Алшинбаева жулдыз куанышевна


Көркем мәтіндегі фразеологизмдердің тіларалық берілуі және ұсыныстар



бет28/37
Дата29.12.2023
өлшемі1,63 Mb.
#144569
түріДиссертация
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   37
Байланысты:
alshinbaeva-zh-k-phd-s-sp-povtorno

2.3 Көркем мәтіндегі фразеологизмдердің тіларалық берілуі және ұсыныстар
«Тіл – қарым-қатынас пен танымның құралы ғана емес, тіл – ұлттың мәдени коды» [137]. Кез келген ұлт тарихтың қай кезеңінде болмасын дүниежүзілік қоғамдық даму үдерісінен оқшау өмір сүре алмайды. Қай ұлттың тарихын алсақ та ол ажырау, тоғысу жолдарынан, басқа ұлттармен әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастардан тұрады. Ал қарым-қатынастың басты құралы тіл екені баршаға аян. Ұлтаралық қарым қатынасқа келсек, әр тілде сөйлейтін адамдардың арасында дәнекер керектігі түсінікті [138].
Көркем аударма – бұл жоғары дәрежедегі шығармашылық әрекет. Ол аударма мәтіннің рухани және мәдени құндылығы түпнұсқа мәтіннен кем түспейтін нәтижеге қол жеткізуімен бағаланады.
Көркем аудармашыға тілдік, мәдени және когнитивті құзыреттіліктер ғана емес, сонымен қатар үйлесімділікті (гармония) сезіну қабілеті де тән болуы керек.
Фразеологияның этнолингвомәдени аспектісі аясында туындайтын сұрақтардың басым бөлігі көркем әдебиет пен этнос мәдениетінің өзара тығыз байланысының нәтижесінде пайда болады. Фразеологизмдердің этномәдени ерекшеліктері мәселелері шетелдік Х.Э. Палмер, В.Г. Смит, Х. Касарес, Ч. Хоккет, К. Пайк, Р. Клаппенбах, Ю. Вайнрайх, М. Верещагин, Л.И. Даниленко, В.Г. Гак, Г. Костомаров, Д.Г. Мальцева, А.Д. Райхштейн, Н.Д. Арутюнова, В.В. Воробьев, В.А. Маслова, Ю.С. Степанов, В.Н. Телия, В.В. Кунин т.б., отандық І. Кеңесбаев, Ә. Қайдар, М.М. Копыленко, Ө. Айтбаев, Н. Уәли, Е. Жанпейісов, Г. Смағұлова, Ш. Сейітова, А. Жылқыбаева, Қ. Ғабитхан т.б. сынды зерттеушілердің еңбектерінде қарастырылған.
Көркем мәтіндегі фразеологизмдердің тіларалық берілуі барысындағы орын алатын этнолингвомәдени асимметрия белгілерін сараптау мақсатында М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы және оның орыс, ағылшын тілдеріне жасалған аудармалары негізге алынды.
Зерттеу материалының таңдалып алынуы:
1) қазақ көркем мәтіндегі фразеологизмдер табиғатына тән этномәдени семантикасының тіларалық берілуі;
2) қазақ көркем мәтініндегі фразеологизмдерді аударуда фразеологиялық этномәдени симметрия мен асимметрия мәселелерінің жеткілікті дәрежеде зерттелмеуі факторларына негізделген.
Аударматану саласындағы көптеген жылдар бойы жүргізіліп жатқан зерттеулерге қарамастан, түпнұсқа мен аудармадағы фразеологизм табиғаты әлі күнге дейін өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Оның әртүрлі себебі бар, бірақ біз өз зерттеу нысанымызға қатыстыларын ғана атап көрсетейік:
1. Жеке тілге қатысты фразеологизмдер жүйесі жан-жақты зерттеліп келеді, ал аударматану және фразеология мәселелерін ұштастырған жұмыстар санаулы.
2. Фразеологиялық этномәдени семантиканың тіларалық берілуіне, оның ішінде қазақ және ағылшын тілдеріне қатысты кешенді зерттеулер жоқтың қасы.
3. Отандық аударматану саласында фразеологиялық симметрия және асимметрия мәселелері бұрын-соңды арнайы қарастырылмады.
Әсіресе, көркем аударма мәселесіне қатысты айтар болсақ, этномәдени сипатқа ие тілдік бірліктер аударма барысында ерекше қиындықтар туғызады. Зерттеу барысында аудармашылардың басым көпшілігінің фразеологизмдерді аудару барысында олардың концептуалды мағынасын жеке лексикалық бірліктер арқылы беруге тырысатындығы анықталды. Алайда, бұл жағдайда фразеологизмнің промәтіндегі рөлі, қызметі назардан тыс қалып, шығарманың көркемдігіне, әсерлігіне кері әсерін тигізетіні жоғарыда талданған мысалдардан айқын көрінеді. Сондықтан кез келген көркем шығарманы аудару барысында ондағы тілдік бірліктердің ұлттық, тарихи, этномәдени аспектілеріне ерекше көңіл бөлінуі шарт. Шебер аудармашының назарынан халықтың тұрмыс-тіршілігін немесе белгілі бір оқиғаны т.б. суреттеуде мәтінде қолданылған әрбір сөздің, тіркестің алатын орны мен атқаратын қызметі тыс қалмайды.
Салыстырмалы және салғастырмалы фразеология бағытында жүргізіліп жатқан теориялық және практикалық зерттеулер нәтижесінде құрылымы әртүрлі тілдердің фразеологиялық жүйелерінде ерекшеліктермен қатар сәйкестіктердің де кездесетіні дәлелденген. Шыққан тегі бөлек, тарихи және мәдени байланыстары жоқ тілдердің фразеологиялық жүйелерінде де мағынасы жағынан бір-біріне жуық келетін фразеологизмдер бар. Бұл факт әлемде өмір сүріп жатқан әртүрлі халықтардың бейнелі, ассоциативті ойлау қабілетінің және кейбір құндылықтарының т.б. ортақтығымен түсіндіріледі. Мысалы: екі қоянды бір оқпен ату – убить двух зайцев одним выстрелом – to kill two birds with one stone; есекке үкі таққандай – как корове седло – like a fish needs a bicycle және т.б. Алайда тіларалық, мәдениетаралық қарым-қатынас барысында калька тәсілінің де орын алатындығын ескергеніміз абзал. Бірақ мағыналас тіркестердің қайсысының басқа тілден енгендігін анықтау зерттеудің мақсат-міндеттерінің аясына енген жоқ.
Интернационалды фразеологизмдермен қатар, тек бір тілге және бір мәдениетке ғана тән фразеологизмдер де баршылық. Фразеологизмнің жалпы мағынасын ғана емес, оның ұлттық реңкін өзге ұлт өкіліне түсінікті етіп жеткізу этномәдени семантикалы фразеологизмдерді аударуда туындайтын басты қиындық саналады. Осы себептен этномәдени семантикаға ие фразеологизмді аудару үшін оның шығу төркінін, тілде қалыптасу тарихын білу шарт.
Фразеологизмдердің әрбір тілдің жүйесінде ерекше орын алуын семантикалық өрісінің кеңдігі, бейнелілігі, құрамының тұрақтылығы мен тұлғасының ықшамдығы тәрізді мәселелермен байланыстырамыз. Сол себептен де болар фразеология құбылысы тіл мен сөйлеу әрекетінің мәселелерін қарастыратын этнолингвистика, психолингвистика, когнитивті лингвистика, лингвомәдениеттану, аударматану т.б. тәрізді тоғыспалы ғылыми бағыттардың зерттеу нысанына айналып отыр.
Көркем мәтіндегі фразеологизмдердің этномәдени семантикасының тіларалық сапалы берілуінің басты кепілі – фразеологизмдерді аударудың негізі заңдылықтары мен тәсілдерін білу. Кез келген фразеологизмді аудару барысында оның тілдік құрамы мен құрылымын емес, бейнелілігін де сақтауға талпыну қажет. Төменде практикалық мысалдар негізінде этномәдени семантикаға ие фразеологизмдердің тіларалық берілуін және аудармада орын алған кейбір олқылықтарды қарастыралық.

«Абай Жолы», (түпнұсқа)

«Путь Абая»,
(Л. Соболев т.б. аудармасы)

«Путь Абая»,
А. Ким аудармасы

«Abai», Progress Publishers аудармасы

«Abai»,
Л. Наврозов аудармасы

Қатын-қалаш, ауыл аймағына тым құрыса соны ұғындыра алмаса, Бөжейдің аяқтағы суға ағып өлгені ғой! [31, с. 169].



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   37




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет