Арыстан бап және Қожа Ахмет Ясауи


Қожа Ахмет Ясауидің серіктері, шәкірттері және оның жолын қуушылар жайында



бет5/7
Дата24.03.2022
өлшемі95,8 Kb.
#28695
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
Әпсаналар (1)

Қожа Ахмет Ясауидің серіктері, шәкірттері және оның жолын қуушылар жайында

Мавзолейдің құбыла жағындағы қабірді сұлтан Кукрас ханның қабірі (…) дейді. Құлпытастағы жазулары өшіп кеткен. Сондықтан бұл кімнің қабірі екенін анық ажырату да қиын. Бірақ, әулиені иемденушілердің түсіндіруінше, бұл да араб елінің бірінен Қожа Ахмет Ясауиді іздеп келіп, сұхбаттас болған адам. [Әмір] Темір мавзолейді салдырғанда оны құрметтегендігінен, қабірін ешқайда қозғамауға бұйрық беріпті-міс деген аңыз бар. Осыған байланысты Кукрас ханды да ұлық әулие санап (Қожа Ахмет Ясауиді зиярат жасап шыққан соң), оған да арнайы құран оқитын болған. Мавзолейді қайта қалпына келтіруге байланысты Кукрас ханның құлпытасы ішке әкелініп қойылды.

О.Дастанов, 31б.

Қожа Ахмет Ясауи дүниеден өткелі жатқанда туыстары мен муриттері: «Сізді ақіреттік сапарға аттандыру рәсімін кімнің жасағанын қалар едіңіз?» -дегенде, Қожа Ахмет: «Мен өлем, жаназа намазымды қазақ халқының перзенті, таһаратсыз жер баспаған, үйіне бала-шағасының бір күнге жететін напақасынан артық еш нәрсе апармаған, бес күндік дүниенің байлығына қызықпаған, бар өмірін мешітке арқалап отын тасумен өткерген Тама Бура баба шығарады», — деп тапсырады. Қожа Ахмет Ясауи дүниеден өткен күні қара бураға мінген адам келіп, бурасын шөгеріп жатып: «Қожа Ахметті ақіреттік сапарға әзірлеуге келдім», — деген екен.

А.Дүйсенбі

Бегім ананың атасы Қарабура әзінің шын аты – Тама. Кіші жүздің жетіру тайпасынан шыққан әулие адам. Бейіті Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда.

Қарабура деп атау себебі: Қожа Ахмет өлер алдында отбасына, туыстарына: «Мен пәлен уақытта дүние саламын. Мені оң жаққа қойғаннан кейін денем суымай тұрғанда, бір қара бура мінген кісі келіп, мені мәңгі жататын орныма ақ жуып, арулап қояды. Мені алып бара жатқанда «Қайда алып барасыз?» — деп оның қолын қақпаңдар», — деп ескертіпті.

Айтқандай-ақ Қожа Ахмет көзін жұмысымен, қара бура мініп келген бір кісі оның мүрдесін алып кетеді. Содан бастап ол кісіні Қарабура әзі деп атаған.

Ш.Керімтегі, 236 б.

Жанкенттің билеушісі Санжар сұлтанның жары Бегім ана Қарабураның қызы екен. Күндердің күнінде Санжар «көзіме шөп салдың» деген желеумен Бегім сұлуды үлкен жазаға тартады. Бұған қатты ашуланған Қарабура келіп: «Менің қызым жазықсыз. Оған дәлел: оның кесілген бұрымы мен қолы  орнына бітуі тиіс», — дейді. Ақыры ханға әбден наразы болған Қарабура дұға оқып, «еліңді жылан жайласын», — деп қарғайды. Артынша-ақ дұғасы қабыл болып, қаланы улы жылан басып кетеді. Қалаға кірмекші болғандардың бәрі түгелдей қырылған. Қала тұрғындарын да, билеушісі Санжарды да жылан шағып өлтіреді. Бұхара қаласының әміршісі Жанкент шаһарының байлығына ие болғысы келіп, әскерін жібергенімен, одан да ештеңе шықпайды, бәрі тегіс улы жыландарға жем болады.

Басқа аңыз-әңімелерде Қарабураның шын есімі – Бұрханназар. Жауға қарсы шапқанда ол тек өзінің қарабурасына мінген көрінеді. Содан Қарабура атанса керек. Қарабура атаның кесенесі – Қаратаудың теріскей жағындағы ежелгі Созақ шаһарының орнында.

А.Дүйсенбі

Ерте кездерде Түркістандық біреу Меккеге барса керек, бірақ қайтуына қаржысы таусылып, сонда қалып қояды. Меккеде оған кім қаражат бере қойсын. Күн көре алмай әбден титықтаған соң, Мұхаммед пайғамбардың қабірін құшақтап жылайды. Күндердің күнінде бір кісі келіп:

— Тұр, не қылған жансың? – дейді оған. Ол басынан өткенін түгел баяндайды. Сонда жаңағы кісі:

— Ертең жұма намазы кезінде анау ағашқа бір қара ат байланады. Егер рахым етсе, сол аттың иесі ғана тілегіңе жеткізе алады, — дейді. Сонымен асыға күткен жұма намазы да келеді, айтққан жерінде бір қара ат та пайда болады. Бұған қуанып кеткен әлгі байғұс жұма намазына бармастан, аттың шылбырына жармаса береді. Намаз бітті-ау деген кезде бір қара кісі келді де, оның қолынан шылбырын алмақ болды. Бірақ әлгі кісі мені тастама деп жалынып-жалбарынып шылбырын босатпайды. Ақыры болмаған соң артына мінгестіріп алады да көзіңді аш дейді. Ол көзін ашса Түркістанға келіпті. Қара аттың иесі енді Әзірет Сүлтанға қарай кете барады. Соңынан еріп, «сіз кімсіз?» — деп сұрағанда, «Жеті қорғаушының бірі – Баба Араб боламын», — депті-міс. Сөйтіп лезде ғайып болады. Жаңағы кісі басынан кешкендерін тез халыкқа хабарлап, өзінің түскен жеріне Баба Арабқа арнап күмбез тұрғызған екен дейді…

Сонан бастап жергілікті халық Баба Арабтың қабіріне ағылып барып, сиынуды әдетке айналады. Ал Меккеге барып келген кісінің өзі Баба Араб әулиенің шырақшысы болған.

Казір Қожа Ахмет Ясауидің мовзолейінен 300 метрдей жерде сол Баба Араб әулиенікі еді деген қабір бар. Мыжырайып, жермен-жексен болуға айналғанда белгісіз біреулер түзеп кететін көрінеді.

А.Дүйсенбі

Құл Қожа Ахмет Ясауидің төрт атасын білмейтін адам қыбылаға күмәндар болады. Яғни ол кісі қыбыланы танымайды деп саналады. Қожа Ахметтің әкесі – Ибраһим шайық, атасы – Ілияс шайық, бабасы – Махмұт шайық, арғы бабасы — Әбтахар шайық.

Зеңгі баба Құл Қожа Ахмет Ясауиге «перзент» деп сөйлейтін көрінеді. (…) Бірде ол екеуі дидарласып отырғанда, өзі қап-қара Зеңгі бабаның аппақ тістерін көріп, Қожа Ахметтің ернін күлкі қытықтап, езу тартыпты. Сонда баба:

-Перзент, неге күлдің? – деп, сұрапты.

-Тісіңізге күлдім, — дейді Әзірет Сұлтан. Зеңгі табан астынан:

-Тісімнің көрімдігіне не бересің?- дегенде, оған Қожа Ахмет:

-Әуелі жайды сізге, онан кейін бізге салсын,- депті.

(…) Әмір Темір Әзірет Сұлтанның күмбез-мазарын жаңадан көтеруге кіріскенде, күндіз адам бойы көтерсе, онысы түнде құлап, азанда қирап жатыпты. Содан жеті-сегіз ғұламасын жиып:

-Осы неге құлайды? Сіздерге түнде қарап, соны байқаңыздар, — деп, тапсырады. Олар таза тәғарат алып, Алла тағалаға мінәжат етіп, қарауылдап отырады. Сонда түн ішінде бір көк өгіз келіп, дуалға сүйкеніп, бәрін құлатып кетеді. Бұл болған жайды Темірге баян етеді. Сол уақытта тарихта өткен адамдардың сырына қанық кісілер жиналып келіп:

— Ілгеріде Қожа Ахметтің өзі Зеңгі бабаға: «Әуелі жайды сізге, онан кейін бізге салсын», — деген екен. Алғаш Зеңгінің басына күмбез-мазар салынбайынша, Әзірет Сұлтанның кесенесі тұрмайды, — дейді.

Әмір Темір адамдары Зеңгі бабаға жай тұрғызып, онан кейін Әзірет Сұлтанға ауысады.

Бұл күнде Ташкент облысының Жаңажол ауданындағы Зеңгі бабаның күмбез-мазары тұр.

                                                                   Құралбек Ергөбек, 144-145 б.

Зеңгі Ата Ташкент тауларында сиыр бағатын қалың ерінді қап-қара (…) бақташы болатын. Өзі мен отбасын айлық ретінде ташкенттіктерден алатын бес-он теңге ақшамен асырайтын. Өмірі үнемі далада өткендіктен, намазын да далада, жазықтықта оқып, намаздан кейін дауыстап зікір салатын. Сол кезде, аңызға қарағанда, барлық сиырлар жайылуын тастап, оның айналасына шеңбер жасап тыңдайтын болған екен. Зеңгі Ата бір күні тауда бұталардың арасынан тікенді бұтақтардан көп қылып жинап, үйіне апару үшін жіппен байлап жатады. Сол кезде алдынан төрт бозбала пайда болады, сәлем береді. Олардың сәлемін алып, қайдан келіп, қайда бара жатқанын сұрайды. Сөйтсе олар Бұқарда медреседе оқып, білім алып жатқан жерінен бір тариқатта аттарын қалдырғысы келіп , қазір өздеріне жол көрсетуші, ұстаз, шайқы іздеп жүргендерін айтады. Зеңгі Ата: «Біраз кідіре тұрыңдар, дүниенің төрт бұрышын иіскейін. Қай жерден кәміл жол көрсетуші, шайқы иісін алсам, сендерге айтайын», — дейді. Жастар қуана-қуана күтеді. Ата жүзін төрт жаққа қаратып иіскегеннен кейін: «Сендерді кәміл шәкірт қып жетілдіруге күші жететін менен басқа ешкім жоқ екен»,- дейді.

Бұқардан шайқы іздеуге шыққан бұл төрт жас, кейін оның төрт үлкен халифасы болған Ұзын Хасан ата, Сейіт ата, Садр ата, Бәдір ата болатын. Зеңгі Атаның бұл сөздерінен кейін әуелі Ұзын Хасан мен Садр бачи оған шын пейілдерін берген еді, сондықтан кәміл мәртебесіне алдымен солар жетеді. Сейіт Ахмет азды-көпті білім алып, асыл текті бола тұра, бұл сиыр бағатын қап-қара бақташының оған ұстаз болуын ақылға сыймайтындай көреді. Оның бұл көкіректігі жолын байлап, дін үшін күресте онша пайда көрмеген еді. Соңында Әнуар анаға жалбарынып, ұстаздың өзіне рахым жасауын өтінеді. Ана оған: «Зеңгі атаның жолын күзет, бүк түсіп жатып ал. Ол таңсәріде дәрет алуға шыққанда сені сол күйде көріп, жаны ашитын болсын», — дейді. Шындығында бұл кеңпейілді әйел Сейіт Ахметті неге қамқорлығына алмағанын жұбайынан сұрап, оның бұған лайық екендігін айтады. Зеңгі ата күлімсіреп, алғаш көрген кезде Сейіт Ахметтің жүрегінде, көңілінде қалай өркөкіректік, тәкәппарлық оянғанын айтып береді. Бірақ Әнуар ана көрсеткен мейірім шапағатқа сүйене отырып, оның бұл алғашқы қатесін кешіргенін де қосып қояды. Ертесі күні таңертең Зеңгі ата сыртқа шыққан кезде, жолында қарайған бір нәрсенің жатқанын көреді. Не екенін түсіну үшін аяғымен түркен кезде Сейіт Ахмет шайқының аяғын құшақтап, кешірім сұрайды.  Зеңгі Ата сол кезде Ахметке ілтипат көрсеткені соншалық, бүкіл мақсаты сол кезде-ақ түсінікті болады.

                                                                                              К. Коч, 128-130 б.

Бір күні Ахмет 99000 ең білімдар деген шәкірттерді мәжіліске шақырып, білім бәйгесін жасайды. Сонда ең білімдар боп топтан озған Хакім Сүлеймен болды. Осыдан кейін ұлы ұстазы Қожа Ахмет өз батасын беріп, Хиуаға жібереді. Кетерінде: «Ертең есігіңнің алдында тізесін бүгіп бір түйе тұрады. Сол бұйдасыз түйеге мін мін дағы, түйені еркінше жібер. Түйе қанша жер жүрсе де жүре берсін, ол әбден тұрмастан жатқан кезде ғана түс те, сол жерді мекен қыл, қызметіңді атқар», — дейді. Сүлеймен ұстазы Ахметтің айтқанын орындайды.Астындағы түйесі әбден шаршап, ұрса тұрмай, бақырып шөккен жерді «Бақырған» деп атап, сол жерді мекен етіпті. Осыдан Сүлеймен Бақырғани аталыпты-мыс.

Ш.Керімтегі, 235-236 б.

Құрбан айында бір күні Қожа Ахмет Ясауидің теккесінде (медресесінде) 99000 шайқы жиналады. Қожа имам болып, намаз қыла бастайды. Оң жағында Хакім ата, сол жағында Мұхаммед Данышпан тұрады. Намаз кезінде Қожаның даусы шығып кетеді. Жамиғат «Имамның әбдесті (дәреті) бұзылды» деп ойлайды. Бірақ Қожа тырп етпейді. Намазын жалғастыра береді. Ақырында сәлем бергенннен кейін Қожа: «Мен мұны сіздің тариқаттағы мәртебеңізді аңғару үшін әдейі жасадым. Әйтпесе ол дауыс менен емес, беліме таққан ағаш бөлшегінен шықты. Түсінікті болды, менің бір ғана шәкіртім, бір жарты шәкіртім ғана бар екен, қалғандары надан екен», — дейді де, Хакім атаға: «Ертең таңсәріде саған бір түйе келеді, оған мінесің, қай жерде тұрса, сол жерде түсесің», — деп бұйрық береді. Түйе Түркістаннан шығысқа қарай жүреді. Қорасан қаласының батыс жағында, Бейнеу арқасы деген жерге келіп тұрады. Қанша қинаса да, шөккенінен тұрмай қояды, бақырып-шақырады. Осыған байланысты ол жерді «Бақырған» деп кетеді. Түйе тұрмаған соң Хакім ата жерге түседі. Ол жерде Боғра ханның жылқыларының жайылған өрісі екен. Жылқышылар оны бұл жерден қуып жібермекші болады. «Мен – дәруішпін, ешқайда кетпеймін», — дейді. Жылқышылар қолдарындағы құрықтарымен оған шабуыл жасауға кіріседі. Сол кезде Хакім ата сол жердегі ағаштарға: «Мыналарды ұстаңдар!» — деп әмір береді. Ағаштар үшеуін қаттылап ұстап алады, ал қалған екеуі қашып құтылып кетеді де, болған жайды Боғра ханға айтып береді. Хан бұл оқиғаға риза болады. «Үш күннен бері мұрныма әулиенің иісі келіп еді. Демек елімізге бір әулие келген екен ғой», — деп, істің мән-жайын анықтау үшін Абдулла Садыр деген біреуді жұмсап жібереді. Абдулла Садыр келген дәруіштен кім екенін, не қалайтынын сұрайды. [Ол өзінің] Ясауи шәкірттерінің бірі – Хакім Сүлеймен екенін айтады. Жылқышылардың ағашқа байлаулы қалғандарына көзі жетіп, ағаштардан: «Осылай істегеннің жазасы осы», — деген дауыс естиді. Бұл дәруіштің ұлылығына сенген Абдулла Садыр қайтып барып, ханға хабар береді. Боғра хан бұл дәруіштің ризашылығын алып, өзіне жақын тарту үшін, оған Әнуар деген қызын ұзатады. Одан басқа көп түйе, қой, ат береді. Хакім ата бұларды қабыл алады. Бақырған деген ол жерді өзіне мекен етеді. Боғра хан мен барлық уәзірлері оған шәкірт болып, мойынсұнады. Хакім атаның атағы дүниенің төрт бұрышына тарайды.

К.Коч, 123-125 б

Қожа Ахмет Ясауи Сыр бойын аралауға келгенде Жақып атамызға:

-Уа, Жақып, мына дариядан қалай өтеміз? — дегенде

-Сізге дариядан өту қиын болып па? Жүре беріңіз деп дуа еткен екен. Әзірет Сұлтан дарияны кешіп өте берген. Міне осы сапарда Сыр бойындағы барлық Қорасан ата, Қасым ата т.б. әулиелерді аралап, қайтадан баяғы судан өтетін жерге келеді. Сол жерде бесін намазын оқиды. Намаз оқып жатқан жайнамаздың бас жағынан кішкене қарақұрт шығады. Бұлар намаз оқып біткенше күрт үлкейіп, адам жұтатын дәрежеге жетеді. Сонда Әзірет Сұлтан намаз оқып болып, Жақып атаға бұрыла қарап:

-Уа, Жақып, сен дем сал! — дейді. Жақып ата дем салғанда әлгі құрт әбден кішірейіп, бұрынғы қалпына келіпті.

Жақып ата:

-Не етейін, құртып жіберейін бе? — дегенде

-Қой, сол қалпында қалсын, — деп, Әзірет Сұлтан шәкіртіне риза болып, Тассуаттан өтіп, арғы бетке шыкқан соң:

-Уа, Жақып, қолынды жай, сенің енді бұдан былай лақап атың «Құрт иесі – Қылауыз»  болсын, — деп батасын берген екен. Содан бастап, қарақұрт, жылан шаққан адамдарды емдейтін болған екен» — дейді.

А.Дүйсенбі

Бұл – 1880 жылдары Түркістанда өмір сүрген кісі. Үндемес ата делінуінің себебі – ешкімге үн қатпаса керек. Күндіз қожа Ахмет Ясауи мавзолейінің босағасында отырып, түнде ескі мазарға түнейді екен. Дін иелерінің уағыздауынша, ол халыққа бір ауыртпалық, я оба секілді кесел келетіндей болса, алдын ала біліп, түнімен өкіріп шығатын болған. Сондықтан оны «құтып» (жасырын әулие) деп атаған. Ол бір күні түнде мазардың ішіндегі өзі қазған көрде дүние салады. Жергілікті халық сол жатқан жеріне көміп, үстіне сағана тұрғызады.

Дін иелері енді оның әулиелігін көтермелей түсіп, «бәлен күні біреу оның тұсынан атынан түспестен өтпек болған екен, сол заматында өз-өзінен қалпақтай ұшып кетіпті, енді біреу өтіп бара жатып сөйлеп қалса, аузы қисайып қалыпты» деген секілді [әңгімелер айтады] (…). Осыған байланысты оның қабіріне шырақ жағылып, зират жасау әдетке айналады. Бірақ келгендер үндемей келіп, үндемей кететін болады. Шырақшысы да құранын ішінен оқиды. Мазардың жанымен өтетін көлікке мінгендер көлігінен түсіп жаяу жүретін болған. Және Үндемес атаның аруағына тиын-тебен тастамай кетпеген. Мұндай әдет отызыншы жылдарға дейін сақталып келген. Тек соңғы жылдары ғана бірте-бірте Үндемес-ата деген де ұмыт бола бастайды. Сыртындағы сағанасы да құлайды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет