдетің тақияны тау қылатын.
Әй, бірақ қазақта бар қасиет қой,
Бит шақса, ит қапты деп даурығатын.
Бұл баланы бір сайтан дуалапты,
Миының ішіне кеп тұра қапты.
Жандарбекті арам ой алдына сап,
Құмалағы түскенше қуалапты.
«Бомба жарып кетпесін Мұхтар келіп»
Деп шошытып отырсың жұрағатты.
Бірақ мен шынында да терориспін,
Ойласаң жөнімізді сұрамақты.
Ал, ағайын, абайлап отырыңдар,
Жарылыс болар қазір сірә қатты.
Қойныма тығып келдім жарайын деп,
Қуаныштан жасалған гранатты.
Айтыс болса алып ап бірінші орын,
Езуің жыртылғанша күлуші едің.
«Адайдың ақ маңдайлы қызын алам»,
Деп маған сырыңды айтып жүруші едің.
Өткен жолы қапыда кетіп қалып,
Есесін қайтармақ бұл бүгін соның.
Жандарбек сондай оймен кепті араға,
Ағайын, бұл балаға шет қарама.
Қауіптің ең бастысы осы боп тұр,
Бәлеге бәлен-түген деп бола ма?
260
Сеніміңе сері боп кіріп апты,
Ауылыңа ай сайын кеп қона ма?
Асыңды ішіп отқанмен бұл секілді
Ақбоз бойдақта, ағайын, бет бола ма?
Сондықтан аруларға абайлаңдар,
Басқасына дәл бүгін көп қарама.
Білдірмей бір қызыңды ап кетпесін,
Үйде жүрген ұрыны ит қаба ма?
Құда болсаң қаласың бір биіктеп,
Тұрғам жоқ жас баланы тілдейік деп.
Тек әншейін ескертіп жатқаным ғой,
Мынауың отырғасын жылмиып кеп.
Қашағанның айтысы далада қап,
Қашқан қызбен алысып жүрмейік деп.
Жандарбек БҰЛҒАҚОВ:
Бұл Мұхтар қыздың жайын жырлағанда,
Мен енді жауап таппай құр қалам ба?
«Жандарбек жиі-жиі келед» дейді,
Сөзіңнен жан түршігер тыңдағанда.
Қазақтың ұлы жүрсе не болады?
Шетелдіктер көп жүрген бұл даламда.
«Адайдың қызы қашып кетеді» деп,
Ақыл айтып отырсың күллі адамға.
Мұхтар-ау, қашу жайлы әңгіме айтсаң,
Қамшының басы тиер тұлғаларға.
Әлиев, Храпуновтай күйеу балдар
Шетелде байлығыңды мылжалауда.
Қазағым қиналғанда сол көкелер
Жарамас жыртығымды бір жамауға.
Сен болсаң «қызыңды алып қашады» деп,
Жандарбекті теңейсің бір жаманға.
Қыз қашқанға несіне таң қаласың?
Күйеулер қашып жатқан бұл заманда!
261
Қара нар жүк көтерер белі барда,
Ессіз сөз айтып жатсақ ел ұғар ма?
Тіл жеткенше жырлайық бабамызды,
Әйтпесе тарихтың шет-шегі бар ма?
Қашаған, қасіреттім, қасиеттім!
Қатепті теңер едім сені нарға.
Махамбет Шерниязды үлгі тұтса,
Ұлылармен тарқатқан шерін ол да.
Елді жеген байларды жырмен сынап,
Кедейлердің сүйреген кегін алға.
Қашағанның соңында ұрпақ қалмай,
Қайғысы жеткен екен белуарға.
Кедейшілік кесірін тигізген соң,
Қорасы жарамапты тегі малға.
Бірақ ол біздер үшін биік тұлға,
Өлеңді оған бермеген тегін Алла.
Қашағанды «ұрпақсыз» деп кім айтады,
Іздейтін Қырымбектей ері барда?!
Қашағанды «жарлы» деп кім айтады,
Соңында өлең-сөздің кені барда?!
Қашағанды «жалғыз» деп кім айтады,
Сіздердей қара құрым елі барда?!
Тозған халық тұлпарын қотыр қылар,
Озған халық шопанын шопыр қылар.
Озған елдің бақыты бірлікте ғой,
Барлығы бір құбылаға бетін бұрар.
Бұл күні елдің іші дүрлігуде,
Өз шабына шоқ түскен секілді нар.
Ханға қадір, халыққа сабыр берсін,
Алауыздық қазақты опындырар.
Хан – айбалта болғанда, халық – сап қой,
Сап болмаса, айбалта не тындырар?
Айбалта мен сап әркез бірге жүрсе,
Кез-келген дұшпан елді отын қылар.
262
Қазағым, тарқамасын мәңгі бағың,
Сендерді өле-өлгенше ән қыламын.
Құдайым таңдайыма қуат берсе,
Бұйырса, талайыңды таң қыламын.
Амал жоқ уақыт бізді тежеп отыр,
Әйтпесе, мен де таңды-таңға ұрамын.
Ал, Мұхтарым, осымен сен де аман бол,
Алаштан оза шапқан арғымағым!
Қысқа сөйлеп, аз сұрап, тез кетейік,
Көрерменнің қандырсақ жан құмарын.
Қызылордаңа барғайсың аман-есен,
Сыр елі – атасы ғой бар мұраның.
Жеңгеме сәлем айтшы, өзіңді ойлап
Жастыққа тигізбейтін жар құлағын.
Мен үшін бетінен бір сүйе салшы,
Сосын өзің білесің арғы жағын.
Мұхтар НИЯЗОВ:
Жандарбек, арғы жағы қалай сонда?
Сен оған жеңіл-желпі қарай салма.
Сүй десең жеңгеңізді сүйеміз ғой,
Өзіңді де күтіп тұр талай шаруа...
Ақиқаттың алдында асқақ тұрып,
Сөйлесең, кім «Қой!» десін жасқап қуып?
Қызды айтсам, күйеуді айтып құтыласың,
Өзіңше өр кеудеңді асқақ қылып.
Ол жандар өз жазасын алған жандар,
Шекарадан алас қып тастапты жұрт.
Әр сөзіңде халықтың тағдыры бар,
Сондықтан да сөйлей біл бас бақтырып.
Саясат деген өзі нәзік нәрсе,
Қаймағыңды ап жүрме қаспақ қылып.
Әйнек үйдің ішіне кіріп алып,
Айналаңа ойнама тас лақтырып.
263
Алыстан қол бұлғаса сағым арман,
Бұйдасынан ұстатпас алып арман.
Жырладың Қашағандай бабамызды,
Бір кезде қара өлеңнің тағын алған.
Әлдекімдер жүргенде етегінде,
Әлдеқашан басына барып алған.
Көке, жасық ақындар көп қой қазір,
Оқыған өлеңінен жалығар жан.
Ал енді қайсар мінез Қашағандар
Аумаушы еді қасқа тіс қабыланнан.
Құлындай шырқыраған шындықтарды
Жалғанның құрсағынан жарып алған.
Алып елдің болмайды арманы ұсақ,
Жандарбек аштық біздер жалға құшақ.
Біраз жерге бардық-ау екеуміз де
Ат артына жегілген арба құсап.
Уақыт та зулап өтті құйрығына
Шоқ қыстырып жіберген қарға құсап.
Жусан өлең иісі мүңкіп ақық,
Отырсың көзіңменен мылтық атып.
Осыменен аяқтап айтысымды,
Жандарбекті қысайын шырқыратып.
Адайлардың адуын мінезімен
Сөзімді аяқтайын бұрқыратып.
Жандарбекті алдыма салып алып,
Түркімендей қуайын тырқыратып.
Жандарбек БҰЛҒАҚОВ:
Мынауың әңгіме екен бір күлердей,
Жарамас енді бізге сілкіленбей.
«Інімді алдыма сап қуам» дейді,
Мен емес ол сөзіңнен үркігендей.
Екеуміз де кетейік сахнадан,
Өңешті ел алдында жыртып өлмей.
Басқаларға орынды босатайық,
Адайға төр босатқан түркімендей.
264
Жансая МУСИНА мен Нұрмат МАНСҰРОВТЫҢ
айтысы
Нұрмат МАНСҰРОВ:
Ақындар жырмен жасап жоралғысын,
Ал, одан аямасын ел алғысын.
Алайын айналаммен есендесіп,
Жансая, сәл шыдай тұр, жан алғышым.
Ассалаумағалейкум, ағайын жұрт!
Бәйгеге қоса білген жаралғысын.
Жалпы қазақ үш жүзден құралады,
Оны білмес мен емес жаман кісің.
Ұлы жүз, Орта жүз бен Кіші жүзден
Көремін ынтымақтың жоғарғысын.
Адайлар Кіші жүздің бел баласы,
Алаштан аямайтын адал күшін.
Жүзі кіші болғанмен басқалардан
Жүрегі үлкен халық, аманбысың?!
Жасайын ел жұртыма кәдемді ұлық,
Өтірік жүрмейінші өнер қуып.
Ұлы атаның тойында бас қосыппыз,
Көз алдыма келеді әлем тұнық.
Қара өлеңге Қашаған атамызды
265
Құдай өзі жаратқан шебер қылып.
Сұпыны састырғанда жөнін айтып,
Төбені бағындырған төмен жүріп.
Сүтке әкеп, су қосқандай әсер берер,
Қанша мақтағаныммен мәнерлі қып.
Таңқалдырып тастардай Қашекеңді,
Халқымнан кеткенім жоқ терең біліп.
Алты алаш аңыз қылған бұл тұлғаны,
Арзандатқым келмейді өлең қылып.
Сәлем бердік Батыстың ханымына,
Талайларды шарпыған жалынына.
Тірі жанға ұстатпай, бойдақ жүрген,
Ешкімді ілестірмей арынына.
Айтыста жалғыз қызды жұп қып алған,
Аузымның қарасаңшы салымына.
Құрдасың қалжың сөзге жол таппай ма?
Жақсы айтыс екеумізге ортақ пайда.
Мін-сыныма қадала бермегейсің,
Көп қараған күннен де қан таппай ма?
Жалғыз жарым бір қызды жолықтырып,
Нұрмат енді артына жалтақтай ма?
Қыз көңілін табуға ұмтылайын,
Түйеге мойын созбай жантақ қайда?
Жансая МУСИНА:
Мен бүгін танытпаспын шыны кейіп,
Жатқанда қарсыластың тілі тиіп.
Жармастың шыға сала «бойдақсың» деп,
Жалындай жаман аттың күдірейіп.
Қазақта жарқыраған жігіттер көп,
Несіне келешектен түңілейік?
Үйленген жігіт болсаң не қылайын,
Бедел деп ойлайсың ба мұны биік?
Бұларың үйленген соң ақылмансып,
266
Таныта қалады екен ірі кейіп.
Нұрланың, Мұхтарың бар, Ержеңіс бар,
Ал енді шындығына жүгінейік.
Бойдақ боп жүрген кезде біреуің де
Сөз айта алмадыңдар ғой сүмірейіп.
Бісмілла, алқа топты жарып келдім,
Алдымнан құшақ жайған халық көрдім.
Киелі Нарын құмнан келіп тұрмын,
Рухы Махамбеттің, шабыт бергін.
Үш жүзге әуелетіп ән оздырған,
Мұхиттың ән айқайын салып келдім.
Сырымның текті туған ұрпағымын,
Тамырлы тарихымды танып келдім.
Дина мен Құрманғазы, Сейтек туып,
Күйлері күмбірлеген даңқты елдің.
Қадірлеп исі қазақ мойындаған,
Қадырдың қара өлеңін бағыт көрдім.
Жұбандай батыр туған Ақжайықтан
Қырандай қанатымды қағып келдім.
Құмарым қанғанша енді жырлайыншы,
Тұмарын өлеңімнің тағып келдім.
Осындай жер жәннаты – Маңғыстауға
Жайықтың ақ сәлемін алып келдім.
Ақындар алдарыңда жыр төкпей ме,
Уақыты қос ақынның бірге өтпей ме,
Ағайын, маған қиын жұп тап болған,
Ойлаймын бұл Нұрматты кім деп кейде?
Білмейсің ішінен не ойлағанын,
Адамды осындайлар жынды етпей ме?!
Түнеріп қасыма кеп отырып алды,
Адамды адам солай құрметтей ме?
Нұрматжан сәл жымиып отырсаңшы,
Құрдасқа бүйрегіңіз бүлк етпей ме?
Мен сені әрлі-берлі жұлқылайын,
Ішінде мазасыз ой жылт етпей ме?
267
Байқасақ, сен де, мен де домалақпыз,
Жақсы айтыс жасамасақ ел алдында,
Оқсатпады қос доп деп күлкі етпей ме?
Ауылға апаратын жолға қарай
Жюрилер екеумізді бір теппей ме?
Ал, енді, құрдас, сөз сөйле,
Кезек бер өлең тасқынға.
Сен үйленгелі екі-үш жыл,
Бақыттан бүгін массың ба?
Жоқ әлде «қыршын кеттім» деп,
Өкініп жүрген жассың ба?
Бірінші атаман кім өзі,
Сіздің шаңырақтың астында?
Мен соны қазір білейін,
Шынайы жауап бергейсің
Суырып табан астында,
Осы айтыс болады дегенде
Жаман домбыраңды жинап ап,
Тәуекел жолға бастың ба?
Жоқ әлде жарың жібермей,
Үйіңде біраз састың ба?
Ең ақырында айтысқа
Қатысамын деп бәрібір
Мінезі тентек бұзаудай
Бас жібіңді үзіп қаштың ба?
Нұрмат МАНСҰРОВ:
Келгесін ортақтасып сауығына,
Кез болдық Маңғыстаудың қауымына.
Ағайын, қайратыма қамшы бассаң,
Қыздың төтеп берейін дауылына.
Жансая, жақсы айтысты қалап отсаң,
Жол бермеймін ренжіп, налуыңа.
«Жюрилер доптай теуіп жіберер» деп,
Не бәлені шығардың тағы мына?
Елена апаң тепсе жақсы емес пе,
268
Аузыңның қуана бер салымына.
«Енесі тепкен құлын еті ауырмас»,
Бір жақсылық жасайды бауырына.
Тентіреп билет іздеп сандалмайсың,
Тегін жетіп қаласың аулыңа.
Келе ме бұл Нұрматты тақымдағың?
Келе сап пулеметтей сатырладың.
«Бас жібіңді үзіп сен қаштың ба?» деп,
Жөн емес маған тырнақ батырғаның.
Атамандық өзімнің меншігімде,
Қарағым, оған бола қапылмағын.
Үйлене сап үйінен шыға алмайтын
Білеміз бүгінгінің батырларын.
Өз әйелім өзімнің иінімде,
Осыған тоқтал енді, ақылманым.
Әйеліне көзімен бұйрық берер,
Егемен еркектердің сапындамын.
Осыны түйіп алшы ойға дәйім,
Мен текке Жансаяны қайрамайын.
Келер жолы тағы да сұрап қалып,
Бостан босқа бұрқылдап қайнамайын.
Қатынның қабағына жалтақтайтын,
Қырғызстанда тұрмаймын, айналайын!
Атағың талайларды шалқытпай ма?!
Мақамың сай-сүйекті балқытпай ма?!
Атадан асып туған Адайларым,
Шежіреде қара басын хан тұтпай ма?!
Ағымнан ақтарылып жырлап жатсам,
Демегін – мынау енді артықтау ғой.
Бұл елдің бекзадалық, батырлығын
Мен түгіл дұшпаны да зор тұтқан ғой.
Баласы жыласа да түркімендер:
«Адайлар кеп қалад» деп қорқытқан ғой.
|