Сөйлеудің дыбыстық мәдениеті
1.Сөйлеудің айтылу жағы. Балаға өлең оқуды немесе таныс ертегі, әңгімені айтып беруге тапсырма беріңіз. Дұрыс айтылмаған сөздерді жазып отырыңыз.
Белгілеңіз:
дауыстың қаттылығы: сөйлеу барысы жеткілікті қатты, баяу немесе ақырын;
сөйлеу жылдамдығы (темп): шапшаң, орташа, баяу;
Өлең оқу, әңгімелеу немесе әңгімелесу барысында анықтаңыз:
тілінің анықтығы (дикция): анық, жеткілікті анық емес;
айтудың әдеби нормаларын сақтай білуі (орфоэпия): ауытқушылық жоқ, ауытқулар бар;
дыбыстарды айту - балалар қандай дыбыстарды дұрыс айтпайды, ол балалардың санын көрсетіңіз (%-н).
Дыбыстарды айтуын дәлірек зерттеу үшін заттық суреттер таңдап алыңыз, суреттер атауларында тексерілетін дыбыстар әр түрлі орындарда тұратын болсын. Әсіресе с, з, ш, ж, л, р, қ, ғ, һ, ы , і, ұ, ү, ө, дыбыстарының айтылуына баса назар аударыңыз.
Осы айтылған дыбыстарға байланысты балаларға суреттер жинағы көрсетіледі. Мысалы: шана, қала, өрік, ғарыш, ұшақ, өзен, гүл, ауыз,т.б.
Дыбысты айтуда қателіктер байқалса, себебін анықтауға тырысыңыз: артикуляциялық аппарат құрылымындағы ауытқушылық, оның жекелеген мүшелерінің (ерін, тіл, астыңғы жақ, т.б.) қозғалысының жеткіліксіздігі, фонематикалық қабылдаудың жетімсіздігі (бала өз кемшілігін естімейді, белгілі бір дыбыстарды саралай алмайды), сөздік дем шығарудың әлсіздігі.
2.Сөйлеуді қабылдау.
Фонематикалық қабылдау:
қалыптасқан, жеткіліксіз қалыптасқан. Тексеріңіз:
Сөздегі белгілі бір дыбысты анықтай алуы. Мысалы, "қайшы"
деген сөзде "с" дыбысының бар әлде жоқтығын анықтауды тапсырыңыз, т.б.;
Берілген дыбысы бар сөзді естіп, ерекшелей алу. Балаға аталған сөздер тізбектері ішінен белгілі бір дыбысы бар сөзді естігенде алақанын шапалақтауды немесе қолын көтеруді ұсыныңыз. Мысалы, тәрбиеші: "Мен қазір сөздерді атаймын, ал сен ішінде "ссс" дыбысы бар сөзді естісең, қолыңды көтер (алақаныңды шапалақта)". Бала қай кезде қолын көтеру керектігін пысықтаңыз.
Баланың түсінгеніне көзіңізді жеткізгеннен кейін, асықпай қағазбен бүркемелей отырып, сөздерді оқи бастаңыз. Сөздердің ішінде балалар жиі шатыстыратын ұқсас дыбыстар, мысалы, с-ш, ұ-ү, к-қ, қ-һ, р-л, т.б. да кездесіп отырғаны дұрыс. Тексеріліп отырған дыбыстар әр түрлі жағдайларда (сөздің басында, ортасында, аяғында) орналасуы керек.
Баланың қанша сөзді дұрыс атағанын белгілеу керек;
Сөз тіркестерінің ішінен берілген дыбыстары бар сөздерді таба алуы. Сөз тіркестерін айта отырып, балаға осы дыбыстар бар сөздерді атауды тапсырыңыз. Мысалы, "с" дыбысын ажырата алуын анықтау үшін мынадай сөйлемді оқуға болады: "Ләззаттың жаңа шанасы бар. Орманда саңырауқұлақтар көп";
сөздерде жиі кездесетін дыбыстарды таба алуы.
Тәрбиеші бірнеше сөздер оқып, осы сөздердің ішінде қандай
дыбыстар жиі қайталанатындығын анықтауды тапсырады:
"с" - самал, соқ, тосап, қос, бас;
"р" - раушан, құрт, қар ,ерін,қарындаш.
Соңғы екі тапсырма оқу жылының аяғында беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |