Тілдік тұлғаның рухани әлемінің, ойлау өрісі мен аялық білімінің көркем мәтіндегі көрінісі
Лингвистикада «тілдік тұлға» мәселесін алғаш В. фон Гумбольдт, К. Фосслер, М.М. Бахтин, Г. Штейнталь, В. Вундт, А. Потебня, В.В. Виноградов, Ю.Н. Караулов сияқты ғалымдар қарастырған болатын. Жалпы, ғалымдар тілдік тұлғаға зерттеу міндеті ретінде, зерттеу нысаны ретінде және зерттеу әдісі ретінде үш жолмен келуге болатынын айтады. Олар: ең алдымен, тіл және сөйлеу психологиясы арқылы, яғни психолингвистикалық аспектіде; содан кейін – тіл үйрену заңдылықтары арқылы, яғни лингводидактикалық аспектіде; соңғысы – көркем әдебиет тілін зерттеу арқылы.
Орыс тіл білімінде тілдік тұлға мәселесін арнайы қарастырған ғалым В.В. Виноградовтың айтуы бойынша, тілдік тұлғаны психолингвистикалық аспектіде қарастырған Бодуэн де Куртенэ, Потебня тәрізді ғалымдар әдеби тілді зерттеуде тарихи талдау әдістерін жоққа шығарып, тілдік тұлғаны әлеуметтік-
тілдік және ұжымдық нормалардың жиынтығы ретінде қарастырды. Әдеби шығарманың тілі оны әлеуметтік-топтық дағдылар мен үрдістерді, тілдік сана нормаларын немесе белгілі бір ұжымның тілдік дүниетанымын көрсету тұрғысынан ғана қызықтыра алды, ал автордың жеке шығармашылығы қарастырылмады.
Тілдік тұлға тұжырымдамасын дамытудың лингводидактикалық аспектісі ежелгі дәуірден бастау алады. Мұнда тілдік тұлға мәселесі «Ана тілі әркімнің жеке басымен тығыз байланысты, оны үйрену оқушының рухани қабілетін дамытады» деген концепциямен ұштасады. Әрине, бұл көзқарас бойынша тілдік тұлғаның құрылымы мен мазмұны осы адам қолданатын тілдің ұлттық ерекшеліктеріне бей-жай қарамайды. Екіншіден, лингводидактика тілдік тұлғаның генезисіне назар аудара отырып, анализден гөрі синтезді жөн көреді, бұл көркем әдебиет тілін зерттеуде лингвистикалық тұлғаны талдауға кең мүмкіндіктер беретіні сөзсіз. Г.И. Богин: «Лингводидактиканың орталық концепциясы – тілдік тұлға, яғни сөйлеуге даярлығы тұрғысынан қарастырылатын адам... Тілдік тұлға – бұл тілді сөйлеу үшін меңгеретін адам. Тілдік тұлға оның тіл туралы білетіндігімен емес, тілмен қалай қолдана алатындығымен сипатталады», - деген болатын.
Ал үшінші бағыттың негізгі өкілі В. Виноградов көркем мәтінді зерттеуде оның әрбір деталіне назар аудару керектігін айтады. Оның пікірі бойынша, жеке тұлғаның жеке сөйлеуі, өзіндік стилі көркем әдебиет тұрғысынан қарастырылуы керек. В.В.Виноградов жеке тұлғаның ұлттық тілді қалыптастырудағы рөлі жоғары екенін, көркем шығарманы зерттеуде автордың жеке субъективті қасиеттерін де есепке алу қажеттігін айтады.
«Тілдік тұлға» ұғымын психологиялық және философиялық аспектілерді ескере отырып, кең ғылыми қолданысқа енгізген, оның өзіндік моделін ұсынған, антропоөзектік бағыттың дамуына айрықша үлес қосқан ғалым – Ю.Н. Караулов. Автор тілдік тұлға дегенді құрылымдық-тілдік күрделілік дәрежесімен, мақсатты бағыттылығымен, ақиқат шындықты бейнелеудегі тереңдігі мен дәлдігімен ерекшеленетін мәтіндерді тудыру және қабылдау қабілетіне ие адам деп есептейді. Ғалым адамның лексиконын сипаттайтын вербалды-семантикалық немесе құрылымдық-жүйелік деңгейден тұратын тілдегі семантика мен прагматика тұрғысынан тілдік тұлғаның үш деңгейлі құрылымын; тұлғаның тезаурусын, әлем туралы білім жүйесін қамтитын лингво-когнитивті; сөйлеу қызметі барысында тұлғаның мақсаттары, себептері мен прагматикалық ұстанымдары жүйесін көрсететін мотивациялық құрылымдарын ерекшелеп көрсетті. Ю.Н. Караулов өзінің «Русский язык и языковая личность» деп аталатын іргелі зерттеу еңбегінде тілдік тұлғаның нөлдік, когнитивтік, уәждік деңгейлерден тұратынын атап көрсетті [113]. Бұл деңгейлердің барлығы да көркем шығармадағы автордың «менін» тануға бағытталған.
Абайдың тілдік тұлғасын ашуға қатысты оның мәнін Г. Мұратова былайша бағалайды: «Қазіргі тіл біліміндегі зерттеулерде тілдік тұлға құрылымы Ю.Н.Караулов ұсынған деңгейлік өлшеммен талданып жүр: 1) нөлдік, яғни вербалды-семантикалық деңгейге – тілді қарапайым, қалыпты дәрежеде
меңгеру сәйкес келеді; 2) алғашқы немесе лингвотанымдық деңгейге – тұлғаның интелектуалды деңгейі үйлеседі, (бұл деңгей «түсінік»,
«идея»,«концепт» сияқты бірліктер арқылы танылады), ол когнитивті социумға тән таным кеңістігін немесе тұлғаның тілдік тезаурусы мен мәдениетін белгілейді; 3) прагматикалық уәжділік деңгейі немесе комуникативті әрекет деңгейі мақсат, уәж, қызығушылық дәрежесін білдіреді» [63, 20 б.]. Бұл деңгейлердің бәрінде де ұлттық мінез, ұлттық сипат болады. Ол туралы Ю.Н. Караулов былай дейді: «Ұлттық деген ұғым тілдік тұлғаны ұйымдастырудың барлық деңгейлерін қамтиды, олардың әрбір деңгейінде қатып қалған, орныққан және өзгермейтін сияқты түрліше жүзеге асады, тілдік тұлғаның құрылымындағы ұлттық ұғымының сипаты тілде оның динамикалық, тарихи құрамдас бөлігіне қамтылады» [113].
Көркем әдебиет тілін зерттеу барысында, әдетте, не автор тілі мен стилінің ерекшеліктеріне, не кейіпкерлердің сөйлеу мәнеріне, сөзіне (сөзжұмсам сипаттамаларына) баса мән беріледі. Кейінгі жағдайда ол сипаттамалар образ сомдау тәсілдері ретінде қарастырылып, ақын-жазушы шеберлігіне баға беруге негіз болады. Көркем әдебиет тілін зерттеудің тағы бір қыры – олардың оқырманға тигізетін әсеріне талдау жасауға арналған еңбектердің саны салыстырмалы түрде аз. тілдік тұлғаны нақтыланудың (конкретизация) соңғы, жоғарғы сатысында қарастыру күрделі де қызықты міндет болып табылады. Өйткені, осы тұрғыдан алғанда, бұл ұғым мазмұнына нақтыланудың алдыңғы екі сатысы да еніп кетеді; яғни бұл жерде оны талдау барысында тіл мен оны ұстанушының жалпы адамзаттық мінездеме//сипаттамалары да, олардың ұлттық нышан-белгілері де ескерілуі тиіс болады, талап етіледі. Бұл жолды таңдағанда мұндай зерттеуге қажетті репрезентативті материалды табу қиындық тудырады. Яғни қандай да бір ұлт тілінің ұстанушысы (өкілі) болып табылатын белгілі бір индивидуум қаламынан туындаған мәтіндер көлемінің ауқымды да жеткілікті болуы аса маңызды мәселе саналады.
Осы параметрлерді ескере отырып, Ю.Н. Караулов тұлға құрылымы өзара байланысқан үш деңгейден тұрады дейді. Әрбір деңгейдің құрылымы сәйкес бірліктерден және олардың ара қатынастарынан, сондай-ақ әр деңгейге тән стереотиптік (таптаурындық) бірлестіктерден тұрады. Сонымен Ю.Н. Карауловтың пікірінше, тілдік тұлғаның құрылымын мына деңгейлер құрайды: Нөлдік немесе вербалды-семантикалық деңгей – тіл ұстанушының табиғи тілді қалыпты (жалпы жақсы) меңгеруіне сәйкес келеді, ал зерттеуші үшін белгілі бір лексикалық және грамматикалық мағыналарды білдірудің формалық құралдарын дәстүрлі сипаттауды білдіреді;
Достарыңызбен бөлісу: |